Таласбек Əсемқұлов талтүс І тарау



Pdf көрінісі
бет2/3
Дата06.09.2023
өлшемі1,01 Mb.
#106358
1   2   3
Байланысты:
Талтүс

ІІ тарау
– Ата, сен Тəттімбетті көрдің бе?
Үй ішіндегілер ду күлді. Шерім басын шайқаған.
– Əй, балам-ай. Ол ерте кезде өмір сүрген ғой. Сенің атаң тумай
тұрып.
Сабыт домбырасын іргеге сүйеді де, мұртын сылап төмен қарады.
– Иə. Көре алмадық. Ертеректе өліп кетіпті. Бірақ мен Тəттімбетті
көрген адамды көрдім.
– Ойпырай. — Шерім Сабытқа ықыластана бұрылған.
– Баяғыда, НКВД əр басқан қадамымды аңдып тыныштық бермей
қойғасын, бір жөн білетін жамағайын бар еді, сол, Қарқаралыға бар,
атыңды жасырып сол жерде жүре тұр деді. Содан Қарқаралыға
бардым. Ол жақта да тергеу, қудалау. Ақыры елге қайтып келдім. Сол
Қарқаралыда өткен аз күнде біраз адаммен дəмдес болдым. Соның
бірі Тоқтамыс деген бай еді. Мен көргенде сексеннен асып тоқсанды
алқымдаған кезі. Бірде үйінде дəм татып отырып керегеде ілулі тұрған
домбыраға көзім түсті. Соны байқап қалса керек, қарағым, шертетінің
бар ма еді, кəне, домбыраны қолыңа алшы деді. Көптен домбыра
ұстамай, əбден сағынып қалыппын. Кеш бойы қолымнан шығармай
күй шертіп отырдым. Тоқтамыс жарықтық, кеш бойы Тəттімбеттің
күйін сұрап отырды. Тартқан сайын ағыл-тегіл. Сондағы айтқан
əңгімесі, — Сабыт əдетінше ыстық шайдан бір ұрттап тамағын
жібітті, — Өздері сегіз ағайынды болыпты. Нашар ата. Ауыл арасында
сенделбай жүріспен, қымыз аңдумен уақыт өткізген талапсыз екен.
Басқалар жайлауға көшкенде жатақ болып қалады екен, қыстау күзетіп
аз-маз нанын солай тауып жүріпті. Ішіндегі еті тірісі Тоқтамыс. Жазда
жалданып мал баққан. Қыста кіре тартқан. Бірақ ағайын құтсыз
болғаннан кейін, қай бір ісің өнеді. Қысқа жіп күрмеуге келмей, өмірі
осылай өтіп жатыпты. Бай ауылының қыздары, көре қалса “Тоқтамыс
бай келе жатыр, керуенші Тоқтамыс келе жатыр” деп мазақтайды екен.


Ақыры туыстың ездігінен, ағайынның қайырсыздығынан шаршап,
амалы таусылғанда Тəттімбеттің алдына барыпты. Жарықтық
Тəттімбет, төре күткендей қылып қарсы алды дейді. Ішпегенді ішіп,
өмірі көрмеген қызығымды көріп бір жасап қалдым, бірақ ертең
осының бəрі көрген түстей болады ғой деп, бір жағы қамығып та
отырдым дейді. Сонда Тəттімбет, “Əй, Тоқтамыс, азамат деген атың
бар емес пе. Көтер еңсеңді. Сен, өзің болған жігітсің” депті. “Иə, сəт!
Тəттекеңнен құт тамса, жаман болмаспын” деп мен отырмын дейді.
Қазанғаптың жылқысы кіл қаражал құлақасқа болып келеді екен.
Ертесіне жақсы, мініскер бір атты ер-тұрманымен алдыма тартты.
Ердің үстінде бір құшақ болатын қасқыр ішік бөксеріліп, екі жаққа
салақтап жерге жетіп тұр. Ол аз болғандай, алты қанат ақ орда
құсханасы бар екен. Сонда ертіп барып, бір жас қаршығаны өз
қолымен томағалап, қолыма ұстатты. Осы құс саған құт болады деді.
Көңілім өсіп елге қайттым. Жаз бойы құс салдық. Байлардың көңінен
сүйек іздеген бақалшы татарларға қап-қап қауырсын саттық. Сөйтіп
итшілеп кіреден таба алмаған сөлкебайды, жұдырықтай құс аспаннан
алып берді. Келесі жылы Тəттекеңнен шабарман келді. Пəлен-пəлен
күні, Пəленше деген баймен бірге ауылдарынан өтем деп сəлем айтып
жіберіпті. Дайындалып қарсы алдық. Тəттекеңнің жанындағысы
Назарқұл деген мыңды қырған бай екен. Кеш бойы кіржиіп отырды.
Алдына келген табақ-табақ құстың етін жеді, құс жастыққа көміліп
жатты, бірақ, қабағы ашылмады. Содан далаға бір шығып желдеп
жанына шақыртты. Ей, қу кедей, құс жастық сенің не теңің деді.
Байеке-ай, қайтейік енді, аспаннан мамық сауылдап төгіліп жатса,
одан жастық жасамағанда не істейміз дедім. Құсыңды көрсет деді.
Көрсете алмаймын, көзіңіз тиеді байеке дедім. Сонымен толқып-
толқып, айналсоқтап, кете алмай ақыры бір қонып аттанды. Күзге
қарай бір айғыр үйір жылқыны алып келіп, қоярда қоймай қаршығаны
алып кетті. Артынан Тəттекең жолы түсіп, тағы бір қонақ болғанда,
енді осы жылқыны шашау шығармаңдар, үш жылғы соғым мен сауын
менен болсын деді. Міне, осылай, құсқұмар байдан келген сол үйір
қыдыр дарып, биелері жыл сайын құлын салып, айналасы бес жылдың
ішінде үш жүз қысырақ болды. Он жылдан кейін мыңдап жылқы
айдаған байларға тереземіз теңесті. Тəттімбет жарықтық берген
жұдырықтай құстың арқасында əулетімізбен бай болдық. Бұрынғы
жатақ тіршілік, кедей тұрмыс келмеске кетті. Жылқымыз көл жапты.


Тəттекеңнің шарапаты. Қолының қайырлылығын көрмейсің бе. Ойхой
дүние-ай, мына шыққыр көз сол Тəттімбеттің өлгенін де көрді ғой деп
жылағанда əлгі жарықтық Тоқтамыстың сақалынан алты тарам жас
ақты.
– Пах! — деді Шерім. — Берген адамына қарай ғой.
– Сол Тоқтамыс, үйіне неше күн қонақ қылғанда айтқан көп
əңгімесінің бірі — Сабыт оңалыңқырап отырып, шайдан бір ұрттады,
— Тəттімбет жарықтық өте жас өлген ғой. Қырықтан жаңа асқан кезі
екен. Қазақтың бар жақсысы жиналып аңырап жылағанда, азан тауды
ор қылып жіберді. Оңай ма... Қыршын өлім. Көз қимайтын алтын көзе
сынды, алты қарыс алдаспан балдағынан қынды. Тəттекеңнің анасы
əлі тірі екен. Жылай-жылай екі көзі əз болды. Қанша адам келіп
жұбатты — жұбата алмады. Мына, Сармантайдың ішінде Мақу деген
бір соқыр күйші болды. Сол келіп Тəттімбеттің күйін шертті. Бар
күйін шертті. Сонда анасы орнынан тұрып, қайғы-шерім тарқады, кім
де болса баламның шапанын жауып, қолына Тəттімбетімнің
қамшысын беріңдер депті. Иə, сондай да сондай кеп болыпты бұл
дүниеде.
– Түрі қандай болыпты, айтқан жоқ па? — деді Əжігерей.
Шерім мұңая жымиып, Əжігерейдің басынан сипаған.
– Ой, жарығым, сол Тəттімбет бүгін өлгендей көңіліңнің босап
отырғанын қара.
– Қандай болушы еді. Осы өзіміз сияқты қазақ қой. Тоқтамыс, ондай
көрікті адамзат көргем жоқ, алдына келіп нұрлы жүзін көрген,
колынан дəм татқан адам оны ешқашан ұмыта алмайтын дейді.
– Ал домбыра тартқаны ше... Домбыра тартқанын көріп пе?
– Көрген ғой... Домбыраны ешкім де олай шала алмаушы еді, күйі
көктемнің шұғыласындай тамылжып естілетін, бар қайғы-шерің
тарқап, бойыңдағы бар түйін бірі қалмай шешілетін дейді.
– Шіркін-ай! — Шерім тербеліп отырып басын шайқаған, – Əй, Құдай
да қателеседі-ау кей кезде. Тəттімбеттей адамға бір емес — екі ғұмыр


беруге болар еді ғой.
– Күпір сөйлейсің, Шерім — деді Жұмға молла, — Тəттімбет сол
Құдайдың берген кесімді өмірімен, Құдай берген өнерімен Тəттімбет
болып тұр емес пе?
Сабыт домбырасын іргеге сүйеді.
– Рас-ау. Бұл жолы сен жеңілдің, Шерім.
Шерім, бір жағы қыстыға, бір жағы Жұмғаның жүйелі сөзіне риза
бола күлді.
– Сөзің асыл, Жұмеке. Құдайға да жақсы адам керек. Қыршын кеткені
де дұрыс шығар.
– Құдайға бəрі де керек. Уақтысы келгенде, дəмі таусылған жан
иесінің барлығы Құдайдың алдына барады, – Жұмға жеңінің ішінен
тəспісін суырып асықпай тарта бастады.
– Молдеке, шай алыңыз.
– Алып отырмын.
Ошақтан қидың шоғы алынды. Шəугім қайтадан ызылдай жөнелді.
– Енді өз көргенімді айтайын. Осыған ұқсас тағдыр, — Сабыт мұртын
тараштап дастархандағы əлдебір нүктеге қадалып сəл отырып қалды,
— Баяғыда, бала кезімізде, осы өңірде бір жігіт болды. Тоқтамыс
сияқты көп ағайынды емес. Жалғыз. Өзі басқа елден келген кірме.
Азан шақырып қойған аты ұмытылып, жұрт Жалбағай атандырып
жіберген. Бүкіл ғұмыры көз алдымызда өтті десе болады. Ол да
Тоқтамыс сияқты, жазда жалданып шөп шапты, қыста кіре тартты.
Итшілеген өмір ғой. Бірақ демеп жіберетін адам табылмады. Бүкіл
жастығы осылай құсамен, жоқшылықпен өтті. Қолда калың төлейтін
мал болмағаннан кейін үйлене де алмады. Ақыры, тірнекті адам,
жетті ғой. Ақырындап мал бітті. Кейін екі жүзге тарта жылқы айдады
деп естідім. Азын-аулақ қалыңмал төлеп кедейлеу бір жердің қызын
алды. Елуден асқан жасында — Сабыт қолын жайып жан-жағына
қаранды, – Үш-төрт жылдан кейін бір ұл сүйді. Баланың атын Көсеге
қойды. Көсегем көгерді деп ырымдап қойғаны ғой, байғұстың. Байдың


шалабынан шықпаған Жалбағай осылайша елуден асып алпысты
алқымдаған шағында бүтін шапан киіп, жар сүйіп, бала көрді. Енді
қызықты қараңыз. Сол Жалбағай кəмпескеге ұшырап Итжеккенге
айдалған ғой. Аңырап қатын қалды, еңіреп бала қалды. Соншама терін
төгіп, беттің арын белге түйіп жинаған мал кім көрінгеннің
тақымында кетті. Тоқтамыс қайта бақытты екен. Тəттімбеттей адам
ноқтаға қолын жеткізіп кетті. Малының қызығын көрді. Ал Жалбағай
ше?
– Бəрі де Құдайдың қолында, — деді Жұмға.
– Құдай дейсің бе? — Сабыт көзінде мысқыл ұшқындап Жұмғаға
қарады, — Құдай мейірімді, əділетті деп жатады. Бірақ осы мен
айтқан əңгімеден не əділет таптың? Өмір бойы адал еңбекпен мал
жинаған Жалбағай айдалып кетті. Оны бай деп айтудың өзі қиын.
Кейіннен, малы көбейе бастағанда бір-екі адамды жалдапты.
Жоқшылықты көп көрген адам əділетті болады, жаңағы
малшыларының бір тиын ақысын жемепті, жарықтық. Кейін кəмпеске
басталып, Жалбағай қағазға ілінгенде, малшылары барып, бұл кісіге
тиіспей-ақ қойсаңыздар деп өтініпті. Малды өзімізбен бірге бағысты,
бұл бай емес, осы өзіміз сияқты кедей, тіпті малын алсаңыз да өзін
босатсаңыз депті. Оған үкімет көнуші ме еді. Сөйтіп, қайран
Жалбағай айдалып кете барды ғой.
Сабыт сəл дамылдап, Жұмғаға көз қиығымен қараған.
– Міне, молдеке, осыңдай да кеп болған. Айтшы, кəне, осының қай
жері əділет?
- Зілзала заманға келді. Тайталаста қаншама ер тапалды. Сен жалғыз
Жалбағайдың құнын сұрап отырсың, — Жұмға көзін жерден алмаған
күйі тəспісін жиірек тартты, — Ол кезде пəлен неге солай болды
дейтіндей не шара бар? Нəубет елдің бəріне ортақ болды емес пе?
– Солай ма? — Сабыт мырс етіп, алдында тұрған кесені қолына алған,
— Нəубет ортақ деші. Олай болса, өмірінде шөптің басын
сындырмаған жамандар, есікке күтуші болуға жарамайтын құл-құтан
қару асынып, қағаз ұстап ел биледі, осының жұмбағын айтшы.


Оқыған-тоқығаның бар. Көкілташты тамамдаған молласың, кəне,
кітапта не айтыпты бұл жайында.
Жұмға басын шайқап күлді.
– Əй, Саба, қызықсың-ау. Осының бəрін білсем, мен осы жерде отырар
ма едім?
– Ендеше, — деді Сабыт, — Жалбағайды қоя тұрайық. Əйелін де сөз
қылмайық. Мен баланы айтайын деп отырмын. Баласының не жазығы
бар?
Атасының бір сөзін қақас жібермей, манадан бергі əңгіменің жүйесін
жүрегі елжірей тыңдап отырған Əжігерей шыдай алмады.
– Ата, Көсеге... Көсеге одан кейін не болды?
– Не болушы еді. Көсеге өлді. — Сабыттың жүзінде қатыгез жымиыс
пайда болды, — Отыз екінші жылы. Аштан.
– Бір ескі тамның ішінде, — деді Жұмға Əжігерейге ойлана қарап
отырып, — Шешесі екеуі құшақтасып қатып қалған.
- Мен сол баланы көрдім, — деді Шерім, — Аштық басталғанда
шешесі екеуі қаңғырып Алакөлден ары асып Сарқанд жаққа барған
екен. Сол жақта егін егеді, аш болмайсыңдар деп біреу айтқан болу
керек. Барған. Барқадар таппай кері қайтқан. Елге жеткенде əлсіреп-
ақ қалған екен. Біздікіне түсті. Сонда көргем. Əкесіне ұқсапты.
Жалбағай марқұм дөңмұрындау, сары өңді адам еді ғой. Көсеге де
сондай болыпты. Жалбағай тіріліп келгендей. Екеуі де əбден арыған.
Қайтейін, жасырып отырған азын-аулақ ешкі бар еді. Соның біреуін
сойдым. Жеңгейдің аты Қибаш еді ғой. Кеш бойы, көп жеме деп
баланың қолын қағып отырды. Түн ішінде шыж-шыж еткен бір
дыбыстан ояндым. Үй ішін күйік иісі алып кетіпті. Ауыз бөлмеге
шықсам, Қибаш. Легеннен бауыздаудың қанын бір уыс қылып алады да
отқа тастайды. Ары-беріден соң ұйып қалған қан кəдімгідей тоқаш
сияқты күмпиіп піседі. Асап-асап жейді. Қибаш-ай, бағана еттен неге
жемедің деп едім. Селк ете қалды. Содан соң, қайтесің Шерім, мен
енді бұ дүниелік емеспін деді. Тамағыма тас тығылғандай. Ертесіне
кететін болды. Қалыңдар, не көрсек те бірге көрейік дедім,


тыңдамады. Кетіп қалды. Кейін естідім, мынау Тырнақы жақта бір
иесіз қалған қыстауға барыпты. Сонда өліпті ғой, баласы екеуі. Дүние-
ай десейші. Жалбағай айдауда өлді. Бар жазығы өмір бойы тынымсыз
еңбек еткенінде. Қатын-бала мұнда өлді. Сөйтіп бір ошақтың оты
өшті. Із-түзсіз кетті, əне. Е, не болмады дейсің бұл дүниеде. Солай!
— Қайдағыны айтып кеттіндер ғой. Қойындаршы, түге, - Күлбағила
шайды жаңартып құя бастады, — Одан да шай алындар.
– Айтайық деп айттық па, — деді Шерім ыстық шайды буын
бұрқырата ұрттап отырып, — Əңгіменің қисыны осылай болды емес
пе, Күлбағила.
Сабыт дастарханда тау болып үйіліп жатқан бауырсақты, бірнеше
жерден қойылған сарымайды қолымен нұсқады.
– Кейде ойлаймын, осы Құдай, бар ма, жоқ па деп. Қарашы, осы
ырыздық, осы несібенің ширегі демейін, оннан бірі сол кезде болса,
халық сонша қырылар ма еді.
– Бейғам болғандықтан, — деді Жұмға, — Қазақ əлі бейғам.
Ештеңенің де ретін білмейді. Тағдыр айдап біз де, талай жұрттың
дəмін таттық. Əй, біздей аңғал, ертеңін ойламайтын халық жоқ-ау.
- Кім біледі. Не деуге болады? — Сабыт əдетінше қолын жайып жан-
жағына қаранды. — Бір басына жететін ерлігі де бар бұл қазақтың.
Ездігі де бар. Түсінбеймін. Түсінбей-ақ өтетін шығармын. — Сабыт оң
қапталында отырған Шерімге қарата сөйлеген, — Сені əнге баулыған
Жұмақан бар емес пе. Соның бір əңгімесін айтайын. Баяғыда
Дотыптың əскері осы жерден өтті ғой, білесіңдер. Қатын-баланы
жасырып, малды жасырып қоямыз. Əскердің жүретін жолынан аулақ
отыруға тырысамыз. Бір күні осы Көбегеннің тұсында, қалың
тоғайдың ішіне қараша үй тігіп отырғанбыз. Содан, Жұмақан
жарықтық, Саба бір əн салсам қайтеді дегені. Қатты айқайламай айт
дедім. Əншінің бір маңғазы еді ғой, шіркін. Қыза-қыза келе небір
өрнек салды. Мен де сақтықтан айрылдым. Сол кезде сау етіп бір топ
əскер келе қалсын. Бəрі шаршаған, қарындары аш. Үсті-басы мұздай
қару. Үйдегі азын-аулақ тамақты жеп алды. Бастықтары бір татар
əписер екен. Жұмақан екеумізді нұсқап, орысша бірдеңе деді.


Қолдарымызды байлап, бір əскер атпен сүйреп жөнелді. Дедектетіп
əкеле жатыр. Біраз жер жүрдік. Орыстың қабағы қату. Қайда, не үшін
апара жатқанын бірден білдім. Осы Оңғар байдың қорасына алып
келді. Тошала мен тамның ішін ақтарып шықты. Қолына ештеңе
іліндіре алмаса керек, бұрқырап ашуланып, жанымызға жетіп келді де
екеуміздің де қолымызды шеше салды. Қазақтың момындығына əбден
үйренген. Соқталдай екі еркек жабыла кетіп өлтіріп тастауы мүмкін
деген ой миына да кірмейтін болуы керек. Адам деп санамағаны ғой.
Содан, Жұмақанды желкесінен ұстап, тірсектен бір теуіп тізерлетіп
отырғызды да қынаптан жарқ еткізіп қылышын суырды. Бір сəт
кешіксем Жұмақанның басы домалап жерге түсер еді. Атылып барып
оң қолына жармаса кеттім. Ал кеп алыстық. Итің шиыршық атқан
күшті екен. Бойы еңгезердей. Қанша рет күреске түсіп, осы менмін
деген балуандардың талайын жығып басынан аттап едім. Мынау орыс
əл беретін емес. Сонда деймін-ау, əлгі Жұмақаным... қарап отыр. Əй,
Жұмақан көмектессейші десем, адам баласын қалай өлтіреміз деп
сүмірейеді. Ой, ит-ай. Орыстың ту сыртынан келіп бір ұруға да
жарамады ғой. Алысып жүрміз. Өзеннің жағасындағы көк шалғын
соқамен жыртқандай болды, нансаңдар. Орыс сол қолымен басқа-
көзге төпелеп ұрып жүр. Аузы-басым қан болды. Бірақ қанша алысып
амал қылса да қылыш ұстаған қолын тас қылып ұстап жібермедім.
Жұдырығы қандай қатты болса да, оңтайы оң қол екен. Ол сол қолмен
ұрады. Менің де оңтайым оң қол. Айырмамыз, оның оң қолы қылыш
ұстаған, бос емес. Ал менің оң қолым бос. Ол ұрды, мен де ұрдым. Ол
тепті, мен де тептім. Əбден сілікпеміз шықты. Алыс-жұлыс ұзаққа
созылса, адамның өрекпіген көңілі басылып, еті үйреніп, ақылы
орнығады екен. Біраздан соң күресте мəн-мағына пайда болды. Ол
босап шықса екеумізді де өлтіреді. Жұмақаннан қайыр жоқ екені
анық. Бірге бірміз. Мақсат – орысты өлтіру. Не ол сені өлтіреді, не сен
оны өлтіруің керек. Байқаймын, орыс қол-аяғы қалтырап шаршай
бастады. Сағаттап көкпар тартқан менің білегім мықты болып шықты.
Ары-беріден соң үйірден шыққан текедей арты шөмейіп қалды.
Айтайын сендерге, адамның өзінен бұрын көзі өледі екен. Тесіліп
қарағанымда өлеусіреп нұры өшкенін көрдім. Қайран көңіл десеңші.
Аяп кеттім. Адам нанбайтын нəрсе, бірақ шыны сол. Нансаң да осы,
нанбасаң да осы. Қоя берсем бе деген ой жылт етті. Бірақ, қоя берсем
не болатынын есіме түсіріп, қайтадан қатайып алдым. Ақыры итше


сүйреп əкеп, жамбасқа салып лақтырдым. Далитып жатқызып қойып
кеудесіне міндім. Ажалға көнді орысым. Сол қолы баяғыда
қимылдаудан қалған. Оң қолымен ғана сүлесоқ қарсыласып жатыр.
Қолын бұрап қылыштың жүзін өзіне қараттым. Ақырындап батырып
бара жатырмын. Əлі есімде, қылпыған қылыш иегінің астындағы
терісін сыдыра тамағына қадалғанда серең етті де, қолы босап қоя
берді. Арам өлмесін, адалдап жіберейін деп басын құбылаға қаратып
иегінен көтердім де...
— Астапыралла! — деді Шерім бетін көлегейлеп, — Құрсын. Айтпа.
Айтпа. Кəпір... Ой, кəпір! Баланың көзінше...
– Ей, Шерім! Ол орысыңның өлімі Көсеге баланың өлімінен сұмдық
емес. Тыңда аяғына дейін, — Сабыттың бозаң тартқан жүзінде
қайтадан қатыгез мысқыл ойнады, – Басын құбылаға қаратып,
“Бісміллə! Я, Алла, қабыл ал!” деп қылышпен тартып жібердім.
– Сауап, — деді Жұмға — Қазақтың қанын судай шашып келе жатқан
аузы түкті кəпірді өлтіргенің — сауап.
Сабыт шөлдеп қалғаңдай жөппелдеме бірнеше кесе шай ішті. Елдің
бəрі үнсіз.
– Шай алыңыз, молдеке, — деді Күлбағила.
– Алып отырмын, — Жұмға тəспісін самарқау ғана тартып отырып
Сабытқа сұраулы жүзбен қараған, — Одан кейін не болды, Саба?
Сабыт жадырай күлді.
– Не болушы еді. Қолымның қанын жудым. Өзенді бойлап жүріп адам
сыятындай, су сойған бір жыланшық таптым да жаңағы солдатты
сонда жатқызып, үстін таспен бастырып тастадым. Қоржынмен құм,
топырақ тасып Жұмақан екеуміз əбден əуреге түстік. Бір қызықты
ұмытып барады екем. Орысты алып ұрып, үстінде отырғанымда
Жұмақаным: “Е, е, екі тізеңмен екі қабырғасынан қыссаң, өледі” деп
ақыл бергені бар емес пе. Күліп жібере жаздап əзер шыдадым.
Жұрт ду күлді.


— Қызық адам еді, — деді Шерім, — Аңқау, ештеңенің парқын
білмейтін аңғал, жасықтау болатын. Бірақ əн айтқанда патшадай еді
ғой.
— Содан, — деді Сабыт сөзін жалғап. — Олжамызды ақтардық.
Орысыңның қоржыны толған алтын-күміс екен. Тайтұяқ емес. Білезік,
сақина, бəйбіше жүзік. Қайдан, қалай алғаны белгілі ғой. Жол бойы
тонаған, талаған, өлтірген. Тау болып үйіліп жатқан алтын-күміс,
бума-бума інжу, Мекалайдың қағаз ақшасынан сарқырап қан ағып
жатқандай көрінді. Қолымызды тигізе алмадық. Қоржынға қайта
салып, Оңғардың тамының бір бұрышына көміп кеттік. Қылышын,
мылтығын, қанжары мен сіресіп оққа толып тұрған оқшантайын
алдық. Мына қарудың қайсысын аласың дегенімде Жұмақан екі қолын
төбесіне қойып тұра қашты ғой, жарықтық...
Шерім күлді.
– Ал атын сойдық. Жылқы деген қоренде мал ғой. Міністе жүрсе де,
саған өтірік маған шын — табан қазы шықты. Оңғардың қорасынан
тұз да табылды. Жеткенінше тұздап, қазысын айналдырып,
көтергенімізше алдық, қалғанын өз терісіне орап тастадық та ауылға
қайттық. Баспалап біраз қарап тұрдық. Ақырындап келдік. Əскерлер
кетіп қалыпты. Туырлықтан тоқым кессе керек, ойылып-ойылып
жатыр. Есіктің алдында қалаулы қи, тоғай толы ағаш.Отын
таппағандай керегені отқа жағыпты. Дүние-ай десейші. Базаралы
сонда кішкентай ғой. Шешем марқұм, оятып алып, əкең бір ажалдан
қалды, мə, же деп қазыны аузына тығып жатыр. Базыкен қасқырша
құрылдап жеп жатыр.
Əжігерей, Базаралы ағасының қасқырша құрылдағанын елестетіп
күліп жіберді.
– Мына найсап неменеге күледі? — деді Жұмға өзі де мырс етіп.
– Жұмақан атасының берген ақыл-кеңесіне күліп отырған шығар, — 
деді Шерім.
– Енді мына қызықты қараңыз, — деді Сабыт қолын жайып, — Бағана
айттым ғой, əн айтып, азан-қазан қылып отырғанда ұсталдық деп.
Есіме мəңгі сақталды. Салдаттар кіріп келгенде Жұмақан “Ғайниды”


айтып жатқан. Ой, құдауанда! Содан бері сол əнді естісем болды,
Дотыптың салдаты есіме түседі. Қалай алысқаным есіме түседі,
құтыла алмай қойдым.
Шерім ішін басып күлді.
— Ойбай, ойбай... өлдім.. Саба...қой енді... өлтіресің!
— Рас айтам, — деді Сабыт өзі де күліп жіберіп, - Қалай
құтыларымды білмеймін.
— Оған дейін кісі өлтіріп пе едің? — деді Жұмға.
Сабыт басын шайқады.
— Жоқ. Алғашқым — сол орыс.
— Одан кейін ше?
— Одан кейін... болды ғой. — Сабыт сақалын уыстай ұстаған күйі
ойланып отырып қалды, — Баяғыда айдауда жүргенде... Пəленбай жыл
орман шаптық қой. Содан Сібірде бір Кольчугин деген жерге əкеп
шахтыға салды. Жер астында қорғасын шабамыз. Шахтысы құрып
кетсін. Орман шапқанымыз жақсы екен. Мұнда жер астына түсесің.
Көрге кіргендейсің. Битімдей ғана қуыс. Қайламен шабасың. Терің
көзіңе құйылады. Аздан соң шамның ысынан тұншыға бастайсың.
Уақтысынан бұрын сыртқа шығуға болмайды. Не керек, əйтеуір ит
азап. Сағатына бір рет арба сүйреткен біреу келіп шапқан
қорғасыныңды тиеп алып кетеді. Бір десятник бар еді. Орыс.
Істемеген қорлығы жоқ. Өзінің орысын аямайды, бізді қайтсін. Бізбен
бірге жұмыс істеген орыстар қара жұмысшылар емес, кілең ақсаусақ,
ұрыс-төбелеске жоқ. Көбі өліп қалды. Əлгі десятник, нəшəндіктерге
шағыстырып, амалын тауып өлтіреді. Ешкім көрмейтін қағаберісте өзі
де ұрып өлтіре салады. Ей, Алла, біреуді өлтіргеннен кейін, неше күн
көңілі жайланып, ұйқысы қанып, қунақ жүреді.
— Ондай болады, — деді Жұмға, — Қанға жерік адам болады. Əлсін-
əлсін қан ұрттамаса жүре алмайды.
— Сол десятник маған бата алмады, — деді Сабыт сөзін сабақтап, —
Байқаймын, қолынан келсе қанымды ішер еді. Бірақ қолынан


келмейтін едім. Жұмысты жақсы істеймін. Нəшəндіктерге ештеңе
айта алмайды. Ал оңашада басқаға істеген амалын маған істей
алмайды. Күлген болады. Шекесінен қарап жымиып күлгенде, көзіме
оқталып тұрған шиебөрі елестейтін. Осылай аңыс аңдып бір жыл
жүрдік. Бір күні жер шөгеді деген хабар келіпті. Жиі-жиі болып
тұратын нəрсе. Орыстар неше атасынан бері қазған кені ғой. Бос
қалған оқпандар шөгіп, опырылып құлап жатады. Біз таңертең түсіп
кеткенбіз, хабар түс əлетінде келген. Жаңағы десятник қуыс-қуысты
аралап елдің бəрін ескерткен, бірақ маған келмеген. Ойымда ештеңе
жоқ. Əдетімше терлеп-тепшіп кен шауып жатқам. Бір кезде жер дүние
солқ ете қалды. Табанымның асты тулап жөнелді. Жан тəтті. Қайла
мен шамды алып жанұшыра қаштым. Əрине, қаштым деген жай сөз.
Еңбектеп қана жүруге болатын қуыс қой. Құдайдың құдіретінде шек
бар ма. Жуан еменнен жасалған, жуан болғанда адамның құшағындай
болатын тірек діңгектер шырпыдай сынды ғой. Ойпырай. Аллалап
еңбектеп келем. Ақыры шахтының есігіне де жеттім. Есік жабық.
Ары-бері жұлқып көрдім. Ештеңе шықпады. Қалың еменнен жасалған,
бір елі темірмен құрсалған. Бұндайда ол ашық тұруы керек. Жақсылап
тұрып бекітіп кеткен. Кімнің істегені айдан анық. Амал жоқ, дұға
оқыдым, бəрін Құдайға тапсырдым да, жүрек тоқтатып отырдым.
Көресі жарығым бар екен. Жер шөгіп-шөгіп он қадамдай жерге келіп
тоқтады. Маңайым жыбыр-жыбыр. Қарасам құрт-құмырсқа, жылан-
шаян. Олар да қашқан ғой. Еске түсірсем ертегідей. Əлгі жəндіктің
біреуі маған тиіспеді ғой. Иə. Сонымен отырмыз. Жердің қойны
дегенің əлі дүрлігіп тұр. Бір кезде сықырлап есік ашылды. Десятник
кіріп келді. Шамын бетіме тақап үңіліп қарады. Өлді деп үміттеніп
келсе керек. Сөзге келмей кеудеден бір ұрдым. Сілейіп құлады.
Есіктен сыртқа көз тастадым. Ешкім көріне қоймады. Пақырдың
мойнын бұрап желкесін үзе салдым. Қамаудағылардың арасынан өзі
тіленіп бастық болған белсенді еді. Сұрауы да сондай қатты болған
жоқ. Қалай болды, кім өлтірді деп бір-екі күн тергеді де қойды. Міне,
молдеке, — Сабыт қолын жайып Жұмғаға қарады, — Өз қолыммен
анықтап тұрып өлтіргенім — екі адам. Ал Қытайға ары-бері өтіп
жүргенде талай атыс-шабыс болды, онда қанша оқ аттық,
атқанымыздың қаншасы кімге дарыды, оны айтып бере алмаймын.
Жұрт тағы да үнсіз қалды.


— Бұл да сауап, — деді ақыры Жұмға, — Сен оны тоқтатпасаң, одан
кейін ол қанша адамның қанын ішер еді. Қанша адамды ажалдан
құтқардың. Сенікі сауап. — Шайды баппен, сəндене ішіп отырып бір
əңгіме бастаған, — Баяғыда, Қажыға барғанымда Түркияда естіген
əңгімем. Қондыгердің жұртында Темір Қия деген бір қарақшы
болыпты. Қаншама керуен тонаған, қаншама адамды өлтірген.
Түріктер керуен-сарай, мейманхана, барлық тоқтау жерлерді хан дейді
екен. Сол өртеп, қиратып кеткен хандарында қисап жоқ. Күндердің
күнінде ой келеді. Осы мен не істеп жүрмін, адам деген қабиладан
едім ғой деп ойланады. Ақыры, сол елде бір əулие бар екен, соған
барыпты. Əулие, «кел, Темір Қия, бүгін сенің келетініңді біліп, күтіп
отыр едім» депті. Темір Қия болған жайды баян етеді. Əулие оған
мынадай ақыл айтады. «Тонаған малыңа заңғар қылып хан салдыр.
Өткен мен кеткенге қызмет көрсет, шаршап-шалдыққанды демалдыр,
шөлдегенге сусын бер. Сауабың осы» дейді. Темір Қия, «баба, мен
қаншама қан төктім, жарайды, айтқаныңызды орындайын. Бірақ
күнəмнің кешірілгенін қалай білемін» дейді. Əулие оған бір шыбық
береді. «Осыны ханның ауласына егіп қой. Əйтеуір бір күні сол шыбық
гүлдейді — күнəңнің кешірілгенін содан білесің» дейді. Жақсы, Темір
Қия бүкіл қазынасын жұмсап хан салдырады. Өткен-кеткеннің бəріне
қызмет қылады. Ішкен мəз, жеген тоқ. Осылайша талай жыл өтеді.
Бірақ қанша мал шашса да, ары-бері өткен жолаушыға қанша қызмет
көрсетсе де, шаншып қойған шыбық гүлдемепті. Бір күні, осы ісімде
не мəн бар деп ойланады. Баба мені ақымақ қылып қоя берген жоқ па
деген ой да келеді басына. Бірақ, тағы да сабыр сақтайды. Күндердің
күнінде ханның жанынан бір суыт жолаушы өтіп бара жатыпты. Темір
Қия жүгіріп, жолына тұрып, жолаушы, ат шалдырып мейман болып
кет дейді. Жолаушы, түсі суық біреу екен, жолыма тұрма, кет былай
дейді. Темір Қия тағы да жалынып, аттың тізгінінен ұстамақ болады.
Жолаушы атын қарғытып, омыраулап қағып-соғып жөнеледі. Ат
тарпып, есеңгіреп қалған Темір Қия қорланып, ашуланады. Құдай осы
бергенін қайырып алса да деп, үйге жүгіріп кіріп, мылтығын алып
шығады да, көздеп тұрып тартып жібереді. Баяғы машық бар емес пе,
оқты тура қарақұстан дарытыпты. Сұлап өліп жатқан адамның
жанына келіп, Темір Қия жылапты дейді. Мендей қанішер болмас,
Құдай мені неге ала салмайды деп боздап, үйіне қайтып келсе, о,


керемет. ханның ауласындағы қу шыбық гүлдеп, жасыл желекке
оранып тұр дейді.
— Па, шіркін! — деді Шерім. — Неше жыл қонақ күткеннің
сауабынан, жалғыз оқтың сауабы артық болды ғой.
Жұмға құптап басын изеді.
— Дұрыс айтасың. Темір Қияның өлтірген адамы бір үйлі жанды
қыруға бара жатқан қандықол қарақшы екен.
Сабыт таңдайын қағып тербеліп кетті.
— Ойпырай, ə! Алланың ісін, Алланың жүйесін кім болжай алған!
— Дін ерлікті күстəналамайды. Егер ол шын дін болса. Ерлікті
айыптаса — онда ол дін болмағаны. Мен талай діннің парасын
ажыратуға тырыстым, анығына жетуге тырыстым. Өзі молла болып,
бұндай сөзді неғып айтып отыр деп таңқалып қалмаңдар, — Жұмға
əлдебір мұң ұялаған көздерін Шерім мен Сабыттың жүзіне кезек
қадаған, — Бабаларымыз əуезіне ұйыған ата дініміз ғой. Бірақ көп
нəрсесін əлі күнге дейін түсіне алмаймын. Мысалға ту сыртыңнан ата
дұшпаның келіп қару сілтесе де намазды қаза қылуға болмайды. Бұл
не сөз? Олай болса ел жағалай намазға отырғанда жауың осылай шаба
береді ғой. Солай болғаны ма?
— Кім біліпті, — Сабыт төс қалтасынан орамалын алып мойнын,
бетін сүртінді, — Мен олай отырмас едім. Əуелі жауды өлтіріп, содан
кейін барып намаз оқыр едім. Оның үстіне “сақтансаң сақтаймын”
деген сөзі жəне бар ғой.
— Тамақтың алдында далаға шығып бой жазып келмейсіңдер ме, —
деді Күлбағила дастарханды жинап жатып, — Омалып отыра
бересіңдер ме?
Сабыт сүйегі сықырлай орнынан тұрды.
— Ол да дұрыс екен. Кемпірдің бір тауып кететіні бар осылай.
— Баяғының қазағы сияқтысың, — деді Жұмға далаға шығып бара
жатып, — Жаз шықпай киіз үй тігіп отырасың.


— Үйреніп қалған əдет. Баяғыдай көкөрай шалғын жайлауға шыға
алмаймыз. Осылайша амалдаймыз да.
Үшеуі ауланы ары-бері кезіп, күздің жұпар ауасын рахаттана жұтты.
Əжігерей əдетінше арттарынан қалмай ілесіп жүр.
— Əй, осы сен бала болып неге ойнамайсың? — деді Жұмға, —
Жабысып шалдардың жанынан шықпайсың.
Сабыт күлді.
— Жүре берсін. Баяғыда Абай жарықтық сүйтеді дейді ғой. Жап-жас
бала, билердің жанында сөзге қанығып тұрады дейді. Кейін сол
қандай болды.
Шерім қолымен өзен жақты көрсетті.
— Анау немене от?
Сабыт көзін көлегейледі.
— Алтыбақан ғой. Бағана біздің үйден арқан сұрап əкеткен.
— Мынадай суықта... — деді Жұмға.
— Е, жастық-мастық деген ғой. Суық дегеніңді біле ме олар. —
Шерім Əжігерейдің басынан сипап бауырына тартты.
— Бүгін домбыра тартып бересің ғой. Өнеріңді бір тамашалайық та.
Əжігерей атасына қараған.
— Тартады, — деді Сабыт. — Балам деп жақын тартқаным емес.
Қазірдің өзінде Тəттімбеттің күйін шертеді.
Үйге кіріп қайта жайғасқаннан кейін, Сабыт іргеде сүйеулі тұрған
домбыраның құлақ күйін болмашы ғана түзеп жіберіп Əжігерейге
ұсынды. Əжігерей ауыр домбыраны алдына өңгеріп, не тартамын
дегендей атасына қараған.
— “Сылқылдаққа” қалайсың? — деді Сабыт.
— Жарайды, — деді Əжігерей.


— Асықпай. Өзім көрсеткен нəрселерді ұмытқан жоқсың ғой? —
Сабыт Əжігерейге əлдебір риза кейіпте қараған, — Бытырлаған қара
шертіс. Есіңде ғой?
Əжігерей баяулатып бастаған. Қолы кібіртіктеп, домбыра да тұтығып
сөйлейтіндей. Атасының жүзіне ұрлана көз тастады. Сабыт
домбырадан көз алмай, қатардағы тыңдаушы сияқты отыр. Біртіндеп
қолы жүре бастады. Ақырында екінші буынның басынан түскенде
өзінің үйреншікті бабын тапты.
— Е! — деді Шерім, — Енді түзелдің. Ой, қолыңнан айналайын!
Буынның аяғында алақанмен соғатын жеріне келгенде арқасына қанат
біткендей көтеріліп кетті. Тіпті атасының саусақты ішек бойлап
сырғанататын тəсілін бір-екі рет алып жіберді. Қобыздың дауысындай
көрікті дыбыс шыққанда анау-мынауға селт етпейтін Жұмғаның өзі
бір қозғалақтап қалған. Бойын əлдебір мақтаныш сезімі кернеді. Күйді
атасы сияқты күрмемей, шорт кесіп аяқтаған. Өзінің тапқан тəсілі.
— Өзі мақтаншақтау, — деді Сабыт күй аяқталып, Жұмға мен Шерім
ризашылығын білдіріп жатқанда.
— Оң қолында кəдімгідей тегеурін бар екен, — деді Жұмға, — Бар
кілтипан оң қолда ғой.
— Дұрыс айтасыз, Жұмеке, — деді Шерім, — Шертісте тұр ғой бəрі.
Жақсы екен. Тек... шорт кескенін түсінбедім. Домбырашылар бұл
күйді үшқағыспен, төртқағыспен немесе кейде, тіпті, бесқағыспен
күңірентіп барып аяқтаушы еді ғой.
Сабыт домбыраны қолына алып соңғы қайырманы ұшыртып ойнап
шықты да бар бабымен аяқтады. Домбыра ішіне боран толғандай
күркіреп кеткен.
— Міне, осылай аяқтайды. Түсіндің бе?
— Түф, шіркін, — деді Шерім разы болып, — Сынбай тұрған сабадай
күмпілдеп кетті ғой.
— Түсіндім, — деді Əжігерей домбыраны қайырып алып жатып.


— Енді... — Сабыт сəл ойланып қалды, — “Жайсары Қосбасарды”
шалып көрші. Пернелердің қалай жылжытылатыны есіңде ғой.
— Есімде, — Əжігерей екі пернені қосып жіберді де, шешен пернені
бір елі алға оздырып қойды.
— Міне, дұрыс, — деді Сабыт.
Бұл жолы еш мүдірмей бастады. Аяғына дейін бір сүрінбеген. Тек əр
буынның орта тұсындағы сарғайған сары үміт əуенді тамашалап
отырыңқырап қалады.
— Бəрі жақсы, бірақ буынның ортасында езіңкіреп жібердің, — деді
Сабыт күй шертіліп болғаннан кейін. — Əр нəрсенің өз орны бар.
— Ондай болады, — деді Шерім, — Мен де алғаш Жұмақаннан əн
үйренгенде “Гаухартастың” өзін емес, қайырмасын ғана айтқанды
жақсы көретінмін.
— Болар енді. Көз тиіп кетер, — Жұмға жантайып жатып тəспісін
қайтадан қолына алған. — Балаңның өнері бар екен, Саба.
— Бұйырғанын үйреніп жатыр, — деді Сабыт.
Шерім қуақылана жымиған.
— Жаман бұйырмаған сияқты ғой.
Дастархан үстіне үйеме табақ ет қойылды. Барлығы бəкілерін ашып
турауға кірісті.
— Жұмақан жарықтық қызық адам еді ғой, — деді Шерім ыстық етті
аузын тулата шайнап отырып, — Қартайғанда бұрынғысынан да
қорқақ болып кетті. Кейіннен алдынан тағы бір өтейін, батасын
алайын деп бардым. Отызыншы разъезде үлкен қызының қолында
тұрды ғой. Сонда қарсы алғандағы айтқан сөзі. “Қарағым, аударылып
қалмай, аман-есен жеттің бе, əйтеуір” дейді. Неге аударылуым керек,
ол не сөз десем, осы күні пойыздар аударылады дейді ғой деп қарап
отыр.
Сабыт мырс етті.


— Артынан күйеу мен қыз бəрін айтып берді. Қорықпайтын нəрсесі
жоқ дейді. Сиырды пойыз басып кетпесін, Аякөзде оқып жатқан
балаларды орыстар сабап кетпесін, пештен иіс тиіп өліп қалмайық,
жауыннан қораның бұрышы құлап үстімізден басып қалмасың...
Қойшы, əбден мезі қылады дейді, — Шерім басын шайқап күлді, —
Сол күнге жаны қалай жеткен.
— Өлерінің алдында көңіл жетер ағайынның бəрін аралап шықты, —
деді Сабыт, — Осында да келді. Ой, жарықтык. Күрк-күрк жөтеледі,
кеуденің бəрі толған қақырық. Бірақ мəнер қандай, шіркін! “Сырлы
аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді” деген. Əн айтқанда бір мін таба
алмадым ғой. Тек “Ғайниды” айтшы деп едім, көзіне жас алды. Сонда
айтқаны ғой. Сабыт, қарағым, қай күнің болса да, басыңда тұрғанда
ауырлайды екенсің. Ал өтіп кеткеннен кейін шын ба, өтірік пе, түсініп
болмайды. Сол баяғы кеп, көрген түс сияқты. Есіме түсірем,
сенбеймін. Болмаған сияқты, дейді. Болды ғой деймін. Сонда
жарықтықтың айтқаны. Көзім көрді, бірақ затым сенбейді дейді.
Бақсам, сонда бақұлдасып кетейін деп келген екен ғой. Талай əншіні
көрдік, əй, Жұмақандай əнші жоқ-ау. Жай бір, осы қатын-қалаш от
жағып жүріп айта салатын, ауыл арасындағы қысқа қайырым əнді
ыңылдап айтып бергенде, шіркін-ай, шіркін-ай, күйдің керегі жоқ қой.
Құдайдың бір ерекше жаратқан адамы еді ғой. Жасық еді, қорқақ еді
деп күлеміз. Ал шынына келсе, қорқақ емес болатын. Ер болатын.
Ерлігін айтайын, — оның мырзалығы, оның жомарттығы, оның
кісілігі елде жоқ еді. Жомарттық, кісілік — ерліктің белгісі.
Қайратсыз да емес болатын. Баяғыда осы Ақманбеттердің ауылына
ұрын барғанда, алдымыздан күйеу талапай шығып, сонда жездеміздің
атын аударып аламыз деп жалғыз өзіне он екі адам жабылды. Сол он
екі жігіттің шамасы жетпеді ғой, алғызбады. Адамның қанын ұрттай
алмаса — ерекше бітімінен шығар. Не дейін. Жатқан жері жайлы
болсын. Атынан, затынан айналайын.
Шерімнің қабағы күреңітіп, томсырайып отырып қалды.
— Ал, ал, Шерім, — Күлбағила табақты Шерімге қарай сырыңқырап
қойды, — Қайтесің енді. Өлген адам өлді.


— Ой, Саба-а, — деді Шерім даусын созып. Көзінен мөлт еткен жасты
қолының сыртымен сүртіп тастады, — Көңілімді босаттың ғой. Қай-
жайдағы есіме түсіп кетті.
Ас жеп болып қариялар дастарханнан шегініңкіреп отырды. Əжігерей
құманмен қолдарына су құйып шықты.
— Ал, Шерім, — деді Сабыт қолын сүртіп жатып, — Сол Жұмекеңді
еске түсірейік. Ұстазыңнан қандай екенсің, көрейік. Домбыраны
қолыңа ал.
— Шерім бүгін ғана əн салып отырған жоқ қой, — деді Күлбағила, —
Қойшы сен де, бала құсатпай.
Шерім домбыраны бұрап отырып, күле сөйлеген.
— Ағамыз болғаннан кейін айта береді ғой.
Бірінші айтқаны “Жонып алды” еді. Əннің желдірмесін көп созбай
қысқа қайырған да бірден шырқай жөнелген. Əжігерейге əншінің
даусы шаңырақтан көкке өрлеп айдың астына бір-ақ жеткендей
көрінді. Қайырмасын ерекше сəндене иіреді.
Аха-хау, хайи-ли-ли-ли-ли-лай.
Ахоу-хай-ли-ли-ли-ли-лай
Аха-ха-хау.
Лии-лай-лии-ла-а-а-а-а-ай.
— Па! — деді Сабыт риза болып. — Айнымайды. Жұмекеңнің де
танауының үсті мен екі шекесі осылай күмбірлеп кететін.
— Тұрымтайдай болсаң да кеудең көріктей екен, — деді Жұмға да
риза болып.
— Тағы бір əн, — Сабыт рахаттана ыңғайланып отырды. –Айта түс.
Шерім бұл жолы асықпай баппен шерткен. Əжігерей, əнші атасының
саусақ арасын аса ашпай, алақанын күрек құсатып шертетініне назар


аударды. Қара шертіс емес. Сүйретпе деп аталатын қағыс. Желдірме
нəштеніп келіп, жігі білінбей əнге ұласты.
“Гаухартас”! Жүрегі атша тулаған. Көп айтылмайтын, анда-санда ғана
естіліп тамсандыратын, бір тыңдағаннан мəңгі-бақи ғашық қылатын
əн. Шерім əр сөзді санамалап, үзілдіріп отыр. Қайырмаға келгенде əн
мінезі күрт өзгерді. Алдыңғы шумақтағы таңданыс, ғашығының көркін
сипаттауға тілі жетпеген сүйініш қайда кетті... Ол сүйініштің орнын
жүрек суырған қамырық басты... Неге олай...
— Беу, беу
Гаухартас
Құсни құрдас
Раушан жүзіңді көргенде
Сабырым қалмас.
Асылына қол жеткізе алмай кеткен жігіт сөзі... Шерімнің көзіне көзі
түскенде өнебойы дүр сілкінген... Əн... əн сыры əуенде ғана емес
екен... Иə, қайғы. Иə, қамырық. Бірақ əншінің жүзінен, осынша
кешкен қасыретке деген ризашылықты көргенде, бұйырмай кеткен
ғашыққа айтылған шексіз алғыс сөзді танығанда тамағына өзіне таныс
тас тығылды.
— Түф, даусың Құдайдың құлағына жетті ғой, — деді Құлбағила. —
Келбетке қолыңды жеткізе алмай жүргенде шығарғансың-ау.
Шерім төмен қарап күлген. Содан соң Сабытқа қарап:
— Саба, “Гаухартастан” кейін əн айтыла ма? — деді.
— “Гаухартастан” кейін əн айтқан əбестік болар, — деді Сабыт, —
Шіркін-ай, көңілімізді бір көтеріп тастадың ғой. “Гаухартасқа” не
жетсін. Оған тең келетін сөз жоқ-ау.
Шерім қулана жымиған.
— Оған тең келетін сөз бар.


— Ол қандай сөз?
— Ол сенің əңгімең, — деді Шерім домбыраны Сабытқа беріп жатып.
Енді Сабыт күлді.
— Əй, Шерім... Қусың-ау.
Ішекті күмбір еткізіп бір қағып қалды.
— Бұл “Гаухартас”, Жұмақан марқұмның айтысында, бір серінің əні
екен. Өзі жалғыз атты кедей. Ғашық болғаны байдың қызы. Қосылды,
қосылмады, белгісіз. Бірақ артында осындай əн қалыпты, —
Домбыраны қабырғаға сүйеді, — Тура осындай болмаса да, осыған
ұқсас бір кеп. Менің ұстазым Илəпі деген күйші еді. Екі ұрты қара
дорбадай салбыраған, мұрны қолағаштай, аузы итаяқтай, айранкөз, аса
рабайсыз, бірақ жүрегі сəбидің жүрегіндей, мейірімді адам болатын.
Осы өзіміздің Жұмақан сияқты, дүниенің парқын білмейтін. Əйелі
ерте өліп тұл болып қалған. Жар басында жалғыз там. Сол əйелден
Өксікбай деген жалғыз ұл көрді. Кедейдің қолы қысқа. Жиын-тойға
бара алмай, жұртқа таныла алмай жүрген кезі ғой. Сөйтіп жүріп менің
əкеме жолықты. Əкей асып бара жатқан мырза болмаса да, ағайынға
қайыры бар, малшы-жалшының ақысын жемеген əділ адам еді.
Илəпіні ертіп келіп маған ұстаз етті. Өксікбаймен бірге жүріп дос
болдық. Менен бір-екі жас үлкендігі бар. Айтайын сендерге, оған
дейін де, одан кейін де талай бармағынан бал тамған күйшілерді
көрдім, бірақ домбыраны Илəпідей шалған адамды көрген емеспін.
Бір күні əкем жарықтық, Илəпіні, осы, шеріңді бір тарқатшы деп
Қояндыға ертіп барды. Жас кезіміз. Ойпыр-ой, ол кездегі жəрмеңке
мүлдем бөлек қой. Қаншама мал-мүлік, дүние келеді. Байлардың
қалай ақша шашқанын сонда көрдік. Өнерлілер көп келеді. Баяғы
Біржан Сал əн салған Қоянды ғой. Күйшілер көп жиналады екен.
Мынау Қаракесек шетінен домбырашы. Баубек деген керемет болды.
Тобықтыдан Біткенбай, Торғай деген дəулескерлер келді. Шұбарағаш
Ойжайлаудағы Аманғұлдан Қоңыр, Ақжүрсін, Керейден атақты Рəш
келді. Сонда деймін-ау, Илəпі жарықтық, ондай жерге жете алмай зар
болып жүр екен, тартысқа түскенде қыран жапқандай қылды. Күйді
көп білетін. Бірақ одан да көп білетіндер болған. Мəселе күйдің
тереңдігінде ғой. Сүре тартыс, түре тартыс деген болады. Сүре тартыс


— күйдің санына тартыс. Күйді ең көп білетін адам жеңеді. Алайда,
күйшілердің ең биік сыны — түре тартыс. Мұнда күйдің тереңдігі
сынға түседі дедік қой. Бұндайда қазақтағы ең шытырман, ең терең
күйлер тартылады. Сол заманда Байжігіттің “Қосайдары” мен
Тəттімбеттің “Былқылдағы” ең қиын күй, жігіттің жігіті ғана тарта
алатын күйлер болатын. Ең соңында Рəш, Баубек, Илəпі үшеуі ғана
қалды. Тартысты жүргізіп отырған Қатпан деген адам, өзі де дəулескер
күйші, əуелі “Қосайдарды” тартыңдар деді. Біздің елде “Мүкамал
шертіс” деген болған. Мүкамал деген керемет ұста болған, соның
ойлап шығарған амалы. Мынау қобыздың шалғысы бар ғой, соның
амалын домбыраға салған.
Əжігерей қайран қалды:
— Ол қалай сонда?
— Ол былай. Домбырада бір қағыс — бір буын ғой. Есіңде болсын,
бір-ақ буын. Ал Мүкамал бір қағыстан үш буын шығарған.
— Мүмкін емес, — деді Шерім. — Бір қағысқа — бір буын. Қашанда
солай болған.
Сабыт шамданып қалды.
— Мүкамалға дейін солай болған. Күй мен неше түрлі амалды ұлы
күйшілер ғана шығармайды. Домбыраны жақсы меңгерген əдепкі адам
да неше түрлі амал шығара алады. Адамнан айла артылмаған.
Шерім шаршай келіскен.
— Жарайды. Қобыздың шалғысы қанша буын болса да шығара алады.
Шалғыны бір құлаш қылып жасап ұзақ соза тартатын қобызшыларды
көрдік. Бірақ сен шорт қағыстан қобыздың даусын шығаруға болады
дейсің. Бұл қалай болғаны?
Сабыт домбыраны қолына алды.
— Міне, мынау Байжігіттің “Боз інгені”. Дұрыстап қарап ал.
Күй қысқа қайырылды. Сабыт өзі айтқан амалды көрсету үшін, бір
буынды ғана тартып шыққан.


Ойпырмай, — деді Шерім, — Шынында да солай екен-ау. — Басын
шайқап, тандайын тақылдатқан. — Керемет-ай!
— Міне, солай, — деді Сабыт.
Домбыраны алдына көлденең салып əңгімесін жалғады.
— Илəпі жарықтық, “Қосайдарды” жаңағы Мүкəмал шертіспен шертіп
шықты. Ол заманның адамдары қандай! Шетінен ұққыш. Əлі есімде,
Илəпінің өнерінен кейін Рəш те, Баубек те, домбыраға қол тигізген
жоқ. Ескінің адамы сөзге, күйге тоқтайтын еді ғой. Сонымен
Тəттімбеттің күйі шертілмей қалды. Илəпі бəрін жеңіп шықты.
Артынан Рəш пен Баубек екеуі кезек-кезек шақырып, ту бие жығып
қонақ қылды. Қайта-қайта шерткізіп ақыры қағыстың нобайын
қоймай 
үйреніп 
алды. 
Кейін 
мен 
Қарқаралыға 
барғанда
домбырашылардың көбі осы Мүкəмалдың шертісін білетін болып
шықты. Үйренген ғой бəрі. Иə, сонымен түу, сонау Семейден келген
ұлықтардың, болыс-билердің əрқайсысының жеке-жеке тіккен
байрағын Илəпі жалғыз өзі алды. Өзінің əдетінше жағалай үлестірмек
еді. Əкем, сен шашып құртасың, деп бəрін өзі алып алды. Сол ақшаны
жандыққа айналдырып еді, жиырма шақты жылқы болып шықты. Сол
жылқыны жылқысына қосты. Содан соң жыл сайын мал төлдегенде
Илəпіні жылқы ішіне алып барып, пəлен биең құлындады, малың
пəлен бас болды деп көзінше санап беретін болды. Сөйтіп Илəпіге
азын-аулақ мал бітті. Енді бұл осымен тұра тұрсын. Бізбен қоңсы
Оразымбет, Сартымбет, Байғара деген ағайынды үш бай болды. Малы
мыңғырған, Семейде, Қояндыда дүкен ұстаған азулы əулет еді. Сол
Сартымбеттің Нұрғиза, Бекей есімді екі қызы болды. Бекей бет
біткеннің сұлуы, талай байдың мырзалары айттырып ала алмаған
керемет болған. Енді қызықты қараңыз, қырықтан асып елуді
алқымдаған Илəпі сол Бекейге көңілі ауған ғой. Сартымбет өзінің де
аздаған домбырашылығы бар, сөз ұстаған, кейде дау-шарға билік те
айтқан, əділетті, кісілікті адам болатын. Бір күні дастархан басында
əңгімеден əңгіме шығып, Илəпінің жайы айтылады. Сартымбет
“Ойпырай, Илəпі жалғыз қалды-ау осы” депті. Отырғандардың бірі
“Илəпіге жаның ашыса қызыңды бер” депті. Сонда Сартымбет
жарықтық “Е, мен қызымды Илəпіге бермегенде кімге берем” депті.
Айтылды, бітті. Ол кезде əкенің айтқаны заң. Шіркін, ол кездің


қыздары да асыл ғой. Илəпі танысуға келгенде, қыздың жеңгелері,
міне мынау біздің күйеу деп сыртынан көрсетіпті. Бетіне жан
қаратпаған Бекей, жабықтан сығалап кеш бойы Илəпінің күйін
тыңдапты. Содан соң “Он саусағын кесіп алып, өзгесін итке
тастайтын-ақ адам екен. Бірақ жігіттің жүйрігі екен. Əкемнің сөзі —
сөз. Бердім құлпымды” дейді. Сонымен Илəпіні үйлендіріп, ұлы-
жиын той қылғанымыз бар.
— Саба, сөзіңізді бөлейін, — деді Шерім, — Осы Өксікбай əкесінің
домбырасын ұстады дейді ғой.
— Иə, — Сабыт аяғын соза отырып шайды рахаттана сімірген, —
Өксікбай екеуміз бірдей үйрендік. Əкесіне жедеғабыл домбырашы
болды. Керемет еді. Илəпі, екеумізді талай тартыстырған. Иə, ол да бір
дəурен екен. Содан кейін топалаң басталды. Сол сұрқылтайдан кейін,
заман енді түзеле ме деп жүргенде Илəпі мен Өксікбай айдалып кете
барды. Бекейден үш бала болды. Біреуі қыз, екеуі ұл. Бір-бірімізден
осылай айрылып қалдық. Кейіннен қайтып келгеннен соң, осы мынау
Қызылқияда отыр екен деп естіп, іздеп бардым. Қызылқияда үлкен
ұлдың қолында екен. Ой, заман-ай! Ер өліп, Есіл теріс ақты. Дүние
асты үстіне келіп өзгерді. Бірақ Бекей өзгермепті. Жақсылап қарсы
алды. Келіндерін қас-қабақпен ғана жүргізеді екен. Аяқтарының
ұшынан жүріп қызмет қылды. Көз ала алмай отырдым. Кимешегі
аппақ қардай. Қолдың бəрі — сала күміс. Бойы тіп-тік. Бетінде бір
əжім жоқ. Сол баяғы Сартымбеттің қызы. Екі күннің ішінде басымнан
талай заман өтті ғой. Илəпінің қалай күйеу болғаны, Бекейдің қалай
келін болып түскені. Не керек, көз алдыма талай нəрсе келді.
Шынымды айтайын, еркекпін ғой деп өзімді тежегенім болмаса, ішім
жасқа толды. Өшімді домбырадан алдым. Тапжылмай, үн-түн демей,
мөлдіреп тыңдады да отырды. Тəкаппар, анау-мынауға селт етпейтін
қатты адам еді ғой. Тек аттанарда ғана сəл босап «рахмет қарағым,
Илекем тіріліп келгендей болды ғой» деді. Ауылдың сыртына
шығарып салды. Олай-былай өткенде атыңның басын бұра кет,
осындағы жұрттың барлығыІ жайылып жастық, иіліп төсек болады
деді. Бұл қырық жетінші жылдың күзі болатын. Екі жылдан кейін көз
жұмды ғой. Ал Өксікбай елу үшінші жылы келді. Қайтып жатқанын
естіп Аякөзден қарсы алдым. Шынымды айтайын танымай қалдым.
“Ат арыса — тулақ, ер арыса — аруақ» деген. Əкесінің аузынан түсіп


қалғандай, өзі сүйекті ірі еді ғой. Сол, есімде қалған Өксікбайды
тосып тұрмын. Жұрт пойыздан түсіп жатыр, түсіп жатыр. Əлі қарап
тұрмын. Ақыры жұрт тарады. Кенет жаныма бір бүкшиген шал келді.
“Сабыт, амансың ба” дейді. О, дүние! Өксікбай екен. Сақал-мұрт,
шаштың бəрі ағарған. Өзі бір-ақ уыс. Бас салдым. Көзінен бір тамшы
жас шыққан жоқ. Арқамнан қағып, «жарайды, Сабыт, қапа болма,
аман-есен көрістік емес пе, енді арман не» деді. Жолға шықтық. Тек
Майтастан асып еңіске қарай аққанда, тоқташы деп арбадан түсті де
былайырақ барып қара жерді құшақтай құлады ғой. Иə... Үйге келдік.
Осында бір айдай болды. Ағайын-туғанды армансыз аралады. Барлық
əңгімесіне қандық. Илəпі сол жақта өліпті. Ібір-Сібірден топырақ
бұйырыпты. Құрыққа түскен құлындай тағы қаншама азамат сол
жақта ажалын тапқан. Содан Өкең, Қарағаш жақта бір
нағашыларының үйіне кетті де сол жаққа орнықты. Жиі-жиі келіп
тұратын. Əмеңгерлік жолмен бір жеңгесіне үйленіп, бірнеше балалы
болды. Солай!
Барлығы үнсіз қалды. Əжігерейге киіз үйдің күмбезі нұр шашып
тұрғандай көрінген. Кенет қатар отырған қариялардың үстінен
періште ұшып өткендей болды.
Үшеуі де үн-түнсіз орындарынан тұрып далаға шықты. Күздің бал
татыған қоңыр самалы есіп тұр. Жып-жылы сірке жауын. Өзен
жағасынан көңілді күлкі, домбыраның үні естіледі.
— Мəжілістері енді қызған сияқты, — деді Сабыт.
— Заман осылардікі, — деді Шерім, — Ештеңенің бағасын білмейді.
Ойын-күлкі... Табанының астында Илəпінің жəудіреген көзі жатқанын
біле ме екен осылар. Дəл сол жерге Бекей ошақ қазғанын біле ме екен.
Сабыт кеудесін кере дем алды.
— Бұның артық енді, Шерім. Жастардың мына істеп жатқаны зая
болса, онда Бекейдің ошақ қазғаны да өтірік болады. Бұлар осы
заманда туғанына кінəлі ме. Тəуба десейші.
Шерім дауласқан жоқ, құрметке толы көздерімен жалт етіп Сабытқа
бір қараған. Төртеуі, тас қараңғы түнде жан жадыратар жауынның
астында, жастықтың мерекесін тамашалап тұра берді.


* * *
Пенденің жалғыз жұбатушысы — өлім. Ал, ешқандай қызық көрмеген,
өзінің құс қанатындай қысқа өмірін жоқшылықта, қорлықта, аш-
жалаңаш жүріп өткізген адам үшін жалғыз ғана үміт — ол да өлім.
Атасы айтады, дүниеден небір пайғамбарлар өткен, сол пайғамбарлар
өмірінің соңында барлығы да өлімге бас иген деп. Біреулер ойлайды,
жоқшылықта өткен адам басқаның бақытын кызғанып қорланады, сол
қорланғаннан, өзіне бұйырмаған бақтан барып өлімге жүгінеді деп.
Бұдан өткен қате болмас. Адам пенде қырық құлаш зынданның
түбінде жатса да өмірден үмітін үзбейді. Ал өлім деген басқа, ерекше
бақ. Əрбір адамға кесімді күні келетін тəни өлім емес. Пақырлықтан
кемелденген, бес жасар баланы пайғамбар дəрежесіне көтеретін
ерекше түйсік ретіндегі өлім.
Осыдан бірнеше күн бұрын естіген əңгімесі жатса да, тұрса да ойынан
кететін емес... Көсеге... Оның тағдыры — пайғамбар тағдыр. Шерім
атасы айтты ғой, бір иесіз қыстауда, анасымен екеуі құшақтасып
жатып көз жұмған деп. Өлерінде, тұрлаусыз бұл фəниден аттанып бара
жатқанда не ойлап, не сезінді екен... Көсеге.. Мына дүние сенің бір
тамшы көз жасыңа тати ма. Ойынша, ол өлерінде жыламаған сияқты.
Өйткені туа сала есейген, пайғамбар тағдырлы адам, қысқа
ғұмырында Құдайменен дау үстінде өткен адам, өлім алдында
кішіреймесе керек. Өз түйсігінен біледі, тіршілікке бауыр басып
үлгермеген, фəни өмірдің не екенін түйсініп үлгермеген адам
жылауды да білмейді. Себебі, ол үшін өмір - өлім, өлім — өмір. Бір
ғана ағын. Ешқандай жік жоқ бір ғана ағын. Иə. Көсегенің тағдыры
пайғамбар тағдыр. Міне, бұл да, өзінен пəленбай жыл бұрын өмір
сүрген, сол періште күйінде осы дүниеден о дүниеге өте салған
Көсегенің табаны тиген топырақты басып келеді. Жер қырауда, қарлы
боранда алыстағы көкжиекке дейін қаптай жапқан, зіл болып басқан
қара түнекті тек өлімнің алауы ғана түре алады. Тұрлаусыз жарықтың
алдамшы сəулесі... Үздіксіз аққан, тоқтаусыз жылжыған бір тізбек.
Түнектен басталып түнекке сіңеді... Жоқ... Жарықтан басталып,
түнекке бір бөгеліп қайта жарыққа ұласады. Қара тұман басқан
көкжиектен қаралы түн көтерілгенде, бұл дүниеден опа таппағанның
таңы сонда атады... Бірақ қайғы... қайғы... Осы кемелге жеткізген
қайғының өзі бар емес пе... Жүректегі осы от ешқашан өшпей тұра


берсе ғой... Атасы айтады, адам қайғыны өзі сұрап алған деп... Темірді
алтынға, тозақты ұжмаққа айналдыратын қасиетті от... кеудеде тұрса...
адам өзінің намынан айнымайды, мəңгі адам болып қала береді...
Көсеге... Менің Көсегем... Атың естілгенде көзіме көріндің... Көріндің
де жүрегіме теліндің, мəңгілікке байландың... Қайғымның аты жоқ
еді... Енді мен сені ғана ойлаймын... Сені ойлап қана қайғырамын...
Кей-кейде атыңды атамасам, кеш мені, себебі қайғырғаным, қамырық
шеккенім – сенің атыңды атағаным, сені айтқаным...
Қойдың шеті дүр еткенде селт етіп жан-жағына қараған. Дүние
өзгеріпті. Жаңа ғана төңіректі күміс нұрымен аймалап тұрған күн
бұлтпен торланыпты. Жер беті алакөлеңке. Қалың қырау еріп шыққа
айналған. Қыраудан кешкен қойдың үсті шылқыған су. Даланың
үстімен күздің бал еріткендей хош иісті ауасы өзендей ағады.
Əжігерей кеудесін кере дем алды. Ауада ызғырық бар. Боран болатын
шығар деген ой жылт етті. Күміс түкті көде мен қара шайыр жусан, əлі
бүрі төгіле қоймаған қараған мен тобылғы. Күздің нəрлі шөбін отаған
мал басын жерден алмай тоқтаусыз жылжиды. Көкірегін əлдебір тəтті
мұң билеген Əжігерей ертоқымды сықырлата ары-бері қозғалақтап,
жан—жағына қаранды. Аспан толық құрсаныпты. Сонау сұрғылт
көкжиектен желдің ішін тартқан алғашқы өксігі жетті. Анда-санда
жерді дүрс еткізіп тебініп, жайылып келе жатқан Торытөбел басын
көтеріп ебіге қадала қараған.
Ызғырық күшейді. Желдің өтіне шыдамай, жаңа ғана малшынып
жатқан жер де, шөп те, нұрланып тұрған дүние ілезде кеуіп, қаңсып
қалды. Жел барған сайын үдеп қардың демі білінді. Мұз тоңатын суық
леп қойын-қонышты аралап барады. Аспан қара түнек. Ауыр бұлттар
сай-сүйегі сырқырай ағады. Көкте алыптардың соғысы басталса керек.
О шеті мен бұ шетіне көз жеткізгісіз сұр көбік қара жағал теңіздің əр
жерінен ойдым-ойдым аралдар пайда болып, сол сəтінде қайта
жұтылып, адам түсініп болмайтын бір жаратылыс басталған сияқты.
Жандарынан бір отар қой өріп өтіп, соңынан үйдей ат мінген біреу
шауып өткендей болды. Желдің екпінімен қаптай жүгірген қаңбақ
екенін, бір-бірімен үй орнындай болып тұтаса ұйлығып, желдің
екпініне шыдамай қопарыла көтерілген қаңбақ—қала екенін артынан
түсінді. Алдындағы отар да, астындағы Торытөбел де қара боранның
алып деміне төтеп бере алмай дедектеп жөнелген. Тізгінді бос тастап


бəрін де Құдайға тапсырған. Қар менен топырақ осқылап аттың
бауыры, өзінің үсті-басы баттасқан балшық болды. Қай тұста келе
жатқаны белгісіз. Аспан да, жер де жоғалып, тұтасып дүрілдеген
мұхитқа айналған. Торытөбелдің жүрісінен ғана əлі де жер басып келе
жатқанын сезеді. Боранның қай бағытта соғатыны белгісіз. Бірде
оңнан, бірде солдан, бірде екі жақтан бірдей қыспаққа салады, сол
сəтте жердің жарығы ашылғандай, енді төменнен жоғары қарай
соғады. Кенет құлағы бітіп қалды. Табиғаттың дүлей ойыны, көзге
анда-санда шалынып, маңырай ығып бара жатқан қой, шатқаяқтап,
аяғын шалыс тастап келе жатқан Торытөбел, бəрі-бəрі бір жаққа
ығысып жоғалды. Ызы-шу, боранның үскірік демі естілмейді. Құлаққа
ұрған танадай. Тып-тыныш. Өзін қанша күштеп тыңдаса да сыртқы
дүниенің бір де бір дыбысы естілмейді. Дыбыс өшкеннен кейін көзбен
көргені де мамыражай тартты. Жаңа ғана ұршықтай үйірілген дүние
енді баяу ғана қалқиды. Бұлыңғыр, сұрқай дүниенің енді неге жап-
жарық болып кеткенін түсіне алмай дал болған. Осы ағынға ағып
жүре берді.
Қанша уақыт өткенін білмейді. Тек омырауына салқын леп тигенде
есін жиды. Күздің салқар самалы. Боран басылған. Қардың аяғы жып-
жылы жауынға ұласыпты. Аттың үстінде тұрып жер жайытын қарады.
Көп ығыпты. Ауылдан он екі шақырымдай жердегі Жіңішке өзені.
Соның жағасы. Жарқабақтан аулағырақ алып терек болушы еді.
Жапырағынан айрылып, аспанды қу бұтақтарымен тіреп тұр. Айбақ-
сайбақ бұтақта самсаған қарға. Күнге күйіп қарайған, Жерге
төгілмеген қап-қара алма сияқты. Сыңсып тұр. Кенет иін тіресе
отырған қарғалар жапатармағай қарқылдай жөнелген. Тамақтан
қырылдай шыққан үннен аспан шыт-шыт жарылды. Содан соң бəрі
бірдей қанаттары сатырлай көтерілген. Аспан сынып, қап-қара
жапырақ жерге төгілгендей болды... Қара құзғын... жамандықтың,
қазаның белгісі деуші еді ғой. Иə. Қаза... Бірақ ненің қазасы... Бір күн
өтті, бір күн өлді, соның қазасы ма... Жоқ... Табиғат... кемеңгер
табиғат... өзі жаратқан көп пенденің біреуінің өлімін азалап тұр...
Аспан мен жер, мынау тынымсыз жауған сірке жауын бір ғана адамды,
сені ғана, сен арқылы баяғыда өткен сансыз ұрпақты, тіпті бүгінгі
адамды, əлі дəмі таусылмаған адамды да жоқтап тұр... Бірақ өлімнің
хақ екені рас болса, қайғының да бір күн өліп, таусылатын мерзімі


болмаушы ма еді... Иə... Өмірдің өлім екені шын болса, онда өлімнің
де өмір екені сонша ақиқат... Сұрғылт аспан қақ айрылып қызғылт күн
көрінді... Қыркүйектің көз жасы жерге маржан болып төгілді. Бойын
шексіз шаттық кернеген.
Өзенді бойлай жүрген отар кілт бұрылып қырға шықты. Май
тоңдырмайтын майда жел қайтадан ебіге шығып, оңынан тұрыпты.
Алыста, сонау көкжиекте қорғасын бұлттарды кешкі арайға бояп күн
батып барады. Аттың баурына қос тепкі салып асыға жөнелген.
Аздан соң күн батып қараңғы түсті. Отар анда-санда іркіліп, ұйлығып
қалып, арттан жеткен лектің екпінімен қайтадан ендей қозғалып
жүріп келеді. Көз байланғанда уақыттан жаңылды. Айғыздың кең
аңғарын көмкерген қырқаға жетіп кемерден аса бергенде ауылдың
бұрын көрмеген көркіне таңданып тұрып қалды. Ауыл əлі
ұйықтамапты. Оты шалқып, тіршілігі маздаған қаншама үйдің жарығы
қосыла келе ауыл үстінде əлдебір нұрлы алау пайда болып түнгі
аспанмен астасып тұр. Жауынның кіреукесінен, самсаған от май
төккендей жалтылдап, жылы лебі арта түсетіндей. Мал екеш мал да
үйіріліп түнгі ауылдың суретінен көз алмай тұр. Торытөбел, көзінен
көкшіл сəуле төгіліп, отқа қадалған күйі құлағын ақырын ғана
қайшылайды.
Басқаның қайғысы неге жүрегімді тырнайды деді атын ақырын тебініп
келе жатып. О дүниедегі адам үшін мынау фəни дүниедегі есесі
қайтты не, қайтпады не — бəрібір. Есе тірі адам үшін керек... Солай
ғана болғаны ма... Кенет осы көріп келе жатқаны Көсегенің басынан
өткен қайғының қайтарғысы, Жаратқанның үнсіз шарапаты сияқты
көрінді. Иə, солай. Кітапта айтылған, бірде-бір қиыршық құмның,
бірде-бір дəннің, бірде-бір тамшының есебі жоғалмайды деп. Кешегі
көздің жасы, кешегі қасырет болса, бүгінгі көрік, бүгінгі жан
жадыратқан, рухыңды сауықтырған тəтті мұң болып қайтты. Əділет
емей немене...
Балалықтың жеткен ең үлкен байламы осы еді.
* * *


Осы күзде жəне бір таңғажайып оқиға болды. Бірде əжесі орталықтағы
дүкенге барып келген.
— Сені ауылдың ана басынан бір адамдар іздеп келе жатқан көрінеді.
Тү-ту, сонау Семейден келген дейді, —деді Сабытқа қарап, — Таза
пенжегіңді киіп, түксимей, қабағыңды ашып, дұрыстап отыр.
Аздан соң есік алдына екі машина келіп тоқтады. Біреуі – үстіне
сықастыра жүк тиелген “Уралаз”, екіншісі — автобус. Екі шопыр, екі
əйел жəне түсі орысқа ұқсас бір адам, далаға шығып ошарыла қарап
тұрған бұлармен бұрыннан білетін адамдай шұрқыраса амандасқан.
— Ал, төрлетіңдер, — деді Сабыт, — Қайдан келе жатқан баласыңдар?
— Төр осы, — деді бас қонақ табалдырықтан аттап жатып.
Əжігерей сыртқа жүгіріп шықты. Шуылдасқан балалар дереу
машинаға өрмелеп, үстіне киіз үйдің сүйегі, ертоқым, асадал, тағы
басқа ескі мүлік тиелгенін ілезде анықтаған. Шопырдың біреуі сыртқа
шықты.
— Ей, балалар ештеңеге тиіспеңдер, — деді дауыстап, — Осыдан анау
айна сынатын болса тоқмаш жейсіңдер.
Əжігерей үйге қайтып келді. Атасы Күлбағиланың тапсырмасы
бойынша “қабағын ашып” отыр. Шай келді.
— Мына баладан басқаң, бəрің қазақ екеніңді көріп отырмын, —
деген атасы, бір кесе шайды қолына алып ұрттап жатып, — Бұл бала
қай елдің баласы?
Қонақ күлді.
— Ата, мен осетин деген халықтан боламын.
— Ол қай жақ еді?
— Кавказ деген жерді естуіңіз бар ма? Сол Кавказдың солтүстік жағы.
— Бұл жаққа қалай келіп жүрсің?


— Қалай келді деріңіз бар ма. Дəм айдап келдік қой. Осы Семейді
жерсініп, қоныстанып қалдық.
— Атың кім болады, балам?
— Атым — Арслан, — деді қонақ.
— Жə, қазақшаға судай екенсің, сөйлегенде мені жаңылдырады
екенсің, — деді Сабыт риза болып, — Ал, мені арнайы іздеп келе
жатыр дейді. Ол нендей шаруа екен?
— Қойшы енді дігерлемей, — деді Күлбағила, — Жолдан шөлдеп
қарындары ашып келе жатыр. Əуелі шай ішіп ес жисын да.
— Оның да рас екен, кемпір, — деді Сабыт, — Алыңдар, балалар.
— Ел ішінен ескі мүлік, түрлі əшекей, табылса домбыра, қобыз, тағы
басқа зат іздеп келе жатырмыз, — деді қонақ əйелдердің бірі жуып-
шайып, — Айыпқа бұйырмаңыз, ата. Ерігіп жүрген адам емеспіз.
Семейдің өлкетану музейінен келе жатырмыз. Өкіметтің шаруасы
дегендей...
— Дұрыс қой. Баяғыда да орыстар ел ішінен ескі мүлік жинайтын.
Апарып бір жерге жайнатып қойып қояды дейді ғой.
— Дұрыс айтасыз, — деді екінші əйел, — Оны музей дейді.
— Бірақ ол атаңа нəлеттер көр қазып, бəрін ақтарып кететін, — Сабыт
сүрініп кеткенін кеш түсінді. Күлбағила əңгімеңді тоқтат дегендей,
қолымен жандалбаса белгі берді.
Бұл жолы қонақтар бəрі бірдей жамырай күлген.
— Ата, біз ондай адамдар емеспіз, — деді Арслан сылқылдай күліп
отырып, — Оңдай адамдарды археологтар деп атайды.
— Ата, біз мүлік қана емес, ел ішінен əн мен күй де жинаймыз, —
деді əйелдердің бірі, шай аяқталып қалғанда, - Сізге келгендегі
бұйымтайымыз осы. Ескі, өзіңізге керегі жоқ домбыра, немесе қобыз
болса, сатып алар едік. Содан соң, сізді домбырашы деп естідік. Бізге,
магнитофонға күй жаздырсаңыз.


— Жазғанда қалай... əлгі електірге жаздырасыңдар ғой?
— Иə, электрге қосылады.
— Олай болса, там үйге барып жазайық.
Барлығы орындарынан көтерілген.
— Сөйтіңдер, — деді Күлбағила, — Мен тамақ сала берейін.
Сабыт қораны ақтарып жүріп шаң басқан бір домбыра алып келді.
— Міне, кезінде өзім шауып едім, — деді қонақтарға көрсетіп тұрып.
— Беті жарылып кеткен. Қазір желімдеп берейін.
— Керегі жоқ, — деді Арслан. — Музейде жөндейтін арнайы адамдар
бар.
Сабыт домбыраны Арсланның қолына ұстатты.
— Қалауың білсін, — өз домбырасын қабырғадан алып, төрге жайғаса
отырып құлақ күйін келтіре бастады, — Ал, не тартайын. Байжігіттен
бе, Қуандық пен Тəттімбеттен бе? Не қалайсындар?
— Шетінен тарта беріңіз, — деді əйелдердің бірі магнитофонды іске
қосып жатып, — Қазір дайын болғанда қолыммен белгі берем. Сонда
бастап кетесіз.
Əжігерейдің байқағаны, магнитофонның тетігін басқарып отырған
əйел, күйдің əңгімесін тастап, өзін ғана жазып алады екен. Əңгіме
айтылғанда магнитофонды ағытып тастайды.
— Тəте, неге олай істейсіз? — деген қайран қалып.
— Сенің де байқамайтының жоқ екен, — деді əйел күліп. Əжігерейдің
басынан сипады, — Бізде таспа аз. Дүкенде сатылмайды. Өкімет
өлшеп береді. Сондықтан осылай істейміз.
— Ал, ата, рахмет, — деді Арслан, бір шумақ таспа толғанда, — Бұдан
артық жаза алмаймыз. Кешіріңіз.


— Енді тыңдауға бола ма, — Атасы магнитофонға үңілді. - Адамнан
айла артылған ба? Қарасаң бір уыс темір. Күйді жазып алады дегенге
кім сенеді.
— Радиодан күй, əн тыңдайсыз ғой. Соның бəрі осындай таспаға
жазылған, — Арслан кері айналдырып болып, тетікке қолын қойды.
— Ал, тыныш отырыңыздар. Міне, қостым.
Магнитофонның көмейінен сарқырап күй төгілді. Сабыт айран-асыр
таңқалып адамша күй шертіп жатқан көк қораптан көз алмай қатты да
қалды. Өзінің күнде шертіп жүрген күйлері. Бірақ бүгін ғана, жаңа
ғана естіп отырғандай.
— Ойпырай, — деген, таспа тұтастай тыңдалып болып, жұрт қайтадан
киіз үйге келіп жайғасқанда, — Домбыра ұстағаныма қанша жыл
болды. Қанша адамның құлақ құрышын қандырдым. Бірақ өзімді сырт
құлақ бірінші рет естідім. Маған ұқсайтын да, ұқсамайтын да сияқты.
Қызық. - Көзі жасаурап сəл отырды, - Ойпырай, баяғыда деймін,
Тəттекеңнің заманында осындай құрал болса ғой. Қалай болар еді, ə?
Ести алмай кеттік қой. Бірақ естігендердің айтысының өзі керемет. Ол
күй шерткенде жылаған бала уанушы еді дейтін. Домбырасының
құлағына көбелек қондырған Тəттімбет атанған ғой.
— Ол адам қай кезде өмір сүрген? — деп сұрады Арслан.
— Айтайын саған, жиырмасыншы жылдары Қарқаралы жақта
жүргенімде, көнекөз қариялар айтатын, өлгеніне алпыс жылдай болып
қалды деп.
— Қазақтың жыл есептеуі қызық қой. Бес-он жыл ілгері-кейін кете
беруі мүмкін, — деді əйелдердің бірі.
— Қазақ жылды дəлме-дəл есептейтін болған, — деді сəл шамданып
қалған Сабыт, — Қазақ жылдан қателесуі мүмкін, бірақ заманнан
қателеспейді. Мүшел деген болады. Естуің бар шығар.
— Кешіріңіз, — деді əйел күліп, — Біз қазір календармен есептейміз
ғой.
— Бір мүшел — бір замана, — деді Сабыт.


— Олай болса, ол адам шамамен өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы
жылдары өлген болады ғой, — деді Арслан, — Ол кезде, ұмытпасам,
фонограф ойлап шығарылған болуы керек. Жазып алуға болатын еді
ғой. Бірақ кім біледі, мен қателесіп отыруым да мүмкін.
— Əй, қайдам, — Сабыт күрсініп төмен қарады, — Қазақ күй жазбақ
түгілі, ондай құрал меңгермек түгілі, қаланы жаңа көріп жатқан ол
кезде. Сендерге өтірік, маған шын, там салудың өзі керемет, адам
естімеген өнер саналатын. Қақаған қыстың өзінде киіз үйде
отыратынбыз. Малға қора салу дегенді білмейтін, бұл қазақтың малы
алты ай қыс тебінде. Жаз бойы шөп шауып, жұт жылының өзінде
малды аман алып қалуды мына орыстардан, Кереку, Семей жақтағы
орысқа қоңсы қаржас пен бəсентийіндерден көргенбіз. Əрине,
үйрендік, кірпіш құйып үй салуды, көзіміз көргенді үйрендік. Бірақ
ертеде мəн-жай осындай еді.
Бағанадан бері үнсіз отырған екінші əйел əңгімеге араласты.
— Мен Семейге Алматыдан ауысып келдім. Астанадағы жағдайды
жақсы білем. Өткен ғасырдағы Тəттімбет дейсіз, осыдан екі-үш-ақ
жыл бұрын өлген Сүгірдің өзін жазып алып қала алмаған.
— Сүгір дейсің бе? — Сабыт əйелдің жүзіне ықыластана қараған, —
Ол кім? Əнші ме, күйші ме?
— Қаратау, Созақ жақта сондай дəулескер күйші болған, — деді əйел,
— Артында қаншама шəкірті бар. Қартайып, енді өнерімді тапсырып
кетейін деп Алматыға келеді ғой. Сөйтсе радио мен телевидениеде
отырғандар жаза алмаймыз деп қайтарып жіберіпті.
— Алда əкеңнің аузын ұрайындар-ай, — деді Сабыт кейіп, - Өнердің
маңайында жүрген дұшпан десейші ондай адамды.
Күлбағила нан жая бастады.
— Апа, əкеліңіз, мен жаяйын, — деді келіншек.
— Алаңдама, қарағым, — деді Күлбағила, — Атаңның əңгімесін
тыңдап отыра бер.


— Енді бір мəселе, — деді Арслан. — Осы ауылда бір ұста бар
көрінеді. Қару-жарақ соғады дейді. Бізге сол адам керек.
— Айтып отырғандарың Ахметжан ғой, — деді Сабыт, — Иə, кезінде
қару соққан.
— Ол кісіге қалай жолығамыз? — деді əйелдердің бірі. Осы кезде
“Ассалаумағалəйкөөм!” деп даусын əндете созып Ахметжан кіріп
келген. Сабыт мырс етті.
— Əне, кімді айтсаң сол келеді деген. Ахметжан аталарың осы.
Отырған жұрт жапатармағай орнынан тұрып сəлем берген.
— Аман болыңдар, балалар, — деді Ахметжан жайғасып отырып
жатып, — Мені де іздейтін адам бар екен-ау.
Қонаққа баратындай таза киініп, беліне қанжары мен кісесі бар ауыр
қамар белбеу тағыныпты.
— Жауға баратындай жасаныпсың ғой, — деді Сабыт күліп.
— Пах, мынау баяғының қамар белдігі ғой, — деді Күлбағила
тамсанып. — Ой, дүние-ай, баяғының қыз-жігіттері тағынып жүруші
еді ғой.
Белдікті көріп қонақтардың көзі жайнап кетті.
— Белдігіңізді шешіңіз деп айтуға ұялып отырмын, — деді Арслан
күліп, — Бірақ көргім де келіп, өліп бара жатырмын.
— Несі бар, — Ахметжан белдікті сырт еткізіп ағытып Арсланға
ұсынған, — Мə, көр.
— Пісміллə, — Арслан ауыр белдікті алдына салды. Əуелі қанжарды
қыннан суырған. — Дыбыссыз шықты. Лыпып тұр, - Сабытқа қарады,
- Не деген керемет! Бұл не темір сонда?
— Бұны қарала жүз дейді, — Ахметжан қанжардың жүзін қасықпен
қағып қалды. Қанжар шың ете қалған.
Сабыт қанжарға қарап отырып ойлана тіл қатқан, — Жүзін
қарамайсың ба, қылпып тұр. Баяғыда, түйені шапса ынқ еткен дейтін


қылыш пен қанжар осы ғой. Не кереметі бар екенін білмеймін, бірақ
кару асынған адамға рух дариды. Адамның еңсесі биіктейді,
ештеңеден қорықпайтын болады. Бұл бір таңғажайып нəрсе.
— Бізде де, Кавказда, үкімет қару асынғанды қойдырамыз деп қанша
алысты, — деді Арслан бір түрлі жұмбақ жымиып, - Қариялар айтады,
белінде қанжары бар, беталбаты келе жатқан талай адамды НКВД
ұстап алып, жазықсыздан-жазықсыз азаптап өлтірді деп. Бар жазығы
— атасының қанжарын асынып шыққандығы. Бірде көрші ауылға бара
жатқан қасапшыны ұстап алып, тергеп, ақыры суық қару ұстағаны
үшін деп айдауға жіберіпті.
Алдыға ет келді.
— Кəне, сол суық қарумен ет турап жіберейік, — Ахметжан табақтағы
бір жілікті қолына алды.
— Мынауың балшабекті бауыздаған қанжар емес пе өзі, - деді Сабыт
көзін қысып.
Күлбағила шоршып түсті.
— Қой ары. Ақа, міне, мына пышақпен тураңыз. Қой, қанжарыңды.
Ахметжан күлді.
— Қорықпай-ақ қой, Күлбағила. Соққаннан бері қыннан бірінші рет
суырылып отыр.
— Сөйтсе де, керегі жоқ, — Күлбағила үйдегі теміртек пышақты
жүзінен ұстап Ахметжанға ұсынды.
— Əжей қорқақ екен, — деді Арслан жымиып.
— Өзімнің бəкім бар ғой, — деді Ахметжан. Қалтасынан бəкісін
суырып, құманнан азғантай ғана су құйып жуып жіберді, — Сабыттың
өтпейтін пышағының керегі жоқ.
Екі қария лыпылдатып турауға кіріскен.
— Міне, мүжі — Сабыт Арсланға жілік ұсынды, — Қапқазында ет аса
ма?


— Асатын шығар, — деді əйелдердің бірі.
— Асады, — деді Арслан, — Гүржілер мен осетиндер, шешендер
осылай етіп асып жейді. Хашлама дейді.
Ет орталана бергенде Арслан Ахметжанға қарап сауал тастаған.
— Ата, қалай, қазір қару соғасыз ба?
— Ой, қарағым-ай, — деді Ахметжан, — Соқсақ соққан шығармыз.
Бірақ қазір өнеріміздің ең үлкені — киіз үйдің сүйегін жасау. Əне,
қорада бірнешеуі тұр. Алып кетуіңе болады.
— Киіз үй жасау — үлкен өнер, — деді Арслан — Аламыз. Артынан
ақшасын салып жібереміз. Менің айтайын дегенім, баяғы теміршілік
өнеріңізді неге еске түсірмеске.
— Оны еске түсіріп қайтем, — Ахметжан ауыр қозғалақтады, — Оның
кімге керегі бар қазір?
— Бізге керек. Музейге керек.
— Ол не, музей деген?
— Ескі мүлікті сақтап, көрмеге қоятын жер. Атыңыз тарихта қалады.
Ұрпағыңыз ұмытпайтын болады.
— Сақтап қояды дейсің бе, — Ахметжан мұртын сылап үнсіз отырып
қалды. Содан соң Сабытқа жымия қараған, — Əй, осы үкіметіңді
түсінбей-ақ өтетін шығармын. Біресе қару жасаушы болма, басың
кетеді дейді. Енді келеді де қару жаса, көрмеге қоямыз дейді. Қай
сөзіне сенеміз сонда?
— Ол қашан болған оқиға? — деді Арслан.
— Сен тумай тұрғанда. Қызыл кəмəндірлер антқа келтіріп, енді қару
жасамаймын деген қолхат алған.
— Қызық екен, — Арслан ұстаның жүзіне ойлы көзін қадаған, — Ата,
ол баяғыда болған нəрсе. Ол кезде қару жасай алатын адамдарды
шынында да есепке алған. Қаншасы өлтірілген. Бірақ қазір жағдай


басқа. Біз халық көретін көрме үшін сұрап отырмыз. Осыны түсініп
алыңыз.
Ахметжан алдына келтірілген сорпаны сораптай ішіп үндемей отыра
берді.
— Бір үйдің сүйегін алайық. Содан соң, берсеңіз, мына
қанжарыңызды алайық. Одан кейін, біз келесі жылы осы уақытта
қайрылып соққанша екі қылыш соғып қойсаңыз. Баяғының нағыз
алмас қылышын.
— Көрмеге алмас қылыштың не керегі бар-ей, — Ахметжан
қуақылана жымиған, — Бəрібір онымен ешкімді шаппайды екен.
Кəдімгі темірді таптап, балдағына күміс жалатып бере салса болды
емес пе.
Арслан күліп басын шайқады.
— Жоқ, ондай қылыштың бізге керегі жоқ. Ондай қылыш біздің
музейдің қоймасында үйіліп жатыр. Полицейлер беліне таққан
“селедка”, европалықтар ұстаған, не істік екені, не басқа зат екені
белгісіз шпага деп аталатын нəрсе, мылтыққа тағатын найза — толып
жатыр. Бізге керегі баяғы қыпшақтың қара қылышы. Осы қолыңыздан
келе ме?
Ахметжан желкесін уқалап үндемей қалды.
– Ата, сіз ойламаңыз, бəрінің ақшасы төленеді. — деді əйелдердің
бірі, — Мысалы, мына қанжарыңыздың өзі сұмдық қымбат нəрсе. Ал
Арслан айтып отырған қылышты жасасаңыз, ол тіптен қымбат болады.
– Басыңа үй тігіп, тағы бір рет төсек жаңғыртасың, — деді Сабыт
қалжыңдап.
— Ит қайтқанда ол ақшаның не керегі бар? — деді Ахметжан.
— Сонымен қос қылышты соғасыз ғой? — Арслан ұстаның жүзіне
үміттене қараған.
Ахметжан күрсінді.


— Жарайды, көрейін. Ал, анау қорада тұрған бір үйдің сүйегін
алыңдар. Бірақ мына қанжарды бере алмаймын. Өзіме деп соғып едім.
Қонақтар аттанып кеткеннен кейін, Ахметжан есіктің алдына киіз
жайғызып, кеш батқанша отырды да қойды. Тек əбден қас қарайып
Күлбағила шайға шақырғанда орнынан созалаңдай көтеріліп үйге
кірген.
— Апырай, мына балалар қайдағы-жайдағыны қозғап кетті ғой, —
деді Сабытқа қарап. Жүзінде бір түрлі шарасыздық бар.
— Е, несі бар, айтқанын істеп бер, — деді Сабыт, — Сенің киіз үйің
қазір кімге керек. Елдің бəрі там үйде тұрады. Бірлі-жарым қойшылар
сатып алмаса. Қайта ақша болады. Бар жыртығыңды бір-ақ
бүтіндейсің.
Ахметжан бір түйір қантты тісімен күтірлете домалатып, шайды
рахаттана сімірген. Шөлі қанып, дастарханнан ығысыңқырап
отырғаннан кейін жаңа бір əңгіменің шетін шығарды.
— Саба, бағанағы айтқаным еріккеннің əңгімесі емес. Менен
шынында да ант алған, — Ошақтың отынан көз алмай недəуір уақыт
үнсіз отырып қалды. Оттың ішіннен əлдебір өзіне ғана таныс
бейнелерді көріп отырғандай.
— Баяғыда Арқада Əмзе, Кітапбай, Мүкамал деген кереметтер болған
ғой, білесің, — деген одан кейін жадырап.
— Мүкамалды қартайған кезінде көріп едім, —деді Сабыт, - Отқа
күректі қыздырып алып тілімен жалағанда жұрттың тұра қашқаны əлі
есімде.
— Ойбой, ол бер жағы ғой, — Ахметжан қонышынан ұзындығы екі
қарыстай мүйіз шақшасын алып өкшесіне тық-тық еткізіп ұрды.
Күлбағила қолын созған. Ахметжан созулы алақанға бір шөкім күрең
ұнтақтан салды.
— Əйтеуір осыны қоймадыңдар ғой, — Сабыт Əжігерейге қарап көзін
қысқан, — Одан да езіп ішпейсіңдер ме.


— Насыбайдың не екенін сол насыбайды атқан адам ғана біледі. Ақан
серіден əулие емес шығарсың. Бір əнінде айтады ғой, қағаз шай, ащы
насыбай, ер арпасы деп, — Ахметжан насыбайды ернінің астына
салып көзін жұмды.
— Əне, мас болды, — деді Сабыт Əжігерейге.
Əжігерей күліп жіберді.
— Мүкамалдың күрек жалағанын айтасың. Оны мен де істей алам. Ал
мен саған айтайын, Кітапбайдың қызған темірді жалаңаш қолмен
созғанын көргем. Нансаң да, нанбасаң да осы. — Ахметжан
мандайынан шыққан терді көлдей орамалымен сүртіп тастады. —
Түф, шіркін-ай. Иə. Ұсталыққа қырым бар екенін байқаған əкем,
азынаулақ отарының ішінен бір іріңдей семіз қойды таңдап алып, мені
қолымнан жетелеп Кітапбай дарханның үйіне ертіп барды. Əлі есімде,
аң аулап келіп, демалып жатыр екен. Аздан соң алдымызға бір астау
қаражігер қуырдақ келді. Киіктің етін бірінші рет жегенім сол. Содан
ертесіне əкеммен қоштасып тұрып, «Жəке, қойыңды алып кет. Əуелі
балаңның талабын көрейін. Болатын баланың маңдайы жарық
болады» деді. Əкем, «ал, жарығым, ағаңның жанында бол, айтқанын
екі етпе, адам боласың» деп ауылға қайтып кетті. Алғашында от
үрлейтін жалынгер болдым. Балғашы болдым. Əрине, ауыр, қиын.
Беліме, ені тура екі қарыс жалпақ, теріден сырып жасаған белдік
кигізеді. Оның кереметін кейін түсіндім. Күні бойы балға соққанда
белім бір рет шойрылып көрген емес. Жанына ертіп жүріп, жердің
жайытын тануды үйретті. Ақырындап ұсталықтың сырына қаныға
бастадым. Содан кейін суғарындыға қандай тұз, қай жердің
топырағын қосу керек, осыларды үйретті. Кейіннен, ұсталықтың
төртінші жылында, бір бұрау темір беріп, кəне, пышақ соқ деді.
Көрікті өзі үрлеп отырды. Соққан пышағым нашар болды. Жетесі
қисық, кері қарай қайқайып, жатаған қылыш құсап қалды. Кітапбай
жарықтық пышақты қолына ұстап отырып, бар кем-кетігін айтып
шықты. Келесі пышағым алдыңғысынан тəуір болды. Осылай жетіге
бердім. Міне, бала ұста болғаныма он жылдан асқанда, дархан, менің
талабыма əбден көзі жетсе керек, енді ең шытырман нəрселерді
үйретті. Бұрынғы білгенім əншейін нəрсе екен. Таңғажайыптың
көкесін сонда көрдім. Қызған темірге бір қарап жіберіп нəсілін


ажыратады. Суғарудың небір сырлары бар. Осының бəріне қанықтым.
Содан қылыш соғуға рұқсат берді. Алғашқы қылышты жасап, мүйізбен
саптайын деп жатқанда, бере тұр, саптауға татитын нəрсе ме екен өзі,
көрейік деп сабына шүберек орай салып далаға алып шықты. Есіктің
алдында бір жуан қада бар еді. Соны қиғаштай шапқанда қылыш
ортасынан қақ бөлінді. Ішім удай ашыды. Бір айдай əуреленіп,
соққаным еді. Кітапбай, сынықтарды қолыма ұстатып, қылышың морт,
тым қатты суғарып жібергенсің деп бұрылып жүре берді. Міне,
осылай тəрбиелеген еді ғой. Қасиетіңнен айналайын, адамның абзалы
еді ғой. Кейбір ұсталар алақол, ақысына келіспесе, қалай болса солай
жасап бере салатын. Кітапбайда ондай мінез болмайтын. Ақысына не
берсе де адал еңбек ететін. Өзім көрген бір қызықты айтайын. Қызыл
жеңіп, жаңа өкімет орнағаннан кейін болған нəрсе. Өлерінен төрт
жыл бұрын Аякөздің жанындағы Сергопылға көшіп барды ғой. Бір
күні екеуміз келе жатқанбыз. Əбден қартайып, шау тартып қалған кезі
ғой. Жұмысшылар бір көпестің ескі үйін бұзып жатыр екен. Біраз
қарап тұрдық. Үйдің табанына құйған тас тұғырға темір шақ келетін
емес. Қайла, сүймен, барлығы майысып, сынып жатыр. Сонда
Кітапбай жарықтық, шыдай алмай кетіп, əкелші, анау саймандарыңды,
түзеп берейін деді. Жұмысшылардың бастығы жанымызға келіп, мына
кісі не деп тұр, сіздерге не керек деді. Білгенімше түсіндіріп,
Кітапбайдың кім екенін ұғындырған болдым. Жаңағы орыс
сеніңкіремей, жанымызға екі-үш адамды қосып жіберді. Кітапбай
үйге келе сала отты жағып жіберіп, көрікті басып жіберіп,
сүймендерінің, қайлаларының ұшын суғарып берді. Ертеңіне өтіп бара
жатып көрдім, жұмысшылар тас тұғырдың быт-шытын шығарыпты.
— Кəрі тарлан шыдай алмай кеткен ғой, — деді Сабыт, — Қанмен
келген нəрсе, өлуші ме еді.
— Иə, өлерінде тағы бір қанжар соғыпты. Сол мына қанжар еді, —
Ахметжан беліндегі қанжарды қынымен қоса ағытып Сабыттың
алдына тастай салды, — Бағана, əңгіме ұзап кетпесін деп, ана
балаларға өзім соқтым дей салдым.
Сабыт қанжарды қынынан суырып алдына көлденең қойды.
Қанжардың жүзі шамның жарығымен шағылысып ойнап тұр.


— Көк мұз, — деді Сабыт, — Баяғыда, Жабағытай жарықтық, бір
қызылдың əскерін сол иығынан тартып жүрегінің басына дейін шауып
түсірген дейді ғой.
— Күлбағила, тағы бір шыны құйшы, — Ахметжан кесесін жылжытты,
— Кітапбай жарықтық баяғының ескі ұсталары аманаттап тығып
кеткен темірдің ордаларын əр жерден қазып көрсетті. Содан бері
қырық жылдай уақыт өтіпті. Қазір іздесем, таба алам ба, білмеймін.
— Қызыл кəмəндірге қалай ант бергеніңді айтсайшы, əңгіме болсын,
— Сабыт жамбастап ыңғайланып жатты, — Бізге енді əңгіме
айтқаннан басқа не қалды.
— Баяғы өзің жамбасың тесіліп жатқан Семейдің ақ түрмесі бар ма,
сол түрмеде мен де жаттым ғой. Қайран қазағым-ай. Қолға түскен бір
бандыдан менің қылышым табылған. Содан тергеген кезде азапқа
шыдамай менің атымды атаған. Бір күні жайбарақат үйімде шайымды
ішіп отырғам. Сау етіп бес əскер жетіп келсін. Ай-шайға қарамай алды
да кетті. Əуелі Аякөздің абақтысына қамады. Ол кезде адамның құны
көк тиын. Ауылда неге ата салмады, білмеймін. Одан əспеттеп
Семейдің түрмесіне ауыстырды. Аякөзде неғып шаруамды бітіре
салмады, оны да білмеймін. Пəленбай ай жаттым. Анда-санда ғана бір
тергейді. Ұсталықты кімнен үйрендің дейді. Қашқындардың
қайсысымен байланысың бар, Қытайдан хабар алып тұрасың ба дейді.
Осылайша жата бердік. Бір күні түн ішінде алып шықты, трашпеңке
арбаға салып алып жөнелді. Е, ажалым келген шығар деп иманымды
үйірдім. Өзеннің жағасында тұрған бір үйге келдік. Ауласы кең екен.
Кіріп-шығып қайшыласқан адам. Бəрі əскери киінген. Бір бөлмеге
алып кірді. Жанында екі адамы бар қызыл кəмəндір отыр. Екі
адамның біреуі қазақ, біреуі орыс. Кəмəндір бірдеңе деді. Жанындағы
қазақ, сені сынықшы, емші дейді ғой. Мына бастығымыз соны білгісі
келеді деді. Иə, аз-маз өнеріміз бар дедім. Біздің бір адамымыз
ауырып жатыр, соны емдей аласың ба, деді кəмəндір. Көрейін, алдын-
ала не айтайын дедім. Кəмəндір, төбеге жабатын қыш кірпішті
көзімше шүберекке орап сыртынан балғамен бірнеше рет ұрып
сындырды да, ал, олай болса, сенің қандай сынықшы екеніңді көрейін,
осы сынықтың əрқайсысын өз орнына қойшы деді. Шүберектің орауын
жазып, я, Алла деп іске кірістім. Сүт пісірімдей уақыт болғанда əрбір


қиыршығына дейін орнына қойып шықтым. Кəмəндір риза болды.
Жетелеп түкпірдегі бір бөлмеге алып кірді. Төсек үстінде белуарынан
көрпеге оранған бір жас орыс жігіті жатыр. Қан-сөл жоқ, ерні шыт-
шыт жарылып кеткен. Өте төмендеп кетіпті, бірақ маңдайына
Əзірейіл əлі мөрін соқпаған. Бетін бері қаратуға болатын сияқты.
Бұған не болған дедім. Кəмəндір көрпені сырып, өзің көр деді.
Аяғынан оқ тиген екен, жəне бір емес, бірнеше жерінен. Сүйектің бəрі
күл болып уатылып кеткен. Еті қарайған. Қаны бұзыла бастаған
сияқты. Денесі от болып жанып жатыр. Емшілеріңіз қайда дедім.
Қайдағы емші, халық жан-жаққа бытырап қашып кеткен, біреуді біреу
біліп болмайды деді кəмəндір. Етінің қанша жері қарайған екен деп,
иненің ұшын отқа күйдіріп алып сұққылап көрдім. Құдайға шүкір,
тізеден аспапты. Сенің тірі болуың, осы адамның тірі болуына
байланысты деді кəмəндір. Не сұрасаң да тауып беруге тырысамыз,
тек емдеп шығарсаң болды деді. Спырт дегеннің не екенін алғаш рет
сонда көрдім. Міне, қолынды, пышағыңды осыған жу деп алдыма
үлкен құмырамен қойып қойды. Жуып едім қолым сұп-суық болып
кетті. Содан соң аяғының етін уқалап өлтіре бастадым. Анда-санда
ине тығып көрем. Ыңыранып қалады. Ақырында инені түбіне дейін
тыққанда да былқ етпей жата беретін болды. Еті қайтадан тірілгенше,
қарайған жерінің барлығын алып тастау керек. Пышақты отқа қарып
алып кескілеп жатырмын. Бір кезде ақырындап қан тамшылады. Я,
Алла деп, қолымды спыртқа малып алып сүйектерін орнына қойып
шықтым. Сонда деймін, қызыл кəмəндір жанымда, маңдайымнан
саулаған терді өз қолымен сүртіп тұрды ғой. Киіз де табылды.
Жақсылап орап бердім. Кəмəндір мені ауыз үйге алып шығып спыртты
су қосып құйып берді. Іш деді. Арақ дегенді алғаш ішуім ғой. Демім
бітіп қалды. Алдыма тамақты үйіп қойды. Же, мас болып қаласың
деді. Қайтадан абақтыға барасың, күтесің деді. Сонымен қайтадан
қамап тастады. Екі жарым ай дегенде шығарып алып жаңағы үйге
алып келді. Баяғы орысымды танымай қалдым. Жазылып, бетіне қан
жүгіріпті. Таяққа сүйеніп аулада қыдырып жүр екен. Қолымды қысып
рахметін айтты. Бір аяғының еті жонылып кетті дедік қой, сол аяғы
қолындағы таяқ сияқты жіп-жіңішке болып қалыпты. Қызыл кəмəндір,
ол да қолымды қысып рахмет айтты. Одан кейін енді қару-жарақ
жасамаймын деп ант алып, бір қағазға бармағымның ұшын басып
алды. Содан соң, қолыма жəне бір қағаз беріп, ал, енді ауылыңа қайт,


тыныш жүр, біреу бірдеңе десе қолыңдағы қағазды көрсет, саған ешкім
де тиіспейді деді. Ауылға қайттым. Жұрт жаназамды шығарып көміп
қойыпты. Мені көріп, о дүниеден тіріліп келген адамды көргендей
болды ғой. Содан бері қару соққан емеспін. Пышақ, балта, арбаның
дөңгелегіне құрсау сияқты ұсақ-түйек болмаса. Жарайды, енді,
өкіметтің өзі сұрап отыр екен, тағы бір көрейік.
— Ертеде небір шеберлер болған ғой, — деді Сабыт қанжардың
қынын тамашалап отырып, — Жүзікке күмістен сірке қондырады. Не
деген өнер! Күмісті қарала қылып қақтайды. Біздің ауылда Жақия
деген ұста болды. Бүкіл аймақ соған келетін.
— Кітапбай екеуі айрылмас дос еді ғой, — деді Ахметжан.
— Иə, сондай адамдар еді ғой, — Сабыт суып қалған шайдан бір
ұрттады, — Бозбала кезім. Бір күні бəкі соғып беріңізші деп бардым.
Дүкенінің босағасында үйіліп жатқан темірдің ішінен бір ескі емшек
тағаны алды да көрікке салды. Бір аптадан кейін қайрылып соқ деді.
Айтқан күні келдім. Есіктеріңнің алдында арқардың мүйізі жатыр,
соны маған əкеліп бер, мүйізге саптап берейін деді. Оны да əкеп
бердім. Енді бір аптадан кейін кел деді. Бір апта емес, қыдырыстап
кетіп, он күннен кейін бардым. Бəкің дайын, шешеңе ет астыр, сол
жерде берейін деді. Жақиям əбден еркеледі. Ет астырдым. Сонда
деймін, алдына он кісіге тартылатын табақ келгенде қалтасынан мүйіз
сапты бəкіні алып жіліктің бастарын бауырдай қылып турады ғой,
шіркін. Бəкінің сүйекті кескенін бірінші рет көргенім. Аузымды ашып,
көзімді жұмдым.
— Сүйек кескен деген не тəйірі, — Ахметжан масаттана мырс етті, —
Жақия мен Кітапбайлардың соққан бəкісі темірді де кесетін.
— Соны айтайын деп отырмын ғой, — Сабыт мұртын сылап сөзін ары
қарай сабақтаған, — Етті турап болып, мə, мынау енді сенің бəкің деп
алдыма тастай салды. Қару сыйламайды ғой. Үлкен шешеміз
жарықтық, алдына Мекалайдың алтын сөлкебайын қойды. Жақия
қызық адам еді ғой, жымың етіп, ə, бəйбіше, сенің қолыңнан у ішсем
де болмай ма деп сорпаның кесесіне салды жаңағы алтын тиынды.
Содан кеш бойы қымызға да, шайға да салып ішіп отырды. Отырған
жұрт, ей, Жақия байқа, жеңгеңнің берген сөлкебайын жұтып қойып


жүрме деп қылжақтады. Содан Жақия мақтана келе, бəкіні қайтадан
сұрап алды да, əкелші анау көсеуді деп, темір көсеуді қолына алды да
ағаш құсатып жонды ғой. Отырған адамдар, астапыралла деп
жағаларын ұстады.
— Рас, рас, — деді Ахметжан, — Əуелі жасытады. Содан соң жүзін
шығарады, жақсылап қайрайды, артынан суын келтіріп суғарады.
— Жəне бір шеберді көргенім бар, — деді Сабыт, — Баяғыда, он
бестен жаңа асқан кезім, жолым түсіп, мынау Кереку жақтағы елді
араладым. Сонда, бəсентийн деген елде Камалидден деген ұста бар
екен. Темірдің, ағаштың шебері. Іздеп бардым. Бір, қалың тоғай өскен
биік төбенің етегінде там үй соғып алып сонда тұрады екен. Келдім.
Бір көзінің аз-маз ағы бар, басы жылқының басындай ұзын, абсиған,
қартамыстау, бірақ əлі еңкеймеген адам екен. Бір нəрсе ерітіп отыр.
Онысы күміс екен. Ұстаның жөн-жоралғысын ол кезде қайдан білейік,
жаспыз ғой. «Ассалаумағалейкүм» дедім. Сəлемімді алмады.
Шамданып қалдым. Қайтадан сəлем бердім. Ту сыртымнан бəйбішесі
келіп жеңімнен тартты. «Қарағым, ұста жұмыс істеп отыр, оты мен
күмісін айнытып жібересің, отыра тұр, артынан амандасарсың» деді.
Жарым сағаттай отырдым. Ұста тапжылатын емес. Ақыры я, тəуба деп
орнынан тұрды. Басындағы ноғай тақиясын шешіп терін сүртінді,
содан кейін барып қана, мені жаңа көргендей шұрқыраса амандасқан.
Мінезі шайқылау, қылжақбас адам екен. Қонақ қылды. Ертеңіне
бұйымтайыңды айт деді. Бір домбыра шауып берсеңіз дедім. Жарайды,
жүр деп, тоғайдың ішінде ағаш сақтайтын қорасы бар екен, сонда
ертіп барып, самсаған кеспелтек ағаштың ішінен біреуін алды.
Қыстыңкүні кесілген. Қызыл қарағайдың түбірі. Міне, осы сенің
домбыраң болады деді. Қабырғада бірнеше дайын домбыра, бір қобыз
ілулі тұр. Осы дайын домбыраның біреуін таңдап ала салсам қайтеді
дедім. Жоқ, болмайды, ол домбыралардың иесі бар деді. Шығарып
салып тұрып, бір жылдан кейін кел деді. Келесі жылы арнайы бардым.
Ахметжан мырс-мырс күлді.
— Сен де еріккен адам екенсің. Сол қарағай домбыраға бола сонау
Керекуге ат арытып барып жүрсің, ə.


— Жас кезіміз ғой, — Сабыт мұрты салбырап сəл үнсіз отырды, — Ал
енді сол домбыра барғаныма татыды. Дайындап үйінің қабырғасына
іліп қойыпты. Қолыма ұстатты. Сонда, саған — өтірік, маған — шын,
əлгі домбыра ішек тағылмай-ақ арпалысып сөйлеп тұр. Қалтамнан
ішек үзілмейтін. Дереу тағып, пернелерін байлап жіберіп шерттім-ау.
Ойбой! Одан кейін қолыма ешбір домбыра жаққан емес. Өзім де талай
домбыра шаптым ғой. Бірақ ондай шешен домбыра жасай алмадым.
— Иə, Арқада Кəмəлия атанған шебер ғой. Десе дегендей болған, —
деді Ахметжан. — Байлар қызын ұзатқанда əшекейдің барлығын
Камалидденге алтын мен күмістен құйдырған ғой.
— Құлынды бие жетектеп барып едім, — деді Сабыт əңгімесін
жалғап, — Кеш бойы күй шерттім. Ертесіне, риза болып, биеңді алып
кет. Сендей адамға домбыра сата алмаймын. Ақысыз ал деді. Мынадай
салт бар. Атап алып келген малды жақсылап байлап, қаша жөнелесің.
Егер анау адам, сен қыр асқанша жіпті шешіп үлгерсе, ноқта бос қалды
деп айқайлайды. Ондайда қайтып келіп малыңды алып кетесің.
Жарайды, онда матайын дедім. Жақсы деді. Жақсылап шандып, атқа
міне шаптым. Қыр асып бара жатып артыма бұрылып қарасам,
жанталасып шеше алмай жатыр екен. Сол домбыраны көп тарттым.
Кейін айдауға кеткенде жамағайындардың қолында қалған. Күндердің
күнінде жоғалып кетіпті. Я, сындырып алып, айтуға ұялды ма екен,
кім біледі.
Ахметжан əңгімені іліп алып кетті.
— Кəмəлия қару да соққан. Түзу мылтық соның ғана қолынан келген.
Əжігерей елең ете қалды.
— Ата, түзу мылтық деген не? Мылтықтың бəрі түзу емес пе?
––Нысанаға дөп тиетін мылтықты түзу мылтық дейді, – деді Сабыт.
Ахметжан ежіктей түсіндірген.
– Орыстың бердеңке мылтығын екі жүз–үш жүз оғымен Кəмəлияға
əкеп береді. Зауыттан шыққан мылтықтың аз-маз толқымасы болады.
Кəмекең мылтықтың оқпанына темір істікті тығып балғамен


ақырындап ұрып отырып сол қисайғанды түзетеді. Түзеткенше сол екі
жүз-үш жүз оқты атып бітіреді. Міне, түзу мылтық деген осы. Əрине,
он қадам жерден қисық мылтықпен де тигізесің, бірақ нысана алыста,
үш жүз-төрт жүз қадам жерде болса оғың лағып кетеді. Кəмəлия
түзеткен мылтықпен, аңшылар айтатын, бес жүз қадам, күшейтілген
оқпен алты жүз қадамнан қалаған жеріңнен атып тигізе бересің деп.
Ахметжан үнсіз отырып қалды.
— Ақа, шай алыңыз, — деді Күлбағила.
— Иə, адамнан айла артылған ба, — деді Ахметжан кесені қолына
алып жатып, — Сонда мылтықты қалай түзетесіз, оның оқпанының
қисық екенін қалай білесіз дегенімде айтқаны. Оқпанды шешіп алып
күнге қараймын дейді. Қисық оқпанда күнге қарағанда көлеңке
болады дейді. Кейіннен елге қайтқаннан кейін, бір күні ерігіп отырып,
осы Кəмеңнің айтқанын тексеріп көрейінші деп, өзіміздің Ғазиз бар
емес пе, соның көп мылтығының біреуін сұрап алып оқпанын шешіп
күнге қарап едім, ой, сұмдық-ай, расында да көзге болар-болмас
көлеңке шалынды. Мынау мылтығың қисық деп едім, иə, рас айтасың,
қисықтығына үйреніп алғандықтан ғана дəл тигізем деп күледі. Содан,
осы мылтығыңды екеуміз түзетіп көрсек қайтеді дедім. Мақұл деді.
Мылтықтың қалай қарай қисық екенін алдын-ала көріп алғам ғой,
шомпылды оқпанына тығып ақырындап ұрып отырып түзетіп көрдік.
Бəрібір қисық ататын болды. Күнге қарадым. Көлеңке əлі бар. Кəмең
қалай түзететінін түсінбедім.
— Мүмкін қыздыратын шығар, — деді Сабыт.
— Жоқ, қыздырса оқпанның ішіндегі оқ жүретін шарболат қуыстың
суы қайтып қалады. Оны қайтадан суғара алмайсың, — деді
Ахметжан.
— Пах, қолыңнан айналайын қайран Кəмəлия, — Сабыт мылтықты өзі
түзеткендей масаттанды. — Не деген керемет!
— Оның айтқан əңгімесі құлағымнан кетер ме, — Ахметжан баяу
күрсінді.


– Айтпақшы, бағанадан бері сұрайын деп ұмытып отырмын, — Сабыт
Ахметжанға төнген, — Мен болсам Кəмəлиямен дəм айдап кездестім.
Ал сен оны қайдан білесің?
— Мен де дəм айдап кездестім, — деді Ахметжан. — Семейдің
абақтысында.
Сабыт Ахметжанға аңтарыла қараған.
— Екеуміз бір жарым айдай бір зынданда жаттық.
— Содан кейін? — деді Сабыт.
— Содан кейін... балшабектер атып тастады. — Ахметжан сəл
бозарған жүзін жерден алып Сабытқа тесіле қараған.
Сабыт ауа жетпегендей мойын түймесін ағытты.
— Астапыралла... не жазығы бар еді... Ешкімге қиянат жасамаған,
шыбын жасқап көрмеген адам еді ғой...
— Не дерің бар... — Ахметжан киіздің оюын шұқылап сəл үнсіз
қалды. — Өзінің айтысы, біреуден қырық жыл бұрын соққан қанжары
табылыпты. Бар айыбы сол. Қару жасамақ түгілі, балшабектің бетіне
қарасаң пəлеге қалатын заман ғой.
— Артында тұқым қалып па?
— Атылардың алдында үш ұлым, бір қызым бар деп еді. Ол
балаларының жайын білмеймін. “Балапан басына, тұрымтай тұсына”.
Қандай заман болғанын өзің де білесің ғой.
Сабыт қолын жайды. Оған ілесіп үй ішіндегілер де қол жайған. Сабыт
күбірлеп дұға оқыды.
— Я, Алла! — деген сөзін күрмеп, — Пейіште нұры шалқысын.
Артындағы жұртына қайыр-береке берсін.
Ертеңіне Ахметжан шұғыл іске кірісіп кетті. Балаларға əрқайсысына
бес тиыннан ақша беріп, қойдың құмалағын жинатқан. Тоқал тамның
төбесіне өсіп кеткен жусанды қолмен жұлып, топырағын тегістеп,
үстіне ескі шүберектерді жайды. Балалар тегене-тегене қылып алып


келген құмалақты төбеге жайып кептірді. Өзі ауылдың сыртындағы
Ысқақтың қорасынан сары қи ойып, бірнеше арбасын қорасына тасып,
қалап қойды. Шопыр мен трактористер де жұмыссыз қалған жоқ.
Ұстаның үйіне темірдің түрлерін əкелу тапсырылған. Аз күнде
Ахметжанның есік алдына темірдің неше атасы үйіліп қалды. Бірақ
ұста бірде-бір темірді жаратпаған. Аякөздің сыртындағы темір
үйіндісінен небір серіппелі шарболат əкелінді. Ол да ұнамады. Ақыры
шопырлардың бірі қаладағы паровоз депосынан, вагонды көтеріп
ұстап тұратын асыл темірді жеткізген. Ол да ұстаның сынына
толмады.
— Əй, шал, өзің бір мылжың екенсің, — деген осы асыл темірді алып
келген Мейірбек, — Анау да ұнамайды, мынау да ұнамайды. Сонда
саған қандай темір керек өзі?
Қолын бір сілтеп Сабыттың үйіне тартты.
— Жезде, мына шал мені əбден шаршатты, — деді табалдырықтан
аттап жатып, — Темірдің небір асылын əкелдік. Жеті атасының түсіне
де кірмеген темір. Бұдан артық не керек екенін білмеймін.
— Əкелген темірлерің түкке де жарамайды, — деді Мейірбекпен
жарыса үйге кірген Ахметжан.
Күлбағила мырс етіп күлген.
— Əне, екеуіңнің дауыңа менің түк білмейтін кемпірімнің өзі күліп
отыр, — деді Сабыт Күлбағилаға иек қағып.
— Неге жарамайды? — деді Мейірбек Ахметжанға шақырая қарап, —
Мынау білесің бе, қандай темір? — Қолындағы серіппені Ахметжанға
қарай нұсқап қалған, — Баяғы сен соғатын арбаның білігі емес, алпыс
тонна вагонды көтеріп ұстап тұратын амортизатор. Көзіңді ашып қара!
— Не болса о болсын, — деді шамданып қалған Ахметжан, - Əйтеуір
нашар екенін білемін.
— Неге нашар? — деді Мейірбек сұрағын қайталап.
— Айналайын-ау, дұрыстап қарасайшы, теміріңді тат басып кеткен
ғой. Жақсы темір ешқашан таттанбайды, есіңде болсын. — Төрге


жайғасып, қалтасынан шақшасын суырған Ахметжан Мейірбекке
ежірейе қараған, — Баяғының темірі қырық жыл су түбінде жатса да
таттанбайтын.
— Ойпырай, — деді Мейірбек қолындағы серіппені айналдыра қарап,
— Рас екен-ау. Қалай байқамағанмын.
— Неше күннен бері қаншама темір əкелдіңдер. Барлығы тат басқан.
Əрине, қатты суғарылған. Бірақ морт кететін темір.
— Жарайды, — деді Мейірбек, — Айтқаның дұрыс. Бірақ біз ондай
темір таба алмаймыз. Өзің тап енді.
— Табамын, — деді Ахметжан, — Көзім жетті, біздің өкіметте дені
дұрыс темір де жоқ екен. Баяғының темірі қайда!
Сабыт күліп жіберді.
— Əлгі Қалқаман бар емес пе, сол бір күні шарбақ буады ғой. Талы
кебіңкіреп кеткен, иген жерден сына берсе керек. Сонда күйіп
кеткенде, баяғының талы бар ма депті ғой.
Ахметжан да күлді.
— Жарайды. Темірді өзім іздемесем болмас.
Ертесіне Ахметжан таңалагеуімнен тұрып шайын ішіп, суыт жол
жүріп кетті. Бір апта дегенде, Борлы жақтың қойшыларын аралап ішіп
жүр екен деген хабары жетті.
— Түф, ит-ай, — деген Сабыт.
Арада тағы екі жеті өткенде Ахметжан қайтып келді. Келе сала беті-
қолын жуынып, əдетінше Сабытқа сəлем бере келген.
— Ал, сəлемші болсаң төрге шық. Жақсы келдің, — деді Сабыт.
Ахметжан жымыңдаған күйі қол алысып төрге озды.
— Аңшының кешіккенінен сүйін деген. Құр қайтпаған сияқтысың ғой,
— деді Сабыт.


Ахметжан лəм-мим демеген күйі қалтасынан ақ шүберекке оралған
бір нəрсені алып Сабыттың алдына орауын тарқатып тастай салған.
— Міне, Саба, нағыз темір деген осындай болады.
Сабыт жұдырықтай сұп-сұр кесекті қолына алып ары-бері төңкеріп
қараған.
— Ал, бұл теміріңнің не кереметі бар? Басқа темірден не айырмасы
бар, сонша?
— Тырнақпен сызсаңыз із қалады.
Сабыт тырнағын батырып көрді. Қолын алғанда сұр кесекте
бадырайған сызық жатты.
— Ойпырай, ə, — деді Сабыт басын шайқап, — Бұл не керемет!
Темірдің осындай жұмсақ болғаны ма?
— Оның əңгімесі көп, — деді Ахметжан, — Темірді шірітеді,
əлденеше рет өлтіреді, содан соң қара бұйра татты əлденеше рет
қорытады. Ақырында Құдай жаратқан кезіндегі балауса күйіне
келтіреді. Нансаңыз айтайын, бүгінгі темір жасы жетіп ескірген темір.
— Қартайған десейші. — Сабыт кеңкілдей күлген.
— Иə. Қаласаңыз солай дейік, — деді Ахметжан, — Сонда мынау
темір, дүниеге қайтадан жаратылған темір болғаны. Нансаңыз да,
нанбасаңыз да осы.
Сабыт қолындағы кесекті тамашалап қайтадан бас шайқаған.
— Тəңірі қолыңды жүргізсін, — деді содан соң темірді Ахметжанға
қайырып беріп жатып.
Бірнеше күннен кейін, үш апта серуеннен есін жиып оңалған
Ахметжан іске кірісті. Сабыт балға соққан жігіттерден болған жайды
біліп отырды.
— Əзірге сымтемір созып жатыр, — деді, бірінші күні кешке қарай
шаршап, шай ішуге кіріп отырған екі балғашы жігіт.


— Көрдің бе? — деді біреуі екіншісіне. — Мына шалыңнан шошиын
дедім. Қызған темірді жалаңаш қолмен алып созды ғой. Қолы қалай
күймейді?
— Шынымды айтсам, дым түсінбедім, — деді екінші жігіт,
— Енді осы сымтемірді не істейді? Одан қалай қылыш жасамақ?
— Кереметін кейін көресіңдер, — деді Сабыт күліп, — Шым тоқыған
сияқты ғой. Жіпті тасқа байлайды. Тек тастарды орын алмастырып
отырады. Біраздан кейін қарасаң, керемет сурет шығады.
Екінші күні ешкім хабар əкелмеді. Үшінші күні екі балғашы жігіт
қайыра соққан.
— Сымтемірді қыздырып алып бұрап, қамшы сияқты бірдеңе жасады,
— деді жасы ересектеу Үсен, — Ертең не істетер екен.
Келесі күні жігіттер түңіліп келген.
— Мына шалың жынды екен. Істеп жатқаны адам түсінбейтін бірдеңе.
Кешегі қамшылардан қыздырып алып қайтадан жіп созды. Бұны
қайтесің, жіпті кеше создың емес пе десем, шыдамасаңдар кете
беріндер дейді.
Бұдан кейінгі күндер бір-біріне ұқсас болды. Əжігерей балалармен
бірге ұрланып барып бірнеше рет сығалаған. Екі жігіт күні бойы балға
соғады. Шаршағанда балғаны Ахметжан өзі алады. Белін ені екі қарыс
сырма, ауыр белдікпен буып алып, сағаттап балға соққанда
шаршамайды.
— Аудар! Аудар! Тағы да аудар! Енді қырынан ұста! — деген əмірлі
даусы ғана естіледі.
Күндердің күнінде Ахметжан балғашы жігіттерге рахмет айтып қоя
беріпті. Қылышты соғып бітіріпті деген əңгіме тараған.
— Ақаң бір айдан бері ат ізін салмай кетті ғой. Бірдеңеге өкпелеп
жүрген жоқ па екен, — деді бірде Күлбағила шай үстінде.


— Əй, кемпір-ай, сен білмейсің ғой. Ұсталар қару соққанда ешқайда
шықпайды, қонаққа бармайды. Істеген ісіне көз тиіп кете ме деген
ырым ғой, — деді Сабыт.
Арада тағы бір апта өткенде Ахметжан арнайы сəлем беріп келген.
— Оу, батыр, қалай бітірдің бе? — деді жоғалып кеткен досын
көргеніне қуанған Сабыт, — Тіпті көпке созылды ғой.
Ахметжан ыңқылдап-гүрсілдеп төрге жайғасқан.
— Бітірдік қой. Оңай ма, арнайы сұрап келгеннен кейін жақсылап
жасадық қой.
— Əйтеуір, анау балға соққан жігіттер, темірді қырық рет бүктеп,
қамырша иледік дейді ғой.
— Қырық деген, ол бер жағы ғой. Жүз де жол ортадан бері. Қанша
бүктегенімізді Құдай ғана білетін шығар.
— Ал, енді көруге бола ма? — деді Сабыт балаша қызығып.
— Əлгі алатын адамдар келгенде көрерсіз, — деді Ахметжан.
Ол қылышты да көретін күн болады екен. Қыс өтті. Көктем өтіп жаз
келді. Жаз аяқталып, күздің басы болғанда таныс машинамен баяғы
Арслан келді. Бұл жолы жанына екі қазақ жігітін ертіп алыпты.
Амандық-саулықтан кейін сұраулы жүзбен Ахметжанға қараған.
— Дайын, — деді Ахметжан тоқмейіл жымиып, — Төрлетіндер,
асықпай шай ішіңдер. Соңыра көресіңдер.
Бір ет желініп, екі шай ішіліп болғаннан кейін, қалтасынан көлдей
орамалын алып баппен сүртінген.
— Бол енді, назданбай, — деді Сабыт күліп.
— Қазір, — Ахметжан орнынан тұрып сыртқа шықты. Сəлден соң
қолына шүберекке оралған құлаштай бір нəрсені көлденең ұстап кіріп
келді. Қонақтардан төменірек малдас құрып отыра қалып, орауын
жазды. Ішінен киізге қынапталған екі қылыш шықты.


— Кəне, — Сабыт қылыштың біреуін қолына алып салмақтап көрді.
Содан соң қынаптан жайымен суырған.
— Пах, пах, — деді Арслан.
Қайқы қара қылыштың жүзі есіктен түскен күн нұрына шағылысып
қаракөк сəуле шашқан.
Сабыт қылышты сүйсіне тамашалап ұзақ отырды.
— Əй, Ахметжан, ит-ай, оңбайсың-ау, — деді одан кейін кеңкілдей
күліп, — Қылышыңда мін жоқ. Тек соңына қарай шолақ қайырыпсың.
Ағашқа саптай салыпсың. Қынабын киізден тіге салыпсың.
— Оған енді, олай əспеттеп жатуға менде еш мүмкіндік болмады, —
деді Ахметжан сəндене керіліп. Өз жұмысын ойдағыдай тындырған,
өз бағасын білетін адамның керілісі.
— Ал, енді, тексеріп көрмейміз бе, — деді жігіттердің бірі.
— Құп, — деді Ахметжан мақтана есінеп.
Жұрт бір адамдай далаға шыққан.
— Қайсың қылыш шаба аласың?
Ахметжан қылыштың біреуін жалаңаштап, ауаны айқыш-ұйқыш тіліп
көрді. Ешкім үндемеді.
— Олай болса өзім шауып көрсетейін, — Ахметжан жан-жағына
қарады. Кезінде трактористер мен шопырлар əкеліп үйіп кеткен
темірдің ішінен қалыңдығы екі-үш елідей болатын белдеуді алып
жігіттердің біреуіне берді.
— Мынаны анау жаңғырықтың үстіне қырынан қойып ұста.
— Басымды шауып тастамайсыз ба, — деді жігіт қалжың-шыны
аралас.
— Əкел маған, — деді Арслан. Темірді жаңғырыққа қойып
Ахметжанға белгі берді, — Шабыңыз!


Сол сəтте жаңғырықтың жанына барып қалған Ахметжан сол аяғын
оздыра қойып, алға сəл еңкейіп, қылышты жоғарыдан төмен
сорғалатып тастай салған. Көк құрыш пен белдеу темір қарш етіп
қаржысты.
— Бір, — деді Арслан.
Ахметжан тағы шапты. Əжігерейге ұста атасы сансыз рет шапқан
сияқты көрінді. Белдеу ортасынан бөлініп, Арслан басын шайқап
орнынан тұрғанда барып істің біткенін аңдаған.
— Алты, — деді Арслан, — Алты рет шапқанда кесіп түсірдіңіз.
Жігіттердің біреуі белдеудің жерде жатқан жартысын алып, байыптай
қараған. Содан соң ол да басын шайқап, таңдайын тақ еткізді.
— Тура, токар станогымен кескендей теп-тегіс.
— Жəне ақсақалдың қолының дəлдігін айтпайсың ба? - деді Арслан
жүзі қызарабөрте сөйлеп, — Алғашқы керткен жерге алты рет тигізу
дегенің сұмдық қой.
— Бұл сойқан адам ғой, — деді Сабыт.
— Сендер одан да мына қылыштың жүзін қарамайсындар ма, — деді
Ахметжан.
Арслан көк нұры төгіліп тұрған қылышты қолына алып күнге тосып
қараған.
— Зəредей сызат жоқ.
Жұрт қауқылдасып үйге қайта кіріп, төрге жайғасқанда Ахметжан екі
қылышты да қынабынан суырып Арсланның алдына қойды.
– Ал, бала, осы екі қылыштың құны қанша, қалай ойлайсың?
— Ата, мен сізге мəн-жайды түсіндірейін, — деді Арслан, - Дəл қазір
сізге ақша төлей алмаймыз. Музейде жылына бірнеше рет закупочная
комиссия деген болады. Бағаны солар қояды. Бірақ айтайын сізге,
сіздің соққан бұл қаруыңызға баға жетпейді. Құдайға шүкір, қарудың


бағасын білеміз ғой. Өзім бас болып ең қымбат бағаны қойдырам.
Осындай уəде берейін сізге.
— Жақсы, — Ахметжан киіз қынапты да Арсланның алдына тастай
салды, — Алыңдар. Кейін өздерің зергерге апарып, балдағына гаухар
төктіріп, алтынмен аптап аларсыңдар. Менің ондай өнерім жоқ.
Маған не берсеңдер де ризамын.
Қақаған қыстың ортасында, Ахметжанға поштамен сұмдық көп ақша
келіпті деген хабар тарады. Пошташы менде ондай ақша жоқ, бұндай
ақша жиналу үшін бір ай күту керек депті. Ахметжан бөліп-бөліп
бермейсің бе депті. Квитанция біреу-ақ, бөліп бере алмаймын депті
пошта бастығы. Бір ай емес, екі апта дегеңде тиесілі ақша келді.
Түстің кезі еді. Əжігерей, атасы, Күлбағила үшеуі жылы пештің
жанында шай ішіп отырған. Сыртқы есіктің ашылып-жабылғаны
естілді.
— Бұл кім екен? — деді Күлбағила.
Аузын жиғанша болған жоқ, есіктен үсті-басы қырау Ахметжан кіріп
келді.
— Ассалаумағалейкүм, — деді иығындағы қапшығын жерге қойып
жатып. Саптамасын шешіп киіз байпақпен төрге озды. Тура Сабыттың
жанына қапшығын, түбінен ұстап ақтара салған.
— Астапыралла! — деді Күлбағила, — Мынауың ақша ғой!
— Иə! — деді Ахметжан. — Көксоққан анау пошташы кіл бір
теңгелікпен бергені. Отыз пашке ақша.
— Байыдың, — деді Сабыт.
— Балғашыларға жүз теңгеден берсем бола ма, Саба?
— Болатын шығар, — деді Сабыт.
— Күлбағила, мынадан қалағаныңша ал, — деді Ахметжан
Күлбағилаға, үюлі жатқан ақшаны меңзеп.


— Қой, ойбай, өзің таптың өзің жұмса, — деді шошып кеткен
Күлбағила, — Еңбек сенікі ғой. Пəленбай ай əурелендің. Игілігін көр.
— Жоқ, болмайды, — деді Ахметжан. Ақшаның үйіндісінен үш
кесегін алып Күлбағиланың қолына ұстатқан.
— Енді былай істейік, — деген одан кейін ойланып отырып, — Бүгін
бір жақсылап тойлайықшы. Əлгі көксоққан Шерім қайда жүр. Əнін
естімегелі көп болды. Соны шақыртайық. Мəгəзіннен не керектің
бəрін алдырыңдар. Арақты тоятындай етіп алдыр. Күлбағила бүгін бір
шимайлыңды асшы. Сабаңның күйін де естімегелі көп болды.
— Əй, араққұмар қу-ай, — деді Сабыт, — Соны ішпей-ақ көңіл
көтеріп отыруға болады ғой.
— Ақша кімдікі өзі? — деді Ахметжан жадырай күліп.
Сабыт та күлген.
— Жарайды, түсінікті. Кеудеңдегі ыс пенен күйені бір кетірейін деген
екенсің. Жарайды, Күлбағила, айтқанын орында.
— Бəтір-ау, мына ақшаны не істеймін? — деді Күлбағила ернін сылп
еткізіп. Қолындағы үш бума ақшаны сенер-сенбесін білмей əлі
тамашалап отыр, — Өңім түгіл түсіме кірмеген ақша ғой.
— Əжігерей, кəне, есептеші, Күлекеңнің пенсиясымен алғанда, қанша
уақытта келетін ақша екен, — деді Сабыт жадырап.
Əжігерей қағаз-қарындашын қолына алып есепке кіріскен.
— Айына алты теңге алады, яғни төрт жыл екі ай жинаса үш жүз теңге
болады екен, — деді сəлден кейін есептеп болып.
Үй іші əбігер болып кетті. Дүкеннен бірнеше шөлмек арақ, тəтті-дəмді
алдырылған. Күлбағила “ұзын сары келгенде асамыз” деп, өзге түгіл
өзіне қимай сақтап жүрген мүшелерден мол етіп қазанға салды. Сүт
пісірім уақыттан кейін арнайы шақыртумен Шерім келген.
— Ойпырай, бұл не керемет, — деген Шерім, табалдырықтан аттап
жатып, — Боранды күні ит пен бала құтырады деуші еді. Сенікі қызық


болды ғой.
— Е, үш мың теңгесі бар адам құтырмағанда қайтеді, — Сабыт
жантайып жатып мырс-мырс күлген, — Қалтасын ақша кернеп бара
жатыр, құтырса Ахметжан құтырсын.
Ахметжан да ойынды іліп алып ары қарай жалғастырып əкетті.
— Келе ғой, мүсəпірім, — деген, Шерімге мүсіркей қарап. Жанына
еңкеңдеп жеткен Шерімнің ұсынған қолын алмай, бір бума ақшаны
ұстата салған, — Ала ғой, мүскін.
— Мынауың жүз сом ғой, — деді Шерім аңтарылып.
Сабыт əзер шыдап жатса керек, қарқылдай күлген.
— Ал, ал. Беріп тұрғанда алу керек.
— Ақа, енді шаша берме, — деді Күлбағила да күліп, — Əкелші,
жинап тастайын. Келген-кеткеннің барлығына үлестіріп құртарсың,
— Қобырап жатқан бума-бума ақшаны қайтадан қапшыққа салып,
аузын буып іргеге қойып қойды.
— Ал, бүгінгі той менікі, — деді Ахметжан кеңейіп, — Ішіңдер,
жеңдер. Көңіл көтеріп отыралық.
Кеш ұзаққа созылған. Ары-беріден соң ауылдың тағы бірнеше кемпір-
шалы келіп дастарханнан дəм татып əн мен күй тыңдаған. Ахметжан
əрбір əн мен күйге көңілі босап, көзінің жасын сығып тастап отырды.
— Мынау Арқада Ғазиз деген болған, — деді Сабыт домбыраны
күмбір еткізіп, — Мақтаншақтау еді.
— Əлгі, Қараөткелде менен асқан əнші жоқ дейтін Ғазиз ғой, — деді
қариялардың бірі.
— Иə, — деді Сабыт, — Асырыңқырап жіберген, əрине. Арқада оның
əкесіндей əншілер болған. Сол Ғазизді бір көргенім бар. Керемет
өнерлі. Өзі қолы ашық мырза. Азын-аулақ ақша түссе, соны достарын,
тіпті мүлдем танымайтын адамдарды жанына жинап алып, бəрін
суғарып мас қылып, дүрілдетіп, мəз-мереке қылып отырады.


— Сол кезде де арақ болды ма? — деді қариялардың бірі таңқалып.
— Болды. Орыстың əкелген дəмі ғой, — Сабыт кеңк етіп күлді, —
Оны айтып отырған себебім — мына біздің Ахметжан, тура сол Ғазиз
сияқты. Ол сияқты əн айтатын өнері жоқ, бірақ мырзалығы, мал
шашатындығы айнымайды.
Түннің бір уағы болып, жұрт тарағаннан соң Ахметжан да сүйегі
сықырлай орнынан тұрған.
— Қой, үйімізге қайтайық. Бағана, ақшаның əбігерімен жүріп от
жағуды да ұмытып кетіппін.
— Ақа, осында қона сал, жер жетеді ғой, — деді Сабыт, – Қу тізеңді
құшақтап суық үйде жатпай-ақ қой.
Ертесі күні таңертең ащы шаймен басын жазып, өзінің қунақ қалпын
тапқан Ахметжан ақша толы қапшығын арқалап үйіне қайтқан.
Ұстаның бұдан кейінгі өмірі түсініксіз болып кетті.
Таң ата дүкенге аттанады. Кеш бата өлімші мас күйінде үйіне
жеткізіледі. Бара-бара үйі ауылдың ішкіштері жиналатын жерге
айналды. Əжігерей бірнеше рет Ахметжанның жас жігіттермен
керілдесіп тұрғанын көрді. Болған жайды атасына айтқан.
— Білем, — деді Сабыт күрсініп, — Кəнцерттерінің бəрін көріп
жүрмін.
Ойланып біраз отырған.
— Бүған не істеуге болады, білмеймін, — деді одан кейін, — Бұл да
бір байғұс қой. Көрмегені жоқ. Соғыстан аман-есен келді. Əйелі
баласымен қыста шана тартып бара жатып үсіп өлген. Содан біраз
жүрді. Ақыры əмеңгерлік жолмен бір жесір қалған жеңгесіне үйленді.
Ол да ұзаққа бармай көз жұмды. Одан бір ұл, бір қыз көрді. Одан
кейін жəне бір рет үйленді. Алғаны шайпау, мінезі жаман əйел еді.
Балаларын қуып, өзін соттатып жібере жаздады. Ақыры ажырасып
тынды. Қызы тұрмыс құрды. Ұл əскерде жүріп сотталып, сол күйі, не
өлісі, не тірісі белгісіз, зым-зия жоғалды. Бұл қайғыланбағанда, кім
қайғыланады. Бөрі арығын білдірмей жүнін қампитады деген.


Білмеймін. Жасы келді. Алыс жолда атың өлмесін, қартайғанда
қатының өлмесін деген. Жалғыз басты. Осылай тұрып жатыр.
Күйелеш-күйелеш болып от жағып жүргенін көргенде өзім ұялам.
Азғантай тіршілігін мына ақша бұзды ғой. Артын қайырлы қылсын.
Ертеңіне Ахметжанды біреулер сабап кетіпті деген хабар дүңк етті.
Сабыт болған жайдың анығына жету үшін амалсыз орнынан қозғалған.
Əжігерей ере барды. Ескі үлгідегі там үй. Төбесінен қап-қара сауыс,
сансыз сүңгі салбыраған ұзын дəліз. Сабыт қараңғыда сипалап жүріп
есікті əзер тапты. Қоржын қылып салған екі бөлме. От жағылмаған.
Үй іші мұздай суық. Терезеге қырау қатыпты. Бөлменің ортасында
кішкентай ағаш орындықта меңірейіп отырған Ахметжан бұлар
кіргенде бетін басып теріс айналған.
— Ақа, халың қалай? — деді Сабыт.
Ахметжанның екі иығы бүлкілдегендей көрінді. Артынша еңкілдеп
жылағаны естілді. Сабыт сасқалақтап Əжігерейге қараған.
— Қарағым-ау, бұның қалай енді сенің? — Сабыт Ахметжанды ту
сыртынан құшақтап бауырына басты, — Ел аман, жұрт тынышта
осындай күйге түскенің қалай?
Əжігерейдің жүрегі сыздай ауырды. Ұстаның бет-аузы көгеріп,
көлкілдеп ісіп кетіпті. Қызылтамырланып кеткен көзінен тынымсыз
сорғалаған жасты сүртпей, қорланып, мұңын шағып жылап отыр.
— Кім ұрды, кəне, айтшы, — деді Сабыт.
— Білмеймін, — деді Ахметжан, — Есімді білмеймін.
— Ештеңеңді алмап па?
— Оны да білмеймін.
Сабыт Ахметжанның жеңінен тартты.
— Жүр. Үйге жүр.
— Бармаймын, — деді Ахметжан, — Мына түріммен қалай барам.


— Ой, тəйірі-ай, түр таңдайтын несі бар. Өз үйің ғой, — Сабыт
Ахметжанды қолтығынан көтерді, — Əуелі үйге барайық. Қалған
əңгіме содан кейін болсын.
Үйге келген соң беті-қолын жуып төрге шыққан Ахметжан көзін
жерден алмаған күйі Күлбағилаға тіл қатқан.
— Күлеке, кеш мені... Сені əбден əуреге салдым-ау...
— Қойыңызшы, Ақа, несі əуре, — деді Күлбағила ұстаның алдына бір
кесе шайды қойып жатып, — Ыстық шай алыңыз.
— Осында бол енді, — деді Сабыт, — Есінді жи. Күн жылығанша тұра
бер. Одан кейінгісін көреміз.
Бірақ ұста бұлардың үйінде көп тұрмады. Қыстың аяғына қарай қызы
мен күйеу баласы көшіріп алып кеткен. Кетерінде Ахметжан
балаларынан бір күн мұрсат сұрап көрігін соңғы рет тұтатты. Бір
тұтам темірді күні бойы соққан. Əжігерей атасына еріп өзі өмірі
көрмеген ұстахананың табалдырығынан аттады.
— Міне, мынау əнеукүнгі қылыштан артылып қалған темір, көзімдей
көрсін деп бəкі соқтым, — деді Ахметжан дайын болып қалған бəкіні
Сабытқа көрсетіп, — Қазір жүзін шығарып суғарып берем.
Май қайрақпен асықпай ұзақ қайраған.
Содан соң бұрышта тұрған асадалдың ішінен бірнеше дорба,
түйіншектерді суырып, ауыздарын шешіп, күн көзіне қарап, үшеуін
бөлек қойды. Əрқайсысынан бір-бір уыстан ұнтақ алып, астаудағы
суға қосып суғарынды жасады.
— Исфаханның қылышы құсатып суғарып берейін, — деді Сабытқа
қарап, бір түрлі нəубез жымиып.
Сүт пісірім уақытта бəкі суғарылып сүйекке сапталып болды.
— Ұсақ ақша бер, — деді Ахметжан Сабытқа қолын созып.
Атасы қалтасынан бірнеше мыс, күміс аралас ақшаны алып
Ахметжанның алақанына сала салған. Қолына тиген бəкіні сүйсіне


тамашалап біраз отырғаннан кейін Ахметжанға қарап тіл қатты.
— Жарайды, Ақа, зəуеде бой жазып келе қалсаң есігіміз ашық, төріміз
дайын. Бұл жақта елің бар. Ұмытпағын бізді.
Басы салбырап үнсіз тұрған Ахметжан селт етіп асығыс тапсырма
бере бастады.
— Жарайды, Саба, аттанайын. Мынаның бəрін тасып қайтемін, —
Иегімен ұстахананың ішіндегі дүниелікті меңзеген, — Ендігі иесі сен
боласың. Мына көрікті жоғалтпа. Керек кезде пайдаланарсың. Ал, мен
кеткен соң, мына үй сапқоздың үйі ғой, біреуге беретін болса, онда
мына сайман мен мүкəмалдың барлығын өз қораңа тасып аларсың.
Ахметжан үйге кіріп киім-кешегін буып машинаға салды.
— Ал, көріскенше.
Сабыт пен Ахметжан құшақтасты. Əжігерейдің тамағына тас
тығылып, көзіне жас келді. Ұста атасын соңғы рет көріп тұрғандай,
əлдебір аяулы сезім жүрегін қытықтап əткен.
— Аман бол, Сабыт, — деді Ахметжан.
— Сен де аман бол, — деді Сабыт.
Ахметжан Əжігерейді басынан сипап маңдайынан сүйді.
— Аман бол, жарығым. Атаң мен апаңның тілін ал. Ренжітпе.
Машина аттанып кеткеннен кейін атасы, қаңырап қалған там үйді
аралап, əр бөлмесіне бөгеліп, ойланып біраз жүрді, содан соң есігін
мықтап құлыптады. Ұстаханаға кіріп Ахметжанның кішкентай
орындығына отырып, ұстаның балғасын қолына алып жаңа көргендей
мейірлене тамашалаған. Өзінше бір нəрсені күбірлеп, өзімен-өзі
сөйлескендей ұзақ отырды. Содан кейін көріктің ұясын бұзып
сылағын сілкіп түсіріп қолтығына қысты да есікке беттеді. Артына
тағы бір рет қарап дүкеннің ішін шолып өтті.
— Қайран Ахметжан, — деген күрсініп.
Кешкі шай үстінде қабағы ашылмаған.


— Бекер кетті, — деді Күлбағила шай үстінде, — Жылы орнынан
қозғалмай отыра беру керек еді.
— Ол не жылы орын? — деді Сабыт, — Осылай жалғыз жүре бере ме?
Кім біледі, осылай болғаны да дұрыс шығар.
— Жалғыз болса, бас құрау керек еді, — деді Күлбағила, - Əне,
Қауария да жалғыз. Екі жарты бір бүтін болып, тұруға болатын еді ғой.
— Əй, ол да арса-арса болып қартайған адам ғой. Ол Қауарияның
өзіне де бір күтуші керек.
Сабыт домбырасын қолына алып бірнеше күйдің басын шалды.
— Зауқым жоқ, — деді содан соң домбыраны Əжігерейгс ұсынып, —
Бүгін сен тарт.
Əжігерей атасының көңілін аулап шерткен болды. Бірақ Сабыт сол
кіржиген қалпы ештеңеге жадырамады.
— Жарайды, бүгін домбыра да сөйлемейтін сияқты ғой, – деді
Əжігерейдің зорлана толғап отырғанын байқап, – Қоя сал.
Төрге көлбей жайғасып, қолын басына жастанды. Ауыр күрсінді, —
Іргеде отырушы еді. Кəдімгідей ес еді ғой. Орны үңірейді де қалды,
əне.
Бөлмеде тыныштық орнады. Анда-санда Күлбағиланың шайды
самарқау ұрттағаны ғана естіледі.
— Бір жамандықты жүрегім сезеді, — деді Сабыт небір уақыттан
кейін.
Əжігерей ол не жамандық екенін түні бойы ойланып таба алмады. Ең
үлкен жамандық Ахметжанның көшіп кеткендігі емес пе. Ұста
атасымен жарты дүние бірге кеткендей.
Сабыттың сөзінің мағынасын кейін түсінген. Ұстаның кеткеніне жыл
толмай-ақ ауылда əр түрлі қаңқу əңгіме тарай бастады. Əр жерде
шашылып жүрген өсектің басын құрап, тұтас хикая қылып ауылдағы
бір сыпсың кемпір жеткізді.


— Қыз-ау, — деген күрең шайды құлаштап ішіп отырып, – Не
естігенің бар. Əлгі біздің Ахметжанды қаңғыртып жіберген дейді.
Бəсе! Ол əкесін іздейтін қыз болса баяғыда қайда қалған. Ниеті бұзық
адам екені көрініп тұр ғой. Əкесі аз-маз ақша тапқанын естігеннен
кейін жетіп келген ғой. Темір жолды жағалап қайыр сұрап жүр дейді.
Əне!
Сабыт əзер шыдап отырса керек, өсекшінің əңгімесі осы жерге
келгенде бұлқан-талқан ашуланған.
— Əй, Зағипа, оңбайсың ғой! Кеше ғана бір дəнді бөлісіп жеген
адамды, енді табалап, қуанып отырсың! Ұялмайсың ба? Дүние əлі
қырық рет төңкеріледі. Кімнің қайда болатынын қайдан білесің?
— Неғыл дейді мына кісі, — деді Зағипа төмен қарап күбірлеп, —
Саба-ау, мен естігенімді айттым ғой. Естіген құлақта не жазық бар?
— Естімейтінді естисің, — деді Сабыт алқынып, — Жердің жарығын
жамаған мыстансың.
— Қайдан білейін, — деді Зағипа сөзін растап, — Қайыр тілеп жүр
дейді.
Сабыт одан сайын түтікті.
— Тəйт ары! Қайырды өз қолыңмен берген адамдай сөйлейсің ғой!
Кім оған қайыр беріпті?
— Анау Жомарт кеше Аякөзге барып келді ғой. Сол айтады.
Сабыт сықпыртып боқтап жіберді.
— Жомартыңның əкесінің... Екі туып келсе де сол Жомартыңнан
Ахметжанның өлімтігі артық! Кет бұл үйден!
— Ойпырай, қандай адам, — деді Сабыт налып, Зағипа кеткеннен
кейін, — Аттан құлаған адамды табалап... Ахметжан сондай боламын
деп пе еді.
Күздің бір суық кеші еді. Неше күннен бері сырқаттанып жатқан
Сабыт тəуір болып, басын көтерген. Шапанын жамылып дастарханға


отырып ыстық шайға енді бөге бастағаны сол еді, есіктен Шерім кіріп
келді.
— Аманбысың, Шерім, — Сабыт сəл шалқайыңқырап, босағада
состиып тұрған Шерімге таңдана қараған, — Жоғары шықпайсың ба.
Шерім жай басып төрге шықты, Сабытпен қол алысып амандасты.
Содан соң жүзі түнеріп үнсіз қалған.
— Не болды, бəтір-ау, айтсайшы? — деді Сабыт жайсызданып.
— Ахметжан өліпті.
Сабыт ошарылып отырып қалды.
— Ой, пəлі-ай! — деді содан соң, — Ой, пəлі-ай! Өлген екен ғой.
Үй ішін көрдей үнсіздік басты. Осы үнсіздіктің ішінде Күлбағиланың
тамағынан қырылдай, қорқырай жылағаны қорқынышты күйдей
болып естілген. Шерім екі шекесін қолымен қысып, шоқша сақалынан
алты тарам жас ағып еңіреді. Сабыт төмен қарап үнсіз отыр. Əжігерей
атасының солқ-солқ етіп қалтыраған күйіне қарап оның да буын-
буыны босап отырғанын сезінді. Үй ішін қаратүнек қайғы жайлады.
Ауа жетпегендей қыстығып далаға шыққан. Алыста, сонау Биғожа
зиратының ар жағында бүкіл дүниені жайлап қорғасын түстес
көкшулан, үсті ақ жағал бұлт келеді. Батысқа қарады. Күндегі қызыл
арай емес, батар күнді жасырып бүкіл терістікке қанды жолақ
тартылыпты. Тоңы ешқашан ерімейтін, мəңгі таусылмайтын қайғының
белгісіндей. Кенет Əжігерейге осы дүниеде ешқандай мағына жоқ
сияқты көрінді. Бүкіл дүние, бүкіл болмыс қамрықтың дариясына
батқандай қасыретке малшынып тұр. Сол қасыреттің ішінде, енді
ешқашан оянбастай болып ұйықтап кеткен сияқты. Өнебойы қалтырай
тоңды. Қайғыдан ыбылжып, дел-сал күйде үйге кірді.
Көзі қызарып ісіп кеткен Шерім сəл қарлығыңқы дауыспен сөйлеп
отыр.
— Ести сала бағзалға келіп белет алып Жаңғызтөбеге жеттім. Содан
ертесіне, Көкжыра деген жер екен, жолдан мəшине ұстап оған да
жеттім. Топырағы баяғыда суып қалыпты. Былай болған деседі. Қызы


Сергопылға алып кетті ғой. Ақшасын алдап-сулап сұрап алған. Содан
соң амалын тауып жанжал шығарып, ақыры қуып шығыпты. Əлгі
Зағипа сыпсыңның айтқаны рас болып шықты. Біраз уақыт
теміржолды жағалап шынында да жүріпті.
— Байғұс, елге неге қайтпады екен, — деді Күлбағила.
— Ешқашан қайтпас еді, өлімтігін ешқашан көрсетпес еді, — деді
Сабыт, — Мен білетін Ахметжан болса.
— Е, дүние-ай, — Шерім Күлбағила мен Сабытқа мұңая қараған, —
Ақсуаттағы алыс ағайындарына барыпты. Олар қаңғырып келген
шалды қайтсін. Есік алдындағы бір қораға кіргізіпті. Көрдім. Адам
жататын жер емес. Шамасы, Ақаң аурудан емес, құсадан өлген сияқты.
Соңында аузына су тамызатын адам табылмапты. Өліп қалғаннан
кейін, амал жоқ, кəдесін атқарған болыпты. Мен барғанда ит-ау, кісі-
ау деп қараған жоқ. Үйге кір демеді. Ауладан қайттым. Болған жайды
көршілерінен сұрап білдім.
Арада тағы бірнеше күннен кейін оңалып, тыңайған атасы құран
аударды. Малдың ішінен бір семіз қойды таңдап сойып, көрші-
қолаңды жинап марқұмның шағын асын берді. Астан кейін Шерімге
қал деген. Кеш батты.
Екі аптаға созылған суық тарап қайтадан күн жылыған. Мамыражай
шыбынсыз жаз. Кешке қарай жып-жылы сілбі жауын басталған. Сабыт
киіз үйдің есігін аштырып қойды.
Шерім іргеде сүйеулі тұрған домбыраны сұратпай-ақ қолына алып
күмбірлете шерткен. Үй ішіне маржан моншақ төгілгендей болды.
Бірнеше күйдің басын шалып өтіп, бір ерекше əннің желдірмесіне
салған. Əжігерей күйге ұқсас сыпыра қара шертістің арасынан еміс-
еміс “Көкаршынның” сарынын шалып қалып отырды.
Шерім басын əнтек шалқайтып асау əнге басқан. Сол екен.
“Көкаршын” екен. Қайырмасына келгенде əдетінше дауысын
шапшытып күннің астына апарды.
Əн болмас “Көкаршындай ” қайда барса


Əн біле-е-е-ем деген адам шынын айтса Үрида-дай-де-е-ем
Үрида-а-дайды-ым
Үрида-а-а-дайде-е-ем-ай.
Шерім шертіп-шертіп, екінші шумаққа түскен.
“Көкаршын ” көңіліме қонған əнім
Сүйеді сүлу əнді менің жаным.
Айқайлап аспандатып жүз құбылсам
Кетеда-а-ай, бойым балқып, қызып қаным.
Кенет көктен сорғалаған əн, Ахметжан атасының өкініш пен
қамырыққа толы өміріндей болып елестеп кетті. Иə, құйқылжыған
ерке мінезді əн, бірақ астарында шексіз қайғы жатыр. Көгаршындай
көкке самғауды аңсаған көкіректен, еркіндікті өмір бойы армандап
өткен жүректен ғана шығар еді бұл əн. Домбыраны бытырлата шертіп
арындап келіп тоқтаған Шерім, əннің екпінінен əлі арыла алмай
алқынып отыр.
— Қайран Ақаң, осы “Көкаршынды” жақсы көруші еді ғой, — деді
сəлден соң демін алып. Домбыра күңірене күрсінген. Артынша
тоқтаусыз екінші əн кетті. Көңілдің хошы “Алқоңыр”.
Еркем-ау, дəнекерсің айнадағы
Шашақсың жалаулатқан найзадағы
Шадыман-дəулет ескі өмірдің елесі қайтып келіп жұпыны киіз үй,
шағын дастарханның басында отырған, ортасынан кеткен аяулысын
жоқтаған осы төрт адамның басына орнағандай. Күлбағила ел-сел
болып аққан көзінің жасын жаулығының ұшымен сүртіп отыр.
Əжігерейдің жүрегінде əлдебір аянышқа ұқсас сезім оянды.
Əн аяқталды. Шерім домбыраны алдына көлденең тастап анда-санда
күрсініп қойып үнсіз қалды.
Сабыт қолын созды.


— Əкелші домбыраны.
Бұрауын сəл түзеп жіберіп ішекті қағып қалғанда домбырадан
қобыздың үні шыққандай болды. Содан соң Тəттімбеттің кемел күйі
бірінен кейін бірі ақтарылған. Əжігерей атасына қорқақтай көз
тастады. Сабыттың жүзі сəл қуарыңқы. Ернін қатты жымқырып,
домбыраның мойнын шықшытына тақай тік ұстап күңірене тербеліп
отыр. Осылайша қанша шертсе де, от-өзен сарқырап қанша ақса да
санамен сіміріп отыра беруге болатындай.
Сабыт домбыраны қабырғаға сүйеді. Шерім алдында тұрған кесе толы
арақты қолына алып, шайқап аз отырды да кенет шөлдеп кеткендей,
ішінен тұтанып бүкіл денесіне жайылған өртті өшірмекке ниеттенген
адамдай басына бір-ақ көтерген. Сабыт та өз кесесін алып орталай
ішті.
— Шай алыңдар, — деді Күлбағила. Табақ толы етті Шерімге қарай
жылжытты, — Шерім, ет же.
— Рахмет, Күлбағила, — Шерім домбыраны қолына алып риза кейіпте
шанағын сипап, Сабытқа қайырып берді, — Саба, “Жұмағұлды”
шертші. Шертпегеніңе қанша жыл болды.
Сабыт тынымсыз сорғалаған жауынға көзін қадап ар жағынан біреудің
келетінін күткендей үнсіз отыр. Домбыраның құлағын ақырындап
бұрап теріс бұрауға түсірді.
— Баяғыда Жұмағұл деген бір шебер болыпты. Қолынан келмейтіні
жоқ, ағаштан түйін түйіп, темірді қамырдай илейді екен. Сол
Жұмағұл күндердің күнінде ағаштан ат жасапты. Ол жасаған аты
кəдімгі жылқы сияқты от оттап су ішеді екен. Бір жайылғаны қырық
күнге азық екен. Ол аттың кереметі құс сияқты ұшады екен. Жұмағұл
түнделетіп ұшып талай жерді аралап таң ата қайтып келеді екен. Ел
ішінде əңгіме жата ма. Бір күні даңқы ақ патшаға жетіпті. Ақ патша ол
ат менің ғана тақымыма лайық, шеберді атымен қосып осында алып
келіңдер деп əскер шығарыпты. Міне, мынау сол аттың көкті шарлап
ұшқаны екен дейді.
Əжігерей бұрын мүлдем естімеген күй. Сілтеме қағысы “Көкбалаққа”
ұқсайды. Бірақ əуені мүлдем басқа. Сайын даланың үстіне


төңкерілген көккүмбез аспан... Осы аспанның төрінде жалғыз ноқат
— ағаш атқа мінген Жұмағұл ұшып келеді. Бір қағыстан екі ырғақ,
кейде үш ырғақ шығады. Əр ырғақ қобыздың үніндей азынап, ұзарып,
басқа əуенге ұласып, сансыз құбылып кете береді. Атасы ешқашан
бұлай тартпаған. Күй солықтап барып төртқағыспен аяқталды.
— Ой, пəлі, — деді Шерім демін ауыр алып.
— Ал енді əскер келе жатыр екен дейді, — Сабыт қолының
тегеурініне шыдамай жылжып кеткен пернелерді орнына қойып,
бұрауды болмашы ғана қатайтты. Бұл жолы салтанатты күй шертілді.
Жер қайысқан əскер, қаруы күнге шағылысып, кең даланы дүрліктіріп
шеру тартып келеді. Ауыр қолдың гүрс-гүрс еткізіп бір адамдай аяқ
басқаны... жүрекке емес, зырқылдап шекеге тиетіндей. Сабыттың
даусы алыстан талықсып жетті.
— Сонымен ел ішіне келді. Жұмағұлдың үй ішін қамады. Əкесіне
балаң қайда деді. Балам ағаш атқа мініп ұшып кетті деді əкесі.
Осылайша көп əскер, əр шидің түбін күзетіп неше күн аңдыды. Ақыры
Жұмағұлдың азығы таусылып жерге түсті. Осы кезде күтіп тұрған көп
кəпір бас салып ұстап алды. Енді ақ патшаның алдына апаратын
болды. Сонда Жұмағұл əскербасыға айтты. Сен шын ер, шын сақи
болсаң, маған үй ішіммен, ағайын-туғанмен қоштасуға мұрсат бер
деді. Əскербасы рұхсат деді. Мынау сол Жұмағұлдың үй ішімен
қоштасқаны дейді. Əуелі əйелі Жұмабикемен бақұлдасыпты.
Сабыт саусақтың ұшымен ғана іліп-шертіп бір жаңа күй бастады. Екі
ішек алма-кезек бір-бірімен үн қатысты. Артынша төменгі буынға
түсіп арылмас қамрық шеккен. Қайғы тереңге бойлап, бір сейіліп,
қайта қаптап бойды талдырды. Соңына қарай жетім пернеге қайтып
келіп ыңылдап, үстіңгі ішекпен қағысып, бір-бірін жұбатқан екі əн
сызылып тұрып алды. Қайғылы күйдің асқына келе ақырында диюға
айналып, домбырадан бөлініп, өзінше жеке тіршілік құратынын
бірінші рет көрді. Домбырамен шертпесе де, жаныңның терең
түкпірінен, жеті қақпа бір сəтте ашылғанда, өз өзінен көтеріліп,
қалқып шығады екен.
Сабыттың даусы тағы да талығып жеткен.


— Енді төсек тартып жатқан шешесі аңырап орнынан көтеріліпті.
Мынау сол Жұмағұлдың шешесінің жылағаны дейді.
Домбырамен шертілген демесең, қобызбен тартылған Айрауықтың
ащы күйіндей. Əр буынның арасында өртене сөйлеген сөзге ұқсас,
əдейі бейберекет қағыспен тартылатын, бірақ адамның жанын қыл
бұрауға салып қинайтын қамрықты жалғамасы бар.
Аздан соң күй, енді күй емес, домбыраның бетінен төгілген жалын-
құспаға айналды. Əр дыбыс сананы от сияқты шырқыратып қарып,
күйдіріп өтіп жатыр.
Домбыраның үні өшкенде екі шекесінен əлдебір құрсау алынғандай
жеңілейе күрсінді. Шерім атасының тəкаппар басы салбырап жерге
жетіпті. Сабыт күрсініп домбырасын іргеге сүйеді.
Шерім селт етіп Сабытқа қараған.
— Саба, аяғында Жұмағұлды əскердің айдап əкетіп бара жатқаны
болушы еді ғой.
Сабыт мүдіріп барып жауап қайтарған.
— Оның енді... керегі жоқ. Көп тартпаушы едім. Қай-қайдағым оянды.
Енді қолым да бармас...
Соңғы күйден кейін ешкім домбыраға қол созбады. Кеш бойы басқа
көр-жер əңгіме айтылды. Сабыт та, Шерім де қайғылы əңгімеден
тайсақтап əр сөзін екшеп сөйлеген.
Түннің бір уағында барлығы далаға шықты. Жауынның басылатын түрі
көрінбейді, тас қараңғыны осқылап əлі жауып тұр.
Шерім, жаңбырға бетін тосты.
— А, дүние! — деді содан соң. — Баяғыда, Саба, есіңде ме, осындай
бір тамаша мəжілістен кейін далаға шықтық қой. Онда да осылай
жып-жылы жаңбыр жауып тұрды. Өзеннің жағасында алтыбақан
болған.


— Өлімге кім қарсы келеді. Жаны жаннатта болсын Ақаңның. —
Шерім баяу басып қақпаға беттеді.
— Саба, өзің де біздікіне келіп тұрсайшы, — деген одан кейін артына
бұрылып.
Сабыт жарайды дегендей басын изеді.
Бірнеше күннен кейін атасы Əжігерейді жанына шақырып алып
домбыра шерткізіп, ұйып тыңдады.
— Есінде болсын, Байжігіт көне күйші. Оның қағысы қорғасындай
ауыр, — деді бір түрлі шаршаңқы дауыспен, кезекті күй шертіліп
болғаннан кейін, — Ал Тəттімбет өрттей қаулаған қара шертіс. Кейде
бір бұрма екінші бұрмаға, бір дыбысы екінші дыбысқа мінгесіп те
кетуі мүмкін. Асығып, аптығып айтқан сөз сияқты.
Əжігерей қозғалақтап қалды.
— Мен сенің өнерің кем деп отырғам жоқ. Қазіргі өрең артық та емес,
кем де емес, өз жасыңа лайық.
Сабыт домбыраны қолына алды да, теріс бұрауға түсіріп шертіп-
шертіп қалды.
— Өткенде Шерім атаң сұраған күй бар ғой...
— Жұмағұлды əскердің айдап алып кетіп бара жатқаны ғой, — деді
Əжігерей, — Тартпай қойдың ғой.
— Енді тартып берейін. — Сабыт пернелерді жылжытып теріс бұрауға
лайықтап қойды, — Аяқталмаған сөз жаман. Бұны біреулер
Жұмағұлдың кісенге түскені, біреулер орыстың жауын қамап,
мақтанып қайтып бара жатқандағы салтанатты күйі деп тартады.
Сабыттың саусақтары ішек бойлап, секіріп ойнақтап кетті. Даңғыра-
дабыл қағып, сырнайлатып-кернейлетіп кетіп бара жатқан қалың қол.
Қайтадан дүрс-дүрс əскердің жүрісі. Өткенде шертілген күйдегідей.
Ырғақ сол, əуен басқа. Жаудың жеңісін де осындай риясыз айтып
беруге болады екен ғой.


— Міне, осы, — деді Сабыт, — Енді бір күй бар. Жұмағұлдың құмай
тазысы бар екен. Сол тазы иесінің артынан қуалап, жылап, көпке
дейін қалмай қойыпты. Бұл күй кейін “Көктөбет” деп аталып, бөлек
күй болып тартылып халық арасына тарап кетті. Есіңде болсын, бұл
— “Жұмағұлдың” соңғы тармағы.
Текіректеп, иесін қимай еріп келе жатқан құмайдың зары, о керемет,
алдыңғы күйлерден еш кем емес. Бұл не сана, деді қамрықтың
қалыңына кіріп, елжіреп отырған Əжігерей.
— Депті, — Сабыт домбыраның ішегін соңғы рет қағып ауыр дем
алды.
— Содан кейін, — деді Əжігерей.
— Содан кейін не болушы еді. Жұмағұлды ақ патшаның алдына алып
келді. Ақ патша айтты, атыңды маған бер, өзіңе пəленбай рубль берем,
маған қызметші бол деп. Жұмағұл айтты, саған қызметші бола
алмаймын, өлтірсең осы жерде өлтір деп. Ер екен, басын тікесінен тік
тұрып кестірді. Ақ патшаның темірден соққан сарайы бар екен.
Жұмағұлды сол сарайға апарып тастады. Ағаш ат иесін іздеп, ақыры
патшаның сарайынан тапты. Содан, күнде терезеден ұшып кіріп,
Жұмағұлдың кеудесіне басын қойып сағынып тұрды. Бұны күзеттегі
адамдар байқап, патшаға айтып барды. Патша еденге желім төгіп
қойыңдар, ағаш атты қайткенде ұстап мінейік деді. Айтылды,
орындалды. Ағаш ат тағы да ұшып келіп, тағы иесін иіскеп тұрғанда,
тасада жасырынған патшаның жасауылдары лап қойып ұстап алмақ
болды. Сонда ағаш ат тізгініне жармасқан жандайшаптарды бір-бір
шайнап өлтірді. Ары-бері жұлқынып еді табаны желімделіп қалған,
қозғалтпады. Сонда ағаш ат қанатын қағып жұлқынғанда темір сарай
быт-шыт болды. Аспанға самғап ұшып кетті. Сол ағаш ат аспанда,
Жұмағұл қашан тіріледі деп əлі ұшып жүр деседі.
Кенет Əжігерейдің көкірегінде сырт етіп бір қақпақ ашылғандай
болды. Ағаш ат жасаған ұстаның аянышты тағдыры... басқа бір
тағдырды, кеше ғана көз жұмған дархан атасының тағдырын
елестеткен.
— Ахметжан атам сол Жұмағұл ғой, — деді даусы дір етіп.


— Дұрыс айтасың, — деді Сабыт, — Ахметжан сол Жұмағұл. Ақ
патша оның алмаған нəрсесін қалдырмады. Тілін кесті. Өнерін кесті.
Ақырында қабырғасын сөгіп жүрегін суырды.
— Ал ағаш ат ше? Ағаш ат не болғаны?
— Ағаш ат Ахметжан атаңның ешкімге бұйырмай, ешкімге қонбай
кеткен ғажайып өнері. Өзімен бірге кеткен өнері.
Түнде түс көрді. Əлдебір күңгірт, үлкен бөлме екен дейді. Ауа
қапырық. Барлық жерден Ажалдың лебі сезіледі. Бөлменің қай
бұрышына барсаң да алдыңнан үсті-басы топырақ, тəнінің əр жерінен
шіріген өсімдіктің сабағы салбыраған өліктер үнсіз көтеріліп,
опырайған аузымен зəреңді ұшыра күлімсіреп бетіңе қарайды. Бір
сұмдық мағына... тілмен де айтылмайтын, оймен де жеткізілмейтін,
дүние дүние болғаннан бұрын айтылған, ешқашан ұмытылмаған,
сұлбасы санадан кетпеген, мəңгі көлеңке болып тұра беретін сұмдық
мағына... Бөлменің ішінде үюлі жатқан ескі мүліктің əрқайсысы тек
қана ажалдың атын айтатындай... тек ажалмен ғана демалатындай.
Қаптаған елес, еш назар аудармай жаныңнан өте береді. Осы назар
аудармайтындығымен қорқынышты. Міне, осы ажал мекенінің қақ
ортасында басы шабылған бір дене жатыр. Сарқырап аққан қан
қобырап жатқан көрпе-жастыққа сіңген. Шөліркеген мата қанды
мейірі қана ішіп, көктемгі көгалдай жайнап жатыр. Жастықтың
жанында қап-қара табақшада шабылған бас тұр. Үнсіз. Шөл далада
өскен жалғыз тал гүл сияқты мағынасыз. Анда-санда көзін мағынасыз
ашып-жұмады. Мылқау бас көзін тағы бір ашқанда таныған.
Ахметжан! Кенет бас тұрған орнынан домалап, тілін шығарып, бұны
мазақтағандай əн салды. Əн... осы бөлмедегі барлық мүлік, барлық
елес салған ажалдың əні. Қорыққан жоқ. Жүректі шексіз мұң, арылмас
өкініш қана билеген. Ахметжан атасы... бақиға кетті. Ол енді ешқашан
қайтпайды. Əлі талай көктем келер. Бірақ ол көктемнің жұпары
дархан атасын оята алмайды. Оны енді ешбір көктем тірілте алмайды.
* * *
Бір жылы ақпанның аяғы мен наурыздың басында қалың қар жауып,
даланың үстінде бірнеше күн бойы ақ боран тербеліп тұрып алған.
Есіктің алдындағы жолда бір машина белшесіне дейін қарға батып,


шопыры күні бойы əуреленіп шыға алмай қойды. Машинаның ішінде
отырған қария күте-күте шаршаса керек, ақыры жерге түсіп, бұлардың
үйіне бет алды. Əжігерей қар күреп шаршап, аулада демалып отырған.
— Балам, — деді қария қоршаудың ар жағынан. — Бұл кімнің үйі?
— Сабыттың үйі.
— Ə, қазақтың үйі екен ғой. Кіріп жылынуға болатын шығар.
— Келіңіз, ата, — Əжігерей қақпаны ашып, қарияны өткізіп жіберді.
Қалың күпі, түсі оңып кеткен көне түлкі тымақ, аяғына саптама киген
қария аулада қарын қағынып, қақырынып-түкірініп болғанша
кəдімгідей уақыт өтті. Əжігерей шыдай алмай күліп жіберген.
— Е, мен сияқты шал болғанда көресің əлі, — деді қария жымиып.
— Үйге кіріңіз, — деді Əжігерей есікті ашып.
Қария табалдырықтан аттады.
— Ал, бəйбіше, құдайы қонақпыз.
Ауыз үйде келі түйіп бидай түктеп жатқан Күлбағила, қапелімде кіріп
келген қонақтан қысылып қалып, жаулығының астынан қобыраған
шашын жинап қалбалақтап қалды.
— Келіңіз, келіңіз. Төрлетіңіз.
Қария ортаңғы бөлменің есігін ашты.
— Ассалаумағалəйкөөм!
— Əліксалам, — Сабыт орнынан тұрып қарияға қолын берді. —
Амансыз ба.
Қария асықпай үстіндегі қабат-қабат киімін, кішігірім отаудай
тымағын шешіп, ілгекке іліп төрге озған.
— Баршатастың ар жағындағы Арқарлыдан келе жатыр едік, - деді
жайғасып болғаннан кейін, — Мынау бораны түскір адымымызды
аштырмай қойды. Нансаңыз айтайын, шыққанымызға үш күн болды.


Аякөзге жете алатын түріміз жоқ. Кеше Көкталға қондық. Ойпырай,
наурызда да осындай боран болады екен-ау.
— Биыл доңыз жылы ғой, — деді Сабыт. Ауыз үйге қарап қатты
дауыстаған, — Күлбағила, шайыңды даярла. Қонақтың қарны ашып,
тоңып келіпті.
— Ал, бай-еке, бүгін енді осында қонамыз, — деді қария алдыға шай
келгенде. — Баратын жеріміз жоқ.
— Үй өзіңіздікі, — деді Сабыт. — Қалағаныңызша жатыңыз.
Осы кезде есікті жасқана ашып шопыр жігіт кірген.
— Бұл бала да менімен, — деді қария.
— Кел, қарағым, төрлет, — Сабыт сəл ығысыңқырап отырды. — Қалай
əуреленгендеріңізді кіріп-шығып көріп жүрдім. Мынадай қарда жол
жүргеннен сақта Құдай.
Қария əбден шөлдеген екен. Ащы шайды ішкен сайын жаны кіріп,
күңірене күрсініп қояды.
— Есіміңіз кім болады, қай туғансыз, айта отырыңыз, — деді Сабыт.
— Есімім Сəруəр, — деді қария сиреп қалған тістерін көрсете күліп.
— Сыбан деген елміз. Арқарлыда бір балам тұрушы еді. Соның үйінен
қонақтап келе жатырмыз.
Əбден шаршаған қонақтар шөлдері қанып, ар жақтарына ел қонғаннан
кейін төрдің алдына сұлап-сұлап ұйқтап кеткен. Жуанның
жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген шағы. Қыс болмай сойылған
соғымның азғантай еті баяғыда таусылған. Күлбағила түктеліп
жаншылған бидайды жақсылап пісіріп, қою сүт қатып бір тегене
көжені үстелдің жанына қойды.
— Ана кісілерді оятып, қолдарына су құйып жібер.
Əжігерей иығына орамал асып, жез құман мен легенді алып қарияның
жанына келді. Күректей күміс сақалы демінен желбіреп, қалың
ұйқыда жатқан қария ояна қоймады.


— А... о не балам? — деген бір көзін əзер ашып.
— Тамақ ішеміз, — деді Əжігерей.
Қария ыңқылдап-гүрсілдеп орнынан қинала тұрды. Содан соң малдас
құра отырып, алдына тартылған легеннің үстіне қолын баппен
шылады, қалтасынан алған бəкісінің шаппасын ашып жақсылап жуды.
Күлбағила сасып қалған. Сабыт қынжылып ернін тістеген. Қария
алдына келген көже толы шараға қарап аңтарылып сəл отырды да,
бəкісін лып еткізіп қалтасына тыға салды.
Тамақ ішіліп бола бергенде Сабыт орнынан тұрды.
— Ал, қария, сіз демала беріңіз, шаруа жайы... Жүр, Əжікен, малды
қамап келейік.
Атасы екеуі сыртқа шықты.
— Қап, ұят болды-ау, — деді Сабыт күйініп, — Əй, ит кедейлік-ай!
Желкесін қасып ойланып қалды.
— Жүр, кеттік, — деді одан кейін дүр сілкініп, — Шерім атаңның
үйіне барайық. Бір амалы болар.
Шерім мал жайғап жүр екен.
— Кештетіп неғып жүрсіңдер? — деген амандық-саулық сұрасқаннан
соң, — Жүріңдер, үйге.
— Шаруа былай, Шерім, — деді Сабыт үйге кіріп жайғасып болған
соң. — Бізге бір қой керек.
Шерім кеңкілдей күлді.
— Ойпырай, не боп қалды, Саба? Келін түсірейін деп жатқан жоқсың
ба?
— Жоқ. Аяқ астынан қонақ келіп қалды. Ыңғайлы мал да жоқ. Ылғи
арық-тұрақ, көтерем.
— Əй, өзіңнің де тісің қышыған ғой, — деді Шерім.


Сырттан қолында шелегі бар Келбет кірді.
— Апырау, Саба, мақтап жүреді екенсіз...
— Ештеңеге əуре болма, Келбет. Асығыспыз. Бір қой сұрап келіп
отырмын, — Сабыт Шерімге қарады.
— Ой, Саба, табылады ғой, сенен немді аяйын. Тек тамақ ішіп
кеткенде болатын еді, — Шерім орнынан тұрды. — Байлап отырған
қойлар бар.
Үшеуі қораға кірді. Шерім қолындағы “жарқанат” шамды түп жаққа
нұсқаған.
— Əжікен, анау ақ ауыз қоңыр қойды көрдің бе? Соны ұста. Байқа,
асаулау.
Сəлден соң тайдай тулаған қойды мойнынан арқандап, жіпті Сабытқа
ұстатты.
— Мə, байлап отырған үш қойдың ең семізі. Аузыңның салымы бар
екен, саған бұйырды.
— Күзде қайтарам, — деді Сабыт.
— Қайтармай-ақ қой, — деді Шерім, — Тек өз қолыңмен бір жақсы
домбыра шауып берсең болды.
— Е, домбыра қолдан келеді ғой, — Сабыт қойдың артқы аяғын
арқанмен шалып алып есікке қарай сүйрей жөнелді.
— Ал, Əжікен, енді айрылып қалмай абыроймен үйімізге жетейік.
Ортаңғы бөлменің есігі ашылып қойдың басы көрінгенде қонақ қария
сасқалақтап қолын сермеген.
— Ойбай, əуре болма, қарағым. Соймай-ақ қой, керегі жоқ. Мен
тойып отырмын. Керегі жоқ, керегі жоқ.
Сабыт “керегі жоқты” тыңдаған жоқ. Аузын бір сипап қойды
жайратып тастады. Аздан соң қазанға ет салынды. Сүт пісірімнен


кейін қойдың жылы-жұмсағынан қуырылған қаражігер қуырдақ та
алдыға келген.
— Апырай, ет дегенде бет бар ма, — деді қария қуырдақты қарбыта
асап. Жанындағы тартыншақ шопырға табақты сəл жылжытты, —
Жесейші былай еркек құсап, енеңді ұрайын. Əй, баяғының қазағындай
қайда. Тамақтың дастарханнан қайтуы деген болмаушы еді. Бүгінгі
балалар шымшып, тауық сияқты шоқып жейді. Қалай адам болады,
білмеймін. Анаңды Мысырға екі рет жаяу арқалап барсаң, аналық
парызы қайтады дейді ғой. Баяғыда бір бала шешемнің сүтін өтеймін
деп кəрі кемпірді арқасына салып алып Мысырға кетіп бара жатыпты.
Қарсы бір шал жолығып, бəйбіше, қайда бара жатырсыз деп сұрайды.
Мына балам, аналық парызымды өтеймін деп Мысырға арқалап апара
жатыр депті кемпір. Жаңағы шал, ай, бəйбіше-ай, сіз де ерігеді
екенсіз, Мысырға барып қаңғырғанша, бір шалды тауып алып, бас
қосып, үйіңде тыныш жатпайсың ба дейді. Сонда, əлгі кемпір, и,
Құдай-ай, балалар соны қайдан біледі дейсің депті ғой. Сол құсап,
бағанадан бері, бізді де ет же деп күштейтін адам табылмапты ғой.
Үй іші қыран-топан күлкіге батты.
Қуырдаққа тойып, шай ішіп мейірі қанған қария дастарханнан
ығысыңқырап отырды. Қолының майын асықпай сүртіп, риза кейіпте
жан-жағына қаранған. Терезенің тұсында ілулі тұрған домбыраға көзі
түсті.
— Қарағым, анау домбыраны бере салшы, — деді Əжігерейге.
Əжігерей домбыраны алып бергенше, қария пенжегін шешіп, қызыл
помази көйлегінің жеңін түріп те үлгерді.
Сабыт қонағына ықыластана қараған.
— Қария, домбыра шертетін өнеріңіз бар ма еді?
— Аз-маз.
Домбыра алғаш күмбір еткенде Əжігерейдің жүрегі лүпілдеп кеткен.
Жартасқа толқын ұрғандай дыбыс. Шын домбырашы ғана осылай қаға
алады.


— А, дүние-ай, — деді қария сəл ойланып, — Баяғыда көкжал Барақ
деген болған. Өзі қанжығасының қаны кеппейтін ер. Күндердің
күнінде орысқа бағынбаймын, шүршітке бас имеймін деп елін Арқаға
көшіріп əкеліп, осы жерді жайлапты дейді. Сонда, бір күні
жақсылармен мəжіліс құрып отырғанда бір орыс мүскін келіп, есік
жақта тұрды дейді. Барақ, мынау не деген түрі жаман адам деп
сескеніп қалыпты. Сөйтсе, əлгі орыс таяғының ұшынан Барақтың
галошына у құйып кетіпті. Содан Барақ уланып ауырып, ақыры өлді
дейді. Сонда өлерінде, а, шіркін, елімді жеткізе алмай кеттім,
арманым сол деп тартқан “Арман” деген күйі екен.
Қария домбыраның шанағын сілкіп қалғандай болды. Сол қолының
саусақтары перне бойлап, қаздаңдай жөнелген. Адамның жанын
қамрыққа салатын, сол қамрықпен жаныңды сауықтыратын шерменде
күй. Сабыт сəл шалқайыңқырап тыңдаған. Бейсауат келіп, жүйрік
шыққан қонақтың өнеріне таңданыс пен сүйсініс... шерлі күйге иілген
көңіл... жүзінен бəрі сайрап көрініп тұр.
Назалана, қайғыра сөйлеген домбыра, аяғына қарай аққудай
сұңқылдап, айтқыш əдетін тапты. Күйші күркіретіп келіп, үйреншікті
үшқағыс, төртқағыстарсыз-ақ шорт кесіп аяқтаған. Сабыт демін ауыр
алды.
— Пах, пах! Күйші екенсіз! Домбыра қалай-қалай сөйлеп кетті! —
Əжігерейге риза кейіпте қараған. Содан соң ауыз үйге қарата дауыстай
сөйледі — Күлбағила, а Күлбағила!
Есік ашылып, қолында сүзгі темірі бар Күлбағила көрінді.
— Шерімді келтір осында, — деді Сабыт — Көршінің балаларын
жұмсап жібер. Күйші келді. Тез жетсін деп айт.
— Ол кім еді? — Қария домбыраны қайтадан күйлей бастады.
— Сондай адам. Əн десе, күй десе ішкен асын жерге қояды. Сіздей
өнерліні көріп қалсын дегенім ғой. Арманда кетіп жүрер.
— Ə, олай болса, əңгіменің мəйегін қоя тұрайық. Шақыртқан адамың
келсін, — Сəруəр қария домбыраны алдына көлденең қойды.


— Əжікен, шай əкел атаңа, — деді Сабыт қалбалақтап. – Шай алыңыз.
— Апырай, бұрын-соңды сіздей адамды көрмеппін, — деген одан
кейін жайғасыңқырап отырып жатып. — Сіздей адамның үйіме қонақ
болғаны Құдайдың бергені ғой.
Ата қуалаған, жөн сұрасқан əңгіменің үстіне Шерім де жеткен.
Қарияның алдына тізерлей тұрып қолын қос қолымен қысып
сəлемдесті.
— Амансың ба, қарағым,— деді Сəруəр, — Дүйім ел болып тосып
отырмыз өзіңді.
— Келдік.
Сəруəр домбыраны теріс бұрауға түсірді.
— Баяғыда, мына керейдің ішінде Сары Нияз төре деген болған,
естулерің бар шығар. Асқан домбырашы екен. Шыңғожа батырдың
інісі Азаматқожа деген, ол да батыр. Ол кезде ел ішінде барымта-
қарымта көп. Бір күні Азаматқожа Сары Нияздың жылқысын шауып,
дүрілдетіп айдап бара жатады да, қой, төренің ауылына соғып,
айтатынымды айтып кетейін деп, Сары Нияздың ауылына ат басын
бұрады. Келсе, төре жоқ. Сұлу тоқалы бар екен. Сабадан қымыз құйып
береді. Қымызды ішіп, керегеде ілулі тұрған домбыраны алады да бір
күйді шертіп, қайтадан орнына қояды. Дейді де аттанып кетеді.
Ертеңіне жол жүріп келген Сары Нияз домбырасын қолына алса, əлгі
домбыра əлі дүрлігіп, сөйлеп тұр дейді. Сонда Сары Нияз, ə,
Азаматқожа жылқымды шапқан екен ғой, мына домбыра соны айтып
тұр деді. Міне, сол домбыраның айтқаны дейді.
Сəруəр ішекті қағып-қағып жіберді. Күй бірден төменгі сағаның
басынан түсті. Шамырқанған ащы, барған сайын төмен бойлаған
күйден өз күшіне мастанған ердің сойы танылғандай. Күйші үш рет
қайырды. Əдетінше шорт кесіп, бір ғана артық қағыспен аяқтаған.
— Бəрекелде-е, — деді Сабыт алақанымен өзінің тізесін салып қалып,
— Сөз-ақ қой, шіркін.


— Бұл Сары Нияздан өзіміздің Бəжең, Байжігіт күй үйреніпті, —
Сəруəр домбыраның бұрауын сəл түзетті, — Енді Байжігіттің
“Алмажай” деген күйін тартып берейін. Алмажай – Абылайдың
жүйрік аты екен. Бірде, сол Алмажаймен шауып келе жатып,
мақтанып айтты дейді, менің Алмажайымдай ат бар ма. Осы атымның
шабысын айтып берген күйшіге ат басындай алтын жамбы тігем деп.
Міне, мынау сол Алмайжайдың шабысы екен.
Бүкіл дала шыркөбелек айналып Алмажайдың тұяғының астына түсті.
Қанша шапсаң да шетіне жете алмайтын сахара... Сол сахараның, сол
кең дүниенің шетіне жетсем деп аңсап шапқан, талмай шапқан жүйрік
Алмажай...
Күй шертіліп болды. Сəруəр домбырадан қол айырмаған күйі алдында
тұрған, баяғыда суып қалған шайдан бір ұрттап кесені үстел үстіне
қойды. Шерім кесені қағып алып Күлбағилаға ұсынған.
— Күлеке, шай.
— Ал енді Бəжеңнен Қуандық деген шəкірт қалған. Ел ішінде
Қызылмойын Қуандық дейді екен. Қуандықтан Кенжебай мен
өзіміздің Тəттімбет күй үйреніпті. Заманында Байжігіттей күйші
болмаған деседі.
Сəруəр алдына келтірілген ыстық шайдан бір ұрттап сəл дамылдады.
— Абылайдың өзі де домбырашы болған ғой, — деді Шерім.
— Иə, соны айтайын деп отырмын, — Сəруəр домбыраны қайтадан
қолына алды, — Қалмақты бөріктіріп, күнінде неше шауып жүргенде
шығарған күйі дейді. Баяғыда əкем жарықтық бұны Абылайдың
“Шайқалмасы” деп тартушы еді.
Сəруəрдың оң қолы домбыраның бетіне мысықтабандап жатып қалды.
Əр дыбыс шарт-шарт етіп мылтықтың оғындай атылып шығып жатыр.
Сылқым, кінəмшіл, мақтаншақтау күй. Қалмақтың ескі күйлеріне
ұқсайды.
— Ал ендігі күй “Қалмақтың биі” деп аталады. Бағана айттық қой,
Байжігіттің ұстазы Сары Нияз төре деп. Енді Сары Нияздың кімнен


үйренгенін айтайын. Жас кезінде Шал Қазақ деген күйшіден сабақ
алыпты. Сол Шал Қазақтың хикаясын айтайын. Өзі батыр адам
болыпты. Бір күні қалмақша киініп, жауға таман барады. Қалмақтың
қосына келсе, жалғыз бала жылқыны бағып жатыр дейді. Түн болады.
Шал Қазақ қалмақтың баласын бауыздап өлтіріп, түн ішінде жылқыны
айдап жөнеледі. Ол кезде адамдар істеген ісін айтып кетеді дейді.
Жолда жылқыны тоқтатып қойып, қалмақтың ауылына барады. Үлкен
жиын болып жатыр екен. Отыра қалып, домбыраны шертіп-шертіп
жіберіп, болған жайды күймен айтқан дейді. Сол жерде отырған бір
қалмақ шал “баланы мына қасық өлтірді” депті. Қалмақтар қазақты
қасық деген. Шал Қазақты жығып, қол-аяғын байлап шалып жіберіпті.
Сонда, тамам қалмақ баланы жоқтап, иықтарына қолдарын артысып,
күйініп билеп кеткен екен дейді.
Əжігерей күйді тыңдап отырып таңқалды. Бала жасынан сөздің сыры
мағынасында емес — əуезінде екенін білетін. Оған өзінің көргені куə.
Содан соң күйге шомғанда о, керемет, мұнда да сол сипатты көрді.
Күйдің əуені емес, күмбірі қымбат екенін сұңғыла көңілмен таныған.
Енді қонақ күйшінің саусағынан төгілген күй, бұның жеткен
байламына үстеме дəлел болып отыр. Бір қарағанда қалмақтың
көңілді əуені сияқты. Алайда, домбырашы шалдың саусақтары ескі
əдетпен қашаған пернелерді сипап өткенде немесе екі перненің
ортасынан түсіп, келесі пернеге сырғанай жетіп, қобыздың үніне
ұқсас дыбыс шығарып, керіліп, толғанып тұрып қалғанда көңілді
əуеннің астарындағы сұмдық сыр жалт етіп көрініп қалады. Қайғының
сақырлаған қазаны, бір сəт қақпағы ашылғандай, ішіндегі арылмас
қасіреттің бір тамшысы шапшып, отқа шыж етіп төгілгендей. Ойын
мен күлкі, би менен əн қасіреттің кіреукесі екен! Бəрі де айта білуде
екен!
Сəруəр күйді шертіп болып, шаршаған адамдай, домбыраны алдына
көлденең тастап, қабырғаға сүйене отырды. Шерім іргедегі қалың
бөстекті қарияның арқасына тықпалады.
— Мынаны төсеңіз. Суық тиіп қалады.
— Рахмет, қарағым, — Сəруəр аяғын рахаттана созды, — Мынау əбден
бабындағы домбыра екен. Перне байлауына қарағанда осы үйдің


адамы да домбырашы-ау.
Сабыт күлді. Сəруəр домбыраны Сабытқа ұсынды.
— Ал, енді, мен шерте бермейін. Ауылдың алты ауызы деген болушы
еді ғой.
Сабыт жөткірініп күліп, домбыраны қайтарды.
— Бүгін түн өзіңізді ғана тыңдасақ деп едік, қария.
— Жақсы, сəл демалып алайық. Қолым шаршап қалыпты
— Кемпір, шайыңды жылытып жібер, — деді Сабыт.
Қып-қызыл қидың шоғы əкелінді. Қарияның алдына ыстық шай
қойылды.
— Апырай-ай, қартайғандікі-ау, — деді Сəруəр кесені қолына алып
жатып, — Баяғыда, жас кезімізде алты ай жаз тартқанда шаршамаушы
едік. Жаңадан бір күй үйренсек, соны тамашалап айлап тартып
жүруші едік. Жалықпаушы едік.
Бірнеше шыны шайды жөппелдеме ішті. Өзіне қарап тапжылмай
отырған бес адамға жағалай көз тастап өтті.
— Біздің мынау бүгінгі кəнсертіміз қызық болды ғой, — деді
жымиып, — Үш күн жол жүреміз, Айғызда қар кешіп қаламыз деп кім
ойлаған.
— Шертіңіз қария, шертіңіз, — деді Сабыт — Сіздей адам келе
бермейді. Ештеңеге алаң болмаңыз.
Сəруəр домбыраны қайтадан қолына алды.
— Ертеде бір барымташы болыпты. Күндердің күнінде тау жебелеп
жортып келе жатып, кеш батып кетсе керек, айдалада тұрған бір
молаға түнепті. Əкетіп бара жатқан ештеңесі жоқ, ауыз үйі, төр үйі
бар мола екен. Ерін басына, тоқымын астына төсеп жата кетіпті.
Содан түн ішінде дабыр-дұбыр дыбыстан оянады. Қараса, бейіттің қақ
ортасында от жанып тұр. Оттың жанында бір байдың мырзасы отыр.
Бір қызметші қазанның астындағы отты қағыстырып жүр. Мырзаның


жанында тура есік пен төрдей құмай тазы, аулағырақта аты да тұсаулы
тұрған көрінеді. Əуелінде, барымташы жігіт түс көріп жатқам жоқ па
деп, көзін уқалап көреді. Жоқ, бəрі де өңінде. Əлде жын-шайтан ба
дейді. Жоқ, жын-шайтан болса азғырар еді ғой. Ондай қимыл
байқалмайды. Жарайды, не де болса артын күтейін, бір нышан болар
əйтеуір деп моланың тасасында жата береді. Не заматтан кейін ет
пісіп, қазан түсіріледі. Осы кезде бағанадан бері оттың жанында
жамбастап үнсіз жатқан мырза, мола жаққа басын бұрып, кел,
қонағым дейді. Амал жоқ, барымташы орнынан тұрып, мырзаның
жанына барып сəлем береді. Алдыға ет келеді. Екеуі турайды. Мырза
табаққа бір тастап, құмайға бір тастап отыр дейді. Содан етті тойып
жеп, сорпаны ішеді. Қызметші қолдарына су құяды.
– Ал, қонағым, жөн сұрасайық, — дейді мырза, — Қай елсің? Не істеп
жүрген адамсың?
Барымташы жөнін айтады.
– Ə, — дейді мырза, — Ал енді біздің кім екенімізді білесің бе?
— Жоқ, — дейді барымташы.
— Сенің осы көріп отырғаның өңің емес, елес дейді мырза. Біз өлі
адамдармыз. «Бісміллə» дейді барымташы. Енді мен саған жөнімді
айтайын, қалай осылай болды, соны ұғындырайын. Құдай айдап
келдің, мүмкін маған да бір шапағатың тиер, дейді мырза. Айтыңыз
дейді барымташы. Мен бір байдың ұлы едім, дейді мырза. Мынау ат
пен мынау құмай тазы — менің атым, менің тазым. Мынау қызметші
құл, заманында атақты барымташы болған. Бір күні елдің бəрі көрші
ауылдағы тойға кеткен, үйде жалғыз отыр едім. Аяқ астынан келе
қалған жау жылқымызды шауып, айдап жөнелді. Үйдің іргесіне
сүйеулі тұрған қақ сойылды ала сала қудым. Содан аз қудым, көп
қудым, мына өзің отырған моланың жанында ұрыларды қуып жеттім.
Келе сала бірнешеуін аттың үстінен баудай түсірдім. Əбден алыстық.
Ақыры əл бермей қойғаннан кейін барымташыларға бас болып келген
адам мені атты. Өзімді ғана емес, атымды да, еріп келген құмай
тазымды да атып өлтірді. Өзінің де шелегі толып, кесімді күні тақаса
керек, мен өлгеннен кейін көп ұзамай ол да жан тəсілім етті.
Жаратқанның алдына жауапқа тартылдық. Сонда Жаратқан Ием, əлгі


барымташыны, осы өлтірген адамыңа мəңгі қызметші бол деп кесіп
берді. Міне, содан бері осылай қаңғырып жүреміз. Жаназаң
шығарылмағаннан кейін осылай болады екен. Сені Құдайдың өзі
кезіктіріп отырса керек. Енді саған бір өтініш депті мырза. Айтыңыз,
депті барымташы. Міне, мына бəкіні көрдің бе, дейді мырза. Осы
бəкіні сен ал. Менің əкем пəлен-пəлен деген бай, жаз жайлауы
мынадай, қыс қыстауы мынадай. Соның ауылына бар. Алдыңа табақ
тартқанда, осы бəкімен турағайсың. Ар жағын бағың біледі. Бəрі де
Құдайдың қолында. Егерде əкем сенің айтқан сөзіңе сеніп, осы жерге
еріп келсе, есіңде болсын, күнде таңертең, күн жаңа шығып келе
жатқанда мына төбенің басынан бір рет көрінемін. Ал енді, қош бол
дейді. Сол сəтте от та өшеді, мырза да жоқ, қызметшісі де жоқ, ат
пенен құмай тазы да жоқ. Жə. Сонымен барымташы жігіт бейітке
түнеп шықты. Таңертең оянып, осы түнде көргенім түс емес пе деп
жан-жағына қараса, о керемет, ошақтың орны, мүжілген сүйектер
жатыр. Қалтасына қол салып еді түндегі мырза берген бəкі шықты.
Түсі емес екеніне көзі анық жеткеннен кейін байдың баласы айтқан
жобамен жолға шығады. Екі-үш күн жүріп, жайлауда отырған байдың
ауылын да табады. Бай-екең жол жүріп кеткен екен дейді. Енді
қалайда байдың көзіне түсу керек. Ақар-шақар ел, күнде
сапырылысып келіп жатқан қисабы жоқ қонақ. Не істемек керек.
Жата-жата жамбасы тесіледі. Ол кезде неғып жүрсің деп сұрамайды.
Əйтеуір бір күні, бай жолдан келіп, енді шайға отырып жатыр дегенді
естіп бай-екеңе сəлем берем деп сылтауратып барады. Аз-маз жөн
сұрасады. Содан алдыға ет келгенде барымташы қалтасынан бəкіні
алып турай бастайды. Бай бəкіні көргенде түрі бозарып кетеді. Балам,
бəкіңді бере тұршы дейді. Бəкіні қолына алып, бұны қайдан алдың
дейді. Өзімдікі дейді барымташы. Бай жігіттерін шақыртып,
барымташыны байлап тастайды. Содан тергейді. Атаңның басы, сенің
бəкің. Мен өзімнің темірші ұстама осындай екі бəкі соқтырғам. Міне,
біреуі өзімде, екіншісі баламда болған деп, қалтасынан алдыңғысынан
айнымайтын тағы бір бəкі суырады. Ал, енді иманыңды үйір,
шыныңды айт, менің баламды өлтірген сен ғой. Өтірік айтсаң, осы
бəкімен бауыздаймын дейді. Сонда барымташы айтты дейді, əке, мен
сенің балаңның қанын мойныма жүктеген адам болсам осы ауылға
келер ме едім, сені тосып пəленбай күн жатар ма едім деп. Егер құлақ
салсаң, айтқаныма нансаң — айтайын. Ал егер менің қаныма


құмартып отырсаң, оңда айтты не, айтпады не, бəрібір емес пе. Олай
болса, өлтір де көме сал дейді. Бай қанша қайғырып отырса да,
жарайды, айт дейді. Барымташы жігіт болған жайды ештеңе
жасырмай, болғанынша айтып береді. Бай айтты дейді, осы айтқаның
өтірік болса, міне, бəкі менің жанымда, сол төбенің етегінде қаныңды
ұрттаймын деп. Сонымен бірнеше адам жолға шығады. Айтылған
жерге келіп, ал, кəне дейді бай. Сабыр етіңіз, таң атсын дейді
барымташы. Түн ортасынан ауа аттарын ерттеп дайын тұрады. Таң
енді қылаң бергенде төбенің басына мырза итін ертіп үйіріліп шыға
келеді. Бай ойбайлап шаба жөнеледі. Аты қансорпа болып, қанша жер
шауып, жылап-еңіреп отыр екен дейді. Жігіттер келіп басын сүйеп
жұбатыпты. Содан жаңағы елес көрінген жерге мазар салып, баласын
азалап, асын беріпті. Елге келгеннен кейін, бай-екең, барымташының
жөнін сұрады. Əке-шешеден ерте қалған, жалғыз жүрген, өзім болған
жігіт едім деді барымташы. Ендеше сол өлген ортаншы ұлым еді, сол
баламның орнына маған бала болсаң қайтеді деді бай. Жарайды,
болайын деді барымташы. Міне, бай-екең өзіне тағы бір бала қосып,
соны маңдайынан сүйіп еміреніп жылап отырған кезі екен дейді.
Сəруəр əдетінше домбыраның шанағын сілкіп қалды. Сыңсып
басталған күй жайыла келе ботасын жоқтаған бозінгеннің зарына
ұқсап кетті. Əжігерей, жетім қалып көңілі ерте суыған, барымтамен
күн көрген жігітті ме, əлде перзентінен айрылып, күн төбеден ауғанда
тағы бір бала асыраған, өлгені тірілмесе де өшкені жанған байды ма,
қайсысын аяп отырғанын білмеді. Елжіреген, елжіреткен күй шым-
шымдап қанға сіңіп, он екі мүшені талдырды. Көзінің алды буалдыр
тартып барады.
— Уай, пəлі! — деді Шерім күй шертіліп болғаннан кейін көзін бір
сипап өтіп.
Сабыт ештеңе деген жоқ. Дей алмасы күреңіткен қабағынан,
өрекпіген кеудесінен көрініп тұр.
Үй ішінде бір сəт үнсіздік орнаған. Сəруəр домбыраны қабырғаға
сүйеді.
— Ал, енді, бүгін осыған риза болыңдар, — деді аяғын созып
жамбастай жатып.


Күлбағила үстел үстіне белі қайысқан бір табақ ет қойды.
— Ал, бағанағы бəкіңіздің кезегі енді келді, — деді Сабыт кеңк етіп
күліп, — Суырыңыз бəкіңізді.
Қарияның алдына табақшаға салынып қойдың басы тартылды. Сəруəр
басты бөліп, елге үлестіріп, құйқасынан өзі де дəм татты.
— Түф, шіркін-ай, — деді тамсанып. — Балдай екен. Көдеге
байланған қой екені көрініп тұр.
— Ойпырай, — деді Шерім, — Ескінің адамы қалай, ə! Қойдың не
жегеніне дейін етінен ажыратып отырады.
— Оның несі таң? — деді Сəруəр. — Өлең шөпке жайылған малдың
еті жылбысқалау болады. Бетегеге жайылған малдың еті шыны
болады. Көде мен қара жусан, көкпек жеген қойдың құйрығы киіз
сияқты болады. Асқанда қазанның түбіне батып кетеді. Ал қазіргі
қойдың құйрығы өкпе құсап қазанның бетінде қалқып жүреді.
Еттің тұздығы құйылды.
— Қария, табаққа қол салыңыз, — деді Шерім.
— Пісміллə, — Сəруəр табақтың шетінен уыстап алып бір асады, —
Ал, жеңдер.
— Е, баяғыдай қайда, — деді содан кейін сөзін сабақтап,— Баяғының
сыншылары малдың қиына, ізіне қарап-ақ кітап оқығандай қылып
айтып беретін. Жүйрікті құлынында таниды.
— Баба, биыл нешедесіз? — деді Шерім.
— Нансаң айтайын, — деді Сəруəр, — Биыл тоқсанның сегізіндемін.
Шерім сасқанынан күліп жіберді.
— Апырай, сүйегіңіз не деген асыл еді.
— Баяғының сарсүйегі ғой, — деді Сабыт. — Осы жасқа келгенше
домбырадан қалмау деген...


— Домбырадан қалмаған жəне еттен де шықпаған, — деді шопыр
жігіт, осы кеште бірінші рет тіл қатып.
— Сыншының бірі Құнанбай еді ғой, — Сəруəр дастарханнан сəл
шегініңкіреп отырды. — Алыңдар, алыңдар, балалар, маған
қарамаңдар.
— Абайдың əкесі Құнанбай ма?
— Иə. Құнанбай ешқашан малды да, жанды да мақтамайды екен.
Мақтаған адамы немесе көзінің сұғын қадаған малы өліп қалады екен.
Найманда бір би жас кезінде Құнанбайдың көзі тиіп өлген. Ал,
болдыңдар ма?
— Болдық, — деді Шерім.
— Ал, онда асатам, — Сəруəр күректей алақанымен еттің майлысын
көсіп алып Əжігерейге қарады, — Кел, балам. Менің жасыма жет,
мендей шал бол.
Əжігерей ұятқа қалмайын деп қарияның қолын сыртынан ұстап,
алақанда үйіліп жатқан етті жеп бітірді.
— Бəрекелде-е, — деді Сəруəр риза болып, — Нағыз жігіт екенсің.
Ретімен Күлбағиладан басқасының бəріне, тіпті тартыншақ, үндемес
шопырға да қоймай асатты. Табақтың шетіне бір шөкім етті үйіп, —
Келін, қарағым, мынау саған, – деді Күлбағилаға қарай сырып.
Сорпа ішіліп, қол жуылып, енді мамыражай қалыпта шай күтіліп
отыр.
— Сабыт, осы сен де баяғыда елес көріп едің ғой, — деді Шерім.
— Е, не болмады.
— Кəне айтшы. Мен қыртқа əңгіме айтқыза бересіңдер ме, — Сəруəр
Сабытқа ықыластана қараған. 
— Сібірде қорғасын шауып жүргенде неше атасын көрдік қой. Көре-
көре адамның көзі үйреніп кетеді. Қырық түрлі халық жиналған ғой.
Алғашында көп адам қорқып қашып, талайы оққа ұшқан.


— Оққа ұшқаны қалай? — деді Сəруəр.
— Шахтыдан мезгілсіз, рұхсатсыз шыққан адам қашқын болып
саналады. Күзетіп тұрған əскерлер атады да тастайды. Ол кезде
адамның сұрауы жоқ еді ғой.
— Ол қайдан келген елес? — деді Шерім ежіктеп.
— Шахтының тұрған жері бұрынғы қабырстан, орыстың зираты екен,
— Сабыт қарсы қабырғаға ойлана көз тастап бір сəт үнсіз қалды, —
Оны қойшы. Ол, күнде көрген нəрсе ғой. Осында көрген елесімді
айтайын. Соғыс біткен. Ел көбең тартқан кез. Басқармалықтан
алынардан екі жыл бұрын. Сайлау күні болатын. Заң бойынша,
қалқоздың барлық ауылдарын, барлық қойшыларды аралап, келісімін
алуым керек. Кеш батып қалды. Алда əлі талай аралайтын жерлер бар.
Мынау Оңғардың қорасында Тұрсынбек марқұм отыратын. Жайлауға
көшіп кеткенін білем. Əйтсе де бір қарап кетейін деп ат басын
бұрдым. Қараңғы түсті. Ай сүттей жарық. Қораның терезелері
үңірейіп жатыр... Ол кезде терезенің əйнегі қат қой. Қойшылар
көктемде жайлауға көшіп бара жатқанда, ұра қазып терезені сонда
көміп кетеді. Күзде қайтып келгенде қазып алып орнына қоя салады.
Түнде иесіз қыстаудың терезесі қандай екенін осыдан шамалай
беріңіз. Содан, ешкімнің жоқ екенін көре тұра, не сайтан түрткенін
білмеймін, қырдан төмен желіп түсіп, терезеден басымды ішке тығып,
Тұрсынбек, а, Тұрсынбек, бармысың деп айқайладым.
— Түф, — деді Шерім түршігіп, — Сенде де жүрек бар-ау.
— Сонда, — деді Сабыт, сол оқиғаны қайтадан басынан кешкендей
көзі жасаурап, — Үй ішінен, үсті-басы аппақ, баяғыда сүйегі қурап
қалған Оңғар байдың аруағы қалқып шықты.
— Астапыралла! — деді Сəруəр жағасын ұстап, — Құдай өзің сақтай
көр!
— Ей, Сабыт, найсап, түн ішінде не əкеңнің басын іздеп жүрсің
мұнда. Маза бересің бе, жоқ па деді. Пісміллə, пісміллə деп атымды
бұрып, қырға шықтым. Қамшы үстіне қамшы басып жайлауға шаптым.
Астымдағы ат баяғы Бидайкөк қой, білесің. Аузымен құс тістейтін еді
ғой, жануар. Шабысқа шыдамай көзімнен жас парлады. Жайлауға


жеттім. Ауылға жете бере, аттан түсіп, ары-бері суытып жай аяңдап
кірдім. Қойшылар ортаға алды. Түн ішінде бұл не жүріс деп сұрап
жатыр. Болған жайды айттым. Сонда мына қызықты қараңыз. Бейсен
деген бір шал бар еді. Сол шал, аттың бауырына үңіліп, рас екен,
үрпіне қан қатыпты деді. Мен де қарадым. Қан сигені көрініп тұр.
— Сен ғана көрсең елес болар еді, — деді Сəруəр, — Астыңдағы атың
да көрген ғой. Ойпырай, бұл не керемет!
— Рас айтасыз, — деді Сабыт.
Шай ішілгеннен кейін, жұрт көр-жер əңгіме айтысып тағы да біраз
отырды.
— Ал, бай-еке, — деді Сəруəр, — Рұқсат болса, біз енді жатсақ.
— Əрине, əрине, — Сабыт Күлбағилаға иек қаққан.
Барлығы дүрк көтеріліп, бой жазамыз деп далаға шықты.
Сəруəр ауланы ары-бері кезіп, таза ауаны рахаттана жұтқан. 
— Күн құлақтанып батты. Ай тік туды, — деді содан соң.
— Құдайға шүкір, ертең күн жылы болады. Қой, үйге кірейік.
— Мынандай адамды жіберуге болмайды, — деді Шерім, қария үйге
кіріп кеткеннен кейін. — Шіркін-ай, шіркін-ай, баяғы заман тіріліп
келгендей болды ғой. Керек болса, тағы бір қой соямыз. Бірнеше күн
күйі мен əңгімесін тыңдап рахаттанбаймыз ба.
— Мен де қарияны осында қалдырудың амалын ойлап, таба алмай
тұрмын, — Сабыт маңдайын уқалады, — Ертең сөйлесейік. Көнсе,
Құдайдың бергені.
— Мен ертең ертерек келем, — деді Шерім, — Мен келгенше аттанып
кетіп жүрмесін. Осыған абай бол.
Етігі көрпілдей ауладан шығып үйіне қайтты.
— Қой, балам, үйге кірейік, — деді Сабыт жақсылап есінеп алып, —
Атаңды үгіттеп көрейік.


Қария жатып қалыпты.
— Үйің қапырық екен, — деді төбеден көз алмай.
Сабыт күлді.
— Мына бала да домбыра тартады-ау.
— Тартады.
— Жақсы екен. Атаның сөзін ұстаған, атаның жолын қуған деген
жақсы ғой. Домбыра тартса жаман болмас. Осы күнгі балаларға
көңілім толмайды. Китəр дей ме, немене, дөңбектеп шапқан бір
нəрсені асып алады. Онысын белінен төмен іліп қояды. Тура қошқарға
тағатын киіз күйек сияқты. Діңкілдетеді де жүреді. Əнеукүні,
Арқарлыдан қайтып келе жатқанда, Баршатастан өттік кой. Сонда
жұрт аптабоз күтіп, аязға ұшып өлейін деп тұрса, бір қарадомалақ
жаңағы китəр деген немесін даңғырлатып қоймайды. Бір түкірдім,
қайтейін.
Əжігерей шатырлаған аязда гитара тартып тұрған жігітті көзіне
елестетіп, күліп жіберді. Сабыт қолқаның жөнін таба алмаса керек,
қарияның сөзіне жауап қайтарып қана жатыр. Қария шаршап сөзі
сирей бастады.
— Я, Тəңірім, тыныш ұйқыңды бере көр, — деді жағы шықырлай ұзақ
есінеп. Сəлден кейін қор еткен дыбыс естілді. Үй іші қалың ұйқыға
батты.
Шерім ертеңіне таң атпай келген. Сəруəр ұйқысы қанып, қунақ тұрды.
Таңғы шай орталана бергенде Шерім Сабытқа жалт етіп бір қарап
алып əңгіме бастады.
— Ал, қария, бүгін біздің үйден дəм татып кетесіз.
— Ойпырай, — деді Сəруəр қолындағы кесесін үстел үстіне қойып,
Шерімге аңтарыла қарап, — Мен жол жүріп бара жатырмын ғой.
— Жол жүріп бара жатқаныңызды білеміз, — деді Шерім, - Азырақ
аял қылсын дейміз. Мал сойылып, дастархан жасалып қойған. Дəмнен
үлкен емессіз.


— Апырай, — Сəруəр иегін уқалады. — Үйде мал-жан... дегендей.
— Бала-шаға бар емес пе?
— Бар ғой, Құдайға шүкір.
— Бар болса, сол бала-шаға бір аша шөп сала салуға əлі келетін шығар,
— Шерім бастырмалата жөнелді. — Бір-екі күннің арысы не, берісі
не.
— Оу, батыр-еке, алды-артымды буып тастадың, тіпті айтатын сөз
калдырмадың, — Сəруəр күліп, не істейміз дегендей шопыр жігітке
қараған.
— Өзіңіз біліңіз, ата, — деді шопыр, — Қазір трактор тауып,
машинаны шығарып алам да кете берем.
— Ауыл қай жерде?
— Аякөздің жанындағы Қарағаш қой.
— Мына тұрған жер. Ақсақалды жолға салып жібереміз. Осы ауылдан
Аякөзге күніне пəленбай мəшине жүреді.
— Жақсы, — деді Сəруəр — Қоймай өтіндіңдер. Бір күнге қалайын,
— Шопырға иек қақты, — Сен қайта бер. Ертең-бүрсікүндері келеді
деп сəлем айтарсың.
Түске қарай барлығы ошарылып Шерімнің үйіне түскен. Еті тірілеу
Шерім ортаның берген екі бөлмелі үйіне тағы үш бөлме қосып салып
алған. Үйі патшаның сарайындай күңгірлеп тұр. От жағулы, бөлмелер
жылы. Шерімнің бəйбішесі Келбет қарияға ізетпен иіліп сəлем берген.
— Өркенің өссін, айналайын, — деді Сəруəр.
— Төрлетіңіз, — деді Шерім қалбалақтап.
Сəруəрді жетелеп төрдегі қалың бөстекке отырғызды. Аздан соң
көрші-қолаң да жиналды. Шайдан соң Сəруəр қара домбыраны
қайтадан қолына алған.


— Мынау керейде Құламерген деген аңшы болған. Ертеректе өмір
сүрген адам болса керек. Арқарды көп аулапты. Қынадай қырыпты.
Шешесі жарықтық, баласы аңнан келген сайын ұзын арқанға бір
жапырақ етті тесіп өткізіп қояды екен. Күндердің күнінде арқан етке
толыпты. Сол түні кемпір түс көреді. Түсінде арқардың пірі қыз
болып келіп, балаң бізді неге сонша қырады, аңның киесі бар емес пе
депті. Ояна келсе түсі екен. Құламерген тағы да аңнан келіп, етті
бұзып жатқанда, қарағым арқан үстіне шықтың, енді арқар атқаныңды
қой дейді. Ой, шеше, мен арқар атпасам, үстіңдегі жібек қайдан келді,
алдыңдағы шай мен өрік-мейіз қайдан келді дейді баласы. Жібегі де,
өрік-мейізі де құрысын, енді арқар атушы болма дейді шешесі.
Құламерген құлағына да ілмейді. Содан, бір күні тағы аңға шығады.
Тау ішін аралап келе жатқанда алдынан аппақ, аппақ болғанда қардай
бір арқар шығады. Құламерген шитіні жерге шаншып жіберіп көздеп
тұрып атады. Мерген болса да үш атып əзер тигізеді. Əлгі арқарды
сойып, кішкентай қазаны бар екен, соған бір асым ет салып отқа
қояды да, өзі намаз оқуға отырады. Оқып отырып, ту сыртында
біреудің пысқырғанын естиді. Намазын қаза қылмай отыра береді.
Ақыры аяқтап орнынан тұрып қараса, манағы арқар сойылмағандай
бүп-бүтін болып тұр екен дейді. Құламергеннің көзіне көзін қадапты.
Арқардың көзі көк екен дейді. Батырдың бетін от шалғандай болыпты.
Арқар жайымен жүре береді. Тасты айналып жоқ болады. Құламерген
қазанын қараса, ішінде ет түгілі сайтан да жоқ, қара су қайнап жатыр
дейді. Бір түрлі түршігіп, атын ерттеп жолға шығады. Бұл енді осымен
тұра тұрсын. Енді біз Құламергеннің шешесіне келейік. Есік алдында
отырса, баласының аты келіп тұр. Ертоқымы бос. Кемпір шошып
кетіп, атты ары-бері айналдырып қарайды. Үзеңгіде баласының бір
етігі ілініп қалған. Аттың бауыры күйген. Балам өлді-ау деп жүрегі
зуылдаған кемпір атқа міне сала шабады. Өзі білетін арасандарды
аралайды. Сол арасандардың біреуінде еті езіліп сүйегінен ажыраған
баласының мүрдесін тауыпты ғой. Не істейді. Жылайды да қалады.
Міне, мынау сол Құламергеннің анасының жылап баласын жоқтағаны
екен.
Жұрт зарлы күйге қоғадай жапырылған. Кəрі əжейлер көздерінің
жасын бір-бір сығып тастады.


— Баяғыда мына қырда да осындай бір оқиға болыпты, – деді көрші
үйдің қариясы əңгімені ары қарай сабақтап, – Естідіңіз бе, жоқ па,
білмеймін, ертеректе Тонды деген адам болған осы жақта. Сол, бір
жылы баласы ауырып, емшіні алдыртады. Емші баланы қарап, бұған
биму деген дəрішөп қана ем болады, оны таба алмайсыз. Тапсаңыз
суырдың ғана інінен табасыз. Бірақ есіңізде болсын, суырдың інінен
ол шөпті жазда ғана алу керек дейді. Қыстың алды, жаңа ғана қырбақ
қар жауса керек. Тонды жаз шыққанша тосып отырам ба, оған дейін
балам өліп қалмай ма деп, күрегін алып суырлы төбеге барады.
Барады да астын үстіне келтіріп қазып, қопарып жүріп бимуды
табады. Қоржынына салып қайтып бара жатқанда суырдың бабасы
төбенің басына шығып қарғайды. Оңба, Тонды, оңба, тұқым-
тұқияныңа қара шешек келсін, жазға жетпе дейді. Суырдың қарғысы
қатты ғой. Содан жаз шыға бере Тонды аяқ астынан ауырып өліпті.
– Ал енді домбыраңызды маған беріңіз, — деді Сабыт. Қара
домбыраны алдына алып əңгіме бастаған.
— Суыр дегеннен шығады. Өзі бір қызық жануар. Ескі əңгіме
бойынша адамнан азған дейді. Суырдың қолын көрген болсаңыз,
адамның қолынан айнымайды. Кіп-кішкентай, қап-қара болғаны
болмаса, саусағының бүгіндісіне дейін адамнан айнымайды. Қақпанға
түскенде екі қолымен бетін басып адамша жылайды. Құдайдың бір
ерекше жаратқан хайуаны. Сол суыр, айтса нанғысыз, қыздарын осы
біз сияқты ұзатады. Өсіп шыққан ұрғашыны басқа үйірге ұзатарда
құшақтап, сыңсып жылайды.
— Ой, сұмдық-ай, — деді əжейлердің бірі ернін сылп еткізіп, —
Сабыт-ау, осы айтып отырғаның рас па?
— Рас, — деді Сабыт, — Аңшылар талай көрген кеп қой. Баяғыда
Абылайдың күйшісі болған. Байжігіт деген. Қазір біреу біліп, біреу
білмейді. — Сабыт домбыраны дүңгір еткізіп ақырын қағып қалды, —
Сол Байжігіт бір күні айдалада жалғыз өзі жол жүріп келе жатып
суырдың қыз ұзату тойының үстінен түседі. Қызық көріп, баспалап
қарап тұрады. Суыр жылап-сықтап қызын ұзатып салады. Одан кейін
жалғыз қалып, бұрынғыдан бетер жылап отыр дейді. Ақыры жылап
қоймаған соң жанына бұлғынның күшігі келіп жұбатыпты. Суыр оған


уана қоймапты. Əлгі бұлғын неше түрлі ойын көрсетіпті. Суыр оған да
жұбанбапты. Содан соң бұлғын басына тұрып төбесімен жүріпті. Сол
кезде суыр жұбанып, қайғысынан арылыпты дейді. Бəжең ауылына
келіп көргенін жырдай қылып айтып беріпті. Кейін соны күй қылып
шертіпті дейді.
Сабыт ерекше ықыластанып, шабыттанып тартты.
— Ойпырай, — деді əжелердің бірі — Əй, Сабыт-ай. Суырдың
ойынынан айнымайды.
Сəруəр домбырадан, Сабыттың қолынан көз алмай қатты да қалды.
— Пах, — деді күй шертіліп болғаннан кейін, — Саусағың жазғы
түскен сағымдай екен.
— Келесі күй... — деді Сабыт кеудесін кере дем алып, — Келесі
күйдің жайы былай. Аруағыңнан айналайын Тəттімбет, мынау
Құнанбайдың ауылымен құдандалы болған ғой. Құнекең екеуі
сыйласып жүреді екен. Абайдың əжесі Зере, Тəттімбетпен сыйлас
болған. Ел ішінде Молғара атанған. Сол Зере бір күні, ей, Тəттімбет,
сенің айтқыштығыңды, шерткіштігіңді көрейін, маған бір күй арнашы.
Қазақта атым қалсын. Кəне, айтшы сол күйді дейді. Сонда Тəттекең
толғанып отырып-отырып шертіп жіберген күйі мынау екен. Бұл
күйдің аты “Молғара”.
Сылқым шертіс. Тау бұлағындай мөлдір, шыңылдаған ірі дыбыстан бас
құраған қуатты күй.
— Бір қайырымы кем болды, — деді Сəруəр, — Төменгі буынның
алдында ойнақтап, қыдырыстап кететін жері бар еді. Кəне, əкел
домбыраны.
Домбыраны қолына ала сала күркірете, құбылта тартқан.
Шерім Əжігерейдің құлағына ақырын ғана сыбыр етті.
— Тартыс басталды!
— Көріп отырмын, — деді Əжігерей де сыбырлап.


Домбыра қолдан қолға өтті. Екі күйші бір-біріне ұқсамайтын күй ғана
тартты. Кейде екі-үш күйге дейін шертеді. Анда-санда бір күйді екеуі
де тартады. Екеуінікі де бір-ақ нұсқа. Бұл егестің сырын түсінбей
Шерім атасына қараған.
— Таңбалы күйді екеуі де тартады, — деді Шерім, — Атаң, Сəруəрдің
шерткеніне келіссе, ол күйді қайталамас еді. Сəруəр атаң да Сабыттың
шерткеніне иланса, ол да қайыра шертпес еді.
Құлақ түріп отырып, ақырында бұл тартыстың сырын да түсінді.
Сабыт, баба күйші шерткен күйдің кей жерін құбылтып жаңа рең
беріп тартады. Ал Сабыттың ұмыт қалдырған жерлерін Сəруəр есіне
түсіріп қайта жаңғыртады. Осылайша кезектесіп кешке дейін
ырғасқан. Біраз адамдар кетіп те қалған. Үйде ескі көздер ғана отыр.
Сабыт жəне бір күйді шертіп домбыраны ұсынғанда Сəруəр шаршай
күлді.
— Ал, мен болдым. Арса-арсасы шыққан кəрі шалды аямайсың ба.
Осымен тоқтайық енді.
— Рас айтасыз. Шынымды айтсам мен де шаршадым. Көп жылдан бері
бұндай тартысқа түсіп көрмеппін, — Сабыт салыққан қолын уқалап,
Сəруəрдің жүзіне ризашылықпен қарады.
— Тартыс деген осындай болады екен-ау, — деді қариялардың бірі
басын шайқап.
— Ақындар қалай айтысса, домбырашылар да солай тартысқан ғой, —
деді екінші қария, — Баяғыда мынау Аманғұлдың ішінде Ақжүрсін
деген домбырашы болды. Сол Ақжүрсіннің керей Бодаумен, кейіннен
Құлыншақпен тартысқанын көріп едік. Бодау жарықтық күй
шерткенде құйрығымен жылжып үйді айналып шығушы еді. Сол үшін
жорға Бодау атанған. Ол кезде небір кереметтер болған ғой. Адық
деген ақын болып еді. Төбенің басында отырып күй шерткенде
маңайдың бəрі күңіреніп кететін.
— Бодаудың ұлы Орал да домбырашы болды ғой осы, — деді кəрі
əжейлердің бірі. — Өтті ғой заман.


Кеш бата атасы, əжесі үшеуі Сəруəрді ертіп үйге қайтқан. Сəруəр
жатар алдында, төсектің үстіне аяғын соза отырып, екі иығын уқалап,
ойланып не замат үнсіз қалды.
— Қанша шаршасам да көңілім бір өсіп қалды, — деді Сабытқа қарап,
— Қарағым, асқан домбырашы екенсің. Жайлауға шыққандай болдым.
Мұртын сылап тағы да үнсіз қалды. Сабыт құрметпен сөз аяғын тосып
отыр.
— Адам осындай мəжілісті сағынады екен, — деді Сəруəр үнсіздікті
бөліп.
Сəруəрдің сөзінен түсініксіз бір сезім шалынды. Кенет, белуарынан
көрпеге оранып, төмен қарап мұрты салбырап отырған кəрі күйшінің
бүкіл əлпетінен шексіз мұң төгіліп тұрғандай көрінді.
— Кей-кейде ойлайсың. Баяғы ұйықты жер, ұйысқан ел қайда деп.
Əрине, қазақ ешқайда кеткен жоқ. Елу жылда ел жаңа, жүз жылда
қазан деген. Ел жаңарды. Бірақ басқа өнер тауыпты. Баяғыда екі əйел
бір балаға таласыпты дейді. Ханбала деген биге дауын шештірмек
болыпты. Би беліндегі қылышын суырып, баланы бір-біріңе қимаған
екенсіңдер, олай болса ортасынан тең бөліп берейін депті. Сонда
əйелдің бірі, «тұра тұрыңыз, би-еке» депті де, “қайда жүрсең аман
бол, құлыным” деп баланы маңдайынан сүйіп кете беріпті. Ханбала
сол əйелге беріпті ғой сол баланы. Себебі туған анасы ғана баланы
жамандыққа қимайды. Əрине, ел билеген ештеңеміз жоқ. Бірақ баяғы
заманда қазақ əн мен күйге əлдеқайда ықыласты еді ғой. Төренің өзі
өнерліні құрметтейтін.
— Өнердің бəрі бай мен төреде еді ғой, — деді Сабыт.
— Рас айтасың, — деді Сəруəр, — Біздің талқанымыз таусылды. Бір
аяғымыз көрде, бір аяғымыз жерде. Енді қанша қалды дейсің. Бірақ
арттағы елдің күйі не болады. Бүгінгінің төресі домбыраның, əн мен
күйдің не екенін біледі дейсің бе. Бір ақынның айтқаны бар,
“Кедейден болды шоңдарым” деп. Төренің сиқы сол болғанда, сол
төреге, сол ақ ордаға қарап салтын түзеген елдің жайы не болмақ.
Баяғыда домбырашыны ат арытып іздеп келіп күй үйренуші еді. Енді
Қазығұрттың басында қалған кемедейміз. Айтқан əңгімеңнің барлығы


өтірік. Сондай да сондай салтанат болған десең, осындай да осындай
ел болған, осы қара жерді қайыстырып басып өткен десең кім сенер.
Нансаң, мені осы жасыма дейін бір адам іздеп келген жоқ. Шəкіртсіз
өтіп бара жатырмын.
— Қапа болмаңыз, баба — деді Сабыт, — Мына бала, — иегімен
Əжігерейді меңзеді. — Менің балам... екеумізге ортақ шəкірт болсын.
— А, солай ма? — Сəруəр Əжігерейдің жүзіне үміттене қараған. —
Ой, айналайын.
– Қазірдің өзінде тəп-тəуір шертеді, — деді Сабыт, — Тіпті
Тəттімбеттің күйін шерте алады. Əжікен, кəне, домбыраны қолыңа ал.
Əжігерей ауыр қара домбыраны алдына өңгерді де, не тартайын
дегендей атасына қараған.
— Қай күйге ыңғайың бар? — деді Сабыт ақырын ғана — “Қырмызы
Қосбасарды” тарта аласың ба қазір?
Əжігерей пернелерді керекті жеріне қойып ақырын бас изеді. Қарт
күйшінің алдында сəл қобалжыған. Əдетінше саусақтары сүрініп, күй
тұтқырланып шыққан.
— Саспа, саспай тарт, — деді Сабыт.
Сəлден соң күй өзінің лекіген тоқтаусыз жүрісін тапты. Қанасына
сыймай бұлқынған ізгі сезім мен биік құштарлықты жеткізем деп
барын салды. Сəруəр домбыраның алғашқы үні естілгенде басы иіліп
кеткен. Күй аяқталғанда екі иығы селкілдеп ағыл-тегіл жылап отыр
екен.
— Айналайын, — деді өксіп, — Айналайын. Тіл-көзден сақта, Құдай.
Келе ғой, қарағым.
Əжігерей Сəруəрдің алдына тізерлей тұрды. Сəруəр қапсыра құшақтап
бауырына басты. Содан соң самай шашын құлағының артына қайырып
мандайынан сүйген.
— Жарығым — деген еміреніп, — Деніңе саулық берсін.


Ертеңіне таңғы шайдан кейін Сəруəр жолға жиналды.
— Ал, қарағым, — деді үйден шығарда, — Қашан келсеңдер де
есігіміз ашық. Қолың тигенде кел. Осы мендегі күйдің барлығы сенікі.
Жылжып уақыт өтті, жаз келді. Каникулға шыққан Əжігерейді атасы
жолға дайындаған.
— Сəруəр атаңа дұғай-дұғай сəлем айтарсың, — деген шығарып салып
тұрып, — Мен бұл жолы бара алмадым. Жазда келе алса келсін. Бие
байлаймыз. Қымыз ішіп қайтсын.
Ауылдың шопыры Аякөзге аз-маз бөгеліп, жанар май құйып, содан соң
қиыс болса да Əжігерейді Қарағашқа жеткізіп салған. Шаңы
бұрқыраған көшемен ауылды қақ жарып, атасы айтқан шамадағы
ұзыннан ұзақ көк шатырлы үйді іздеп тапты. Есік алдында киіз үй
тігулі. Əжігерей мырс етті. Тура өз атасының əдеті. Бір жағына
жантайып жатқан қақпаны сүйеп тұрып аулаға кірді. Есік алдында
отырған екі адам бұған елеңдей қараған. Біреуі орта жастардағы
еңсегей бойлы, əлпеті Сəруəрді елестететін еркек. Екіншісі шоқша
сақал, ашаң жүзді қызылшырайлы адам. Басына төбесі биік көк
тақияны оқшырайта киіп алыпты.
— Ассалаумағалейкүм, — деді Əжігерей алдымен қарияға қолын
ұсынып.
— Əліксалам, балам, мұғалім бол, — деді қария, — Қай жақтан келе
жатқан баласың?
— Шұбартау жақтан. Айғыз деген ауылдан.
— Е, жөн екен, — Қария етегін қаққыштап орнынан тұрды. — Төрлет.
Үйге кір.
Шыжыған ыстықтан кейін салқын тамның іші ұжмақтай көрінген.
Жайғасып отырғаннан кейін алдыға сусын келді.
— Ал, балам, шаруаңды айта отыр, — деді қария.
— Сəруəр атамды іздеп келдім, — деді Əжігерей, — Қыста біздің үйде
қонақ болғанда шақырып кеткен. Домбыра үйренейін деп келдім.


Отырғандардың барлығы үнсіз қалды. Қымыз сапырып отырған
қарашұбар əйел ғана өксіп қалып саусағының ұшымен көзін сүртті.
— Ойбу, қарағым-ай, — деді содан соң Əжігерейге қарап, - Сəруəр
атаңның өлгеніне айдан асып кетті емес пе.
Əжігерей қолындағы кесесін түсіріп ала жаздап тарс еткізіп дастархан
үстіне қойды.
— Не дейсіз? Қашан?
— Енді төрт күннен кейін қырқын берейік деп жатырмыз, - деді қария
басын изеп.
— Əй, бауырым-ай, сен де... — деді орта жастардағы еркек түсін
суытып.
Қария ақырып жіберді.
— Тəйт ары! Сенің əкеңнің өлгенін қайдан біледі бұл бала? Біле
білсең, ескі жорамен өнер үйренемін деп келіп отыр емес пе!
Еркек төмен қарап жым болды.
— Айналайын-ай, — деген қария басын өкіне шайқап. – Кеш келдің
ғой. Өте кеш келдің. Сəруəр ағамыз, өнерлі-ақ еді ғой, несін айтасың.
Кешігіп келдің, қарағым.
— Қал осында, — деді содан соң сөзін сабақтап, — Қырқына қатысып
кет. Топырақ сала алмасаң да кəдесін атқарыс.
Əжігерей ештеңе демеді. Көз алдына кеше ғана өткен, естен кетпес
ертегідей екі күн елестеп, булығып, орнынан тұрып далаға беттеді.
Қария соңынан қуа шыққан.
— Неге хабар бермедіңіздер? — деді Əжігерей.
— Қайдан білейін, қарағым, — деді қария кінəлі адамдай. — Өлерінде
бірдеңе айтқан. Бірақ есі бір кіріп, бір шығып жатқан адам...
Əбігермен жүріп назар аударуға мұрша болмапты.
— Зираты қай жерде? — деді Əжігерей.


— Көрсетейін, жүр, — деді қария.
Ауылдан недəуір аулақта, төбені бөктерлей жыпырлаған көп бейіттің
шеткісі екен. Моп-момақан кішкентай ғана үйінді.
— Биыл қабырғасын тұрғыза алмаспыз, — деді қария, — Келесі жылы,
Құдай жеткізсе, төрт құлақ зират саламыз.
Əжігерей жүресінен отырып, ішінен дұға оқыды. Жаны жаннатта
болсын деп тілеген. Содан соң қарияның қал дегеніне қарамай, үйге
де соқпай Аякөзге апаратын қара жолға шықты.
Екі көлік ауыстырып, кешкісін ауылға жеткен. Атасы хабарды
естігенде бұл ойлағандай жылаған жоқ. Тек меңірейіп үнсіз-тілсіз
қалған. Содан соң далаға шығып, түннің ортасына дейін аулада
отырды. Ертеңіне Шерімнің үйіне барған. Бір күннен кейін екеуі
Аякөзге аттанып кетті.
* * *
Атасы Сəруəрдің қырқын атқарып келгеннен кейін Əжігерейді
орталықта тұратын Ғазиздің үйіне ертіп барды.
— Апырым, — деді жылы жүзді Ғазиз аулада Сабытпен қол алысып
тұрып, — Шақырып келтіре алмайтын қонақ едің, Саба. Мына
келісіңе қатты қуанып тұрмын.
Төріне шығарып, құрметтеп қонақ қылған.
— Ал, Ғазиз, енді бұйымтайымды айтайын, — деді Сабыт аттанарда,
— Осы ауылда екі домбырашы екенбіз. Мына бала екеуімізге ортақ
шəкірт болсын. Бөліп-жаратын несі бар.
Ғазиз қуанғанынан күліп жіберді.
— Ойпырай, ойпырай. Құлағым қақас естіп тұрған жоқ па, Саба?
Сенің қараңды алыстан ғана шалатын нашармыз. Балаңды маған қалай
табыстап тұрсың?
— Нашар деген... жай сөз, — деді Сабыт. — Қазіргі домбыра ұстап
жүргендер осы сендей-ақ болып алсыншы. Білгеніңді осы балаға


үйрет. Ештеңеңді жасырма, ірікпе. Енді күн төбеден ауғанда осы
Əжікеннен артық шəкірт таппассың.
Бұрылып жүре берді.
— Ал, бала, — деді Ғазиз, екеуі оңаша қалғанда, — Жүр үйге.
— Шынымды айтсам, Сабыттан күй үйренген адамға не үйрете алам
деп басым қатып отыр, — деді үйге кіріп жайғасып отырғаннан кейін,
— Кəне, илхамыңды көрейік. Домбыраны қолыңа ал.
Əжігерей шанағы дөңгелек, мойны əдепкіден ұзындау домбыраны
қолына алып ары-бері төңкеріп қараған.
Ғазиз күлді.
— Немене, тосырқап отырсың ба? Бұл сенің атаңның домбырасындай
емес. Өкіметтің домбырасы. Бұндайға да үйрену керек.
Əжігерей домбыраны қағып қалды. Ешкінің ішегіне ұқсамайтын
мөлдірлеу ішек таңқ етіп бір түрлі тоқ дыбыс шығарды.
— Қызық екен.
Қаттырақ қақты. Сол баяғы дыбыс. Бірнеше күйдің басын шалып
көрді. Ішек қай жерінен бассаң да, қалай тербесең де біркелкі дыбыс
шығарады екен.
— Ұқсата алмадың, — деді бұның əр қимылын бағып отырған Ғазиз.
— Жарайды, маған бер.
Домбыраны қолына алып бұрауын сəл көтерді де сызылтып бір əдемі
күйге басты... Өзінің қолы біледі екен. Жаңа ғана тоңқылдап, еш
ыңғайға көнбеген тебеген домбыра өзгеріп сала берді. Аққудай
сұңқылдап, лыпылдап бара жатыр. Əжігерей айран-асыр таңқалған.
— Ата, менің қолымда неге сөйлемейді? — деді күй шертіліп
болғаннан кейін, — Сіз алып едіңіз адамша сөйлеп кетті.
– Бұған да үйренесің əлі, — Ғазиз көкірегін кере күрсінді, – Артық
айтқаным емес, қолдан ширатылған ішектің заманы өтіп барады. Өтіп
бара жатқан жоқ, өтіп кеткен. Қазір еш домбырашы ондай ішек


тақпайды. Оны кім саған иіріп дайындап беріп отырады? Барлығы осы
дайын ішекті тағады. Оның үстіне малдың ішегі шерткен жеріңнен
түтіліп, жіңішкеріп, бір айға жетпей үзіліп қалады. Кірлесе дыбысы
шықпай қалады.
— Рас айтасыз, — деді Əжігерей. Əжесінің ұсақ мал сойған сайын
ішек иіріп əуреленетінін, атасының бірнеше күн сайын ішекті сулы
шүберекпенен сүртетінін есіне түсірді.
— Ал мынау ішек тозбайды, кірлемейді, — деді Ғазиз, Əжігерейдің
ойын оқып қойғандай, — Əрине, малдың ішегінен артық деп отырғам
жоқ. Малдың ішегіне не жетсін. Бірақ заман өзгерді. Не амалың бар.
Заманға қарсы тұра аласың ба. Заманға қарсы ешкім де тұра алмайды.
– Бұл əңгімелерді атаңа айтып қойып жүрме, — деді содан соң күліп.
— Шал төбемді ойып жүрер.
Əжігерейдің екі жақты шəкірттігі осылай басталған. Кейде күнде,
кейде екі-үш күн сайын мектептен кейін Ғазиздің үйіне барады.
Ешкімнің сөзін жықпайтын мейірімді қария не жұмыс істеп отырса да
бəрін тастап өзінің күй дəрісін бастайды. Бірақ не тартса да, не
үйретсе де басты бедел, жүгінетін сарапшысы Сабыт.
— Мына күйді үйретейін саған, — дейді əдетте жаңа бір күйді бастап,
— Бірақ сенің атаң күйді бұзбай тартқан адам ғой, сол кісіге тексертіп
аларсың. Біз шала ұғып, бұзып жеткізуіміз мүмкін.
Тыңдай келе Əжігерей, қарияның шертісінде өзіндік машық,
қайталанбас қолтаңба бар екенін ажыратты. Сабыттың алдында
төменшіктеуі аға күйшіге деген құрметі ғана екен. Екі домбырашы бір
əулет болғанымен, шертістерінде жер мен көктей айырма бар.
Мысалға атасы күйдің жалпы нобайын суреттей қылып салады. Толып
жатқан тəсіл, бояу, күй барысында төңкеріліп, құбылып отыратын
машық, бұның бəрі — əшекей, басты мақсатқа жеткізетін амал ғана.
Сабыт үшін негізгі, үлкен əсер қымбат. Сол себепті кейде күйді
құбылуға сұранып тұрған жерлерін елемей өте шығады. Əсіре
қиялшылдық, кейде, орынсыз айтылған сөз сияқты, күйдің басты
əсеріне көлеңке түсіретінін кейін ұқты.


Ғазиздың перне басатын қолында ерекше шеберлік бар. Сабыттың
қағыспен, тербеліспен жеткізетін əсерлерін Ғазиз перне қуалап
отырып жеткізеді. Алғашында домбырасының ішегі тербеліске
көнбейтін тебеген болғандықтан осылай шығар деп ойлаған. Бірақ
ойы теріске шықты. Бір күні атасының домбырасын əкеп берген.
— Ойпырай, Сабаңның домбырасын да қолға ұстайтын күн болады
екен-ау, пісміллə, — деп қара домбыраны қолына алған Ғазиз... тура өз
домбырасындай қылып тартып берді. Алған əсерін атасына айтып
берген.
— Ғазиз естуімше ертеректе Алматыда оқыған екен. Сол кезде əлгі
бірігіп ойнайтын немене еді... соған қатысқан деседі. Оның жаңаша
тартуы осыдан, — деді атасы.
Əжігерей таңқалды.
— Сонда қалай, Ғазиз атам сияқты ертеде ешкім тартпаған ба?
— Жоқ, тартқан, — деді Сабыт ерінбей түсіндіріп, — Мысалы, сал-
серілер əсем шерткен. Олар мына мен көрсеткен кілтипандарды қазып
əуре болмаған. Араларында керемет домбырашылар болса болған
шығар. Бірақ салдар, біз сияқты емес, жаңаға əуес болушы еді. Гармон
дегенді де алғаш əкелген солар ғой. Орыстың тағы да қаншама өнерін
əкелген, киімнің жаңа үлгісін де солар алғаш киюші еді.
— Яғни, бұлай шерту ертеде болған ғой? — деді Əжігерей.
Атасы кеудесін кере күрсінді.
— Иə, болған. Салдар осылай шерткен. Бірақ сал-серілер қазір жоқ.
Мына Ғазиз атаң ертеде өмір сүрсе, нағыз сал болар еді. Кезінде
шайқылығы да болған болуы керек. Кейін басылған ғой. Енді мына
шертісін айтайын, оның домбырадағы емін-еркіндігі бүгінгі заманның
шартына келіп отыр ғой. Сахнаға шыққан домбырашы ғой.
— Сен де ел алдында өнер көрсеттің емес пе, — деді Əжігерей
қайтадан таңқалып.
Сабыт күлді.


– Көрсеттік қой. Бірақ біздің сал мен серіден айырмашылығымыз, біз
ел қыдырмаймыз. Сал мен сері ауыл-ауылды аралап жүрген əртістерің
бар ма, сол сияқты. Жəне асылық айтқаным емес, мына əртістерің сал
мен серінің қолына су құюға жарамас еді. Салдың шайқылығын көру
керек. Оны айтып беру қиын.
— Мысалы.
— Айтайын. Мен ертегі айтайын деп отырғам жоқ, дұрыс түсін. Өз
көзіммен көрген нəрселер. Мысалы, Қарақия деген сал болды.
Құлағын аяғымен қаситын. Нансаң.
Əжігерей күлді.
— Қалай?
— Оны мен енді саған көрсете алмаймын. Айттым ғой жаңа, оны өз
көзіңмен көруің керек. Жұбай сал деген болды. Құлағын жылқы
сияқты қайшылайтын. Құлағына, самайына қонған шыбынды,
құлағымен жасқап жеберетін. Кілегей деген жынды болды. Киіз үйдің
төрінде отырып табалдырыққа қонған шыбынды түкірікпен жалп
еткізетін.
— Жақсы, — деген содан кейін, — Мен Ғазиз атаң сондай деп тұрғам
жоқ. Солардың шайқылығын айттым. Ал Ғазиз салдардың ішіндегі
əдептісі ғой. Оның бар шайқылығы осы домбыра шерткендегі емін-
еркіндігінде.
Атасының əңгімесінен кейін Ғазиздің перне басып ішек толғауына
басқа көзбен қарайтын болды. Шынына келсе Ғазиз үшін күй нұсқасы
қиялға желеу ғана екен. Кез-келген күйдің кез-келген буынынан түседі
де жаңадан күй шығарып кете береді. Əрине, дəстүрден, күйдегі басты
өрнектен ауытқымайды. Бірақ қай күйге түссе де, оның қолынан
шыққан жаңа күй Əжігерейдің атасынан естіген күйлеріне ұқсайды
да, ұқсамайды да. Əрі өзі, əрі өзге. Жəне ең кереметі Ғазиздың
қиялынан шыққан қандай да өрнекті, күй емес деп айта алмас еді.
Ескі күймен иық теңестірген, қатар тұрған соны күй. Бұрын мүлдем
естіп-білмеген өнердің кенішіне жолыққаны анық еді. Бірнеше айдың
төңірегінде оның ерек өнерін мойындап бас иіп болған.


Атасы, жаңа машық қуалаған Əжігерейдің əр қадамын қалт жібермей
қадағалап отырды. Күн сайын, кейде екі-үш күн сайын бір рет кешке
қарай домбыра шерткізеді. Көп ештеңе айтпайды. Бірақ бетіне қан
жүгіріп, көзі жайнап отырып тыңдайды. Кейде, ішіне сыймай бара
жатқан сезім толқынысын жасыра алмай. — Ə, сайтан Ғазиз! — дейді
басын шайқап, таңдайын тақ еткізіп, — Не деген керемет!
Бір күні шыдай алмай Əжігереймен еріп барған.
— Күйің симай кернеп бара жатыр, — деді Ғазиздің төріне жайғасып
отырып жатып, — Екі ортадағы тасымал күйде не береке бар, өз
құлағыммен естиін деп келдім.
Ғазиз қанағаттана мырс еткен.
— Ой, Саба, сенің қараңды шала алмайтын, шаңыңа ілесе алмайтын
жаманбыз ғой біз.
— Сен өйтіп қылжақтама, — деді Сабыт, — Балама ұстаз
табылғанына қуанып жүрмін. Екеумізді салыстырған қай ақымақ. Əр
өнердің өз орны бар.
Сол күнгі отырыс əдеттегіден ұзаққа созылды. Сабыт домбыраға қол
тигізбей, кеш бойы тек Ғазизге шерткізіп отырды. Осы кеште бір
таңғажайып оқиға болды. Ғазиз бір дамылдап алып, келесі күйдің
тиегін ағытарда Сабытқа қарап сөз бастаған:
— Саба, енді бір күй шертіп берейін. Айтайын саған, бұл күйді мен
сенен үйрендім. Əрине, бала кезімде талай естіген едім. Бірақ бұл күй
сенің саусағыңа ілінгенде ғана мұратына жеткен шығар дедім. Қанша
үйрендім десем де жария қылып шертуге қолым бармайтын. Талай
тойда өзіңмен тізе түйістіріп отырдым, бірақ сенің алдында тартуға
жүрегім дауаламайтын. Сол күйдің кезегі енді келген сияқты. Артық я
кем кеткен жері болса, кешір.
Домбыраның бұрауын көтеріп, шынашағын ортаңғы, көсем перненің
үстіне қойды. Атасы шерткендегідей күмп еткен емес, еш қоспасыз
таза дыбыс шықты.
– "Зар Қосбасар” ғой, — деді Сабыт, сəл төніңкірей отырып.


Əжігерей таң қалды. Бұрын атасынан талай естіген. Сəруəрдің қалай
толғағанын да көрді. Арылмас, айықпас қайғы еді. Зарды зар
қуалайтын. Қыл бұрауға салғандай жаның ышқынатын. Қашан өткені
белгісіз, қашан тынары да белгісіз қасірет. Қашан қозғасаң да от-
тиектен өртеніп төгіле жөнелетін, астындағы қозы ешқашан
суымайтын қасірет еді. Ғазиз шерткенде күй табиғатының осыншама
өзгергеніне қайран калған. Домбыраның үнінде ...қайғы жоқ. Еш
қайғы... Бір көлеңке жоқ бұлтсыз аспандай... Бəрі де өтеді... Өтпейтін
дүние жоқ... Тозбайтын қайғы, өшпейтін қасірет болмайды... Бəрі де
өшеді, бəрі де өтеді... Қайғы ең ұлы өнеге... Қасірет ең ұлы тағлым...
Бірақ өмір бар емес пе... Иə... Өмір... Иə, қуанышынан қайғысы көп.
Бірақ қасірет пен азап... бел асырды емес пе... Домбыраның үнінде еш
қайғы жоқ... Бірақ осы мөп-мөлдір тазалықтан басқа бір қасірет
қозғалып, ой-өлкеңнің бұрын өзің танып-білмеген жаңа тарабына аяқ
бастырғандай. Иманға тіл бітсе осылай сөйлер еді. Əжігерей өзінің
кемел тартқанын шамырқана, қуана сезінді.
Сабыт көкірегі қарс айрыла күрсінген.
— Ах, шіркін! Күйің мөп-мөлдір, бірақ қамрығы екі есе артылып
түсті.
Ғазиз шаршап қалыпты. Домбыраны Сабытқа ұсынған. Сабыт
жымиып, алмаймын дегендей басын шайқады. Бұдан кейін күй
шертілген жоқ. Кеш бойы басқа əңгіме айтылған. Əжігерей, кешкен
күйі бойына сыймай далаға шығып кетті. Биік қырдың басынан
алыстағы көгілдір тауларды, сілбі жауынның астында бұйыққан
орман-тоғай, суы қарайып үнсіз ғана ағып жатқан өзенді, бүкіл өңірді
шолып өтті. Бабаларының өмірді, тіршілікті неге осынша сүйгенін
енді түсінгендей.
Кешке үйге келгеннен кейін Сабыт домбыраны алдына өңгеріп,
ойланып сəл отырды. Содан соң күрсіне тіл қатқан.
— Əжікен деймін. Бағана, анау Ғазиз атаң күй шерткенде басыма ой
келді. Осылай шертіп үйрену үшін тағы бір рет өмір сүруге болады-ау
дедім.


Арада тағы бірнеше апта өткенде енді Сабыттың алапасы артқан. Бір
күні Ғазиз əлдебір белгісіз күйдің шолақ иірімін шертіп үйретті де, -
Сабаңа осыны тартып берші, — деген.
Кешке Əжігерей екінші ұстазының тапсырмасын орындап атасына
шертіп берді. Сабыт шалқасынан түскен.
— Мынау... мынау “Балбырауын” ғой. Ой, Алла, бұл не керемет!
— Несі керемет, — деді Əжігерей. — Шоп-шолақ бірдеңе...
— Бұл Тəттімбеттің жоғалып кеткен “Балбырауын” деген күйі, —деді
Сабыт қуанып. — Баяғыда Илəпіден ала алмай қалған көп кереметтің
бірі осы еді ғой. Тəңірім, көзің түзу екен. Кəне тағы бір шертші.
Екінші қайырғанда-ақ үйреніп алды. Бірнеше қайтара шертіп, содан
соң орнынан тұрып кетті. Қатты толқығаны көрініп тұр.
— Əжікен, — деді содан кейін, — Сен енді бірнеше күн домбыра
тартпа. Родияны өшіріп таста. Күйге көлеңке түсіріп үркітіп аламыз.
Маған бірнеше күн тыныштық беріңдер.
Əжігерей атасының таңғажайып қылығын неше күн бақылады. Сабыт
əуелі домбыраның табалдырық тиегін тұрған орнынан алып төмен
қарай жылжытып қайыра бекіткен. Домбыра екі есе қысқарып қалды.
Шолтиған мойындағы пернелер де бір-біріне тым жақын барды.
Бұның не үшін екенін түсіне алмаған.
— Ештеңе сұрама, — деді атасы бұның үнсіз сұрағына.
Күні бойы осы қысқа домбыраны тартады да отырады. Əжігерей
тыңдап отырып, атасының шертісі жүйесіз, бейберекет екенін
ажыратты. Бұрын жоқ əдет бастап, қалай болса солай сабалап тартады.
Əдейі мазақ қылып отырғандай. Ара-арасында бір əуен шалынады.
Сол əуенді қуалай жөнеледі, артынша бір қайырымда одан да
айрылып, тағы да берекесіз шертіске салады. Кейде домбыраны
қойып, ыңылдауға көшеді. Кəдімгідей ыңылдап күй шертіп
отырғандай кей жерінде беті тыржиып қиналып қалады. Бірақ бұл
алғашқы күндердің əсері еді. Бара-бара қайталанбас ажарлы, қыздай
қылықты күйдің нобайы шалына бастады. Əжігерей ауыз үйде дымын


шығармай отырады. Бірақ атасы бұның ұрланып, тыңдап отырғанын
сезіп қояды.
– Əжікен, бара тұр, қарағым. Кедергі болма. Кейін естисің ғой, Құдай
жеткізсе, — дейді домбыраны қоя салып.
Əжігерей далаға шығып жаңағы сұлбасы көріне бастаған күйді
шіңкілдек домбырадан кəдімгі үлкен домбыраға ойша ауыстырады,
жаңа күйдің кемел өрнегіне сүйсініп, көзі жасаурап тұрып қалады.
Осылайша қанша уақыт өтті. Бір күні Сабыт таңертең күндегіден
ертерек тұрып, намазын оқып шайға отырарда домбыраны қолына
алды да күмбір еткізіп бір шертіп қалды.
— Күлбағила, бүгін қазан көтер. Қонақ келеді, — деді.
— Ол қай қонақ? — деді Күлбағила.
— Ғазиз бен Шерім, — Сабыт домбыраны іргеге сүйеп қолына кесесін
алды. — Кешке қарай келеді.
Күн батып, өрістен қайтқан малдың тұяғынан көтерілген ақтүтін шаң
мен азан-қазан шуы басылғанда Ғазиз бен Шерім келген. Төрге
жайғасып болғаннан кейін Ғазиз Сабытқа қулана қарады.
— Апырау, Саба, бір керемет келе жатыр-ау.
– Жобаң дұрыс, бірақ домбыраны қоя тұрайық, — деді Сабыт.
Кеш бойы əңгіме басқа тарапты ғана кезді. Қыстан қалған сүр желініп,
алдыға шай келгенде барып ерекше көтеріңкі көңіл күйде отырған
Сабыт домбырасын қолына алған. Қонақ келерден бұрын табалдырық
тиекті өз орнына желімдеп, жаңа ішек тағып əбден бабына келтіріп
қойған.
– Ал, Ғазиз, Шерім, бүгін мен бір тамаша көрсетейін деп отырмын.
Бұл бір, жоғалдыға саналған күй болатын. Сөйтсем, мынау Ғазизда бір
жұрнағы қалыпты. Əнеукүні Əжігерейден сəлем айтып жіберіпсің.
Бұл күйді ертеректе бір рет қана құлағым шалып қалған. Бірақ Илəпі
жарықтықтан ерте айрылдық. Шəкірттігім ерте аяқталды. Сонымен,
қанша талпынсам да алыс-жақын шеберлерден бұл күйдің ізін таба
алмадым. Күйдің жоғалғаны — адамның өлгенімен бірдей қаза. Осы


күйді мен, туысым өлгендей жоқтадым. Енді осы күй қайтадан тіріліп
отыр. Менің сендерден басқа сыншыларым жоқ. Күйді сендерге
тартып көрсетейін дедім.
Əуелінде көсем пернеде жеңгемсүйер сымбатты бір əуен шертіліп
тұрып алды. Содан соң төменгі сағаға түскен күй бұрын мүлдем
естімеген бір жаңа сырдың ұшығын шығарған. Адамда айтылмайтын
сөз болмайды. Басқалар айта алмағанды Тəттімбеттің жынысты күйі
айтып берді. Домбыра... көкіректің, жаңа ғана кешкен, қайталанбас
сезімді сұрап отырғанын сезгендей, көргендей, ындыныңды құртып,
ынтықтырып тағы да айтты... Қайрыла бере тағы да айтты...
Ғазиз бен Шерім мəңгіріп отыр. Сабыт күйдің басынан түсіп қайтадан
тартты. Əжігерейге күй ешқашан басталмағандай жəне ешқашан
аяқталмайтындай, осы күрең топырақ тұнжыр даланың үстінде мəңгі
шертіліп тұрғандай сезілді.
— Ойбой, — деді Ғазиз күй шертіліп болғаннан кейін, – Сөзім
таусылды, Саба.
Даусы тұтқырланып естілген. Жүзіне қайғының бұлты үйіріліп
көрмеген қарияның жаңа ғана ағыл-тегіл жылағаны көрініп тұр.
— Баяғыда ықылымға кеткен күй еді. Жұрнағынан іліндіріп алып
бірнеше күннің ішінде о дүниеден суырып алып бердім, не дауың, не
арманың бар, — деді Сабыт сəл алқынып.
— Ешқандай дауым да, арманым да жоқ, — деді Ғазиз, – Сен
кемеңгерсің. Асылық айтты деме. Адамның шын бағасын біліп айтқан
сөз мадаққа жатпайды.
Кейіннен Əжігерей қысқа мойын домбыраның сырын сұраған.
— Ол былай, — Сабыт домбыраны қолына алып ежіктей түсіндірген,
— Мойын қысқарғанда пернелер бір-біріне жақындағанын көрдің ғой.
Пернелер бір-бірімен мидай араласып, құрдай қатынасады. Мың
сөздің ішінде бір сөз — жөн сөз болатыны сияқты, домбырада да мың
қисынның ішіндегі біреуі — шын қисын болады. Соны есіңе
сақтайсың. Тағы бір қиыста қолыңа тағы бір қисын ілінеді. Оны да
моншақ құсатып жіпке тізіп қоясың. Міне, осылай жинай бересің.


Осылайша тар жерде табылған қисын жинақталып келіп күй болып
шығады.
Əжігерей таң қалды.
– Сонда қалай болғаны? Күйді осылайша құрастырып жасай ма?
Пəленнің пəленге арнаған пəлен деген күйі, табан астында шығарған
күйі екен деп аңызда айтылады. Соның бəрі өтірік болғаны ма?
Сабыт күлді.
Жоқ, оның бəрі рас. Пəленнің пəленге арнаған күйі дейміз. Оның бəрі
рас. Бірақ күй, араның гүлден бал жинағаны сияқты, тірнектеп
жасалады. Пернені шиырлай салғаннан күй шықпайды. Сен дұрыс
түсін. Мен саған күйдін ең құпия сырын айтып отырмын.
— Саған қалай түсіндірсем екен, — деген одан кейін қиналып, —
Пернелер жақын тұрғанда бір-біріне бейім... сөйлеуге бейім болады,
түсінемісің. Шықпай, айтылмай, тынысы ашылмай тұрған күй,
пернелерді жақындатқанда айтылып қоя береді.
— Олай болса, ол қисынның күй екенін қайдан білем? – деді
Əжігерей.
— Көкірегің біледі, — деді Сабыт, — Тыңдап отырған адамға сенің
тартқаның күй болып көрінеді, күй болып естіледі. Ал оның сырты...
азап, қара тер. Есіңде болсын, еңбексіз ештеңе келмейді.
Атасы айтқан қызғылықты əңгіме ғана еді. Кейіннен бұл əңгіменің
қай тарапқа тартарын, қандай биіктерге жеткізерін, əрине, білген жоқ.
Бір жылдың төңірегінде Ғазиз да сарқылған.
— Сен сияқты адам ұзақ уақыт шəкірт болып жүре алмайды, — деген
бір күні. — Мен енді саған не үйретерімді білмеймін. Менен
аларыңды алып болған сияқтысың.
– Мен сенімен қоштасып отырғам жоқ, — деген одан кейін сөзін
үстеп. — Қашан келсең есік ашық. Қолыма тағы да қаңғыған күй
ілініп жатса, келерсің, аларсың. Сенен немді аяйын.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет