ӘМБЕБАП СЫНЫҚШЫ
Бөлімше орталығындағы Жақсыбай Тәкіловтің екі бөлмелі үйінен
«қырықтың бірі – қыдыр» тәрізді қонақ арылған күн болған емес. Ауызғы
бөлмеде бір-бірінен жас шамасын айырып болмайтын қара домалақ балалар:
біреуі – қонақтың қолына су құюға дайындалып, біреуі тәй-тәй, қаз-қаз басып
табалдырықтан аттап, енді-енді еңбектеген біреуі жата қалып жол қарап, ал
емшектен шықпағаны бесікте іңгәлап... у-шу, мәре-сәре, балалы үй – базар
болып жататын.
Төргі бөлмеде оң жақ қабырғадағы ақ дәке шымылдықтың ішінде
жиырма жыл сал болып қалған денесінің солып бара жатқанын сездірмей
арыстай ақикөз шал жатыр еді. Жанарын шел қаптаған су қараңғы болса да,
қонақты көкірегімен көргендей кеудесін жастыққа қарай көтере шалқайып,
бейнет көріп келген адамның қай туысқан, қай тума екенін сұрастырып,
ауруды алдарқатып отырады. Ара-арасында жылаған-сықтаған әлгі қара
домалақтардың дауысы қонақтың мазасын алады-ау дегендей сыңаймен:
-
Мына бір көзге көрінген бірді-екілі жаман немелер шетінен мазаң.
Құдайым берейін десе, қиын ба, ұлым кеш үйленіп еді, бар болғыр келінім
емшек сүтімен көтере береді, әйтеуір, - деп ақкөңіл шал аржағындағы
қуанышын жасыра алмайды.
Бұл осы өңірге аты әйгілі сынықшы Хасеннің Тәкілі дейтін қарт
болатын. Адамның он екі мүшесіндегі күл-талқан болып кеткен талай-талай
сүйекті ет пен терінің аржағынан сылып алғандай сықырлатып, қолмен
қойғандай қалап, құрастырып, сығымдап, сыналап қалыпқа салғандай ғып
жіберіп, талайдың сауабын алған сол қария осыдан біраз жыл бұрын көз
жұмды. Сынықшы қария көз жұмған соң құрдымның сағасындағы
Қазасалған ауылына жан-жақтан андағайлап, андыздап келіп жататын
жолаушылар да сап тыйылды.
-
Жалғыз ұлы Жақсыбайға Тәкіл сынықшының бірдеңесі жұққан жоқ
па екен? – деп жұрт жалтақтасты.
-
Жақсыбайға сынықшылық қайдан жұға қойсын. Қарттың қасиетіне
зер салу үшін ең алдымен адамға зерде керек емес пе, оның үстіне белі
қатып, бұғанасы бекігелі бүкіл бір ферманың бейнетін бір өзі арқалап, қара
жұмыс қажап тастаған Жақсыбайдың «осының не сиқыры бар» деп әке
қасиетіне мойын бұруға уақыты болды дейсің бе?..
Жалпы, сынықшылық – бақсылық, балгерлік сияқты түп-төркіні діни
нанымнан тарап, алдау, арбаумен тамырласып жататын жалған емшілікпен
үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүние. Сынықшыны өмірдің өзі
амалсыздан дайындайды. Асау үйретіп атқа мінген, барымта жасап, қарымта
қайырған, жаугершілік жорықтарға шыққан елдің ер-азаматы майыпқа
ұшырауы, бұғанасы тайып, белін жазымдауы, қабырғасын қиратып,
омыртқасын үзіп алуы, тобығын тайдырып, қолын шығарып алуы – табиғи
құбылыс. Дәрігері жоқ елде дала сынықшылары міне, осындай уақытта туған
ғой. Шыққан бұғанасын, тайған тобығын тар жерде тістеніп тұрып өздері
салып алып жүре беретін шыдамды да епті ерлер туралы шындық
әңгімелерді талай-талай естігенбіз, мүмкін көзбен көргендеріміз де бар
шығар... Дала сиқыршыларының сондықтан көп болуы да заңды,
сынықшылық әулеттен әулетке тараған кәсіп сияқты атадан балаға ауысуы да
заңды.
Ал соның жалғыз ұлы Жақсыбай ше?
Жақсыбай артық-ауыс сөзі жоқ, мінезге созымтал мың болғыр екенін,
он саусағы – өнер, кез келген істің иін салғаннан танып, бір көргенін екі рет
қайталаттырмай қағып алатын көздер де, құймақұлақ екенін де екінің бірі
біледі. Осы бөлімшеде қырқымның кезінде агрегатты ақаусыз жүргізіп,
машинканың жүзін қылаусыз қайрайтын жалғыз Жақсыбай, жаз бойы
шеберханасы жоқ көшіп жүретін шағын ғана шөпші ауылдың ұстасы да,
қайрақшысы да тағы осы – Жақсыбай, бөлімше орталығындағы жиырма
шақты үйдің жарығын жағатын электригі де, слесары да, монтеры да –
Жақсыбай. Техника төрт құбыласын түгелдеді десек те – қыс бойы орғыл-
орғыл құмның ішін жайлайтын бұл өңір қойшыларының ат шана, өгіз арба
сияқты қарапайым құрал-жабдықтарсыз күні жоқ. Жақсыбайдың үйінің
алдында шопандардың шыбығы кеткен шаналары, белдігі сынған арбалары
үйіліп жатады.
Атқа тік мініп, тік түсетін қазіргі көптеген қойшылар ағайын-
туыстығын салып, соның бәрін әйтеуір Жақсыбайға жөндетіп алады. Ал осы
өңірдегі отыз отар қойшының, оның көмекшілері мен күзетшілерінің
қаншама киіз үйі болса, соның бәрінің көктейтін керегелері, тезге салып
қайта иетін уықтары, қайта шабақтайтын шаңырақтары тағы да сол мың
болғыр Жақсыбайдың қолынан өтіп жатады.
-
Ой, осыны да іс деп, өзің жасап алмайсың ба, аржағында мойным жар
бермейді десейші, - деп Жақсыбай онсыз да салыңқы ұртын бір бұртитады
да: - Жарайды, тастап кет енді, - дейді.
Мұның үстіне ана бір жылдары Жақсыбайдың пеш түбінде қол көрік
үрлеп – күміс қақтап, аздап сақина-білезік соғатыны, тарамыс-таспасын
баптап, кебіс, мәсі тігетіні бар еді. Көргеннен көз ақы алмай қалмайтын
ағайын-туыстың әйелдерінен абырой таппайтынын білген соң – бұл кәсіпті
соңғы жылдары атымен доғарған. Сол Жақсыбай сынық салыпты деген хабар
ойда-жоқта дүңк ете қалды.
-
Кімнің сынығын салыпты, қай жері сынған екен, қалай сыныпты,
салған сынығы дәл түсіп пе, қолы жеңіл ме екен? – деген сауалдар мұндайда
өз-өзінен өрбіп жататыны белгілі ғой.
-
Өз сынығын өзі салыпты, - дейді, - оң аяғы ма, сол аяғы ма, әйтеуір
бір аяғын шөп тиеген машинадан құлап сындырып алған екен, бір апта
үйінде жатыпты, қайраны болмаған соң, қайтсін енді... Тәуекелге бел
байлаған да! Жақсыбайдың өз сынығын өзі салғаны рас, кейін де сынық
салуға талай рет оқталған. Тек батылы, тәуекелі жетпеген, Әлдебіреудің
«бейнетіне арашашы боламын» дегенде арандап қалып жүрермін деп
жүрексінетін. «Бас шығарамын деп көз шығарып алып жүрсем – сүйекке
таңба ғой» деп ойлайтын.
Қазақ «сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді ғой. Ал елу жыл сынық
салған, сол елу жылдың жиырма жылында төсекте екі көзі су қараңғы, сары
жамбас сал болып жатса да, адамның он екі мүшесіндегі сүйектің
қылтанағына дейін оймен бажайлап орын-орнына қойып жататын атышулы
сынықшының баласына оның көзі көріп өскен қасиетінің бір ұшқыны
қалайша дарымады екен?!
Әкесі: «Мен еріккеннен емес, ерегіскеннен сынықшы болдым», -
дейтін. Онысы шындық.
...Он алтыншы жылғы ұлы дүрбелеңнің тұсында Тәкіл қария ауыл-
ауылдың арасында ұрын жүріп, қыз-келіншекті аңдыған бозбала жігіт еді.
Жар жағалап, шаруа жайлаған Хасен әулетіндегі жеті-сегіз жігіттің ең
кенжесі Тәкіл - әрі серілеу, әрі содыр-сотанақтау болып өсті. Он алтыншы
жылдың аласапыран көктемінде сонау Ырғыз, Шалқар жақтан құрдымның
сағасындағы «Ұрыөткел» арқылы Әліби Жангелдиннің қызыл керуені Торғай
өңіріне өтерде ең алымен осы Қазасалған ауылының топырағын басқан.
Содан ол туған босағасына – Торғайға Совет өкіметі орнағасын оралған. Бір
аяғын сылтып басатын сол Амангелдінің сардары екен.
-
Аяққа не болған? – дейді әкесі ұлына.
-
Аяқ сынған. Соғыста жантәсілім, жанталас үстінде сынған аяғымды өз
қолыммен салып, өз белбеуіммен өзім таңдым, - дейді ол. Сөйтеді де, қызыл
фуражкасының күнқағарын көтеріп:
-
Революция үшін бір аяқты беруге болады ғой. Революция үшін жан
пида, - дейді. Содыр-сотанақ адамның өжет болатыны да рас. «Бұдан шығар»
деп ойлайды әкесі.
Өз сынығын өзі салып дәндеген адам өзгенің сынығын салмаушы ма
еді. Қария ойламаған жерден Амангелді отрядының сынықшысы болғанын
осылайша әңгімелеп отыратын.
Әкесі аңқылдаған ақ көңіл, адамға жақсылық жасауға жан ұшырып
отыратын кісі еді. Мүмкін оны әмбебап сынықшы жасаған осы қасиеті
шығар. Ал бірақ сынықты салу үстінде ауру адамның жантәсілім айқайына,
жалбарынған жалынышына қарасу теріс ағып кетсе де қарамайтын
қайырымсыз қатыгездің өзі де. Бейнетті кісінің сынған сүйегін сипалап
отырып, ол бір-ақ сәтте бар күшін бойына жинағандай арқаланып:
-
Ә, бәлем! – деп, айқайлап жіберер еді. Жиырма жыл бойы төсек
тартып жатқан тірі аруақтай – тек қана тірі көкіректің сылынып сүйегі қалған
салалы саусақтары тап осы сәтте кез келген атпал азаматтың атан жіліктерін
үгіп жіберердей сықырлататын.
Тәкіл қартқа сынық салдырған адамның аузынан:
-
Ойпырм-ай, мына кісінің қолындағы неткен күш, неткен қуат, - деп
таңқалғанын естір едіңіз. Сол осы өңірде атышулы сынықшының баласы «өз
сынығын өзі салды» деген хабар таралып кеткен соң, бұл ауылға арнайы
атбасын бұратын жолаушылар қайтадан көбейе бастады.
Әуелгі кезде Жақсыбай қорқа соғып, бір жағы ыңғайсызданып:
-
Ау, ағайындар-ау, мен өз сынығымды өзім салғаным рас, қате кетсе,
мүлт кетсе өзіме-өзім жауап беремін ғой, өзіме-өзім өкпелеймін ғой деген
тәуекелге барғанмын. Ал енді тәуекелдің бәрі тәжірибе емес қой, - деп
жалтарып, келген жұрттың бетін қаққан.
Сан түрлі кәсіппен айналысатын ауылда ғайыптан-тайып майыпқа
ұшырайтын, бір жерін сындырып, бір жерін шығарып алатын адам болмай
тұра ма?
Бұл – ауданнан алыс, облыстан одағай жатқан қиян шеттегі ауыл.
Сынған, шыққанды орнына сала қоятын, оңтайлап таңа қоятын дәрігер тағы
жоқ. Дәрігерге баратын көлік-көншік табан астында тағы таптыра бермейді.
Міне, мұндайда ауырған жан иесі амалсыздан Жақсыбайға келеді. Алғашқы
кезде:
-
Ау, мынаны мен сала алмаспын, - деп Жақсыбай сәл сақтық
танытатын. Ал аналар ағайын-туыстығына салып, қолқалап отырып алады.
-
Менің жаным сенің жаныңнан артық дейсің бе, салшы, әйда, тәуекел,
-
деп, қайсыбір әзілі жүретіндер сынықтарын Жақсыбайға зорлап салдырған
да кез болып жүрді.
Не керек, сонымен бірер жылдың көлемінде Қазасалған ауылында жаңа
сынықшы – Жақсыбай сынықшы шықты.
-
Бірер жылдың ішінде сынығын салған адамдардың бәрі қатарға
қосылып, құлындай ойнап жүр. Бірсыпырасы аудан, облыс орталықтарына
барғанда рентгенге түсіп, сынған жерлерінің қалай біткенін тексерткен
көрінеді. Шор боп бітіп, қор боп қалған әзір ешкім жоқ, әйтеуір, - деп
Жақсыбай бізге жымия қарады.
-
Ал енді осы сынықшылықта бақсы-балгерлік, әулие-әмбиелік сияқты
діни ұғымдағы нанымдар бар деп ойлайсыз ба? – деп сауал тастадық біз оған.
-
Сайтан алсын! – деді Жақсыбай бізге. – Қайдағы бақсы-балгерлік,
қайдағы әулие-әмбиелік. Ондай елестің ешқандай сиқыры менің басымды
айналдырған емес, өтірік айта алмаймын. Әкемнің ерегіскеннен сынықшы
болдым дегенінде жан бар екен. Ал мен ел еркіме қоймаған соң амалсыздан
сынықшы болып бара жатқан тәріздімін.
Ал бірақ, бір байқағаным – сынықшылық та кәдімгі кез-келген кәсіп,
кез келген өнер сияқты тәжірибені қажет етеді екен. Тәжірибеленген сайын
тәуекелшіл де батыл болады екенсің. Қолдың епсектігі, көздің қырағылығы,
көңіліңнің көріпкелі, зердеңнің зеректігі керек бұған қоса... – деп Жақсыбай
тоқталып қалды.
-
Сізді қолынан келмейтін ісі, білмейтін өнері жоқ, - дейді ғой. Соның
бәрін кімнен үйрендіңіз, қалай уақыт таптыңыз, - дедік біз оған сөз соңында.
-
Ағайын-туыс, ел еркіме қоймаған соң амалсыз сынық салып жүргенім
сияқты, қолымнан келетін дүниенің барлығын басқа түскен соң, амалсыздан,
еріксізден үйрендім. Мен балалықпен қоштаспай жатып әкем сал ауру боп
пеш түбінде жатып қалды. Оның үстіне көзінен айырылды. Семьяның
ауыртпалығы мұндайда жалғыз ұлдың мойнына түсетін әдеті емес пе? Пеш
түбінде, ақ дәке шымылдықтың ішінде жатып-ақ әкем шіркін мен білетін
дүниенің бәрін ауызша-ақ үйретті, - деп ол сәл езу тартып, әлденені есіне
түсіргендей болды.
* * *
Жақсыбай сияқты азаматтар туған топырағында шаруа әулетінің сан
қырлы қасиетін бойына сіңірген нағыз бесаспап, нағыз әмбебаптар ғой.
Олардың атамекен, ата дәстүр, ат кәсіпке адалдығы – азаматтық пен
адамгершіліктің, перзенттік парызды өтеудің тағылымды мектебі тәрізді.
Шаруа әулетінің жаңа ұрпағы алдымен әмбебап ағалардың осы мектебінен
өтуі лазым.
Жангелдин ауданы,
Қостанай облысы
ЖЫЛҚЫШЫ ТОЙЛЫБАЙ
Әлішер Навои атындағы колхоздың аға жылқышысы Тойлыбай Асанов
отызға биыл ғана толады. Бірақ әңгімелесе қалсаңыз, асықтай иіріліп, іші-
бауырыңызға кіріп кете жаздайтын осы бір қияқ мұртты қунақы да қағылез
жігіттің азаматқа тән толысу, өсу кезеңдерінің белестерін қатар
құрдастарының көбінен бұрынырақ артта қалдырғаны аңғарылады.
Осыдан он жыл бұрын осы өңірдің әйгілі жылқышысы Әбдіғапар
ақсақал жиырмаға жаңа жеткен кенже ұлы Тойлыбайға аға жылқышының
құрығын ұстатқанда ауылдастары жағасын ұстағандай болған.
-
Бәтір-ау, қаршадай балаға колхоздың күллі жылқысын сеніп
тапсыруға бола ма, жылқы бақпақ түгіл оның кейбір құрдастары
бақшасындағы бес-он түп қауын- қарбызын түптеп, өскен өнімді іске асыра
алмай жүргенде... – деп күңкілдескендер де аз емес еді.
Жиырмадағы жігітке басыбайлы батыл жауапкершілік тапсыруға
колхоз председателі де қарсы болды. Қарсы болмаған жалғыз әкесі:
-
Әуелі өзім бас-көз болам. Сосын өзі бағып кетеді. Баламның
тапсырған шаруаға ынта-ықыласы құлап, қатты қарайтыны ұнайды. Жиырма
жасында бір үйір жылқы баға алмаса – оның несі қазақ, - деп қарт жылқышы
әңгімені келтесінен қайырған.
Әкесі оған «азамат-жігітке артылар жауапкершілік – тұлпардың
жалында өйнап өс» дегендей сыңай танытқан. Енді міне, осыдан он жыл
бұрын Тойлыбай аға жылқышы болыпты дегенде таңғаларын да, таңданарын
да білмей, жағаларын ұстаған сол Тұрбат ауылы бұл күнде «Тойлыбай
айтты» десе тік тұрады. Бір ғана туған ауылы болса бір сәрі. Тойлыбай айтты
деген сөзге, Тойлыбай берді деген уәдеге, Тойлыбай тоқтады деген пікірге
бұл күнде аудан, облыс көлемінде ойлана, толғана қарайды, сеніммен
қарайды. Себеп не?
Тойлыбай Асанов перзенттік парыз бен қоғам алдындағы
жауапкершілік арқауын осынау жылдар ішінде бір сәт босаңсытпай,
азаматтық абырой биіктеріне әрі ширақ, әрі жедел көтерілді. Бір сөзбен
айтқанда, мұның бәрі оның ақ-адал маңдай терінің, адамгершілік парызы мен
азаматтық жауапкершілігінің қайтарымы сияқты.
Енді бүгін Тойлыбай отыздағы естияр жігіттің көзімен алды-артына
ойлана қараса, қоғам алдындағы ешбір еңбегі еш болмаған екен. Сонда осы
қайтарымның құпиясы қандай?
«Адалдықтың алдында адал бол, шындықтың бетіне тура қара» дейтін
әкесі. Асылы, кез келген азаматтық болмыстың қалыптасуына ең алдымен
үйі-ші, от басы тәрбиесіндей, соның ұйытқысы әке тағлымындай әсер ететін
ешнәрсе жоқ болса керек...
Өткен жылдың күзінде Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының
лауреаты, Жастар мен студенттердің Бүкіл дүниежүзілік ХХІІ фестивалына
қатысушы Тойлыбай Асановпен қазақ телевизиясы кездесу кешін өткізді.
Жасыратыны жоқ, ауылдастары айтулы жерлестерін теледидардан көруге
тойға қамданғандай күтінген. Тойлыбайдың еңбегін танып, өскен ортасын,
туған топырағын көрсету үшін телеоператорлар Тұрбат ауылының
тұрғындарын, оның өскен, өркен жайған келбетін көрсетуге тырысқан. Көзің
үйреніп кеткен құбылыстарды теледидардан көргенде тіпті құлпырып
кететіні бар ғой, оның үстіне ауылдастары қолына құрық ұстағалы еңбегі
жанып, меселі қайтпай, атақ-абыройға жетіп келе жатқан жерлестері өзі
туралы емін-еркін көсіліп, мархабаттана айтар деп ойлаған.
Бірақ Тойлыбай тіпті басқаша сөйледі. Рас, туған ауылының қол жеткен
табыстарын, осы ауылда еңбек етіп жүрген азаматтардың бар екенін, өзінің
осы абырой-беделге жетуіне сол азаматтардың да еншілес екенін айтпай
кеткен жоқ. Ал бірақ негізінен әңгімені өз кәсібі туралы сол төңіректе түйінін
таба алмай жүрген түйткіл мәселелер жөнінде өрбітті. Жылқышылық
кәсіптің оңтүстік өңірінде сырт қақпай қалып бара жатқанын, жылқы
шаруашылығына салқын сыңай бар екенін айтпай кете алмады.
-
Ау. Тойлыбай-ау, сонау Алматыға барып, теледидардың алдына
шығып өз абыройын жалпақ жұртқа танытып, ауылымыздың мерейін бір
көтере ме десек, өзіңді-өзің қамшылағының қалай? Жылқы
шаруашылығының көзден тыс, көңілден шеткері қалып бара жатқанын бір
сен емес, бүкіл жұрт біліп отыр. Онда сенің не шаруаң бар, сенің жылқың
аман, сенің жылқың жылына тоқсаннан төмен құлын беріп көрген жоқ, осы
өңірді қымызбен қамтамасыз етіп отырған да сенсің. Омырауыңда орденің
бар. Москвадағы сыйлықты сен аласың. Москвадағы қызыққа сен барасың,
соның бәрі тақияңа тар келіп жүр ме? – деп Тәкіш деген бір құрдасы
әзілдеген боп көкейдегісін қойып қалған.
-
Тәкіш, - деді Тойлыбай, - менің азды-көпті еңбегімнің қарымы
қайтпай жатқан жоқ, оны көзің көріп келеді ғой, мен оған несіне мақтанамын
және еңбегімді бұлдап жүрген тағы мен жоқ. Есіңде ме, екеуміздің бала
кезімізде біздің ауылда мыңға жуық жылқы бар емес пе еді, ал кәзір қанша,
үш жүздің үстіне әрең шығады. Бардың азайып, аздың жоғалып бара
жатқанына қалай жаның ашымайды?.. Жоғалып бара жатқан дүниенің орнын
шаруашылықтың басқа саласымен жауып жатқанымыз да рас шығар, ал бірақ
сонымен бірге ата дәстүріміз, ұлттық тұрмыс әрекеттеріміз жоғалып бара
жатса қайтесің... Сенің өзің қазір ат ерттей аласың ба, атқа мініп бір үйір
жылқыны қыстың көзі қырауда бір түн ықтатып шыға аласың ба, әйтпесе
биыл ғана туатын тұмса қулықты құлындата алар ма ең? Әй, қайдам... ал
бірақ, қымыз ішкің келетінінде дау жоқ, жылқының жал-жаясына және қарсы
емессің... Өйткені сен ауылда өстің ғой... – деді Тойлыбай биязы ғана жауап
бере тұрып, майдай мысқылмен қалалық құрдасын түйреп өтіп еді. Оның
«өйткені сен ауылда өстің ғой» деген сөзінің астарында кекесін мағына
болатын.
Ауылда өсуін Тәкіш ауылда өсті. Мектепті бірге бітірді. Өмір жолына
бірге аттанды. Әскери қызметті өтеп келген Тойлыбай аз ғана уақыт
колхоздың әртүрлі шаруасына араласа жүрді де, әке тілегі мен өз тәуекеліне
сүйеніп құтты құрықты қолына ұстады.
Ал Тәкіш құрдасы ауылға ат ізін ара-тұра бір салатын. Соның өзінде от
алуға келген адамдай құрақ ұшып, қапылып жүрер еді. Әсіресе, күзгі жиын-
терімнің кезінде жиірек көрініп қалады.
-
Ау, неғып жүрсің асығып?.. – дейді мұндайда бірге өскен бала
күнгі достар.
-
Әй, әкейдің огородынан бірдеңе алып кетейін деп келіп едім, -
дейді ол көңілі алаң қалпында. Сол Тәкіш ақыр аяғында Ташкентке
тұрақтады.
-
Милицияда істеймін ... Служба охранадамын, - деп қойды бір
кездескенінде.
Енді бұрынғыдай емес, ауылға келуін жиілетті. Әкесінің ескі үйінің
аржағынан еңсесі биік үй салуға кірісті.
-
Ақыр үй салғың келеді екен, туған ауылды қимайды екенсің, біржола
келіп тұрақтамайсың ба? – деген Тойлыбай бірде оған.
-
Ауылға келсем кім қуар дейсің. Ташкеннен мекен-жай алып алсам,
қос қанатым болмай ма? – деп қулық асырғандай көзін қысып қойған ол.
Тойлыбай бала күнгі достың теледидардан көргеннен кейінгі айтқан
«базынасына» емес, оның ылдым-жылдым мінезіне, өрісі тар, өресі төмен
ойларына налыған.
Енді міне сол Тәкіш таяуда артынып-тартынып келіп, өзінің туған
ауласына жүк түсіріп жатыр.
-
Көшіп келіп жатқаннан саумысың, - деді Тойлыбай амандықтан кейін
құрдасына.
-
Иә, көшіп келіп жатырмын, - дейді Тәкіш кінәлі адамдай Тойлыбайға
тіктеп қарай алмай, - баяғыдан бері анда-мында сенделіп бекер жүріппін, әй,
сенің ақылың бар ғой, сенікі әуелден-ақ дұрыс болған екен, туған ауыл –
алтын бесік екен ғой! Тәуекел! Енді сенімен бірге жылқы бағам, - деп
алақанын уқалап қояды.
-
Көрейік, көрейік, - дейді Тойлыбай бала-досқа кешірім көзімен,
ілтипат сөзімен жауап беріп тұрып. - Бірақ жылқыны жылқының тұяғынан да
қатты адам бағатынын білесің бе?..
Соңғы сөз Тойлыбайдың әкесінің сөзі еді. Иә, иә... «Жылқыны
жылқының тұяғынан да қатты адам бағады, қарақтарым» деп отыратын. Бала
көңілге «қатты адам» деген сөз түрпідей тиетін. Өз әкесін қайырымсыз қатты
адам дейін десе, маңайынан адам арылмайды, табалдырығынан кісі
үзілмейді. Әсіресе, жазда жайлауда отырғанда жылқышы үйінің дастарқаны
жиналмайды, сары тегештен қымыз құрғамайды.
Бұл сөздің шаруаға байланысты айтылғанын ес білісімен-ақ түсінген,
ал шындығына өмір тәжірибесі арқылы көзі бірте-бірте жетті.
Өткен жылы Жастар мен студенттердің Дүниежүзілік XII фестивалі
кезінде Моңғолиядан келген жылқышы әріптесіне әңгіме арасында Тойлыбай
әкесінің осы бір сөзін айтып еді, жылқы меңгерген ол да бұның сөзіне құлап
түскені. Бізде де дәл осындай теңеу бар, тек біз қылының қаттылығына,
серпінді ширақтығына теңейміз дейді ол. Қалай дегенмен, жылқышылық
кәсіп адам табиғатына өз ерекшеліктерін сіңірмей қоймайтыны сөзсіз екен.
Қайсыбір жылы қыста Тойлыбайдың небір керіскедей-керіскедей ту
биелері мезгілінен бұрын іш тастап жатты.
Жемшөп таусылған. Жер көктайғақ. Тебінге шыққан жылқының бәрі
тұяғынан айрылған. Әсіресе жылқы малының ашыққаны-ақ жаман екен.
Басқа мал сияқты көрінген азыққа ауыз салып, көрінгенді қажаламайды,
бірақ ашыққанын білдіргісі келмей көзі кіртиіп, дәрменсіз иесін аяйтындай...
Тойлыбай әр биенің құлыны өлгенін немесе аяулы аттардың бұрала
бұрлыққанын білдірмей осқырынып, тек танытқанын көргенде, іші-бауыры
езіліп, өксіп-өксіп талай рет жылағаны есінде. Жасыратыны жоқ, сол жылы
«жылқы қыс бойы тебіндеп шығады» деген солақай шаруа есебімен
жеткілікті жемшөп әзірленбеген. Жалған мәлімет, жалған ақпар берілген еді.
Міне, бұл оған өмірлік сабақ болды. Содан бергі жылдарда Тойлыбай
табынындағы әр жылқыға қыс бойы қанша шөп керек екенін өз мөлшерімен
алады, өлшеп жеткізеді. Кейде қайсыбір әзіл-қалжыңы жарасатын жігіттер
Тойлыбайға:
-
Әй, осы сенікі жасыңа жетпей жатып не қылған қатып қалған қатаң
есеп, - дейді.
Мұндайда Тойлыбайдың есіне бірден әкесінің сөзі түседі. Ал көкейінде
«мен өзім үшін емес, қоғам малы үшін, адамнан бетер ақылды да текті түлік
жылқы жарықтық үшін» деген ой тұрады. Көз алдына сол бір ақмылтық
қыстағы ашыққан жылқылардың аянышты кейпі келе қалады. «Ал, шаруаңа
мықты болмай көр» деп, іштей күбірлеп қоятыны бар.
Жылдағы әдет бойынша биыл да наурыздың бас кезінде Тойлыбай
жылқысының үйіріндегі мама биелер алдымен құлындай бастайды.
Неге екені белгісіз, биылғы көктемнің бас кезінде кеш туатын кейбір
кексе биелер де, қыстан түгі таймаған жас қулық, байталдар да жедел-жедел
құлындап жібергені.
-
Ойпырм-ай, құлындар қарақұлақтанғанша, қапыл суық ұрмаса екен, -
деп Тойлыбайдың әйелі Үрліәйімнің жаутаңдай қарағаны рас.
-
Жо... жоқ, қалқам, қорықпа, кей жылдары ризық-несібе осылай
әуелден үстемелеп, үсті-үстіне келеді, - дейді бір кездегі тарлан
жылқышының бәйбішесі.
-
Аузыңа май, апа. Биыл жақсылық жылы болғай. Бесжылдықтың басы,
съезд жылы – шұғыл бетбұрыстар жылы. Онсыз да екі-үш жылдан бері
ауылымыз мемлекет алдында белшесінен қарызға батып қалды ғой, биыл бір
серпілу керек, - дегенде, баладай елгезек Тойлыбай өз-өзінен селт ете қалып,
өз орнынан өзі секіріп тұрады. Сол бетінде ол атқа қонады. Атқа қонады да,
тау бөктерінде биылғы көкке аузы тие бастаған жылқы өрісіне қарай желе
жөнеледі.
Ат үстінде аға жылқышы коммунист Тойлыбай Асанов анау кезден
бері сан рет қайтара оқыған Коммунистер форумының материалдарын өзінше
ой елегінен өткізіп келе жатады.
«Жеделдету кезеңі келген екен. Мен соған қалай жауап беруім керек»
Жылқыны ғой жылына екі рет құлындата алмайсың... Айтпақшы, Саяси
баяндамада еңбек қайтарымы туралы да тамаша тұжырымдар бар ғой... Осы
менің қоғамнан алғаным көп екен-ау... Қайтарғаным, еліме бергенім қайсы?..
Отыз жасар аға жылқышы Тойлыбай Асанов өткен өмір жолына ойлана
көз тастайды, көз жетпеген қалтарыс-құпияларын іздейді.
Бұл бір мазасыз, бетбұрыс көктемі. Адамның азаматтық белсенді
ойлармен беттесуі – адам факторының басты бір айғағы осы емес пе?
Достарыңызбен бөлісу: |