Панда жылаған жаз жанарбек Әшімжан «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының сериясы «Сөздік-Словарь»


Үш қызым есейген сайын есiм шығады



Pdf көрінісі
бет6/32
Дата26.02.2017
өлшемі1,78 Mb.
#4999
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32

Үш қызым есейген сайын есiм шығады... 
– Менiң үш қызым бар. Зайыбым – музыкант, әзiрше баламен үйде 
отыр. Әңгiменiң ашығына келсек – мен дәл қазiр әлеуметтiк тауқыметтiң 
азабын  тарту  үстiндемiн.  Үйленген  жылдары  әр  жерде  пәтер  жалдап 
жүрдiк.  Оқу  бiтiрген  соң,  Байзақов  көшесiндегi  әртiстер  тұратын 
жатақханадан бiр бөлме берiлген. Сонда тұрып жаттым. Кейiн отбасыма 
жатақхана тарлық еткен соң, пәтер жалдап кетуге тура келдi. Бiрақ сол 
жатақханада  тiркеуде  тұрдым.  Сөйтсем...  тiркеуде  тұрдым  деген  аты 
ғана екен. Еш жерде тiркеуде жоқ екенiме үшiншi қызыма жәрдемақы 
алуға құжаттар жинақтаған кезде ғана көзiм жеттi. Жатақханадан менi 
автоматты түрде шығарып жiберiптi. Ол жатақхана бұл күндерi жеке 
меншiкке өтiп кеткен, тiркеу мәселесiмен айналысатын бiр келiншек «сiз 
тiркеуде жоқсыз, кез-келген жерге барып тiркеле берiңiз» деп қолыма 
бар құжатты ұстата салды. Мен осы жағдайға қатты қорланып кеттiм. 
Бiрнеше жыл мен тiркеуде болмаппын. Қызымның жәрдемақысы түгiл, 
бас қайғы болып кеттiм. Керек десеңiз, жақында ғана өткен парламент 
сайлауына да шақырылған жоқпын. Осыған сенесiз бе? Сайлауға дауыс 
берейiн  деп  барсам,  «тiркеуде  жоқсың»  дейдi.  Қазiргi  күнi  I-Алматы 
жақта бала-шағаммен пәтер жалдап тұрып жатырмын.
Мемлекеттiң  ең  жоғарғы  сыйлығы  маған  тегiн  берiлмеген  шығар. 
Сондықтан жасаған еңбегiңнiң жемiсiн көргiң келедi. Бала-шаға өсiрiп 
отырмын.  Құлдыраңдап  өсiп  келе  жатқан  үш  қызымның  кейде  көз-
жанарына тура қарай алмай қысыламын.
«Әнұранды орындау – тарихи жауапкершiлiк!»
–  2005  жылы  11  қаңтарда  Астанада  сайлауда  жеңiске  жеткен 
президент Нұрсұлтан Назарбаевтың таққа отыру рәсiмi болды. Шәмшi 
атамыздың даңқты «Менiң Қазақстаным!» әнi ресми Әнұран ретiнде 
сол жиында тұңғыш рет салтанатты түрде орындалды. Бұл әндi кезiнде 
бiрiншi  болып  орындаған  –  Жамал  Омарова  апамыз,  одан  кейiнгi 
жылдары Сара Тыныштығұлова орындап келдi.
Естуiмше, Әнұранды орындауға бәсеке өте қатты болыпты. Әншi- 
лер  електеп  көп  өткiзiлдi.  Әнұранды  орындауға  менiң  бекiтiлгенiм 
туралы  31  желтоқсан  күнi  кеште  бiрiншi  болып  сүйiншi  сұраған  – 
Шәмшi  ағамыздың  баласы  Мұхтар  Қалдаяқов.  Жалдамалы  пәтерде 
жаңа жылды қарсы алып отырып, төбем көкке екi-ақ елi жетпей қалды.
Ал  Ақордада  Әнұранды  әйелдер  хоры  айтты.  Арада  төрт  күн 
өткен  соң  Алматыдағы  Республика  сарайында  «Қазақстан»  ұлттық 
арнасының  ұйымдастыруымен  Шәмшi  Қалдаяқовтың  75  жылдығына 
орай «Менiң Қазақстаным!» атты үлкен ән кешi болды. Сол концерттi 

61
мен  Шәмшi  атамыздың  «Бақыт  құшағында»  әнiмен  аштым.  Концерт 
өте ғажап өттi. Соңында бiздiң театрдың хорымен (бұл хорға Шәмшi 
бабамыздың  ұлы  Мұхтар  Қалдаяқов  дирижерлiк  еткен),  мен  жеке 
дауыста Әнұранды орындап концерттi аяқтадым. Сол концерттен соң, 
арнайы  әнтабақ  шағарылып,  менiң  орындауымдағы  Әнұран  барлық 
жерге  тарап  кеттi.  Орталық  стадиондағы  ұлттық  құрамалардың 
ойынында,  Марат  Мәзiмбаев  әлем  чемпионы  болған  кезде  өзiмнiң 
орындауымдағы  Әнұранды  естiп  қатты  толқыдым.  1  қыркүйек  күнi 
күллi  бiлiм  ошақтарында  орындалады.  Астана,  Қарағанды,  өзге  де 
қалаларға гастрольге барғанда Әнұранды вокзалда бiрнеше рет естiдiм. 
Жалпы, Әнұранды орындау – тарихи жауапкершiлiк!
Ертелi-кеш  құлағымнан  Әнұранның  дабысы  кетпейдi.  Сондай 
бiр  ғажайып  әсерлерге  бөленiп  келе  жатып  кенеттен  үйсiз  екенiм 
есiме  түсiп  кеткенде,  өн-бойыма  бiреу  мұздай  су  құйып  жiбергендей 
тiтiркенiп  кетемiн.  Шынымды  айтсам,  пәтердiң  тауқыметi  әбден 
шаршатып бiтiрдi. Дәл қазiр менiң алдымда бiр ғана мақсат тұр, ол – 
бала-шағамды кiсi босағасында қаңғытпау.
Алматы қаласының әкiмi, халқымыздың қайраткер перзентi Иман- 
ғали Тасмағамбетовке баспанасыздық тауқыметiнен құтқаруын өтiнiп 
екi  рет  хат  жазғам.  Мемлекеттiк  сыйлықты  алғаннан  кейiн  де  қала 
басшысына  екi  рет  хат  жолдадым,  шамасы  хатым  әкiмнiң  қолына 
жетпегенге ұқсайды.
Ал тұрғын үй департаментiнiң басшылығынан «сiздiң өтiнiшiңiздi 
қанағаттандыруға мүмкiндiк жоқ» деген жауап келдi.
P.S. Әнұран орындалғанда салтанатты сарайларда тебiренiп тұрған 
ақжағалылар есiме жиi түседi. Оң қолын жүрек тұсына қойып тұрған! 
Ал сол гимндi айтып тұрған адамның жүрегiн түсiнетiн жан бар ма?

62
ӘуеЛеП ҰШқАН АққуДЫ АяЛАр ЖАН БАр МА екеН?..
1997  жылғы  Қажыгелдин  үкіметінің  бас  бармағымен  бекiтiлген 
Қаулы  қазақ  цирк  өнерiн  қара  жамылдырды.  Маңдайымызға  сор 
болып келген оңтайландыру саясатына жетекшiлiк еткен сол үкiметтiң 
үскiрiк  атқан  көп  құжаттарының  бiрi  «Қазақцирк»  шаңырағын 
«Астанахолдинг» ЖШС-нiң құзырына 20 жылға жалға берумен тынған. 
Нәтижесiнде  шiлдiң  боғындай  шашырап  кеткен  Қазақ  цирк  өнерiнiң 
тарландары сырттан келгендермен тiзе қосып өнер көрсету арқылы нан 
тауып жеу қамына кiрiскен. Ақыры Қарағандыдағы қайғылы жағдайға 
әкелiп тiредi. Цирк өнерiнiң жарық жұлдызына айналып келе жатқан 
өрiмдей  жас  Жанна  Бәкенованың  қапелiмде  жүрегiне  жара  түстi.  Ал 
жұмыр  жердiң  бiршама  нүктелерiнде  жасындай  жарқылдаған  ұстазы 
Петр Трестиндi ендiгi жерде тек еске алып қана жүрмiз.
Жанна...
Жанна  Бәкенова  1983  жылы  Астана  қаласында  туған,  9  жасында 
спорттық  гимнастика  залына  әжесі  алып  барады.  Гимнастикадан 
әлемдi  бағындыратын  мүмкiндiгi  болған  болса  керек,  тек  сүйегi 
қатыңқырап, есейiңкiреп кеткен шақта әкелiнгенiне бапкерлерi қатты 
өкiнiш бiлдiрiптi.
13  жасында  Ж.Елебеков  атындағы  эстрада-цирк  колледжiнiң  цирк 
бөлiмiне оқуға қабылданады. ІІ курстан бастап цирк майталманы Петр 
Трестинмен  айтулы  цирк  ареналарына  шыға  бастайды.  Жанна  мен 
Петр дуэтiнiң бiр ерекшелiгi – 30-40 метр биiктікте ешқандай қосалқы 
сақтандыру құралдарынсыз әлемдiк цирк өнерiндегi аса қауiптi трюктi 
аса  шебер  орындайды.  Колледж  қабырғасында  жүрiп-ақ  Польшада 
өткен  «Золотой  клоун»  атты  халықаралык  байқаудың  жеңiмпазы 
атанады.  Голландияда  «Көрермен  көзайымы»  сыйлығына  ие  болды. 
Сондай-ақ  Польшадағы  «Залесски  циркiнде»  2-3  ай  өнер  көрсетедi. 
Қазақстанға  келген  Корниловтың  «Жұмыр  жердегi  пiлдер»  циркi 
арнайы шақыртады. Көрерменi көп дуэттiң аса қауiптi ойындары бұған 
дейiн  алты  рет  көрсетiлген,  жетiншi  рет  Мәскеудiң  «Никулин  циркi» 
құрамымен Қарағанды сапарына барғанда қайғылы жағдайға тап болды.
Петр...
Петр  Трестин  1959  жылы  Ташкентте  туған.  Ұлты  –  жөйіт.  Туған-
туыстарының бәрi Израильде тұрады. Баспанасы жоқ. «Қазақцирктiң» 
қонақүйiнде  тұрып  келген.  2000  жылдың  желтоқсанына  дейiн  8  ай 
бойы  Польша  циркiнде  Жанна  екеуi  келiсiм-шартпен  жұмыс  iстеген. 

63
Қазақстанға  келген  соң  4  айдай  жұмыссыз  қалып  қояды,  артынша 
«Никулин  циркiмен»  келiсiмге  отырып,  Қарағанды,  Тольятти,  Омбы, 
Балтық  бойы  және  Санкт-Петербург  бағытына  гастрольдiк  сапармен 
шығуды  жоспарлайды.  Келiсiм  бойынша  Жанна  мен  Петрдiң  әрбiр 
әуедегi ойындары 30 АҚШ долларына бағаланған, оның 10 пайызын 
өз  «қожайындары»  –  «Астана-холдингке»  табыс  етуi  тиiс.  Сонымен 
бiрге,  жоспар  бойынша  Жанна  мен  Петр  Франция,  Жапония,  Қытай, 
Германиядан келген шақыртуларды қанағаттандырмақ болған.
2001  жыл.  15  сәуір.  Жексенбі.  12  сағат  45  минут.  «Аренада 
Варшавадағы «Золотой клоун» байқауының иегерлерi Жанна Бәкенова 
мен  Петр  Трестин!».  Жарық  сөндiрiлдi.  Қиғаш  жанған  шам,  ортаға 
жүгiре  басып  жеткен  қос  акробатқа  түсiп  тұр.  Арқанның  ұшындағы 
шеңберден  ұстаған  Петр  мен  Жаннаны  көтергiш  құрал  әп-сәтте 
цирк  күмбезiнiң  ұшар  басына  бiр-ақ  шығарды.  20  метр  биiктiкте 
қауiптi  де  қызықты  ойынның  ешқандай  сақтандыратын  құралдарсыз 
орындалып  жатқанын  көрермендер  әсте  бiлген  жоқ.  Өздерiнiң  аса 
қауіпті көрсетілімдерін әуеде өте сәттi орындаған қос акробат аренадан 
қайтуға  бекiнген.  Алайда  бiрегей  өнерге  дән  риза  болған  көрермен 
екеуiн  аренадан  жiбермей,  қайталауларын  өтiнеді.  Саналы  ғұмырын 
цирк өнерiне арнаған Петр Жаннаны жетектеген күйi биiкке қайта бет 
алды.  Арқанның  ұшынан  ұстаған  екеу  цирк  күмбезіне  жеткен  бетте 
төмен қарай қайта құлдиласын... Көрермендердiн ойынша акробаттар 
еденге жетпей кiлт тоқтауы тиiс. Жоқ... 20 метр биiктен бар салмақпен 
келiп еденге құлаған Петр сол жерде тiл тiртпай кеткен, ал Жанна ауыр 
жарақаттанды.  Петр  мен  Жаннаны  жоғары-төмен  қозғап  отыратын 
құрылғыда  марқұмның  жары  Людмила  Бушуйева  отырған  болатын... 
Бiрақ нөмірдi орындау барысында ол еш қателеспеген.
17-ге  жаңа  ғана  келген  қыздың  өмiрi  осылай  тығырыққа  тiрелді. 
Қолдың  өзi  жетi  жерден  сынған,  шынтағы  ашық  сынық,  аяғы  морт 
опырылған. Омыртқа, жамбас қатты зақымданған, 3 литр қан кеткен. 
Осыншама  жағдайды  бiле  тұра  селт  етпеуiмiз  қалай.  «Еңбек  Заңы» 
бойынша  «Қазакцирктiң»  бүгiнгi  билеушiлерi  «Астана-холдинг» 
ЖШС-ға  Жаннаға  жұмыс  берушi  мекеме  ретiнде  өмiрлiк  жәрдемақы 
тағайындаса  заңға  қайшы  болмас  еді.  Басшылық  жауапкершіліктен 
қашып отыр. Неге қатысы жоқ? Петя мен Жанна тапқан табыстарының 
белгiлi  мөлшерiн  циркке  берiп  отырды,  сондай-ақ  ойын  көрсеткенде 
пайдаланатын құрал-саймандар цирктiкi. Сол кұралдардың техникалық 
қауiпсiздiк  ережесiн,  цирктi  жалға  алғандар  қатаң  тексерiп  берулерi 
керек емес пе? Ал бұл құрылғылардың мерзiмi әлдеқашан өтiп кеткен...
Қауызын жаңа ашқан қызғалдаққа талай елде дүйiм жұрт тiк тұрып 
қол соғып, сәттiлiк тiледi. Әр сапарға шыққан сайын әжесi мандайынан 
сүйіп,  «Алдыңнан  жарылқасын»  деп  батасын  бердi.  Қаншама  рет 

64
шет елдерден үлкен жетiстiктермен келiп, цирк өнерiнiң қайталанбас 
тәсiлiмен жанын шүберекке түйiп, қазақтың атын танытып жүргенде 
қарақаттай қызымыздың ақжолтайлап алдынан да шықпаппыз-ау. Цирк 
сахнасында  жұлдызды  iзiн  тастаған  Жаннаға  Құдай  ғұмыр  берсiн. 
Тойған әжесi Жанна жатқан аурухана терезесi алдынан құр сүлдерiн күн 
сайын сүйреп өтетiн көрiнедi. Бәлкiм әже мейiрiмi Жаннаны төсегiнен 
тiк түрғызар...
...Ұстазының дүниеден өткенiнен Жанна күнi бүгiнге дейiн бейха- 
бар. Жүрегi тiлiмденбесiн деген ниет.
– Петя ағай екеумiз ендi әуеде ойнай алмайтын шығармыз. Мейлi. 
Бiз аңдармен де тамаша өнер көрсете бiлемiз. Бiзге аңдар алып бере 
ме? – дейдi Жанна. Үмiт үзiлмесе екен.
– Мен жолбарысты жақсы көрем, Петя ағай да ұнатады. Жолбарыс 
алғызыңыздар, – деп сәлем айтыпты жолбарыс жүректi қыз...

65
ҰстА ДҮкеНi
(Ағайынды Құлменовтер туралы толғаныс) 
Еуропа  жапырақ  жамылып  жалаңбұт  жүргенде,  жусан  иiстi  ұлы 
даланың қаһармандары тұлпарларының тiлерсегiне дейiн сауыт кигiзiп, 
мұздай темiр құрсанғанын әбжiл тарих аракiдiк айтып қалады.
Тас дәуiрi тасқа қатталып, қола дәуiрi темiрге тiзгiн берген сұрапыл 
кезеңдерде тарих сахнасына ҰСТАЛАР келдi. Сол алтын қолды iсмерлер 
көшпелiлер шатырының iргесiне темiр қорытатын шағын ошақтарын 
әкелiп  құрды.  Ошақ  толы  –  өркениет.  «Алтын  адамның»  басынан 
бақайшығына дейiн домалап жатқан алтын түймелер сол бiр тұрымтай 
дәуiрдiң куәсi. Ұядай ғана жерошақтың көрiгiн қыздырған сол ұсталар 
сайын  даланың  жал-құйрығы  төгiлген  тағыларын  құрықтап,  тұяғына 
– таға, езуiне – ауыздық салды. Әруақ шақырған жауынгердiң басына 
– кiреукелi томағап, денесiне – тоғыз қабат торғауыт, қолына – күрзi, 
бұтына – бүтiлдiрiк, аяғына – саптама етiк кигiздi. Сөйтiп күннiң астын 
бағындыруды  ұстаханадан  бастаған  АТТЫЛЫЛАР  (бәлкiм  Атилла) 
кәрi құрлыққа дала өркениетiнiң алғашқы дәнiн апарып септi. Бiздiң 
сол  бабаларымыздың  адамзат  өркениетiнiң  алғашқы  легiне  ҮЗЕҢГI, 
АУЫЗДЫҚ,  ТАҒА  және  ЖАРҒАҚ  ШАЛБАРМЕН  қалың  қол  болып 
кiргенi есiме түсiп кеткенде, үзеңгi бауым үзiлiп кете жаздайды! Осы 
ұлы мәдениеттiң иесi һәм киесi тiрiде – қазы болған, өлгенде – шаһид 
кеткен ұсталар. 
Тарихта қарашаны қанға бөктiрген, Алашты аңға талатқан билеушi 
аз ба?.. Тағаның емшегi жанына батқан сол тирандардың ұлы ұсталарды 
қойша бауыздағанын киiз кiтаптардан оқығанда аза бойың қаза болады. 
Әрине,  Үйсiн  өркениетiнен  үкiмет  үйшiгiне  дейiнгi  аралықтағы  қан-
жын аралас аласапыран оқиғалар – ағысы бөлек әңгiме. 
Ал бiздiң беталысымыз – керзамандарда жұлыны қолмен жұлынып, 
өз ошағының отына өзi балқытылған қасиеттi ұстаханалар, ұсталар!
...Осынау  алмағайып  ойлардың  ордасына  түсiп  қалып,  шымы 
жоқ  тас  қалада  шырматылып  жүрген  сәттерде  Алматының  төрiндегi, 
Қажымұқан  көшесiнде  орналасқан  нөмiрi  75  жерүйдiң  ауласындағы 
ұстахана  есiме  түседi.  Бұл  ұста  дүкенiнде  –  дәл  қазiр  мемлекеттiк 
деңгейде  қолдау  көрсетпесе,  уақыт  өте  уыстан  сырғып  кететiн  iрi 
құндылықтар,  ұлы  даланың  бүтiн  бiр  өркениетi  жатыр.  Сол  қасиетi 
бөлек ұстаханада көне дәуiрдiң ұлы өнерiн бүгiнге жеткiзген даңқты 
ағайынды  ұсталар  –  Құлментегi  Тұрсынжан,  Махмұт,  Айтберген 
Жетенұлдары, тетiгi бiр түймеге бағынған ХХI ғасырдың «техникалық 
ноқтасына» бас бермей, күрес жүргiзiп жатқандай әсер қалдырады...
Ағайынды үш ұста – қазақ халқының құпиясы сан қатпар темiршiлiк 
әлемiндегi  аса  iрi  құндылықтары.  Қажет  десеңiз,  олардың  қолынан 
шыққан әрбiр тарихи жәдiгер арнайы заңмен қорғалу керек. 

66
Бұл  ұстахананы  ағайынды  үшеу  сонау  1977  жылы  әкелерi  Жетен 
ақсақалдың ақыл-кеңесiмен, батасымен ашқан. Аталары Омар кезiнде 
Жетiсуға  даңқы  кеткен,  керектi  қару  түрлерiн  өз  қолымен  соққан 
ұста адам болған екен. Ал ұсталардың апасы – Ажаркүл әжей ұлттық 
киiмдердi  нақыштауда,  кестелеуде,  түрлi  ою-өрнекке  толы  түскиiз 
тiгуде Кеген, Нарынқол өңiрiнде алдына жан салмаған шебер болған. 
Ұстахананың iргесiндегi шағын мұражайда Ажаркүл апаның жасаған 
ғажайып өрнектелген түскиiзi әлi iлулi тұр. Iсмердiң қолынан шыққан 
туынды арада жарты ғасыр өтсе де өң бермеген.
Ағайынды ұсталар айғайламай-ақ, аттандамай-ақ отыз жылдан берi 
бiр  институттың  шаруасын  бiр  өздерi  атқарып  келедi.  Олар  тек  ұста 
ғана емес, ғылымның бар саласынан хабардар. Ғылыми жағынан өте 
сауатты.  Темiрдi  тану,  табу,  балқыту,  құю,  суару,  қалыптау,  тойтару, 
мөрлеу,  әрлеу,  өрнектеу  секiлдi  нағыз  ұстаға  ғана  тән  қасиеттердi 
ғылыми негiзде жолға қоюға алғашқы бетбұрысты жасаған азаматтар. 
Ұсталыққа  атүстi  емес,  iшкi  мүмкiндiктерiн  кешендi,  ғылыми  һәм 
рухтық тұрғыдан дайындап келген тума таланттар.
Қажет  кезiнде,  дауылпаз  бен  даңғыраны  кезек  қағып  жiберiп  рух 
тiрiлтедi.  Ақтамбердiнiң,  Махамбеттiң,  Шалкиiздiң,  Қазтуғанның, 
Мағжанның,  Мұқағалидiң,  Олжастың  жырларын  жатқа  оқиды.  Сол 
арқылы  әруақ  шақырады!  Сосын  ата-бабамыздан  қалған  дәстүр 
бойынша «Менiң қолым емес, Тәңiрiмнiң қолы» деп сыйынып барып, 
төстiкке бармақтарын тигiзiп, күнделiктi шаруаларын бастайды.
Ағайынды  Құлменовтар  тек  ата-бабаларымыз  қолданған  қару-
жарақ,  сауыт-саймандарды  жасаумен  ғана  емес,  қазақ  халқының 
қобыз, даңғыра, адырна, қылқобыз, дауылпаз, шiңкiлдек және Алтай 
өңiрiнiң үлгiсiндегi домбыра секiлдi көне саз асапаптарын, сондай-ақ 
қолданыстан  қалып  кеткен  адалбақан,  кесеқап,  кебеже,  шара,  астау 
сияқты  тұрмыстық  қолданыста  философиялық  астары  терең  ұлттық 
бұйымдармен қайта қауышуға мол мүмкiндiк туғызды. Әрбiр аспапты, 
ыдысты ғылыми негiзiн қалап отырып, жеке-жеке қайта жасап шықты. 
Бiздiң  заманымыздан  бiрнеше  мың  жыл  бұрынғы  сақтардың, 
үйсiндердiң,  қаңлылардың,  ғұндардың  рухы  осы  ұстаханада  сайрап 
жатыр. 
Сонау  1990  жылдары  бүгiнгi  мемлекет  және  қоғам  қайраткерi, 
өнер  жанашыры,  Алматы  қаласының  әкiмi  Иманғали  Тасмағамбетов 
Құлменовтардың  ұста  дүкенiне  арнайы  келiп,  темiршiлердiң  жұмыс- 
тарымен  танысып,  ризашылығын  бiлдiрiп  кеткенiнен  де  хабарымыз 
бар. 
Кейiнгi  кездерi  бұл  темiршiлiк  ордасына  бiрнеше  қаламгерлер  ат 
басын  бұрды.  Әйгiлi  сөз  ұсталары  –  Олжас  Сүйлейменовтi,  марқұм 
Қалтай Мұхаметжановтi, Мұрат Әуезовтi, Герольд Бельгердi, Баққожа 

67
Мұқаиды,  Смағұл  Елубаевты,  Роллан  Сейсенбаевты,  Әшiрбек  Көпi- 
шевтi, Дүйсенбек Нақыпты, белгiлi тарихшылар – Мәмбет Қойгелдiнi, 
Әбдеш Төлеубаевты ұстаханаға қайта-қайта тарта беретiн сол ата-баба 
рухы болса керек.
Көне  салт  бойынша  темiршi  ұсталардың  бата  беру  рәсiмi  төстiң 
жанында болады. Алашқа сөз оздырған сол азаматтардың бәрi ағайынды 
ұсталарға төстiктiң түбiнде баталарын берiп, тiлекшi болып жүргенiн 
айта кетсек артық болмас. Және ағайынды ұсталар халыққа рух сыйлап 
жүрген дарабоз қаламгерлерге арнап өз қолдарынан шыққан ғажайып 
«Алмас  қылыш»  дейтiн  сыйлық  тағайындады.  Алғашқы  қылыш  65 
жылдық мерейтойында Олжас Сүлейменовке сыйға тартылды. Мұрат 
Әуезовке мәдениеттегi қайраткерлiгi үшiн күмiс айбалта табыс етiлдi.
Ағайынды  Құлменовтардың  ұста  дүкенiн  шетелдiк  ақпарат  агент- 
тiктерiнiң тiлшiлерi босатпайды. Ағылшын, немiс, жапон, мажар, араб 
елдерiнен  артынып-тартынып  келген  сол  түсiрушi  топтар  ұсталар 
жайлы,  жасаған  сантүрлi  бұйымдары  хақында  көптеген  деректi 
фильмдер  түсiрiп  алып  кеттi.  Мұның  бәрi  айналып  келгенде  қазақ 
мәдениетiнiң,  қазақтың  темiршiлiк  өнерiнiң  халықаралық  деңгейде 
насихатталуы. Жалпы шетелдiктер қазақ ұстаханасынан не құпия iздеп 
жүр?..
Ал бiздiң мәдениетiмiздi басқарып отырған ақжағалылардың әрекетi 
қарын аштырады. Олар осы уақытқа дейiн үлкен өнердi қал-қадiрiнше 
жолға  қойып,  кейiнгi  ұрпаққа  бауыры  бүтiн,  басы  аман  қалпында 
тапсыру үшiн ұшан-теңiз жұмыс iстеп жатқан ұста дүкенiнiң есiгiн де 
ашпаған...
Керек десеңiз, сол ұстахана орналасқан жерүй күрелудiң алдында.
Тiптi, кейбiр кербездер ұста дүкенiн кәдiмгi тауар сататын магазин 
деп ойлайтын көрiнедi...
Ағайынды  ұсталардың  ауласы  иi  қанған  идеяға  толы.  Соның  ең 
бастысы – өздерiнiң бойындағы бар темiршiлiк өнердi, отыз жылдан 
берi  жасалған  жәдiгерлердi  кейiнгi  ұрпаққа  аманаттау;  ұлттық  қару-
жарақ палатасын қалыптастыру; мұражай ашу. Бұл – ең бiрiншi қолдау 
мемлекеттiк деңгейде жүзеге асырылған жөн.
Мәмбет Қойгелді, тарихшы:
–  Ұсталық  –  бiздiң  жерiмiзде  сонау  көне  заманнан  келе  жатқан 
өнер. Қытайда «Iле өркениетi» дейтiн ұлы ұғым бар. Сол ұғымды өз 
ғылымымызда  осы  уақытқа  дейiн  орнықтыра  алмай  келемiз.  Басы 
Қытайдан бастау алатын ұзындығы мың шақырымға жуық, Балқашқа 
келiп  бiр-ақ  тыншитын  Iле  өзеннiң  екi  жағалауында  сонау  көне 
замандардан  берi  тамаша  мәдениет  қалыптасқан.  Соның  айшықты 
көрiнiсi  –  Үйсiн  қорғандары.  Оны  бiз  «Сақ  қорғандары»  деймiз,  ал 
қытайлар  «Үйсiн  қорғандары»  дейдi.  Жалпы  Мысыр  пирамидалары 

68
әлемдiк  мәдениетте  қандай  орын  алса,  бiздiң  тарихымызда,  Шығыс 
мәдениетiнде  «Үйсiн  қорғандарының»  рөлi  өте  орасан.  Ал  осы 
қорғандардан табылған ескерткiштердiң бiрi даңқты Есiктен табылған 
«Алтын адам». Одан өзге Есiктен табылған әшекей бұйымдар, қолөнер 
туындылары 4000-ға жуық. Бұл – бiздiң эрамызға дейiнгi III-II ғасырлар. 
Демек, сол дәуiрде Iле бойында үлкен ұсталық өнер болғанын көремiз. 
Ондағы бұйым жасайтын негiзгi шикiзат – алтын болған. Бұйымдардың 
денi алтыннан жасалатыны тегiн емес. Бiздiң атақонысымызда алтын- 
ның өте көп болғанын Геродот та өз жазбаларында айтады. Молдығы 
сонша, алтынның құймасы ошақ басында домалап жататын көрiнедi. 
Ал  Есiк,  Шiлiктi  қорғандарынан  табылған  бұйымдарды  қарасаңыз, 
сол дәуiрде ұсталық өнердiң шексiз дамығанын аңғаруға болады. Ал 
ағайынды темiр ұсталары – Тұрсынжан, Айтберген, Махмұт Құлментегi 
сол  Iле  өркениетiнен  берi  үзiлмей  жалғасып  келе  жатқан,  әлемдiк 
деңгейде  мойындалған  ұлы  өнердiң  бүгiнгi  күндегi  ғажап  көрiнiсi. 
Үшеуi де соның мұрагерлерi! Ағайынды ұсталар сол ұлы өнердi жаңа 
заманға бейiмдеп, жаңартуда. Бұл азаматтардың 30 жылдан бергi жасап 
келе жатқан еңбегi қазақ мәдениетiнiң төрiнен орын алуға тиiс. Мен 
бұл  азаматтардың  ұстаханасында  жиi  болып  тұрамын.  Барған  сайын 
ұлы мәдениеттiң жинақы көрiнiстерiне куә болып қайтам.
Өкiнiшке қарай, ағайынды ұсталарға қоғамдық, мемлекеттiк деңгейде 
қолдау  көрсете  алмай  отырмыз.  Мәселен,  осы  ұсталардың  атқарып 
жатқан шаруалары арнайы ұлттық бағдарлама жасауға да тұрады. Және 
ұсталық дәстүрдi бiлiм беру жүйесiнiң бiр тармағында қарастырған жөн 
болар едi. Керек десеңiз, ағайынды ұсталардың экономикалық жүйеде де 
өз орны бар. Өйткенi, темiршiлердiң қолынан шыққан жауһар бұйымдар 
туризм  саласын  да  айналып  өтпейдi.  Сосын  бұл  азаматтарды  қолдау 
бағытында арнайы мемлекеттiк мұражай ашылса – тарихымыздан сыр 
шертетiн дайын қару-жарақ палатасы болып шығар едi.
герольд Бельгер, жазушы:
–  Ағайынды  ұсталардың  қоғами,  мәдени,  тарихи  еңбегi  жайлы 
сан рет жазылып, айтылды. Ағайынды темiршiлер – қазақтың рухын, 
ежелгi мәдениетiн дамытуда, сөз жоқ, iрi iстер тындырып келедi. Оны 
насихаттау, үлкен үйлерге жеткiзу бiздiң борышымыз. Мен ағайынды 
ұсталармен 2004 жылы, сәуiр айында таныстым. «Горный гиганттағы» 
ескi жерүйде орналасқан ұстаханаға бардым. Көрдiм. Қайран қалдым! 
Сұмдық  әсерге  бөлендiм!  Менiң  алдымда  да  ол  ұстаханаға  нешеме 
ұлықтар барып қайтыпты. Атқарып жатқан iстерiне рахметiн айтыпты. 
Сосын  бәрi  тек  тамсанып-тамсанып  қайтыпты.  Ал  бұларға  нақты 
қолдау  керек.  Мен  өзiм  –  немiспiн,  нақты  iске  көштiм.  Үйге  келген 
бойда  көлемдi  мақала  жаздым.  «Эпоха»  басылымында  жарияланды. 

69
Ол  газеттi  бiреу  оқиды,  бiреу  оқымайды.  Сосын  ел  Президентi 
Нұрсұлтан  Назарбаевқа  хат  жаздым,  әлгi  мақаланың  қиындысын 
қосып дайындадым. Сол жолы үйге жазушы Қуаныш Жиенбаев келiп 
қалған,  аманатты  Қуанышқа  тапсырдым.  Ол  Астанаға  барған  бетте 
хатты тiркетiп, тиiстi жерге жеткiзiптi. Арада апта өтпей хат сәтiмен 
Президенттiң қолына түскен.
Ол  хаттың  мәтiнi  мынау  болатын:  «Жоғары  мәртебелi  Президент 
мырза!  Қадiрлi  Нұреке!  Сiзге  жолдап  отырған  өтiнiшiмнiң  тоқетерiн 
мақаламда айтқан болдым. Оған қосып-аларым жоқ. Осы кезге дейiн 
анық  түсiнгенiм  –  халықтың,  ұлттың  рухын  мейлiнше  асқақтата 
көтермейiнше, iс оңға баспақ емес. Мақаламда аты аталған ағайынды 
үш азамат осы жолда үлкен шаруа тындырып жүргенiне өз басым көз 
жеткiздiм. Өнерлi, iскер, талантты Құлменовтарды мемлекет деңгейiнде 
қолдауымыз керек-ақ. Өтiнiшiм осы! «Ұсақ-түйекпен мазамды алды» 
деп сөкпегейсiз! Ұлттық рухта ұсақ-түйек болмайтынын бiлемiз ғой. 
Шынайы көңiлден һәм iзетпен әдебиетшi, аудармашы Герольд Бельгер! 
2004 жыл, сәуiр». 
Хат Нұрекеңнiң қолына түстi. Оқыды. Бұрыштаманы соқты. Сосын 
министрлiктер,  журналистер,  өзге  де  орындар  қимылдай  бастады. 
Бiраз  шаруа  атқарылды.  Ұсталар  үлкен  насихатқа  ие  болды.  Менiң 
темiршiлерге көрсеткен мақтанарлық бiр еңбегiм осы. Ол үшеуiнде де 
пәтер  жоқ  болатын.  Көп  ұзамай  Иманғали  Тасмағамбетов  Алматыға 
әкiм болып келдi. «Ең құрығанда осы ағайынды үш темiршiнiң бiреуiне 
пәтер берсеңiз екен» деген мазмұндағы хатты Иманғалиға жолдадым. 
Тасмағамбетов  өнерге  жаны  ашитын,  түсiнетiн  азамат!  Хат  қолына 
тиген бойда Имекең үйсiз-күйсiз жүрген үш жiгiтке де пәтердiң кiлтiн 
бердi. Бұл – менiң екiншi мақтанышым!
Таяуда ағайынды үш ұстаның «Өнер» баспасынан «Темiршi» деген 
фотоальбомдары  шықты.  Бұл  –  қазақ  мәдениетiнде  бұрын-соңды 
болмаған үлкен жаңалық, ерен еңбек. Талай альбомдар шығып жатыр 
ғой,  бiрақ  дәл  осындай  ұлы  өнердi  насихаттайтын  энциклопедиялық 
еңбектi өз басым көрген емеспiн.
Бұл жiгiттердiң проблемасы осымен таусылған жоқ. Iстеген iстерi 
көп,  мұны  бiрiншi  халық  бiлу  керек.  Демек,  ағайынды  ұсталарға 
мемлекет тарапынан қолдау көрсете отырып, арнайы ұстахана соғып 
беру керек. Азаматтар сол ұстаханада кейiнгi ұрпаққа темiршiлiк өнердi 
үйрететiн арнайы мектеп қалыптастырар едi. Ешкiм мәңгiлiк емес, бәрi 
кетедi. Әңгiменiң ашығына келсек, ағайынды ұсталар кеткен күнi ұлы 
өнердiң игерiлмей қалу қаупi тұр. Сондықтан шәкiрттер дайындайтын 
кешендi темiршiлiк ұстахананың iргесi қаланып, талантты шәкiрттердiң 
басын бiрiктiрсе ғанибет болар едi...

70

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет