УЫҚ
121
ҮШ АПЕЛЬСИН
Бір соқыр айтқан екен «көрерміз» деп,
бастап ем бағбандық бір өнерді іздеп,
мен еккен
үш апельсин үсіп кетті...
жемісін жей алмадық келер күз кеп.
Жанымның
жапырағы сырласы боп,
жайқалған
желекті ұрды бір қасірет.
Қуана көрсетуші ем қонақтарға
қалжыңдап:
«қайта құру құрдасы», – деп.
Қайтерсің,
тəңір солай түшкірген соң,
көрге де үйренесің үш күннен соң.
Үшеуін көзім қиып бермес едім,
жауса да жерден теңге,
үстімнен – сом.
«Бидайдың барар жері –
диірмен», – деп,
жүрмін-ау тағдырға сəл иілген боп.
Шынымен ішім менің өлген екен, –
үш күн де
үшеуіне күйінгем жоқ.
Ұлықбек-ау,
тағдыр тағы теріс келді,
сөз қылма көз алдаған жеңістерді.
Еңбегің еш болмаған жерің бар ма,
Қанеки, қай тірлігің жеміс берді?..
122
АЙВАЗОВСКИЙ. ТОҒЫЗЫНШЫ ВАЛ
Ей, Айвазовскийдің теңізі!
Жуастан шыққан жуансың-ау, негізі?
Қаныңды сенің қайнатқан анау,
аспанның болар лебізі?
Екіленген елірген,
екі иығын кемірген,
ерейменге айналдың
ерегісіп тəңірмен.
Көкке шапшып кектенген,
көкдүлей боп кеткенмен,
еркіндігің сенің де
жағалаумен шектелген.
Араныңды ашқанмен,
ақ көбігің шашқанмен,
азаттығың ешқашан
астаспайды аспанмен!
Ей, Айвазовскийдің теңізі!..
АЯМЕЙІЗ
Аямейіз – алты күн,
алағаншыққа айналды.
Қыстың тулақ – тамтығы
қанжығасына байланды.
Құс қанаты сызылып,
қысастық қылды кісəпір,
бет-моншағы үзіліп,
болады-ау ертең мүсəпір.
123
Теріс таққан тебінгі,
бұлқан да талқан бораны...
көңілдегі кеміңді
толтыра алса жарады.
УЫҚ
Жан едім салмақты
айналдым қырсыққа,
сан рет бармақты
шайнадым қыршып та,
сонда да келмеді
тағдырдың ермегі –
айналғым ұршыққа.
Морға еріп,
тез көріп
майысқан уықпын,
қиямет кез келіп,
қайысқан құлыппын,
тартқан соң қысымды,
талаймен түсімді
шайысқан жігітпін.
Келместен көңілдің
қызуын іріккім,
мен бүгін өмірдің
қызығын ұмыттым,
жарандар, айтыңдар,
таңдайтын қайсың бар,
түзуін уықтың?!.
124
ҚАР
Күнəсіз жерді таптап жүр
күнаһар адам
ой салар ма екен қылаудай
мына қар оған,
ақсүйек болсам дейді ол
бұратанадан.
сарайға барсам дейді ол
сыраханадан.
Аспанның астын аптап кеп
жауады ақ қар,
аққудың аппақ мамығы
ауаны қаптар,
мақамға мүлгіп, мұңды ойға
шомады бақтар,
арамза іс пен арам ой –
аллауа-акпар.
Үрметке киер үлдесін
жамылды мекен,
сұқтанып бейуаз пəктікке,
сабырлық етем,
қылшықсыз майдай ериді
кіршіксіз əлем, –
балалық шағын Құдай да
сағынды ма екен?!!
АҚЫН ДЕГЕН БІР ҰЛТ БАР
Есенғали Раушановқа
Азап шекті-ау
Ақын деген бір ұлт-ай,
Аттан салып,
Ашайықшы құрылтай.
Басында жүр бозторғайлар баз кешіп,
Тұсында отыр темір тұяқ тұрымтай.
125
Тайталасып
Тағдыр деген тақсырмен,
Тартысам деп
Тарих деген тəпсірмен,
Жүрсіңдер ме жазаланып жазықсыз,
Бəрін жеңіп,
Жеңіліп тек нəпсіңнен...
Аттанғанды
Ақын деген бұл елден
Ажалменен арпалысқа жіберген.
Құс қанатты Парнас таудың Пырағын
Байлаған кім жер бетіне шідермен?
Адамзаттың арман-сөзін жаздым дер,
Ақын ұлты!
Азаптан бір жазғын бел.
Қайдасыңдар,
Абайлар мен Хайямдар,
Үн қатыңдар,
Махамбет пен Мəжнүндер!
Ақын ұлты!
Алу үшін дербестік,
Тартыспасақ тағдыр бізге бермес түк.
Қай патшадан,
Қай тəңірден қорқамыз,
Жаратқан соң данышпан һəм жарымес қып!..
БІЗ ӨТКЕНДЕ...
Біз өткенде жылама да жоқтама,
«Ақын еді!» – десең, – жетер жоқ баға.
Күнəмізді құдай өзі кешірер,
Кешпей жатса ара түсіп,
ақтама.
126
Бөлеу артық үлде менен бүлдеге,
Керегі жоқ көміп аза гүлге де.
«Ақын еді!» – дей сал,
айтсаң бірдеңе,
Одан жылы сөз таппассың – үндеме.
Кетері бар
Келді деме несіне,
Көк аспаннан көп іздеме тесіле.
Жылама да, жоқтама да, ойлама...
Өзіміз-ақ түсерміз біз есіңе.
Зар емеспіз заңғар биік мүсінге,
Жыр оқысақ жарар кейде түсіңде.
Жылау,
жоқтау,
еске алу да,
бəрі бар
«Ақын еді!» – деген сөздің ішінде.
ЖАНАРТАУ
Не қажет қара басыма?
түкірдім-дағы түңілдім!
бір қарап шаранасына
дүниеге келген жырымның,
барамын дар ағашына,
осыны бүгін ұғындым.
Мен дағы асық иіргенмін,
бала болғанмын икемді,
айналып тасы диірменнің
ұнтады жүрек-жүйкемді,
тағдырға басым иілген күн –
ішімде қасқыр ит өлді.
127
Кеудеме қонар шау қарға,
көзімді шұқыр отырып,
от ойнап самарқау қанда
тұрармын сонда секіріп! –
сенбеңдер жанартауларға
сөндім дегені – өтірік!..
* * *
Өлім деген іс болды үйреншікті:
бүгін де бір жас қыршын үйден шықты,
жыламсырап тірлік тұр жасты көзбен
ішкен сəби секілді күйген сүтті.
Танымаққа талпынып өмір сырын,
қадағанын сезбейсің өлім сұғын,
қу жапырақ,
əлде жас топырақ па,
қонар жерін талғамас көңіл-шыбын.
Қамаласың көз жұмып тас қапасқа,
қашалады есімің қасқа тасқа,
талақ етіп түбінде
тастап кетер,
ғашық болып өмірмен босқа отаспа.
Жалғыз өзің жатасың лақатта,
байыз тауып батасың рақатқа,
терең қазып тепкілеп көмгендердің
бəрі өзіңдей болады,
кінə тақпа...
128
ШҮКІМАЙТ
Кімге кең едің, кімге тар едің,
Өмір-ау, нені үйреттің?
Жыр жазып бұрын түн қатар едім,
Оны да бүгін сиреттім.
Тіршілік деген, жыр емес екен,
Түсіне кірер жыраудың,
Тек беті ғана күлегеш екен,
Өзегі – өксік, жылау, мұң...
Диірменнің тасы жаншып өткенде,
Бидайым, қанша төзесің?
Жүрегің кейде шаншып кеткенде,
Тірі екеніңді сезесің.
Түсер ме енді алшы шамалы,
Еліктен қалған шүкімайт.
Жүрегің бар ғой шаншыса дағы,
Шаншыса дағы шүкір айт...
ЖАНАЗА
Балалық өлді, білдің бе?..
Абай.
Əділдік өлді, көндің бе?
өз қолыңмен көмдің бе?
өлгенмен бірге өлмек боп,
қабіріне төндің бе?
Өлімнің өңі жасарды,
шаш алу үшін бас алды,
тағдырдың қолы шығайбай
қалтасын қақсын қашанғы?
129
Қайғының жүзі жылыды,
күлкінің иті ұлыды,
қыраудан туған өрнектей
қиянаттың қылығы.
Тас пен тас жатыр соғысып,
тау мен тау отыр табысып,
итжығыс –
іштің толқыны
бірімен бірі алысып.
Қаталдық деген қарағай
тізеге басты қарамай,
ернін тістеп ұят тұр,
тіс жаруға жарамай.
Үміттің талы майысып,
қайғымен қалды қауышып,
жүректегі оның тамырын
шалатын бірақ қай үсік?
ПƏТШАҒАР
Елеуішке су құямын –
толмайды,
көңіл түбі – шұрық тесік,
сор қайғы,
мен не болсам ол болайын,
пəтшағар,
жырым, сенің жасың ұзақ болғай-ды.
Терезеңді тырсылдатса торғай кеп,
мың күн сынбай, бір күн сынар сорлы əйнек,
мен күл болсам күл болайын,
пəтшағар,
жырым, сенің жасың ұзақ болғай деп.
130
Далада – қар,
ақ парақтай ақ сонар,
сайланып ап саятта жүр патшалар,
алтайыдан дəмесі бар бəрінің,
жасың ұзақ болғай сенің,
пəтшағар...
БҰЗЫЛҒАН УАҚЫТ
Сүйіктіммен кездесуге кешіктім,
өкпесін де,
өзгесін де есіттім,
«Сағат бұзық, бұзық сағат...» – дей бердім,
тұтқасынан қолымды алмай есіктің.
Жетіп келсем алқын-жұлқын жұмысқа,
Бастық сөкті:
«Кешіккенің дұрыс па?»
«Сағат бұзық, бұзық сағат!...» – дей бердім,
сағатыма ұрыссыншы деп ұрысса.
Құрлықтар мен құрлықтардың арасын
Жалғаған жол,
Қайда заулап барасың?
Жыланның да тілін тапқан заманда,
Тек уақытпен таба алмадық жарасым...
Уақытқа да бас иместей
Шіренген,
Кейпімде бір ғажап ғұмыр сүрер ме ем?! –
Сағатыма қарамаймын,
өйткені
Жүрегімнің уақытымен жүрем мен.
1988
131
ЖАРАТҚАН
О, жаратқан,
сен ақынсың мен білсем,
бар əлемді ұйқастырып бердің сен,
шүкір Алла,
таң келеді сібірлеп,
қайтер едік мəңгі түнді төндірсең?!.
Тіршілікті бар əлемге таратқан,
ең ұлы ақын сен боларсың,
жаратқан,
жұлдыз толы жырларыңды жаттаймын
Ғалам деген,
Ғарыш деген парақтан.
Бар əлемді үйлестірген бір өзің,
күн кештірген,
тілдестірген бір өзің,
ұйқаспаса жақсылық пен жамандық
ол да сенің ақынға тəн мінезің!
Өмір деген тұнып тұрған заңдылық,
бəрі орнында:
жер-көк,
адам,
мал-мүлік,
ғашықтығың көрініп тұр,
жаратқан,
сүю деген шын ақынға тəн ғұрып.
Баққа бұрған бар тірліктің күймесін,
балталасаң бұзылмайтын үйлесім,
өзің берген өмірге біз өкпе артпай,
өзің құсап сүйсек етті сүйгесін...
132
АҚЫНДАР МЕН ƏКІМДЕР
Ақындар құмар бақшаға,
əкімдер құмар ақшаға,
біреуі жақын құдайға,
біреуі жақын патшаға.
Ақындар, ойхой, оңбайды,
əкімге тиісіп сорлайды,
басынан бірі айрылар,
бірінде бас та болмайды!
Ақындар асық ажалға,
əкімдер ғашық ғазалға,
екеуін мақшар теңгеріп,
жатады қатар мазарда.
Ақындар ішер жатып ап,
əкімдер жүрер қатын ап,
қайсысы мұның ақылды,
қайсысы мұның ақымақ?
ЗІЛСАНДЫҚ
Бөлмемде бар бір сейф,
Кілтін ешкім таба алмай,
Көп кісілер жүр кейіп,
Керек затын ала алмай.
Əрбір адам – бір құлып,
Кілті жатқан аспанда.
Бір бірінен сыр бүгіп,
Құпиясын ашқан ба?
Əрбір адам – бір жұмбақ,
Шыңырауда шешімі.
Ашылмаған сыр – қымбат,
Құлыптаулы есігі.
133
Жан – құпия...
Оны кім
Аша алады, досым-ай,
Кілт іздеумен өмірің
Өте шығар осылай...
ҚАҚПА
Бас сұғып біреу жүрегімдегі қақпама,
сыдырта қарап сақтана,
ұқсамаған соң мақтаға,
ұқсатар қара тақтаға.
«Өлеңнен болып өлесі,
өмірем қауып дəмесі,
кетіпті суға кемесі,
несі бар дейсің бересі?» –
деп біреу долбар айтады,
қарағандай боп қайтады,
қаңырап қалған шахтаға.
Мың жырлап мұңлық-зарлықты,
шанағым, мүмкін, қарлықты?
тағдырдан көріп тарлықты
шабытым, бəлкім, шалдықты?
ойымда орман орам бар,
жанымда жартас жарам бар,
тұңғиық түпсіз тобам бар,
оны да келіп тонаңдар,
қазынамды алып, қойныма
көмгісі келген жарандар,
ядролық қалдықты!
Бұра алмай мойнын көлге бір,
аққуым неге шөлде жүр?
ергенек болып елге жыр
пұшайман жеген пенде бұл.
134
Құдайдың көңілін қалдырмас,
қурайдың мейірін қандырмас,
құмайға қылау шалдырмас,
былайға сырын алдырмас,
Күн, Аймен ғана тағдырлас
мен де бір – Қара Жер де бір!
Есебіңді айыр енді, Өмір!..
ТАҒДЫР
Қандай қыстың боларын
алаш қайдан біледі?
қандай құстың қонарын
ағаш қайдан біледі?
Көзді ашып-жұмғанша,
өте шығар жыл қанша,
басыларсың бұрқылдап,
мосыдағы құмғанша.
Тіріге жоқ тыныштық,
өмір бірақ тым ыстық,
кеудең шерге толмайды
жаратқан соң қуыс қып.
Түс көресің, демалып,
тістенесің оянып,
бұлдырайды дүние,
көз жасыңа боялып.
Шимайланып қағазы,
тірлік саған наразы,
сенің кінəң емес қой
қисық болса таразы.
135
НАЗЫМҒА
Жаным менің,
қозым менің,
Назымым,
жолсыз түнде жанған темірқазығым,
жас басымнан жын жетелеп, жыр қудым,
жұрт алдында жоқ та шығар жазығым,
жан əкеңнің жанын ұқшы жабыққан,
жөн көрмейтін жазмыштың жазуын.
Өңімде əркім өзегімді пышақтап,
түсімде жүр аруақтар құшақтап,
жүрегім бар жартас сынды жай түскен,
жаншылсам да кеткенім жоқ ұсақтап,
мұңсыз,
мылқау,
меңіреу бір мергендер
көңілімнің көлінен кеп құс атпақ...
Қызым менің,
ізім менің,
Назымым,
қарлығашым,
талдырмашым,
нəзігім,
қол сұқпайын құзырына құдайдың
өзі білер – күнəһар кім,
қазы кім?
Өмір – бір күй:
өзегі – өрт,
сазы – мұң,
əкең – мəңгі мəңгірген бір мəжнүн...
қаға алмастан қатал тағдыр азуын,
қажыдым мен,
қажыдым мен,
қажыдым...
Қайда, қызым, жан сергітер əзілің?!!
136
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Жалғыздық,
маған сен аштың,
құдайға барар қақпаны,
өзіңмен ғана санастым,
ес біліп, етек жапқалы.
Жалғыздық,
сенің барыңда,
жалғыздығымды сезбедім,
қалмағанда ешкім жанымда,
сен ғана менен безбедің.
Ел-жұртпыз деген адамдар,
жалғызсырап жүр бəрі де,
шаншыса жүрек не амал бар,
жарайтын сенсің дəріге.
Құшағыңа кеп құладым
қашқанда жауыз жалғаннан,
құтқар деп сенен сұрадым,
мақтамен бауыздалғаннан.
Төбемнен міне тау құлап,
тас түнек басты əлемді,
қарақат көзің жаудырап,
Жалғыздық,
жалғыз қал енді!..
ПАТША КӨҢІЛ. АМНИСТИЯ
Кешірем бəрін,
иттікке етім үйренген,
найзағайлар мен найза біткенге түйрелгем,
бас білмес аттың
құйрығына да сүйрелгем,
бəрібір менің қабырғам аман күйреуден.
137
Кешірем сені,
екі айыр екіжүзділік –
жыланның тілі:
жауыздық пенен ізгілік,
бауырыма басып жылытам дағы жібітем
жүрек біткенді жіберсе дағы мұз қылып.
Кешірем тіпті,
айырылған жанды есінен,
айныған Күнді,
айрылған Жерді осінен,
аяйтын болса ақымақ болған пендесін
тəпсірі күшті тəңірдің өзін кешірем.
Кешірем бүгін,
мазмұнның өзін шешінген,
кешірем өртті,
топан суды да есірген.
Сені де кешем,
жолынан тайған періште,
бəрін де кешем,
өзімді ғана кешірмен!
9-МАМЫР
Көше бойлап,
көктеммен тыныстаған,
зағип кемпір келеді
гүл ұстаған,
көзіндегі қап-қара əйнегіне
шағылысып қояды күміс ғалам.
Жол үстінде сүйіскен тоқтай қалып,
екі жасқа соқтықпай,
өтті айналып,
сапер сынды келеді алдын барлап,
таяқ етіп ұп-ұзын оқтауды алып.
138
Періштелер ұшатын қараңғыға,
жан-тəнімен көндіккен
адам мына,
қызғанышпен тіпті де қарамайды,
көрсеқызар келетін жанарлыға.
Өмір сүріп келеді ол көкірекпен,
өкіл болып көрген жоқ
өкіметтен,
соғыстарға бергісіз сьездерде
бар халықты жағалай соқыр еткен.
Жарық жалған бермесін
төрін, мейлі,
жаны жасып,
тірліктен жерінбейді,
көңілінде соқырдың жанған сəуле,
көзі барға ешқашан көрінбейді.
– Көрсоқыр! – деп біреуді қажап, сөгіп,
көзге шұқып жатады-ау,
мазақ көріп,
адам түгіл
тағдырдың өзі дағы
басырлықтан жүргенде азап шегіп...
1989
ШАРАЙНА
Шытынап сынған айнаға қарап,
шыт-шыты шыққан өзімді көрдім,
мен емес,
өзге қаймана қазақ
қарап тұрғандай сезілді кей күн;
сындырған жанды төзімді дер кім,
139
шыт-шыты шыққан өзімді көрдім,
жүрегім – парша,
санамда – сызат,
бұл күйде қайтіп көзімді ілермін?
Жарыма жаңа айна əкелдім де,
абайлауға енді сөзімді бердім.
Жаңа айна үйге ала келгенмен,
быт-шыт боп, бірақ қала бергем мен:
өзім де сынық,
сөзім де сынық,
шатынап кеткен көзім де сынық,
жарықшақ, жаркеш, жарадар, жадау,
əзіл де сынық, сезім де сынық.
Қайғы мен шерге шыдайтын байғұс,
күлпарша болып құлайтындай-мыс...
Анадан енді қайта тумасам
қайтадан мені құрайтын қай күш?..
ҚЫСҚА ЖІП
Мен сендерге бола алмадым сүйеніш,
сорым – ұзақ,
қолым – қысқа,
күйеді іш...
құдды мендей ұялатын тəрізді,
құмға басын тығып тұрған түйеқұс.
Тоқта тұрған жүрегім бар тыз еткіш,
табаным бар,
қабағым бар сыз өткіш,
достарым бар
дымым шықса түзеткіш,
аспаным бар
адымымды күзеткіш.
140
Дөңайбат қып,
дүрдигенмен құр кеуде,
қысқа жібім келмей қойды-ау күрмеуге.
Болар да еді бəрін қайта бастауға,
бұл өмірді болар да еді сүрмеуге...
БІЗ ТУРАЛЫ ӨСЕКТЕР
«Ақын деген шетінен жүргіш халық,
қос қатынды тастайды бір қыста алып.
Берекесіз тұрмысы,
тірлігі де,
қаңғып жүрер штаттан кіл қысқарып.
Қалтасында қашанда көк тиын жоқ,
өзгелердің күнелтер тек миын жеп.
Ақындардың бəрі де ақымақ қой,
көбелектей күйетін отқа үйір боп.
Осы ақынның бəрі де арамтамақ,
ел адақтап жүгірер жалаң қабат,
ішіп алса ісінер көкті тіреп», –
дейді біреу біздерге жаман қарап.
«Қарсы шығып қоғамға қай-қашан да,
дұшпан іздеп жүреді тайласарға.
отқа тартсаң шетінен боққа қашып,
отырмайды бір жерде байласаң да.
Елдің ішін бүлдіріп ала тайдай,
абиырдан айрылар алақандай.
Ақындарға, айтшы осы, не жетпейді,
сорлап жүріп кітабын тарата алмай?
Килігеді сөзге де,
басқаға да,
141
əумесер ғой ұқсаған жас балаға.,
қасапқа кеп қырылар қойдай болып
топырлайды барлығы астанаға...», –
дейді біреу біздерден қауіптенген,
оташыдай ішіңді жарып көрген,
ал дəл соның жоғалтқан
ар-намысын
Ақын емей кім екен тауып берген?!.
АЛШАҒЫР
Қырыққа келдім!..
ырыққа көнгем жоқ, бірақ!..
толқыным жатыр жартастарымды соққылап.
Шетсіз де шексіз,
астан да кестең көк дүлей
жаға барына көзі енді жетті көп құлап.
Қырыққа келдім!..
«Құрыққа ендім демеспін»,
өткендерменен,
кеткендерменен теңестім.
Қызыл да жасыл құлпырған бояу – көбі өшкін,
жоғалды көбі жайнаған ерке елестің.
Қырыққа келдім.
Тұлыпқа енді мөңіреп,
тұлан тұтардай тұмандар ма екен төңірек?
Шоқ шайнап сүйген,
от бүркіп күйген бұл ауыз
мұз жесе де енді үрлейтін шығар көбірек?
Қырыққа толдым...
ғұрыпқа қондым қоңсы боп,
ғұмырмен бүгін арада жүрген елші көп.
142
Құрдымы тылсым,
тұңғиық, түпсіз Дүние
жұмбағын жаңа ашқандай маған «көрші» деп.
Қырықтан астым!
құрықтан қаштым сонша жыл,
олай да шапты,
былай да шапты Алшағыр.
Алшағыр атқа тимесе дағы қамшы ауыр,
жыртық жүрекке
кірпіктен аққан тамшы ауыр!..
ЖЕНДЕТ
Ажал төкті аузынан суық темір...
астар болды аспанға сұлық көңіл.
Пушкин ақын пейішке барды ма екен?
Дантес...
ұзақ,
бақытты сүріпті өмір!..
Қаһарына құдайдың ұшырамай,
қалады аман қан төккен кісі қалай?
қай тəңірге сүйеніп мың жасайсың,
өлексемен күнелткен күшіген-ай?
Өзінде жоқ шындықты көктен іздеп,
таба ма адам?
келген із,
кеткен із көп...
өз жендетін кешірген
Абайдайын
біздің-дағы ешкімге өкпеміз жоқ!..
143
БАЛА ДОСТАР
Сілкіндіргесін Семейдің жасыны жерді,
Құпия, жұмбақ өлімдер ғасыры келді.
Ауылда менің бірге өскен достарым аз,
Алтауы бірдей асылып өлді.
Оларсыз ауыл маған да бола ма мекен?
Ойран боп ойым, құлазып қалаға кетем.
Ізіміз қалған Жасаң мен Шидіарық жақты
Қиялмен жалаңаяқ бір аралап өтем.
Астархан қайда белсенер төбелес десе,
Иегі қышып тұратын ерегеспесе?
Жайырбек, Көке, Бақан мен Исатай да жоқ...
Терең су көрсе сүңгитін келе бəстесе.
Бұзықтығымыз кететін ұлғайып кей күн,
Баудан бау қоймай жемісін ыңғай үптейтін –
Батыкен қайда:
«Балалар, пісіп қалыпты,
Біздің бақшаның қарбызын ұрлайық!» дейтін.
Достарым қайда?
Кеудемнен бұрқылдап бір əн,
Қиырда жүріп ауылдан сыр тыңдап тұрам.
Сахалин жақтан хат жазып сұрапты Зəки:
«Түрмеге түскені рас па,
жылқы ұрлап Құман?»
Жылдар да заулап өтті ғой небір нөпірлеп,
Зіл салмағынан қайыстым темір көпір боп.
Айқай салғым да келеді:
«Достардың орны
Түрмеде де емес
Жүректің төрінде тұр!» деп.
144
БƏЙТЕРЕК
Жұматай Жақыпбаевқа
Бұлықсыған бəйтерек-ау, бəйтерек,
жапырағымызды жел жалмаса қайтер ек?
Өңі сыздап бірауық,
бара жатыр күн ауып,
өз көзімді қайтейін,
бұлт та бүгін жылауық,
айтар кім бар «күйрек болма, байқа» деп?
Биікпіз деп аспаннан,
асқақпыз деп асқаннан
не шықты екен, қарашы –
жанар мынау жас толған...
Анталаған ашкөз күннен не қалды,
қант сеуіп қайғы берсе бас салған?..
Өмір барда – қабір бар...
Тəңір барда – сабыр бар.
Бəйтерек-ау,
тіршілікке арна ашып,
тамырыңмен жатса деймін жалғасып,
менің мынау өн-бойымды қуалаған тамырлар.
Талай əлі жел есер,
сырлас болар, кеңесер,
жаз өткенде махаббаты суынып,
апшымызды қуырып,
жылап-сықтап, төгіп зар,
жапырағымызды жел ұрлар.
Өзің құсап асқақтай,
тəуекелден бас тартпай,
қас тапса да дос таппай
өткен дейді небір нар!..
145
Достарыңызбен бөлісу: |