Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы



Pdf көрінісі
бет108/122
Дата19.09.2023
өлшемі2,12 Mb.
#108500
1   ...   104   105   106   107   108   109   110   111   ...   122
Байланысты:
фольклор

ҒАШЫҚТЫҚ ЖЫР 
 
 
Жалпы сипаты.
Қазақ фольклорында екі жастың махаббаты туралы 
әңгімелейтін эпикалық шығармалар бар. Оларды фольклортану ғылымы 
«лиро-эпос» деп атайды. Қазіргі шақта «романдық эпос» деген атау да 
орныққан. Біз қазақ ұғымына түсінікті, әрі ел арасында айтылып жүрген 
«ғашықтық жырлар» деген атауды қолданғанды жөн көрдік. (Рас, кейде 
синоним ретінде «романдық эпос» тіркесін де пайдаланамыз). 
Екі жастың бір-біріне деген сүйіспеншілігін жырлайтын эпостарда, 
негізінен, махаббат отына жанған қыз бен жігіттің қосыла алмай, трагедияға 
ұшыраған тағдыры баяндалады. Әдетте, олардың бақытына кедергі болатын 
нәрсе – ата-аналардың қарсылығы, немесе қызға ғашық басқа жігіттің 
жауыздығы, я болмаса екі рудың араздығы болып көрсетіледі. Міне, 
тақырыптың, оқиғаның осы негізде өрбуі бұл шығармалардың ел арасына 
кең таралуына себеп болған. 
Ғашықтық жырлар көркем фольклордың даму барысында батырлық 
эпостан кештеу қалыптасқан, бірақ бұл қаһармандық жыр мүлде өшіп, оның 
орнына романдық эпос келді деген сөз емес. Эпостың бұл екі түрі көп уақыт 
бірге, бір-бірімен байланыса, қатарласа өмір сүрген. Сондықтан олардың
ұқсастықтары да аз емес, айырмашылықтары да баршылық. 
Ғашықтық жыр да, батырлық жыр да эпос жанрына жатады, сондықтан 
олардың 
жалпы 
поэтикалық 
сипаты 
ұқсас. 
Айталық, 
сюжеттік 
құрылымдардың бір типті болып келуі, образдар жүйесіндегі біркелкілік, 
яғни кейіпкерлердің тек біржақты суреттелуі, өлең құрылысы мен 
бейнелеуіш құралдардың біртектілігі секілді белгілер эпостың екі түрінде де 
кездеседі. Бұлар эпос жанрының табиғатынан туындаған ұқсастық. Сонымен 
бірге батырлық жырдың ғашықтық эпосқа тигізген әсері де бар. Мәселен, 
қызды сүйген жігіттің образында қаһармандық қасиеттердің болуын, 
қыздардың бейнесіндегі әдемілік, адалдық сияқты қасиеттермен бірге 
ержүректік пен қайрат-күштіліктің көрінуін батырлық жырдың ықпалы деуге 
болады.
Солай бола тұрса да, романдық эпостың өзіндік белгілері де көп. Ең 
алдымен, оның басты тақырыбы – соғыс емес, бейбіт өмірдегі екі жастың 
махаббаты. Сүйгеніне қосылу үшін күрескен қыз бен жігіттің бүкіл тіршілігі, 
іс-әрекеті кәдімгі қазақ аулында өтеді, сол себепті елдің тұрмысы, салты, 
ғұрпы жан-жақты көрсетіледі. Ғашықтық жырдың күллі бітімі, ауаны – 
тынышты жағдай, кейіпкерлердің іс-қимылдары, тартысы – шым-шытырық 
емес, ал, оқиғаның өрбуі – баяу, кәдуілгі, күнделікті өмірдің ағымына сәйкес. 
Романдық эпостың тағы бір негізгі ерекшелігі – шығарманың аяқталуы көп 
жағдайда трагедиялы болып келеді. Аталмыш жанрдың сюжеттік негіздері
мен кейіпкерлері шығу тегі жағынан көне аңыздауларға да, кейінгі 
уақыттарда болған шын оқиғаларға да арқа сүйейді және оларды таза 
романтикалық пафоста баяндайды. Соның өзінде де эпостық мәнін 
жоғалтпай, кейіпкерлердің сезімдерін, олардың қуанышы мен күйінішін 


219 
суреттеуге кең орын беріледі, қаһармандардың адамгершілік қасиеттерін 
ашуға үлкен көңіл бөлінеді. Мұндай жағдай кейіпкерлерді шындыққа жақын 
етіп бейнелеуге, оларды аспандата әсірелемеуге міндеттейді. Егер батырлық 
жырларда болашақ батыр ғажайып жағдайда туып, жедел өсіп, ерлік пен 
күш-қайратын бала шағында-ақ көрсетсе, романдық эпоста бас кейіпкерлер 
әдеттегі адамдар сияқты ержетіп, есейеді. Мұнда қаһарман өзінің сүйіктісін 
де тек ерлікпен ғана емес, сырт пішін-келбетімен, ақылымен, өнерімен тәнті 
етіп, табындырады. Бұлай болуының себебі – ғашықтық жыр жанры 
қалыптасып, өркендеген дәуірдегі қоғамда жігіттің (қыздың да) идеалы 
өзгере бастаған болатын. Енді идеалды жігіт – тек қара күштің иесі ғана емес, 
ол алдымен өнерлі, білімді, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болды.
Жалпы, әлем халықтары фольклорының тарихына көз салсақ, ғашықтық 
жыр көркем эпос ретінде, негізінен, өркендеген феодалдық қоғамда 
қалыптасып, дамиды екен. Оның себебі бұл кезеңде адамдардың санасында, 
өмірде рухани өзгеріс орын алып, жаңа қоғамдық идеал пайда болатын 
көрінеді. Енді өмір сүру үшін тек батырлық көрсетіп, сыртқы жаулармен 
соғысу ғана емес, бақытты болу мақсаты алға шығады да, елдің сана-
сезімінде жеке адамның тағдыры мен әлеуметтік мәселелер көкейге қонып,
актуальді бола бастайды. Бұл тұста бүкіл мәдениет қайраткерлерінің, 
ақындар мен жыршылардың назары жеке адамның бақыты мен тағдырына, 
махаббат пен отбасы мәселелеріне ауысады. Мұндай өзгерістің болуы заңды 
еді. Өйткені, әрбір жаңа дәуір мен жаңа ұрпақ бұрынғы мұраны ғана 
пайдаланып қоймайды, олар өз талабы мен талғамына сай дүниелерге мұқтаж 
болады да, өз уақытының сауалдарына жауап беретін шығармалар тудырып, 
соған сәйкес кейіпкерлерді сомдайды. Өстіп, дүниеге екі жастың тағдырын 
баяндайтын көлемді эпикалық жыр дүниеге келіп, романдық эпос жанрын 
қалыптастырады. 
Біздің ғашықтық жыр жеке көркем жанр ретінде қазақ хандығы кезінде 
қалыптасқан. Әлбетте, оның кейбір сюжеттері мен сарындары өте ерте 
заманда пайда болған. Бұл тұрғыдан қарағанда, ондай сюжеттер мен 
сарындар сонау рулық қауымның ұғым-түсініктеріне, алғашқы мемлекеттер 
мен Түркі қағанаты замандарындағы наным-сенімдерге, дүниетанымға 
меңзейді. Мұның өзі романдық эпостың көркем түрге дейінгі даму жолы өте 
ұзақ болғанын аңғартады. Мұны, мәселен, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» 
жырынан көруге болады.


220 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   104   105   106   107   108   109   110   111   ...   122




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет