ӨзбекстандағЫ Қазақ диаспорасының Қалыптасу кезеңдері нәлібаев К. К., Асанова П



Дата06.01.2022
өлшемі54,5 Kb.
#12695
Байланысты:
ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ


ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ
Нәлібаев К.К., Асанова П. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент қаласы
Шығысынан Каспийге дейін таулармен өрнектеліп келіп, ақыры Сібір арқылы қабысқан Орталық Азия кеңістігі жаратылысынан біртұтас екені айдан анық. Осындай табиғи бірлік оны мекендеген халықтардың тағдырын да бір еткен. Өзіне тән мәдениеті бар осы Орта Азия елдері мыңдаған жыл бойы Тынық мұхиттың жағалауынан Атлантикаға дейін үлкен екі Еуропа мен Азия құрлықтарын біріктерген ежелгі түркі әлемінің бір аймағы болатын. Алайда Алтын Орда ыдырауымен бірлігінен айырылған бұл өлкені мылтық, зеңбірекпен қаруланып үлгірген патшалық Ресей басып алды. Осылайша екі ғасырға жуық созылған отарлық езгі басталды.

Билікті большевиктер басып алысымен орыстың ұлы державалық шовинистік саясаты еселене түсті. Халықтарымыздың біртума ұлдары алғашқы кезеңде большевиктердің ұрандарына сеніп қалып, Ташкентте 1920 жылы кеңестік Ресейдің құрамында батыс Түркістан аймағы түгелімен кіретін Түркі Кеңес Республикасын құру туралы шешім қабылданды. Алайда Кремль бұл қадамды аса қауіпті деп тауып, мұның басшыларының көзін жойып, атам заманнан бері араласып жатқан түркістандықтардың этникалық негізін бұзып, оларды бір-бірімен және ішінара алауыз болтындай етіп бес республикаға бөліп, өзін барлық мәселелер жөнінде жоғары би етіп қойды. Мысалы, қазақтармен түбі бір Хорезм хандығы мен оның айналасын мекендеген өзбектерді, қазақтардан айырмашылығы шамалы құрама мен қарақалпақтарды, Сырдария облысының қазақтар жайлаған бір бөлігін Өзбекстан құрамына кіргізді. Өзбекстанның құрамына тәжіктердің де біраз бөлігін қосты. Бұл жасалған халықтар қосындысын - өзбек, республикасын - Өзбекстан деп атады. Және де ортақ шағатай тілінде сөйлеп жүрген халықтарға жасанды өзбек тілін таңды. Сол тілді бүгіндері өзбектер ана тіліндей пайдаланып келеді [1].

Мұның бәрін большевиктер халықтардың өз жолын таңдап алуы деп соқты. Ал іс жүзінде қаншама халықтарды, оның ішінде айтарлықтай тарихы бар, талантты да еңбекқор түркі халықтарын өз болмысынан тайдыру жолын салды.

Бұған дәлел ретінде ХХ ғасырдың атақты шығыс зерттеушісі ресейлік ғалым В.Бартольд большевиктердің халықтарды валюнтарлық жолмен большевиктенуін қателік деп атады. Ол: «Түркістанда адамдар өздерін қоғамдық өмірде ұлтқа бөлмей, қоқандық, жетісулық, бұқаралық деген сияқты тұрғылықты жерлері арқылы белгілейді» - деп атап көрсетті [2]. Ғалым бұл аймақтың халықтары бірлігін бұзбай мәдени ортада пайдаланып жүрген, көпшілікке түсінікті ортақ шағатай түркі тілі арқылы прогреске тез жетеді деп санады. Сонымен қатар ол әр халықтың өз тілдерін пайдалануына да қарсылық білдірген емес.

Алайда Кеңестік кезеңде жүргізілген «ұлттар эксперименті» мұны одан арман ушықтырып жіберді. Кеңес өкіметі жүргізген әкімшілік-территориялық бөліністері негізінде ұлттардың бір республикадан басқа республикаға өтіп кету көрінісі қалыптасты. Оның дәлелі КСРО басшысы Н.С.Хрущевтің ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында жүргізген республикалардың экономикалық әл-ауқатын теңестіру саясаты еді. Осындай теріс саясаттың нәтижесінде қазақ ұлтының біршама бөлігі Өзбекстан Республикасының Қарақалпақ АКСР-і, Бұқара, Ташкент, Жыззақ, Сырдария облыстарының аумағында қалып қойды.

Сонымен Кеңестер өкіметі тараған кезде әр республика өзімен-өзі өмір сүріп жатты. Егемендігіміз нығайған сайын «ауылымыз аралас, қойымыз қоралас» қазақ пен өзбек халықтарының байланысында шекаралық бөгеттер пайда болды. Бұл өз кезегінде Өзбекстандағы бауырларымызбен саяси-мәдени өміріміздегі қатынастарымызды күрделендіре түсті.

Осындай тарихи себептермен қазақ халқы шекараның екі жағында бөлініп қалды. Ресми дерек көзіне қарағанда, Өзбекстанда 899195 қазақ тұрады. Ал тәуелсіз демографтардың мәліметіне жүгінсек, бұл сан біршама өсе түседі – шамамен 1,3 немесе 1,5 миллион [3].

Ұлтты ұлт ететін берік діңгектер – тіл, діл, дін, тамырын тану, тегін білу. Шеттегі қандастарымыздың бойындағы осы ұстындарды сақтап қалуға, ең алдымен қазақ мемлекеті мүдделі болуы қажет. Сонда ғана ол қандастарымыз бізге білікті мамандарды бермек, жаңа көзқарастарды, жаңаша ойлау жүйесін әкелмек. Ұлтымыздың ұлық болуына, мемлекет іргесінің берік болуына сыртта жүріп-ақ үлкен үлес қосатын болады. Осыларды ескере отырып, біз Өзбекстандағы қандастарымыздың тарихын, саяси-мәдени және әлеуметтік өмірін жазуды мақсат еттік.

Қазақ пен өзбек – тамырлас халық. Бауырлас ел. Енші бөліскеніне де саусақпен санарлықтай ғана ғасыр өтті. Өзбекстанның топырағы қазақ халқы үшін де қасиетті, киелі. Себебі, ол топырақта қазақтың ірі-ірі тарихи тұлғалары жатыр. Ташкентте Шымыр баба, Жабай әулие, Қойлық пен Киік аталардың және әйгілі Төле бидің бейіті бар. Самарқан қаласының әйгілі Регистан алаңындағы үш мешіттің бірі - Шердор мешітін салдырған Жалаңтөс Баһадур болса Самарқанның іргесінде, Мақтұм ағзамның қасына жерленген. Науаидағы Нұрата қаласында екі ұлы бабамыздың мазары тұр. Бірі - Әйтеке би, екіншісі - Әйтеке бидің бабасы Сейітқұл әулие [4].

Осыларға негізделіп, өзбек жеріндегі қазақ ұлтының асыл ұлдары тарихта өзбек мемлекетінің қалыптасып, дамуына үлес қосқан. Оған көптеген дәлелдер бар.

ХІХ ғасырда өмір сүрген өзбек қоғам қайраткері және тарихшысы Абу Тахирқожа «Самария» атты кітабында Жалаңтөс туралы мынадай деректер келтіреді: «Жалаңтөс Баһадур аштархандықтар әулетінен шыққан Бұхара хандығында аталық лауазымында қызмет етті. Кейіншелік қызметтен кетіп, қалада көпшілікке арналған ғимараттар салумен айналысты. Соның бірі – Шердор мешіт-медресесі. Бұл ғимарат хижра жыл санауының 1028 жылы (біздің жыл санауымызбен 1618 жылдың шілде айында) біткен. Шердор мешітін ислам дініндегі шиа бағытының 12 имамының алтыншысы Самарқанда жерленген Имам Жаъфар Садықты құрметіне салдырған. Бұл ғимараттың Шердор деп аталуына кіреберісінде салынған екі жолбарыстың (өзбекше «шер») суреті себеп болған. Жалаңтөс «алшын» руынан еді» [5].

Ал, екінші бір деректе қазіргі кезеңдегі тарихшы Э.Хуршуттың «Ши – Чач – Ташкент» атты еңбегінде ХVII ғ. басынан, анықтай түссек 1601-1753 жылдар аралығында Ташкент қаласы қазақ хандығының иелігі болып, ол жерде Қатаған Тұрсын және Жүніс қожа билеген кездерде қазақтардың ықпалды болғандығын атап өтеді. Бұл деректер қазақ пен өзбектің Өзбекстан аумағында баяғыдан «қоян-қолтық» өмір сүргенін дәлелдейді [6].

Екі халықтың тарихында да қиын-қыстау кезеңдерде бір-біріне көмек қолын созған мысалдар көп. Соңғы ХVII-ХХ ғ.ғ. қазақ халқының басына түскен қасіреттер кезінде, ұлтымыздың көп бөлігі осы өзбек халқынан пана тапты. Сол себепті Өзбекстандағы қандастарымыздың қоныстануының негізгі бес легін көрсетуге болады. Біріншіден, 1635 жылдан – 1755 жылға дейінгі қазақ-жоңғар соғысы жылдарындағы қоныстануы. Әсіресе, 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп аталған ұлы апат жылдардағы қазақтардың өзбек жеріне қоныстануын жоғарыда аты аталған Абу Тахирқожа «Самария» еңбегінде былай сипаттайды: «1134 хижра жылында (біздің жыл санауымыз бойынша 1722 ж.) Шахрисабз (қазірде бұл қала бар) бегі Ибрахимбай және тағы басқа ауқаттылар бірігіп, Ражабханды Самарқан ханы деп жариялап, Бұқара ханы Абулфайз және оның қала билеушісі болған маңғыт Хаким аталыққа қарсы бүлік шығарды. Бұл қақтығыс үш жылға созылды. Бүлік шығарған бектер қалмақтардан қашып келген қазақтармен бірігіп Бұқара әскерін жеңді. Қолында көп малдары бар қазақтар Самарқан мен Бұқара маңында көшіп-қонып, бүтін бау-бақша мен егін алқаптарын малдарына жегізіп, таптап тастады» [5].

Екіншіден, Патшалық Ресейдің отарлау саясаты. Діні басқа, ниеті басқа орыстардың қазақ ұлтының намысы мен мүддесін аяқ асты етуіне қарсы өршіл, ұлтжанды қазақ азаматтары Сырым Датұлы (1783-1797 ж.ж.) және Кенесары Қасымұлы (1837-1847) басшылығымен болған ұлт-азаттық көтерілістері және олардың жеңілісіне байланысты қандастарысыздың елді тастап кетуі. Мұның дәлелі Сырым Датұлы патшаның жазалаушы әскері соңынан қалмаған соң, 30 мың шамасындағы адамымен Хиуа хандығының жеріне өтіп кетеді. Сонда 1802 жылы қайтыс болады.

Үшіншіден, 1917-1922 жылдардағы революция және азаматтық тайталас зорлық-зомбылық дәрежесіне жеткізілген террорды жүзеге асырды. Әсіресе Азамат соғысы кезіндегі қызылдар мен ақтардың қимылынан ең алдымен қарапайым халық зардап шекті. Олардың қайсысы болса да малды, бірінші кезекте аттарды реквизициялады (әскери қажеттер үшін зорлықпен тәркілеу түрі), қазақтар арасында күштеп мобилизация жүргізді, ауылдарды және даланы өртке орады. Атамандар Дутов пен Анненковтың казактары ерекше қатыгездігімен көзге түсті. «омский вестник» газетінің тілшісі, жазушы Антон Сорокин былай деп жазды: «Дутовтың казактары Торғай даласында қазақ ауылдарына қырғидай тиді. Әрбір қазақ – қылтанақ, шөп-шалам жеді». Осы жазушының «Жеменейдің әні» деген әңгімесінен мынаны оқуға болады: «Анненков отрядының казактары қазақтарды тонап, киіз үйлерін балтамен шапты, от жағып, марқа қозыларды қуырып, асып жеді, ауылды тып-тиыл қылып, айқай салып, ысқырып, қарақшылардың әнін айтып кетіп бара жатты. Отрядтың алдында бұзақы казак Филарет Осетрин ұзын сырықты мақтанышпен көтеріп барады, оның ұшар басында төрт бұрышты үлкен қара шүберек салақтайды. Бұл Анненков мұражайдан ұрлап әкеткен Ермактың туы болатын» [1].

Жоғарыдағы айтылған сұмдық және Кеңес үкіметінің елде соғыс жылдарындағы экономикалық саясаты – халық шаруашылығын әскерилендіру, экономиканы басқарудың әміршілдік жүйесі, еңбекті ұйымдастырудың әскери формасы, азық-түлікті бөлудің әділетсіз көрінісі қазақ бұқарасын кедейлендірді.

Қеңестердің жаңа экономикалық саясаты Қазақстанды орасан зор қиыншылықтарға ұшыратты. 1921 жылдың жазында республиканың едәуір бөлігін қуаңшылық жайлады. Оның алдында қатты жұт болып, ол кей жерлерде малдың 80 пайызына дейін қырылуына әкеп соққан еді. Ашығушылар саны республика халқының 1/3 бөлігін қамтыды, олар 1921 жылғы қараша айында – 1 миллион 508 мың, 1922 жылдың наурыз айында – 2 миллион 303 200 адам болды, мамыр-маусым айларында бұл сан едәуір азая түсті [1].

Осындай сұм кезеңде «қой аузынан шөп алмайтын» қазақ тағы да оңтүстікке жайма-шуақ өзбек жеріне ауа көшті.

Төртіншіден, 1931-1933 жылдарда Қазақстандағы Кеңестер үкіметі қолдан жасаған ашаршылық жылдарында аш өзек қазақтардың және осы ашаршылыққа орай Кеңестерге қарсы соғысқан ұлтжанды азаматтар Өзбекстан жерінде қорғау табуы және қоныстануы.

Бесіншіден, Кеңестер Одағының бас хатшысы Н.С.Хрущевтің ХХ ғасырдың 50-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың басындағы республикаларды теңестіруге бағытталған қате саясатына орай Қазақ КСР-нің көптеген территориясы халқымен қоса қазіргі Ташкент облысындағы Бостандық ауданы, Жыззақ пен Сырдария облыстарындағы Мырзашөл өңірі Өзбекстанға берілген.

Одан тысқары Кеңестер кезінде Ташкент қаласы Орта Азияның саяси-мәдени, экономикалық орталығы болып тұрған сәтте білім, ғылым қуған қазақтың зиялы ұлдары мен қыздары Өзбекстанда тұрақтап қалды. 1966 жылғы Ташкент зілзаласының зардаптарын жоюда бауырлас елге бүкілодақтық көмек көрсету кезінде өз қандастарымыз инженер-құрылысшы болып барып, сонда қалып қойды.

Қазақ ұлтының өкілдері Өзбекстан Республикасының бүкіл облыстарында кездеседі. Солардың ішінде қазақтар шоғырланып қоныстанған аудандар бар. Ташкент облысында – 340 700, Қарақалпақстан Республикасында – 332 377, Науаи облысында – 56 744, Ташкент қаласында -45 474, Жыззақ облысында – 41 477, Бұқара облысында – 20 457, Сырдария облысында – 17 937, Хорезм облысында – 12 862 қазақтар жасайды [7].

Өзбекстандағы қазақтардың қоныстануындаға басты ерекшелігі – бұл олардың біртұтас тайпа, ру-ауыл болып қоныстану. Бұған себепші болған мынандай жағдайлар бар. Біріншіден, этникалық себептер – олардың бір бөлігі біртұтас ауыл болып көшіп келіп қоныстанған болса, бір бөлігі баяғы Қазақстандағы тайпа-ру құрылысқа негізделген қоныстар сол күйінше Өзбекстанға беріле салуы болды. Екіншіден, экономикалық себептер – мал шаруашылығымен шұғылдану барысында қазақтар өзге ұлттардан ерекшелене қоныстанды. Үшіншіден, психологиялық себептер – қазақта ынтымаққа уағыздаушы «У ішсең де руыңмен іш», «Есің барда еліңді тап» деген мақалдардан көрініс табады.

Осыларға орай ең үлкен қазақ диаспорасы орналасқан Ташкент облысының Бостандық, Жоғары Шыршық, Қыбырай аудандарында Ұлы жүздің - қаракөңірдек, ақкөңірдек, елубай, қайшылы, тутаңбалы, жаңабай, сиқым, жаныс, ботбай рулары қоныстанған.

Ташкент облысының Орта Шыршық, Төменгі Шыршық, Піскент, Бөке, Бекабад аудандарында көп мөлшерде қазақтың қожалары, Ұлы жұздің – қаңлылар, батыр, қарабатыр, шалдар, шымыр, жаңабай, ысты, боқа, қарақойлы, Орта жүздің – саңғыл, маңғытай, құлшығаш, жауқашты, қира, жетімдер, ақболат, тоқболат, уақ, киікші, тобықты, наймандар, Кіші жүздің – тама, телеу, рамадан руларының өкілдері қоныстанған.

Ташкент қаласының маңында Ұлы жұздің - қаңлы, айтбозым, ақкөңірдек, қаракөңірдек, ысты, қоралас, Орта жүзден – құлшығаш, Кіші жүзден – рамадан рулары қоныстанған.

Сырдария және Жыззақ облыстарында Орта жүзден – алғи, қаракөсе, оразгелді, көбек, қыпшақ, найман рулары жиі қоныстанған.

Қарақалпақстан Республикасы және Науаи, Бұқара облыстарында Кіші жүздің – төртқара, шөмекей, адай, жаппас, табын, тама, рамадан рулары қазақ ұлтының көпшілігін құрайды [8].

РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматриваются вопросы история и этапы создания казахской диаспоры в Узбекистане


SUMMARY

This article explores the history and the stages of creation of the Kazakh diaspora in Uzbekistan.



Әдебиеттер


  1. Аққошқаров Е. Қазақ тарихынан. – Алматы: Жалын, 1997.

  2. Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы. 1 т. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2005.

  3. Наримбетов Т. Социально-психологические особенности казахских семей проживающих в Узбекистане. – Ташкент: 2008.

  4. Есламғалиұлы М. Ғұмырнамалар мен ғибратнамалар. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2001

  5. Абу Тахирқожа. Самария. – Ташкент: Камалак, 1991.

  6. Хуршут Э. Ши – Чач – Ташкент. – Ташкент: Узбекистон, 1992.

  7. Өзбекстан Қазақ зиялылары. – Ташкент: 2002.

  8. Сәдібеков З. Қазақ шежіресі. – Ташкент: Узбекистон, 1994.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет