Әдебиеттер
1. Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. –
440 б.
2. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы: Оқулық. – Алматы, 2001. – 213 б.
3. Қазақ халық әдебиеті. ІІ том. – Алматы: Жазушы, 1988. – 288 б.
4. Қазақ ертегілері. – Т.2: Батырлық, тапқырлық жайлы ертегілер. – Алматы: Жазушы, 2000. –
272 б.
5. Қазақ ертегілері. – Алматы: Жазушы, 2009. – 320 б.
68
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ӨСІМДІК АТАУЛАРЫНЫҢ ТІЛДІК СИПАТЫ
Э.Н. Жангожина, А.С. Иманбаева
№30 жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет мұғалімдері
Павлодар қаласы
Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бұл – оның қолдану аясы болашақта бұрынғыға
қарағанда әлде қайда кеңейеді деген сөз. Осы жолда ол ең алдымен ғылым тіліне
айналуы керек. Ал ғылым салалары бойынша жасалған терминологиялық
сөздіктердің алатын орны ерекше.
Адамзат тіршілігінде өсімдіктер дүниесінің маңызы өте зор. Ерте кезден
бастап-ақ ата-бабаларымыз өсімдіктерді зерттеп, танып-біліп, ат қойып, олардың
жеміс-жидектерін, дәндерін азыққа, ал жапырақ, сабақ, гүл, тамырларын дәрі-
дәрмекке, тері илеуге, түрлі нәрселер бояуға пайдаланып келген. Бертін келе адам
өсімдіктердің ішіндегі бастыларын қолдан өсіретін болды. Бұл күндері олардан
көптеген азық-түліктік қорлар, әр түрлі өндірістік шикізаттар аламыз, құрылыс
материалдарын даярлаймыз.
Жер беті өсімдіктер дүниесіне өте бай. Дүние жүзінде олардың 500 мыңдай
түрі өседі екен. Сол 500 мың өсімдіктің 220 мыңдайы суда, қалғандары құрлықта
өсетін көрінеді. Ал қолдан өсірілетін мәдени өсімдіктердің түрі 20 мыңнан асады.
Табиғаттың осы ұшаң теңіз байлығынан Қазақ жеріне де аз үлес тимеген [1].
Республика ғалымдарының мәліметтеріне қарағанда бізде өсімдіктердің 6 мыңнан
астам түрі өседі. Сол 6 мың өсімдіктің 760-ы, яғни 12,6 – тек біздің жерімізде ғана
өсетін эндемик өсімдіктер. Бұлар басқа еш жерде өспейді.
Бірақ осы өсімдіктердің атауларын жақсы біле бермейміз. Бұл, әсіресе, жастар
жағынан көбірек байқалады. Олардан: «Мына өсімдік қалай аталынады?» – деп,
сұрай қалсаң, – Е, шөп қой, – дейтіндер жиі ұшырасады. Тілге жетік-ау дейтін
жазушыларымыз бен журналистеріміздің өздері де мұндай кемшіліктен құр алақан
емес. Олар жер бетінің «түгі» туралы жаза қалса: «Мұнда малға жағымды құнарлы
шөптердің әр түрі табылады» немесе «қызылды-жасылды гүлдер жайқалып тұр» деп,
сыдыртып өте шығады. Өсімдік атауларын атауға тура келсе, оның орысша атын
бейім тұратындар да жоқ емес [2].
Қазіргі қазақ тілі – сөздік құрамы мен тұрақты тіркестері жағынан және
олардың мағыналық (семантикалық) өрісінің кеңдігі мен стильдік түрленуі жағынан
кедей тіл емес. Солай бола тұрса да, қазақ тілінің сөздік құрамын орыс, ағылшын
тілдерінің сөздік құрамымен қатарластыра алмаймыз. Қатарластыра алмайтын
себебіміз – орыс тілінің сөздік құрамында 120 мың сөз болса, ағылшын тілінде 415
мың сөз бар. Біздің он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»өсімдікке
қатысты небәрі 67 мыңдай ғана атау сөз қамтылған.
Мұның сыры: бағзы замандардан бері келе жатқан ата мұра – халық тілінің мол
байлығын, оның сан алуан салалары мен қат-қабат арналарына тән лексикалық
қорын түгел жинап, оларды сөздіктерге кеңінен ендіру, мән-мағыналарын ашу,
сөйтіп ол сөздерді халықтың кәдесіне асырып, илігіне жарату, сол арқылы тіл
байлығымызды өзімізге де, өзгелерге де көрсете, дәлелдей білу жағы бізде әлі
жетіспей жататындығында. Бұған мысал ретінде сөздік құрамымыздың шұрайлы бір
саласы, бізге зерттеу объектісі болып отырған өсімдік атауларын келтіруге болады.
Жер бетінің өсімдіктер жамылғысы өте мол. Дүние жүзінде олардың 500
мыңдай түрі өседі екен. Бұлардың ішінде аспанмен таласатын биік пальмалармен
қатар тек микроскоп арқылы ғана көрінетін бір клеткалы балдырлар мен
саңырауқұлақтар да бар. Сол 500 мың өсімдіктің 220 мыңдайы суда өсетін көрінеді.
Ал қолдан өсірілген мәдени өсімдіктердің түрі 20 мыңнан асады [3].
69
Қазақ халқының тек қазіргі уақытта ғана емес, тіпті ерте дәуірде де алалы
жылқы, ақтылы қой айдап, негізінен мал шаруашылығымен айналысып келгендігі
бәрімізге белгілі. Жер бедерінің түгінсіз осыншалықты мал өспеген болар еді.
Сондықтан да, халқымыз жер бетіндегі өсімдіктер дүниесіне тым ерте кезден бастап-
ақ зер салып, көңіл қойған. Олардың қайсысы қай малға жұғымды екендігін, қай шөп
олар үшін пайдалы, қай шөп зиянды (улы) екендігін ажырата білген. Тек ажыратып
қана қоймай, ол өсімдіктердің түр-түсін саралап, әрқайсысына жеке-жеке ат қойып,
айдар таққан.
Өздеріне керекті заттардың бәріне ат қою, оларды түрлі сөздермен белгілеу –
адамзат үшін қазір де қажет, алғашқы дәуірде де маңызы болған. Сондықтан,
тіршілік тірегі – өсімдіктерге ат беру адамзат жаратылғаннан бері қарай келе
жатыр, – десек, артық айтқандық емес.
Ал ат қою дегеніміз не?
Ат – белгілі бір затты, нәрсені қоғам мүшелері жақсы білуі, тануы үшін, сол
затқа тағылған сөздік белгі. Ол белгі бүкіл қоғам мүшелеріне ортақ болуы керек
және заттың ең басты қасиеттерін қамтуы қажет. Кез келген заттың немесе ұғымның
аты, атауы – барлық білімнің, ғылымның ең бірінші қадамы.
Өсімдік атаулары да басқа кез келген заттардың атаулары сияқты қажеттіліктен
туған. Адам белгілі бір өсімдікке ат қойғанда оны өзі сияқты басқа өсімдіктермен
шатастырмас үшін, басқалардан ажырату үшін олардың әрқайсысына өзінше бөлек-
бөлек ат қояды.
Өсімдік атауларының ішіндегі ең алғашқылары (көнелері) қайсысы? – дегенге
дәл жауап бере қою, әрине, оңай емес. Өйткені өсімдік атауларының көбі – халықпен
бірге жасасып келе жатқан сөздер.
Халық тарихы тым ертеден (көне дәуірден) басталатындығы мәлім. Ендеше
«мына атау бірінші шықты», «ана атау екінші шықты» деу үшін, сол халықпен бірге
туып, бірге жасасып, әр сөздің шығу тарихына жылнама жазу керек. Сонда ғана біз
жоғарғы сұраққа дәл жауап бере алған болар едік. Бұл, әрине, ешкімнің қолынан
келмейтін нәрсе. Сондықтан біз ең байырғы өсімдік атауы – не ағаш пен бұтаның, не
жеміс пен жидектің, болмаса астық тұқымдастардың біреуінің атауы болуы мүмкін
деп жобалаймыз.
Қайсысы болған күнде де, әйтеуір, алғашқы қауымдық құрылыстағы
адамдардың күнделікті тіршілігіне, күнкөрісіне аса қажетті, маңызы зор, пайдасы
мол өсімдік атауларының бірінің аты екендігі дау жоқ.
Ондай «аса қажетті» өсімдіктер деп біз тамақ үшін пайдаланылатын, онсыз
тіршілік жоқ бидай, арпа, тары, бұршақ сияқты дәнді дақылдар мен алма, өрік, шие,
бүлдірген, жүзім тәрізді жеміс-жидектерді айтамыз. Бұлардың қатарына желден,
суықтан қорған болатын, басқа пана, жанға сая: қарағай, тал, терек, қайың, емен
сияқты ағаштарды да жатқызуға болады.
1985 жылы шыққан «Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар» деп аталатын
еңбекте өсімдік атауларына байланысты «жаңа сөздер» деп ас көгі (укроп), қыша
(горчица), салалы зығыр (лён-долгунец), тұмыр (редька) деген төрт сөзді
келтіріпті [4]. Бұлардың ішінде ас көгі сөзін Ж. Досқараев кітабында ашкөк (аскөк)
түрінде берген. Содан бері қанша жылдар уақыт өтсе де, бұл сөзді әдеби тілдегі жаңа
қолданыстардың қатарына жатқызуға болар. Ал қыша, зығыр, тұмыр сөздерінің
қазақ тілінде айтылып келе жатқанына қай заман. Сол себептен де, бұларды жаңа
қолданыстардың қатарына жатқызуға бола қоймас [5].
Осылардың қайсысының аты ең алғашқы атау екендігін біз бұл күнде дәл айта
алмаймыз. Есесіне дәл айта алатынымыз – өсімдіктерге байланысты ең жаңа атау.
Ол – қарағалдақ деп аталынады. 1986 жылдың 12 шілде күні «Вечерняя Алма-Ата»
газетінің 161 (5808)-ші санында қарағалдақ (черный тюльпан) гүлінің өмірге
70
келгендігі хабарланды. Қарағалдақты ғалымдар қызғалдақ сорттарын ұзақ уақыт
және үзбестен будандастыру арқылы шығарған. Оның сабағы да, жапырақтары да
мықты, гүлі де әдемі. Мұндағы «қара» сөзі өсімдік гүлінің түсін көрсетіп тұрса,
«ғалдақ» сөзі оның қандай өсімдік екендігін, яғни гүл екендігін білдіреді. «Ғалдақ»
сөзі көне түркі тілінде «гүл» деген мағынада жұмсалған.
Сида атауының (орысша аты да дәл осылай) пайда болуына да көп уақыт
болған жоқ. Бұл 1984 жылы Жезқазған облыстық ауылшаруашылық тәжірибе
станциясы шығарған мал азықтық шөптің ресми аты. Ол – құлқайыр тұқымдасына
жататын мәдени дақыл. Құрамындағы протеиннің мөлшері жөнінен ол бұршақ
тұқымдастарға жақын. Сида өте тез өседі және үнемі жап-жасыл күйінде тұрады.
Оның қоректік қасиеті жоғары. Силос жасауға да жарамды. Сиданың әр гектарынан
320 центнерге дейін көк масса алуға болады [6].
Мысалы, көкғалдақ атауын алалық. Мұндағы «көк» сөзі өсімдік гүлінің түсін
көрсетіп тұрса, «ғалдақ» сөзі оның қандай өсімдік екендігін, яғни гүл екендігін
білдіреді. «Ғалдақ» сөзі көне түркі тілінде «гүл» деген мағынада жұмсалған.
Таусағыз деген атау да осы сияқты. Біз ол арқылы өсімдіктің «тауда өсетіндігін»,
пайдалылығы жағынан «сағыз» беретіндігін байқаймыз.
Бұдан сәл бұрынырақ бидай-бидайық деген атау дүниеге келген болатын. Бұл
өсімдік атауы орыс тілінен «пшенично-пырейный» деген сөздерді қазақ тіліне
аударып, аналитикалық тәсіл арқылы жасалған сөз. Ол – бидай мен жабайы өсетін
бидайықты серіктестіруден шыққан будан. Бұл өсімдік өзінің топырақ талғамайтын-
дығымен, ауруға, суыққа, ыстыққа, зиянкестерге төзімділігімен ерекшеленеді. Ол
қатарынан бірнеше жыл өседі және әр жыл сайын жақсы өнім береді [7].
1959–1960 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ботаника
бағы раушан гүлінің (розаның) бірнеше жаңа сорттарын шығарды да, олардың
біріне – ботагөз деп, екіншісіне – қызжібек деп ат қойды. Бұл гүлдердің атауы екі
сөзден (түбірден) бірігіп, бір затты екінші бір затпен салыстыру арқылы жасалған.
Кезінде бұлар да өсімдік атауларына байланысты жаңа атаулар болатын [8].
Бұлар сияқты жаңа атаулар тілімізде жетерлік. Қазақ тілінің өсімдік
атауларына тым бай екендігіне көз жеткізіп отырмыз.
Жалпы, өсімдіктерге ат қоюда қазақтан шебер халық жоқ сияқты көрінеді.
Белгілі бір өсімдікке ат қоярда оның ең басты белгісі негізге алынады. Айталық,
түйетікен екі сөздің бірігуінен жасалған шөп атауының қойылуына, бірінші кезекте,
сол өсімдіктің тікен екендігі (ерекше белгісі), екінші кезектен, оны түйе малының
сүйсініп жейтіндігі (шаруашылық маңызы) немесе бойы, көлемі жағынан оның «түйе
сияқты» ірі болуы (бір нәрсеге теңеу) үлкен себепші болып тұр. Тағы сол сияқты:
қараспан, киіз-киік, көкзеңгір, балтасап, бұқамсілекей, әсемсары, меңдіқара,
балмұрын, үркергүл, ақжүрек, сусімір, өсершөп, итемген, атқұтыртқан, малжемес,
құсқонбас, ақкелін, кемпіршаш, келіншекбоз, балақыз, кәріқыз, шаштықыз,
аюқұлық, қазмойын, қоянқұлақ, түлкіқұйрық, ботатабан, қарғатұяқ, жыланбас,
бөлтірік, шеттік, қуырдақ, суыртпақ, осылай тізіліп кете барады [9].
Бүгінгі таңда қазақ тілінде өсімдік атаулары өте көп. Олар тілімізде ғасырлар
бойы қолданып келе жатыр. Сондықтан, өсімдік атауларын лексикалық
байлығымыздың қатарына жатқызуға әбден болады.
Бірақ ол атаулардың бәрі бірдей әдебиет беттерінен көрініс тауып, өз орнында,
өз мағынасында қолданылып жүрген жоқ. Көптеген өсімдік атауларын елдің бәрі
біле бермейді. Білгендеріміз болса, оларды жазып, зерттеп, көпшілікке танытуды
мақсат етпейміз. Тіпті өсімдіктердің атын атап жатуды артық санайтындарымыз да
бар. Ал егер алда-жалда атай қалсақ, оның қазақша атауынан гөрі орысша атын
пайдалануға бейім тұратындарымыз да жоқ емес.
71
Әдебиеттер
1. Флора Казахстана. – Алма-Ата, 1956–1968. – 1-9 т.
2. Байынқол Қалиұлы Өсімдік атауларының орысша-қазақша сөздігі – Алматы: Ана тілі,
1993. – 104 бет.
3. Ғалам ғажайыптары. – Алматы, 1968. – 252-б.
4. Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар. – «Ғылым» баспасы, 1985.
5. Досқараев Ж. Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері. – 1955. – 18-б.
6. Социалистік Қазақстан. – 1984. – 24 маусым.
7. Сыбанбеков Қ. Өсімдіктер сыр шертеді. – Алматы, 1982. – 16-б.
8. Центральный Ботанический сад АН КазССР (Краткий путеводитель). – Алма-Ата, 1971. –
С. 42
9. Қалиев Б. Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары. – Алматы: Ғылым, 1988. – 159 б.
«АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫНДАҒЫ КҮЛКІ ТҮРЛЕРІНІҢ
КӨРІНІСІ
Н.Қ. Жүсіпов, А.Р. Рахатжан
С. Торайғыров атындағы ПМУ, Павлодар қ.
Тағдыры да, жазылуы да күрделі «Абай жолы» роман-эпопеясы өзінің қыр-
сырының молдығымен, саты-жолдарының алуандығымен әр уақытта да қайта-қайта
айналып соғуды қажет ете береді. Ал мұндай эпопеяны халқын шын сүйген адам
ғана жаза алады. М. Әуезовтың бұл эпопеясы болмаса қазақ өмірі, оның кім екендігі
дәл сондай құдіреттілікпен дүниеге танылмас еді. Енді ол бүгін, келешекте де қалам
ұстап сөз, ой қууды нысанасы еткендердің алдына көз қадар темірқазығындай,
құламасы, жыра-жықпыл, қойын-қойнау, құз-қиясы мол асуларды тастап кетіп отыр.
Қандай ел, қандай ұлтты да қатарға ақыл-ойы, кемел-тұлғалары қосады, онсыз
санының көптігі де, тарихының көнелігі де сеп бола алмайды. Осы өлшеммен
келгенде «Абай жолы» халқымыздың ақыл-ойын биікке көтерген туынды болып
отыр. Туындыдағы іс-әрекет, сөйлесім барысында туындаған күлкі және оның
түрлерін басты назарға алып, барынша талдамақпыз.
«Абай жолы» эпопеясында адамдар күлкісін бергенде, суреткер әйтеуір бір
күлуді емес, әр адамның шыққан тегіне, ой-өрісіне, мінез ерекшелігіне, жас
мөлшеріне, көңіл-күйіне сай «өзіндік» күлкісі болуын қадағалайды. Мәселен:
1. Ал мен ол жерге мынау шешең тіккен тобықты тымағыммен барам ба, жоқ
әлде енді қартайғанда дуанадай болып басыма сәлде орап барам ба? – деп өз жайын
мысқылдап күліп алды. 2. Ол қатарынан үш балуанды келістіре соқты да, түйіншек
ішіндегі бәйге ақшасын қолына алған, ақсия күліп Абайға келді (М.Ә.). 3. Абай
қатты сылқылдап күлгенде, Жұман оянып кетіп, басын көтерген . 4. Абай күтпеген
сәтте, баяғыдағы бір өр мінезіне басып, ескісін еске түсіріп, сылқ-сылқ күлді. 5. Әбіш
пен Мағаш үңгір ішін жаңғыртып сақылдап күлді. 6. Оразбай мен Есентайға осы
жайдың шеті мәлім болса да, мына тұста айыздары қанып, кеңкілдеп күле берісті.
7. Сол бір олақ сөзді, әсіресе, қатты даурығып айтып, елден бұрын өзі тарқылдап
күлген-ді. [1, б. 204]
Алғашқы мысалда МЫСҚЫЛ әжуа, сықақ, келеке ету [2,609] мағынасында
қолданылса, екінші мысалда АҚСИЮ тістің аппақ боп көзге ерекше көрініп күлу
түрі, яғни езу тарта күлуі [2, б. 33], СЫЛҚЫЛ сылдырлап, сыңғырлап шыққан дыбыс
үн. [2, б. 759] СЫЛҚ-СЫЛҚ сылқылдап, рақаттана күлді [2, б. 759]. САҚЫЛДА сақ-
сақ еткен дыбыс шығару [2, б. 700]. КЕҢКІЛ күлгенде я жылағанда үзік-үзік
шығатын үн [2, б. 384]. ТАРҚЫЛ тарқ-тарқ еткен дыбыс; қарқылдап күлу [2, б. 785].
Күлкілердің әрқайсысы өзінше жасалып, өзінше ерекшеленеді. Аталмыш күлкі
түрлері әсіресе, ер азаматтарға тән . Себебі, қазақ танымында қыз баланың, әйел
72
адамының мысқылдай, кеңкілдей, тарқылдай күлуі оғаш саналып, тәрбиеге қарсы
болып есептелінеді.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін, эпопеядағы күлкі түрлеріне жеке тоқталып өткіміз
келеді.
Екеуі асау көк құнанды жетектеп бара жатқанда, бір төбелесқой, тентек Сағит
деген баланың бұларға істеген қырсығын да есіне алды. Қазір нығызсып отырған
Жұмабайға қарап жымиып күліп қойды. Бұл жерде жазушы кейіпкердің күлу
барысында тек қана бет-әлпетінің қимылын байқатады. Өткенде болған жағымсыз
оқиға есіне түсіп, еріксіз езуін қозғалта жымиғанын байқаймыз. Ал келесі екі
мысалда Абай мен Жақыптың бейнесінен шегіне жеткен күлкі түрлері аңғарылады.
Асау тоқтамаған соң, шылбырды беліне орап алған Жұмабай шалқайып
табандап тартып, көше бойының құмын боратып, тағы да рәсуа болған. Бұл тұста
Сағитқа қосылып Абайдың да ішек-сілесі қатып еді. [3, б.24]
– Ал бәлем, соңынан қалмайсың!..Алар сыбағаңды алдың ба?.. Шоқ!.. Шоқ
енді!.. – деп, Жақып қып-қызыл боп, ішек-сілесі қатқанша күлді. [3, б. 118]
ІШЕК-СІЛЕ: ішек-сілесі қатты – ішегі түйілгенше күлді [4, б. 769]. Бұл нағыз
жүрек күлкісі. Ешбір бояуы жоқ, адамның еркіне бағынатын делебесін қоздыратын
күлкі түрі.
Тобықты жасының бұл жиынындағы үлкені Базаралы күле сөйлеп, жауап
қатты. Абайға қалжыңдап:
– Осының бәрі рас, Абай. Жігіт қадірі өнерімен өлшенсін! –деді әдейі
ойнақыланып, серпе сөйлеп. – Пәлей! Мақұл-ақ! Ал, ендеше, мен нені айттым?!
Менің айтқаным да, істегенім де, түгел Тобықты бәріне танытам дегенім де осы ғана
емес пе еді, сығыр-ау! Кедейшілігіме қарама, кісілігіме қара демеп пе ем? Өй,тәйірі-
ай, іші терең жігіт десем, сен де осындай үстірт пе ең, Абай? Саған осыны ұғындыру
үшін сонау Көкшетаудан, исі Арқадан тек Біржан ғана келуі керек пе еді? – деп
назбенен, ойын пішінмен сақ-сақ күлді...[5, б. 52] Бұл мысалда Тобықтының жігіт
ағасы Базаралының Абайды мазақ, келеке қыла отырып, сөзбен мұқата сөйлеп,
сақылдаған үнмен іштен шыққан бояулы күлкісін байқаймыз.
Роман эпопеядағы ең жиі кездесетін күлкі түрі «қарқ-қарқ» күлу. Қазақ танымы
бойынша аталмыш күлкі тек ер азаматтарға тән және суреткер бұл күлкі түрін шебер
қолдана білгендігін төмендегі мысалдар айғақтайды.
– Уай, жараңдар! Бұл түстен кейін маңырайтын ақсақ қой дейсіңдер. Тіпті, ол
емес!..Мына Бөкенші екен ғой түстен кейін маңырайтын. Көктемде өлген Қодарға
күземде кеп сүйекші болған кімді көрдің ? Мұны көрген кім бар десеңші, – деп
қарқ-қарқ күлді. [3, б. 70]
Мынау топ Дәрменнің дуадағын Ерболдың қанжығасына байлап, енді
түгелімен Шұбарға келдің. Ол жерде жүресінен отырып, қаршығасын етегімен
қоршалай бүркеп апты.Бұндағы жайды өзгеден бұрын Көкбай түйген екен. Енді
Шұбарға қарап, қарқ-қарқ күледі [5, б. 14].
Осындай керіс үстінде топ тегіс иіріліп, тоқырап қалды. Әрлі-берлі өткен
жүргіншілер тағы кеп қосылып жатыр. Жаңағы даурықтардың бәрін естіп, тоқыраған
Шөженің өзі. Ол қатты, ашық дауыспен қарқылдап сүйсіне күліп:
– Уа, жараңдар, мен бір ақыл айтайын ба?.. – деді [3, б. 110].
Үйдің іші тегіс елең етіп, Абай жауабын баққан Қадырбай қатты қарқылдап
күліп жіберді [3, б. 260].
Оспан әр сәтте қарқылдап күліп:
– Бәсе...бәсе! Сой, сөйтіп! Таспа тілгендей соқ, бауыр сыртынан! – дей түседі
[5, б. 35].
ҚАРҚЫЛ 1. Қарғаның қарқылдаған дыбысы. 2. Қатты күлген күлкі [4, б. 382].
Осы орайда қарқыл сөзі қарғаның қарқылынан туындап, адамдардың сол дыбысқа
73
еліктеп,ұқсатуына байланысты пайда болғандығын ескеру керек. Демек, қарғаның
қарқылындай қарқ-қарқ күлкі ер адамдарға жарасқанымен, бұл күлкіні әйел адам
бейнесіне салу мүлдем мүмкін емес.
Бөжей мұның ішкі сырын білмеп еді. «Даңдылы қорқақтығы, Құнанбайға
қарсы шаба алмайтын ежелгі маймақтығы» деп мырс етіп, мұрт астынан күліп
қойды [3, б. 72]. Мұртынан күлді – күлімсіреді, мырс етті [4, б. 469]. Бұл да жоғары-
дағы мысалдар тәрізді тек ер адамға тән күлкі. Дауыс шығармай, өз ішінен тынып,
өзгелерге беймәлім көрінгенімен, күліп отырған адамға ғана мәлім күлкі түрі.
Майбасар сеңсең ішігінің жеңін киіп, қақпаға қарай беттей берді. Жақып та
солай басты. Абай өзгелерден қалайын деп еді, Майбасар артына бұрылып:
– Абай, сен де жүр!..Атаң ғой, атаңа сәлем бер, -деп, мысқыл еткендей сылқ-
сылқ күлді [3, б. 99].
Тілмаш Абайды керексіз сөзден тоқтатпақ болып:
– Сен білмейсің, ұқпайсың деп айтады мына ісі, – деді.
Абай намыстанып қалып, мысқылдай күлді [3, б. 358].
Абай қатты сылқылдап күлгенде, Жұман оянып кетіп, басын көтерген. Ол
Абайды жақтырмай қарады. Қанталаған көзін қиыс бір тастады да, Абай жақтан
басын теріс бұрды [3, б. 29].
Менде осы не ақысы бар «қырт» деп қыр соңымнан қалмайтын! – дегенде Абай
қолын жуа алмай, өне бойымен селкілдеп, қатты сықылықтап күлді. Екі көзінен
жас аққанша күлген. Бұның күлкісіне сыңғырлаған Әйгерім күлкісі де қосылды [6,
б. 31]. Мысалдағы селкілдеген қозғалыс арқылы күлкінің өне бойын кернеп қатты
шыққанын аңғарамыз және бұл күлкіге сыңғырлаған нәзік, қызға тән қылықпен
қосылған күлкі түрі шырай бергендей. Ер азамат бойына тән күлкіге әкеліп қиылған
қыздың күлкісін қосып туындыны әрлі еткен жазушы шеберлігіне шек жоқ.
– Болды, жетті! – дескен ширақ үндер, шапшаң жауаптар естілгенде, Абылғазы
сақылдап күліп жіберді. [6, б. 75]
– Тапқан екенсіңдер, шын шешенді. «Кенеуі жоқ кей билер, құр зорлайды
тақпаққа» дегені қәне?!
Кәкітай қатты сүйсініп, сақылдап күліп жіберді. [7, б. 234]
Шұбар:
– Абай аға, біреулер ақырзаман болады десе, сіз жақын заман, жақын заман
болады дейсіз. Ондай жақсылығыңыз анық болса, болды-болды өзі тез болса екен!
Соны айтып бересіз бе? Тым құрыса, осы отырғанымыздың бірде-біріміз көретін
жақсылық тақау ма? Өзін бұл жүрген тіріміздің көретініміз бар ма тегі, жоқ па? – деп
жұрт күлмесе де өзі саңқылдап күліп алды. [7, б. 290] Жоғарыдағы мысалдың
алғашқысында Абылғазы риза болып сақылдаса, екінші мысалда Кәкітай айтылған
сөзге сүйсіне сақылдай күледі. Соңғы мысалда жұртты өзіне қарату үшін, Абайдан
жауап алу мақсатында айтылған сөз саңқылдаған күлкімен түйінделіп отыр.
Сонымен, жазушы қаламының шеберлігі соншалық, бір Абай бейнесі арқылы
алуан түрлі күлкіні барынша бейнелеп, айшыққа салып өрнектеген. Ер азаматтың
болмыс-бітіміне, мінезіне, жас ерекшелігіне сай күлкі түрлері асқан шеберлікпен
көрініс тапқан.
Түйіндей айтқанда, осы айтылғандардан шығатын қорытынды: М. Әуезовтің
роман-эпопеясы күлкі тақырыбын тұтас бірлікте алып қарауды қажет етеді. Өйткені
күлкі тақырыбы қазіргі таңда кең талқылауға түсіп жүрген тақырыптардың бірі.
Әуезов туындысы арқылы қазақ дүнитанымындағы күлкі және оның түрлерін
нақтылап ашып алуға, қайсысы қай мезетте орын алады, қай күлкі қандай адамға
жарасымды, қызға тән қылықты күлкі, ерге тән салмақты, салиқалы күлкі не екенін
анықтауға жол ашылмақ. Бізде шағын мақаламызда осы мәселені талқылап, талдауға
түсірдік.
|