Панда жылаған жаз жанарбек Әшімжан «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының сериясы «Сөздік-Словарь»



Pdf көрінісі
бет3/32
Дата26.02.2017
өлшемі1,78 Mb.
#4999
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32

Үш оғылан
Асқақ едік, тәкәппар ек өркеуде,
Қарғып өткен қиядан да, өрден де.
Балаң мінез балғындарды қарсы алған,
Үш оғылан көрінбейтін төрлерден
Алғаш біздер Алматыға келгенде.
Жарас ақын ұсынған-ды жүрегін, 
Ал Маралтай аралатты жыр елін,
Жорықтарға жол бастады сұрапыл,
Әмір қаған Элладада жүретін.
Үш оғылан жапырағы тоналған,
Медеу күтпей мейманасыз қоғамнан,
Ботпановты іздеп бара жататын,
Өлең атты планетадан жоғалған.
Айылдарын жимай бара жататын,
Қалашықты қимай бара жататын.

25
Өлеңменен өрнек салып КазГУ-ге.
Алматыға сыймай бара жататын.
Үш шайырға ілесем деп жаны ізгі,
(Қаншама ақын сабағынан қол үзді).
Сынаптайын сырғып сынақ келгенде
Қожакеев сорамызды ағызды.
...Жылдар озды, өтті уақыт қас-қағым.
Алатаудан естілді үш асқақ үн,
Жетісуға үш өзен кеп қосылды,
Ал үш өзен үш теңізге бастады.
Жаңылмады дей алмаймыз үтірден,
Алла жазған адасқан жоқ үкімнен,
Бөзге бола дай-дай болып жатқанда ел,
Бұл үшеуі сыйлықтарға түкірген.
Маусым, мамыр, сарша тамыз, ақпанда.
Соларға еріп түстік талай сақпанға,
Шалыс бассақ сол үшеуін даттаңдар,
Алысқа ұшсақ сол үшеуін мақтаңдар.
Бірін бірі тастамайтын қақпанға!
Сәлем жетсе Қазығұрттан, Жайырдан,
Көңіл шерін «Сары бидаймен» қайырған,
Алматыны неге сүйді сол ақын,
Әке-шеше, бауырлардан айырған.
Өргізетін өзегінен түнде өлең,
Жан жарасын жалап жазған жырменен.
Алматыдан тауып алды ол өзін,
Өзін іздеп кетіп еді Сүмбеден.
Сол қалашық, көз де қалған байланып,
Сәл жүдеулеу.
Сәкіде отыр ойланып.
Кенет ақын ағыл-тегіл жылады,
Өзі өлеңге, өлең оған айналып.

26
*  *  *
«Толқыннан толқын туады» дейтін ұжымдық жинақтағы жырларға 
тұшына  алмай  жүргенде,  Маралтайдың  «Ай-Нұр»  атты  айдың 
қиығындай ғана тұңғыш жинағы жарық көрді. Бұл кітап оқырман үшін 
өлең жинағы болғанымен, Маралтай үшін – төлқұжат десе де болады. 
Құжат атаулыдан жұрдай ақынды мілитса сан рет ұстап алып «құжатың 
қане» дегенде, «міне» деп қойнынан «Ай-Нұрды» көрсеткеніне талай 
куә болдық. Ол кездегі қызыл жағалыларда ептеп мейірім бар еді... 
 Сол кітаптың іші толған зар! Маралтайдың мақамымен айтылған 
замана зары! Жеке басындағы тағдырды ұлттық мұраттарға ұштастыра 
отырып  жырлады.  Әдемі  өрілген  рухты  өлеңдерге  қобыз  сарынын 
әкеліп  құйды.  Рас,  Маралтай  өлеңге  өзгеше  мақам  әкелді.  Бәлкім 
аласұрған ақын «тағдырымен әзілдесіп, тіресіп» жүрген кей тұстарда 
сәтті пішін түзіп жібергенін өзі де сезбей қалған болса керек.
«Төменде қалдым ғой,
Биікке бағыт бақ болар ма екен?!
Ей, аласа арман, аптықпа!
Ақтық па?!
Е, оны бірде кірлетіп алғам,
Шомылып жүріп шаттыққа» – 
деп  басталатын  әдемі  әуезе  осы  ойымызға  куә-дүр.  Өлеңде  төңкеріс 
жасау  екінің  бірінің  маңдайына  бұйырған  бақыт  емес.  Маралтай 
төңкеріп  тастады  демейміз,  бірақ  тағдырымен  өлеңді,  өлеңімен 
тағдырын құтқарып қалды. Нәтижесінде әдебиет олжалы болды.
Ақында  өкпе  болмау  керек,  себебі  әдебиетшілер,  сыншылар 
Маралтайға өз кезінде жылы сөздерін аз арнаған жоқ. Әдеби сын атқа 
мініп тұрмаса да, сол тұстағы сарғайған газет тігінділеріндегі Маралтай 
туралы жазылған үлкенді-кішілі мақалалар там-тұмап болса да ақынға 
берілген  баға.  Біздіңше,  Маралтайдың  өлең  жұлдызы  сәтімен  туды. 
Қатар-құрбыларымен қанаттаса жүріп шығармашылықта біраз белеске 
көтерілді. Адам өз тағдырын қолдан жасамаса керек. Пенде баласының 
ішкі өзегі ернеусіз болса тағдырекең де түлкі-бұлаңға салып, құбылып 
береді.  Абырой  болғанда,  Маралтай  ескексіз  қайық  секілді  замана 
желімен  қақпақылданып  бара  жатқан  тағдырының  «тілін»  тапты. 
Бәлкім, «ә» десе «мә» деп тұрған иесінен тағдыр да «жалықса» керек. 
Ақынға ақыл айтқан адамда есеп жоқ. Бірі құлағына сыбырласа, екіншісі 
газет  бетінде  өлең  арқылы  мұң  шақты.  Қалай  болғанда  да,  ақынды 
шығармашылығы  ғана  құтқарып  қалды.  Едел-жедел  ес  жиды,  етек 
жапты.  Қаламның  қуаты  әлеуметтік  тауқыметтердің  иірімінен  шыға 
алмай жүрген өмірді суырып алды. Мемлекет өзі жазған жырлардың 
жылуын сезіндірді. Басына баспана, қолына марапат ұсынды. Қазақстан 

27
Жазушылар  одағында  ұзақ  уақыт  әдеби  кеңесші  қызметін  атқарды. 
«Мәртебелі поэзия!» үлкен жоба бастап берді. Бүгінде ұлттық рухтың 
жалауына айналған Қазақ радиосында табысты еңбек етіп жүр. Мінәйі 
мінезіне қарамастан ағалардың алақанында келеді.
Маралтай ес жиған кезде қоғам да түзеле бастаған. Ептеп езуге күлкі 
үйіретін мына бір жайтты айта кетейік. Ел тәуелсіздігін алған алғашқы 
кезеңдерде он жылдан аса «аттан түспеген» Маралтай кезекті әңгіме-
дүкен үстінде: «Өз тағдырымның қақпақылында жүріп ештеңе сезбей 
қалыппын... Ой Алла-ай, заман қатты қиын болған екен ғой, ә» дегені...
Біз  киіз  үйде  туып,  киіз  үйде  өсіп,  алты  жасына  дейін  электр 
жарығына жанары шағылысып көрмеген, заман ағысы ұсынған соңғы 
ғылыми-техникалық өркениеттермен көп есептесе бермейтін талантты 
ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, халықаралық 
«Алаш»  әдеби  сыйлығының  лауреаты,  Президенттік  стипендияның 
бірнеше дүркін иегері Маралтай Райымбекұлының шығармашылығын 
қопара  талдап-таразылауды  сыншыларға  қалдырып,  адами  болмысы 
мен бұйырған тағдырына шетпұшпақтап ғана тоқталдық. 

28
сӘБИ
(Көрнекті ақын Есенқұл Жақыпбек туралы ойтолғақ)
Есенқұл Жақыпбек!..
Биологиялық жаратылысы күтпеген жерден кілт үзілгенмен, әдеби-
рухани  коды  келер  дәуірлерге  жазылған  осы  бір  аяулы  есім  сонау 
Ақтамберді, Қазтуған, Шалкиіз заманында немесе Ілияс Жансүгіровтің 
жалаға толы дәуірінде, яки Жамбыл мен Кенен сөз суырған кезеңде, 
Қасым, Тоқаш, Мұқағалилар мұңға жүкті заманда өмір сүрген секілді 
әсер қалдыра береді. Неге-дүр?!. 
Жетім  өкпесі  желпілдеп,  қос  қапталынан  өлең  боратып  жүріп 
ХХІ ғасырдың қақпасын күзеткендіктен бе, әлде қайталанбас бітімді 
қарапайым  қалыбына  амалсыз  сыйдырып,  көрпесі  жұқа  ғұмырын 
кенеттен  суытып,  қапелімде  Ұзынағаштың  көшесінен  көрінбей, 
ғайыптың  құсына  айналып  кеткендіктен  бе?  Бәлки,  ол  шын  мәнінде 
киелі  сөз  өнері  жаратылған  кезден  бастап  әр  дәуірде  өмір  сүрген 
ұлылармен рухтас, мұңдас, сырлас, үндес болғандықтан шығар?
Қалай десек те, қазақ көркем әдебиеті мен саз өнерінің тарихында 
Суықтөбенің  баурайында  өмірге  келіп,  Алатаудың  биігінен  алты 
Алашқа өлең ұшырған Есенқұл Жақыпбек ныспылы біртуар ақынның 
болғаны даусыз!
 Миығына мың қатпарлы сыр жасыра жүріп, әнтек жымиып қойып, 
өн-бойыңа жылы ағыс құятын, айдың арғы бетіндегі әлдебір тылсым 
әлемді  алпыс  екі  тамырыңда  ойнатып,  өзі  өмір  сүрген  уақыттың 
ұршығын  азаматтық,  әлеуметтік,  лирикалық  кеңістікте  еркін  иірген 
Есенқұлдай ақын санаулы һәм некен-саяқ.
Әдетте,  ақын-жазушының  мерейтойы  қарсаңында  әріптестері 
жылы лебіз білдіріп, шығармашылығын қопарып, аршып, талдап баға 
беріп жатады. Әрине, бұл адамгершілік-кісілік, сәулелі тұстарды көру 
тұрғысынан тәуір қадам. Жұмыр басты пенде болған соң, оның үстіне 
талантты шығармалар жазып жүрсең, маңайыңнан жылы сөз күтетінің 
де даусыз. Есенқұл ағамыздың шығармашылығы туралы тіршілігінде 
мақалалар  аз  жазылған  жоқ  және  көп  те  жазылған  жоқ.  Көбіне 
журналистикаға  жаңа  араласып  жатқан  қыз-жігіттердің  күнделікті 
күйбең тіршілік пен жаңа жыр немесе бір әннің өмірге келу тарихынан 
әрі  аспайтын  сауалдарға  құрылған  сұхбаттары  жиі  жарияланды. 
Олай  болатын  себебі  де  бар,  өйткені  түрлі  жиын-кештерде  Есенқұл 
Жақыпбектің  маңайына  жастар  үйір  болды.  Тіпті,  екі  сылтау  бір 
себеппен Ұзынағаштағы үйіне, редакцияға Алматыдан өнерлі жастар 
күн құрғатпай іздеп баратын.
Алайда,  кез-келген  талантты  қаламгердің  ең  бірінші  сыншысы  – 
ақынның өзі. Ұяттан үш күн бұрын туған кез-келген қоғамда өз арыңмен 

29
бетпе-бет қалған ақжарма сезімдердің ғана таразы-табағы тең тартады. 
Қапысыз  ақтарыласың,  жіберген  кемшіліктерің  мен  жеңілістеріңе 
опынасың, бір бас артық тұстарыңа шаттанасың. Жылайсың, күлесің, 
өзіңді  өзің  қайрайсың,  сосын  қайтадан  тіршіліктің  диірменімен  кете 
барасың. 
«Тазқара құстың тағдыры» атты өлеңдер жинағындағы Есағаңның 
өзі туралы, өмір жайлы, өлең хақында жазған хамсасын жиі оқимын. 
Оқыған сайын, оқи бергің келеді. Боямасы жоқ, қарапайым да аңғал, 
бір сәт ұлы, бір сәт қорғансыз, сәл нәрседен көңілі қалып, жоқ нәрсеге 
қуанатын,  жыр  жазған  күні  жұбанатын  ақынды  сол  жерден  табасың. 
Бірлік  пен  Ұзынағаштың  ортасын  жол  қылып,  сыбызғысының 
ұшына  бозторғай  қондырған  жанармай  таситын  арбакештің  артында 
жасырынып  жатқан  сары  баланы  сағынасың.  Бір  сәт  көз  алдыңызда 
бала  Есенқұлдан  дана  Есенқұлға  айналып  бара  жатады,  күтпеген 
жерден  пенделіктің  бешпетін  қайта  киіп,  тауқыметтің  керзі  етігін 
тырп-тырп  сүйретіп  аракідік  күрсініп  бара  жатқан  ақынмен  қайта 
қауышасың.  Батыс  пен  Шығыс  мидай  араласып,  құндылықтардың 
орны ауысқан дәл қазіргідей найзағайға нан пісіріп жатқан алмағайып 
уақытта  кейінгі  ұрпақтың  бойында  адам  жанын  тебірентер  Есенқұл-
сезімнің, сәби көңілдің жоқтығына налисың. Балауса, бұлаң, риясыз, 
есепсіз мінездерді іздейсің... 
Есенқұл  Жақыпбек  дүние  жалғанның  алдан  тосар  әлеуметтік 
«заңдылықтарына» еріксіз бағынды. Опасыз тірліктің тізгіні Есенқұл 
жырауды да алаңсыз ноқталады. Күрмеуге келмейтін, айналып-толғана 
алмайтын  аядай  кеңістігінде  шырмалып,  маталып,  іштей  күйзелді. 
Оны сондай күйзелістерден кеудесіндегі жанартау ғана құтқара алды. 
Жанартау-жыры  атқақтаған  кезде  оның  алдына  жан  шыққан  емес. 
Жайшылықта кісі бетіне келмейтін ақын қолына қалам алғанда күллі 
әлемнің  әміршісі  секілді  «ақ»  дегені  алғыс,  «қара»  дегені  қарғыс, 
өмір  өрнектері  мен  замана  ырғағын  қалауынша  ойнатып,  теорияның 
терісін илеген ғалымдар түзген әдеби нормаларға да, буын-бунағыңа 
да  бағынбай,  емін-еркін  көсілетін  сұрапыл  сөз  зергері  екеніне 
қапысыз сенесің. Буыны артық кетіп, бунағы кем түсіп, ой қайталап, 
сөз  қайталап,  күнделікті  өмірдегі  ауызекі  сөздермен  өлеңге  өзек 
жалғату – Есағаң жаратқан кәнігі туындыға ғана жарасады. Әгәрәки, 
шумақтарды  шымыр  иіріп  әуестенген,  әр  буынға  бір  түнеп,  ұйқасқа 
үш  түнеп,  бір  ойды  қатар  қондымайтын,  «екі  шоқып,  бір  қарайтын» 
сақа  ақындарымыз  Есенқұлша  сөз  өретін  болса,  айдың  жарығымен 
адам жанын жаралауға шебер сыншыларымыз артына шам алып түсер 
еді.  Өйткені,  ол  өлеңнің  бастауын  ғана  білген  ақын.  Аяқталар  сәтін 
шабытқа тапсырған, жол-жоспар құрып бармақ бүгіп отырған шайыр 

30
емес. Ол ақпа-төкпе сезімнің, ақтарылып келген жырдың аңғарындағы 
мұрап секілді еді. Ол өлеңді кірпіш секілді қалаған жоқ, құйды!
Есағаң  халық  ауыз  әдебиетінің  жауһарларын  барынша  еркін 
меңгерген,  бала  күнінен  Сүйінбай,  Жамбыл,  Құлмамбет,  Үмбетәлі, 
Кенен бабаларымыздың бейнелі жырларымен ауызданған, өзі де айтыс 
өлкесінде ұзақ уақыт ат шалдырған ақын. Айтыс пен жазба өлеңді қатар 
өрген тұлға. Және екі бағытта да тыңдарман мен оқырманға жемісін 
қатар  берді.  Есенқұл  поэзиясының  қуаттылығы  мен  бейнелілігі,  ең 
әуелі негізгі ұлттық қайнар бастауы сөзсіз, Жамбыл мектебінде жатыр. 
Жамбыл феноменін шама-шарқынша жаңа дәуір поэзиясына ұштаған 
дәл  осы  Есенқұл  Жақыпбек.  Әрине,  өнер  атаулы  өзгеріске  ұшырап, 
әдебиет  теориясы  сәт  сайын  жаңарып,  әлемдік  сөз  зергерлерінің 
жеке  шеберханасының  әсерімен  түрлі  әдеби  ағымдар  пайда  болып 
жатқан кезеңде жалғыз Жамбыл бабамыздың соқпағымен қалу аздық 
ететінін  суреткердің  терең  түйсінгенін  сеземіз.  Бұл  бағытта  Есенқұл 
Жақыпбек  өткен  ғасыр  әдебиетінің  «алтын  дәуірі»  аталған  кезең 
өкілдерінің қатарында Жамбыл мақамын Мұқағали музасына сәтімен 
жалғап  әкеткені  анық  аңғарылады.  Рас,  қазақ  поэзиясында  Мақатаев 
мектебінің табалдырығынан бастау алатын сантарау жолдар бар. Ұлы 
ақынға  еліктеп  жүріп,  есейіп,  қалыптаса  келе  өз  соқпағын  тапқан 
ақындарымыз сыншыларға мәлім. Ал, Есенқұл қос ғасыр ат ауыстырып 
жатқан тұста көне мен жаңаның іргесін жымдастырып, Жамбыл мен 
Мұқағали  жырларының  түйіскен  нүктесіне  өлең  өлкесіндегі  өзінің 
боз  үйін  тікті.  Жаңалық  атаулының  дені  көнеден  шығатынын  анық 
сезінген Есенқұл оң мен солдан ұйытқи соққан, сәнге айналып тұрған 
түрлі  әдеби  ағымға  алаңдаған  жоқ.  Әлемдік  әдебиеттегі  пішіндік, 
мазмұндық, пәлсапалық сипаттағы түрлі тәжірибені өз ауласына әкеліп 
сынап жатқан әріптестеріне тек тілектес болды. Сәтті шешімдерге қол 
шапалақтады. Аз уақыт алып қаладағы әдеби ортаның мейрамханасында 
«өз тапсырысын» да беріп көрді. Шулы қаланы шиырлап, қазығынан 
босап кеткен жылқы сынды еркін желіп жүрді. Талайлардың тағдырын 
сынап ойнаған Алматының тар көшесінде арсалаңдап Есағаң да жүрді. 
Қуанды.  Өкінді.  Таяқ  та  жеді.  Шибөрлірге  жем  де  болды.  Таланттар 
тартқан тауқыметті ол да тартты. Сөйтіп жүріп достар тапты, жоғалтты 
да...  Қамқор  кейіп  танытқан  ағалардың  шынтағын  шындап  сезіне  де 
алмады, бәлки... Таң шапағын шығар аузынан күтетін жанбақылардың 
қатарынан  болмай  шықты.  «Миллиондар  сыйған  қалаға,  бір  басым 
барады сия алмай» деп ауылға тартты да отырды...
«Аға!» деп барсаң ағаға, ағаның көңілі көкте жүр,
«Бауыр!» деп барсаң бауырға, бауыры оның көк темір.
Туысқанға  туа  жат,  жолдасыңа  жүре  жат...»  деген  дегбірі  қашқан 
жолдар  жан  азабы  әлгіндей  қылбырауға  түскен  түндерде  жазылған 

31
болу керек. Таудай басын қос иығының арасына тығып тар кеңселер- 
ге  де  кірді.  Ернеуін  өрмекші  торлап  кеткен  емен  есіктерді  ашпады 
дейсіз бе?!.
Әйтпесе, «Алдына барып құнсыздың,
Қадірім қашып кетті ме,
Жүрегім содан шошынар...» дейтін өгейлікке өрілген өлеңді жүрек 
қылы дірілдеп отырып жазар ма еді?..  
«Құлағыма сыбырлайды қара кісі» дей ме Мұқағали? 
Есенқұл да Жаратқан Ие жағына салған киелі сөзді ұлттық бояуын 
жоғалпастан  халқына  ұсынды.  Іргетасы  халық  ауыз  әдебиетінен 
қаланған,  қабырғасында  Мұқағали  дәуірінің  өрнегі  бар  ақсарайдың 
шаңырағы уақыт өте келе Жақыпбеков шешіміне ұласты. Жамбылды 
пір,  Мұқағалиды  ұстаз  тұтқан  Есағаңның  сезімге  толы  сұрапыл 
жырлары әрқайсымыздың жүрек тұсымыздан сөйлейтін себебі де сол 
қарапайым  қалыбында,  туған  топырағынан  жаралғандығында  болса 
керек.
Есенқұл ақын бір сөзінде «уақытымның көбін желбіржекендей желіп 
жүріп  сырап  қылып  алдым,  көп  уақытым  айтыспен  кетіп  қалды...» 
дегендей  өкініш  білдірген  еді.  Біздіңше,  айтыс  өнерінің  Есағаңа 
тигізген ықпал-әсері аз емес. Айтыс ойды жылдам қорытуға, бейнелі 
кестелеуге,  күрделі  орамдардан  қашық  болуға,  сөздің  қалыбына  сай 
ғажайып сазбен өрнектеуге машықтандырды. Бұған ақынның өлеңдері 
мен жанға жайлы әндері дәлел. Есенқұл поэзиясының халықшылдығы 
мен  қарапайымдылығы,  жалпыға  бірдей  ұғынықтылығы  және  қария- 
ларша  ой  толғауы  дәл  осы  айтыспен  тікелей  байланысты  сияқты. 
Егер  айтыс  сахнасына  көтерілмегенде  ол  Сүйінбай  мен  Жамбылдың 
көмбесін астаң-кестеңін шығарып ақтарамауы да бек мүмкін...
* * *
Есенқұл  ағаны  біз  мектеп  табалдырығында  жүргенде  білдік. 
Үлкен кісілермен бірге ентелей келіп экранның алдына айтыс көруге 
отырғанда эфирден ең әуелі Есенқұл аға көрінетін. Сонда үлкендердің 
сол ақынға сұмдық тілекші болып отыратынын сезетінбіз.
1990 жылдары Қарқара жайлауында өткен Ұзақ батырдың рухына 
арналған  айтыста  қапталына  келгеннің  бәрін  жапырғанын  тайлы-
тұяғымызбен барып тамашалағанбыз.
Кейін КазГУ-де оқып жүргенде жақсы ағамен жақын таныстырған 
марқұм, айтыстың дүлдүлі атанған Есағаңның рухтас інісі, күні кеше 
ғана бес күн жалғанға екі түнеп кеткен Оразалы Досбосынов еді. Содан 
кейінгі кезеңдерде ағаны жиі іздеп жүрдік. Тіршіліктің асау толқыны 
ағаш жаңқасы секілді жағалауға лақтырып тастаған тұстарда болмаса, 

32
ұдайы жақын жүруге, сырласуға, құшырлана оқыған жырларын естуге 
асық болып жүрдік.
Ердің  жасы  елуге  келгенде  Жазушылар  одағындағы  «Есіл  дүние-
ай» атты шығармашылық кешінен алған әсерді ауызбен айтып жеткізу, 
сірә мүмкін емес. М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма 
театрында  Б.Атабаевтың  режиссерлігімен  өткен  «Күпәйке  киген 
поэзия» атты шығармашылық кеште болғандар әлі күнге дейін аузының 
суы құрып айтады.
Есенқұл Жақыпбек дүниеге сәби болып келіп, сәби күйінде кетті. 
Қоршаған ортасы, қоғамы дүниебөліске түсіп жатқан кезеңге сай келді. 
Пенде болған соң бас ауырмай, балтыр сыздамай тұрмайды. Ақтамақ 
қарлығаштар  секілді  балапандарына  жем  апару  керек.  «Өсем  деген 
ұл мен кетем деген қыздың» жоқ-жітігін түгендеу қажет. Қысқасы, ел 
қатарлы дүниеге қол созу керек екен... Алайда, ақыныңыз жанбағысқа, 
дүние  жинауға  қырсыз  болып  шықты.  Алаш  жұртының  айрықша 
махаббатына ие болған ақынның бар байлығы – өзінің қоңыр тіршілігі 
бар отбасы, үрім-бұтағы, жазып қалдырған кітаптары ғана екен. 
Ақын қазасына ат жеткен жердің бәрінен өзегін өксік буған қалың 
жұрт  өлеңнің  иесімен  қоштасуға  ағылып  келді.  Қара  жолдың  жиегін 
бүлдіршіндер гүлге орап тұрды. Ол бүлдіршін ақын еді ғой...
Қаралы көш Ұзынағаштан ұзап кеткен-ді. Есіме ақынның «Бірлікке 
бара жатқанда» дейтін әйгілі өлеңі орала берді. Ол ақырғы рет өзінің 
Бірлігіне кетіп бара жатқан-ды...
P.S. Әдеби-рухани коды келер дәуірлерге жазылған осы бір аяулы 
есім  сонау  Ақтамберді,  Қазтуған,  Шалкиіз  заманында  немесе  Ілияс 
Жансүгіровтің  жалаға  толы  дәуірінде,  яки  Жамбыл  мен  Кенен  сөз 
суырған  кезеңде,  Қасым,  Тоқаш,  Мұқағалилар  мұңға  жүкті  заманда 
өмір сүрген секілді әсер қалдыра береді. Неге-дүр?!.

33
реДАктор
(Белгілі публицист-қаламгер Нұртөре Жүсіп туралы)
2001  жылы  «Жас  Алаштың»  80  жылдық  мерейтойы  тұсында  рес- 
публиканың  барлық  өңірін  аралап,  оқырмандармен  бетпе-бет  жүз- 
десудің  сәті  түсті.  Кезекті  сапарда  Атыраудың  Дендерін  тіліп  өтіп, 
Оралдағы  оқырмандармен  кездесуге  асықтық.  Облыс  орталығынан 
600  шақырымдағы  Бөкей  Ордасына  жол  тартқан  керуен  Астраханға 
маңдайды тіреп барып тоқтады. Дәулеткерейдің сазы, Салықтың көзі, 
Жәңгірдің өзі болған Ордаңыз осы. Қазақ топырағындағы тұңғыш банк, 
тұңғыш мектеп, тұңғыш аурухананың қабырғасы сол Бөкей Ордасында 
қаланған.  Шекарадағы  ел  газет-журналдың  жеті  атасын  алдырып 
оқиды екен. Ал біз жалауын көтеріп барған басылымның жанкүйерлері 
Ордада жетіп артылады.
Алдын  ала  дайындалған  ресми  жүргізушілер  басылым  тарихын 
сыдыртып оқып бастаған. Кенет кездесуді Бас редактор өзі бұзды.
– Сіздерге қояр бір сауалым бар. Осы залда ұл-қыздарыңызға «Ұлан» 
газетін жаздыртып алатындарыңыз бар ма? – деді.
Әр-әр жерден бірлі-жарым адамдар бой көрсетті.
–  Өз  басым  «Ұланға»  көз  қырын  салмаған  адам,  «Жас  Алашты» 
жастанып оқиды дегенге сенбеймін. Аға басылымдарға оқырманды сол 
балалар басылымы дайындайды. Біз сіздердің алдарыңызға тек «Жас 
Алаштың» шашбауын көтеріп келгеніміз жоқ, біз қазақтың дәстүрі бар 
тарихи ұлттық газет-журналдарының жалауын көтеріп келіп тұрмыз, – 
деді. 
Бұл  –  жастар  газетінің  сол  кезеңдердегі  Бас  редакторы,  белгілі 
көсемсөзші Нұртөре Жүсіп болатын.
*  *  *
Қап  тауының  етегіндегі  қаба  сақалды  елде  әлгіндей  тәмсіл  бар: 
«Нағыз жайлы орын қылышқа – қынап, отқа – ошақ, жігітке – өз үйі. 
От ошақтан шығып кеткен уақытта қынабынан суырылмаған қылыш 
– қылыш емес, ошақтың басында отырып қалған жігіт – жігіт емес». 
Әрине,  бұл  үлкен  сөз  болуы  мүмкін,  алайда  қай  кезеңде  болмасын, 
өз  тағдырын  жазу  өнерімен  байланыстырған  азаматтар  үшін  «Жас 
Алаштың» ұстаханасында сөз қорыту – сұрапыл мектеп. Қалғып-мүлгіп 
жүріп ҚазҰУ-ді тауысқан кез-келген студенттің арманы – бір сәт болса 
да «Жас Алаштың» ауасымен тыныстап, ауласында жүру. Журфакпен 
жылы қоштасқан жылы қаламы сүрініп-қабынып жүрген пақырыңызға 
да атынан ат үркетін газеттің тілшісі болу міндеті бұйырды. Жалғыз 
эссемен «Жас Алаштың» есігін аштым. Қазақ әнін Қара теңізден әрі 
асырып салған, тағдыр арқалап жүріп талқаны таусылған даңқты әнші 

34
Амангелді  Сембин  туралы  «Ла  Скалада  жайқалған  жалғыз  арша» 
дейтін  мақалаға  назары  ауған  басылым  басшылығы  кісі  жүгіртіпті. 
Біз де жүгіріп бардық. «Қайда істейсің? Не істейсің? Не жазасың? Қай 
жақтансың?».  Күткен  сауалдың  бірі  де  қойылған  жоқ.  «Ертең  таңғы 
сағат  9-дан  бастап  руханият  бөліміне  іске  кіріс,  сөз  осымен  тәмәм» 
деді. Сөйтіп, Бас редактор Нұртөре Жүсіптің тікелей қолдауымен «Жас 
Алашқа» қызметке тұрдым.
*  *  *
Жаңа редакторым сәт сайын, сағат сайын жиналыс ашатындардың 
сойынан  болмай  шықты.  Екі  аптада  бір  немесе  ай  аралатып  жина- 
латын  кезде  бас  редактордың  бөлмесі  кенет  идеялар  фабрикасына 
айналып  жүре  береді.  Бөлімдердің  жұмысын  қайта  үйлестіріп, 
жаңа  тапсырмалардың  тізбегін  түзеді.  Аймақтармен  байланысты 
сәт  сайын,  сағат  сайын  қадағалауды  орынбасарға  қатаң  тапсырады. 
Экономикалық  және  әлеуметтік  ағартушылыққа  күш  салуды,  облыс 
орталықтарынан бастап, алыс аудандардағы білім беру саласындағы 
салғырттықтарды, бірі бастап екіншісі тастап жатқан ақжағалылардың 
аяқсыз  қалған  рефомаларының  кесірінен  халықтың  тартып  жатқан 
зардабын үкіметке жеткізудің сантүрлі пішінін ұсынады. Өйткені, сол 
бір  кезеңдерде  қалың  бұқара  әлеуметтік  ағыстардың  қақпақылынан 
аршыла алмай жүргені айдай ақиқат болатын. Ал үкімет құрамындағы 
жекелеген  тұлғалардың  іс-әрекеті,  саяси  кеңістіктегі  ахуал  жөнінде 
сол салаға жауапты қызметкерлерге арнайы жобалар ұсынады. Жиын 
аяқтала  бере  әр  қызметкердің  қалам  желіне  қарай  қойын  дәптеріне 
түртіп  қойған  тақырыптарын  тарата  бастайды.  «Шалықтап  аспанға 
шығып  кетпеңдер,  тақырып  табандарыңның  астында  жатыр»  деп 
жиынды  тұжырады.  Қойын-қонышыңды  идеяға  толтырып  алып, 
есікке беттей бергенде, «ә, айтпақшы ұмытып барады екенмін...» деп 
тамағын  кенеп  қойып  кезекті  анекдотпен  езуіңе  күлкі  іліп  береді. 
Ішек-сілең қатып бөлімге келесің, бөлімге келіп жылайсың... Себебі 
әлгі юмордың астары толы өзің өмір сүріп отырған кезеңнің болмысы 
еді. Сосын қайта күлесің...
Нұрекең кейде мойнына фотоаппарат іліп алып бөлімге кіріп келеді. 
Объективте  –  Бас  редактордың  өзі.  Жұмыс  үстінде  әр  тілшіні  жеке 
түсіріп  жүреді.  «Алаңдамаңдар,  хобби  ғой...»  дейді  де  шығып  жүре 
береді. Жай жүрмейді, суырып салып идея тастап бара жатады. Өлеңді 
суырып салатын ақындарды білуші едік, бөлім-бөлімді аралап жүріп, 
идея  суырып  салатын  редакторды  алғаш  көруім...  Уақыт  өте  келе 
бұған да бой үйренді. Аш қасқырдай жаланып отырғандар қалың тілші 
қойсын ба, идеяның иін қандырып алып, қағазға түсіреді. Ол – берісі 
оқырманның қорегі, әрісі – қоғамның тірегі.

35
*  *  *
Ағысқа қарсы мақалаларымен көзге түскен кербез жігітті Керекуде 
жүрген жерінен Азаттыққа аз қалған тұста әйгілі Шерхан Мұртазаның 
«Егемен Қазақстанға» алдырғаны жайлы журналистика жылнамасында 
жазылыпты. Даңқты Шерағаңнан шеберханасынан дәріс алған Нұртөре 
Жүсіп  «Жас  Алашқа»  аз  жаңалық  әкелген  жоқ.  Қоғам  дамуына 
ықпал ететін қаншама өміршең айдарлар ашылды. Бір ғана «Тікелей 
телефонның»  өзі  алыстағы  ағайындарды  қоғаммен  тура  байланысқа 
шығарды. 
Нұртөре  Жүсіп  тізгінді  қолға  алған  тұста  газет  шаруашылығы 
шатқаяқтап тұрғанға ұқсайды. Тіпті шықпай қалған кезі де бар, бұл енді 
жекелеген адамдардың әсері емес, сол тұстағы бір-біріне өткел бермей 
тұрған  қоғамдық-әлеуметтік  кесірлердің  ықпалы  болса  керек.  Алты 
алашқа  6  мыңмен  тарап  тұрған  басылымның  тиражы  2000  жылдары 
77  000  мыңға  бір-ақ  қарғыды,  бұл  –  ақпараттық  кеңістікке  рең  кіре 
бастаған тұс еді. 
«Жас  Алаш»  –  редакторлар  ұстаханасы!»  деген  жиі  айтылады. 
Нұрекең сол сөздің нақты жүзеге асуына жол ашты. Қызметкерлерге 
бір-бір қосымшаны жүктеді. Жүктеді де, «бұл – сендердің газеттерің, 
шығарыңдар»  деді.  «Мыңнан  бір  мезетті»  –  Әділ  Бек  Қаба, 
«Руханиятты»  –  Роза  Қараева,  «Жібек  жолын»  –  Гүлнар  Тәжиева, 
«Дәулетті»  –  Берік  Бейсенұлы,  «Рухты»  –  Нұржан  Қуантайұлы, 
«Алдаспанды» – Айгүл Аханбайқызы, «Ырғақты» – Сәкен Сыбанбай, 
«Студентті»  –  Есей  Жеңісұлы  өз  қалауларынша  идеялық  жағынан 
түрлендіріп,  гүлдендіріп  шығарғаны  ел  жадында.  Әр  қосымша 
өз  саласы  бойынша  қоғамда  орын  алған  ірі  түйткілдерді  жүйелі 
түрде  шешуге  күш  салды.  Сол  қосымшалардың  өз  алдына  жеке 
оқырмандары  қалыптасты.  Әйтеуір,  «Ырғақ»  пен  «Студенттің» 
жоқтаушылары  жыртылып  айырылатын.  «Ырғақ»  қаншама  өнер 
жұлдыздарының  жолын  ашты.  «Жас  Алаш»  танытқан  жұлдыздар» 
деген атпен Республика сарайында өткен айтулы өнер кеші осының 
дәлелі.  «Жас  Алаш»  саяси  тартыстарға  да  аз  барған  жоқ,  ірі-ірі 
қайраткерлер  мен  өңір  басшыларын,  үкімет  жетекшісін,  мүшелерін 
іс-әрекеттеріне қарай әділетті сын тезіне алды. Ымырасыз күрестерге 
шықты.  Алдыңда  сенімді  тірегің,  жолбасшың,  артыңда  қалың 
оқырманың тұрса, неден ыққандайсың? Тіпті, қатты кеткен кездері аз 
емес. Сол тұста болу керек, Сәкен Сыбанбай әріптесіміздің «ағайлар, 
енді «Жас Алаш» әкесін танытқан жұлдыздар» деген де кеш өткізуге 
болады екен ғой...» деп әзілдегені. Бірақ, «Жас Алашқа» бәрі жарасып 
тұрады. Расында, сол қосымшалардың редакторлары бүгінде ұлттық 
ақпарат кеңістігінде әртүрлі жауапты қызметтерді абыройлы атқарып 
келеді.

36
Белгілі суретші-карикатурист, бірнеше халықаралық байқаулардың 
жеңімпазы  Ғалым  Смағұлұлының  ғажап  туындыларын  бас  редактор 
газеттің  ұстанымына  сай  тіпті  шебер  пайдаланады.  Кей  жағдайларда 
редактор бас мақаланың орнына Ғалымның жонарқаңды шымырлата- 
тын,  төрелердің  төбесінен  түсетін  саяси  карикатурасын  салуды 
жүктейді. Смағұлұлының сызбаларының өзі тиген жерін ойып түсетін 
сұрапыл алдаспан емес пе?!. Алдаспанды қалай сілтеу – редактордың 
өз құзырында... Діттеген жерге тисе – халық разы, күтпеген жерге ти- 
се – жанжал туады. 
*  *  *
С.Бердіқұлов атындағы журналистер арасындағы футбол турнирін 
«Жас  Алаштың»  ұжымы  асыға  күтеді.  Бұл  –  газеттің  өзінің  төл 
мерекесі  саналатын.  Бабы  келіп  тұрған  команданың  қақпашысы  – 
Нұртөре Жүсіп. Алайда Нұрекеңнің қақпашылық «карьерасын» бүкіл 
ұжым қолқалап жүріп қойғызған. Себебі, қайсыбір жылғы Бердіқұлов 
аламанында Нұрекең қол қоятын қолын майып қылып алып, оң қолы 
бір-екі ай гипсте жүрді. «Доп ойнаған тозады, айлық алған озады» деген 
мәтелдің шыққаны сол тұс. Алайда спорттық бабында жүретін ұжым 
бірнеше аламанда топ жарды. Және редакция ғаламдық додаларда топ 
жарған  олимпиада,  әлем  чемпиондарымен  дос  болды.  Сұхбаттасты. 
Редактор  «спорт  қайраткерлерінің  әлемдік  деңгейдегі  жетістіктері 
ұлттың  рухын  көтеруде  таптырмайтын  құрал»  дегенді  жиі  айтатын. 
«Қазаққа  демографиялық  жарылыс  керек»  деген  ұранды  да  «Жас 
Алаш» аз көтерген жоқ. Тіпті қос мыңжылдықтың тоғысында айтулы 
акция өткізгені ел есінде болу керек. Тіпті, бұл ұлттық ұйысудан өнер 
қайраткерлері де сырт қалған жоқ.
«Оймақтай ой» – Нұртөре Жүсіптің «жеке меншік» айдары болды. 
Осы айдар арқылы нешеме ұлттық мәселелердің қоясын ақтарды. Әлгі 
бір Құдайдың құтты күні көк базарға келіп, қымыз ішетін кәріс кейіпкер 
туралы  ойтолғақ  ел  ішінде  біраз  аңыс  тудырды.  Қымызды  ұлттық 
брендке айналдыруға үндеді. Мың-сан пайдасын айтыпы отырып бүкіл 
қазақты  қымыз  ішуге  шақырды.  Бұл  –  «Жас  Алаш»  «Қазақстан  қан 
түкіріп тұр...» деп ұран салып тұрған кез болатын. Ақыры аты құрғыр 
құрт  ауруының  мың  да  бір  емі  –  қымыз  екенін  мамандар  дәлелдеді. 
Оймақтай  ойдан  басталған  публицистикалық  ойтолғақтар  кейін  «Біз 
кімнен  кембіз?»  дейтін  кітапқа  ұласты.  Біраз  уақыт  бұрын  Нұртөре 
Жүсіп өз оқырманына халықтық ұйысуға, ұлттық жаңғыруға үндейтін 
«Елес пен белес» атты кезекті кітабын ұсынды.
*  *  *
Ұлттық  ақпарат  кеңістігіміздің  шырайын  келтіріп  тұрған  газет-
журналдардың  бірқатар  редакторлары  –  бір  курстың  түлектері. 

37
Қоғамда  осы  тегеурінді  курс  туралы  аңыз  аз  айтылмайды.  Осы 
буынның  мойнына  Тәуелсіздіктің  алғашқы  қалыптасу  жылдарында 
аз  жауапкершілік  жүктелмегенін  ел  біледі.  Әрине,  идеологиялық 
кеңістікте  ұлттық  жүктемені  жалғыз  осы  буын  ғана  мойнына  алған 
жоқ,  бірақ  әріптестерінің  арасында  арқардай  болып  алдыңғы  лектен 
көрінді.  Көрініп  қойған  жоқ,  қоғамның  саяси-әлеуметтік,  мәдени-
рухани дамуына мүмкіндігінше ықпал етті. Өздері басқарып отырған 
ақпарат құралдары арқылы ұлттық мәселелерді ашық талқыға салды. 
Қазақ мүддесін алдыңғы қатарға қойды. Уақытында «жер, дін, тіл, діл» 
деп  шырылдады.  Бірауызды  болып,  ақпараттық  тұтастыққа,  ұлттық 
мәселелерді  жұмылып  көтеруге  үндеді.  Бірі  көтерген  тақырыпты 
екіншісі  іліп  әкетіп,  жоғары  деңгейде  қарастыруға  күш  салды.  Сол 
айтулы  көштің  көлікті  болуына  өз  күш-жігерін  жұмсаған,  ұлттық 
журналистиканың дамуына барынша мүдделі болған белгілі публицист, 
«Құрмет»орденінің  иегері,  ҚР  Президенті  сыйлығының  лауреаты, 
бірнеше  ақпарат  құралдарында  басшылық  жасаған,  РЕДАКТОР  – 
Нұртөре Жүсіп.
Бір  кездегі  Шиелінің  «Еңбекші»  дейтін  ауылында  «Алау»  атты 
қолжазба  журналдың  редакторы  болған  7  сынып  оқушысы  Нұртөре 
Жүсіп, араға сан жылдар салып қазақ журналистикасында өз алауын 
жақты.  Сол  алаудың  жылуын  сезінген,  тәлімін  көрген  інісі  ретіндегі 
ілтипат-сөз осылай түзілді.

38

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет