Таңдағаның сатира.
Сатып алып жүрсің бе
Сау басыңа сақина?
77
Азаматсың аты бар,
Жүрегінің оты бар.
Тұрған жерің – Алматы,
Туған жерің – Отырар.
Барыс жылғы барыссың,
Бұғып жатыр атылар!
Қой, Көкешім, қабынба,
Деміңді ал, дамылда.
Ұқсайтұғын сабынға
Ұлықтарға жалынба!
Өлсе сені қоспайды
Парламенттік табынға.
Қышымасын иегің,
Тайқымасын тиегің.
Мұрны жырық келеді
Көзі соқыр түйенің.
Етің әкімдердікі,
Еліңдікі сүйегің.
Көпен, қайда барасың,
Қай төбеге қонасың?
Күзеткелі жүрсің бе
Шенеуніктің қорасын?
Өзіңе де сол керек,
Сабасын да тонасын!..
78
ОТАНЫҢ ҚЫМБАТ
(Бекен Кемелбековке)
О, Беке, бүгін дәміңді таттық бұйырған,
Жақсы мен жайсаң төріңе келіп жиылған!
Шұбартау жері ақтылы қойға мыңғырып,
Балғаның басы босамаушы еді сиырдан.
Қарасаң енді ойменен шолып қиырдан,
Күрсінеді елің аруаққа ғана сиынған.
Бақанас саған ботадай боздап жылайды,
Сарқылып суы, жағада талы сұйылған.
Қайран ел өтер жол тауып шатқал-қиыннан,
Ырыздық сауып тамшылап аққан тиыннан.
Бұзылған бірақ мектебің келмес қалпына,
Кірпіші кеше қолымен әкең құйылған.
Кетпейді бұл жай менің де, Беке, миымнан,
Надандық пенен малғұндық қашан тыйылған!?
Төбесін ашып, тақтайын отқа жағыпты
Әлдебір әкім танауын көкке шиырған.
Балалық күннен сол еді бізге бір белгі,
Ол да жоқ енді, тартасың сотқа кімдерді?
Бақыттың күні басыңда шалқып сен тұрсың,
Бекітіп алып, биікке шығып іргеңді!
Жасай бер өрде, өрелі туған жайсаңым,
Арманға жетпес санаумен қазақ қой санын.
Ауыл мен бауыр ойыңнан ешбір шыққан жоқ,
Қарсы алдың күліп, құшағын саған жайса кім!
Желкілдеп өссін немерең алтын құндақты,
Бір ғажап өмір іңгалап саған тіл қатты!
Атаң да қымбат, ботаң да қымбат, жан досым,
Отаның бірақ бәрінен соның қымбатты!!!
79
ДОСҚА
(Құныпия Алпысбаевқа)
Құнашжан, келдің, міне, сен де алпысқа,
Қарайсың ой жіберіп енді әр тұсқа.
Бір кезде Алматыда жүруші едік,
Ұмтылып ұстатпайтын арман-құсқа.
Қырық жыл қатар жүріп ғұмыр кештік,
Сырластық, той тойладық гуілдестік.
Тұрмасақ сағынушы ек апта сайын,
Шырқаған «Сары бидайды» үніңді естіп.
Ержеттің әкең менен анаң қолдап,
Көп әлі бақыт құсы саған қонбақ.
Жастық шақ Алматыда қалып қойған,
Аулайды көңіліңді сәлем жолдап.
Алпыстың мықтап ұстап қыл шылбырын,
Алшаңдап Астанада жүрсің бүгін.
Жігітсің қаршадайдан естіп өскен
Мөлдіреп таудан аққан су сылдырын.
Сусындап жүрегіңнің тұнығынан,
Жаныңды бір досыңмын шын ұғынған.
Сел жүріп, дүние көшіп жатса-дағы,
Келмейді Сырдың суы жұлығыңнан.
Сабаз да, сарбаз да сен саспайтұғын,
Сабырың сабасынан аспайтұғын.
Әліптің артын бағып әрқашанда,
Табаны сызды жерді баспайтұғын.
Сақталған секілдісің асыл мұра,
Сыйлайтын досың түгіл қасыңды да.
Өзгеге қия алмаймын, қадірлі дос,
Үзіліп түскен бір тал шашыңды да.
Ежелден етек-жеңі кең жайылған,
Қазақтың баласысың мал қайырған.
Күн сүйіп жарқыраған маңдайыңнан,
Өлгенше ән кетпесін таңдайыңнан!
80
СЕЙІЛҒАЗЫҒА
Әкең тартып домбыра, өзің қалам ұстадың,
Көріп өстің көк өзек кер заманның қыспағын.
Қара пышақ жалғанда қан түбінде қалған ба,
Сертке соққан семсері сенсің шебер ұстаның!
Ертегідей есіңде Емілдегі қыстағың,
Мекен еттің пейіштей кең даланың пұшпағын.
Балапан қаз секілді бергі бетке өткен соң,
Алакөлге белгілі қонғаның мен ұшқаның.
Мың құбылған көрдің бе дүниенің мыстанын,
Көк түтінге ендің де көкіректі ыстадың.
Көз алдыда кешегі көлдей кешіп көшені,
Сейіл сері атанып, айдай ару құшқаның!
Өмір деген ойласаң, өте шығар қысқа күн,
Алматыда досың көп, жоқ бірақ та дұшпаның.
Ұлы бабаң Қабанбай қуса қалың қалмақты,
Үркіте алмай сен жүрсің жаудың қара тышқанын...
Өле-өлгенше тарқамас көңілдегі құштарың,
Өрнегіне ғашықсың елудегі нұсқаның.
Күдеріңді үзбейсің көк тұлпардан, бауырым,
Жұртта қалған іздейсің алтын ердің пыстанын!..
81
МЕДЕТКЕ
Ұшқынын алаулатып жан отының,
Елуге келіп қапсың, Медет інім!
Серпінін бала жастан сезіп өстің
Шығыстан ұшқан қыран қанатының.
Жігітсің ата көрген – оқ жонатын,
Жөнің жоқ жасқанатын, қорғанатын.
Елуің құтты болсын, ерке бауыр,
Кезең бұл ойланатын, толғанатын.
Көп әлі көрмегенің көргеніңнен,
Шалқисың өрге тартып өр көңілмен!
Еліңе сол баяғы сәбидейсің,
Елуге әжептәуір келгеніңмен.
Туғансың текті әкеден, текті анадан,
Тұлпардай кекіліне шоқ қадаған.
Халқының қолқанаты болған ұлға
Қашанда Қызыр дарып, бақ қараған.
Риза ұрпағына Құлжан атаң,
Үмітін ақтадыңдар туған Отан!
Алдыңда Медғаттай ағаң барда,
Демейсің отқа жанып, суға батам.
Ақ көйлек, аңқылдаған, асыл бауыр,
Жақсының бәрі, міне, қасыңда жүр.
Қазақтың аспандайтын келді кезі
Осынау бақыт қонған ғасырда бір.
Елу жас көрсетеді жол ортаны,
Арқаңа ауыр жүгін ел артады.
Айналаң гүлдей жайнап тұрған кезде,
Жастығын адам қалай жоғалтады!
Қызықты бірге көріп еліңменен,
Аса бер асулардан сенімменен.
Бау-бақшаң – бала-шағаң өсіп-өніп,
Жүзге жет қол ұстасып келінменен!
82
ҰСТАТПАС ЖҮЙРІК УАҚЫТ
(Нағашыбай Атшабаровқа)
Уа, Нәке, болсын мынау тойың құтты,
Жігітсің бойың мықты, ойың мықты.
Үйіңе тұңғыш келін түскен кезде,
Жасапсың тойға мықты дайындықты.
Бұл тойға қалың қазақ жиылыпты,
Жан-жақтан аққан судай құйылыпты.
Келіннің оң аяғы құтты болсын,
Бір жұлдыз маңдайыңа бұйырыпты.
Бейбітің тұңғыш ұлың – төлдің басы,
Отызда орда бұзар ердің жасы.
Балаңның құтты болсын таңдап жүріп
Қондырған алақанға қарлығашы.
Ұстатпас жүйрік уақыт қашағандай,
Қарашы, бүгін қандай, кеше қандай!
Шиыршық атқан шымыр жігіт едің,
Денеңді тастан құйып жасағандай.
Бұл күнде генералсың буырыл шашты,
Тарпаңдай басып келген тау мен тасты.
Әйкен де ене болды ақ самайлы,
Сұлу қыз ай маңдайлы, қалам қасты.
Бұл келін көптен күткен келін еді,
Қалайша жақсы келін ерінеді.
Әйкеннің қолын малар жылы суға,
Дильяра текті жерден көрінеді.
Бұл тойға ана келді, ата келді,
Аттарын шыға алмаспын атап енді.
Шалынсын тәңірінің құлағына,
Балаға генералдар бата берді.
Төріңде немерелер салып ойнақ,
Көбейсін төңірегіңде ауыл-аймақ!
Немерең өзіңнен де оза шауып,
Қамықсын туған елдің қамын ойлап!
83
СЕЗЕРСІҢ СӨЗ АСТАРЫН
(Марқұм Дінәш Нұрмұғамбетов
50-ге келгенде жазылған өлең)
Кісіге 50 деген – ердің жасы,
Көкорай, айдын шалқар көлдің қасы.
Қуалап Сарыарқаның сай-саласын,
Жоңғардан соғатұғын желдің басы.
О, Дінәш, өтті деме серпінді жас,
Сермей бер баяғыдай еркін құлаш.
Жастықтың гүлжазира даласында,
Жел тербеп, жапырағың желпінді рас!
Жүрекке лапылдаған шоқ тастаған,
Ол дәурен енді айналып соқпас саған.
Түнеріп тас төбеңнен төнсе де аспан,
Жарқылдар алмас жігер тот баспаған.
Сезерсің сөз астарын, мен не дермін,
Саған да жайы мәлім шөлдегеннің.
Көкпарға күнде салған көк дөнендей,
Шабылып шаршы топта терлегеннің.
Жасқанып, жалтарғанмен жан қала ма,
Жасыңнан түсіп бақтың сан додаға.
Сүрінбей соқпақтардан өттің аман,
Тұрғандай бар бақытың сонда ғана.
Разы сияқтысың өмірге бұл,
Жібектей майда мінез, мамыр көңіл.
Ешкімнің ала жібін аттамаған,
Жігітсің сертке берік, сенімге құл!
Жолынан жаңылмайды адал кісі,
Халқыңның саған деген мол алғысы.
Алтын ер астыңдағы қисаймасын,
Тағылған тоғыз қабат таралғысы!
Елуге онша сенбе, көңілшегім,
Ырқыңа көне бермес өмір сенің.
Бұл жаста басқанікін Құдай білер,
Қыздай боп көрінеді өз келіншегің...
84
Жүйріксің бауыры жазық, қолтығы кең,
Дүбірі естілетін жер түбінен.
Елуге келмесем де елең қағып,
Сені ойлап, көз ілмедім мен түнімен!
85
ТӘНТІМІН МІНЕЗІҢЕ
(Нұрлан Исабековке)
Нұрланжан, келдің, міне, сен де елуге,
Аз емес елу жылда көргенің де.
Қазақтың ерек туған бір ұлысың,
Тәрбие, тәлім көрген жөргегіңде.
Жасыңнан талай жолды басқан ерсің,
Асудан қар бораған асқан ерсің!
Қазақта «Фолиантты» кім білмейді,
Бұл күнде аты шыққан баспагерсің!
Інісің – үлкендерге, кішіге – аға,
Жігітсің жаны дархан, ісі дара.
Арпалыс, алмағайып мына өмірде
Кісіні түсінеді кісі ғана.
Тәнтімін мінезіңе майда желдей,
Көкірегің жарқыраған айна көлдей.
Шашылып кейде жомарт Атымтайдай,
Жүресің көк тиын да пайда көрмей.
Аспанда жайнай берсін күнің сөнбей,
Үлбіреп бақшаңдағы гүлің сембей.
Алаңсыз алшаңдаймын Астанада,
Арқамда тұрған кезде інім сендей!
Бауырым, ердің жасы – елу деген,
Жасай бер, өрге тартып еліңменен!
Өтсе де қанша ғасыр сөгілмесін
Түптері томдарыңның желімдеген!..
86
СЕРІК АҚЫН
(Серік Тұрғынбековке)
Асқаның – алты қырқа, Серік ақын,
Аяғың жеткен жердің бәрі жақын.
Қамшының сегіз таспа өріміндей,
Өлеңмен бірге өрілген сенің атың!
Өлеңсіз өмір бар деп сезінбейсің,
Сезімнің мөлдіреген өзіндейсің.
Кешегі Кеңшіліктің сыңарындай,
Сырбай мен Ғафулардың көзіндейсің.
Тудың да байтақ Торғай даласында,
Жастығың өтті Алматы қаласында.
Алпысқа келіп қапсың арындаумен,
Байқамай қас пен көздің арасында.
Ақынсың жаныңа кір жолатпаған,
Тойымсыз бай емессің жалақтаған.
Нысана – басыңдағы аппақ шашың,
Ақ бұлттай аспаннан кеп қонақтаған.
Келесің бұлтты шайқап басыңменен,
Беттесіп жарқылдаған жасынменен.
Шулатып шұбар ала ғасыр өтті,
Бөрідей шу асауды басып жеген.
Жырладың мұңға батқан кең далаңды,
Береді әрқашан да ел бағаңды.
Тересің жыр маржанын тұңғиықтан,
Білмейсің арзан сөзбен алдағанды.
Кетсе де тажал заман тайқып ақыр,
Әлі де тағдыр жолы қайқы жатыр.
Кесілген басын іздеп, мазаңды алып,
Түсіңе кіреді ылғи Кейкі батыр.
Сондықтан тыным алмай толғанасың,
Күн сайын қаламыңды қолға аласың.
Қияға қиырдағы көзің салып,
Қырандай қанатыңды қомданасың.
87
Ұланы байтақ елдің байтақ ақын,
Кезің бұл айтарыңды айта алатын.
Тулаған тіршіліктің айдынында
Жөнің жоқ желқайықтай шайқалатын.
Дүние екі жүзді – айнымалы,
Шын ақын оған несін қайғырады?
Өкінбе қалтаң жұқа болғанына,
Болған жоқ жырдан асқан байлық әлі!
88
СОҚҚЫСЫН СОМ БАЛҒАНЫҢ ҚАЙТА СЕРПЕР
Кімдерді тудырмаған ұлан дала,
Дем берген тұлпарға да, қыранға да.
Мараттар толып жатыр бұл қазақта,
Нәбиев Әскенұлы біреу ғана.
Нәбидің немересі Әскенұлы –
Елім деп аға сыйлап, өскен іні!
Соққысын сом балғаның қайта серпер,
Ұстаның қайыспайтын төс темірі.
Жата ма үйде тыныш ер баласы,
Шақырса қиырларға кең даласы.
Жаңылмас кісіліктен, кішіліктен,
Болса да Нұрмағамбет паң бабасы.
Бұл Марат – көпке мәлім ел Мараты,
Қашанда қазағының қолғанаты.
Жарқырап жан-жағына сәуле шашар,
Жақсының жүрегінде жанған оты.
89
БҰТАҒЫҢ БҮРШІК АТЫП...
(Жүсіпбек Қабыкейұлына)
Жүсеке, мына тойда біз отырған,
Жүз өлең жаусын бүгін жүз ақыннан.
Бойжетіп, батаңды алып, отау тігіп,
Қыз жолы құтты болсын ұзатылған!
Балапан бауыр басып арман-көлге,
Әселің балдай батсын барған жерге.
Беттеген болашаққа жас керуен,
Биіктеп, аса берсін белден-белге.
«Адамның бір қызығы бала емес пе»
Деген сөз баяғыдан бар емес пе?!
Әселің өміріңді жалғастырар,
Қауызды жарып шыққан дән емес пе!
Дүние жалт-жұлт еткен желкен қайық,
Бүгінгі көрген дәурен ертең ғайып.
Бұтағың көктем сайын бүршік атып,
Қаулай бер, көк ормандай өркен жайып.
Әселдің бағы жансын Еділменен,
Үй болсын ұлтын сүйіп, елім деген.
Мың жылдық құдалығың құтты болсын,
Бақыты шаңырақтың келінменен!
Жігіттің сен-дағы бір дарханысың,
Жақсының жанындағы қалқанысың.
Еділ де ұлыңдай боп іштен шыққан,
Өзіңдей жер танысын, ел танысын!
Өскенде өз халқына жаны ашыған,
Қазағым айналмай ма баласынан!
Жастардың арманы жоқ деп ойлаймын,
Бата алған кілең жайсаң ағасынан!
Кез емес сая қуып салқындайтын,
Заман бұл найзағайдай жарқылдайтын.
Тұлпардың үлгі болсын басқан ізі,
Ел үшін өрге салса алқынбайтын!
90
БАТА
Болатжан, жасқа толды Айбарысың,
Құлындай күтіп тұрған тай жарысын..
Айбарыс туа қалды Алла беріп,
Жүргенде ұлға зар боп қайнап ішің.
Ұланың арыстандай азамат боп,
Қорғасын Қабанбайдай ел намысын.
Тәңірі таңдайыма тіл беріпті,
Тағдырын туған елдің толғау үшін.
Сені де құдай бекер жаратпаған,
Көп жортқан жоны шұбар жолбарысым.
Табаның тау мен таста таймай жүрген,
Жігіттің жылқы мінез тарланысың.
Балаңа Төлегетай бабасының
Киелі қасиеті мол дарысын.
Ас беріп, аруағына сыйынған соң,
Риза боп ұлы баба қолдады шын.
Айбарыс сол дананың ізін қуып,
Тигізсін ел-жұртына қолқабысын.
Қыранға қанат керек самғау үшін,
Тұлпарға тыныс керек талмау үшін.
Адамға ұрпақ керек ұл боп туған,
Өмірін болашаққа жалғау үшін.
Не керек тірі жанға одан артық,
Басына бақыт келіп орнау үшін.
Байлық та, батырлық та, бағландық та
Кешегі бабалардан қалғаны шын.
Айбарыс – айбатың да, қайратың да,
Іргеңнен жел өткізбес қорғанышың.
Ақырсаң азуыңды айға білеп,
Қақ жарған қара бұлтты зор дауысың.
Дүние – мың құбылған қызыл түлкі,
Аз күнгі көңіл аулар алданышың.
Мұраң да, мұратың да ұрпақ қана,
Байқасаң тіршіліктің бар мәнісін.
Бабаңыз Төлегетай қалды емес пе,
Мекендеп Сыр бойының нар қамысын...
Тұрмайды тірлік, шіркін, бір қалпында,
Бұлдырар ай мен күндер жылда артыңда.
Өмірің аққан судай құмға сіңер,
Қалмаса соңыңда бір ұлдан тұлға.
91
Айбарыс қызмет етіп қазақ үшін,
Самғасын қыран құстай шыңнан шыңға!
Қанатын керегедей кеңге жайып,
Атағы аспандасын ерге лайық.
Атадан қонған құты көпке дарып,
Жырғасын кедей-кепшік демде байып.
Аруақты азаматпын ата көрген,
Жүйріктей асқан талай жота-белден.
Қазақта біреу ғана мендей ақын,
Өлеңмен Айбарысқа бата берген!
Өмірдің алға жылжып көші барар,
Ақынның сөзден басқа несі қалар?!
«Бір атам бата беріп кетіпті» – деп,
Айбарыс үлкейгенде есіне алар!
19.08.2013
92
РЫМҒАЛИ АҒАМЕН ҚОШТАСУ
Шалқыған нұр сөнгенмен жүзіңдегі,
Ағатай, үлгің өшпес ізіңдегі.
Қапыда қиын болды-ау ғұмырыңның
Домбыра ішегіндей үзілгені.
Ұйтқыған қасіреті көк дауылдай,
Япыр-ау, неге шықтың жолға мұндай?
Қадалды қайдан ғана қарғыс атқыр,
Ажалдың азу тісі қандауырдай?
Тойлайтын жетпісіңді кезің еді,
Еске алсам ет жүрегім езіледі.
Сен едің қара тілді, айыр көмей,
Бүгіннің Қаздауысты Қазыбегі.
Елес боп жарқын бейнең нар тұлғалы,
Шұбырып көшің қалды артыңдағы.
Түсіме үш ұйықтасам кірмеп еді,
Жазам деп қаралы өлең сен туралы.
Күңіреніп Алматың да, Астанаң да,
Аңырап қала берді баспанаң да.
Бақыттан бал құятын тостағанға,
Қызығың көп еді ғой тосқан алда.
Осылай болады деп ойлаған кім,
Ағатай, қайдан келдің, қайда бардың?
Қайғыңды көтере алмай әзер тұрмын,
Түнеріп төбемдегі жайнаған күн.
Дөңгелеп ай мен жұлдыз аспаныңда,
Жетпіс жыл өте шықты қас-қағымда.
Халқыңа қош айтпастан кете бардың,
Опасыз бұл жалғанды тастадың да.
Алдыңнан жарылқасын, асыл аға,
Өкініш жылағанмен басыла ма?
Бітпестей көріп жүрген тіршіліктің
Екен ғой бар болғаны осы ғана...
93
БАУЫРЫМ
(Дәлелханды жоқтау)
Тұңғиықтай терең едің, бауырым,
Тіккен тудай бөлек едің, бауырым!
Ажалыңа көніп тұрмыз амалсыз,
Қазағыңа керек едің, бауырым!
Алты Алашқа туыс едің, бауырым,
Ағайынға тыныс едің, бауырым!
Егескенге жібермейтін намысын,
Қиып түсер қылыш едің, бауырым!
Азаматтың серкесі едің, бауырым,
Ауылыңның еркесі едің, бауырым!
Ойда жоқта есімізден тандырып,
Кеткенің не ерте сенің, бауырым?!
Жақсы атаның көзі едің ғой, бауырым,
Ақ батаның сөзі едің ғой, бауырым!
Топырлаған тор қасқаның ішінде
Марғасқаның өзі едің ғой, бауырым!
Шын асылдың сынағы едің, бауырым,
Шымырлаған тұнық едің, бауырым!
Тарбағатай жотасына шыққанда,
Ойнақтаған құлын едің, бауырым!
Көппен бірге еңіреттің, бауырым,
Қабырғамды сөгіп өттің, бауырым!
Қасіреттің қара аспанын төндіріп,
Қара жаңбыр төгіп өттің, бауырым!
Ұрпақтарың ержетеді, бауырым,
Заман көшіп желдетеді, бауырым!
Құшағында мәңгі-бақи әлдилеп,
Жер-бесігің тербетеді, бауырым!
Аққан судай аласұрып тасыған,
Өмір заңы осылай ғой басынан.
Қош, бауырым, жаның болсын жәннатта,
Ата-бабаң орын беріп қасынан!
94
МИРАШ АҒА
(Мейрамбек Жанболатовтың рухына)
Айналдым аруағыңнан, Мираш аға,
Білуші ең сырласа да, сыйласа да.
Амалсыз қара жерге елің берді,
Ажалға сендей ерді қимаса да.
Жоғалтып күміс қанат алтын құсын,
Күңіреніп тұрған шығар Хан-Шыңғысың.
Кеудеңнен күміс әуен төгілгенде,
Байытып тастаушы едің халқыңды шын!
Жаныңды қайдан ұқсын ән бөлеген,
Өнердің дәмін татып дәндемеген?!
Уағында қай жақсының нарқын білген,
Дүние шыр айналып дөңгелеген?
Бағаңды білмеген соң кемді күнде,
Сан әуен көкірегіңде сөнді бірге.
Ат басын Шыңғыстауға еркін тіреп,
Япыр-ау, еркелейміз енді кімге?
Шарықтап шығатұғын әні көкке,
Дариға-ай, сағындырды Жәнібек те.
Асылдың қолда барда қадірі жоқ,
Өтеді жоғалғанда зары көпке!..
Қалдырған өлмейтұғын әннен мұра,
Сөйлесең секілді едің сал домбыра.
Төбеңді тағдыр қайта көрсетер ме,
Іздесем ат сабылтып елден мына?..
Тірліктің қысқа жібін жалғап мынау,
Әніңмен талай биік самғаттың-ау!
Шалқайған шал көп шығар Қарауылда,
Бірақ та, Мираш ағам, сен жоқсың-ау!..
95
ХАЛҚЫҢА КЕРЕК ЕДІҢ...
(Ғабдолла Құлқыбаевтың рухына)
Үміттің ұшқындаған шоғы сөнбей,
Отырмын өлгеніңе әлі сенбей.
Жақсыға жаттығы жоқ, жайсаң аға,
Аз еді-ау азаматтың нары сендей!
Уақытқа шара бар ма жел қанатты,
Шыққан күн шыр айналып демде батты.
Жүргенмен біреулердің жері кеңіп,
Батып тұр сенің қайғың елге қатты.
Құландай қырда жортқан арда өсіп ең,
Еңбекпен келіп еді бар несібең.
Ер Нияз бабаң құсап шепті бұзып,
Ғылымда мұз төсеніп, қар кешіп ең.
Халқыңа алдыменен керек едің,
Бір сырлы, сегіз қырлы – кемел едің.
Құшағың кең еді ғой, қайран Ғаба,
Ашылса ауқымындай керегенің.
Өртіне қиянаттың жанып өлдің,
Қайысты қабырғасы қалың елдің.
Төрінде тіршіліктің ертелі-кеш
Тұрады үңірейіп сенің орның...
96
ҚАЗАҒЫ ҰМЫТПАЙДЫ
(Әзиза Нұрмаханованың рухына)
Жас кезде жақсыларға тартып өстік,
Достарыңызбен бөлісу: |