Панда жылаған жаз жанарбек Әшімжан «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының сериясы «Сөздік-Словарь»



Pdf көрінісі
бет2/32
Дата26.02.2017
өлшемі1,78 Mb.
#4999
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32

ПАНДА ЖЫЛАҒАН ЖАЗ
...Қараөткелге  баратын  қара  жолда  қазақ  ауыр  атлетикасының 
айбозы  Анатолий  Храпатыйдың  «шайтан  арбасы»  қирады.  Дүниенің 
бес дүркін жеңімпазы атанған, бес мәрте кәрі құрлықты басынан асыра 
көтерген,  1988  жылғы  Сеул  олимпиадасының  чемпионы,  Атланта 
олимпиадасының  күміс  жүлдегері  45  жастағы  құрыш  Храпатыйдан 
қазақ жанкүйерлері қапелімде көз жазып қалды. Бұл – Ұлы қорғанның 
арғы жағындағы аламанның үшінші күні болатын.
...Дүниенің  көзқұртына  айналған  әйгілі  «Құс  ұясы»  ұлттық 
стадионындағы  «классикалық  қойылымды»  Алатаудың  етегінде 
жантайып  жатып  тамашалағанбыз.  Бес  сағатқа  созылған  салтанатты 
жиында 5000 жылдық тарихымен төрткүл дүниені таңдай қақтырған 
Қытай  елі  соңғы  жылдары  ғарыштық  жылдамдықпен  дамып  бара 
жатқанын тағы бір дәлелдеді.
Төрт  жылда  бір  келетін  торқалы  тойда  тоқсан  елдің  басшысын 
төріне  оздырған  қытай  көсемі  Ху  Цзиньтао  «Ұяның»  ұшар  басына 
«қонақтаған» алауды тұтатуға пәрмен берген бойда, «Бір арман – бір 
әлем» атты ұран жамылған «аспан асты» елінің ұландары аламанның 
алғашқы  күнінен  бастап-ақ  сыпырындыдан  сынап  жинағандай 
сыңғырлатып алтын-күмісті сапыруға кіріскен. Қазақ елі бұл байрақты 
бәсекеге  22  спорт  түрінен  132  спортшыны  үкілеп  қосты.  Жалпы 
Бейжіңде  спорттың  35  түрінен  түрлі  деңгейдегі  медальдар  сарапқа 
салынды.
ХХІХ жазғы Олимпиадалық ойындардың алауы Жұңго аспанынан 
жұмыр жерге жарық шашып тұрған сегізінші күні, яғни, тамыздың 16-
да халықаралық «Complete service» туристік агенттігі ұйымдастырған 
сапармен  бір  топ  жанкүйер  Бейжіңді  бетке  алдық.  Екі  күннен  кейін 
бозкілемге  шығатын  еркін  күрес  шебері,  ақтөбелік  Бауыржан  Ораза- 
лиев бір уыс тиынды әуежай босағасына шашып өтті. Кейде бап пен 
бақтың  ұңғыл-шұңғылын  ырым-сырыммен  толтыруға  ниеттеніп  жү- 
ретініміз бар...
Едел-жедел  тіркеле  салып,  әуежайдың  ішіндегі  әйдік  теледидарға 
көз салдық. Экранда – екінші айналымдағы Артаев пен Коробов жұбы. 
Эллада аспанында атой салған Артаев әлемнің екі дүркін чемпионы, 
«орыс автоматы» Матвей Коробовты тізе бүктірді, есеп 10:7. Шаршы 
алаңның  шәді  тақуалары  75  келінің  тағдыры  осы  екеуінің  жекпе-
жегінде  белгілі  болады  деп  болжаған.  «Матвей  Мәскеу  асты,  енді 
біздің Бақтиярға ағылшын Джеймс Дегейльдің діңкәсі шыдас берер ме 
екен?!.» – деп үзеңгі бауымыз үзіліп кетердей әуе кемесіне кердеңдей 
басып кіргенімізді несін жасырайық. Себебі, Артаев әлгі ағылшынның 
бұған дейін екі рет «ер-тоқымын» сыпырып алып, бос қоя берген еді.

13
...Олимпиада  астанасына  дейін  бес  сағат.  Алып  лайнер  Алматы 
әуежайынан  ұзап  шығысымен  ұзақ  ойға  шомдық.  Биіктік  –  10  000 
метр! Мұндай мұзартта зердеңе тек сеңгір жандар ғана оралса керек. 
Олар қазақ спортының «күлімен кіріп, суымен шыққан» баһадүрлер: 
Шоқыр Бөлтеков, Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов, Әлжан 
Жармұхамедов, Октябрь Жарылғапов, Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, 
Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Тұрсынғали 
Еділов,  Дәулет  Тұрлыханов,  Аркадий  Топаев,  Бақтияр  Бәйсейітов, 
Ермахан  Ыбырайымов,  Болат  Жұмаділов,  Нұржан  Сыманов,  Бекзат 
Саттарханов...  Кенет  көзім  алдыңғы  орында  отырған  алпамсаға  түсе 
кетті. Иә, дәл өзі, жасыл құрлықта жасындай жарқылдаған қазақ алыбы 
–  Мұхтархан  Ділдәбек.  Екі  иінінен  демалып  отыр.  «Сұрапыл  ұрыс 
алдында тынығып жатқан батыр ма?» – дерсің.
Саусағымды сауып-сауып жіберіп, мүмкін медальдарды санамалап 
қоямын. Әзірше ақ бұлттың үстінде асқақтап келе жатқаным – Ирина 
Некрасова, Нұрбақыт Теңізбаев, Асхат Жіткеев, Әсет Мәмбетов әкелген 
қос күміс пен қос қоланың қозы. Жадыма алтынның буы жайлы көне 
аңыз орала берді. Алтынның буы! Иллюминатордан түскен нәзік сәуле 
бас бармақ пен балан үйректі һәм шылдыр шүмекті сарғыш түске бояп 
кете береді... Иә, сәт!
Түн қараңғысы қоюлана жібектей сусып замана уысынан шығандап 
бара жатқан қытай елінің астанасына да жеттік! 18 миллион халықты 
бауырына басып Бейжің жатыр. Жай жатқан жоқ, жұмыр жердегі 205 
елдің намысын найзағайдай ойнатып, бір қазанға шыжғырып жатыр.
Ертең жарыс жолына қазақтың үкілі үміті 94 келідегі ауыр атлет – 
Илья Ильин шықпақ!
Зілтемірдің ханзадасы
«Ат төбеліндей қазақтың намысын жанысақ» деп «Ұлы қорғаннан» 
«қарғып өткен» бір қауым ел бар екен. Сын сағаты таяғанда «Юианг» 
қонақ үйінің алдына едәуір қазақ жиналды. Ауылдан алып келген Көк 
туды жамылып көшке ілестік. Беталыс – Бейжің Авиация институтының 
спорт  кешені,  жолбасшымыз  –  бізді  кеше  кеште  Бейжіңнің  №2 
терминалынан қарсы алған қытайдың Юань есімді тілмашы. Жұңгоның 
ұршықтай  ғана  ұлтшыл  қызы  қала  тіршілігінен  аз-кем  ақпар  берді. 
Көшеде  халық  нөпірі  әдеттегіден  аз.  Қалада  құрылыс  жұмыстары 
тоқтатылған. Олимпиадаға байланысты сырттан келгендердің бәрін өз 
қалаларына қайтарған. Түнгі сағат оннан кейін Бейжің жұрты ұйқыға 
бас қояды екен. Қанға сіңді ғадет. Алайда, туристерге қызмет көрсету 
үшін  ресми  билік  100  мыңнан  аса  мемлекеттік  таксиді  іске  қосқан. 
Көшедегі көліктерге шектеу қойыпты, бір күн тақ санды, келесі күні 

14
жұп санды көліктер жүргізіледі. Бейжіңде көліктер ағынын «жұтып» 
жіберетін, әрқайсысы 30-40 шақырымға созылатын ірі-ірі жеті айналма 
жол  бар.  Жол  сілтеушінің  сәт  сайын  нығырлап  айтуына  қарағанда, 
биылғы  жазғы  Олимпиада  астанасының  бір  байлығы  осы  күре  жол 
болса керек.
Бірді айтып бірге кетсек, ғафу өтінеміз!
Спорт  кешенінің  алды  Қарқара  жәрмеңкесіндей  қыз-қыз  қайнап 
жатыр.  Дәл  осы  күні  Бейжің  университетінің  «Жұмысшы»  спорт 
кешенінде  әлемнің  екі  дүркін  чемпионы,  басты  үміткеріміз  Серік 
Сәпиев  жартылай  финалға  берілер  жолдаманы  тай  боксшысы  Манус 
Бумджумнонгпен  сарапқа  салуда.  Жанкүйерлер  екіге  жарылды. 
Журналистердің дені алтын үшін арпалысатын Ильиннің ізін аңдуда. 
Артта алтын күтіп Алаш жатыр.
2005  жылы  Доһада  өткен  әлем  біріншілігінде  85  келіде  дүниені 
дүр сілкіндірген Илья небары 17 жаста еді. Іле-шала Сан-Домингода 
салмақ  ауыстырып  тұрып  әлемді  екінші  рет  мойындатты.  Сөзіміздің 
«бісмілләсін»  Храпатыйдан  бастағанда  бір  сыр  бар  еді.  1988  жылы 
Сеул олимпиадасында Анатолий жұмыр жердің темір-терсегін жиып-
теріп жұлып алғанда, Сыр-Ананың бүйірі бүлк ете қалған-ды. Арада 
20 жыл өткенде аспан айналып жерге түсті. Қонақбаев Мәскеуде ұрыс 
салып  жатқанда,  Түркістанда  Бекзат-бесік  булығып  барып  уанған 
дегенді батырдың анасы айтып еді.
Ильяның  жеке  бапкері  Вилорий  Пак  мырза  қызық  дәйекті  алға 
тартты. Ильиннің туған ағасы Алексей Ильин ауыр атлетикамен едәуір 
айналысыпты.  Бүлдіршін  Ильяны  қалдыратын  жер  болмаған  соң 
өзімен  бірге  жаттығу  залына  бірге  әкелетін  көрінеді.  Күндердің  күні 
алты жасар Илья қарап отырғаннан әбден запы болса керек, ағасының 
рұқсатымен  жаттығуға  кіріседі.  Сөйтіп,  төккен  тер  мен  таланттың 
арқасында бозбала 13 жасында спорт шебері атанады. Ал әлгі Алексей 
мырза спорт шеберлігін орындағаннан кейін бір шүйкебасқа үйленіп, 
спорттан біржола қол үзіп кетсе керек. Қытайда Қазақстан қоржынына 
алғашқы алтынды әкелген алтын ұлдың спортқа деген алғашқы қадамы 
солай басталыпты.
Илья  атой  салған  спорт  кешенінің  төрінде  тұрып  осындай  ойға 
қалдық.  Енді  ше?  94  келідегі  бақталастардың  бірінен  бірі  асып 
зілтемірге  тапсырыс  беруі  жүйкеге  едәуір  салмақ  түсірді.  Серпи 
көтеруде  де,  жұлқа  көтеруде  де  Илья  тактикалық  шабуылды  үдетті. 
Бір  ысып,  бір  суыдық.  Енді  ше?  Тактиканың  тауқыметінен  қолдағы 
алтынды  алақанынан  сусытып  алған  Некрасова  қыздың  өкініші  өзек 
өртеп  тұр.  Үтір,  нүктесіне  дейін  тәптіштемейік,  Сыр  баласының 
әлемдік ауыр атлетиканың «менюін» алдына жайып қойып, ең құнарлы 
сыбағаға тапсырыс беріп отырып төрге озғанын төрдегі «темір жәшік» 

15
жалпы  жаһанға  жариялады  ғой.  Ильинмен  бірге  финалдық  бәсекеге 
жолдама алған «жеті жауды» осал деген жан опық жейді.
Үшінші екпінімен үшкіл дүниенің үрейін алған әзірбайжан Низами 
Пашаевты кәрі тарих әлі талай жыр қылады.
«Бостандық  аралы»  мен  «Ұлы  қорғанның»  арасын  азан-қылған 
Йохандир Эрнандес осал «жау» ма еді? Ақтық сынға дейін өкшелеп кел- 
ген польяк Шимон Колецки алдағы аламанда жол торуылдамайтынына 
кім кепіл? Ресейлік Қажымұрат Ақаев, Роман Константинов, ирандық 
Асгар Ебрахими Бейжіңге тіл сындыру үшін келмегені және анық. Ал 
гүржі Арсен Касабиевтің алдыңғы тәуекелінен 13 келі арттырып, 231-
ге тапсырыс бергенде бүкіл қазақ жанкүйерлеріне дем жетпей қалғанын 
несіне жасырайық. Сол Арсенді соншама тәуекелге барып, зілтемірдің 
астында  қалуға  душар  еткен  саяси  сарсаңға  түскен  Грузияға  деген 
махаббаты емес деп кім айта алады? «Жауды аяған жаралы» дейді кәрі 
құлақ. Алғашқы айналымдағы серпи көтеру кезінде алған жарақатына 
қарамастан, көзсіз ерлікке барған Илья Ильин де сөзсіз қазақ патриоты! 
Көк  ту  көтеріліп  бара  жатқанда  қолымызды  жүрек  тұсына  қойып 
тұрып  өксіп-өксіп  жібергенім  де  осы  болса  керек.  Ұлттың  мерейін 
асырған  бұл  қуанышқа  әлемдік  деңгейде  неше  сұрапыл  атлеттерді 
дайындаған Енвер Түркелериге мың мәрте тағзым! Сөйтіп, Олимпиада 
маршрутының Бейжің бекетіндегі алғашқы алтынды қоржынға салып 
қонақ үйге қайттық.
«Ұлттық құрамаға өзгеріс керек»
Олимпиада  сайын  қазақ  елі  бокстан  олжа  күтеді.  Олимп  биігінде 
қазақ боксының дәстүрлі ізі бар. Бұл жолы былғары қолғап шеберлері 
бұрын-соңды  болмаған  жетістікке  жетіп,  он  жолдама  ұтып  алған. 
91-ге  дейінгі  салмақта  ғана  ақсадық.  Боксшылардың  тағдыр-талайы 
әмбеге  аян.  Жо  Шы  Мың  сынды  тәжірибелі  қарсыласқа  тап  болып, 
екінші айналымнан ұзай алмаған Біржан Жақыпов (48 келі) пен Мират 
Сәрсембаев (51 келі), Қанат Әбутәліповке (54 келі) нендей кінә артасың? 
2003 жылғы әлем чемпионы Галиб Жафаровтың шау тартқанын айтсақ, 
кімнің шамына тигендейміз. Мемлекеттің мейманасын тасытады деп 
үміт  артқан  талантты  боксшы  Мерей  (60  келі)  еді.  Ақшалов  қытай 
боксшысы  Ху  Цинды  «бесінші  бұрыштан»  шығармап  па  еді!  Обал-
сауабы бұра тартқан төрешілерге. «Жетектегі тазы аңға жарамайтыны» 
рас  екен,  Жұңгоңыз  келесі  айналымда  тырапай  асты.  Олимпиада 
көмбесі  жақындаған  сайын  бүкіл  қазақ  «Серік!»  деп  ұран  тастаған. 
Сөз  жоқ,  қазақ  боксының  тарихындағы  ең  талантты  жігіттердің  бірі 
де  бірегейі  Серік!  Ал  аса  зор  жауапкершілікпен  Көк  байрақты  сеніп 
тапсырған  негізгі  үміткер,  64  келідегі  әлемдік  тәжді  екі  қайтара 

16
киген Серік Сәпиевтің шаршы алаңдағы тактикалық қателігінің бәрін 
төрешілерге  төге  береміз  бе?  Рас,  төреші  төтен  кетті.  Алғашқы  екі 
жарым  раундта  тетіктер  жосықсыз  басылды.  Бірақ  әлгі  бір  Тайланд 
«сайқымазағы»  Манус  Бумджумнонгқа  біздің  Серік  2006  жылғы 
Доһадағы Азия аламанында да есе жібермеп пе еді? Онда да «төреші 
төпеп  тастады»  деп  жазғанбыз.  Бірақ  Серіктің  қарсыластарына 
мамандар тарапынан кешенді түрде терең талдаулар жасалды ма? Біз 
өткеннен  сабақ  алудың  орнына,  «Самарқаннан  су  кетсе»  Сәпиевті 
сайысқа ала жүгірдік. Ойға да, қырға да салдық. Ақыры зорықтырдық. 
Жыл  бойы  ақпарат  құралдары  «Серік!»  деп  сырнай  тартты.  Ал  сол 
алынбас  қамалдай  болып  көрінген  Бумджумнонгты  ақтық  сында 
сауысқанның сауырындай ғана Доминикан Республикасының жалғыз 
үміті  Феликс  Диас  қалай  талқандады?!  Бапкерлерінің  кеңесімен 
қарсыласының  қыбын  тапқан  ол  үшінші  раундта  Манустың  басын 
Бангкокқа қарай нұсқап жіберді. Нокдаун! Бұған дейін шаршы алаңды 
театрға айналдырып келген Манус кенет өзі келемежге айналып сала 
берді. Саулығыңызды тілейміз, сэр Феликс Диас!
Тұманды Альбионның туын желбіретіп келген Джеймс Дегейльмен 
жекпе-жегінде Бақтияр Артаевты, тіпті де танымай қалдық. «Бар күшін 
Коробовқа салып жіберді ме?» деген болжамның жаны бар сынды. Жеке 
бапкерімен  тілдескенде,  Нұрлан  Ақүрпеков:  «Ағылшынмен  айқасар 
алдында «денем ырқыма көнбей тұр, өзімді өзім игере алар емеспін» 
деп  еді  Бақтияр...»  –  деді.  Тағдырдың  жазуы  шығар.  2004  жылы 
Афинының ақырғы күні күміс пен мысты місе тұтып мысымыз құрып 
тұрғанда,  Олимптің  басынан  алтын  шашақты  күнге  жанарымызды 
қарықтырған  Бақтияр  батыр  ғой  бұл!  Одан  кейінгі  сан  жарыстарда 
дәл осы Дегейліңізді екі рет жан таптырмай сабаған Бақтияр ғой бұл. 
Қайсыбір  қандасымыз  әлгі  бір  «...Жоға,  біртүрлі  «нервничать»  етеді 
екенсің» дегенді осындай күйіп кеткенде айтқан екен ғой, қасқа!
81  келіде  тәжік  Жаһан  Құрбановтан  айласын  асырған  Еркебұлан 
Шынәлиевтің бағын да алаң иесі Чжан Сяопин байлады. Чикагодағы 
әлем біріншілігінде Чжанды 12 ұпай айырмашылығымен еркін ұтқан 
Еркебұлан Бейжің төріндегі сегіз минөтке созылған жартылай финалда 
төрт-ақ  соққы  жасады.  Ханзудың  қарақаттай  қылғаны  шамалы.  Есеп 
– 4:4, мұндай тең нәтижеде, әрине, алаң иелерінің бәсі басым болады. 
Төрешіден  секем  алған  екенсің,  қарсыласыңды  италиялық  Роберто 
Камарелле сынды ұрып жық. Аса ауыр салмақтағы ақтық сында бүкіл 
қытай  өбектеген  Чжан  Жилейді  үшінші  раундта  1,5  млрд.  ханзудың 
алдында  кескен  теректей  сілейтіп  түсірген  Робертоның  ерлігіне 
бүкіл  әлем  тамсанса  керек.  Дегенмен  небір  олимпиада  һәм  әлем 
чемпиондары сүрінген бұл додада Еркебұланның қоласы өкінішіміздің 
орнын  толтырып  тұрды.  Ашығын  айту  керек,  аса  ауыр  салмақта 

17
өнер  көрсеткен  қазақ  боксшысы  Руслан  Мырсатаев  ХХІХ  жазғы 
олипиадалық ойындарға «аттың жалы, түйенің қомында» жүріп барды.
Сосын жөн сұрасқан мамандардан аңғарғанымыз, «Серік те, Бақтияр 
да, Еркебұлан да, Біржан да» чемпиондар мен финалистерден жеңілді 
ғой» дегендей пікірге тоғайып жүрген сынды. Бұл ақталуға сабаудай 
себеп бола алмаса керек.
Ал  олимпиаданың  ақырғы  күні  таяп  қалғанда  қалың  қазақтың 
көзайымына айналған сақи Сәрсекбаев Бақыт қол жеткізген алтынның 
буын  сезінбесе,  тілмен  жеткізу  қиын-дүр!  69  келіге  әлемдік  бокстың 
ығайы мен сығайы сыймай тұр. Бір қапталын қандасымыз Қанат Ісләм, 
екінші бүйірін кубалық Карлос Бантер Суарес тіреп тұр. Сәрсекбаевтың 
сәресін ішкізбей жүріп, ширек финалда жолдары түйіскен өзбекстандық 
«ежелгі  жау»  Ділшод  Махмудовтың  алтыннан  үміті  болмады  ма, 
тәйірі? Бақытқа айбат шеккен Джун-Джу Кимді қосып қойыңыз. Бұл 
салмақта  25-ке  жуық  боксшы  бақ  сынады.  Бәрін  де  тізе  бүктірген 
Сәрсекбаевтың мойнындағы саф алтын сонау қырқыншы орынға таяу 
тұрған  Қазақстанды  сүйреп  отырып  отыздықтың  ішіне  кіргізді.  Әр 
жекпе-жегі  сайын  тауыстай  түрленіп  сала  берген  Сәрсекбаев  жайлы 
дәл қазір дүниенің ақпарат құралдары жазып жатыр. Біз соларға мұқият 
көз  тігіп  отырайық,  ал  алтын  ұл  той-думанды  тиып  келесі  Лондон 
олимпиадасына дайындығын пысықтай бастасын.
Бейжің бәсекесіндегі ең тосын жағдай – бокс державасы аталатын 
Куба  елінің  бірде-бір  алтынға  қол  жеткізе  алмауы.  Әрине,  дәл  қазір 
«Бостандық  аралы»  боксында  дағдарыс  орнап  тұр.  Чикагода  өткен 
әлем  чемпионатына  Куба  байкот  жариялап,  бармай  қойды.  Бір-екі 
жылдың жүзі болды, даңқты боксшылар кәсіпқой боксқа қашып кетті. 
Бейжіңге Кубаның сегіз жолдаманы жеңіп алған жастар құрамасының 
мүшелері келді. Соның өзінде төрт боксшысы финалда өнер көрсетті, 
төрешілердің әділетсіздігіне ұшырады. Ал Куба қабыландары Лондонда 
сөзсіз дүниені дүр сілкіндіреді. Және осы олимпиада моңғол боксының 
таңы атып келе жатқанын дәлелдегендей әсер қалдырды. 
Буынып-түйініп  елге  қайтарда  қазақ  боксының  ақсақалы,  кезінде 
АИВА-ның  І  вице-президенті  қызметін  атқарған  Бекет  Махмұтовпен 
пікір  сұрағанбыз.  «Біздің  боксшылардың  бәрі  жанып  кетті.  Мұның 
себеп-салдарын  Алматыға  барғанда  мұқият  сараптау  керек.  Ұлттық 
құрамаға үлкен өзгеріс керек. Жалпы бүгінгі боксқа әлемдік деңгейде 
реформа  жасау  керек.  АИБА-ның  басында  бокстың  исі  мұрнына 
бармайтын  тайпэйлік  отыр,  атқарушы  директоры  –  кәріс.  Ал  әлемді, 
олимпиаданы мойындатқан боксшылар неге кәрістерге ұтылады? Гәп 
неде? Сондықтан біздің АИБА-да бір өкіліміз отыруға тиіс», – деп ой 
тұжыртты Бекет аға.

18
«Өзіңнен тумай ұл болмас...»
Қазақ елі қандай байрақты бәсеке болмасын балуандарға үлкен үміт 
артқан. Алайда соңғы жылдары грек-рим және еркін күрес шеберлері 
алтын тұғырдан көріне алмай жүргені рас. Абырой болғанда, Бейжіңде 
Әсет  пен  Нұрбақыт  бауырымыздың  қолалары  жанға  медеу  болды. 
Мұны  неге  айтып  отырмыз?  Қазір  бізде  шетелден  спортшы  шақыру 
«сәнге» айналып тұр. Еркін күрестің жарымы шекара асып келгендер. 
Марид  Муталимов,  Таймураз  Тигиев,  Лалиев,  Спиридонов.  Осыдан 
12  жыл  бұрын  Ресейге  олимпиада  алтынын  алып  берген  Зульфия 
Забированы  әбден  қартайған  шағында  Қазақстан  атынан  сынға  салу 
кімге керек болды?
Әрине,  Қапқаз  тауының  етегінен  шыққан  ұландар  әлемдік  еркін 
күресте  өз  үкімдерін  жүргізіп  тұр.  Сөз  жоқ,  біздің  қоржындағы  13 
медальдың  үшеуі  сол  легионерлердің  еншісінде.  Алайда,  біз  96 
келідегі  еркін  күрес  шебері,  Бейжің  олимпиадасында  күмістен  алқа 
таққан  Ресейден  келген  легионер  Таймураз  Тигиевтің  финалдағы 
Ресей  балуаны  Ахмедовпен  белдесуіне  куә  болып  тұрып,  түрлі  ойда 
қалдық.  Бұл  біздің  екінші  алтынға  қол  жеткізуге  тамаша  мүмкіндік 
еді.  Оған  Тигиевтің  әлеуеті  жететін-ді,  бірақ  Тигиев  алтын  алуға 
тіпті  де  тәуекел  етпегендей  көрінді.  Бұрынғы  отандасы  Ахмедовке 
жағдай жасаумен болды. Тіпті, тең аяқталған екінші кезеңнің жеребесі 
Таймураздың пайдасына шешілеген еді, ресейлік палуанның оң аяғын 
ұстап тұрып, «айырылып» қалды. Желке тұсымда отырған қазақ спорт 
журналистикасының  ардагері  Несіп  Жүнісбаевқа  жалт  қарадым.  Өңі 
өрт  сөндіргендей.  «Хабар»  агенттігінің  Бейжіңдегі  арнайы  тілшісі 
Сейітханның Амангелдісі мен Хасен Омарқұлов «дүрбілерін» дайындап 
бозкілемнің түбінде жатқанына жарты күн болған. Қазақ жанкүйерлері 
ұлардай  шулап  тұр.  Тигиев  алтынды  қолдан  берді.  Қақпанға  аяғы 
түссе  шайнап  тастап  кететін  қазақтың  ұлдары  жетіп  артылмай  ма? 
«Өзіңнен  тумай  ұл  болмас»  деген  осы.  Ойыма  намыс  отына  өртеніп 
жүріп таэквондо тарихында қазаққа тұңғыш жүлде әперген атыраулық 
оғылан Арман Шілманов орала берді. Ол тіпті, олимпиялық ойындар 
тарихында  ТМД  аумағынан  шыққан  тұңғыш  жүлдегер.  Оның  осы 
биікке  көтерілуіне  бар  жағдайын  жасап  күйіп-пісіп  жүрген  Атырау 
облыстық жекпе-жек спорт түрлері федерациясының басшысы Ақаман 
Рысқалидың қазақ баласының қайсарлығына бас иіп жылағанын көрдік. 
Намыс отына өртеніп тұрып жылағанға не жетсін!
Жіткеевтен  бағын  асырып,  Моңғолия  тарихындағы  тұңғыш  олим- 
пиада  чемпионы  болған  Тувшинбаяр  Найдан  неге  бір-ақ  күнде 
қаһарманға айналды? Ол – моңғолдың өз ұлы.

19
Бір  өзі  Афиныда  6  алтын,  Бейжіңде  8  алтын  алған  балық-адам, 
американдық  жүзгіш  Майкл  Фелпсті  жанынан  бездіріп  су  түбінен 
алтын  жинатып  жүрген  өз  Отанына  деген  шексіз  махаббаты  болса 
керек.  Ол  небары  23  жасында  қос  олимпиаданың  14  алтын  медаліне 
қол жеткізді. Рекорд! Әйгілі Әмин Тұяқовтың «рекордтар да күндердің 
күні тоқтайды» дегені бер еді. Сол рекордтардың алдына кесе-көлденең 
жататын  қалжа  жеген  қазақтың  бір  баласы  туар  ма  еді,  жазған! 
Сейдағаңның  «Шұғасы»  аспаннан  мақпалдап  жауар  күнді  аңсаумен 
бұл  олимпиаданың  да  шымылдығын  жаптық.  Көкіректе  арман  көп, 
алда – Лондан! 
...Сөйтіп  16  күн  бойы  бүтін  әлемді  өз  әуеніне  төңкерген  Бейжің 
мейрамы да тәмәм. Барға – қанағат, жоққа – салауат. Қазақ елі жалпы 
есепте – 29-орында. ТМД аумағынан алдымызға Ресейді, Украинаны, 
Белоруссияны  және  Грузияны  түсіріп  алдық.  Біздің  спорт  саласына 
бөлетін  қаржымыздың  ширегін  де  сезінбей  кенезесі  кеуіп  жүретін 
Кения  мен  Эфиопия  да  біздің  алдымызда.  Бәлкім,  бізге  өзіміз  үміт 
артатын екі-үш спорт түрінен өзгесіне де басымдық беретін кез келген 
шығар...
Бітеу Пу си бір сілкінді...
Таңғажайып  оқиғаларға  толы  болған  Бейжің  олимпиадасы  да 
тарихқа  кетті.  Шығыстағы  алып  көршіміздің  көп  аңызының  бірі 
айдаһарға байланысты. Өздері айрықша ардақ тұтатын сол айдаһардың 
тоғыз  баласы  бар  екен.  Қытайлар  бұлардың  ең  кішісі,  басы  мәңгі 
шығысқа  бұрылып  қалған  –  Пу  сиді  сұмдық  қадір  тұтады.  Пу  сидің 
негізгі  қорегі  –  түрлі  алтын-күмісті,  лағыл-гауһарлы  бағалы  тастар. 
Бірақ,  Пу  си  –  бітеу,  тек  жей  береді,  жей  береді...  Бұл  олимпиада 
сол  алтын-күміске  малынған  Пу  си  айдаһардың  бір  сілкінген  шағы 
болды.  Олимпиада  тарихында  Қытай  АҚШ  пен  Ресейді  қозы  көш 
жерге  қалдырып,  51  алтынмен  (күміс-қоласы  тағы  бар)  тұңғыш  рет 
топ  жарды.  Мейманасы  тасыған  1,5  млрд.  халықтың  ұран-әнінен 
ұйқыдағы Пи су шошып оянды. Сонау ғарыштан көрінетін Ұлы Қытай 
қорғанының  қос  қапталындағы  нуда  мысық  аю  (панда)  бар  дейді 
тілмаш қыз. Олипиаданың символының бел ортасында сол панда тұр. 
Тек Қытай жерінде ғана өмір сүретін осы бір сүйкімді панданың жазы 
болды. 16 күн бойы Бейжің көшелерінде қуыршақ пандалар әлемнің әр 
түкпірінен келген жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Ақырғы күні қытай 
спортшысы 51 алтынмен Бейжің олимпиадасының ұшар басына самғап 
бара жатқанда әлгі панда өкіріп жіберді. Панда жылаған жаз!
Алматы – Бейжің – Алматы.
2008 жыл.

20
МАрАЛтАй
Маралтаймен  ең  алғаш  1993  жылы  жазда,  Алматыға  КазГУ-
ге  оқуға  тапсыруға  келген  жылы,  Абылай  хан  даңғылы  мен  Гоголь 
көшесінің  қилысындағы  «Радуга»  дейтін  дүкеннің  жертөлесінде 
таныстық. Ортақ танысымыз тоқайластырған. Оңы мен солын танып 
үлгермеген жас бозбалаға алғашқы дидарласу қызық әсер қалдырды. 
Ақын мазасыздау кейіпте көрінді. Ара-тұра тісін шықырлатып қойып, 
күтімсіздеу қалың бұйра шашын сілкіп тастап, көзін жұмып алып өлең 
оқиды екен. Көнетоздау жасыл кәстөмінің етегін темекі тұқылы ойып 
тастапты. Кәстөм түгіл, бір-біріне өткел бермей тұрған қос қоғамның 
етегін әлеуметтік ағыстар шайып жатқан аласапыран шақ еді ғой. Мен 
бұған дейін Маралтай ақын туралы естімегем. Дәл сол тұста Нұрлан 
Мәукенұлы  басқаратын  републикалық  «Жас  қазақ»  газетінде  ақын 
Исраил  Сапарбайдың  «Қалам  алып  хат  жаздым  Маралтайға!»  атты 
ақжарма жырлары жарияланған. Газеттің келесі санында ақын ағаның 
алаң жырларына Маралтай да үн қатыпты.
«Қалам алып хат жазыпсыз қағазға,
Бір бет өлең бақ бола ма бағы азға.
Сый бола ма күйі қашқан бәңгіге,
Ми бола ма ақылы азған сабазға.
........................................................
Ішу керек, сіз де ішіңіз, ішем мен,
Кещелерді көріп күнде күшенген.
Тағдыр келіп сипағанша басымнан,
Ажал келіп әкеткенше кісенмен», – 
деп  келетін  жыр  жолдары  бар  болатын.  Маралтай  әлдебір  шаруамен 
Мақатаев көшесінің бойындағы, қазіргі «Атамұраның» кітап басу цехы 
орналасқан баспаханаға баратын болды. Шойын жолдың бойымен жаяу 
ілбіп келеміз. Діттеген жерге келгенде «сен осы қақпа алдында күт, мен 
жеделдетіп шығам» деген. Кезбе ақын сол кеткеннен мол кетті... 
*  *  *
Аунап ай, жылжып жыл өтті. Алғашқы талапкерлік жылдар табысты 
болмады. Емтихан сынақтарынан екі жылда да етпеттеп кеттік. 1995 
жылы ғана журфактың босағасынан бұлт сейілді. Студенттік билетті 
қолға  алған  шақта  қалашықта  Маралтай  жайлы  аңыз-шыны  аралас 
әңгіме  гулеп  тұр  екен.  «Маралтай  молада  тұрады-мыс»,  «Маралтай 
ішпесе жаза алмайды екен», «Маралтай бақилық болыпты...» Санама 
сарт  ете  қалды.  «Құдай-ау,  мынау  баяғы  пақырыңызды  баспахана 
қақпасының алдына «қағып» кеткен ақын емес пе!».

21
...Аудиторияға бойымыз үйреніп, алғашқы семестрдің сеңі бұзылып, 
жер  лайсаңдана  бастаған  көктемнің  беймаза  күндерінің  бірінде 
«Маралтай  қалашықта  жүр  екен»  деген  әңгіме  жетті.  Білім  қуған 
бірінші  курсқа  бәрі  таңсық.  Айтып  ауыз  жиғанша  болған  жоқ,  сонау 
Жамбылда жүрген Маралтай дауылдатып, жауындатып 5 жатақханаға 
кіріп келді. Баяғы Маралтаймен қайта таныстық. Әне-міне оқуларын 
тауысқалы тұрған Сағындық Рзахметов, Сәндібек Жұбаниязов, Бекжан 
Әшірбаев, Әмірхан Балқыбек, Оразәлі Баймұрат алыстан сағындырып 
келген ақынды 307-бөлмеде қарсы алды. Әлібек Шегебаев бастаған жас 
жігіттер «асай-мүсейін» реттеген боп жүрміз. Жұқа қалтамен жұпыны 
үстел жайылды. Жатақхана азан-қазан. Бірінен бірі жұлып әкетіп өлең 
оқиды. Әлібек гитарамен сызылтып әдемі әндерді салды. Отырыстың 
аяғы Маралтай ақынның «бенефисіне» айналып жүре берді... Маралтай 
суретті де шебер салады екен. Бас сұққан бөлмесінің керегесіне қас пен 
көздің арасында жалғыз көзді арудың суретін салады да жүре береді.
Өлеңге, өнерге деген құрметі бөлек, қауырсын қаламы қатая қоймаған 
бір топ жас Маралтайдың соңына ілестік. Аудиториядан мән, сабақтан 
сән кетті. Ал жатақхана бөлмелерінде аққу ұшып, қаз қонып жүр. ...Иә, 
рас, Эзоп пен Крыловты, Луначарский мен Салтыков-Щедринді жеті 
атамыз секілді сұраған жерінде сайрап беріп тұрған соң, Темірбек ұстаз 
Қожакеевтің де көңілі жай. Кейде Мәкең салып-ұрып аудиторияға кіріп 
келеді. Тіпті, бір жолы бізбен бірге Темірбек Қожакеевтің лекциясына 
келіп, артқы қатарда отырды. Ұсқыны келмей отырған ақынды ұстаз 
сезіп  қалып:  «Мына  дудар  бас  ақын  қайдан  жүр?  Иә,  мырза,  қайдан 
келдіңіз?» – деді. «Жамбылдан! Маралтаймын!» – деп қысқа қайырды. 
«Маралтай болсаң өлең оқы!». 
«Аға,  онда  бұл  аса  қиын  шаруа  емес  екен»  деді  де  өңешін  кенеп 
қойып,
Аядай ғана айналып болмас жасымда,
Түлкіні көргем мәз болып күлген миықтан,
Қаншықты көргем қорқауларменен ұйыққан,
Қартайған шақта қиядан құлап өлетін,
Қыранды көріп, көзінен сұмдық күй ұққам – 
деп басталатын өлеңін боздатты дейсіз. «Міне, жолдастар, нағыз сатира 
дегеніміз  осы!»  –  деп  Темірбек  ағамыз  ақынға  риза  болып,  батасын 
берген. Маралтай «жасақтарына» жанашырлық танытып, көп кеңшілік 
жасаған  ұстаздарымыз  –  белгілі  ақындар  Бауыржан  Жақып  пен 
Темірғали Көпбаев. Сөйтіп, Маралтай күндізгі бөлімдегі және сырттай 
оқитын жігіттерді ертіп алып ақын ағалардың үйіне жорыққа шықты. 
Есімдеріне сырттай қанық болып жүрген көптеген ақын-жазушылармен 
сол тұста таныстық. Ішкі есеп те жоқ емес, таныса барып «табыспен» 

22
қайту.  1  мамыр  күні  Мұратбаев  көшесінде  тұратын  көрнекті  ақын 
Ұлықбек Есдәулетті туған күнімен құттықтауға шұрқырап барғанымыз 
есімде. Қалашыққа жақын болған соң ба, мәдениеттанушы һәм ақын 
Әуезхан Қодардың «Весновканың» бойындағы үйіне сан рет бардық. 
Жатақ  комендантының  көңіл-күйі  болмаған  кездері  Маралтай  жаяу-
жалпылап, белшеден балшық кешіп Әбубәкір Қайран ақынның үйіне 
тартады. Маралтайдың меселін кері қайтарған ақынды, сірә, көрмедік, 
бөтекесі  бос  болған  сол  бір  тар  кезең  –  кең  екен  ғой...  бәлки,  біз 
жолыққан адамдардың пейілі көл-дария. Марқұм Ғабиден Құлахметтің 
Маралтайды  өбектеп,  жанқалтасына  ақша  тығып  жатқанын  сан  рет 
көрдік.
«Кеңсайдың» қолтығындағы ұлы әруақтарға сан рет барып тәу еттік. 
Әлгі  бір  «Әдилә»  дейтін  әйгілі  аза-жырдың  сондай  бір  зират  аралап 
жүрген  шағында  шыққанын  айтты  Маралтай.  Тарихын  баяндайды, 
боздатып  отырып  оқиды.  Аза  бойыңды  қаза  қылады.  Сондай  бір  өң 
мен  түстің  ортасында  жүрген  сортаң  күндердің  бірінде  Тараздан 
Маралтайды  қазақтың  талантты  ақыны,  марқұм  Серік  Томановтың 
іздеп келгенін көрдік. Ол да сол бурадай буырқанып кеткен шағында 
өлеңнің өркешіне қонып алып Алматыға тартатын болса керек. 
– Ақ көңіл басым, ақ көңіл басым,
Тоқтау болмайды-ау ақтарылғасын.
Жабы тірлікті жақтан ұрғасын,
Қайырлымай кетті бақ-қарындасым, – 
деп  байсал  тартар  шағында  шашына  қырау  байлаған  ақынның 
жырларын да тыңдадық. 
Сол бір кезеңдер Маралтай Ыбыраевтың «Зоологиялық терминдер» 
мен  «Қызыл  өлеңнің»  ортасында  сенделіп,  басын  тасқа  да,  тауға  да 
соғып жүрген сұрапыл шақ, өзін де, өзгені де аямай, өлеңін ғана аялап 
жүрген  кезі  екен.  «Қан  мен  сүтке  иленген»  тағдырын  жырға  қашап, 
таңғы  асы  –  Тәңірден  бұйырып  жүрген  шағы  екен.  Ата-анасын,  аға-
бауырларын  арғы  дүниеге  беймезгіл  шақта  аттандырған  ақынның 
тағдырын  ептеп  сезініп  қалғандай  болдық.  Шын  мәнінде  Маралтай 
өзінің  тағдырымен  де,  шығармашылығымен  де,  жүріс-тұрысымен 
де әдеби ортаны өзіне жалт қаратты. Жастардың Маралтайға еліктеу 
дәуірі басталғандай көрінді, былай қарасаңыз тіпті де кісі қызығатын 
өмір емес. Екі жастың біріне келмей жақындарынан айырылған, түскен 
оқуда  тұрақ  таппаған,  өз  қолымен  құрған  ошақтың  оты  ерте  сөнген, 
Жамбыл мен Алматының ортасындағы күре жолдың аңқасын кептірген 
кебісі жыртық кезбе тағдыр кімге үлгі болғандай? Бірақ сол тұстағы 
ең  «модный»  ақын  –  Маралтай!  Студенттер  қауымы  Маралтайдың 
өлеңдері  шыққан  басылымды  қолдан-қолға  тигізбей  оқыды.  Демек, 

23
айыл  бауы  үзіліп  барып  қайта  жалғанған,  жеке  отау  құрғанымен 
есігін  қай  жақтан  ашарын  білмей  тұрған  қоғамның  шығармашылық 
кеңістігінің  жыртығын  ауыр  тағдырлар  мен  жақсы  жырға  деген  жан 
құмарлығы ғана жамап тұрса керек.
*  *  *
Ең алғашқы қасиетті сөз көктен түсті. Адамзатқа бағдаршам болған 
–  сол  төрт  кітап!  Ал,  одан  кейінгі  үлкен  сөзді  тасқа  қашаған  ұлы 
билеушілер мен баһадүрлер – Күлтегін мен Тоныкөк. Туған ай – тураған 
ет,  бөрілі  байрақты  бірінен  бірі  ала  қашқан  жаугершілік  кезеңдер 
уақыт ағысын жеделдетті. Аспан астын ақырып сұраған Көк түріктер 
жүзжылдықтардың апшысын алаңсыз қуырды. Алтынға малынған ұлы 
бабаларды арқасына мінгізген асыл тұқымды тұлпарлардың тұяғымен 
жазылған тарих жылдам аунады. Жебе адырнадан керіліп үлгергенше 
ұлы  өнер  Майқының  көмейіне  барып  қонақтаған.  Сөз  иесін  тапты, 
жорықтар  жүйесін  тапты.  Жер  бетін  картасыз  басып  алып  жатқан 
сондай бір қиянкескі шақтарда тарих санасына сөз ұстаған қолбасшылар 
келді. Кешегі ақырып теңдік сұраған Шалкиіз, Доспанбет, Ақтамберді, 
Қазтуған  жыраулар  мен  зар-заман  ақындары  солардың  сарқыншағы 
еді. Бұдан кейінгі кептің бәрі сарай маңындағы тарихшылар мен ажал 
аузынан аман қалып, жерошағын қыздырған темірші-ұсталарға мәлім. 
Ат арыған, тон тозған кезеңдер келді. Жерорта теңізі мен Ұлы қорғанның 
арасында  алдаспанын  қапысыз  сермеген  ұлы  бабалар  бірде  қолдан, 
бірде  жолдан  шетінен  ажал  жастығына  бас  қойды.  Қараойда  қалғып 
кетіп,  қапыда  басы  домалап  түскен  соңғы  батыр-жырау  Махамбет! 
Бекетайдың құмындағы дауыл тыншып, тілерсекке тұсау, басқа ноқта 
байланып, асаулық әдіра қалған өлара шақта түгел сөз Қарауылға көш 
түзеген. Қазақтың таңдайына біткен асыл сөз арнасын бұзып-жарып, 
ақтарылған  қалпы  ұлы  Абайдың  ауласына  келіп  түнеді.  Тоқтатқан 
Құнанбайдың баласы. Сол Абай жазып қалдырған жалғыз кітапты ғасыр 
бойы таратып, талдап тарихқа қаттап кеткен ұлы тұлғаларда есеп жоқ. 
Атылды,  асылды.  Не  баласыз,  я  моласыз  қалғандары  қаншама?  Жан 
беру оңай ма? Бірінің сыртынан бірі ашыла сайрағандарын да замана 
желі бүгінге жеткізді. Өздері өлді, сөздері қалды. Қалай болған күнде 
де ұлт мұраты жолында өзінше жол тапқан Алаш арыстарының бәрінің 
әруақтарына  мың  тағзым!  Кеңестің  керзісін  киіп  жүріп  алакөлеңке 
қоғамда қалам ұстаған шеберлер жайлы бөлек әңгіме. Жалаң аяқ жар 
кешті, қызыл аяқ қыр кешті. Әркім өз шеберханасында отырып алып 
небір сұрапыл образдар жасады. Қызыл үкіметтің тарымында жүрген 
қазақ  халқының  арман-мұратын  жырлады,  жазды.  Қазақ  әдебиетінің 
алтын  дәуірін  солар  жасады.  Сөздің  жігін  бұзбай,  бұтарламай,  бұра 
тартпай  86-дан  кейінгі  ұрпаққа  эстафетаны  сәтті  тапсырып  берді. 

24
Әрине,  бұлар  сөреде  тұрғандар  емес,  тек  ұлы  аламанның  кезекті 
айналымындағы  бабы  әрқилы  жүйріктер  еді.  Кеңес  күйреп,  қазақ 
жеке  отау  құра  бастаған  қос  жүйенің  астаң-кестең  ағысында  тұрып 
үлкен міндет атқарған, бірақ лайықты бағасы әлі күнге берілмей келе 
жатқан, жуан ортасында Нұрлан Мәукенұлы, Әбубәкір Қайран, Ғалым 
Жайлыбай,  Бауыржан  Үсенов,  Болат  Үсенбаев,  Светқали  Нұржанов, 
Сабыр  Адай,  Бауыржан  Жақып,  Асқар  Алтай,  Нұрғали  Ораз,  Қайрат 
Әлімбек, Темірғали Көпбаев, Гүлнар Салықбай, Амантай Шәріп сынды 
белгілі қаламгерлер құраған буынға деген кейінгі Маралтай Ыбыраев, 
Жарас  Сәрсек,  Әмірхан  Балқыбек,  Бауыржан  Бабажанұлы  бастаған 
толқынның  ілтипаты  бөлек  болуға  тиіс.  Себебі,  әдеби  процестердің 
алмасу  кезіндегі  жауапкершілікті  осы  екі  буын  өткелден  әдемі  алып 
өтті. Сарайлардың аузына қара құлып түскен шақта өлең-сөздің көшін 
көшеге шөгерген 90-жылғылар қандай үлкен әдеби миссия атқарғанын 
өздері  де  кейіндеу  сезсе  керек...  Жыр  жорығында  шеп  құрған  бұл 
қатарда  Батырболат  Айтболатұлы,  Сәндібек  Жұбаниязов,  Қазбек 
Құттымұратұлы,  Сағындық  Рзахметовтердің  де  есімдерін  құрметпен 
атауға  тиіспіз.  Жорық  шығынсыз  болған  ба?  Өлеңнің  ашық  теңізіне 
шала  керілген  желкенмен  сапар  шеккен  кезекті  бір  жорықта  Әділ 
Ботпанов  есімді  талантты  ақынның  қайтпай  қалғанын  бізге  Жарас 
Сәрсек ақын айтты... Мына бір өлең кезінде сол Маралтай Ыбыраев, 
Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбек үшеуіне арналып жазылған еді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет