П авлодар облысы білім беру басқармасы Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы Халықаралық зерттеулер форматындағы функционалдық сауаттылықты дамытуға арналған
Қазақстандық білім беру модернизациясының тиімділігі көбінесе мониторингтік зерттеулер мен бағалау технологиясының аясында алынған объективті мәліметтерді пайдалану деңгейіне тәуелді болып отыр.
Алынған кең көлемді ақпарат жоспарланған және қол жеткізген нәтижелердің арақатынасын белгілеуге, шешімдер шығаруды талап ететін аса маңызды мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеулер нәтижесінде алынған мәліметтер әлемдік білім беру жүйесінде қазақстандық білім сапасын анықтауға қатысты болжамдар жасауға бағыттайды.
Білім мазмұнын жаңарту аясында мектепте білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту білім берудің басым мақсаттарының бірі ретінде айқындалып отыр. Функционалдық сауаттылық әр мектеп пәнінің негізінде қалыптасады. Білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту және оның қалыптасуын тексеру құралы шығармашылық сипаттағы тапсырмалар (зерттеу жұмыстарына бейімделген тапсырмалар; экономикалық, тарихи мазмұндағы тапсырмалар; тәжірибеге бағытталған тапсырмалар т.б.) болып табылады. Білім алушылардың оқу жетістігін сырттай бағалау (ОЖСБ) аясында білім алушылардың функционалдық сауаттылығы бағаланады. Функционалдық сауаттылықты тексеруге арналған тест тапсырмалары алғаш рет 2014 жылы ОЖСБ тапсырмаларына қосылды.
Функционалдық сауаттылық, кеңінен алғанда, тұлғаның мектепте алған білімі, білігі мен дағдысын адамзат қызметінің әртүрлі саласында, сонымен бірге тұлғааралық қатынастар мен әлеуметтік байланыстарда кездесетін тіршілік міндеттерін жан-жақты шеше білу қабілеті ретінде түсіндіріледі. Білім алушылардың оқу жетістігін сырттай бағалау аясында функционалдық сауаттылықтың мынадай түрлері бағаланады: оқу сауаттылығы (қазақ тілі, орыс тілі); математикалық сауаттылық; ғылыми-жаратылыстану сауаттылығы (физика, химия, биология, география).