Дәуір және поэзия туралы
Алпысыншы жылдардың бел ортасында қазақ өлеңінің кең өлкесіне өз
кеудесінің төл күмбірін, албырттау сезім бояуымен айқұлақтанған
ақындық үнін естірте келген бір талантты жастың болғаны жырсүйер
елдің есінде жүргеніне шүбәмыз жоқ. Ол талантты жас – сол кезде жасы
жиырмаға жаңа жеткен КЕҢШІЛІК МЫРЗАБЕКОВ есімді қазақтың
болашақ белгілі ақындарының бірі болатын. Белгілі ақын санатына еркін
қосылған ол – қырықтың қырқасына жаңа шыққан кезінде ойламаған
тұстан ортамыздан кетті, орны толмас өксікті өкініш пен көңілге медеу
тұтатын ақындық мұрасын қалдырды. «Шын ақынның көріпкелі болады»
деп, Кеңшілік марқұм жанымен сезінгендіктен айтқан екен-ау. Өйткені,
бұдан біраз бұрын-ақ:
Кетті бір адам. Өтті бір ақын дүниеден –
Сезімі менен сөзіне ғана сүйенген, - деген жыр жолдары оралып еді-
ау оның тіліне. Өзіне арналғандай, өз құлпытасына жазылар өшпес
сөздердей..
Алғашқы балғын туындыларында-ақ өзіне тән сөз саптау
мәнерімен, өрнек-нақышымен, бояу-сазымен, бұлқыныс-ұмтылысымен
еркіндеу келіп, қазақ жырының қалың көшіне іркілмей ілескен
К.Мырзабековтің мінезді де, шыншыл, табиғи тынысы кең ақындық
болмысы бірден-ақ дараланып, уақыт өте келе шоқтықтана түскендігі
оның шығармашылық жолына зейінмен зер салған кісіге айдай анық
аңғарылары даусыз. Барған сайын еркін көсілген ақын аз ғұмыры ішінде
өнімді еңбек етті.
Лирикадан – балладалық, публицистикалық, эпикалық жанрларға
батыл ойысыңқырап, көркем аудармаға де ден қойып, бұларға қоса
журналистік саланы да шет қалдырмай, ауыз толтырып айтарлықтай
шаруа тындырғаны, сөз жоқ, Кеңшілік ақынның кең қолтық, кетпен тұяқ
тұлпардай бауырын еркін жаза түскендігін көрсетеді. Соның бәрінде де
оның азаматтық ашық үні, кесек бітімді ой-мақсат парасаты, әсіресе, өзі
туған Торғай топырағына деген перзенттік асыл сезімі еш көмескісіз
аңғарылып отырады.
К. Мырзабеков өз творчестволық ғұмыры ішінде төл өлең, баллада,
поэмаларын қамтыған 10 жыр кітабын ұсынды. Орыс совет ақыны
Е.Евтушенконың бірнеше поэмасын аударып, жарыққа шығарды.
Қазақстан Жазушылар одағының Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби
сыйлығына ие болды.
Арамыздан ерте кеткен талантты ақын К.Мырзабековтің өмірінің
соңғы кездерінде көгілдір экран арқылы айтпақ болған поэзия жайлы
ойлары мен сонау кездері жазған, бірақ әртүрлі себеппен жинақтарында
басылмай келген жырларын журнал бетінен оқып, Кеңшілікпен
сырласқандай, мұңдасқандай боламыз.
-
Жиырма жылдық творчестволық өмірбаяны бар, әрқайсысы оннан
астам кітап жазғаны, құдайға шүкір, әйтеуір таныған, оқыған оқушылары:
«
Қабілеті жоқ, қолтаңбасы жоқ» деп айта алмайтын ақындар үшін жеке-жеке
творчестволық кеш арнаса да артық болмас еді, сол кешке қанша уақыт бөлсе
де, біздің оған оқитын өлеңіміз де, айтатын ойымыз да, әдебиеттің, оның
ішінде қазақ поэзиясының көкейімізде жүрген мәселелері де асып төгілер еді.
Бірақ, бір себептен мынау қайта құру кезеңінде, жариялылықтың
жан-жақты өріс алып, жанданып жатқан тұсында, қоғамдық, әлеуметтік
пікірталастар ғана шындықтың шымылдығын айқын аша бастаған тұста
бізді теледидар арқылы жеке-жеке өлең ғана оқытып қоймай, осы отырған
үшеуміздің пікір-ойларымыз арқылы, жалпы, біздің буынның ақындық
тағдыры туралы, әдебиетке қалай келіп, қалай буыны бекіп, бұғанасы
қатқаны туралы, не істеп, не тындырғаны туралы, шеккен запасы мен жеген
опық-өкініші туралы, жеткен табыстары туралы дүниенің басын тарқатқысы
келген теледидар журналистерінің ойы да дұрыс қой деп ойлаймын. Өйткені
бүкіл бір ұрпақтың сөзін сөйлеп келе жатқан үш ақынның сөзі үштік одақ
секілді немесе мосының үш тағанындай неғұрлым салмақты да, салиқалы
болмақ. Оның үстіне біздің буында – алуан қолтаңбалы ақындар баршылық,
солардың әртүрлі, әрқилы екенін тану үшін көрермен-тыңдарман қауым осы
телекамера алдында отырған үшеуміздің де үш түрлі екенімізге көзі жетсе
де – жетіп жатыр.
Сонымен, меніңше, бүгінгі әңгіме – әрқайсымыздың жеке-жеке
өлеңімізге арналмайды, үшеуміздің жиырма жылдық творчестволық
тағдырымыздың кейбір сәттері арқылы бүкіл бір буын тағдырына, бір
ұрпақтың сөзін сөйлейтін қазақ поэзиясының жай-жапсарына арналады деп
білем.
Жарасқан, шындығында сен осыдан он жыл астам уақыттан бері
«Соғыстан соң туғандар» деп келе жатқан біздің буынның – қазір адамдық
қасиетінің буы бұрқырап, нағыз азаматтық танытатын кезі, қазір өмірдің қай
саласында болсын осы буынның өкілдері қоғамның көп жүгін өз
мойындарына алып, үлкен-үлкен жұмыстар атқарып жүр.
Әдебиетте де, оның ішінде поэзияда да солай.
Бірақ мен соңғы кезде сенің сөзіңе қосыла отырып, осы буынды
«тоқырау кезеңінің балалары» деп жүрмін. Оның несі бар, шындықты
жасыра аламыз ба? Сен біздің туған уақытымызды белгіледің, ал мен соған
біздің азамат боп, ақын боп қалыптасқан кезеңіміздің бағасын қосарлағым
келеді.
«Революция ұлдары», «соғыс ұрпақтары» деген ұғымдар бар ғой. Олай
болса, біз тоқырау кезеңінде қалыптасқанымызды қалай жасырамыз? Тек
соның сабақтарын енді тәлім ретінде пайдалануымыз керек. Себеп-
салдарларын ашып, анық айтуымыз керек.
Мысалы үшін, мен бесіктен белім жаңа ғана шығып, әдебиетке әлі
толық келіп үлгірмеген кезімде «Тың жыртқан жыл немесе боз бие туралы
баллада» - деген дүние жаздым. Осы өлеңді он сегіз жыл бойы жариялата
алмай жүріп-жүріп, 1985 жылы мына отырған Иранбек Оразбаев «Жазушы»
баспасында менің жинағыма редактор болған кезде әрең дегенде шығардым.
Ал қазір тыңның экологиясы туралы айтып жатырмыз. Мәселе көтеріп
жатырмыз. Шыбын жанымыз шырқырауда. Ал мен, мақтанғаным емес, сол
проблеманы жиырма жыл бұрын бала ақын кезімде жазыппын. Бірақ дер
кезінде бастыра алмадым. Міне, әдебиеттегі тоқырау деген – осы.
Боз бие
Нағашы ауылымның арасы бізден бір-ақ қыр,
Қозы-лағымыз қосылған шүйгін қырат бұл.
Тың көтерген жыл төбенің түбіт көдесін
Тарап әкетті тарақ табанды трактор.
Айызы қанып айбалта темір тілгілеп
Сақталған сүр боп шым топырақтарын сүргілеп.
Құрым іңірде жарқ ете қалып, құйрығы
«ХТЗ» -лар қытықтап қырды жүрді көп.
Қуанды қарттар, жанардан тамшы мөлдіреп,
«Көделі жерге, көк бидай шығар болды»,- деп.
Боз бие біздің түн жамылып барып сол жерден
Көденің тамырын кірш-кірш шайнады соңғы рет.
Қартаң мал еді - әкеме біткен артық бақ,
Тарпаң мал еді қасқырды өлтірген тарпып қап.
Қаңтардан өзін асырап шығып аман-сау
Құлын туатын жылқы көбейтіп, жал жұптап.
Саумалына алғаш ақырған айранды ұйтқы қып,
Сәуірдің қымызын ашытады апам күйтті қып,
Жыл сайын ерте туатын жануарды әкеме
Қайын жұрты мінгізген екен кит қылып.
Жыртылған жерге көп қадап тұрып көз нұрын
Құлын-тай шағын ойына оралтты - өз күнін.
Қар қалың түсіп, титықтап қыстай тебіннен
Осы жерге кеп туыпты енесі боз құлын.
Боз бие біздің қырға өруші еді желдесе,
Қыр беруші еді, құнары тасып селдесе.
Апам айтатын: «Иімейді деп бұ жануар,
Көдесін сайдың бір мезгіл қажап келмесе».
Ақылды жануар соңғы рет келіп сол түні,
Таныс көденің тамырын иіскеп толқыды.
Ылғал құм ішінде іркілдеп жатты тамшылар
Ұзатқан қыздың жылағанындай төркіні.
Тамырын тартып қау етіп қырға көк шықты
Сабағын дәннің себелеп жаңбыр көпсітті.
Қыр жақтан бірақ көденің иісі сезілмей
Тұшынбай тілі, боз биені сол өксітті.
Есті мал қырға, егіске барып түскен жоқ
Қыр жақты кетті көкпеңбек барқын түс меңдеп.
Көз қырын қырға қадаған сайын биеде
Көдеге талғақ келе жатты бір күш меңдеп...
Ал бұл бір ғана менің басымдағы ғана оқиға ма? Мұндай оқиға
екеуіңінің де творчестволық өмірбаяныңда бар шығар.
Әдебиетке үйрену үшін ғана келмеу қажет, әдебиетке үйрене де,
үйрете де келу керек деп ойлаймын. Үйрену үшін келетіндер «ә» дегеннен,
салғаннан өз дауысын, өз үнін айқындай алмайды, өз қолтаңбасын таныта
алмау – жалпы әдебиетте үлкен абыройсыздық, мүмкін ақындық қабілет-
дарынның аздығы ма деп те ойлаймын.
Өз қолтаңба, өз мәнерін тез танытып үлгірмеген тұстастарымнан да
тез суынам, кейінгілерге де солай қараймын. Жасыратыны жоқ, қазақ
поэзиясында ақын атанып, бірақ өзінің төл қолтаңбасын танытпай өткен
ақындар баршылық.
Жарасқан маған «Жұлдыз» - журналында жас сыншы Тұрсынжан
Шапаевқа берген интервьюінде «Кеңшілік Ғафу мен Мұқағалидың арасынан
шыққан ақын, екеуіне де еліктей келіп өзі болып шықты» дегенді айтты.
Ғафу екеумізді тіл стихиясы қосатыны рас, бірақ мен Мұқағалидан тіл
үйрендім деп айта алмаймын. Мұқағали аға екеуміз қатар жүріп өлең
оқығанда, ол менің тіліме, тілдік қорымның молдығына қызығатын да, мен
оның «Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай»
дегендей ақтарылып, адалынан айтатынына тәнті болатынмын.
Қалай дегенмен мен поэзияға салғаннан өз дауысымен келгендерді
ұнататын адаммын. Солардан көп үміт күтем. Жарасқан, сенің қолтаңбаңды
мен ә дегеннен-ақ «Ақ бұлақтарыңнан» таныдым да, Иранбектің ақындық
дауысын сәл кейінірек, шынымды айтсам – «Шырын ата мен Шолақ
шалдың», «Дәнекер» атты поэмаларының тұсында таныдым.
Ал қазір мен қазақ поэзиясының есігінен аттауыма куәлік берген
алғашқы өлеңдерімнің біреуін оқиын. Қолтаңба, өзіндік бояу танылар ма
екен, төреші болып көріңдер.
АНАР
Бар ма екен сенің есіңде,
Балқаймақ күндер шайқаусыз.
Бұлтиып бір зат төсіңде
Булығып өсті байқаусыз.
Құрақтай қаулап қолаң шаш,
Құралпы қатар қызғанған.
Қынай бел қыпша, қаламқас,
Қашқақтап өстің қыздардан.
Омыраудың дауысын шығарып,
Алқа мен шашбау тағынбай.
Тал шыбық бойың бұралып,
Тәнті етер қимыл табылмай.
Томардан түскен шоққа ұсап,
Томсарып көзің жанғанда.
Тай сезіміңе ноқта сап,
Тулатпай ұстап алғанда,
Жалғанда ешкім жоққа ұсап,
Тезекке бірге барғанда
Кезекпен әнге салғанда
Кезіккенімді білмеппін
Қадір түн – қайран, арманға!
Қақпаша жағаң күн қағып,
Қадалған түймең қатарлай.
Кеудеңе кейде ұрланып
Қарайтын едім бата алмай.
Бойың да өсті булығып,
Ойың да өсті булығып.
Тамырын тартпай бәйшешек
Шыға ма жерге сурылып.
...Екінді құлай еңкуге
Елгезек самал елпілдеп,
Жаға мен жеңнен жел гулеп,
Жел тиген етек желпілдеп,
Ақ тезек тердік, арқаға
Алаша қапшық төркіндеп.
Көденің түбі қараңдап,
Кіреуке тартты нарт іңір.
Жалқаяқ жалқын талаурап,
Жуасып жатты жалқы қыр.
Қапшықты қозғап бар дене
Көтере берген сәтіңде,
Дар ет түсті әлдене,
Күн қақан жағаң, нәтінде...
Секемсіз тұр ем алдыңда,
Сескеніп менен қалдың ба,
Айдындай төсің мөлт етті,
Қос шабақ көлге шолп етті
Оралып өскен балдырға.
Он екі мүшең кетіктей
Қымсыңдың неге алдымда,
Айыпты тозған көйлек пе,
Айымыз басқа тағдыр ма?!.
...Одан соң талай жыл өтті,
Аулыңа талай бардым да,
Сәбиіңді көрдім алдыңда,
Аңқитып төсіңді иітіп,
Разы боп сонда отырдың
Айымыз басқа тағдырға.
Поэзияның алдына түрлі міндеттер қоямыз. «Мына тақырыпты, ана
тақырыпты жырлауымыз керек» деп. Мысал үшін, өз басым ешкімнен
ешқандай тапсырма алмай-ақ тыңның экологиясын жаңағы «Боз бие»
арқылы бала кезімде, әдебиетке жаңа келген кезімде элегиялық сарында
жырлаған ақынмын, кейінгі тоқырау жылдарында Брежневтің «Тың»
кітабының ізімен газеттік өлеңдер жазып, біраз күш-жігерімді заяға шашып,
бірсыпыра тоқырауға ұшырадым.
Мен творчествомда ақын интуициясына, суреткердің көріпкеліне
қатты сенемін. Сол екі қасиет кез-келген тақырыпты игеруге көмектесетіне
куәмін. Міне, соған мысал ретінде екі өлең оқиын.
Біздің ауыл аржағы көкпеңбек қыр,
Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр.
Қаулап қырға шашадан көк мелдеп тұр,
Қорық болмай әне бір шалғын табан
Өріске өткен көп малға өткел боп тұр.
Тұяқ тимей бұл жерге шығушы еді,
Сал бидайық шайқалып көкпеңбек кіл.
Менің әкем мазасыз қорықшы еді,
Орып болмай сол жерді кеткен дегбір.
Қылаң жорға қылпылдап астындағы
Ой мен қырды ойқастап өткенде бір,
Қорықшының дауысына кәнігі мал
Шашау шықпай қырды асып кеткенде бір.
Салт ат мініп шалғынның ортасында
Тұрсаң шіркін,
ауасы неткен жеңіл!
Біздің ауыл аржағы көкпеңбек қыр,
Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр.
Шаңдақ қырға шашадан көк мелдеп тұр,
Қорық болмай әне бір шалғын табан
Өріске өткен көп малға өткел боп тұр.
... Қорық көрген құнандар көп келмейді,
Құлын-тайға қайырусыз өкпем кеп тұр.
Міне, бұл өлең менің көзіммен көріп өскен суреттердің жиынтығынан
тұрады. Ал екінші өлең мен ол кезде барып көрмеген, суына шомылмаған,
жағалауына жамбасым тимеген «Қара теңіз» туралы:
Зіп-зілдей денем,
сүйегім сыздап сынық па,
Жығылғандаймын,
жұдырық пенен сырыққа.
Қажыдым білем, қай жаққа барып демалам,
Тынығар жер жоқ,
Жуынар көл жоқ жуықта.
О, таптым, таптым,
Қырымға барам, Қырымға,
Шипалы жер деп жұрт айтып жүр ғой шынында.
Малтимын, шіркін, Қара теңіздің суында,
Балқимын, шіркін, Қара теңіздің құмында.
Теңізден қайтам тобылғыдай боп, гүл емес,
Мақтанар едім, «қақталдым ғой деп, міне дос»,
Қара теңізім, қарайтшы мені, қарайтшы,
Қаралық маған, қаралық саған мін емес.
Қай жақтан алдың шипасын күллі көлдің сен,
Қай жақтан алдың жәннатын күллі желдің сен.
Білген екен ғой, құбылаңнан келіп сұғынып,
Түріктер неге мекендеп алған деп жүрсем?
Қайырлы теңіз басқаға да жет, бізге де,
Жүзді ғой сенде пәлен де, пәлен жүз кеме,
Құрымдай сенде халық та қазір көп шығар.
Бір барам саған,
бара алмай қалсам іздеме.
Міне, көріп отырсыздар, ақынның әлеуметтік ой айтуы үшін сол
обьектіні көруі де, көрмеуі де міндетті емес. Тек сол обьектіге теңейтін,
теңгеретін ойдың астарын, өзекті өлі нүктесін тапсақ болды деп ойлаймын.
Қайта құру басталғаннан бері «Осы кезеңге лайық жыр жазайық» деп
қалатындар, әлі күнге дейін әлеуметтік заказдар түсіп жатады. Бұл кешегі
тоқырау кезеңінен жабысқан дерт, сол әлі қалмай келеді.
Бізде қайта құру тақырыптарын «Қайта құру» деген сөз
лексиконымызда жоқ кезде, бұл сөз ұйықтаса түсімізге кірмейтін кезде
жазған ақындар баршылық қой. Кез-келген өлеңі қай уақытта болмасын, қай
заманның болмасын жаңа талабына үнемі үндесіп, ылғи сай келетін Абай
мен Махамбет өлеңдері соның мысалы емес пе?
Немесе, Жарасқан, сенің өзіңнің сексенінші жылдардың бас кезінде
жазылған «Ертеңім менің – ертегім» дейтін поэмаңды алайықшы. Есіңде
шығар, сол поэмаңда мынандай жолдар бар болатын:
Алыптардың шыға алмаған
шыңдарын,
алу үшін талпынбай ма шын дарын.
Даламыздың тыңын емес тек қана,
Санамыздың көтереміз тыңдарын.
Тіршіліктің теріп кеткен тезегін
Кезді ойласам өртенеді өзегім,
Даламыздың көлін емес тек қана
Санамыздың сапырамыз өзенін.
Менің осы тұста жазған «Құл мен қайыршы» дейтін өлеңім бар. Өзі
аңыз. Мен осы өлеңімнің бүгінгі кезеңмен рухтас екенін енді ғана сезіндім.
ҚҰЛ МЕН ҚАЙЫРШЫ
(аңыз)
Баяғыда,
құлдық қоғам тұсында,
Әлде Үрімде, әлде Мекке, Мысырда,
Әлде базар, әлде мазар сыртында,
Әлде... әлде... әлдекімнің жұртында
Кездесіпті қу қайыршы, шұнақ құл,
Құл шұнақтың жаны алқымның ұшында,
Қайыршының жұққан май бар мұртында.
Қу қайыршы екі аяқ жоқ – бір кәріп,
«Осы ғой деп ойлайтындай сорлы анық».
Қарны тоқ па,
көңілді екен сол күні,
Қос балдақпен ұшатындай қомданып.
Құл бейшара,
құлақ кесті шұнақ құл,
Қарашықта қарғыс атқыр сұрақ тұр.
«Бүгін қалай, ертең қалай күн көрем?» -
Шешілмейтін мәңгі сұрақ бірақ бұл.
Құл асығыс,
ал қайыршы бей де жай,
Ертең түгіл бүгінін де ойламай,
Құлды келіп қағып өтіп аңдамай,
Шыр айналды сапсыз шолақ балғадай.
Алпамса құл салғысы кеп байбалам,
Құл емес пе,
даудың артын ойлаған.
Асыққаннан қаны тасып миына
Қан сорпадай зығырданы қайнаған.
-
Әй, сен неме,
Сіз немене?.. – деп қалып,
Екіұшты оймен тұрғанында оқталып,
-
Ғафу, ғафу, ғафу, - деді қайыршы,
Салмақты айтқан сұрағынан сақтанып.
-
Ғафу, - деді үстін сілкіп, сілкініп,
Ғафу сұрап, тұр мысқалдап, тұр күліп.
Құл мүсіркеп аяушылық сезіммен
«Тұрсаңшы» деп тоқтап қалды іркіліп.
-
Қарасаңшы, - дегенде құл, - көзіңе,
-
Қарасаңшы, - дегені бұл, - өзіңе, -
Мен көзіме, сен өзіңе қарасаң,
Біз тағдырдың түсер ме едік тезіне?..
«Тағдыры не бұл сорлының, тезі не?» -
Пәлесінен қашыпты бұл безіне.
Құл бола ма құлдық ұрмай басқаға
Құлақ қойса қайыршының сөзіне...
Менің өзімнің лирикалық өлеңдерімде «әу» бастан діттіген негізгі
мақсатым – кеше бала кезімде көрген, елуінші жылдардың бас кезіндегі, тың
көтерген жылдарға дейінгі қазақ даласының суретін сөзбен салып, келер
ұрпақтың көзіне елестету болатын. Ал ой астарын сол суреттердің, сол
көріністердің тігісі мен көктеуінің арасынан суыртпақтауды ойлайтынмын.
Сондықтан мен ой айтқыштықты, философиялық тапқырлықты өзім үшін
бірінші планға қоямын.
Екінші мақсатым – сюжетті өлеңдерімде немесе балладаларым мен
поэмаларымда ұлттық дәстүр детальдарын, тұрмыстық тірнектеуді қағаз
бетіне қаз қалпында түсіруге талпынатыным.
Осы екі ойды жүзеге асыру үшін біраз талпыныс жасадым. Сәтті-
сәтсізі бар, оны оқушы қауым айтар.
Бұл екі мақсатты діттеу себебім не дейсіздер ғой. Енді бір ондаған
жылдардан кейін біздің даламыздың табиғаты танымастай өзгереді, келер
ұрпақ елу жыл, жүз жыл бұрынғы атамекендерінің кескін-келбетін жусан
мен жалбыздың иісін тек ақындардың жазып кеткен өлең сөзі арқылы ғана
исін сезінгендей болуы мүмкін.
Ал біздің аналарымыздың ұршық иіргенін, бөкебай тоқығанын, құрт
көже қайнатқанын да біздің өлеңдерімізден оқып үйренсін деген ой еді. Екі
өлең оқиын, осы екі мақсатты танытатын. Осы екі өлеңнің біреуін әлі күнге
дейін жариялата алмай келемін. («Екі ауылдың ортасы», «Құрткөже» атты
өлеңдер).
Әдебиетке типік бейне, адам тағдырын әкелмеген ақын – өзі көзі
көрген кезеңінің суреткерімін деп мақтана алмасқа керек. Біздің буынның
бір мақтанышы – біз соғысты көзімізбен көрмесек те соғыстың ақсақ-
тоқсақтарын, жарымжандары мен кәріптерін көріп, күллі зардаптарын сәби
жүрегімізбен сезініп өскендіктен, соғыс тауқыметін тартқандардың
тағдырын көп жаздық. Бұл жөнінде біз алдымыздағы буынмен, соғыстың
балаларымен таласа аламыз. Біздің екінші бір табысымыз халық
тұрмысындағы детальдар арқылы ұлттық характерлер жасауға көбірек
талпынғандығымыз десек болады.
Мысал үшін, менің «Әубәкір туралы эллегиям», Иранбектің «Қара
мылтығы» – осындай дүниелер.
Тағдыр дегенді кейде бір үлкен дастанға сиғызуға да, сиғыза
алмауға да болады. Ал кейде өлең стихиясы өзін-өзі алып туса, ол бір
шумақ, үш шумақ өлеңге де сыйып жүре береді.
ОРАМАЛ
Әр апта сайын әйелдер жуған орамал.
Тазарды деген, тәйірі, бір сөз ғой жорамал.
Теріңнің иісі түбіттей қайта бұрқырап,
Әтірдің иісі сәлден-ақ кейін жоғалар.
Сағыныш, сенім – шын махаббаттың тезі ғой,
Орамал берсе... ойлансын деген кезі ғой.
Кім тоқып берсе, орамал соның көзі де,
Кім көп сүртінсе, орамал соның өзі ғой.
Ескерткіш, белгі, сүртін сен мейлі, сүртінбе,
Ол орамалды маңдайға біткен мүлкім де.
Тағдырдың заңы талақ боп кетсе, әйелдер,
Тер иісін жуып тазартуларың мүмкін бе?..
Қазақ поэзиясындағы поэма жанрының проблемалары жайында сөз
етер болсақ, дәстүрлі поэма жанры, сюжетті поэмалар жоғалып кетті.
Поэма жанры қазақ әдебиетінің «Альмаматері» емес пе?
Публицистикалық поэмалар қаптап кетті. Бұл айқайға, ұранға айналды.
Дәстүрді ұмытқаннан кейін – басқа топырыққа әкеп бидай еккен
секілдісің.
Әдеби басылымдар лауазымдылардың болмаса, жастардың поэма-
дастандарын баспайтын болды. Поэма жанрының тоқырауы осылай
басталды.
Бірақ мен поэма жазып жүрмін.
Арғы тақырыпта – Біржан туралы, Иманжүсіп туралы, 1916 жыл
жөнінде сол кезеңдегі суреттеуге, характерлерді ашуға көбірек көңіл
бөлемін.
Поэзия кітаптарының тиражы неге азайып кетті? Өлең жазудан бұрын
осыны ойлануымыз керек. Осы үшеуміздің де осыдан он бес жыл бұрынғы
алғашқы кітаптарымыздың тиражы он мың дана еді, қазір екі мыңға түсті.
Қазақстанда жиырма мың кітапхана бар. Кездесуге барғанда сол
кітапханалардан бірде-бір кітабымызды таба алмаймыз. Тіпті Пушкин
атындағы кітапханадан ақындарды айтпағанда, жазушы Марат Қабанбаев
өзінің бірде-бір кітабын таба алмаған. Ақынның жауапкершілігі –
әдебиеттің орны.
ӘРІПТЕСПЕН ӘҢГІМЕ
Мен – ақынмын,
досым бар драмашы,
Өнер – бір дерт, өзек – өрт, сұрамашы.
-
Ойың, ойың, ойың аз, - дейді ол маған,
-
Оқиғаңды, - деймін мен, - сыналашы!
Бұл дүниеде айтпаған ой қалмаған,
Оқиға жоқ драмаға айналмаған.
Мен Абайдың алдында қайқаң қағам,
Ол Шекспир шетінде қайраңдаған.
Ол екеуі – ойлы да, оқиғалы,
Мәңгі, мәңгі,
мәңгінің сақилары.
Ол екеуі – Пайғамбар,
біз – пендеміз,
Сатып алған сау басқа сақинаны.
Олар бізге қарайды төбемізден,
Біз қараймыз баладай елегізген.
Тар заманда туса да...
таңғаламыз,
Таланттырақ жаралған неге бізден?!
Деп екеуміз,
мойимыз, мойындаймыз,
Өліп-өшіп әр сөзін пайымдаймыз.
Мықтылардың мысынан қайқаңдаймыз,
Мұхиттардың шетінде қайырлаймыз.
Сөйте тұрып жазамыз біз де бірақ,
Біздікінің әрине тұзы азырақ.
Тар заманда, тартыста, тығырықта
Жазған олар ащырақ, ызалырақ.
Біз де жақсы жазуға міндеттіміз,
Машығына кәсіптің тым ептіміз.
Драмашы, ақынбыз ел алдында
Әжептеуір біз дағы құрметтіміз.
Біздің заман,
ұлырақ ол заманнан,
Шындық озған қиялмен болжағаннан.
Таптар менен тақтардың тартысының
Талай айла-амалы жолда қалған.
Біздің заман кер жорға – кемелінде,
Заманаға сай болды өнерің де.
-
Сыйғыз соны, - деймін мен, - драмаңа,
-
Көрсет соны, - дейді ол, - өлеңіңде.
Бәрі өзгерер...
заңың да заманың да,
Оқиғаң да, ойың да, амалың да.
Абай менен Шекспир мәңгі бірақ
Адамзатқа – азамат адалында!
Өнер деген – өмірдің лапылдауы,
Ой деген не?
Бар болса ақын жаны,
Өнер – бір дерт, өзек – өрт,
ал жанып көр,
Таста, досым, іздеме оқиғаны.
26 маусым, 1988 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |