Еңбегі былқылдап, басына шаш та шықпады.
–
Ширықпайтын шарана. Жылбысқы, жаман бала... – деп, әйгілі
невропатолог – профессор әйел үмітсіз таңдай қағып, ақ қалпақты
басын әлсін-әлсін шайқайтын.
Сонымен «цитомегаловирус» деген қатерлі сөз біздің үйдің есігін
аттады.
Кавказдықтардың бәріне есімі қатты ұнайтын менің ағылшын
әйелім Джан ештеңеге күйбелектеп, күйрей қоймады. Ол Тошаның
өлуіне жол бермеді, қозғалмауына, қимылдамауына ырық бермеді,
мүмкін сәби түк түсінбеген шығар, бірақ ол онымен күбір-күбір
сөйлесіп, күлдір-күлдір ым қақты. Ал негізінде, балалар шешесінің
құрсағыңда-ақ бәрін естіп, бәрін түсініп жататын көрінеді.
Бір күні таң атпастан Джан мені көзіне керемет қуаныш жасы
үйіріліп, иығымнан жұлқылап оятты: – Көрдің бе, әне, қарашы!
Мекемелік ДСП тақтайының қоңыр күлгін қалдығынан жасалған
бала керуетінің бүйірінен жылтыраған көздерінде болар-болмас
күлкі ойнап алғаш рет жабықтан сығалаған дүрбі сияқты қалт-құлт
етіп қозғалған кіші ұлымыздың ақсары жүзін көрдім.
Цитомегаловирус – ми талшықтарының бір бөлігін зақымдап, өз
дегенін істемей қоймапты. Бірақ қаһарының кәріне мінген Джан
дене тәрбиесінің жаңаша программасын тауып алып, викториандық
ыждағаттылықпен үздіксіз жаттығуға кірісті, үш адам бір жапырақ
балаға тыныштық бермей, қол-аяғын созғылап, қозғалмасына
қоймады. Үздіксіз жұмыс. Таңертеңгі оннан кешкі сегізге дейін
сексен жаттығу жасалады. Сонда басқа талшықтарға (клеткаларға)
жан кіреді екен де, бұзылған функциялардың жұмысын өз мойнына
алады екен.
Көмекшілер де пайда бола бастады. Кейбіреулердің қолдарынан
қол ұшымен, қол соғып көмектесу ғана келеді екен, кәкір-шүкір
гуманистік қарыздарын өтеді де, тайып тұрды. Мен көптеген
адамдардың тек қоғамдық тапсырма бергенде ғана еркімен жұмыс
ісіей алатынын сонда байқадым, ал өз ықылас-ықтиярымен ерік
таныту олардың үш ұйқтаса түсіне кірмейді. Әрине, жұмысты
өгіздей өрге сүйрегендер де болды.
Бұл ең алдымен Джанның өзі. Тоша ең бірінші сөзін «Зи» деп
бастаған, біздің үйдің періште-сақтаушысы, бұрынғы калугалық
медсестра Зина. Жылмаңдай қозғалатын, қара өріктей көздері
жайнаң қаққан геодезист – татар әйелі Валентина Каримовна – Ки.
Күннің шығатын Еліне, атын естігенмен өзіне байланысты емес
себептермен бара алмаса да, – жапондықтардың бала тәрбиесі
туралы диссертация қорғаған украинка Вера – Ве. Шыққан тегі жер
аударылып келген поляктан, сібірлік аспирантка – психолог
Марина – Ма. Әйгілі ватерполист, жәй ғана жақсы адам, еврей –
Игорь. Жасырын өлең жазатын, бірақ ешқашан ақын болмайтын,
есесіне керемет әке болатынына дау жоқ, абхаздық – студент
Валера – Ле. Илья Муромец пен астыртын ұйымды қолдайтын
миллионер Савва Морозовқа бірдей ұқсайтын, бірде сыйлыққа
ұтып алған май шам қоятын қола тұтқасын, бірде өзін аңсай күтіп
отырған Ярославльдан әкелген бір банкі маринадталған ақбас
саңырауқұлағын алма-кезек алып келіп жүретін шофер әрі
бильярдшы Вадим – Ди. Менің үлкен ұлым Петя – Пе. Ең тәртіпті
көмекшілер – Тошаға жаттығу кезінде тек қана «Крокодил
Генамен» тең түсетін «Black sheep» сүйікті әнін орындап беретін,
шетелдіктер үшін орыс тілі институтында оқитын ағылшын
студенттері. Тоша студенттерді Дж, Э, Ру, Мэ деп атады. Ал
Джанның қиын есімін сиқырдың күшімен атағандай бірден атап
кетті.
Баланы аяғынан тік тұрғызушы тұтас бір интернационал
құрылды. Бұл интернационал оны мүсіншінің тасты илегеніндей
сылап-сипап, баптап, бипаздады. Бұл интернационал одан адам
илеп шығарды. Соның себесінімен, осы бір кішкентай адам
алдында жанып тұрған отты үрлеп мәз-мәйрам еңбектей бастады,
пыс-пыс етіп мұрнын тартқылап баспалдақпен жоғары-төмен
жүгірді, бір қабырғасынан бір қабырғасына аунап, мөп-мөлдір ауа
маскасының ішінде пыс-пыс етіп, арқан әткеншекпен үйдің
төбесіне секіріп, шешесіне тартқан шегіргүл көздеріне ой жүгіріп,
бұрын қозғалуға келмейтін ағаш аяқтарына жан бітіп, жерді бірте-
бірте нығырақ, мығымырақ баса бастады.
Бірақ біздің үйге енді сырттан көз салатын байқағыштар пайда
болды. Баланы сіріңкемен ойнатқанға шоши қарайтындар табылды.
Оларды шалқасынан ашып тасталған желдеткіштер де
түршіктіретін. Октябрьдің 25 жылдығы көшесіңдегі «Культовары»
магазинінің жалау сататын бөлімінің бұрын меңгерушісі болған бір
әйел, бізге үй басқарушы керегі жоқ па екен деп сұрай келіп, (ол өз
пікіріншё «үй қызметшісі» деген сөзді қор санайтын болғандықтан,
басқарушы деген сөзге баса мән беріп айтты) Тошаның төбеге ілулі
тұрған гимнастикалық асай-мүсейлері мен аспалы шығыршықты
көріп қапа болып, жалбарынған адамдай қолын көкке көтерді:
–
Ғафу етіңдер, құдайым-ау, мыналарың масқара, орта ғасырдың
азап құралдары ғой. Балаға ең алдымен тыныштық пен қынулы
тамақ керек емес пе?!
Тошамен тірнек жалғаса берді, көзінде таураттан тарағандай мұң
аялаған логопед-дәрігер Лариса ұшында шаригі бар сиқырлы
металл шыбықтың көмегімен оның аузынан жаңа дыбыстар естірте
бастады.
Ал алдыңғы күні біз оны шынтағынан демемей-ақ қойып едік, ол
тұңғыш рет тырбаңдап өздігінен тұрып, көпшікте секіргендей ескі
жастықтың үстінде құлдыраң қарғып: «қар» деп қиын сөздің жарты
қосығын айтты.
Шешелеріне күш салмай,
Петяны,
Саша, Тошаны
аяқтарынан тұрғызып,
жетер ме күшім демеуге,
өзіме жатты бейтаныс
өзекке тепсем егерде,
өзіме ғана жасаған –
жақсылық опа берер ме?!
Кампучия, Найробиларды
ракеталардан құтқарып
Жеткерер ме еді жетімін...
аспаннан түскен халық жоғындай,
жат бала да жоқ – кепілім.
Аддис-Абеба сәбилерінің бәрінің
аш құрсағына әл беріп, демеп, арқалап,
«Оқыр ма едің Шекспирді?» деп,
сыбырлар ма еді құлақтарына қалқалап.
Бангладеште аштықтан өлген
бозбала, бәлкім, сол ғана,
адамдық біздің әулетімізді
келтірер ортақ тәубаға.
Өз баласына қарамай, далаға тастап
Әлемнің күллі баласын бауырына баспақ,
Қоғамның жұмақ жобасы алдаусыратар
Ұяттың шегі бар ма екен, ал содан аспақ.
Шовинизмнің кей-кейде кеудемсоқтығы
Дүниелік дақпырт.
Дақпыртқа еремін бе мен?
Адамзатты өбу – әрине,
әдемірек қой
Құшақтасқаннан өзіңнің әйеліңменен.
Ал мен әлекпін құрлықты қырық та тесік
бітеймін бе деп,
толтырып үгітілгенін.
Күйеуі еместей, мен оның иесі еместей,
Күйеуі емеспін –
Масқара!
Тірі пендемін.
Өзектен шыққан өз ұлың тастанды болса,
талақ болғаны,
оның да жетім қалғаны,
Бала жаны үшін тиіспіз жан салуға біз,
Жанына қалай жөн тауып,
жол сала аламыз?
Ұшқары бірақ үйреткіш дағдыларымызға
Жанымыз болмай қалайша
жан сала аламыз?
Елші ғой ұстаз,
жәй ғана үйретуші емес,
Және де мектеп тәрбие перзентханасы.
Оқытатұғын әуелі хұқы алыңыздар
ал содан оқытар болар шамасы.
Бала жаны үшін тиіспіз жан салуға біз,
Қалайша бірақ?
(Сауалдар иін тіресті)
Бала қолында кезенген ойыншық қару
жүрек тілімдер не деген жиіркенішті.
Фюрерлер менен әмірші ешқашан да,
шықпауы үшін шырқырап барша жанымыз.
Ұятпен егіп, арменен, жанменен емдеп
бала жаны үшін тиіспіз жан салуға біз.
Үйреткіштіктің ойнатып әңгір таяғын,
бала жаны үшін күреске барудан бұрын,
ересектер-ау,
кез келді өздерімізге,
өз жанымыздың кірінен арылатұғын.
1972 жылы Миннесот штатының Сент-Пол қаласында металл
тіреулері мен арқандары алдын-ала абайламай алынып тасталған
жабық стадионның боксерлік рингінде тұрып мен американ
студенттерінің алдында өлең оқыдым. Кенет рингке жүгіріп келе
жатқан он шақты жас адамды көзім шалды. Мен бұлар мені
құттықтап қолымды қысайын деп келе жатқандар екен ғой деп
рингтің шетіне қарай шықтым. Соңғы сәтте барып олардың бет-
жүздері құттықтау нышанынан құралақан, қанын ішіне тартып
алған қытымыр, сұп-сұр, қолдарында бір тал гүлдері жоқ екенін
аңғардым. Зал ішін «а-ах!» деген көпшілік айқайы жаңғырықтырып
жіберді, өйткені залдағылар мен көрмегенді көрген; рингтің арт
жағынан шығып, менің ту сыртымнан тағы да бір топ жас жігіт
ұмтылып келе жатыр екен. Жауырынымнан тиген жазатайым соққы
мені «құттықтауға» қара таласып келе жатқандардың табанының
астына қарай үйіріп жіберді. Барлық әрекет бір сәтке жылдам
жымдастырылып, әдейі де әдемі жасалған екен. Құлап түскен бойда
олар мені сұлатып салып үсті-үстіне аяқтарымен асығыс тепкілей
бастады. Жалғыз-ақ сол сәт менің есімде қалғаны: гүрзідей таба-
нына құлпынайдан жасалған сағыз орайтын қағаз жабысқан
альпинистің әбдіредей бәтеңкесі қабырғамды балғамен шеге
қаққандай солқылдатып жатты. Тағы бір байқағаным: өзімді үһілей
тепкілеп жатқан аяқтардың арасынан, тізесін бүгіп алып, мынау
тепкілеушілер тәрізді жанталасқан іскерлікпен мені суретке түсіріп
жатқан жап-жас фоторепортер қыздың дамылсыз қимылдаған
фотоаппаратының жарқылдары болды. Менің досым әрі ау-
дармашы Альберт Тодд мені бүкіл денесімен қаусырып маған
қарай ұмтылды. Актер Барри Бойс қайырып микрофонның аяғын
жұлып алып, сойыл сияқты сілтеп, байқамай жазықсыз полицейдің
тісін сындырды. Естерін енді жиғандай көрермендер мынау
бастырмалаған жүгенсіздердің қолдарын қайырып, кеудесінен кері
итерді, ал олар болса, мені әлі тепкілеп бітпегендей қалш-қалш
етіп, аяқтарымен ауа қармалап жатты. Бұлар Гитлерге қызмет еткен
бандеровшылардың АҚШ пен Канадада туған балалары болып
шықты, сірә, сонау соғыс жылдарында Қыс станциясына аяғы жете
алмай қалған фашизм мені Америкада қолға түсірмек болған болса
керек. Мен қиралаңдай орнымнан тұрып рингке көтерілдім де, тағы
да бір сағаттай өлең оқыдым. Неге екені белгісіз, денемнің
ауырғанын мен сезгенім жоқ. Кешкісін концерттен кейін манағы
жап-жас фоторепортер қыз менің қасыма келді. Ол қылдырықтай,
аққу мойнын жылан орағандай «Никон» мен «Хасенблаттың»
белдіктерімен орап, орамыштап тастаған екен.
–
Менің суреттерімді ертең бүкіл Америка көретін болады... –
деп, жаны жай тапқандай мақтана сөйледі.
Мүмкін кәнігі кәсіп иесі ретінде оның айтқаны дұрыс та шығар,
бірақ, неге екені белгісіз, менің онымен сөйлескім келмеді. Онда
адамдық қасиеттен гөрі, кәнігі кәсіп иесінің қасиеті артық боп
шықты, мен оған көмектессем деп едім. Кенет менің бүкіл тұла
бойымды құрыстырып төменгі қабырғамның жанымды көзіме
көрсетіп шаншудай сырқырай жөнелгені.
–
Сынық жоқ екен...– деді доктор жақын маңайдағы
госпитальдардың бірінде түсірілген суретке қарап тұрып. – Бірақ
сүйек шытынаған... Маған олар ескі жара — ескі жарықшақтың
орнын тап басып ұрғандай боп көрінді... Сіз бұрын-соңды
автомобиль авариясына немесе басқа бір қиын қақтығысқа түскен
жоқ па едіңіз?
Сол кезде барып мен бәрін есіме түсірдім. Менің көз алдыма әлгі
гүрзідей табанына құлпынайдан жасалған сағыз орайтын қағаз
жабысқан альпинистің бәтеңкесі емес, қырық бірінші жылы мені
базарда тепкілеген өкшесінде жартыкеш айдай темір тағалы
таңбасы жарқыраған алыпсатардың аяқ киімі келіп еді. Мен осы
оқиғаны докторға баяндап бергенімде, оның көзінде ас та төк
сезімінің жас тамшыларына ұқсас бірдеңе жылтырады.
–
Өкінішке орай, біз Америкада сіздің халық пен сіздердің
балаларыңыз соғыс кезінде қандай ауыртпалық көтергенін біле
бермейміз,..— деді доктор. – Бірақ сіздің айтқаныңыз менің көз
алдыма кино оқиғасын әкелгендей болды... Өзіңіздің балалық
шағыңыз туралы сізге неге кино түсірмеске?
Менің ескі жарықшағыма тиген тепкі —«Бала бақша» фильмін
түсіруіме осылайша түрткі болып еді.
Қабырғама түскен алғашқы жарықшақтан бастап мен фашизм
мен алыпсатарлықты бұл дүниеде бәрі-бәрінен жек көремін.
Жарықшақтан ұрады ескі
тепкілейді баладай.
Жас қалпымда және ұрады,
Соғыс таңып талайыма
бурыл тартқан самайыма
төпелейді қарамай.
Фашистер мен саудагерлер
барлық тірі, барлық жасты,
таланттарды табан асты
жасамақ боп – жатыпішер,
табады ойлап жанталасты.
Жарықшақтан ұрады ескі
қасапшылар, наубайшылар,
ескіше ұрып қоймайды олар,
жаңаша ұрар...
келешекке жалғай соғар.
Қара жүздіктер – әлемге ортақ.
Оған нейтрон айбалтасы –
антисемитизм қырғынындай
атом өрті – ойран басы.
Сәбиді таптап табанына,
бір тарының қауызына
сыйғызғандай елді күнде.
Террорымен зіркілдейді
төрткіл дүние бұрышында,
Жетіқат көк зеңгірінде.
Идеяларды илеп, таптап,
илеп елдер, халықтарды
Зар илетіп, зәрін шашты.
Қара жердің қаншама ескі
Жарасының аузын ашты.
Кез келген жойқын арасында мен
Алапаттарға шыдаймын.
Жарықшақ күллі сынықтарымнан
сына білмеуді құраймын.
Қара жүздерге қарсы күресте
аман емеспін,
амалдан
Сынған жоқпын мен.
Сынбаймын және
қабырғам шытынағаннан.
–
Не деген есі ауысқандар...– тағы да өзіне таң емес кезекті
былғаныш ғайбаттарын жаудыртқан «Меркурио» газетінің жаңа
санын қарап отырып Пабло Неруда бір мырс етіп жымиып қойды. –
Олар мені екі жүзді Янус деп жазады. Олар мені бағалай алмай-ақ
қойды-ау. Ал менде екеу емес, мыңдаған жүз бар ғой. Бірақ,
өздеріне ұқсамаған соң оларға менің бірде-бір жүзім ұнамайды...
Құдайға шүкір... ұқсамағаны қандай жақсы болған...
Чили үшін сирек болатын 1972 жылдың қарлы қысында Пабло
Неруданың кемеге ұқсас үйінің төбесінде қарлы қыстың қатал
қаһарын сезіп, сақтандырған шағалалар шаңқ-шаңқ етіп үйіріліп
ұшып жүрді.
Екі өтірікті сұққанда саған байқатпай
үшінші таңдау — таңдамау, таңдап ойланбау.
Біреудің тәлкек ойыншығы боп ойналып
Жағымпазға да, жалақорға да айналмау.
Өз азғыныңа өкпелеп...
Тоныңды отқа жаққанша,
азғынынан өзгенің күмәнді ләззат тапқанша
өлімтігін көрсетпей өлген жақсы иттей
Жатқаның жақсы жырада,
сайда көп болса.
Жалданбаймын деу жалданып тұрған жанымен –
интеллигентке айрылысу ғой арымен.
Жарнама жасап өз отанынан қол үзіп
не болады екен әрекетіне басқаның
және де бірге жасағаныңда тамызық.
Асқақ мұрат жолдарында астарласа, астаса,
«Колоколы» Шпрингерде жарық көре бастаса,
Герцен кезін көз алдыңа елестету қиындау
интеллигенттік дегеніміз –
болған тіпті басқаша.
Жауың сенің қорқау болса,
ұқсар досың жайынға,
бар үшінші таңдау бірақ,
оны былай пайымда:
Қырқыс-талас ортасында қатар тұрған екі орындық
өзді-өзінше екеуі де кір болса,
арасына отыра кет,
екеуін де алалама, айырма.
«Ара», «ортасы» деген сөзде дей алмаймын
таңдауымды мүлде мен,
екі кір-кір орындықтың ортасынан
шықпайды ғой күн деген.
Бар таңдауым – ортақ үміт жолындағы күресте
Азамат па?..
Дүниеде ортақ үміт бар екенін білмеген.
Қабылдайтын дүниемді –
қабылдадым еркімнен тыс жүгініп,
Күллі адамға ортақ күнә
деп ойлаймын түңіліп.
Халық алдында жылдым күліп,
жауырын бүгіп, иіліп,
Отанына жон көрсетіп,
жөнелсе жалт бұрылып.
Қол қысысып амандасқанымызда генерал Пиночеттің қолы маған
сонша бір тегеурінділік танытқан жоқ, қайта сүйексіз, қансыз,
мінезсіз боп көрінді. Ең бір есімде қалған қолайсыз жағдай – оның
алақанының салқын ылғалы болатын. Менің 1968 жылғы сарғайған
қойын кітапшамда Сантьягодағы «Лан – Чили» аэрокомпаниясы
басшыларының бірі шақырған кештен кейін, қонақтарға берген
қысқа мінездемелерімнің ішінде былай деп жазылған екен: «Ген.
Пиночет. Провинц. Қолы салқын ылғал». Біз онымен қолымызға
әлемдегі ең әдемі шарап – макулем құйылған бокалды ұстап тұрып
әлдене жөнінде әңгімелестік қой деймін. Егер оның кейінірек кім
болатынына көзім жетсе мен көп дүниені жадымда сақтап қалуға
тырысқан болар едім. Екінші рет мен оны 1972 жылы Ла
Монедадағы мінбер алдында президент Альенденің ту сыртында
өзінің сондай екеніне сендіргісі келгендей чили генералдарының
адалдығы жөнінде әңгіме айтып тұрғанын көрдім. Пиночеттің көзі
бетіне түскен прожектор жарығынан қара әйнекті көзілдірікпен
көлегейленген еді.
Үшінші рет Пиночетті мен 1984 жылы Буэнос–Айрестен
Сантьягоға асығыс ұшып бара жатып көрдім.
Аэропортта ілулі тұрған үлкен портреттен сәл-пәл қысыла,
ыңғайсыздана өзіне деген ырзалықпен ыржиған генерал маған: «Ә,
бәлем, сіз мені провинция» деп ойладыңыз ғой деп тұрғандай боп
көрінді. Пиночет портретінің астында бірде-бір чилилік газет
сатылмайтын газет киоскасы бар еді. Мен сатушыдан неге
сатылмайтынын сұрағанымда, ол маған бұрыла қарап, бүйрегі бұра
сыбырлады:
–
Өйткені оларда жазатын зат жоқ деуге болады... Бірыңғай
ақтаңдақ қағаз – цензура бояп тастаған... Керек десеңіз
«Меркуриода» солай... Сондықтан сатпаймыз.
Соның қасындағы кішкентай ғана сувенир магазинінде
Паблоның кескіні салынған көпшілік қолды чеканка сатылып
жатқанын көріп мен дір ете түстім.
Оны саудалап жатқандар Паблоның өзін өлтіргендер еді.
Күрсіністердің көпірінде мен –
өз елесім боп туғанмын,
сағадан шапшып сапырылғанда құйылыстары сулардың.
Бұл жерде көптен түндер бойына дем алмайды ешкім
күрсініп,
бұрынғы болған күрсіністердің –
бәрі де өлген тіршілік.
Пальмалар түбін ажал қанжары
тімтімей мұнда кетпейді,
елес болғаның жақсы ғой одан
ешқандай қанжар өтпейді.
Өткен бір дәурен өткен бір кезде
құшағында өткен жылдардың
шын ғашық дерлік —
мұңдасымды ертіп мұңменен балқып ырғалдым.
Осынау Лима жағасында жаным бір рақат жай тауып
өзіміз сынды өзге жандардың өксігін тыңдап тұрғанмын.
Өксідік біз де, күрсіндік біз де
кіршіксіз және күнәсыз,
Әлемнің күллі әдемілігі бізде еді сонда шүбәсыз,
денеміз біздің демменен балқып,
дүниені құштық риясыз.
Біз түгіл анау автомобильдер
сықырлап жансыз темір де
күрсінді ме екен, үһіледі ме... дем алғаны рас, тегінде.
Алған демменен жұтқан ауадан түсініскенбіз аһ ұрып,
өйткені біздер сүйетін едік –
ессіз де түссіз қапылып.
Чегеваристка емес ең ешбір,
ер едің бірақ – көрсе кім.
Көзсіздің өзі ең –
махаббатқа сен,
партизандығың сол сенің.
Өксіген демдей, өшкен бір меңдей
өттің де кеттің, Ракель,
Таураттан таңдап қойған есімің –
естісем жүрек дір етер.
Боливияның батпағы сені құрдымға сорып кеткендей
Түрі жоқ сені көгертетұғын,
түрі жоқ сені түлетер.
Мен дағы талай шайқалақтадым,
қайқалақтадым, қайырылдым,,
Раскольниковтай түнердім тылсым —
майыстым дағы майырылдым.
Сені мен менің өксіктеріміз өлген жер орнын сипалап,
қайтейін, сенен айырылдым.
Баяғы сен жоқ, баяғы мен жоқ,
байлаусыз дүние баянсыз
айырды бізді екіге бірден,
айырбастатты аяусыз.
Жүні жидіген мысықтар ғана тәккаппар
танау көтеріп,
Көпірдің мүкті тіреуішінде
тылсым тірлікке еті өліп
Үрпиіседі. Күңірену де, күрсіну деген мүлде жоқ,
тып-тыныш дүние,
тылсым бір дүние — құр кеуек.
Көкірек айырып күрсін сен мейлі,
деміңді салып үрле кеп,
еш мүмкін емес көмектесуің –
Ауасыз қуыс құр кеуек.
Қабырғаларды бұзсам дедім мен
қойыртпақтарды тазартып,
сұйық болғаннан, ұйық болғаннан
қатты болғанның өзі артық.
Құрбақа құрқыл, дәрменсіз дүңкіл
тұсымды тұтас тұр бөлеп,
шамасы нағыз шіріген сұйық –
Ауасыз қуыс құр кеуек.
Құр қуысты мен тұмсығымменен соғамын келіп
сүрмелеп,
керемет қатты керең ғой нағыз –
Ауасыз қуыс құр кеуек.
Тірінің бәрін, жандының бәрін
тәтті тиеді тілге деп,
шыңғыруларды жұта салады –
Ауасыз қуыс құр кеуек.
Қисайып барып ілінген көпір
жамылып жасыл сүңгі мүк
құлаққа ұрған тылсымда тұрған
үрей сияқты үңгіліп.
Әлсіреп барып күрсінеді адам, үһілейді адам ақыры,
айқайлауға адам күші жетпесе,
түк шығармаса шыңғырып,
күрсінеді адам, үһілейді адам ең аяғында сүрнігіп.
Күрсінуге де жетпесе әлі,
уһілеуге де аһ ұрып,
ериді адам, іриді адам,
құриды адам ақыры.
Сезімге күйрек қасиетіміз табанға неге тапталды,
тәубаға түсер күрсіністердің
бас сауғалайтын мекені –
түрмелер менен ауруханалар,
шіркеулер неге боп қалды?
Көкірек жара күрсінуді біз неге ұмытамыз,
неліктен?
Көкірек керіп демалудан біз қорқамыз неге демікпей.
Бүйте бергенде Чилидегідей
серпіле берген бір сәтте
кеудеге семсер қадалса қайттік,
қамданып, тұяқ серіппей...
Екі оттың Отан қалса ортасында,
батпаққа батса белінен,
Пиночеттікке айналғаны ғой...
Пиночет шығып елінен...
Puente de los Suspiros
сенің Ракель көлеңкеңнің қасында,
арқамды тілген пышақтың жүзін сезінем,
кеудеме сұққан семсердің ізін сезінем,
төбемде ұшқан ракеталардан безінем.
Көк шулан теңіз күрсінеді тек көпіріп
Және де мастар
мәймөңкеленіп, өкініп
қайда да тірлік,
тірлік жаман деп өкінер
күнкөріс үшін күрсінген кейіп өтірік.
Империализм – тулап, атқылап жатқан вулкандар әлемі.
Мен Манагуаны революция лапылы қаулаған өрттей қаусырып
келгенде Сомосаның жансауғалаған бункерінде болдым.
Таңғалғаным, бункер менің ойлағанымдай жер астында болмай
шықты. Сұрғылт казарма үйінің ішіне жасырылған — кабинеті,
асханасы, ұйқтайтын бөлмесі, ваннасы мен кухнясы бар бірнеше
бөлме екен. Керек десеңіз, ішінде жапондардың жобасымен
салынған бақ та бар болып шықты. Неге екені белгісіз, осының бәрі
бункер деп аталған.
Мені ертіп жүрген капитан күліп:
–
Ұстап көріңіз, – деп ұсыныс жасады. Мен өсіп тұрған
өсімдіктің біреуін, одан кейін екіншісін ұстап көрдім – олардың
бәрі пластикадан жасалған боп шықты. Халыққа қарсы диктатура
шындығында пластикалық бақ сияқты: есік алдындағы жағымпаз
жандайшаптары бұл диктатураның жемісін қаншалықты
мақтағанымен, оның мәуесі жеуге жарамайды, иіскесең, иісі жоқ.
Сомосаның былғары креслосында оқ тескен орын қалған – бұл
қатал қаныпезерді үңгірінен таба алмай ызадан жарыла жаздаған
сандинистік күрескердің атқан оғы көрінеді. Маған бункерді алған
күні солдаттардың бәтеңкелерін шешпестен қайсы біреуі
Сомосаның ұйқтайтын ішкі белмесінде, қайсы бірі – диванда,
қайсы бірі — еденде, әйтеуір, осы жерде ұйқтағандарын айтты. Ал
бір баспанасыз әйел баласын құшақтап тұп-тура осы Сомосаның
креслосына бүгжиіп жатып алыпты, ал бала оқ тескен жыртықты
ынты-шынтымен шұқылап,, креслоны саусақтарымен барынша
шимайласа керек.
Осынау бункерде бірде-бір кітаптың болмауы менің төбе
шашымды тік тұрғызды.
–
Керек десеңіз, ол газет те оқымайтын, өйткені онда не
жазылатынын күні бұрын біліп отыратын, – деді капитан
жиіркенген адамдай жиырыла сөйлеп.
Ешқашанда мен, ешқашанда мен
Өң менен түсім алмасса
көрмес ем сені, Никарагуа,
кеудемде жүрек болмаса..
Көлгірсіп жұртқа жүрегі езілген
қанішер кілең, мас қулар,
полициялық қару тоңмойын,
көтерілген ел жүрегін ойып,
қандарын судай шаштыңдар.
Тұтасып демі түтін секілді
әмірін жүрек ұқтырар.
Жүрегін жұлса, ит екеш ит те
түршігіп жаны тік тұрар.
Жүректі таптап ажал алдында
Қан кешсе етік шылқылы,
еркіндікті аңсап,
егілсе жүрек –
бұл да еркіндіктің бір түрі.
Өлгендер қанын сақтай алмайсың сейфке,
фрактарға әне,
мундирлерге әне,
мантоға жұғып қалған ғой.
Дүниеде ұлы диктаторлар жоқ,
бәрі де
тек қана даңғой әпербақандар болған ғой.
Помпейлік банкет столдарына
иліге тиіп иегі,
арамзалыққа, қараулықтарға жаға салатын
күйе ғып,
диктаторлардың барлығының да
тәждері менен тақтары
Солдаттар мен полицейлердің
иығына тұр сүйеніп.
Адамның хұқы, адамның еркі жөнінде
сөйлеуге сендер қақыларың жоқ,
ғасырлық жүрек ойғыштар.
Теңдіктерің сол жазалау ма әлде,
жазғыру ма әлде, әмір ме,
адамның тілін тірідей кесіп –
ауызын тығындап қойғыштар.
Адамдық күллі бостандықтағы –
бас Бостандығы бәрінің
ойғызбау жүрек, қойғызбау жүрек әмірін.
Бостандықтың да тәуекелі мен тәуелденері көп шығар,
Халық пен бірақ көтерілістің қосылса басы –
от шығар.
Диктаторлар жоқ түспейтін тақтан
тапталмайтұғын табанға,
Солардың бірақ кеш түсетіні,
кеш құлайтыны жаман да!
Аргентинада әскери диктатура құлағаннан кейін 1984 жылғы
Буэнос-Айрестегі Халықаралық кітап жәрмеңкесінде тыйым
салынған дүниелердің бәрі жарыққа шығып, шайқалып төгілді.
Қаншама жылдан кейін сөрелерге күні кешеге дейін жасырын,
құпия әдебиет болып кел-ген – Маркс, Энгельс, Ленин, Хосе
Марти, Че Гевара, Фидель Кастро еңбектері қаз-қатар тізілді.
Бостандық тасқыны өзімен бірге көң-қоқыс, күлді-көмештерді де
ала құлады. Кропоткин мен Бакунин әдемі көркемделіп
шығарылған борделья тарихымен қатар тұрды, одан әрі – Мао
Цзэдун, Камасутра, Троцкий, Бухарин, шведтің қолға түспейтін
бестселлері «Лесбиянка
1
әйелдің сыры». Итальяндық жазушы
Итало Кальвино оқушылар конференциясында «Біздің бәріміз
өтіріктен алдымызға жан салмаймыз. Осыны тоқтататын уақыт
жетті енді» деп, солшыл интеллектуалдардың Европадағы жауыр
болған мазохистік
2
таптаурын сөзін төбеден қойып қалғанда,
аргентиналықтар таңданғаннан талып түсе жаздады. Оның аяғының
астына қарай лақтырылған гүл шоқтары мен бетіне белгі салған
бояу еріндердің санын есептеуге шамам келмеді, тек Кальвино
қысылған кейіппен кірпіктерін қыпылықтатып тұрды. Ол бірақ осы
сәтте осыдан бір жыл ғана бұрын Буэнос-Айрестің көшесінде екі-
үш адамның басы қосыла қалса, олардың табан астында тұтқынға
алынатынын немесе көбіне-көп сотсыз, тергеусіз ізім-қайым
жоғалып, белгісіз қабырғалар мен құпия қуыстарда атылып,
асылып немесе теңіздерге лақтырылатынын не ұмытқан, не мүлде
білмейтін адам сияқты еді. Көптеген жағдайларда олардың
_______________________
1
Лесбий махаббаты – әйелдер арасындағы гомосексуализм
2
Мазохистік – жыныс қатынасының жөнсіз әрекеті
сүйектерін құрылыс шұңқырларына тастап, сосын салынып жатқан
отельдер мен банктердің іргетасына бетонмен бірге құйып
жіберетін. Аргентинада адам жанын түршіктіретін desaparecidos
1
—
«жоғалғандар» деген сөз осылай пайда болған.
Аргентинада уругвайлық – эмигрант Марио Бенедеттидің
сценарийі бойынша алғаш рет жасалған цензурасыз саяси фильмге
кезектің ұшы-қиыры жоқ еді. Адамдық жағынан әбден азғындаған,
бірақ жан-дүниесіне ар-ұяты маза бермейтін кейіпкер —
аргентинаның Клим Самгинінің «Біздің газеттер сүртуге ғана
жарайды» деген сөзіне көрермендер дүркірей қол соғып, аяқтарын
тепкілеп қалған.
Дағарадай-дағарадай сөмкелері мен кенеп қапшықтарын сүйретіп
кітап сатып алуға келген адамдардан жәрмеңке залдары иін
тіресетін еді. Дәмханалардан жүрек жалғап алу үшін кемі бір
жарым сағат кезекте тұрасың. Осынау ой әлемінің ырду-дырду
думанының ортасында мен өзегім талғанын сездім. Дәл алдымда,
танауымның астынан әлдебіреудің қағаз подносының үстінде
ішінде буы бұрқырап сыртына қыша сеуіп жылтыратқан
сосискалары бар сандвичтер жүзіп барады екен, аузымнан суым
ағып жүре берді. Подносты көтеріп бара жатқан қол кенеттен
тоқтай қалып, бір сандвичті суырып алды да тұп-тура менің аузыма
әкеп асатып жіберді. Иә, иә, бөліп-жарған жоқ, аузыма бірден
тығып жіберді, тамағыма бірден сүңгітіп жіберді.
–
Тек жартысын ғана жеңіз, компаньеро,— деді жорта еркектікі
секілді гүжілдеген дауыс, әйтсе де әйел дауысы еді бұл.
Апыл-ғұпыл сандвичімді шайнап тұрып мен қарсы алдымда
тұрған еңсегей бойлы, өзім қатарлы, қара шаштарына сирексіп ақ
қылтанақ араласқан, иығына рюкзак асынған әйелді көрдім. Аузын
_________________________
1
Desaparecidos –
жоғалғандар.
шымшып байлаған рюкзактың ішінен толған кітап қатырмалары
байқалады. Адамға аңсары ауып, апырақтап қайырқол аянышпен
қарайтын бұл әйел соғыс кезіндегі сібір әйеліне әлдебір ұқсасты-
ғымен мені дір еткізді.
Біз таныстық. Оның есімі Магдалена екен. Ол алыс тау
провинциясындағы мектеп кітапханасына кітап сатып алу үшін
келген ауыл мұғалімі болып шықты.
Мен оны әдеби кафеге шақырдым да, жол бойы оған жасырын
қараумен болдым. Магдалена отыздың бесеуінде екен. Оның
болмысындағының бәрі – сөзі де, қимылы да, қолы да, аяғы да –
бірбеткейлеу, қатқылдау, ірілеу көрінгенімен, негізінде ол көрікті
әйел еді. Аяқтары туралы айта кетейін. Шұлықсыз, сирағы
тырналған, сірә, таудың тікенектері тырнаса керек, шаң-шаң
альпинистің бәтеңкесін киген, балтырлары күнге қақталған, тіп-тік,
аздаған артығы көзге ілінбейтін дорийлік ұстындарға ұқсайды.
Әсіресе, оның етегін іс білетін әйелдің қолымен қайыған кенеп
юбкасының қайыруына көнбей сыртқа шыға беретін кішкентай піл
баласының қос танауына ұқсаған, тепсе темір үзетін қап-қатты,
тегеурінді тізелері әдемі еді. Ол менің көзқарасымды танып көріп
қалды да, қарсылық білдірмесе де, қабылдамайтын сыңаймен
жымиып қойды.
Әдеби кафенің қабырғасы диктатураның кезінде із-түссіз
жоғалып кеткен ақындардың ресмилендірілген жария өлеңдерімен
өрнектеліп тасталған екен. Магдалена кітап толы рюкзагын еденге
тастап, алдындағы шарапты қозғамастан орнынан тұрып, қабырғаға
таяп барып, ондағы өлеңдерді ернін жыбырлатып үнсіз оқи
бастады. Содан кейін барып ол орнына отырды да, бір бокал
шарапты бір-ақ жұтты. Ол ештеңеден күбіжіктеп, күйбеңдеп
ұялғансымайтын, оның еменжарқын әдемілігінің өзі осында еді.
–
Мен бұл ақындардың көпшілігін көзбе-көз танушы едім, – деді
Магдалена қабарып.
–
Сіз олардың кездесулеріне барып тұрып па едіңіз? – деп
сұрадым мен.
–
Жоқ, мен оларды тұтқынға алғам...— деп жауап қатты ол.
Айтамын сізге мен мұны –
Магдаленамын,
полицей – әйел бұрынғы, жан жараладым.
Көріп тұрсыз ғой,
қан жоқ қой тіземе дейін
осындай тізе талайдың
күзеген ойын.
Қысқа киюге біздерге жасады қысым,
Салпы етек болмай – қазынаға қасарып ішім,
Жылтыр етігі үстіне мемлекеттің
домалақ екі минадай тіземді жектім.
Буэнос-Айрес көшесін араладым да,
мемлекет жауы жоқ па деп қарағанымда
талайдың маған ұнады
қыпылдаулары,
тіземе қарап және де жұтынғандары.
Бойсапатсың деп мектепте –
тесіліп маған сумақай болдым ушығып –
өшігіп соған,
Аргентинаны арғы ойым – сақтайтын тірнек
есекпен салдым не сұмдық салмайтын сурет.
Мектепте сорғыш қағазға
сиясын төгіп жасырын құйған жағалай –
бірінші класс баласы шимайларындай.
Мен көзге түстім.
лақап ат байланды маған,
полициямен байланыс –
әдетке айналды маған.
Сыпсың сөз тасу
бірақ та жанымды қорлап,
көрмек болдым мен
басқаша бағымды барлап.
Рио-дель-Платтан енді мен аңыс аңдыдым,
Жалақысымен жартымсыз полицияның
Аргентинаның тағдырын қалғым кеп қорғап.
Жас едім онда,
мен онда әдемі, өңді едім,
детективтерге түссем деп дәмеленгенмін.
Газ – плиткаға кептірдім портупейімді,
сықыры сұсты, сыңайы салқын көрінді.
Полицияға кірдім мен –
қайралғанымнан,
мекемелерге қайсыбір қайнап зығырдан,
полиция да солардай мекеме екен
көз қысысатын кәдімгі «көкеңе-көкең».
Патриотка едім
мен және
каратистка едім,
бастықтар таппай...
таба алмай қалай тиісерін
білесіз ғой,
бар жерде – іштегі жегі –
көздеріменен мені олар
ішті де жеді...
Интеллигент боп
шетінен есептелгеннің,
бәрі де агент боп
агентпен өсектелгеннің
ойлайтындардан мен кімді тұтқындамадым
Аристотельге тек қана
жетпеді амалым.
Ілгері іліккен үйлерге
қарауылға мен
танкідей кірдім –
тас бұзған танауыменен
мемлекеттік тапсырма орындағанда,
Сол деп ойлаушы ем –
бақыты жанды ғой деген,
бөксемдегі бесатар танго билеген...
Байқап қарасам –
ерлігі еленушілер,
тінту үстінде тонаушы төлем өсірер.
Әсіресе видеомагнитофондарды
қымқырады екен қалтаға
керегі осы деп.
Идеологиялық тұрғыда қатты қорландым
бұлардың мынау жат қылық неменесі деп.
Екінің бірі түсінбес қысым, қыспақсыз
(түсініп бірден қалайша ұшпаққа ұшпақсыз?)
мемлекеттің майлыаяқ қызметшілері
Жиіркенішті не деген...
сірә, тіс батпас
жаулары қандай жылмиған мемлекеттің
жалын ұстатпас.
Ал бірде маған «бұзғыш элемент»
сәл езу тартып бұрылып,
көзінде қаяу, көңілінде аяу
жұмбаққа мұңды
тұрғандай болды жүгініп:
«Беу, қызым-ай...
білмейсің ғой сен,
бір кезде сенің немерең
басқаның емес менің басыма –
монументіме, бас исе келіп,
не дер ең?»
Бұл сөзді ол бәлкім айтқан да шығар,
кеткен де шығар артық-кем,
бірақта оны түрмеге апармай,
ең қатал үкім тәртіппен
бетон лайға шайқап жіберіп,
бетоннан қаны аққанда,
Сөзіне оның сендім мен сонда
бетонға сіңіп жатқанда.
Жазушы екен ол.
Конфиска кезінде
жұп-жұқа томын жасырдым,
Соңынан оқып, маңдайды соғып
тасқа тигендей оған бас ұрдым.
Ешқашан құрсақ көтермесем де –
жылан жалағандай ішімді,
Аргентинамды құтқарған менің –
солар екенін түсіндім.
Ал екінші бір жазушыны да
көзімше менің
қару дүмімен қайқайтып,
атқан жоқ оны,
асқан жоқ оны,
қабырғаға әкеп
қатыра тіреп шалқайтып,
«студебеккердің» тұмсығыменеи
денесін демде жанышты,
радиаторға өкпе-бауыры,
қаны
шашырап, жабысты.
Олардың бәрі жоғалды сотсыз,
із-түзсіз олар жоғалды,
Патриоттық есалаңдықтан –
жаныма жара жамалды.
Полициядан кеттім біржола
өзіме-өзім ант етіп,
Әдебиеттен сабақ берем деп
сертке байладым санамды!
Шеттегі ауылға сұранып барған
сол еді менің себебім,
түкпірдегі бір мектепте сабақ беремін.
Бірте де бірте келеді күнөм тазарып,
шаруа ұлдарына –
жоғалғандардың жаттатқызумен өлеңін.
Ал түндер бойы құрысып жалғыз
төсекте ерсіз езілем,
аяқтарымды айқастырамын,
тоңғаныи тізем сезінем.
Ауылдағы әлгі аптекарь маған
келеді түнде ұрланып,
галстугын де шешіп үлгірмей...
шолтыраңдайды ым қағып.
Шешінсемдағы жалаңаштанып,
көрсетсемдағы етімді,
Полицей киімін сыпыра алмаймын,
теріме менің тігіп тастаған секілді.
Аптекарь менен менің балаларым
құрсақта-ақ тумай қалсын деп,
ұрық өлтірер дәрі жұтамын
нешеме рет, не түрлі...
Ең құрығанда түсінде
«қылп етпе!» дейтін полицияның әмірін,
армандап шығар біреулер
жүргізгісі кеп әркімге,
жиіркене де,
жаным түршіге қараймын
жер бетіндегі полицияға мен күнде.
Баласына әке ақылдан емес
бастағы шашы түскен соң
үйретсе ақыл –
тантыпты.
Жек көремін мен ұстаздықтағы –
ұшқарылықты,
полициялық тәртіпті.
Полицей–әйел бұрынғы –
Магдаленамын,
айтамын сізге мен мұны –
шын ақтығымды,
өкінішке орай әйелмін,
бірақ бұрынғы...
Тұп-тура Амазонканың ортасында пароход жанып жатты. Алба-
жұлба, жырым-жырым Эквадор жалауын қадаған бұл бір кішігірім
пароход еді. Түтіндеген палубамен әрлі-берлі жүгіріп адамдар
жанталасты. Бірақ олар қорыққаннан суға қарғи алмады, өйткені
Амазонкада бірнеше минутта адамның сылып сүйегін қалдыратын
жыртқыш хайуанаттар құжынап жүрген болатын. Суға түсірілген
екі қайықтың екеуі де жүктің ауырлығынан аударылып кетіп, бірде-
бір адам жүзіп шыға алмады. Бортта қалған адамдардың басты
қасіреті – сол пароход тап ортада – өлі нүктеде жанып жатқандығы
еді.
Арасында мен де тұрған перуандар жағындағы жағадан бірнеше
үндіс ұмтылысып, каноэ – қайықтарына жүгіріп еді, бірақ полиция
бастығы тоқтатып тастады:
–
Шаруаларың жоқ жерге араласып – шалаптарыңды
шайқамаңдар... Дегенмен бұл жер бізден гөрі Бразилияның
территориясына жақын сияқты... Өлі нүкте – бейтарап сулар ғой...
Оның үстіне қадағандары Эквадор жалауы. Мен тіпті олармен
біздің саяси қарым-қатынасымыздың қандай екенін де білмеймін.
Корабль қалған командаларымен қоса біздің көз алдымызда
жанды да кетті. Бұл дүниеде адамдарды адам тірідей отқа
тастағаннан асқан айуандық бар ма?
Летиция қолтырауындарын аулаушылар поселкесінде мен сол
түні түнімен ұйқтай алмай, неге екені белгісіз, Колымада кездескен
бульдозерші Сарапулькинді есіме ала бердім. Ол болса өлсе де
адамды отқа тастамас еді.
Хеопс пирамидасы басыңқы,
ылғал, үрейлі,
Саркофагтарды тастүнек
тышқандар қаузап, түнейді.
Айтайын одан, пайымда
бульдозерші жігіт Колымада
Сарапулькиннің жасаған
саркофагы жайында.
Сарапулькин шықты үйден
бүкжимей шалқақ кеудемен,
кеудесі қандай — тайгадай
далиған жалпақ, кең көлем.
Олпы да солпы үстінде
желеңдеу жұмыс киімі,
сарала тайга ойнайды
киімін қағып желменен.
Кеудесі сары, бас сары...
сарала бояу не қылған.
Мұрын да сондай,
маңдай да,
құлаққа дейін жағылған.
Сарала секпіл тұп-тұтас
бөліспей ме екен тым құрыса,
Иранның шахы секілді
сарала алтын жамылған.
Шындығын айтсақ –
тегеурін көз тоятындай түріне,
Рычагты келіп ырғады,
басты кеп газды түбіне.
Май сіңген кепка астынан
қарайды жұртқа қарайлай,
кепканың майын сықса егер —
картоп қуырса жарардай...
Лайсаң лай бұрқырай
тыпыршып тулай, құбыла
шаятын алтын Колыманың
қырық құбылған суына,
жағалауына жақын кеп
демалыс күнін тәрк етіп
Сарапулькин тастардың
салды шөміш жымына.
Белгі беріп сигналмен
тышқандардың ініне,
қопарған тасы әп-сәтте
құрылыс боп қалды үйіле.
Таудың тасы құр бекер үйінді емес үйілген,
аржағында ойы бар түйген көңіл күйіне.
Новодевичьедегі,
Ваганьковта тұратын
тас табыттан тасының
кем соқпайды бірі де!
«Сарапулькин, мұның не?
мұның тағы не шатақ?» –
«Бауырым-ау, мен өзіме
салудамын –
саркофаг».
«Ауышсың ба сен өзі,
шашылған ба, шаригің?
Перғауыны болмақ па ең
сен бүгінгі фәнидің?» –
«Кел, көмектес,
әйтпесе, кет маңымнан
бір өңшең
маскүнемдер,
кімді ұстап,
қорламақсың білем, сен...
Мен қарсымын –
тарихтан
құл, малайға бар шыным,
мен үзілді-кесілді
жеке басқа кез келген
табынуға қарсымын.
Нем кем менің Хуфудан,
айтшы, шұқып көзіме,
Сондықтанда саркофаг
жасаймын мен өзіме.
Жұмысшы жұрт Ресейде
перғауын деп, жолдастар,
полицейлерді атаған –
шені төмен сорғасқа.
Жұмысшы тап қолымен
мильонымен жасалды —
күллі байлық, күллі бақ,
айтыңдаршы оларға
ал неге жоқ – саркофаг?
Мен өзіме –
салдым талай көпірлер,
плотиналар кермелеп,
тыға салмақсыңдар ғой
өлсем, мені көрге әкеп?
Мен ешкімді
ешқашан
қанағам жоқ қараптан
және дағы өзімді
қанатпадым,
қанатпан.
Мен, әрине, Пушкин де,
Высоцкий де емеспін,
даңқыменен олардың
келмес менің теңескім.
Мен де кеуде көтеріп,
шалқақтауды ұнатам,
«Сұғынба әрі!» дейтұғын
құлы емеспін кеңестің.
Көріңдерші, жолдастар,
елестетіп бір сәтке
таңғажайып тәрізді –
Пугачева тағдырын,
күллі адамзат сүйкеніп
қоңырау шалып,
жазысып,
әбігер етер әр күнін.
Одан гөрі қумын мен,
одан да мен қулаумын,
тіршіліктің арзанқол
атақ-даңқын қумадым,
өлгеннен соң даңқыма
сүйем елдің шулауын.
Байсалдылар ойынша
ерсі де бұл ыңғайсыз,
(табыт қазса өзіне қарсы алады кім даусыз...)
Пентагонда біреулер
жанталаса, таласа,
ракеталық қондырғы салып жатқан шығар деп,
қан үймелеп көзіне қарай берсін, қараса, –
Сарапулькин саркофаг салып жатыр өзіне!
Үш мыңыншы жыл бәлкім
марсиандық интурист
құйттай балаларымен –
осы арада қыдырып,
«мынау не?» деп
сұрар мүмкін үңіліп,
Сонда оған жауап берер,
мен туралы толғай кеп,
«Колымада бір бульдозерші болған екен
сондай»... деп.
Кәне, көмек бересіңдер ме,
ересіңдер ме арақтың ғана соңынан,
адам емес, перғауын керек сендерге –
көздеріңнен танығам.
Айтпақшы, мен
үнемделген жанармаймен жұмыс істеп
жатырмын ғой гүрілдеп,
Сондықтан да мемлекетке
менен келер шығын жоқ.
Дүкенге кешігем деп,
қыпылдайсың шетіңнен,
кеткенсіңдер бетіңмен,
Сендер бар ғой, жұмысшы тап емессіңдер –
тобырсыңдар лепірген.
Ең болмаса өздеріңе
жасасаңдар саркофаг,
құдай біледі,
тап осылай ішпес еңдер сонда тап».
Сосын бүкіл перғауынды
түсіреді ол төменге,
деміменен сенбейді олар –
аспанға ұшты дегенге,
дүкендерді сағалаған қосып маскүнемдерге
Жатырынан қағынған деп
жатқызып кеп береді...
(ауыздарын боқтықпенен көмеді)
Сарапулькин фукуы бұл –
атың ешсін дегені!
Антонио Грамши бір кезде «Мен байқап, байырқалау кезінде
пессимиспін, ал әрекет үстінде – оптимиспін» деген екен.
Көрдім соғыс күйзелісін,
бейбіт күнде күйзеліс қой монтаны,
бейбітшілік жасаушылар жалғаннан
атжалмандай тіміскішіл
тұмсықтары қан тағы
Фуку!— дейміз аттары өшсін!
Байлап қарғыс қарғыны,
тән мен жанға аштық ашып –
ұшыратқанның барлығы.
Диана Эфест храмын кім
ұмыттық біз салғанын,
кім өртеді –
жадымызда,
бәрімізге ол мәлім.
Қанадан тыс құрмет неге
күшігіне фашистің?
Өртеушілер,
пішушілер,
атып-асушылардың
барлығына – Фуку!, – дейміз,
барлығының аты өшсін.
Өсекшіге,
жарамсаққа –
жік-жапар боп қаламыз,
суайттардың,
сыпсыңдардың –
атын неге аузымызға аламыз?
Христостың қасына кеп
Иуда деген қоңсы қонса жабысқақ,
Фуку! – дейміз – аты өшкірге,
тимей ме бұл намысқа.
Дүниені шеңгелдеген қанменен
Зұлқарнайын Ескендірге
неге ескерткіш қоямыз,
Наполеонды – Пантеонға неге ғана жерлейміз,
қан ұрттаған ырқылдақтың
даңқын неге жаямыз?
Музейлерге басың сұқсаң –
олар жоқ жер аз мұнда,
Фуку! – дейміз аттары өшсін,
атағы асқан – азғындар!
Бисмарк тарихқа енді
көң илеген мұртты қоңыз домалап,
Распутин кітапта жүр
арасына қатып қалған –
қақырықтай қара дақ,
Фуку! – дейміз аттары өшсін
бәрін талақ, тұл қылып,
күллі әлемдік жылнамадан
уақыт келді
тастайтұғын сіңбіріп.
Ал сен неге жоғалмайсың,
ешбір еңбек жоқ сенде,
экраннан қылтыңдайсың әлі де –
қиқым болып кетсең де.
Саған да біз атың өшсін –
Фуку! – дейміз,
айналаңа ажал-аран сықатқан,
Геноцидтің Колумбысы, ефрейтор,
найзағайлы соғыс пенен газ камера тұтатқан...
Провинциалдық хуфулар –
қан уыстап шеңгелге,
өлік аттап мәз болғандар –
сәл-пәл рақат көргенге,
Сомосалар, пиночеттер,
генералдар банандық,
сеңдердің де атың өшсін –
«Фуку!» – дейміз сендерге.
Білегімен қан көсеген білемдеп,
аран темір артына ұстап сүмеңдеп,
бірақ ақ боп көрінгісі келетін
айла асырып ең ақыры өлгенде,
атжалмандық арылмайтын сиығы
фашистікке бұратындар бүйірі –
Фуку! – дейміз сендерге.
Джек Руби даңқы дақпырт Босхадан
мәнсіз даңқ бірақтағы –
бейшаралық, босқа лаң.
Бір бейшара кнопканы басып қалып
дүниені бүлдіріп,
атың өшсін, атың өшкір
«Фуку!» деп,
планета соңғы сөзін
айтар ма екен шыңғырып.
Сикейрос менің портретімді салып жатты. Екеуміздің
ортамыздағы бояу баттасқан табуретканың үстінде тұрған шарап
шөлмегін біресе мен, біресе ол аузынан кезек-кезек ұрттаймыз,
өйткені екеуміз де өлесі шаршаған едік. Майлы кенеп маған теріс
сырт жағынан керіліп тұрды, сондықтан мен аржағында не болып
жатқанын білмеймін.
Сикейростың түрі Мефистофельдің бет-әлпеті сияқты еді.
Шамасы екі сағаттан кейін Сикейрос қылқаламын бос шөлмекке
салды да; майлы кенепті маған қарай айналдырып жіберді.
–
Ал, қалай?—деп сұрады ол желпініңкіреп. Мен жансыз тас
секілді қабысып қалған бірдеңеге боп-боз боп қарап, үнсіз езіліп
қалыппын. Бірақ әуелі Панчо Вильиге қарсы соғысқан, одан кейін
соның өзімен бірге Троцкийге қарсы қастандық жасауға қатысқан
адамға не айта алар едім. Біздің айырмашылығымыз жер мен көк-
тей еді. Дегенмен мен қипалақтай күмілжідім:
–
Меніңше, бірдеңе жетпей тұрған сияқты ма...
–
Не нәрсе? – деді Сикейрос кеудесін тағы да пулемет ленталары
осып өткендей оспадар өктем сөйлеп.
–
Жүрек қой деймін... – дедім мен жыбырлап. Сикейрос тіпті
қабағын көтеріп қараған да жоқ. Революциялық тәртіптің адамы
екенін танытты.
–
Жасаймыз, – деді ол банкідегі экспроприацияға әзір адамның
дауысымен. Ол шыныдан қылқаламды суырып алды да, шымқай
қызыл бояуға сүйкеп-сүйкеп жіберіп, менің төс қақпағымның
үстіне түйенің тұзы сияқты жүректі қондыра салды. Сосын ол көзін
бір қысьы қойып әлгі бояумен суреттің шетіне: «Евтушенконың
мыңнан бір түрі. Жетіспейтін 999 түрін кейін саламын» деп жазды.
Қолын қойып, уақытын жазды.
Портретке қарамауды сылтауратып, мен әңгіменің төркінін басқа
жаққа бұрдым: Асеевтің бір кезде Маяковский туралы: «әрлім-
берлім хабарлар жүр, сөздің шаңы – шамасы, алыс Мексикада одан,
ұл қалғандай адасып» деген жолдары бар еді. Ол Мексикаға
келгенде сіз Маяковскиймен кездестіңіз ғой... Маяковскийдің ұлы
бар екені рас па?
Сикейрос:
–
Көрінгенді іздеп уақытыңды бөле берме... Ертең таңертең
қырынар кезде, айнаға қарауды ұмытпа, – деп езу тартты.
Ақтық сөзді айту маған ерте әлі –
аманатым дерлік сөзді айтамын:
бір зәу-заттай жарым-жарты жоғалған
уақытпенен тайталасып байқадым.
Мен едім сый-сарқыт қалдырмайтын дәуірдің
кездейсоқ бір сарқытымын, тұқылмын,
Тарих маған қалған сынды қақалып
келмей реті кемірудің, жұтудың.
Аманатым дерлік сөзді айтамын:
ауған жұрттың, көшкен жұрттың аумаған
қатал, қатты бір бедері мен болам,
Мені тану үшін топтың ішінен
қажеті жоқ белгі салып, таңбалап.
Транссібір поезының түте-түте теміріне
алақаным қалғандайын жабысып,
мен боранда қалған қатып,
вагондардың сықырлаған буферінің тістеріне қарысып.
Аманатым дерлік сөзді айтамын:
мұрагері болармын ба тамұқтың
үстімдегі шайтан тері секілді –
талай жерде қақтадым да қарыттым.
Бұтымдағы бөз шалбар мен тоз шалбар
аяздарда сықырлады буланып,
суағары бірақ мықты болған соң
жыртылмады, жарықтық.
Қатқан мұздар менің шайтан теріме,
омыртқама, жауырыныма, беліме
төсеніш боп – төбелесте сан рет
сақтап қалды, қорғап қалды мені де.
Аманатым дерлік сөзді айтамын:
Жол бойында бірде мен,
кір ағаштың көлеңкесі
түбіне кеп құладым,
тыйым салған жолдың қызғылт белгісіне
сүйеп басты жыладым.
Қайдағы бір демьяновтық
банкетке әкеп
сықастырған қарнымды
адамдарды жек көрдім де –
шеттерінен сыбадым.
Аманатым дерлік сөзді айтамын:
дәуір менің үстіме әкем билетті
жыртық етік, құрым сумкаға дейін,
Сахнаның көрінісі едім
шықпай-ақ,
қан көрдім де дәуірлік,
лоқсуға толы менің көмейім.
Қанға құмар емес едім,
бірақта
Жатқандарға жастық болып,
тұрғандарға төсеніш
болғым келіп алаң еді –
көп ойым.
Күдіктенбен,
қанды емес,
сол пиғылды түбінде
нағыз ерлік демесеңдер...
не дейін!
Аманатым дерлік сөзді айтамын:
үні шықпай қалғандардың
мен – үзілген үнімін,
ізсіз-түзсіз кеткендердің
мен көмескі жымымын.
Біреулердің отқа жаққан романының
өшпей қалған шалажансар күлімін.
Шенділердің артында селкілдеген иығы
қорыққандарға делдалмын мен –
жарастырар түйіні.
Маған бірдей – азап нары,
сойылхана, қасапхана,
қан ішетін иін тірескен – ұрылардың үйірі.
Аманатым дерлік сөзді айтамын:
қисық айыр ұшымен
асхананың котлеті ішінен
ет іздеген өмір бойы –
ет кіретін түсіме,
ашпа-жалап бала едім мен
онға толмай
тұрып қолында апамның,
Ұрыс естіп былғаттырған
аузын талай атамның,
Келермін мен келешекке
лермонтовтық әшекейлі, сырма зерлі погонмен,
иығымда өзге алақан ізі бар
милициялық түсінікті «түс, алғадан»
қалған жоқпын аман мен.
Аманатым дерлік сөзді айтамын:
бар уақытқа жекемін мен, байқадым,
Жердегінің бәрі менің жерлесім,
иемденем –
галактика байтағын.
Колумбының үндістері секілді
тот кісенім зіркілдеп,
ажалсыздық жасар қолдан
тирандарға жанымды жеп, күлкім кеп,
Өлер алды айқайлаймын қылғынып
атың өшсін, ажалсыздар—«Фуку!» деп.
Аманатым дерлік сөзді айтамын:
Ақын деген –
Петр сөлкебайындай,
құбылыс қой тым сирек,
мысын басып сиректік,
жер бетінің түкпірінде жүрген көршің күрсінбек,
Қайткенде де келешекпен келісемін –
шындықты айтам, сұмдықты айтам,
ең мықты –
айтам маздап, өле жаздап,
айтам, айтам –
Аманатым дерлікті.
Гавана – Гуернавака – Лима – Манагуа – Санто-
Доминго – Каракас – Зима станциясы – Венеция
–
Магадан – Гульрипши – Переделкино.
1963—
1985 жылдар
Достарыңызбен бөлісу: |