БІРЖАН САЛ. ҚОЯНДЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ
(поэма)
…Дақпырты жәрмеңкенің жетті бұрын,
Аралап кең өлкенің кетті қырын.
Уақыт –
екі ғасыр Өліарасы
Қадаған қатар-қатар кеп құрығын.
Уақыт –
екі ғасыр - Өліарасы,
Құбылған қас-қабақтай дем арасы.
Бірі – ескі,
алаңғасар ерке жасы,
Секілді екі дүние шекарасы.
Уақыт –
екі ғасыр – Өліарасы,
Қазақтың әлі бейқам кең даласы,
Жәрмеңке … өтсе яки жасауылдар,
Әйтпесе, шенді келсе елге аласы,
Сол кезде бір сілкініп, бір оянып
Қалады, бір ойланып бел баласы.
Уақыт –
екі ғасыр Өліарасы,
Дау-дамай қаңқу толы ел арасы.
Еліріп елдің биі – «ел ағасы»,
Тұғыры, ойлайтыны –томағасы.
Еңіреп, өксіп-өксіп… тұр дағдарып
Жарлысы, жақыбайы, жалаңашы.
Уақыт –
екі ғасыр Өліарасы,
Құбылған қас-қабақтай екі арасы.
Бір дәуір – алдында тұр дар ағашы,
Бір дәуір – өрмеледі өрге тасы.
Қазақтың Қояндыдай жәрмеңкені
Көрген жоқ арғы атасы, бергі атасы.
Көрген жоқ мәймөңкелеп, жәрмеңкелеп,
Сауда істеп, тиын тауып, сәлден тілеп.
Өлшетсе кемдеңкіреп, сәлдеңкіреп,
Көрген жоқ көмек сұрап, жәрдем тілеп.
Көз сатып көрген емес және қазақ,
Тасынан таразының дәрмен тілеп.
Алса алған – дожыналап, долбарымен,
Алса алған – қадақ-қадақ салмағымен.
Алса алған – құлаш-құлаш кезіменен,
Алса алған – ауданымен, аумағымен.
Алса алған – байлығымен сесіменен.
Алса алған – ұлпатанын ұлтанымен,
Алса алған – босағасын көсігімен.
Ал берсе –үйір-үйір, қосақ-қосақ,
«Аз ғой деп үсті-үстіне асатпаспақ».
Бірінен біреуі асып, үстемелеп
Береді қанды қызыл қасап жасап.
Осылай, осылайша елу жылдан,
Ақ патша жәрмеңкені желі қылған,
Қазақтың кең даласын сол желімен
Жұп-жұмсақ желбезекке жемі қылған.
Алмай-ақ түз елінен ұрып, тартып,
Кісендеп жәрмеңкеге кіріптар ғып,
Даланың бөрілерін алған матап
Бөрінің құны емес пе – құныққандық!
Қызғанған қызыл итке таланғанын,
Білді ме, білмеді ме – талай қауым.
Ту қойға тарақ сатып алғанға мәз.
Ту бие бір бүтіндеп жамауларын.
-
Қайттық – деп, - Қояндыдан жәрмеңкелеп,
Келгендер дес бермейтін елге ентелеп.
Ісі жоқ алдамшы бір иіс суды,
Алғаны борша-борша термен төлеп.
Бұл қазақ әуей ел ме, әсіре ел ме,
Тым жомарт – дәмімен де, асымен де.
Тым жұмбақ күйімен де, әнімен де,
Сөзге мәрт – байғазысы, бәсімен де.
Тым жомарт, тым жомарттық, тым мәрттігі,
Морттығы емес пе екен – сынғақтығы.
Патша ағзам от шығарып біледі іштей,
Ұрғанда бір қаттыға, бір қаттыны.
Жомарт деп жомарттықа сене бермей,
Жұмбақ деп жұмбаққа жол бере бермей.
Тым мәрт деп мінезіне көне бермей,
Патша ағзам ұстап отыр бұл халықты
Торына тары шашқан бөденедей.
Қоянжым Қояндыны – иісмайлап,
Ақ патша басқа-басқа бір істі ойлап,
Көпеске балалайка, гармошканы
Саттырып құлағына күміс байлап.
Думан ғып, жәрмеңкені даңғаза ғып,
Еркіндік бергендей боп… елге жағып.
Ішіне түз елінің кірсем дейтін,
Ішінен сыр ала алмас пенде жарып.
Қоянжым - Қояндының жәрмеңкесі,
Қазақтың келетін жер сал-серкесі,
Солардың арқасында араласып
Жататын сахараның салқар төсі.
Айырбас ауыс-түйіс, мал мен мүлік,
Қалмасын орны толмай әбден біліп.
Көлгірсіп көпес біткен…сөзден сыңай,
Іздейді шыға ма деп әннен бүлік.
Біледі дүние жинап, дүние терген,
Үйірілер қас-қабаққа бір көтерген.
Үймелер қызыл көрсе құмырсқадай,
Тауықтай жаңа төккен күлге төнген.
Және үйір жылтыраққа, жылтылдаққа,
Бірінен біреуі асып, артылмаққа.
Күледі сылқ-сылқ етіп, сығыр көпес
-
Бере бер, теміріңді алтын жақ та!
Күледі сығыр көпес сықылықтап,
Күледі татар тілмаш сылқ-сылқ құптап.
Дейтұғын: «сарт садағам!» – сарт екеш сарт,
Күледі майлап алған мұртын мықтап.
Саудагер европалық, азиялық,
Арзанға түскеннен соң қазына құт,
Осынау дарқандығы дарақы елдің
Қызықтап салт-дәстүрін, сөзін аңдып.
Сыр тартып, суыртпақтап, әр қырынан,
Танылар талансыздық тағдырынан.
О, ғажап,
қойдай жуас момын елдің
Қайтерсің ақ алмастай алғырынан!
Ән қандай,
кең даладай көмей қандай,
Тойғандай,
ішпей-жемей тоғайғандай.
Осындай ән шығарған момын елдің,
Ішінде ашылмаған сарай бардай.
Мұңы ма,
махаббат па,
әлде үміт пе,
Әлде айтқан аманат па – мәңгілікке.
Әйтеуір қалдырған ел қалай болсын,
Тарихтың бір шетінде белгі, нүкте…
Әр тұстан, әр қиырдан, әр тараптан,
Келгенде сал-серілер ән боратқан.
Манағы дүние қоңыз пенделердің
Қалады дымы шықпай әруақ атқан!
Бұл кезде сығыр көпес, сарт сықсыңдап,
Күлмейді… барлығының күлкісі сап!
Бұл өзі ырду-дырду думан да емес,
Білгенге – ілкі сабақ, ілкі сынақ.
Көзге ілмей дүние-мүлік байды сыбап,
Сөз демей билер айтқан шарғысымақ.
Бөлектеу дүниеліктен, пенделіктен
Бұларды ойлантатын мәңгі сұрақ.
«Бұлар кім?
Бунтарьлар ма біздегі» деп,
Ұқсастық сығыр көпес іздеді көп.
Серігі – ән-күй екен…
Сезігі сол –
ән-күйдің айтары көп, іздері көп…
Ән мен күй. Мал мен дүние.Талан мен бақ,
Қоянжым – Қояндыда талайды арбап,
Дүниеден өзі биік өнерлі де,
Келетін дүние құлы – талай зар жақ.
Дүние-ай,
дүние деген шыркөбелек,
Біреуге үлде менен бүлде керек.
Біреуге рақат керек, мұң не керек,
Біреуге байлық керек, жыр не керек,
Біреуге патша керек, ел не керек,
Біреуге ханша керек, күң не керек.
…Бір жылы Қояндыға келді Біржан,
Күлкісі, күрсінісі мүлде бөлек.
Дүние көз алдында бір дөңгелеп,
Осы ойлар көкірегіне бір демде кеп,
Тарылып кең дүниесі бара жатқан,
Жіберді туған халқын жырмен жебеп.
-
«Базарың құтты болсын, ардақты елім,
Қоянды ту көтерген думан жерім.
Қарқара, сұлу Көкше –жер шоқтығы,
Сарыарқа алтын бесік асқар белім”. –
Деп келіп,
қайырмасын қайран Біржан,
Демімен жан-күйіне айналдырған.
Аймаққа алтын сәуле ұйытқандай
Дүйім ел дем арасы қайран қылған.
-
«Мөлт еткен көз жасындай күміс көлің,
Майда ескен қоңыр салқын жібек желің.
Оқжетпес, Көкшетауды мекендеген
Телқара ерке атанып өскен жерім».
Деп келіп,
қайырмасын қайран Біржан,
Қайырып, сағынышқа айналдырған.
Осында он-сан орыс…
басқа ұлты бар
Мынау ән – бәрін бірдей ойландырған.
Мынау ән, мынау бір үн, мынау сарын,
Татқызып сағыныштың шын кәусарын.
Халқының көтерді бір рухымен
Алдында саудагердің сынған сағын.
Дүниеге,
дүниелікке ділгер емес,
Бұл Біржан дүние қуып жүрген емес.
Біржанға дүние-мүлік неге керек,
Күнде той жүрген жері, күнде кеңес.
Бұл Біржан дүниелікке ділгер емес,
Дүние үшін ән айтпайды күлді-көмеш.
Біржандай айта алатын қайсың барсың,
Біржандай бәрінде бар тіл мен өңеш.
Біржандай бәріңде бар тіл мен өңеш,
Айналаң Біржан көрген бірдей егес.
Біржандай айта алатын,
қайсың барсың,
Біржанмен жүректерің бірдей емес.
Біржанмен жүректерің бірдей емес,
Бірге өсіп жүрсеңдер де бірге іргелес.
Біржандай айта алатын қайсың барсың,
Шындыққа тура келсе, міңгірлемес.
Бұл Біржан сондықтан да дара Біржан,
Жүрекке халқын қалқан, пана қылған.
Атағы асып кетті сондықтан да
Атығай, Керей, Уақ, Қарауылдан.
… Сол Біржан – осы Біржан, қайран Біржан,
Келе сап Қояндыны қайран қылған.
Біржанды «келеді» деп күтуші көп
Жиналған исі қазақ ойдан-қырдан.
… Сол Біржан – осы Біржан, қайран Біржан,
Келе сап қайран қылған, ойландырған.
Ішінде көп болыстың күтінулі,
Көз алмай Көлбай-Жанбай қара қырдан.
Сонда да сырын шашпай томағалы,
«Келмесе, кетсін, - дейді, - одан әрі,
Бірдеңе аламыз ба, тәйірі алғырдан».
Біледі ел: Біржанның да мұнда барын,
Ел мұңын өз мұңы ғып жырлағанын.
Біледі ол Көлбай-Жанбай қитұрқысын
Ұмтылып Поштабайдың ұрмағанын.
Осы жол Көлбай-Жанбай қағып алып,
Біржанға қолы жетсе бағы жанып,
Кетердей болатұғын, себебі бар
Мал мен бақ әулетіне әрі дарып.
… Бұл жылдар – соңғы жылдар Қояндының
Көтерген тек сауда емес – ноян жүгін.
Саудамен саясаттың сыртын сылап,
Ақ патша аямай тұр аярлығын.
Халықтың кіру үшін ішіне үңгіп,
Табуға болғанымен не бір сұмдық!
Алдымен Біржан сынды тентектердің
Аузына салу керек темір сулық.
Айтқышын «айтағына» ергізе алса,
Асауын қой торыға жеңгізе алса.
Көргіштің, көріпкелдің көзін байлап,
Көнбістің ықпалына көнгізе алса.
Мінеки, бірінші айла – бірінші амал,
Бұл айла – бұл халыққа бұрын сонар.
Құрықты салу керек білдірместен
Жылдам ел – жылқы мінез ұғынса ығар…
Сондықтан Көлбай-Жанбай керек құрал –
Айласы іске асуға медет қылар.
Буынын алу үшін бұл халықтың
Жіберер буын құртын демеп бұлар.
Осы оймен күлән көпес – Столетов,
Мерезі іште шіріп, іште бекіп,
Тағы да бір айласын іске асырып,
Тағы да бір мерейін үстем етіп.
Халыққа шекесінен қарамаққа,
Өзгеден өзін биік санамаққа,
Біржанды Көлбай-Жанбай берсе матап,
Оны да ұпайы үшін салмақ отқа.
Оны да ұпайы үшін уысқа ұстап,
Түсірмек темір торға – құрыш қыспақ.
Біледі ол «бунтарьлардың» бүлік тілі
Қасарса қиып түсер қылышқа ұқсап.
Сондықтан Көлбай-Жанбай көсеуімен
Көсейді ол … қазақты өз кеселімен.
Бөрісін айдап салмақ, бөлтірігін,
Салымен, серісімен, шешенімен.
Күпті еді Көлбай-Жанбай күтінулі,
Тіккізген Біржанға деп бүтін үйді.
Біледі Біржан мысы жібермесін
Байлыққа күшенуді, күпінуді.
Сонда да байлық буы бас игізбей,
Көңілге алағызған басу іздей.
Өздерін алдарқатты: «Әуейге бір,
Үй тіккен бар ма аңғал - деп, - осы біздей…»
Бұл ойды сыртқа бірақ шығара алмай,
Тілдерін өзі тістеп шыдағандай.
Жаңа алған сеніміне Столетов,
Сенерлік бар ма ықпалы… сынағандай.
Сенерлік бар ма ықпалы…
сал-серіге,
Заманның араласып әр шебіне,
Халқының ұқсайды олар өлшеміне.
Солардың ең бунтарын ұстау керек.
Егерде көнсе ыңғай, көнсе ебіңе.
Солардың ең мықтысы көнсе ебіңе,
Көп амал керегі жоқ есебіңе.
Бунтарьға Біржан сынды, көпшік тастап –
Кейіннен айналдырмақ көсеуіне.
Біледі Столетов – кәрі сығыр,
Дүние бір тегершік – бәрі шығыр.
Алдаудың заңы – сауда саясаты
Айдаудың бұл халыққа заңы – Сібір.
Бұл үшін Көлбай-Жанбай, Біржан да бір,
Қайсына ісі түссе – бір зауқайыр,
Ұлдары отар елдің – бәрі де құл,
Ешқашан күтпейді бұл құлдан қайыр.
Сал Біржан шаршапты да, шаңытыпты,
Сонда да келді ән салып… жаны күпті.
Созады қайырмасын «ардақты ел» деп,
Ел жұртын жан-жақтағы сағыныпты.
Құшаққа елін-жұртын сыйғыза алмай,
Созады Біржан даусын… мұңды жандай.
Мұңы ғой ел-жұртына махаббаты
Қанбайтын мәңгі бақи бір құмардай.
-
Біржанжан!
-
Біржан аға!
-
Біржан құрдас!
(Біржанды танымайтын бір жан болмас).
Су сеуіп қанатымен Қояндыға
Келгендей бола қалды бір қарлығаш.
-
Сен кімсің?
-
Атбасардан, ат айдаушы,
-
Сен кімсің?
-
Қасапшымын, һәм қайрақшы.
-
Сен кімсің?
-
Мен кереймін –шын кедеймін,
-
Анау ше!?
-
Ә, ол ноғай, сырнай-бақсы.
Біледі – анау жалшы, анау малшы,
Біледі – анау би де, анау даушы.
Біледі – анау бай да әне, ылаушы,
Ал анау – күпір көпес, һәм алдаушы.
Ал анау – бірді бірге айдап салып,
Даттаушы, жала жауып жамандаушы,
Қоянжым – Қояндыда екі топ бар,
Залалсыз және соны залалдаушы!
Ешкім жоқ бірақ соны айта алатын,
Ешкім жоқ беттен қағып қайтаратын.
Көргенде осындайды … сал Біржанның
Үн-түнсіз қалатыны байқалатын.
…Шеттегі үй Біржан түскен көзге қораш,
Бұл үйде бірақ қазір өзгеше нәш.
Қалықтап қараша үйден ән қанаты
Жоқ еді әзіл-қалжың сөзде толас.
Біреулер біреулерге ілесе кеп,
Біржанды көріп жатыр…Міне, себеп!
-
Сайраған Орта жүздің дүлдүлі осы,
-
Азамат!
-
Ұл-ақ екен – үлесі ерек!
Ағылып әрбір тұстан жаппай халық,
Қараша үй жәрмеңкеге кетті айналып.
Қоянды ән-базарға ұқсап тұрды,
Дау-дамай, сауда-саттық тоқтай қалып.
Біржанға айқара ашпас кім есігін,
Сонда да қараша үйдің иесі кім!
Иесі емес пе ертең, беу, бейшара-ай,
Көлбай мен Жанбайлардың дүресінің.
Иесі – орта шаруа, отты кісі,
Маңдай тер, мехнатты ақтық ісі.
Біржанның «Айтпай сұлу» әніндегі
Айтпайдың жамағайын жақсы інісі.
Сал Біржан сонау жылдар көп салдыртқан,
Адамға ақын ынтық асқан жұрттан.
Арқада аяулы ару – Айтпай сұлу
Ұғысқан дос-жар еді қас-қабақтан.
Ал мынау сонда талай ат байлаған
Бала еді,
танып Біржан тоқтай қалған.
Кешегі қимасының көзін көріп,
Жанары жалғыз сәтте шоқтай жанған.
-
Ал, қалқам, бүгін сенде қонағасым,
Іздемен ел төресін, ел ағасын.
Тек, рас туған жұртты сағынғаным.
Өзің де білесің ғой ел арасын…
Хабар бер ел-жұртыма мен келді деп,
Бұйырсын солармен бір адал асың! -
Деп Біржан қараша үйдің төріне озып,
Қомданған сыпырғандай томағасын.
…Қараша үй айналған кез ән-базарға,
Осында сауық көңіл, сәнді ажар да.
Ортада Орта жүздің дүлдүлі отыр
Әлде кім менсінбесе алда-жалда.
Осында Қояндыға ағылған жұрт,
Жеткізбей дүние – түлкі, сабылған жұрт.
Дүниенің, пенделіктің құрсауынан
Бір сәтке босаған жұрт, арылған жұрт.
Созады Біржан даусын қоңыр қаздай,
Халқынан,
ел-жұртынан көңіл жазбай.
Жалғанның жалында ойнап,
айтады ол
Қалмасын уақыт озбай, өмір тозбай.
Жалғанның жалында ойнап отырса да,
Халқының мұңы толы ақыл-сана.
Жатқандай жүрегінде шемен болып,
Жібімей сел ұрса да, от ұрса да.
Бұл кезде күйіп-пісіп Көлбай-Жанбай,
Қыстығып, өз-өзінен қор болғандай.
Анада хабар беріп, қолқа салған,
Қолқасы енді, міне жер болғандай.
«Осы жол Қояндыға келсе Біржан,
Арнайы бізге түссін» деп шақырған.
Біржанның көңілі биік,
қайдан білсін,
Кергіген байлығына екі антұрған.
Біржанның бұл қылығын кешіре алмай,
(Ашуы тарқамайтын өшін алмай).
Даланың қанды балақ қорқаулары
Не шаппай, не шаба алмай, не шыдамай.
Іш қайнап, ұрынарға амал таппай,
Қарайды қараша үйге қабақ қақпай.
Көтерген Қояндыны өз басына
Өзінен басқа мұнда адам жоқтай.
-
Көрдің бе мынау иттің басынғаны-ай,
Түсірсек екен мұның бәсін қалай!
Бейшара-ай, өз бақытын басқа тепкен
Қасиетін не құндамай, не сыйламай.
Әйтпесе, ақ ордаға алты қанат
Түспей ме… даяр тұрған сән-салтанат,
Әуелі ұлықтарға көрсетпей ме,
Қазақтың күллі өнерін келсе арқалап.
-
О, пәлі-ай!
-
Молодец! Демей ме олар,
-
Бис-бис! – деп, жаны шығып жебейді олар.
Молырақ асатады көмейге олар,
Шен-шекпен бере алады беделге олар.
Ал бірақ соны білер Біржан бар ма.
Біржан ғой келе салған бұл жалғанға.
Шалқақтап, шатқаяқтап заманына
Өзі ырза,
Өзіне-өзі бұлданғанға.
Әйтпесе, қара табан көп қазаққа,
Ән айтып түсе ме адам текке азапқа.
Өз атын өзі осылай қор қылғаны
Өзіне қысастық па,
Жоқ, мазақ па!…
Әуей ме,
Әсіре ме,
Әулекі ме,
Жүрегін ашып-шашып елге түге,
Білмейді, жақаурату, жалтақтауды
Шындықты орнатардай жер бетіне…
Орнатар,
Иә, орнатар,
Ал, орнатар,
Түп-түзу сара жолдай заң орнатар,
-
Көреміз, - деді Көлбай, -
бас жағына
Өлгенде домбырасын ала жатар.
-
Қап бәлем! – деді Жанбай жанып көзі,
Хан да өзі, қара да өзі, халық та өзі.
Бұл иттің көз алдына өскен етті,
Сылитын келген екен анық кезі.
Сөйткенше Біржанға да хабар жетті,
Бұл хабар елеңдетті әлеуметті.
«Үйімде Қояндының игілері,
Күтеміз… бәлкім Біржан келер» - депті.
Ішінде қараша үйдің күлді Біржан,
Күлді де бір күрсініп тынды Біржан,
-
Мен сонда ұлық іздеп келіппін бе?! –
Ішіне қаны қатып тұрды Біржан.
Мен сонда Қояндыға ұлық іздеп
Келдім бе, сауда-саттық пұлын іздеп.
Саудагер, көпестердің құнын іздеп,
Жымысқы қулықтардың жымын іздеп,
Жылымдай сұмдықтардың сырын іздеп.
Соларға қызмет ете келіппін бе,
Әлде мен шен, шекпенге еліктім бе,
Әлде мен бақ-байлыққа қызығып па ем,
Өзімді ел-жұртымнан бөліппін бе,
Өзімді ел-жұртымнан бөлдім бе мен,
Бөлуге, бөлшектеуге көндім бе мен.
Кеудемде бір мысқылдай мұңым бар ма
Еңіреп елге айтпаған, ел білмеген.
Халықтың жаралған жан зар-мұңынан,
Зар-мұңын бағалайды барлығынан.
Біржанға бақыт, байлық неге керек,
Халқының ажыраса тағдырынан.
Ендеше, сол Біржанды ел-халқынан
Ешбір жан бөле алмайды бұл қалпынан.
Біржан да қарсы хабар жөнелтті енді:
-
Жіберер емес мынау туған-тумам!
«Түскендей илеуіне құмырсқаның,
Туғанын тапқан екен, туысқанын!»
Деді де Көлбай-Жанбай, тартты ішіне
Қанының қатып қалған бір мысқалын.
Кеш батты,
Іңір түсті – қоңыр салқын.
Қалың жұрт Қояндыда емен-жарқын.
Осынау қараша қос маңайында
Қарсы алып жатты Біржан келген халқын.
Небір ән жерде қалқып, көкке өрлеген,
Бүгіннің мұңын жалғап өткенменен.
Білгенге осы емес пе өз халқының
Көкірек – көзін ашып кеткен деген!
Сол кезде шекетулі ағаш күйме
Жақындап келе жатты қараша үйге.
Осы еді күлән көпес Столетов,
Аңдатпай сұмдығын да, пәлесін де.
Жыландай жымын жауып, жылжи келіп,
Мойныңа оралатын шынжыр болып.
Білетін қазақтардың ара жігін,
Кететін ажыратсаң құн-жын болып.
Талай жыл Қояндыда осы әдіспен,
Жан алған ылғи қанды-қасап іспен.
Даланың қанын сору айла-амалын
Үйреніп туғандай-ақ осы-ақ іштен.
Сұмдық та, сайқалдық та (сияды оған!)
Зымиян, ал өзінше - зиялы адам.
Дүниеге, атақ-баққа арын сату –
Қанына жөргегінде-ақ ұялаған.
Білген ол Біржан тегін әнші емесін,
Көргісі келген сосын әуселесін.
Жетеді бұл қазақта әулекі әнші,
Алатын «әлеулаймен» елдің есін.
Ал мынау…
ал мынаның даңқы бөлек,
Сипайды маңдайынан халқы да ерек.
Халқына бұл айтады қатты-қатты,
Түспеген тентек халық талқыға көп…
Бұл халық тезге көнбес, сөзге көнер,
Ісі ұсақ,
ірілікті көздеген ел.
Алауыз алтыбақан…
ал сонда да
Ұйытқы ұйымынан безбеген ел.
Ақынның айтқанынан аспаған ел,
Айланың құрығынан қашпаған ел.
Ақынын төбесіне тік көтеріп
Әкімін ақынымен жасқаған ел.
Әнеки, соған мысал Көлбай-Жанбай,
Намыстан әзер-әзер қалды-ау жанбай.
Біржанға бір қолқасын өткізе алмай,
Алдында дүйім жұрттың қор болғандай.
Осыны сезе сала Столетов,
Мерейін, асырмаққа үстем етіп,
Келеді Біржанменен танысуға,
Ішмерез – айла-амалы ішке бекіп.
-
«
О, Біржан!
Мырза, Біржан!
Сіз бе, Біржан?
Өнерге өле ғашық біз де бір жан.
Тәнті едім атыңызға сыртыңыздан
Талантсыз, туа салған… сіз не қылған!..
Таңғалам,
Атыңызды естіп сырттан,
Сом алтын кездескендей ескі жұрттан» .
Сумаңдап күлік көпес – күлән мінез,
Табанда талай рет қас құбылтқан.
-
«Рақмет, өнер сүйген қалпыңызға,
Бір дәстүр қанға сіңген халқымызда,
Қазақтың тууы да, өлімі де - ән,
Ән біздің – сертіміз де, антымыз да!
Дәм берер шаршағанда, шалдыққанда,
Әншіні сыйлайды елі сондықтан да!
Халықтың жүрегіне бұл қасиет,
Адалдық ар ісі боп орныққанда,
Халқының мұңын мұңдап,
қарсы тұрар.
Әншісі қорлықтарға, зорлықтарға,
Халқынан айыра алмас сүйікті әнін.
Иесін ажал алып, жер жұтқанда,
О, тақсыр, төрлетіңіз! – деді Біржан,
Өнерді жасардағы көзсіздікпен
Өнерді сүйе алудай Ерлік бар ма?!»
-
Һм… - деді, - ым, - деп қалды көпес сонда,
Тап болған жоқ екенмін топас жанға.
Көкжалдай көзсіз бунтарь осы шығар,
Жүздесіп жаңа ғана бет ашқанда.
Жүзің бар, бетің бар деп қарайламай,
Мынауың сөйлейді өзі қалай-қалай!..
Жүзіндей ұстараның қылпып тұр ғой
Ұстасаң қиып түсер абайламай.
Сезді ол ішкі есептен жаңылғанын
Бекерге қараша үйге сабылғанын.
Айламен алып түсіп,
наркескеннің
Шапқанын көрмек еді, шабылғанын.
Қолында ойлап еді ойнатпақты,
Ол үшін айла-амал да ойлап тапты.
Сондықтан қол қусырып Көлбай-Жанбай,
Үй тігіп, жағдай жасап, бәйек қақты.
Көзіне ілмегенін сездірмеуі –
Біржанның әдеті еді бәз күндегі.
Қылғынып Көлбай-Жанбай
қараша үйге
Қарайды құртыменен көздің жегі.
Мұндайда алып түсер жалғыз айла –
Сынаптай бой балқытар сөздің жөні.
Сол оймен күлән көпес «шабуылға»
Шыққанын тірі жанға сездірмеді.
«О, шіркін!
Біржанменен тамыр болса,
Түсетін алақанға салым қанша.
Бір әні – бір отар қой, үйір жылқы
Тағы да, зеңгі баба – табын қанша!
Ұстаса уысында Біржан салды,
Қайырып қажеті не қырдан малды.
Бұл қазақ өзек жарды шындықты айтса,
Өлімге бас тігерін енді аңғарды.
Ол үшін Біржандай от қолда ойнаса,
Өртесең сол отпенен – қан қайнаса,
Сол оттың әміршісі өзің болып
Өшірсең, «өлдім ғой» деп ойбайласа.
О, солай,
солай шіркін, жолың болса,
Қазақтың даласында алым қанша!
Өзінің құзғынымен көзін шұқып,
Өзінің бұлбұлымен жанды уласа».
Діттеген арманы осы – арамзаның,
Асырған арам ниет – заман заңын.
Біржанды ол бір-ақ сәтте тани қойды
Халқы үшін көзсіз, ессіз – жаралғанын.
Таныды,
таныды да тына қалды,
Сап тынды, сынық мінез – сынап әлгі.
Біржан да бала емес қой танымайтын
сұрқия сырдаң мінез сұм адамды.
–
Сіз Біржан таланттысыз?..
–
Онда не бар!
–
Құр бекер шашып жүрсіз…
–
Шашылса – аспанға ұшпас, жерде қалар.
–
Сіз сонда нарқыңызды білесіз бе?
–
Нарқымды халқым білер, ел бағалар.
–
Қырсық қой, қияңқы ғой,
қой, мынауың,
Көрдің бе, қияс-қияс ой бұрауын.
Халықшыл бунтарынан Ресейдің,
Аузынан түскендей боп айнымауын.
Түспесін құрығына сезіп бірден,
Көзінде жанған оттан сезіктенген.
Бірер ән тыңдаған боп, түсінген боп
Содан соң күлән көпес безіп берген.
Сол түні ол Орынборға хат айдаған,
«Арқада әнші бар, - деп атойлаған.
Ниеті патша – ағзамға терісқақпай,
Халықшыл, бұқарашыл – жат ойлы адам.
Халықты әніменен арбайды екен,
Надан ел соңына ерсе – қалмайды екен.
Түрі бар жүректерін жұлып берер,
Түбі оны назарға алмай болмайды екен».
Осылай Орынборға қарау хабар,
Жөнелді.. «жаңалығы» бар ойланар.
Бұрын тек алым-берім мал туралы
Немесе жүн туралы қанар-қанар.
Құлпырып жететұғын қызыл өсек,
Ел ішін оттай үрлеп, қаузап-көсеп.
Бұл жолы әнші жайлы кетті хабар:
«Бұл елде бекер екен жау жоқ десек,
Сонда кім,
мынау әнші іріткі емей,
Әр сөзі бұйда бұзар – бүлік көмей.
Заманмен жағаласып сөйлейді екен,
Алдымда патша демей, ұлық демей.
Қайткенде болмас мұның бумай аузын,
Тіл деген бірде тәтті, бірде жазым».
Осындай емеурінді еппен айтып,
Жөнелтті ол Орынборға тіл қағазын.
Сал Біржан, ақын Біржан, әнші Біржан,
Халқының жаралғандай жан сырынан.
Сондықтан өсек-ғайбат өтпейді де,
Тимейді көтергенмен қамшы бұған.
Сондықтан заманынан биік Біржан,
Халықсыз – тосап судай тұйық Біржан.
Заманының қоңырауындай кеудесі бар,
Зар-мұңы сол заманның ұйып тұнған.
Сондықтан ортасынан озық Біржан,
Ел-мұңын ет жүрекке жазып туған.
Сол мұңын – шырқап салған сазы ұқтырған.
Сондықтан қаймығады Көлбай-Жанбай,
Сондықтан күлән көпес безіп тұрған.
Біржан – ер, Біржан – көзсіз,
Біржан – нәзік,
Аз емес алдынан ор жүрген қазып,
Замана сауалы ғой – Біржан әні,
Сұраған кімнен кінә, кімнен жазық.
Қайтеді ол күлән көпес көлгірлігін,
Айырған Көлбай-Жанбай елдің жігін.
Қайтеді ол
Қояндының жәрмеңкесін
Қоспаса ортақ оймен ер кіндігін.
Қайтеді ол дүние-жиһаз, мал-мүлікті,
Онсыз да Біржан – Біржан, болды мықты.
Біржанның қас-қабағын бақты халқы,
Біржанның айтарына ел болды күпті.
Базары жәрмеңкенің әнге айналып,
Жан-жақтан Біржанды іздеп, жауды-ай халық.
Атағын Қояндының осы күзде
Әкетті Біржан әні шалғайға алып.
Сал Біржан сауық құрып, он күн, он түн.
Босатып ділгірліктен елдің еркін.
«Базарың құтты болсы, ардақты елім!»
Деп шырқап, халқын жинап жол жүрер күн.
Қол бұлғап, көзін шылап кете барған,
Кеудеде өкініш пен жетеді арман.
Аттанып бара жатты ол Қояндыдан,
Бүлікшіл «бунтарь» деген атақ алған…
Достарыңызбен бөлісу: |