Білім алушылардың/ тәрбиеленушілердің оқу/білім жетістіктерін бағалау Бағалау педагог пен білім алушыларға оқуды жақсарту және жетілдіру туралы шешім қабылдауға негіз болатын ақпаратпен қамтамасыз етеді. Білім алушыларды бағалау үдерісіне тарту Педагог білім алушыларды бағалау үдерісіне тарту арқылы өзін-өзі бағалау және өзара бағалау дағдыларын дамытуға ықпал ете алады. Өзін-өзі бағалау және өзара бағалау үшін, мысалы, тапсырма дескрипторларының білім алушыларға қолжетімді болуы маңызды. Білім алушылар үшін бағалау қиын болмауы керек. Білім алушылар өз жұмысын және басқалардың жұмысын бағалау кезінде кері байланыс беру дағдыларын қалыптастырады. Өзара бағалау мысалы: Сабақтың соңында екі сұрақты түсіндіру ұсынылады. 1) Пифагор теоремасы дегеніміз не және оны қашан қолдануға болады және қашан қолдануға болмайды? 2) Үшбұрыштың белгісіз жағын анықтау үшін теореманы қалай қолдануға болады? Содан кейін сұрақтарға жауап іздеу мақсатында сабақ жалғасады. Сабақтың соңында жұптық интерпретация әдетте 5-10 минутқа дейін созылады. Білім алушылар жұпқа бөлінеді, мәселенің шешімін бір-біріне түсіндіреді және жауапты қалай жақсартуға болатынын айтады. Содан кейін жауап үлгілері ұсынылады. Осыдан кейін жұптар алдымен өз қателіктерін талқылайды, содан кейін бір-бірінің қателіктерін түзетеді. Әрбір білім алушының оқу мақсаттарына жетудегі ілгерілеуін қадағалау Педагог сабақ барысында білім алушылардың материалды қалай игеретінін бақылауы керек. Бақылау арқылы педагог білім алушылардың нені орындай алғанын және қандай қиындықтарға тап болғанын анықтайды. Күнделікті жұмыс кезінде педагогке жазбаларды жүргізу көмектеседі (формативті бағалау журналы, рефлексивті күнделік және т.б.). Оқушылардың бір сабақта оқу мақсаттарына қол жеткізуін бақылау қажет болған жағдайда, бақылау парағын (еркін формада) пайдалануға болады. Педагог білім алушыларға оқу мақсаттарына сәйкес дайындалған бағалау критерийлері мен дескрипторларды ұсына алады немесе білім алушыларды оларды құрастыруға, талқылауға тарта алады.