Түбір сөзден кейін тұрған сөз бөлшектерін қосымша дейміз, ал түбір мен қосымшадан құралып тұрған сөзді қосымшалы сөз дейміз. (Ш.К.Бектұров. Қазақ тілі. 55 - бет)
Қосымша морфемалар деп түбірге қосылып, оған қосымша мағыналар үстейтін морфемаларды айтамыз.
Қосымша морфемаларда мағыналық дербестік те, тұлғалық дербестік те болмайды.Өйткені қосымша морфемада жеке тұрғанда өзіне тән ешқандай арнаулы мағына болмайтындықтан, ол (қосымша) түбірдің қатысынсыз жеке – дара қолданылмай, тек түбірге (сөзге) тіркестіріліп қана жұмсалатындықтан, оның тұлғасы жалғанатын түбір морфеманың әуеніне еріп, өзгеріп, түрленіп отырады.Осы себептен бір морфеманың дыбыстық бірнеше түрі (варианты) болуы мүмкін.Мысалы: атты кісі, малды шаруа, елеулі мәселе, сүтті сиыр, сауулы інген, білімді адам дегендегі –ты, - ті, -ды, -ді, -лы, - лі бөлшектері – бір морфеманың әр алуан түрлері.
Осы мәліметтерді негізге ала отырып, зерттеу жұмыстың мақсаты: омонимдік қосымшалардың ұқсастығы мен ерекшеліктерін айқындай отырып, оның өміршеңдігін анықтау;
Зерттеу жұмысының міндеттері:
Омонимдік қосымшаларды анықтау;
Айтылуы бір қосымшалардың омоним қосымша бола алатындығын дәлелдеу.;
Омонимдік қосымшалардың ерекшелігі мен маңыздылығын нақтылау;
Зерттеу жаңалығы мен өзектілігі: Омонимдік қосымшалардың ауқымы кең тақырып және бізге әлі бұлыңғыр болғандықтан, олардың бірізділігін байқау, дәлелдеу жұмыстары тың және ең маңызды болып табылады.
Көп жағдайда тілдегі ұқсас тілдік бірліктерді бір деңгейде қарастырумен байланысты осы тілдік тұлғалардың аражігі ашылмай, табиғаты айқындалмай жатады.Сондықтан қазақ тіліндегі осындай тілдік бірліктердің табиғатын айқындау өте қажет.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ Табиғаты жалғамалы қазақ тілінде қосымшалар түбірге, одан әрі сол өзгерген грамматикалық формадағы сөздерге белгілі бір ретпен үстеліп қосыла береді.Олар сөзформаға жалғанғанда өздерінің дыбыстық құрамын сақтауы да, сақтамауы да мүмкін.Мысалы: дауыстыдан басталатын қосымша өзінің алдындағы буынның соңғы дауыссыз дыбысын өзіне қосып алады.
Қосымшаның негізгі белгілері:
- қосымша түбір сөзге жалғанады;
- қосымша түбір сөздегі дыбыстардың ерекшелігіне сәйкес жалғанады;
- қосымша өзі жалғанған сөзге мағына үстейді немесе сөйлемдегі сөздерді бір – бірімен байланыстырады;
- қазақ тілінің төл сөздерінде қосымша мен түбір сөздің арасындағы дыбыс, буын үндестіктері сақталады, ал кейбір басқа тілден енген сөздерде сақталмауы мүмкін.
- қазақ тіліндегі қосымшалар белгілі бір заңдылық бойынша бір - бірінің үстіне жалғана береді, ал орыс тілінде түбір сөзге бір ғана қосымша жалғанады.
Қосымшаның қазақ тілінде екі түрі бар: бірі – жұрнақ, екіншісі – жалғау.
Жалғау – жалғанған сөзін екінші бір сөзбен қарым – қатынасқа түсіріп, оларды өзара байланыстырып, жалғастырып және жалғанған сөзіне азын – аулақ үстеме мағына беріп тұратын грамматикалық тұлға.Мысалы, Асқардың інісі Мәскеуде оқиды деген сөйлемді қосымшаларсыз Асқар... іні... Мәскеу... оқи... деп айтсақ, еш нәрсе түсіне алмаған болар едік.Мұнда біз жеке – жеке ұғымның атын ғана ұғар едік.Осындағы - дың, - сі, - де, - ды жалғаулары ең алдымен, бұл сөйлемді белгілі бір хабарды білдіру мәнінде жұмсауға көмектеседі. Екіншіден, бұл қосымшалар осы сөйлемге енген сөздерді бір – бірімен қарым –қатынасқа түсіріп, байланыстырып тұр. Басқаша айтқанда, жалғау өзінің тура мағынасына сәйкес, сөз бен сөзді бірі – бірімен ұластырушы қызметін атқарады. Жалғаулар да жұрнақтар сияқты дербес, жеке мағынада жұмсалмайды, өйткені бұлар да сөзден тыс жеке қолданылмайды.
Жалғаулар сөздерге жалғанғанда жалғанатын сөзінің әуеніне қарай жалғанады, яғни сөздің соңғы буынының жуан – жіңішкелігіне қарай немесе соңғы дыбысының қатаң, ұяң, үнді дауыссыз екендігіне үндесіп отырады.
Ал, жеке сөздердің түбіріне жалғанып, бірде жаңа мағыналы сөз, бірде жалғанған сөздерінің формасын ғана өзгертетін сөз бөлшегін жұрнақ дейміз.
Жұрнақтардың ішінде дыбысталуы (айтылуы) мен таңбалануы (жазылуы) бірдей болғанымен, негізгі мағыналары да, туынды мағыналары да бір – бірімен байланыспайтын, ұштаспайтын тіпті басқа – басқа бір алуан жұрнақтар бар.Ондайлар омоним жұрнақтар деп аталады. Мұндай омоним жұрнақтарды полисемиялық жұрнақтардан ажырата білу қажет және олар бөлек – бөлек категориялар, жеке – жеке қаралуы керек.