Бағдарламасы бойынша жарық көрді Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



Pdf көрінісі
бет2/17
Дата31.03.2017
өлшемі1,12 Mb.
#10892
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

САРАЙШЫҚ
Жайық бойы –
Жарлауыт,
Жар басына жолай шық. 
Ақ толқынға арбалып, 
Мызғып жатыр Сарайшық.
Толқын орған топырақ, 
Торлама қыш,  зер-айшық... 
Тарихыңды оқып ап, 
Толқып тұрмын, Сарайшық.
О, армысың,
Астанам,
Аруағыңа берем дем,
Жайық құсап жасқана
Құшағыңа енем мен.
Көне сурет көлбеңдеп, 
Көрсеткендей киесін, 
Күн астынан керуен кеп, 
Шөгергендей түйесін.
Пайда болып ғайыптан, – 
Ару қыз бен жас сарбаз, 
Ат суарды Жайықтан... 
Айтайыншы ақсарбас.
О, Сарайшық! 
Расында
Сиқырыңа шөлдегем, 
Тусам сол бір ғасырда 
Өлер едім сенде мен!
1996

17
ҚЫШ ҚҰМЫРА. ХІІІ ҒАСЫР
Замандардан
Заман өткен зымыран,
Қырсыққанда 
Қырық іріген қымыран... 
Жар астынан, 
Жағасынан Жайықтың 
Жарқ етті ғой қазып алған құмыраң!
Сарайшықта
Сақталғандай ұлы күш,
Сайын ханның көзі емес пе бұл ыдыс?
Сайрандар мен
Ойрандардан сау жеткен,
Құмыраның кейпіндегі құбылыс.
Жайық жатыр жұртын құшып қаланың...
Жаға кезген жалаңаяқ бала кім?
Сыры кетіп,
Сыны қалған,
Сар көзе,
Сарғайған бір суретіндей сананың.
О, Сарайшық,
Тоғыз жолдың торабы,
Саған сіңген сартап сүрлеу сорабы.
Ыдыс деген
Ырымы ғой ырыстың,
Қазағымның құты қашқан жоқ əлі!
1996

18
БАЛБАЛ ЖЫРЫ
Өмір,
саған
келдім – кеттім, 
сонда нені тындырдым? – 
зерін теріп зеңгір көктің, 
ботананы тұндырдым.
Өмір,
саған
бардым – қайттым,
таңғы шықты мекендеп,
құдайыма қайғыңды айттым,
құлақ түрер ме екен деп.
Шыққыр көзді 
аштым – жұмдым, 
шолдым биік, төменді, 
тілін жұтқан тас тұнжырмын, 
сөйлетпеңдер, мені енді!
1996
АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ
Бақ дегенім сорға айналды, 
тақ дегенім көрге айналды, 
көкірегіме шер байланды, 
 
 
 
толайым... 
 
Жер дегенім кебенек пе, 
ел дегенім ебелек пе, 
ер дегенім көбелек пе,
 
 
 
ағайын?!

19
Атамекен – алып тозақ,
мойыныңды қамыт қажап, 
мойыдың-ау, ғарып қазақ, 
 
 
 
  аһ ұрып.
Найзағайлы намыс қайда,
қайта бізбен табыспай ма, 
ата жаумен алыспай ма,
 
 
 
  ақырып?!!
1989
КҮРШІМ. ЖАРАЛЫ БАРАҚ БАТЫР
Кеудеме менің күйдіріп киіз басыңдар, 
бұл жара сонда асқынбас, 
туырлықты түріп, түндікті түре ашыңдар, 
тамағыма да тас тұрмас.
Жарылған басқа қарама, 
мойында қалса болғаны, 
тұсап жіберші далаға 
жорықтан келген жорғаны.
Беу, аспанның асты кең дейді, 
бесікке сыйып, есікке сыймай жүрсек те, 
беймезгіл ажал келмейді 
жабысқанымен тірсекке.
Маңдайға берген қарағайдайын мүйізді 
қалаған шақта өзі қағады жаратқан, 
баса түсіңдер, аяймысыңдар киізді, 
аяймысыңдар Барақтан?!
Жасыл ту тұрса жоғары
жығасы оңай жығыла қояр мен бе екем?

20
Айдаһар салған жараны
айдаһардың өз уыменен емдетем!
Сұм жалған деген осы ма-ай? 
Оған да тəуба етерсің, 
əй, балам, əкелші бері насыбай, 
иіскетпей ертең кетерсің...
Жүрегіме күйдіріп киіз басыңдар!..
1989
ҚОБДА. ИСАТАЙ ҚАБІРІ БАСЫНДА
(РЕКВИЕМ-ҚОСАЛҚА)
І
Қаталап өлген
Қара жер,
Қанымды іш те,
Қана бер... 
Құралайдың күнінде 
Қырқарлансам –
Қаһарыма 
Қормал болмас түбінде, 
Қорқып жатпай інінде 
Қарсы келсе хан егер! 
Құдіреті күшті құдайым, 
Қызыл қарын сары бала, 
Қайғы жұтқан кейуана, 
Қаңғып қалған пəруана мынау жұртымды 
Қан аңсаған қылыштан аман қаға гөр!
Қайыңның түбі – қызыл қан,
Қорлықтан қолқа қызынған,

21
Қабылан жүрек қайран ерлерден айрылып,
Құлазып өңір,
Қамығып көңіл бұзылған.
Жанымыз ұшты ғайыпқа, 
Қанымыз құйды Жайыққа, 
Қапыда кеттік қор болып, 
Қаймығып қалған қайран ел, 
Бұйыра көрме айыпқа. 
Қамалаған қалың дұшпанның
Қарбыздай басын қағып ап,
Толтырсам деп ем Жайықта жүзген қайыққа!..
Терлігім терге шіріді, 
Теңіздей қолым іріді, 
Тұмсықтан тізген тіріні – 
Атаңа нəлет дұшпанға 
Жер басып жүру лайық па?
ІІ
Ақбұлақтың жағасында 
Құжынаған қабірлер... 
Қаптап жатқан қалың қабір... 
Құдай, өзің сабыр бер.
Аспан асты, жер үстінде бір белгі жоқ басында, 
Осы жерде зəу-затымен көмілгендей тəңірлер.
Қарақұрым қабірлерден,   
Қайысады қабырғаң,
О, Қара Жер!
Қаным менің қашып кетті тамырдан...
Сырдың суы сирағынан келмей жүрген сырдаң ер,
Аяқ-асты айырылдым сарқылмайтын сабырдан.
Қай кезде де қазақ қаны құнды болды-ау тым аса,
Қойша қырып баққан екен,

22
Қырған екен қынаша.
Қалың тоғай түбіріндей қанша қабір қаптаған... 
«Исатайдың орманы» деп айтар едім сұраса.
...Қара Қобда қан сасыды,
Көбік шашып қан ақты,
Қан кірпігін əрең ашып,
Қанды көзбен таң атты.
Қапияда қырғын тапқан қабыландар жанарын,
Қарға шұқып,
Қорқаулар мен қара шыбын талапты.
Жайық үшін жан бергендер,
Еділ үшін егесіп,
Қиғаш үшін қырылғандар –
Қазір бір-бір төбешік...
Басын иіп өтуі керек
Уақыт өзі бұл жерден,
Тағзым етіп тұруы керек келген қоғам төресіп.
Көзін тігіп қасиетті қырларыма шұрайлы,
Кейбір шіркін
«Шекараңды шегерші» деп «сұрайды»,
...«Өлігімнен аттап өт!» деп
Жауларының жолына
Өркөкірек біздің шалдар жатып алған сыңайлы!..
Жыртқанымен,
Құртқанымен,
«Тың игеру! Егіс!» деп,
Ата-баба қабірлерін бітіре алмас тегістеп.
Уақыт өзі аттай алмас аруақтардың үстінен,
Арманда өткен арыс үшін
Бұдан асар жеңіс жоқ!
1996

23
ҰЛЫТАУ. ҚҰРБАНДЫҚ. ҚОБЫЗ ҮНІ.
Қабырғам қақырайды қасіреттен...
қан жұтып, қайғы жұтып ғасыр өткен.
құдай-ау,
қай дəуірде, 
қай заманда 
қазақтың көздерінің жасы кепкен?
Қыр бар ма қазақ тəні көмілмеген, 
ой бар ма қазақ қаны төгілмеген?
қашаннан құрбандыққа қайыл халық 
қайғысыз қара суға семірмеген.
Қырылса қара орманым қынадайын,
қалайша жоқтамайын,
сұрамайын?
құрыған аштықтан да, қастықтан да,
қайда сол қыршындардың құны, ағайын?
Тереңге тамырларын жайған шынар, 
балтадан көз ашпаса қайдан шыдар? 
қара жер
қанша жебір болса дағы, 
қазақтың сүйегіне тойған шығар?!.
1996
ҚАЗАНҚАП ҚАБІРІ. «КӨКІЛ» КҮЙІ
Секен Тұрысбекке
Домбырадан күй жұпары аңқыды...
діріл қағып шертілгендей жан қылы,
жүрегімде –
қазбауыр бұлт қаңқылы, 
жанарымда – 
жаралы кеш жалқыны...

24
Неткен үндес мына бір күй Құранмен!
Аллау Акбар!
аруақтанып тұрам мен!
мұңлы мазар бесігіндей пейіштің...
киесіне көңіл ұйып, тынар дем.
Уақыт – ісмер
Жер жыртығын жамаған,
қыртысында қыршын кеткен сан адам...
бүгін міне, қайта туып құдірет,
о дүние аспанынан қараған.
Күй дегенің аумайды ғой Құраннан,
жарық нұрдан, сəулелерден құралған,
кел, зиратшым,
күй тыңда да, қолың жай,
шын құтылғың келген болса күнəңнан! 
1996
ҚАРОЙ. МАХАМБЕТ
Бұл жерде Бас ақынның
басы алынған,
бұл жерде басты қылмыс жасалынған... 
Бұл жерге шыбық шаншып жатқанымда 
булығып жанарымнан жас ағылған...
Жолдарың
жондарыңды шимайлаған,
мүлгіген мимырт мінез мидай далам,
алдымнан жұмақ күтіп жатса дағы,
қан жылап мен өзіңді қимай барам.
Тұрса да күн көзіне тығылып қар,
бұл жерде таң қаларлық жылылық бар.

25
Бұлттардың ар жағынан
Бас қарап тұр,
Дегендей:
«Тағдыр тілін ұғынып қал».
Əлемді əумесер ой құлданғанда,
пəк сезім пешенеден құр қалған ба?
Боларын
бассыз Ақын бақыттырақ
еш жендет ескермепті бұл жалғанда!..
2000
СОЛОВКИ-ТОРҒАЙ. МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВ
Шəкірттері іздеп, 
шақыра барды,
туған жеріне Ақын оралды:
алдымен жетті киелі сөзі, 
соңынан келді... 
сүйегі – өзі.
Ашылды кітап кірпігі баяу... 
аталы сөздің сиқыры бар-ау, 
оята алмай арманда кеткен 
ұрпағы əлі ұйқылы-ояу...
1999

26
АЛМАТЫ. ЖЕЛТОҚСАН
«Адамзаттың аяқ қолы
бұғаудан
босайтұғын күн қайда?» деп сұраудан 
мен жалықпан,
айыққанша бар əлем 
итжанды бір «үрей» деген тымаудан.
Көгершіндей көтере ұшқан тұзағын, 
пенделіктен арқан бойы ұзадың, 
қанатыңды жаздыра ма бойдағы 
ауыр күнə, батпан-батпан ыза-мұң.
Жер тарылды,
кеңімеді аспан да,
тіл бітпеді соқыр, мылқау тастарға,
тəңір өзі кірер тесік таппады
үмбетінің қаһарынан қашқанда.
Қанай-қанай қаны біткен жүректің 
қанаттарын тісі қиып күректің, 
арманның да аяқ-қолы байланды, 
көк аспанда тұрмақ енді тіреп кім?
Адам деген алдануға үйренсе, 
үнсіз-түнсіз шыңғыратын күйге енсе, 
ажалды да айналдырар ойыншыққа, 
тағдырынан тажал-тоқпақ тигенше.
Уақытта да жан жүректің бары шын, 
ол жоқтайды сұлатып сап арысын, 
шоқуға да арланбайды ол бірақ, 
биліктінің пісіп қалған тарысын.
Тағдыр таптап, қу теперіш көрген қыз,
уақыт сені емдер ме екен ем-домсыз?

27
Ал, бірақ та
жүректегі қайғыны
көру үшін рентген де дəрменсіз!
1986
АҚЫННЫҢ СӨЗІ
Арамза сөзбен алдағандықтан, 
Аярға беріп мұрсат-ай, 
Ақынның тілін алмағандықтан 
Арманда кеткен Исатай...
Ақынның сөзі –
Тірліктің дəні,
Табанда қалар басылып,
Танымай жүрген құрлықтың бəрі
Табынар түбі бас ұрып.
Қаншама ақын болды да ғаріп, 
Найзаның кетті ұшында, 
Абайдың тілін алды ма халық, 
Көзінің тірі тұсында?
Бұқардың тілін Абылай алып, 
Мағжанның тілін кім алған? 
Тарихқа өзі 
Мəңгі айналып 
Ақынның сөзі сұралған.
Соқырша ерген кей көсемдерге,
Саңырау,
Мылқау ғасырлар,
Ақынға билік бермесеңдер де,
Сөзіне құлақ асыңдар!
1989

28
БЕЙНЕУ. ҰЛУТАСҚА ЕЛІКТЕУ
Өзімнен өмір зор келіп, 
Өзімді өзім қор көріп, 
Бейуақыт
Бордай үгіліп,
Болдым да қалдым боркемік...
Айпері аспан – сұлушаш, 
Айқұлақтанбай жылу шаш! 
Дəл мендей бордан жаралған 
Маңғыстаудағы ұлутас.
Уақыттың өзін құндақтап, 
Дəуірлерменен бірге аттап, 
Осалдан шыққан мықты ғой 
Қайтейін тасты құр мақтап.
Маңдайдан жаңбыр өткенде, 
Таңдайдан тағдыр өпкенде, 
Сол тастан ғана именем 
Менен де мықты жоқ деуге!
1996
ШЫҢҒЫСТАЙ. КӨШЕДЕГІ БҰЛТТАР
Бұл ауылда
бұлт кешіп бала өседі,
бұлтты болар сондықтан келешегі, 
балқарағай сарсүйек болған кезде,  
бүршіктерін қытықтап жел еседі.
Бұл ауылдың 
болғасын құты басым, 
тұтқынына түбі кеп тұтыласың. 

29
Шыңғысханның сүйегін қымтап алып,
киелі тау ашпайды құпиясын.
Бұйыртпаса,
Алтайдың бар қонағы,
бір көруге Мұзтауды зар болады.
Арқарлардай ауылға ауып келген
ақша бұлттар аралар əр қораны.
Мызғып жатыр
маңғаз тау мұз бөктерген,
мəңгі осылай – ісі жоқ күз, көктеммен.
Мұзтау сынды
мұнартқан қарттарымның
мəрт тұлғасын мөлтілдеп іздеп келгем.
Қайран қарттар 
тас қашап, кетпен шапқан, 
қарағайдай қасқайып кеткен саптан, 
күркірейді күн болып енді бүгін, 
келер шақ пен осы шақ, өткен шақтан.
Ай астында кісінеп күміс табын,
ат жалынан алтын шық уыстадым.
Жалғызаяқ жолға сап,
жөн сілтеді
жалғызаяқ самырсын туысқаным.
2000
АЛМАТЫ. ӨРТЕНГЕН ƏУЕЖАЙ
Өртеніп жатыр əуежай!.. 
Жалынның тілі жалақтап, 
Үрейің ұшар қарадай 
Үңілсең көктен қарақтап.

30
Зеңбірек оты зақымдап 
Зобалаң тиген қамалдай, 
Ауежай жатыр лапылдап, 
Аспанда жүрміз қона алмай.
Қорығы қозға шарпылып, 
Қанаты күйген құр құсап, 
Қорегі жұтап, сарқылып, 
Қона алмай көкте жүрді ұшақ.
Барар жер, 
Басар тау қалмай, 
Басылып небір өр кеуде, 
Шаңырағы шомнан ауғандай, 
Шарасыз болдық шерменде...
Тасөкпе жылың санаулы, 
Таспихтың тасы тəрізді, 
Талқыға ап тағдыр қарайды, 
Табаның басқан əр ізді.
Тобасыз тірлік тапсынып, 
Торыққан тағдыр – кəрі ана, 
Қолымнан енді қапсырып 
Құрдымға сүйреп бара ма?
Өртеніп жатыр əуежай 
Аспанда жүрміз қона алмай, 
Қимайтын сонша алаңдай, 
Нем қалып еді, ой, алла-ай?!.
1999

31
МАҢҒЫСТАУ. ЗАМАНДАС
Əбіш Кекілбаев! – деген бұл есім, 
алты Алашқа аса қымбат – 
білесің, 
жұтқан ауаң, 
ішкен суың – біреу-ақ, 
жер шарында қатар өмір сүресің. 
Замандас боп жүргеніңмен мың жерден,
оған ерек дуалы ой мен тіл берген.
тауларда да болады екен
туған күн,
ол да алпысқа өзгелермен бір келген.
Бір ғасырға
бұрын туса – қайтер ек,
бір ғасырға
кейін туса – қайтер ек,
адамзатты жапырағымен желпіп тұр,
Маңғыстауда тамыр тартқан бəйтерек.
Күйіп-піскен
беу, қоғам мен үкімет,
сол үшін де Аллаға мың шүкір ет.
Кең сахара көпсіне ме суларын
дəл осындай бір дарияны күтіп ек.
Мұндай тұлға туа алмасақ –
кім болдық,
туғаннан соң қуанбасақ –
кім болдық?
Абай атам арманындай
Əбіш бұл,
Əуезовтың жалғасындай ұл көрдік.
Қазағымның елдігінің өлшемі, 
Сарыарқадай кеңдігінің мөлшері, 

32
Атыраудай пейіліне берген жан 
Алатау мен Алтайымдай еңселі.
Атынан-ақ асқақтайды əр төбем,
биіктейді парасатым,
мəртебем.
Тереңдегі шыңыраудың суынан
шөліркесе сусындайды жарты əлем.
Шөлін басқан
президенттер мен абыздар,
бар бұқара бүткіл оған қарыздар.
барымызды бағалауды білмесек
бұл жалғанға келіп-кетіп неміз бар!
– Əбіш Кекілбаев! –
деген ұлы есім,
əулиедей жан екенін білесің,
əнбиеден медет күткен жарандар
басып кеткен ізіне кеп түнесін!..
1999
АРАЛ. КЕРТОЛҒАУ
Тілім-тілім
 
 
тілім кетті жарылып, 
күлім-күлім
 
 
көзім қалды қарығып, 
жырым-жырым
 
 
жағалаудай ерінім,
бұлым-бұлым
 
 
толқындарды сағынып...
Жүрегімді кім бар екен жебейтін, 
тілегімді кім бар екен елейтін, 

33
қапелімде қарап қалып айнаға 
өзімді емес, 
көрдім Арал шөлейтін.
Мен – кемемін қаңсып қалған жапанда, 
мен – керегім жоқ жиһазбын Отанға, 
мен – денемін Құс жолында адасқан, 
мен – келемін індет болып жаһанға!
Енді енемін түстеріңе тажал боп, 
тербелемін сағым басқан мазар боп, 
жерлегенің Арал ма, əлде Адам ба, 
кім болса да өлген жанға ажал жоқ!
Ізде мені бұйрат құмның буынан,
ізде мені əбжыланның уынан,
мен – Аралмын,
һəм Ажалмын,
біліңдер,
білмегеннің кеңірдегін суырам!
1989
ҚАРАӨТКЕЛ. ƏКБАР РЫСҚҰЛОВ
Əнші жоқ Қараөткелде менен асқан...
Ғазиз ақын.
Анадан ақын туған Əкбар досым,
Тізгіндес,
үзеңгілес, 
көкпарласым,
Тұғырда қыраныңды түлетесің 
Топқа сап жүргенде жұрт көк қарғасын.
Қолдағы қырандай ғой 
Елші деген,
Сарабдал саясатты еншілеген.

34
Айта алмай,
ақтара алмай аһ ұрасың
Көңілде сырың болса көншімеген.
Сонау жыл кездестік те сағынысып, 
Елімді көрсетіп ем алып-ұшып.
Зайсанның тауларында толғанып ек 
Бұғының мүйізінің қанын ішіп.
Есте ме,
Татып алып шарап дəмін,
Қоймап ек Қара Ертістің шабақтарын.
Туған жер бұрымына қайшы тиіп,
Келіп жүр бұл жалғанды адақтағым.
Көйлегі ақын жанның көктемдей көк, 
Қар жауса көкорайға неткен бейнет? 
Есімде Ыстықкөл деп қайғырғаның, 
Ішіңе у құйылып кеткендей боп.
Ақынның əр сөзінің атасы бар,
Елшілер – сынық салар оташылар. 
Екі елдің бел баласы, тел ақыны, 
Қазақтың үш биінің батасын ал.
1999
ТАҒЗЫМ
Ардақтаған асылымдай Түркістан, 
алтын ине жасуындай Түркістан. 
Мекке менен Мəдиненің мұңдасы, 
мұсылманның ғашығындай Түркістан.
Бүкіл əлем бас иетін Түркістан,
қадірменім, қасиетім,

35
Түркістан,
өзің айтшы,
ақтадым ба ақ сүттей
Иассауидің өсиетін, Түркістан?
– Түркістан! – деп, 
талай ұрпақ қырқысқан, 
тəбəріксің тиген маған жыртыстан, 
көктің жүзін көктей өткен түріктің 
қайта оралған қазығысың, Түркістан, 
маңдайдағы жазуысың, Түркістан!
Бар шаһарға аға болған Түркістан, 
Бар қасиет дара қонған Түркістан. 
Құдай өзі оң көзімен қараған, 
Бар піріме пана болған Түркістан!
Алтын ердің қасы болған Түркістан, 
қара көздің жасы болған Түркістан, 
қанға біткен қызғалдақтай қызырым, 
ата-бабам басы қалған Түркістан!
1997
ТҮРКІСТАН
Көргенмін сені
Ғасырлар терезесінен,
Тағлымыңды танып, 
Тарихтың ережесінен. 
Көгілдір күмбездерің бой таластырғандай 
Кеудесі көк тіреген хандардың дəрежесімен.
Көкірегіне сыр түйіп байтақ армандай, 
Ғұлама жылдар бастарын шайқар ормандай. 
Қасиетті Тайқазан қайта келген соң, 
Қазағымның құты да қайта оралғандай.

Сұм заман есте өрт лаулап, оқ ұшып жатқан,
Сан мəрте сені қорғадық соғысып жаттан.
Он сегіз мың ғаламның күллі ғылымы
Құтханаларыңда
Сол кезде-ақ тоғысып жатқан.
Бесігіңнен жолбарыс жүрек балалар күлген,
Есігіңнен арыстан жалды бабалар кірген,
Беу, Түркістан,
Қыдыр да қаңғып кетпей,
Сенің босағаңды сағалап жүрген.
Сен асау арғымақтайсың
Ғасырлар үйрете алмаған,
Қабырғасын 
Уақыттың катапульттері күйрете алмаған.
Жас Қожа Ахмет тұрғанда тізесін бүгіп,
Көздерін келешектің суреті арбаған.
Салауат айтып өткенге «шүкір» дедің бе, 
Өшіп көрген жоқ ошағың, түтіндерің де! 
Найзағай осып, 
Айбалта айырып кеткен, 
Жараларыңдай жыртығың бүтінделуде.
Қойныңда қыруар хикмет білімі жатыр, 
Мүсілімдердің мархабат ілімі жатыр. 
Қасиетің мен киеңді мойындады əлем, 
Алдыңа келіп, бас иіп, жүгініп ақыр.
Ынтығып неге ұмтылар саған мұнша адам, 
Қаншама ақын жыр арнап, қалам жұмсаған? 
«Ұлылық деген не?» десе, көрсетем сені, 
«Қасиет деген не?» десе қараймын саған!
2000

37
БІЗ – ТҮРКІЛЕРМІЗ
Біз – түркілерміз...
Біз – түркілерміз!
Көк аспандай жарқылдап, күркірерміз, 
Көк аспанның бұлтындай сілкінерміз, 
Көкбөріден туғанымыз рас болса, 
Көк Тəңірден қуат ап, бір түлерміз.
Кеудемізді билеген асқақ арман, 
Тарихымыз дастан боп таста қалған, 
Тірсегіміз тілінген кездерде де 
Жан жүректі жерім жоқ жасқа малған.
Жұтып қойған ғасырлар өктем үнін, 
Айға қарап ұлыған көк бөрімін. 
Атқа мінсем кетемін аруақтанып, 
Арасында желік бар ет-терінің.
Атқа мінсем шығамын айбаттанып, 
Қылыш көрсем кетемін қайраттанып. 
Ғасырлардың бетіне қалқып шыққан, 
Біздің халық – бұ да бір қаймақ халық!
Намысымдай ешкімге таптатпаған,   
Түркістанның күмбезі асқақтаған. 
Бабаларым жатыр ғой бата беріп, 
Аруақтар аманатын ақтап бағам.  
Көк Тəңірден көңілге нұр тілерміз, 
Көк аспандай əлі де күркірерміз. 
Көкбөрілі көк байрақ көкке шықса, 
Қай дұшпанның алдында іркілерміз? 
Біз – түркілерміз! 
Біз – түркілерміз!! 
Біз – түркілерміз!!!
1994

38
ТҮРКІСТАН МАРШЫ
Түркі халқы, тізеңді жаз, түрегел,
Тізерлеген тығырыққа тірелер.
Түбі түркі түгенделер кез келді,
Бірлік болса – қорлық болмас, біле бер!
Атажұртың  – Алтайың тұр арқаңда,
Тізе қосып, бас біріктір, тарт алға.
Бірігіңдер, бірігіңдер, түркілер,
Үміт жүктеп, сенім артып əр таңға.
Сəт те келді қанат сермеп сілкінер,
Күн де туды көк аспандай күркірер,
Қай қашанғы көз жасымыз сіркірер,
Бірігіңдер, бірігіңдер, түркілер!
Қағанаттың қалқанындай қаһарман,
Көк түрікпіз көк тəңірден бата алған.
Бірігіңдер, бірігіңдер, түркілер,
Жер-жаһанда қалмас үшін қатардан.
Бірге болсын атар таң мен татар дəм.
Бір атадан, бір анадан жаралдық,
Бір Алтайдың бесігінен таралдық.
Бірігіңдер, бірігіңдер, бауырлар,
Түгенделсек төрімізге толар құт.
Тіліміз бір, діліміз бір қандаспыз,
Күлтегін мен Тоныкөкке жалғаспыз.
Бірігіңдер, бірігіңдер, бауырлар,
Ата жұртта бас қосайық алғаш біз!
Тау текті едік талқан болдық тарыдай,
Өтеміз бе өр намысты жанымай?
Бірігіңдер, бірігіңдер, бауырлар,
Ортақ жолды оңғара көр, а, Құдай!

39
ҚАСҚЫРДЫ ҚОРҒАУ
Адам – адамға қасқыр. 
Томас Гоббс.
Көп жайлаған
Көкжалдай тау етегін,
Көк сеңгірді 
Көксеймін, тəу етемін.
Қас қылмайды қасқыр да жолдасына, 
Қаскөйлікке жете ме тəуекелің?
Жамандықтан жақсылық дəнін іздеп, 
Жұртта қалдық,
Жортатын халіміз жоқ.
Жалбарынған жарыққа жақсы үмітім 
Отыр əлі оң жақта кəрі қыз боп.
– Білемісің бөрінің жау екенін? – 
Дейді маған 
Бір білгіш нəуетегім... 
Қасқырлығын адамның көре тұра, 
Адамшылық қасқырдан дəметемін.
Талай-талай таланып қара басқам... 
Жақын тартқам бəрібір қарамастан. 
Жасуындай иненің жақсылыққа 
Құмар қылған құдай-ай бала жастан?!.
Десе десін қасқырды қорғау – бекер, 
Адам аңға айналса – аңнан бетер! 
Көкбөріден бөлтірік туған емес
Көкжалдығын көрсетпей арманда өтер.

40
ЖАҢАҚОРҒАН. ШИПАЖАЙ. ҚАРА БАЛШЫҚ
Қара балшық? 
Қандай бұл қара балшық, 
Құлан-таза дертіңнен алар аршып? 
Балшық деген баттасқан кір еді ғой, 
Ол да жатыр кəдеге жарағансып.
«Қардың басын қар алар» –
Қандай шындық!
«Ханның басын хан алар» –
Сондай сұмдық!
Тебістіріп қойғаны-ай тектестерді,
Бірін-бірі түбінде жалмайтын ғып.
Қатыгез-ау, 
Қатал-ау өмір заңы,
Өзегіңді өртейді небір зары.
Қара балшық жаққанға кетер ме екен,
Көңіліме жұғыпты көмір дағы?
Балықтай боп сең соққан сенделейін, 
Мұз шайнаған жалғыз-ақ мен бе дейін, 
Қайғы жұтып, құсаға түсіп ем ғой, 
Қайғыменен ендеше емделейін.
1996

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет