Жалпы тіл біліміне «парцелляция» термині француз тіліндегі «parceller» сөзінен енген. Бұл ұғым қазақша ұсақ бөлшектерге бәлу дегенді білдіреді. Сондықтан да бұл терминді бөлшектелген термин деп алғанды жөн көрдік. Әлемдік тіл білімінде бұл бөлшектелген сөйлемдер жан-жақты зерттеу объектісіне айналып, көптөген еңбектерге арқау болып, қызу тартыс тудырып жатқан тұста қазіргі қазақ тілінде осы жылдары ғана назарға ілініп, сөз болып жүр.
Парцелляция құбылысы роман, герман, славян тілдерінде, оның ішінде орыс тілінде фонетикалық, синтаксистік, стисилтикалық деңгейде жан-жақты, оте толық зерттелген болса, қазақ тілінде бұл құбылысқа енді ғана көңіл бөліне бастады. Тек М.Балақаев пен Т.М.Сайрамбаев осы мәселеге арнаған мақаласында бұл құбылыс қазақ тіліне аударма нәтижесінде енген деген пікірде. Алайда, көркем әдеби шығармаларды синтаксистік, стилистикалық тұрғыда зерттеп оқысақ, біз парцелляцияланған сөйлемдерді қазақ жазушылары да бұрыннан қолданып келе жатқанын байқаймыз. Тек бұл құбылыс арнайы зерттеу обьектісі болмаған.
Парцелляция құбылысы деп сөйлем ішінде айтылуы тиіс бір сөздің немесе сөйлем мүшесінің сөйлемнен оқшау, өз алдына жеке сөйлем ретінде берілуін айтамыз. Қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы мұндай құрылымдарды «іргелес сөйлем» деп атайды.
Шынымен де, іргелес тұрып, алдыңғы ойды толықтырып тұрады. Бұл көркем әдебиетте жазушының ойды жеткізудегі шеберлігін көрсетеді. Жалпақ тілмен айтқанда, айтайын деп отырған ақпаратына екпін беріп, оны ерекше етіп көрсету үшін пайдаланады. Оқып отырған оқырман да ойдың ашығын бірден түсінетін болады. Қазақ әдебиетінде шығармаларын парцелляциялық құбылыспен шебер өрнектейтін ерекше жазушы – Мұхтар Мағауин.
Зерттеуші Ақылбаева Г.И. «Парцелляция дегеніміз – фразаны (ойды, сөйлемді) бөлшектеп, соған қатысты бір сөзді не тексті жеке өз алдына аулақтатып орналастыру» деп анықтама береді. Бұл жерде парцелляцияның орналасқан орнынан бұрын оның мазмұндық реңкі үлкен рөл атқаратынын ескеру керек.
«Сөйлеу тілінің тәсілі, яғни ауызекі тілде сөйлеушінің өз ой-пікірін жағдайға қарай, жекелеген сөз, сөз тіркестері ретінде бөлшектеп жеткізуі» дейді зерттеуші Б.Ж.Исхан. Және оның ерекшелігін былай көрсетеді.
Парцелляция жеке сөзді, сөз тіркесті, сөйлемді болып, өзі қатысты сөйлемнің:
- айырылмас бір бөлшегі;
- мағыналық жағынан тиянақтаушы;
- сөйлемнің өн бойына, не жеке бір мүшелігіне қатысты;
- төртіншіден, өзі қатысты сөздермен әдеттегі айқындауыштар сияқты тұлғалық жағынан кейде ұқсас, кейде ұқсас еместігімен де ерекшеленеді.
Р.Сыздықтың «Бұл құбылыс туралы үзілді-кесілді тұжырымдар айту үшін, оны мол материал жинап ғылыми тұрғыдан зертеу керек»- деуі де бұл мәселенің өзектілігін, маңыздылығын дәлелдейді. «Эмоционалдық синтаксис» деген терминді енгізген француз ғалымы Ш.Балли: «Сөйлем айтушының негізгі ойын жеткізумен қатар оның сол ойға көзқарасын да білдіреді. Ендеше айтылар ойға эмоционалдық көзқарас сөйлемнің жалпы мағынасының тағы бір негізгі құрамды бөлігі болып табылады. Біз «күн суық», «күн ыстық», «жаңбыр жауып тұр» дегенде фактіні жалаң жеткізумен шектелмей, іс-әрекетті анықтауға қабілетті эмоционалдық әсерімізді немесе практикалық пікірімізді; әр жағдайда «суық», «ыстық», «жаңбыр» деген оймен байланыстыра өзіміздің ризалығымызды немесе ренішімізді, қызығушылығымызды немесе немқұрайдылығымызды білдіреміз», — дейді. «Бейнелеушіліктің өзі көңіл-күймен байланысты. Ол көңіл-күйді, тілекті білдіреді; жай интеллектуалдық пікірді жеткізгенде де ол көңіл-күйге байланысты түрленеді, боялады.»
Мына мысалдарға көңіл аударып көрейік:Әлияның жанары, сол арқылы тұтанған от суретшінің талай шығармасына сәуле түсіргені анық, өйткені сәтсіз махаббат — адамның бүкіл өмір жолына созылған күй. Ұмытылмас күй. Сырлы, назды. Ерке, мұңды. Қайғы әуенінен қуаныш сазы басым. Сондықтан да көңіл түрінде. Сондықтан да мәңгілік. (М.Мағауин).Күй ана боп аңырады. Дала боп уілдеп, жүректен қан тамшылатты. Қансыратты, талдырды. (І.Жақанов).
Бұл мысалдарды оқығанда әрбір оқырман оның грамматикалық формасы мен семантикалық мағынасына емес, оның бейнелелігіне, көңілді толқытып, жүректі тебірентер әсерлілігіне бірінші назар аударады. Ал бұл бейнелілік араларына нүкте қою арқылы бөлшектелген, яғни парцелляцияланған конструкциялар арқылы жеткізіліп тұр. Міне, осы жағынан қарастырғанда парцелляцияны да көркемдегіш құрал қатарына жатқызуға әбден болады.
Мысал қарастырайық:
Ол портретті менің алдыма қоя салды. Қараймын. Өзім. Аң-таң болып Асқарға қараймын. Ол үндемейді. Қайта қараймын. Тап өзім. (I.Жақанов).
A.Байтұрсыновтың сөйлемдерді құрылуынша түрлерге айыруына ден қойып қарағанда «іргелес сәйлем» деген терминнің бар екендігін анықтадық. «Ішкі жақындық-мағына жақындығынан басқа жақындық жоқ сөйлемдер іргелес делінеді», - деген А.Байтұрсыновтың анықтамасының байыбына барар болсақ, біз қазіргі кезде барлық лингвистер бірдей «парцелляция» деп жүрген құбылысқа балама таба аламыз.