МҰҢЛЫ ӨЛЕҢ
Мəлім маған мынау жақ:
мынау көше, мынау бақ,
мен сырғанақ тебетін
мұрша тапқан мұзойнақ,
мұнарланған ескерткіш –
мүлгіп кеткен қыраулап,
мысқыл күлкі тұрғандай
миығында жын ойнап,
май тоңғысыз айлы түн,
мысықтайын мияулап,
майы азайған майшамдай
мөлиген ай тым аулақ,
марғау аспан мызғиды
малма тымақ мұң орнап,
мəжнүн талдар майысып,
мəлкілдейді тұмаурап,
монтансыған əлемнен
мен де тұрмын сыр аңдап –
мамыражай мезетте
мазасы жоқ тірі аруақ,
майқан-майқан көңілім
мыжығандай піл аунап,
мертікті ме білмеймін
мінген атым лаулап,
мойынсұнбас жүрегім
мұз үстінде жүр аунап,
марту басқан секілді
мысты құртып бұғаулап,
ОШАҚ
171
маңып жатыр миымнан
мың-мың сұрақ тыраулап,
мал қайырған малайдай
мағынасыз құраулап,
мұң меңдейді бойымды,
миымда сан сұрау қап:
– Мəні қайда өмірдің?
мұны табар кім ойлап?
мезгіл өте бере ме
мөлдірімді лайлап?..
... мыңқ етпейді мына əлем,
мынау көше, мынау бақ...
СУЫСУ
Қоңыр күз келіп,
қара ағаш налып,
жапырағы жұтап, жалаңаштанып,
будақ та будақ бұрқырап бұлттар,
жаңбыр мен қары аралас тамып,
үйелеп өлген жабағы тайдай,
жұрқаны жатыр қала жастанып,
шықарға шыға бүрсеңдеп, босқан,
біріне бірі қарамас халық,
қанша күн болды,
қаншама ғасыр
аспан да, мен де қабақ ашпадық?
Көк пенен жердей,
есік пен төрдей,
біздер де бөтен бола бастадық,
сезімді қадір тұтпайтын дəуір
келе жатқандай жаңа басталып!
172
УАҚЫТТЫ КІМ ЖАРАТТЫ
Уақытты кім жаратты екен
жылдам ғып?..
бала кезде бұлықсыдық, бұлдандық,
жігіт шақта қызық қуып, қыз қуып,
шатақ қуып, шалқып-тасып, жындандық,
тайталаста түсіп талай итжығыс,
уақыт – бізді,
біз – уақытты құлдандық,
қолдағының бəрі сусып уыстан,
ақырында айдалада құр қалдық.
Уақытты кім жаратты екен
өтпес қып?..
сағыныштың сары өзенін көп кештік,
күтуменен өтті біздің бар өмір,
шыдамның да шегіменен беттестік,
тұлпарлардың тұяқтарын талдырып,
ғашықтарды бір-біріне жетпес қып...
біз – уақытты,
уақыт бізді аямай,
бір-біріміз етімізден ет кестік.
Уақытты кім жаратты екен
мұндай ғып?..
ешкімге де енші болмас бұл байлық,
уақыт деген кімге – бақыт, кімге – сор,
кімге – ғарыш, кімге – намыс, кімге – айлық,
уақыт мені төске салып илесе,
мен уақытты тартып жүрмін сырнай ғып,
одан өтер екі жүзді көрмедім
қалыбынан кете берер күнде айнып...
173
ҚОЗҒАМА
Өткен күндердің елесін
індетіп қайдан келесің?
Құдіретің бар ма бүгінде
теңіздің жатқан түбінде
көтерер жастық кемесін?
Өткен күндердің сəулесін
қуалап неге əуресің?
Көзіңді қарықтырмаса,
өзіңді ғаріп қылмаса
айтарсың сосын тəубесін.
Қайтесің қозғап ескіні,
қалмаған тіпті еш құны?
Жайлы да тимес бұл аса,
төбеңнен келіп құласа
естеліктердің көшкіні.
ЕСКЕРТКІШТЕРГЕ ЭПИТАФИЯ
Ескерткіштер құлап жатыр бұрынғы,
табындырған таспұттан жұрт түңілді?
Батырмысың, бақсымысың, бəрі бір,
қара базар қағып алар жыныңды.
Біреулердің жан-жүрегін жылатып,
бар тіршілік тұрған сынды гүл атып,
өмір-бақи тағзым етіп келгендер,
сол мүсінді жатыр енді құлатып...
Ескерткіштер орны қалды ойсырап,
қимаң оған қыншымасын, қой, шырақ,
кімге орнатсаң – соған ертең табынар,
тұлға керек жүрген жұртқа тойсырап.
174
Ескерткіштер ескі болса – құласын,
орнына оның, бəлкім, өзің тұрасың?
Жас ағашты отырғызу үшін де
кəрілерін қырқасың да, жұласың...
* * *
Күн өртеніп марқұм болды,
аспан Айдан мақұрым қап,
сүмбілемен салқын келді,
су суыды ақырындап.
Желден жусан ырғалады,
жұпарына ақын ғашық,
қоштасарда Күн қарады,
үнсіз ғана бақұлдасып.
Ескен кезде таң самалы,
дала бөгіп нұрға мұңлы,
сенің қолқаң аңсар əлі
менің жусан жырларымды.
ҚАНСОНАР
Құба жонды
Қымтап қапты қар бүгін,
Қырға шығып,
Қарды кешіп қаңғыдым.
Қансонарда шұбырта əкеп шашқан кім,
Қарақұрым құстың ізін, аң жымын?
Ұясынан ұзап ұшқан ұзақтай
Ұмытсам деп дүниенің тарлығын,
Апанынан алыс жортқан арландай
Қай қияда кездесер деп қанды күн?
Аң болсаң да, құс болсаң да арқала,
175
Пешенеңе жазған болса нар жүгін.
Тіршіліктің шимайының белінен
Екі-ақ сызған ізі мынау шаңғының.
Əріптері сайрап жатқан ақ кітап,
Əліпбиге алар ма еді əрбірін?
Əлде, осылай аң мен құстың тілінде
Нұқ пайғамбар жазды ма екен жарлығын?
Қар бетіне көшсе дедім, шіркін-ай,
Құс ізіндей менің дағы бар жырым.
Қадалған көз қапы қалмай оқысын,
Қарда қалған бір жүректің зар-мұңын.
Қар ерісе – бірге ерісін қарғын боп,
Берсе – берсін қар суының тағдырын!..
АНТОНИМ
Назым бірде отыр екен алаңдай,
«дос» сөзінің антонимін таба алмай.
дұшпаны жоқ, қайран балғын балалық,
ертегіде кездесетін аралдай.
«Өш» дегенді, «қас» дегенді білместен,
өзім дағы
өзгеше бір күн кешкем,
келе-келе таралғыма жармасып,
көрінбейтін бір көлеңке мінгескен.
Алды-артымнан айналдырып ұршықтай,
сол көлеңке қалар емес қырсықтай,
несібемнен сан айырып,
сандалтып,
сыбағамнан сан қағып жүр күн шықпай.
Кімдер екен қауызына тарының
дəнін ұрлап,
құйып кеткен зəр-уын?
176
«Дос» сөзінің антонимі қандай деп,
сен сұрама,
мен айтпайын, жарығым!?.
ЖАС АҚЫН
Маралтайға
1
Ақын болса –
несі мін,
албырт өмір сүретін,
əкімдердің есігін,
теуіп ашып кіретін?
Албасты емес
қабаққа
қарап аяқ басатын...
енгізіңдер санатқа
ең ұлы ақын – жас ақын!
2
Тұтылмас торға тұтылып,
Қарадай қаны құтырып,
Тағдырдан жүрген ұтылып,
Көрмеген жанын күтініп,
Ақын боп туса –
амал не?
Көңілі – түпсіз көнек те,
Мінезі – құйын, жел өкпе,
Түсер де қалар əлекке,
Сен одан сабыр дəметпе,
Соғып бір өткен
самал де!
177
Шаттығын беріп, қайғы алмай,
Бəлеге басы байланбай,
Жүрмесе Ақын сайрандай,
Əлемнің қаны айналмай,
Айналмай қаны
қалар де!
ТІРШІЛІК
Шаттанасың, шарпысасың,
Сан қызыққа батасың,
Айтысасың, тартысасың,
Ит татпасты татасың;
Шыға қалса кім айдынға,
Көзбен, сөзбен атасың.
Тағдырдың да, құдайдың да
Шығарасың «қатасын»;
Масайрайсың, мастанасың,
Бір-біріңді сатасың,
Жар құшағын жастанасың,
Көрердей боп опасын,
Заман мынау – кəпір түрі,
Төккен жəбір-жапасын.
Айналып кеп ақыр түбі
Тар қуыста жатасың.
1995
178
* * *
Мен бақытты адамға қызықпаймын,
Жұлдызымды жатса да үзіп қайғым.
Өміріме қарасам –
өгізі мен
соқасына сенетін мұжықтаймын.
Қызғанбаймын басқаның бақытын мен,
өңмендеумен өтуге уақытым кем.
Тіршіліктің тамырын түптесем де,
Телмірмеймін алам деп ақы кімнен.
Өмірімнің өткізіп қанша көшін,
Заманымның көргенде əуселесін,
Балға – басты
Ұрғанмен тау мен тасқа
Түзетермін қисайған қай шегесін?
Арбағанмен көзімді басқа қала,
Ауылымды аңсаймын астанада.
Цирктегі
Жолбарыс секілденіп
Ораламын кейде мен баспанама.
Бақыттылар өмірде табылады,
Сол қиялды қумасам неғылады?
Күшті қолда көк шыбық жарқ еткенде,
Найзағайды
Жолбарыс сағынады...
179
365 КҮН МЕН ТҮН
«Егер мені жыл он екі ай жазып жыр,
арқасы ұстап, жүдеп-жадап, азып жүр», –
десе – сенбе,
əзіл бұл.
365 күн бойы мен ақын
бола алмаспын,
талады ғой қанатым,
пана болмай Парнас таудың аспаны
шың іздермін қонатын.
365 түн бойы мен ақын
бола алмаспын,
байырқаса қара түн
жарқыратар шырақ та емен,
жұлдыз да
365 түн бойы жанатын.
Солай, шырақ,
Сиқырым жоқ ешқандай,
қос мүйізім жоқ жəне де қошқардай,
бар болғаны ескен желдей еркінмін,
ағын судай ақтарылам жасқанбай.
Солай, солай,
теңемеңдер жұлдызға,
жалау да емен қадалатын шың-құзға,
бəлкім,
анау бұлтқа ұқсас шығармын,
ақ жаңбырын арнап жүрген бір қызға.
180
ЖҰМАҚ ПЕН ТОЗАҚ
Қандым дағы «сен іш пенен мен ішке»,
тойдым дағы мақтау,
даттау,
кейіске,
бір түкіріп жеңіліс пен жеңіске
бір күні мен бармақ болдым пейішке.
Мүңкір-Нəңкір салды дағы сынаққа,
жолды жауып, жолатпады жұмаққа,
мен өзімді періштемін деуші едім,
күнəһар боп шыға келдім, бірақ та.
Ойым толы, бойым толы күнə екен,
жаным толы, тəнім толы күнə екен,
сөзім, көзім күліп тұрған күнə екен,
сақал-шашым тұнып тұрған жын екен!
«Жұмақ – жабық
ақындықты қоймасаң,
аруларға жақындықты қоймасаң!»
бұл өмірдің мəні бар ма əйелсіз,
жырсыз тағдыр кімге қажет, ойласаң?
Мендей адам баспайды екен о жаққа,
мұндай тірлік тірлік пе өзі,
мазақ па?
барсам енді барайын да тозаққа,
басқа жерде орын болмас қазаққа.
181
ЗИЯН
Алдымен бұл шіркінді бастау қиын...
Халық өлеңінен.
Арман қуып,
Атылып жиі ағынға,
Ақын болсам дедім мен қиялымда.
Алас ұрып ақыры
Ақын болдым,
Айырмай-ақ пайдасы, зиянын да.
Пенде болсаң жағарсың көпке қалай,
Бірде маған бұрқ етті өкпелі ағай:
«Жақсы балуан өзіңнен шығар еді,
Өлең қуып кеткенің,
Əттеген-ай!..»
«Бірінші боп біз туған атыраптан,
Сен чемпион болар ең шахматтан,
Патшалардың ойынын тəрк еткен соң
Түңілдім, деп,
Өзіңдей ақымақтан!.. –
Түкіреді бір ағам жерге міне, –
Еріккеннің ердің деп ермегіне...»
Əкем марқұм жалғыз-ақ мақтанатын:
«Құдайымның, шүкір, деп бергеніне».
Енді бірде жарқылдап жас кеудемде от,
Жұмыс таппай жүрдім мен əскерден кеп.
«Ақындармен қиын ғой істес болу...» –
деген сөзді естідім –
ескергем жоқ.
Ғашық болдым бір қызға өліп-талып,
Жүрегімді ұсындым желіп барып.
182
«Егер ақын болмасаң...
сүйер едім...»
деді ол маған,
жырымды көріп қалып.
Тағы бірде лапылдап жас кеудемде от,
Атақ қуып алқындым Мəскеуден кеп.
«Əттең, ақын екенсің,
əйтпегенде...»
деген сөзге сонда да дес бергем жоқ.
Тартыспай-ақ біреуді аттан жығып,
Адам болдым араннан аттап жүріп.
«Білімі бар, ойы бар, білігі бар,
Ақын... – дейді, –
əйтпесе, жақсы-ақ жігіт».
Қайтіп мынау құлықты байыпты етем?
Ақын болу соншама айып па екен?
Азабынан өзім де азар болдым,
Асықпаңдар, жақында қойып кетем.
ГРАММАТИКА
Бұл бір сөйлем сонау жылы басталған,
басталған да тасталған:
майлы саусақ таңбасы бар шетінде,
бір шетіне жас тамған...
о баста бұл сөйлем еді лепті,
дір еткізер жүректі,
пайда болып нүктелер мен үтірлер,
сарсылумен, күрсінумен күні өтті...
содан бері шұбырған із – көп нүкте,
(көп нүктесін көрдік те)
183
кейбіреуі тесік болып түседі,
жыл жылжыса жуандаған белдікке...
кей тұсында шиырланған үтірлер –
көр түземес бүкір бел,
шүкіршілік, –
күпіршілік болмапты,
жанықтырып:
«желге қарсы түкір!» дер...
сол сөйлемге сырын ашып жырақтар,
құйып жатар бұлақтар,
жолын оның кес-кестейді мəңгілік
сарқылмайтын сұрақ... сұрақ... сұрақтар.
ДОСТЫ САТУ
Достықтан достық туар деп,
қайырсыз істен қалыс қап,
жақсылық – жаттар дұғаң боп,
жамандық сезсең – алыстап;
рақымның атын суарып,
күншілдік сезсең осқырып,
кім келсе – соған қуанып,
дүниенің бəрін дос қылып;
əркімге жайып жаныңды,
шатыр боп, кейде қалқан боп,
ұмытып ұя, қамыңды,
өзге үшін санаң талқан боп;
сандалып тапқан сол досың
сатып бір кетсе сыртыңнан...
сұрарлық қандай хал болсын, –
сенімің көктей қырқылған?..
184
аз ба еді көрген құқайың,
тірліктің түбі неткен бос?
түгендеп алар ұпайын,
сыртыңнан сатып кеткен дос.
«Дос сату» деген – осындай
сауданың шықса жаңасы,
байитын болдық, досым-ай, –
удай ғой достық бағасы.
«МОРГ»
Есте ме,
ей, Қонысбай, мына қала,
есте ме «Морг» дейтін сырахана
моргтың іргесінде?
Сусап келіп,
сыраны сіміруші ек тұра қала.
Сыраны сіміруші ек шөлдей барып,
сапырған сезіміміз көлге айналып,
сілкінтіп дүниені жыр оқушы ек,
сирақтан Сырдың суы келмей қалып.
Еспелеу жас ақын ек біз бəріміз,
есте жоқ:
есеңгіреп қызғанымыз, –
ар жағы тас дуалдың –
мəйітхана,
аруақтар тыныштығын бұзғанымыз.
Мəйіттер ар жағында қабырғаның,
сездіріп жатыпты ғой өмір мəнін, –
тіріге,
өліге де тиесілі
түбінде тоғысатын қабір барын.
185
Тірліктің қашып жүрген түрмесінен
өлгенін,
тірілгенін білмес ұл ем,
сол кезде сезбеппін-ау тұрғанымды
өлімнің өлең оқып іргесінен.
Тағдырдың тұтқынынан
азап көріп,
шықсам мен түбінде бір азат болып,
жігіттер,
іргеме кеп жыр оқыңдар,
тыңдайын бара жатып тозаққа еніп.
* * *
Беу, досым,
көңіліңе келмесін,
тірі кезде алған атақ – атақ па,
шын бағаңды береді елің өлгесін.
Нар тұлға,
кескен терек қайда бармақ, алқынба?
Алла берген ақ өлімің – аз əлі,
шын өлесің түк қалмаса артыңда.
186
ҚАЗАҚЫ ҰРЛЫҚ
Тыщу лет не удивляет никого –
Так уже сделан человек.
Ныне, присно и вовек
Царствует над миром воровство.
Редьярд Киплинг. «Общий итог».
Мынау өмір қалған бізге мұраға,
барымта мен қарымтадан тұра ма?
Үйдегі қой,
мидағы ой ұрланып,
көмілгендей көз көрмейтін ұраға.
Табыныңды қасқыр алды қоруға,
дарыныңды дəлдүріштер торуда,
дорбалаған,
арбалаған қу құлқын,
жерді тесіп,
елді теспей соруда.
Мұнайыңды жұтқызады қалтаға,
құдайыңды ұтқызады картаға,
теміріңді, көміріңді аз десең,
өміріңді қоса жұтар,
қорқа ма?
Бар əлемге болғаннан соң ақша би,
қалды ма екен қанда – намыс,
баста – ми?
жөргегінен алдануға үйреніп,
құр еміздік сорып жатыр жас сəби.
Аяқтарын баса алмайды барлықтан,
қорқар кім бар бұйрық пенен жарлықтан?
Қазақ озды,
қазақ озды, адамзат,
тым болмаса ұрлық пенен қарлықтан.
187
Даңқтырақ
дəніккеннен құныққан,
кім құтылар құлқын деген құрықтан,
бар ұрының аузын бір-ақ ұратын,
Ажал деген ұры барын ұмытқан.
ЖАЗМЫШ. ҚОСТАҒАН
І
Қарағым, аспандағы Күн, Айға да
Қарасаң – көзіңді ашып,
Сынай қара.
Қашан да қақтың суы тұнық келер,
Ағады асау бұлақ ылайлана.
Тағдырдың шеңберінен шыға алмайсың
Қаншама жүгірсең де шыр-айнала.
Біреулер қара терге малшынғанда,
Рахатын басқа көрер шырайлана,
Су аяғы құрдымды сезе тұрып,
Түбіне жете алмайсың мың ойлана.
Ғұмыры адамзаттың екі түрлі,
Себебі екі көз бар Құдайда да.
«О, Тəңірім,
оң көзіңмен қарай гөр!» – деп,
Сиынып сəбиі үшін құлайды Ана.
Күтіп тұр сол сəбиді қандай тағдыр? –
Біз үшін шешілмес бұл сұрау ғана.
Өше ме,
Өсіп-өніп,
Өркендей ме? –
Аян ол əлемде тек бір Аллаға.
ІІ
Адамзат баққа,
Таққа ұмтылады,
Көлденең жолына оның кім тұрады?
188
Қолдағы қазынасын құрбан қылар
Біреудің қызықтырып жылтырағы.
Кемшін мен кембағалды көзіне ілмей,
Шен-дəулет,
Сəн-сəулетті жыр қылады.
Даңқ қуып,
Дақпырт тауып, атақ іздеп,
Құл болып қу құлқынға қылқынады.
Жасаған оң көзімен қарамаса
Бəрібір бар жігерін құм қылады.
Көрместен өз көзінің алалығын,
Құдайды ұялтпақ боп жұлқынады.
Қан төгіп,
Қаһарланып, заһар шашып,
Соғысып, бірін-бірі құр қырады.
Жаратқан қарар ма еді оң көзімен
Жарасса адамзаттың ынтымағы?
Бек те өтер,
Байбатша да,
Байғұс та өтер,
Басылмай бұл жалғаннан бір құмары!..
САУДА
Қаламын тастап,
Ұлы ақын кірген саудаға,
нанбассыз, мүмкін,
нанарсыз,
батам деп барып пайдаға,
Қара құрлықта
1
ғайып боп кеткен хабарсыз...
Өз ұлылығын білместен қойды-ау өлеңді,
қоймас па еді білсе егер?
«Құл сатқан» дейді,
сенбеймін соған мен енді,
өсекке мұндай кім сенер?
1
Африка.
189
Беу, Артюр Рембо, –
жас пері жəне Ұлы ақын,
шайырлық шағың –
төбелес, дырду, əрі мұң...
бас пайдаңды емес,
тəуекел тілеп тұратын
құртты ғой сені дарының.
Бүгін де кімнің барғысы келмес саудаға,
бүгін де кімнің батқысы келмес пайдаға,
қаңғырған басың қауғадай болар сауғада,
желікпе, деймін, қой, бала!
Осылай, бауыр,
Саудаға – қыр жоқ,
Билік – кеш...
(Төбелес пенен өлеңді қойғам жоқ əлі),
Көз сатуға да,
сөз сатуға да илікпес,
Ақынның басы жүруі керек жоғары!
АҚШАМ. ШӨКІМ БҰЛТ
Жондағы жолда
бір шаң бар,
жатқандай мая түтіндеп.
Мал қарап дөңде
тұр шалдар,
насыбай атып, шүкірлеп.
Топ бала жайдақ жарысып,
тұяқтар өтті шаң түткен,
қарадан қарап,
қаны ысып,
қауқылдап қалды шал біткен.
190
Күн батты –
Қызғылт айшықты
Уақыттың дөңгелегіндей,
Бір тілім болып ай шықты
Аспанның əңгелегіндей.
Шудасы бұлттың қан-қызыл,
қызарып қомы
желгендей,
хабарсыз кеткен жалғыз ұл
қаңғырып қайта келгендей.
Ақшам.
Ай.
Ақ шаң.
Қанды бұлт...
арқамнан біреу қаққандай...
миымда менің мəңгілік,
ат шауып бара жатқандай.
ЖҰЛДЫЗДАРҒА ІҢКƏРЛІК
Аспаннан көре алмасам жұлдыздарды,
Тірліктің түсі тартар мүлде ызғарлы.
Жабығып жан-жүрегім жадаурайды,
Көңілім кешкендей боп кіл мұз-қарды.
Болса да жылуы жоқ
Жылтырақ құр,
Жанарым неге іздейді шырқырап бір?
Білмеймін бұл не жұмбақ? –
Сол жұлдызда
Жүректің ашылмаған құлпы қап тұр.
Құштармын жұлдыздарға қаршадайдан,
Аумайды аспан маған жан сарайдан.
191
Жұлдызсыз түнді көрсем
Жаным – соқыр,
Тұншығып бұршақтайды тер самайдан.
Жұлдызсыз аспан маған –
Гүлсіз бақтай,
Шоламын түн құрғатпай
Үнсіз жатпай.
Бір жұлдыз байқап қалсам
Қуанамын
Құдайдан келе жатқан тілсіз хаттай...
ТЕНТЕК АҚЫН
Келе алмай дүниемен келісімге,
Бір тентек жүрмей ме екен ел ішінде?
Қоғамның қиратпас ол қабырғасын,
Төренің тəж бен тағын бөлісуге.
Қақ жарар қара қылды қайырымды
Қазы іздеп,
Қасқа жолы айырылды.
Қасарып ары кетсе желіні үзер,
Қысырдың бір арда емген тайы құрлы.
Үрікпесін бойындағы асқақ үміт,
Үйірден қумаңдаршы бастан ұрып.
Қашанғы қойға салып қоясыңдар,
Қақпалап, жон терісін таспа қылып?
Намыстың нардай нарқы түскенінде,
Жұртына жарайды ақын күш беруге.
Ары бар, арқасы бар жалғыз шуақ
Арқырап жүрсе қайтер іштеріңде?
Өсектен,
Өтіріктен қар боратып,
192
Өлердей жан-жүрегін қан жалатып.
Қашанғы қақпақылдап қоясыңдар
«Тентек» деп ту сыртынан таңбалатып.
Ақынның əр сөзінде шойын жатар,
Аяңдар,
Арқасына сойыл батар.
Біз құлақ аспасақ та жырына оның
Түбінде уақыт өзі мойындатар.
ҚОЛАЙНА
Адам үшін ең ауыры жазаның –
Тарту болар жалғыздықтың азабын.
Қолайнаға қолы жетпей жүр дейді,
Темір торға тұтылған бір қазағым.
Қайран өмір –
Қаймана үшін жыр бесік,
Қапастағы тұтқын үшін – құр кесік.
Жалғыздықтан жан сақтайды ол жабықса,
Айнадағы бейнесімен тілдесіп.
Жабыққан жан,
Торыққанда түрмеде,
Қолайнамен тілдеседі түнде де.
О, тіршілік тұтқыныңмын мен сенің,
Түн ұйқыдан текке безіп жүр деме.
Сырласпаймын сусылдаған жұртпенен,
Сырласамын жұлдыздармен, бұлтпенен.
Тілдесердей жапырақпен, жаңбырмен,
Түнде мені қандай түлен түрткен ең?
Қараңғыда қарсы қарап айнаға,
Жалғыздықтан жан сақтаған қай бала?
193
Түнгі тылсым табиғат па панасы?
Тірлік бөтен, ажал да оған қаймана...
Қандай ыстық қара түннің құшағы,
Бауырына босатпастан қысады.
Сұм жалғанның соры менен азабы,
Тəтті елестей көзден бұл-бұл ұшады.
Жалғыздыққа құрбан болған есіл жан,
Айнасынан айырылып тосылған.
Арпа ішінде бір бидайды кім ұғар,
Əлде күрмек көп күрішке қосылған?..
* * *
Өмір-өзен дейді осы халық неден?
Мың құбылған тірлікті дəріптеген?
Қанша жүзсең –
Қалмайды ізің суда,
Қайық тұрмақ болса да алып кемең!
Шырқ үйірген əлемді өмір-құйын,
Шатырлаған аспандай көңіл күйің.
Өмір – құйын дегенім өтірік пе,
Билетпей ме біздерге небір биін?
Жөні бар ма тірліктің тамсанғандай,
Жынданасың жеңілген маршалдардай,
Меңіреулердің ішінде мақам оқып,
Саңыраулардың ішінде əн салғандай...
194
ҮШТАҒАН
1.АРМЫСЫҢ, АМЕРИКА
Армысың, Америка,
Арман əлем,
Алыстан атағыңмен арбаған ең.
Аңсаған адамзаттың азаттығы,
Ақындар ардақтаған арнап өлең.
Деуші едім «тірі болсам бір барамын»,
Алдымнан андыздаған нұр жанарың,
«Эмпайр Билдингтің» заңғарынан,
Əлемнің төбесінен күн қарадым.
Ерекше астамдық бар тұрпатыңда,
Есінеп, ерінесің тіл қатуға.
Есенин
Есігіңді теуіп қайтқан,
Ерігіп,
Еріп барып бір қатынға.
Алтайдың самғап жеткен мұзбалағы
Қарайды, қызығады, қызғанады.
Еске сап Алматымды
Вашингтон
Бүлк етіп жүрегімнің сыздағаны.
Достарыңызбен бөлісу: |