213
-
Тағы бірер күн аял қыл. Ертең сені Байдалыға жіберіп алғалы отырмын. Содан әрі
қайтарсың,-деді. Абай амалсыз көнді. Байдалы Абайдың көп сөйлеспеген кісісі.
Кешелер ол да Құнанбаймен араз кісінің бірі еді. Енді соған жібермек. Әуелі
Құлыншақ, кейін Сүйіндік болса, ол да бұрыннан ренішті адамдар. Ал енді, міне,
тіпті Бөжеймен тізе қосып, әрдайым жаулықты мықты ұстап жүрген Байдалыға
жібермек. Тегі әкесі өзіне жау адамдарға Абайды әдейі жіберетін болар. «Жау
барын көрсін, түсін танысын.
Тани келе, көре келе, әкесіне достығы, тілеулестігі
күшейсін» деген болу керек.
Абай осыныұқтыда, қатты толқып, қиналып ойланды. Шытырман. Бір сәтке
Абай өзі көлденеңнен қарап, шытырман ішіне жалғыз, құралсыз, әлсіз күйде еріксіз
кіріп бара жатқан өзін көргендей болды.
Құнанбай Абай мен Қарабасты Байдалыға жіберді. Құлыншақ пен
Сүйіндіктей емес, Байдалы бұларға жылы шырай бермеді. Сырты үп-үлкен ақшыл
үйге Абайлар кіре бергенде-ақ Байдалының бір нәрсеге қатты ашуланып, айқайлап
жатқан үні естілді. Үй ішінің жанжалының уақытында Абайлар сәлем беріп кіріп,
төрге шығып отырысты. Үлкен қара сақалды, суық түсті
Байдалы қонақтардың
бетіне қарамай, мойнын есік жаққа бұрып отыр. Аздан соң күбі піскен қатынға
қарап:
-
Қымыз әкел, ас ауыз тигіз мыналарға!- деді.
Кішірек ағаш тегенеге құйылған қымыз келген уақытта Байдалы өзі сапырып,
өзі құйып, қонақтарға бір-бір шараны берді де:
-
Барыстарың қалай? Не шаруамен жүрсіңдер?- деді. Абай өзі келген шаруасын сол
арада айтты. Әңгіме тағы жер жайынан. Құнанбай, ел жайлауға шығардан бұрын,
былтыр өзі Қарашоқыдан көшірген Бөкенші, Борсаққа Жігітек жерінің жапсарынан
жайлау берген болатын. Сол ретте осы Байдалының Қаршығалы Қопа деген
қоныстарына «Сүгір мен Сүйіндік ауылдары қоса қонсын, бірге жайласын!» -
депті. Абай қымызын ішпей алдына қойып отырып, сол шаруаны айтып шықты.
Бұл сөзді есіткенде Байдалы қабағын түкситіп жіберіп қатты түйілді. Кірпік
қақпай, шұғыл ойланып, үнсіз отырып, ақырында:
-
Құп болсын! Қонсын Сүгір мен Сүйіндік, не деуші едім!- деді. Жақтырмаса да,
күйіп отырса да, амалсыз байлауын бір-ақ кесіп, бір-ақ түйді. Бірталай уақыт үй іші
үнсіз болды. Абай қымызын ішіп болып, рақмет айтып, енді жүргісі
келгендей
ажар білдіргенде ғана Байдалы ырғала түсіп, сөйлей жөнелді.
-
Айтқаныңа көндім. Бірақ сөз ұғушыма едің өзің? Әкеңе айтар сәлемім бар.
Бұлжытпай жеткізуге жараймысың, жоқ па?
-
Ойдағыңыздың бәрін айтыңыз, ақсақал! Жеткіз дегеніңіздің бірауызын
қалдырмай апаруға уәде қылайын. Мен тек екі арадағы сәлемшімін. Дегеніңізді
жеткізбей кетсем, я бұрсам, қиянат болмас па еді? Мойнымда қарыз
қалдырмаспын!
-
Ендеше жаттан айтсам, сырттан айтқан болады. Саған айтсам, әкеңнің өз көзіне
айтқаным!- деп, аз бөгелді де,-«Татуластық, табыстық»
деп ек кеше тамам
Арғынның тобында. Сол татуласқан сиқым осы ма? Сенің әкеңе не жаздым осы
мен, Жігітек? Атаң Ырғызбайға атам Кеңгірбай оң батасын беріп, би сайлап еді. Өз
баласы, өз туысы жоқ емес еді ғой сонда. «Осы болсыншы» деп бермеп пе еді? Ал,
214
бұл болса, айналып кеп Жігітекті жаныштайды, жағалап кеп тағы Жігітекті
жентектейді. «Өлермен бол да, отқа түс, соныңды көрмей тоқтамаймын!» дегені
ғой мұнысы. Алмай тынбас сенің әкең! Осыны айт! Бір мен емес, «Жігітек сәлемі»
деп айт осыны! Ал, мына жерін алсын, бір бұл емес, тағы тапсын, тағы алсын!- деп,
қолын бір-ақ сілікті де тоқтап қалды.
Абай Байдалы сөзіне орай айтпақшы емес. Бірақ жақсы,
жаман деп сыр да
берген жоқ. Сәлемдерін ұғып болып Байдалыға қош айтпақ болып еді, Байдалы
тағы бір ырғала түсіп: «Әлі де тыңдап кет!» дегендей белгіетті.
Жаңағы ашумен күйген Байдалы енді майда қоңыр үнге түсіп:
-
Тақауда әнебір күндерде Қаратай, Бөжей, Байсал бар-барлығымыз Қаумен үйінде
түстеніп отыр едік. Жиын бір сөзден бір сөзге түсіп, шалқып отырып, ақыр аяғы:
«Жә, өзіміз көргенде мырза кім?» дегенге келді. Жұрт ойланып қалды. Қаратай
жауап беріп, «Мырза - Құнанбай»- деді. Тағы біраздан соң ол жиын: «Шешен кім?»
деді. Тағы Қаратай жауап беріп, «Шешен - Құнанбай»- деді. Екі бел асты. Аздан
соң және бір оралып кеп: «Жақсы кім?» десті. Әлгі Қаратай және жауап беріп:
«Жақсы - Құнанбай»- деді. Сол кезде Байсал басын жерден жұлып алып, саңқ етіп:
-
«Уай, Көкше, не оттап отырсың өзің?» деп, Қаратайға қадала түсіп,- Мырза
Құнанбай екен, шешен Құнанбай екен, жақсы Құнанбай екен!
Ендеше не көкіп
алысып жүрміз онымен?»- деді. Соған Қаратай іле жауап беріп: «Уай, тәйір-ай, мен
Құнанбайдың өзге жағынан мін тауып алысып жүрмін бе? Жалғыз-ақ «не
қылайыны» жоқ қой, сондықтан кетіп жүргем жоқ па?» деді. Сөз ұғатын бала
сияқтысың ғой!- деп, Байдалы осы тұста Абайға сығырая қарап отырып,- дәл осы
сөзді сенің әкең естімеген болар. Осыны да айта баршы. Кешірімі, мейірімі жоқ
екенін Көкше неше жерде көрді, білмеймін. Бірақ Жігітек соның жоғын күнде
көреді. «Кештім» дегенін бірде-бір көрмей-ақ кеттік қой!- деді.
Жол бойында ешбір жерде Абайдың аялдағысы келмеді. Оңай емес,
әлдеқалай емес, бүгін естігені ерекше. Байдалының аулынан ұзаңқырап
шығысымен Қарабасқа:
-
Жүр, жарысайық!- деп тебіне жөнелді.
Күн бата берген кезде аттарын қан сорпа қып Қарашоқыға жетті. Ауыл
сыртында кішкене тастақ төбе бар еді. Құнанбай Майбасар екеуі сонда отыр екен.
Абай аттан түсе бере, шылбырын Қарабасқа тастады да, аял қылмастан әкесіне
қарай тартты. Ал мынау Абай үйге кірмей, асыға басып дөң басына келеді.
Әншейіндегі салмақты, қоңыр баяу Абай емес.
Баласы тақап келгенде, Құнанбай:
-
Немене, балам? Неден ширықтың, жөніңді айтшы!- деді.
Абай әкесінің төменгі жағына отыра беріп, бүгін Байдалыдан есіткен
сөздерді бұлжытпастан, жалғыз түйірін қалдырмастан түгел айтып шықты.
Әкесінен көз алмай қарап отырып сөйледі. Абай әке көзінен жасқанған жоқ.
Байдалының дауын соншалық зілді, ұтымды күйде
айтумен қатар, мына бала өз
сұрағын да осы араға қосып отырған сияқты. Әке мен бала ең алғаш рет шыңдасып
бет ашысатын белге келгендей еді.
Абай әкесінің жауабын ғана білмек еді. Ойландыратын жауап естіді.
Құнанбай аздан соң ғана барып, әлгіден де жуасыңқырай түсіп:
215
-
Адам пенде ғой! Пенденің жоқ-жіті толған ба?- деді. Қияласа да өз мойнына кінә
алып отыр. Бұл кезде Абайға әкесі жадағай көрінбеді. Кінәға, дауға жүйрік
Байдалы сияқты емес. Ол шешендіктен көрі басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай
жан емес. Қабат-қабат шың сияқты. Құнанбай өз ойымен кетсе, Абай өз көңіліндегі
түйінін аяқтата алмаған, өз дағдарысымен кетіп еді.
Достарыңызбен бөлісу: