27 – лекция. 1 сағат.
Қазақстанның аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігері мен бастамалары
1. Қазақстан және Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК).
2. Қазақстан және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ).
1. Қазақстан және Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК).
Азияның қазіргі әлемдегі ерекше орны оның орасан зор адами және табиғи ресурстарымен, қарқынды экономикалық дамуымен айқындалады. Ежелгі өркениетгер, мәдениеттер мен діндер бесігі ретінде белгілі Азия бүгінгі таңда жалпыәлемдік дамудың козғаушы күштерінін бірі ретіндегі маңызын қайта қалпына келтіруде.
Алайда Азия бірнеше рет қарулы қақтығыстар мен шиеленістерге әкеліп соққан түрлі-түрлі жанжалдардың түйініне айналды, мұның өзі, сөз жоқ, жаһандық қауіпсіздікке теріс ықпал етеді.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, осы заманғы проблемаларды шешу мемлекеттердің ұжымдық өзара ықпалдастығы жағдайында ғана мүмкін болады. Еуразиялық кеңістіктегі соңғы оқиғалар жанжалдардың алдын алудың пәрменді тетіктерінің болмауы елеулі салдарларға әкеліп соғуы мүмкін екенін көрсетті. Сондықтан өңірлік қарым-қатынасты реттеу жүйесін дамыту қажеттігі айрықша өзекті.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы 1992 жылғы 5 қазандағы бастамасы жоғарыда аталған бағыттағы салмақты қадамдардың бірі болды. Тәуелсіз Қазақстанның басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен тұңғыш рет шығып сөйлегенде Азиядағы болашақ қауіпсіздік жүйесіне қатысты өзінің ұсынысын білдірді. Ол өзінің сөзінде: "Бүгінгі әлем келешектің анық және жасырын қатерлері тұрғысында ортақ күш-жігерімізді жаңа сапада үйлестіруге және ұйымдастыруға мәжбүрлейтін белгілі бір межеге келіп жетті" - деп атап көрсетті.
Президент Н. Назарбаевтың тарихи бастамасының мәні Азия құрлығында сенімді, ең бастысы, үздіксіз дипломатияның тиімді тетігін құрудан көрінеді. Бастама сондай-ақ азиялық мемлекеттерде саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық өзара ықпалдастық үдерістерін жандандыруды және болашақта Қазақстан Президентінің қысқа да нұска айтқанындай "еуразиялық құрлықта біртұтас қауіпсіздік белдеуін" құруды көздейді.
Бүгінгі күні дәуірлер тоғысында Н.Назарбаев жете түсінген мемле-кетаралық қатынастардың "кірпіштерін" стратегиялық тұрғыдан пайымдауы әрі нәзік түсінуі уақыт озған сайын анық байқалады, мұның өзі қазақстандық көшбасшының саяси ойлау ауқымын көрнекі түрде сипаттайды.
Қазақстан және АӨСШК үдерісін қолдаған мемлекеттер қауіпсіздіктің осындай құрылымын құру міндетінің төтенше күрделілігін айқын түсінді, өйткені Азия саяси, экономикалық, діни, этникалык және мәдени көріністердің барлық сипаттарында ең бір әртекті құрлық. Ұзаққа созылған тарихи жанжалдарға және қалыптасқан сенімсіздікке байланысты Азияның кейбір өңірлеріндегі шиеленістің жоғары деңгейін ескермеуге болмайтын еді.
Дегенмен сол уакыттың өзінде азиялық өңір елдерінің жаһанданудың артықшылықтарын толық деңгейде пайдалануына және жаңа қауіп-қатерлерге тиімді түрде қарсы тұруына мүмкіндік беретін жалғыз жол — қауіпсіз және тұрақты ортадағы диалог пен ынтымақтастық екені түсінікті болды.
Жоғарыда аталған ерекшеліктері бар себептерге байланысты, мәселен, ЕҚЫҰ сияқты өңірлік ұйымдардың қызметтік принциптерін еліктеп көшіру туралы әңгіме болуы да мүмкін емес еді. Кеңеске қатысушылардың барлығы үшін қабылдауға боларлықтай жаңа құрылымды, сондай-ақ қызметтің принциптері мен тетіктерін құру қажет болды. Дамудың осы заманғы үрдістері қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелеріне қатысты бәрін де қамти алатын ұстаным - сенім шараларын іс жүзінде және кезең-кезеңімен қолдануды талап ететіндігін көрсетті.
Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты диалогтық режімге көшіру тетігі ретінде АӨСШК процесі — өңірлік қауіпсіздік проблемаларының өзара қабылдауға боларлықтай шешімдерін іздестіру жөнінде құрлық мемлекеттері арасында сенімді нығайтуға басқа қандай да болсын бастамадан артық ықпал етеді. Азияда және тұтас алғанда әлемде қауіпсіздіктің нығаюы және болжап білуге болатын саясат — осындай мақсатты көзқарас — уақыт озған сайын АӨСШК үдерісінің мазмұнын айқындайды.
1999 жылғы 14 қыркүйекте АӨСШК-ге қатысушы мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің I кездесуі АӨСШК үдерісіндегі іс жүзіндегі тұңғыш жетістік болды, сол уақытта қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың азиялық жүйесін құру үшін құкықтық негіздің өзіндік үлгісі болған, Кеңеске мүше мемлекеттер арасында қарым-қатынасты реттейтін декларацияға қол қойылды.
АӨСШК-ге мүше мемлекеттер өздерінің қарым-қатынасында басшылыққа алуға міндеттенген негізге алынатын принциптер мыналар болды: 1) егеменді тендік, егемендікке тән құқықтарды құрмет тұту; 2) күштен немесе күш қолдану қаупінен бас тарту; 3) мүше мемлекеттердің аумақтық тұтастығы; 4) дауларды бейбіт жолмен реттеу; 5) ішкі істеріне араласпау; 6) экономикалық, әлеуметтік және мәдени ынтымақтастық; 7) адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын сақтау.
Осындай жолмен БҰҰ Жарғысында жазылған принциптермен өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етудің нақты тетіктері бар, азиялық қауіпсіздік жүйесінің құқықтық негіздері тұңғыш рет қаланды.
Бүкіл әлемде табиғи қызығушылық тудырған форумның тұңғыш саммиті 2002 жылғы 4 маусымда өткізілді. Халықаралық БАҚ Қазақстан, Ресей, Қытай, Пәкстан, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан басшыларының, Әзірбайжан мен Үндістанның премьер-министрлерінің, Иран, Египет, Палестина және Израильдің уәкілетті ресми тұлғаларының, мемлекеттер мен бақылаушы ұйымдар өкілдерінің жоғары деңгейдегі кездесуінің қорытындылары туралы хабарлады.
Саммит барысында мемлекеттер мен үкіметтер басшылары Кеңес жұмысының тиімділігін арттыру үшін Кеңеске қажетті құрылымдар мен институттар беру туралы шешім қабылдады және тұрақты кездесулер мен саяси консультацияларды әкімшілік тұрғыдан қолдауды қамтамасыз ету мақсатында АӨСШК Хатшылығын құрудың барлық аспектілерін пысықтауды аяқтауды сыртқы істер министрлеріне тапсырды.
Саммиттің қорытындысы бойынша лаңкестікті жою және өркениеттер арасындағы сұхбатқа жәрдемдесу туралы декларация қабылданды.
Кеңесті шақыру туралы бастама көтерілгеннен кейін 10 жыл өткен соң тұңғыш саммиттің жемісті түрде өткізілуі және оның құрылтайшылық құжатына — Алматы актісіне қол қойылуы Азиядағы проблемалар мен жанжалдарды реттеудің ымыралық жолдарын іздестіру мақсатында диалог үшін Кеңестің де-юре форумға айналуына мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасын іске асыру жолында келесі қадам — АӨСШК-нің 2004 жылғы 22 қазандағы II Министрлер кездесуінде Сенім шаралары каталогын, Рәсімдер ережесі мен Декларацияны қабылдау болды.
Дәстүрлі түрде сенім шаралары дегеніміз мемлекеттер арасында бар, қауіп-қатер мен сенімсіздікті азайту, оның ішінде соғыс қаупін төмендету тұрғысында мемлекетгер қолға алатын шараларды білдіреді. Сенім шаралары тұжырымдамасының өзі апаттар мен қателіктердің салдарынан кездейсоқ туындауы мүмкін ядролық соғысты болдырмау үшін "қырғи-қабақ соғыс" кезінде қолға алынған әрекеттерден туындаған болатын. Шын мәнінде сенім шаралары мемлекеттер арасындағы шиеленісті азайту үшін әскери-саясат саласындағы ынтымақтастық ретінде қабылданды.
АӨСШК-нің сенім шаралары дәстүрлі тұжырымдамалардың шеңберінен тысқары жатыр, өйткені қауіпсіздік күн сайын дерлік анағұрлым нәзік және сезімтал материяға айналуда, көлемі де ұлғая түсуде және әлеуметтік-эко-номикалык, экологиялык, энергетикалық, демографиялық, сондай-ақ өзге де сипаттағы проблемалардың шешіміне тәуелді.
АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің басшылары XXI ғасырдағы өзара байланысты және өзара тәуелді әлемде әлеуметтік-экономикалық өлшемдегі сенім шаралары әскери-саяси саладағы сияқты аса маңызды екенін таныды. Сондықтан АӨСШК-нің Сенім шаралары каталогы сенім шараларын жүзеге асыруға арналған бес өлшемді айқындайды, олар: әскери-саяси; жаңа сынақтар мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру; экономикалық; экологиялық және гуманитарлық.
2006 жылдың 17 маусымында өткізілген форумның екінші саммиті барысында жан-жақты саяси құжат — II саммит Декларациясы қабылданды, сонымен қатар Кеңестің құрылымын іс жүзінде реттейтін негізгі құжат — АӨСШК Хатшылығы туралы келісімге қол қойылды.
Декларацияда мүше-елдердің Азия мен жалпы әлемдегі қауіпсіздік және ынтымақтастықтың басты мәселелеріне қатысты ортақ көзқарастары, мүше-елдердің шешілмеген мәселелерді шешуге қатысты әмбебап әдістерді дамытуға байланысты ұсыныстары жарық көріп, 2004 жылғы Сенім шаралары каталогына енген АӨСШК Сенім шараларын іс жүзінде жүзеге асырудың кажеттілігі мен үдерісті одан әрі дамыту туралы баяндама жасалған болатын. Сол күні, жарғылық құжатқа қол қойылысымен, Алматы қаласында АӨСШК Хатшылығы өз жұмысын бастады.
АӨСШК-нің негізгі мақсаты көпжақты келісімдер негізіндегі ынтымақтастық арқылы Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылады. Бүгін біз осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізетін тетіктерді ойластырудамыз. Сондықтан, біз көп дау туғызатын әскери-саяси бағдарды талқылаудан әзірше бас тартып, жұмысты барлық тараптарға тиімді, кезеңдік негізде, қатты шектемейтін қарапайым қадамдардан бастауды жөн көрдік.
Сенім шараларын іске асыру үдерісі төрт әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерден басталды. Жеті мүше-ел сенім шараларын іске асыруда жекелеген жобалардың үйлестірушілері ретінде жұмыс атқаруға даярлықтарын білдірді: Әзірбайжан — қауіпсіз және тиімді көлік дәліздері жүйесін дамыту; Иран — есірткі айналымын бақылау және ұлттық төтенше жағдайларды басқару мәселелері; Қазақстан — гуманитарлық сала; Корея Республикасы — ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық және энергетикалық қауіпсіздік; Ресей — экономикалық саладағы ынтымақтастық; Тәжікстан — туризм саласындағы ынтымақтастық; Түркия — жаңа қауіп пен қатерлер саласы.
2007 жылдың наурыз айында Бангкокта өткен Жоғары лауазымды тұлғалар комитетінің отырысында қабылданған "Сенім шараларын жүзеге асырудағы кооперативті әдіс" атты құжат мүше-мемлекеттер арасындағы сенімді қалыптастыру мен нығайтудың нақты шараларын іс жүзінде жүзеге асырыла бастауының алғашқы белгісі ретінде танылады.
15 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан жалпыазиялық қауіпсіздік жүйесінің негіздерін құру үдерістерін басқарып келеді. Әлем қауымдастығына, әсіресе азиялық құрлыққа бастаманың мағынасын түсінуге әжептәуір уақыт қажет болды. Өйткені, АӨСШК мүше-елдерінің әрқайсысының өзіндік тарихы мен дәстүрі, дамудын ерекше жолдары және айрықша санасы, кең ауқымды ұлттық мүдделер, өңірлік және әлемдік саясаттағы мәселелерді шешудегі өз көзкарастары болды. Алайда Азиякеңестің әлемде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жалпыазиялық сұхбаттық механизмі ретінде оң көзқарасқа ие болғандығын атап өтпей болмайды.
Кеңес мүшелігі қатарына Иордания мен Біріккен Араб Әмірліктерінің қосылуы бұл үдерістің қажеттілігін паш етті. Сонымен, АӨСШК мүшелер саны жиырмаға жетіп, қатарын Ресей, Қытай Халык Республикасы, Үндістан, Пәкстан сияқты Азияның ірі мемлекеттері құрауда. Форум мүше-лігіне Израиль, Иран және басқа да араб мемлекеттерінің мүшелігін де атап өту қажет.
Қазіргі таңда АӨСШК-ге мүше елдер аумағының жалпы көлемі 400 млн. шаршы шақырымды - Азияның 90 пайызын және Еуразия құрлығы аумағының 72 пайызын құрап отыр. Аталмыш елдерде 2,8 млрд. адам өмір сүреді және жер шары халықтарынын 45%-ын құрайды.
АӨСШК-нің халықаралық қоғамдастық тарапынан толық сенімге ие болуының дәлелі ретінде 2007 жылғы желтоқсан айынан бастап Азиякеңесінің БҰҰ Бас ассамблеясы жанында бақылаушы ретінде қабылданғандығын атап өтуге болады. Кеңес Азия құрлығында тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудың шынайы факторына айналды.
АӨСШК-нің жетістіктері бірнеше құраушыларға негізделеді.
Біріншіден, бұл бастама жаңа тарихи уакыт тұрғысында халықаралық қоғамдастықтың жауапты да маңызды мүшесі тарапынан ұсынылды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Қазақстанның төртінші ядролық арсеналға ие болғандығы белгілі. Алайда, Н. Назарбаев Қазақстанды ядролық емес мемлекет ретінде жариялап, өзінің қарусыздану мен бейбітшілік саясатын ұстанатындығын танытып қана қоймай, жас мемлекеттің Азия құрлығы мен әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайтынын атап көрсетті.
Екіншіден, Қазақстанның ұлттық мүдделерін ілгерілетуге, сонымен бірге, қазіргі заманғы мейлінше өзекті сындарды шешуге бағытталған теңдестірілген сыртқы саяси бағытты дәйекті түрде жүзеге асырып отырған Президент Н. Назарбаевтың жеке басының зор беделі.
Үшіншіден, Кеңес өзара құрмет, көпжақты ынтымақтастық және мемлекеттердің ұжымдық жауапкершілігі қағидаттарын дамыта отырып, толығымен қазіргі заманғы халықаралық қатынас рухына сәйкес келеді.
2008 жылғы 25 тамызда Алматыда өтетін АӨСШК-ге мүше елдер Сыртқы істер министрлері III кездесуі Қазақстан үшін ғана емес, сонымен бірге барлық Азия елдері үшін маңызды оқиға болып отыр. Іс-шара барысында мүші-елдердің сыртқы саясат мекемелерінің басшылары АӨСШК үдерісін одан әрі дамыту жолдарына қатысты пікір алмаспақ.
Алматы актісінің рухы мен идеяларын дамыту максатында сенім шараларының іс жүзінде жүзеге асуы болып табылатын АӨСШК үдерісін жаңа сапалы деңгейге жетелейтін "Сенім шараларының жүзеге асуындағы АӨСШК үдерісі" атты III Министрлік кездесудін шешімі мен декларациясы қабылданады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, АӨСШК Хатшылығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылып, үдеріс институционалдығының негізгі кезеңінің аяқталуын білдіретін АӨСШК Хатшылының құқықтық қабілеттігі, артықшылықтары мен иммунитеттері және оның қызметкерлері туралы конвенцияға қол қоюға жол ашылады.
Сонымен қатар, Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ғаламдық маңызы бар халықаралык аса ірі шаралардың бірі ретінде аталып өткен АӨСШК мемлекет және үкімет басшыларының III Саммитіне дайындық мәселесі де қарастырылады.
Кеңес Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы бұрынғыдан да маңызды буынға айналуда. Енді оның қызметінде алғашқыда қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруды талап ететін жауапты кезең күтіп тұр. Қазіргі бар алғы шарттар да Кеңестің келешекте алдын алу дипломатиясы, шиленістерді болдырмау сияқты ынтымақтастықтың жаңа да сапалы деңгейлерге көшетіндігіне үміттенуге мүмкіндік береді. Қазақстан өзінің АӨСШК бойынша серіктестерімен бірге аталмыш бағытта қарқынды жұмыс атқаруға ниетті.
(М.Тәжин, ҚР Сыртқы істер министрі, АӨСШК Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы. Азиякеңес – тұрақтылық пен қауіпсіздіктің шынайы кепілі. - ЕҚ, 23.08.2008).
Достарыңызбен бөлісу: |