Қызыл жебе
жұрттан үріккен шегірткелер ыршып-ыршып жиекке шыға
бергенде қарлығаштар қақшып алып кетіп жатқанын Рысқұл
ғана аңғарып келеді.
«Қарлығаш, сен де жыртқышсың. Мына мен де жыртқышпын.
Талай аңның қанын төктім. Бірақ біздің жыртқыштығымыз
құдай-тағаланың құдіретінен аттап өтпейді. Жаратылыстың өзі
солай жазып қойған. Мен арқар атсам: «Е, жануар, сенің жазығың
жоқ, аш отырған адамдардың азығы жоқ», – деп атамын. Ал,
қарлығаш, сен болсаң ұядағы балапаныңды асырайсың. Бірақ,
адамды адам өлтіргенін не деп түсіндіруге болады? Қарлығаш
қарлығашты сірә да өлтірмес. Кеше ғой Ахат айтты: «Қасқыр
да қастық қылмас жолдасына» деп. Сонда адам баласы бірін-
бірі қабырғасын күйретіп, өкпе-бауырын езіп жібере алады
екен. Неге бұлай? Құдай-ау, неге бұлай? Болысымыз Дауылбай
да – Сәлік, оның сойыл соғар қарақшысы Сақан да – Сәлік, біз
де – Сәлік. Бәріміз Шілмембет Шымырдан тарадық. Дулаттың
дуанынанбыз. Домалақ ананың құрсағынанбыз. О, әулие анамыз!
Сенен де адам өлтіргіштер туған екен де. Жау емес, жат емес,
туған бауырын өлімге қиған қандай залымдық! Сонда ағайын
арасы берік болмағаны ғой. Қарап тұрсаң, ата-ата бір жақ емес,
барлар, атқамінерлер бір жақ. Бай – байға, сай – сайға құяр деген
осы екен».
Үстіндегі иесінің қалың ойға кеткенін сезгендей жирен ат
асықпастан бір-бір басып келе жатыр еді, Рысқұл ауыр күрсініп,
басын көтеріп алғанда, астындағы аты да атырылып кете жаздап,
тізгінді босат дегендей мойнын садақтай иіп, шірене берді.
Томпаңдаған торы атқа мініп келе жатқан Ахат Рысқұлға жанай
түсіп.
– Есіңде болсын! Қызбалыққа салып жүрме. Құр ашумен
алысқа шаппайсың. Арыстай азаматымызды сұлатып тастағанда
кеудемізді ыза кернемесе, ондай кеудеге сабан тығып, тұлып
қылған артық. Бірақ ызаны да ақылға жеңдірсек керек. Болыстың,
анау Шымкенттен келіп жатқан ұлықтың алдында кісілік
сақтайық, – деді.
Рысқұл үндеген жоқ, екі көзі тесіліп төскейге қарады. Болыс
ауылы салтанатты шаһардай аспандап тұр екен.
181
Қызыл жебе
* * *
Арқасын тауға тіреп тұрған ақ орданың есігі түрулі еді. Сәскелік
сары қымыз ішіп отырған Дауылбайдың шегір көзі төменнен
келе жатқан шұбырындыны шалып қалды. Қасындағы мәртебелі
қонағы салқын қымызға шала мас болған кез. Дауылбай сыртқа
шаңқ етті:
– Сақан!
Үй иесінің оқыс дауысынан орыс ұлық селк етті. «Ой,
осылардың тағылығы-ай», – деді.
Сақан биік маңдайшаның өзінен екі бүктеліп ішке кірді.
– Ләппәй, тақсыр.
– Сонау келе жатқан кімдер? – Дауылбай жауабын күтпестен:
– Кім де болса, қайтар! Қазір арыз-құрыз тыңдар уақыт емес.
Ауылда үлкен ұлық жатыр. Топырламасын.
– Кім болушы ед, Рысқұл бұзық та, – деп күңк етіп Сақан
шыға берді. Шығып бара жатып маңдайшаға басын тарс соғып
алып, қолымен маңдайын тыжырына сипалады.
– Есалаң, – деді Дауылбай да қоса күліп. – Осы үйге күніне
жүз кіріп, жүз шығады. Ылғи маңдайын ұрып алады. Адам деген
маңдайына бір-екі рет соққы тиген соң үйренбей ме екен қалай
шығуды!
– Сіздерше не деуші еді? – деп ұлық шиқылдап күле берді. –
Әлгі, түйенің үлкені көпірден таяқ жейді...
– Иә, мырза, дәл тауып айттыңыз. Сол түйе осы. Бойы ұзын,
ақылы қысқа. Бірақ адал, байғұс.
– Міне, міне, – деді ұлық күлгенін қойып, жастықтан
шынтағын алып, қолымен жер тіреп көтеріле беріп. – Адал
қызметкер керек. Қызметкерлердің бәрі адал болса, мемлекет
үшін, ұлы держава үшін еш қауіп жоқ.
– Өте дұрыс айтасыз, жоғары мәртебелі мырза. Өте тауып
айтылған сөз.
Болыс өзінің сөзін қостап, қошаметтеп отырғанмен, көңілі
алаң, назары басқа жақта екенін ұлық аңғарып қалды.
«Бұл азиаттар сені мақтап отырып, мақтамен бауыздап жіберуі
де мүмкін».
182
Достарыңызбен бөлісу: |