КӨКШЕНІҢ КЕУДЕСІНДЕ
Мына дүние қай дүние?— күлкі дүние!
Таудан қашқан сылаңдап түлкі дүние!
Сексен сұлу сылаңдап тұрса - дағы,
Ғалияның алмаймын кірпігіне!
Ойпырмай, жан сәулем Ғалия...
(Балуан Шолақ өлеңінен)
Татьянаға мінгізетін атты жетекке алған Балуан Шолақ тура Көкшетау тауына тартты.
Көкшетау қаласынан Көкшетау тауы жетпіс шақырым жер еді. Шоқытып отырған
жүріспен қаладан тауға таң атқанша жететінін шамалаған Балуан, аттарды қыса айдаған
жоқ.
Татьяна салт жүруді жақсы көретін қыз еді. Бала жасынан салт мініп үйренген ол,
әкесіне Омбыдан жазған хаттарында, «эх, папа! Шіркін, салт атқа мінсем!..» деп аңсайтын.
Жыл сайын, жаз айларында демалысқа келгенде, үнемі салт атпен серуендейтін. Фаэтонға
мініп серуендеуді ол биыл жаз ғана шығарған. Онда да, биыл көбірек оқыған Тургенов
романдарының әсерімен...
Балуан Шолақ салт атқа еріксіз мінгізіп, жетектеп ала жөнелгенде, қорыққаннан басы
айналып құлай жаздаған Татьяна, былай шыға сергіп кетті. Алдынан жаздың самалы
үрлеп, шоқыта шапқан аттың үстінде қараңғы түнде отыру оған аса бір рахат сияқтанды.
Жылы түнде, самалдың жұмсақ алақанына бетін сипата жортып келе жатқан Татьяна
біраздан кейін қауіптен арылып, еріккендей болды. Ол әлденені айтпақ боп Балуанға
бірнеше рет оқтанды да, атын тебініп, үзеңгі қағыса қатарласты, бірақ батылы жетіп үндей
алмады, үндесе, жортуылшы жолбарысты шошытып алатын сияқтанды.
Балуанда да үн жоқ. Оның өткір көзі, қараңғыда әлдеқайда қараңдағандай болған
Көкшеге қадалған. Бар ынтасы — Көкшеге тез жету... кеудесіне тез шығу... Ол кейде
қасындағы қызды да ұмытып кетіп, жалғыз өзі келе жатқандай әндете беріп, қыздан
ыңғайсызданғандай аузын жия қояды. Жетекке алған Татьянаның аты кейде Ақбоздың
ұтқыр шоқағына ере алмай тартынады, Балуан атын тежеңкірейді де, қыздың атын
қатарластырады...
Бұндай жүріспен келе жатқанда, егер қыз қапысын тауып, жетекке алған атының
шылбырын қиып жіберіп кейін қалып қойып қашса, бейқам Балуан байқамаған да болар
еді.
Таңға жақын жартыланған ай туды. Ашық аспанның шығыс жақ жиегін белуарлап
Көкше көзге түсе кетті. Жер шамасын Балуан байқаса, жетем деген жері енді алыс емес
сияқты.
Ентіккен атын тыныстау үшін, ол тежеді де, жүрісін аяң жортаққа салып, Татьянаға
қарады. Бұқпадан аттанғалы қызға бұл бірінші қарауы еді.
Ай сәулесі себілген қыздың беті Балуанға дүниедегі ең сұлу сияқтанып кетті. «Жұмақ
бар, онда хордың қызы бар, хор қызы күннен сұлу болады»— деген сөзді Балуан кітаптан
көретін еді, оларды көруге құмарланатын еді. Мына Татьяна дәл осы сәтте сол хордың
қызы сияқтанып кетті. Аспандағы айдан бұл нұрлы көрінді. Қыздың жалаңаш басында
желбеңдеген сары шашы, оған шығып келе жатқан күннің шашыраған сәулесі сияқтанды...
Балуанның көз қыры қызға қадала қалды. Қадалған сайын қыз оған ұнаңқырай түсті.
«Атқа отыруы қандай тамаша!—деп ойлады Балуан, — денесін қандай нық және тік
ұстайды!.. Қандай тәкаппар пішінмен отыр өзі!».
Осы ой көңілін аулаған Балуан, Шабақ поселкесіне жақындағанын білмей қапты.
Шақырған тауықтың, үрген иттің дауысына көңілі бөлінген ол, алдына қараса поселке
жақын тұр.
Осы арадан Көкшеге баратын жол екіге айырылады: бір жол — Шабақ көлінің
ығымен, Көкшенің күнгей жақ биігін жағалай, Оқжетпестің ығына қарай асады; екінші
жол — Көкшенің теріскей жақ биігін жағалап, үлкен Шабақ көлінің жарымен,
Оқжетпестің желіне қарай асады. Ыққы жол әрі жақын, әрі оңай, бірақ, ол жолмен жүрсе
поселкені жарып өту керек.
«Тауық шақырып жатыр. Бұл таңның хабары. Поселкенің адамдары бұл кезде оянды.
Егер қыз айғайласа, олар қамап ұстап алуы мүмкін?!»—деп ойлады ол.
«Теріскей жақ жолмен барсам, әрі алыс, әрі тауға шығуы қиын, — деп ойлады тағы да
Балуан, — онымен шыққанша таң атып кетуі мүмкін!»
«Тәуекел! — деп бекінді Балуан — поселкені жарып жұлдыздай ағып өтейін! Кім білер
дейсің. Білсе не істейді?!»
Татьянаның атын қатарластыра, Балуан Шолақ поселкеге шоқыта шапқан қалпымен
кірді де кетті. Көше бойлай шапқан оларға тұс - тұстан шабаланып иттер қосылды.
Поселке үйлерінің терезелерінде жарық жылтырайды.
«Кім әй?»—деп біреулер айғайлады да, оған Балуан құлақ тіккен жоқ, көшеден ағып
өте шықты.
Қаладан шыға ол, қуғыншы жоқ па екен дегендей артына қараса, далақтап екі - үш ит
қана келе жатыр екен, олардан басқа қуғын көрінбейді.
Балуан қызды поселкеге кіре бақыра ма деп қауіптенген еді, қыз үн шығарудың
орнына, тойға бара жатқандай Балуанмен қатарласа, атын тебіне түсті.
Шабақ қаласынан шыға таудың етегі алыс емес және таудың төбесін жаба өскен қалың
қарағайлы орман поселкені жиектей кеп тоқтаған.
Поселкеден шыға орманға кірген жол екі таудың жықпылымен жоғары көтерілді.
Астасқан екі таудың оң жағы — Өркешті, сол жағы — Көкше. Көсіле біткен Көкшенің
биік жонының батыс жақ тұмсығында «Ақылбай қыстауы» аталып аз үйлі ауыл отыратын.
Бұл ауылда жер де, жерді жерлік мал да жоқ. Ауылдың кәсібі — таудың қазыналық
орманын күзету, одан қалған уақытында Шабақ көлінен балық аулау. Аз үйдің ішіндегі
шекшығар пысықшалауы Ақылбай, ол Балуан Шолақпен көңілдестеу адам.
Ақылбай ауылына Балуан Шолақ пен Татьяна таң сіберлей жетті. Ауылдың иті
бұларды үріп қарсы алғанда, аржағынан:
— Бұл кім, әй!—деп бір еркек дауыстады.
Балуан дыбыссыз жақындады.
— Кімсің?—деді еркек қарсы жүріп.
— Өзің кімсің? — деді Балуан.
— Сен өзің қызық адам екенсің ғой, — деді еркек,— жолаушы жөнін айтпай, ауыл
адамы айтқанын қайдан көріп ең?
— Көрмесең көр!
«Бұл кім?» дегендей еркек Балуанға жақындап келді де:
— Жаным - ау, мынау Балуан ба?!—деді.
— Ақылбай емеспісің? — деді Балуан.
— Иә, Ақылбаймын.
Ақылбай Балуанның, атын тізгінінен ұстай ап, қолтығына қолын созды:
— Түс!
— Түспеймін! — деді Балуан.
— Е, неге? Мынау қасыңдағың кім?
— Aт үстінен сыр айтты деп сөкпе. Бұл әкеп тұрған — барымтам.
— Қайдан?—деді Ақылбай үңіліп, — Адам ба «барымтаң?!» Қой, Балуан, маған ойнап
айтып тұрған шығарсың.
— Расым. «Жығылсаң жығыл нардан, ажалың әлдеқайдан?» дегендей, барымталап
әкеп тұрғаным Көкшетау оязының қызы.
— Ояздың?!.. (Ақылбай орыс тілін жақсы білуші еді. Сондықтан, анықтамақ боп) Сіз
ояздың қызысыз ба? — деді Татьянаға.
— Иә,— деді қыз, күмістей сыңғырлаған ашық үнмен, — мен ояздың қызымын, —
Терентий Диякович Долгоносовтың!..
— Балуанның сізді зорлықпен әкеп тұруы рас па?
— Рас!..
Ақылбай не деуге білмей қалды.
— Ендігі жай былай, — деді Балуан, — жүз таныстығың болмаса, сенімен онша
сырлас болған, я ісім түскен кісі емессің. Жұмыстың жайын айтпай - ақ шамалаған
шығарсың.
— Жоқ, шамалай алмай тұрмын!..
— Ендеше кейін шамаларсың. Ал енді, менен қорқамысың болмаса серіктікке
жараймысың?
— Өзің қалай ойлап келдің?
— Сыртыңнан бір кесіп жер жалы бар жігіт деп еститін едім. «Ханның ісі қараға
түседі, батырдың ісі балаға түседі» — деген, саған паналауға келдім.
— Ендеше, түс!—деді Ақылбай, — тірі болсаң бір төбедемін, өлсең бір шұқырдамын.
— Бірақ мен мұнда түспейін. «Батырға да жан керек». Жау мықты, сақтану керек.
Мына Көкшенің басына шығып көрген жоқ ем, шыға алам ба? Шықсам — паналар орын
бар ма?
— Табам. Жан адам тіміскілеп таба алмайтын жер табам.
— Атың бар ма, қолда?
— Бар.
— Мін де жүр, ендеше!
— Атымды қазір ерттейін, — деді Ақылбай, — қатын - қалаш, бала-шағаның аузы
жеңіл болады. Көздері шалса сөз таратар. Ауылда менен басқа оянған жан жоқ. Сен мына
ауылдың сыртын орап Көкшеге беттеген соқпақпен жөнеле бер, мен артыңнан қуып
жетем!
Балуан жөнеле берді. Қыз тартынбады.
«Осы қызда не ой бар?—деп ойлады Балуан, — не тіл қатпайды, не шыдамсыздық, я
осалдық көрсетпейді. Бұл бұның ақылдылығы ма, ақылсыздығы ма?!»
Қыздың ойы: «Бұлқынғанмен бәрібір босанбаймын. Одан да тағдырдың салғанын
көрейін. Әкем айтқандай бұзық болса — қорлар, өлтірер; жұрт айтқандай ер болса —
басқа бір ойы бар шығар; несі болса да сабырмен күтейін!»
Ақылбай Балуан мен Татьянаны қуып жетті. Олар Көкшенің етегіне келгенде таң
аппақ атты.
Бір жіңішке соқпақ Көкшенің тік көтерілген шыңына арқандай шұбала асылып тұр.
— Осы жолмен өрлейміз биікке, — деді Ақылбай.
— Ат шыға ала ма?—деді Балуан, — Тым тік екен!
— Қиыны қиын, — деді Ақылбай, — бірақ байқап жүрсе, шығады ат. Алдына мен
түсейін. Қызың ортада жүрсін. Атының шылбырын маған ұстат. Сен артынан жүр.
— Дұрыс.
Сол жобамен Ақылбай бастай жөнелді. Қыз ортада, Балуан артта.
Таудың жолы тым тік екенін Балуан мен Татьяна тауға өрмелегенде етектегіден
айқынырақ көрді. Егер олар ердің қасы мен аттың жалына жармаспаса шалқаларынан
құлайтын.
Етектен қарағанда Көкшенің басы жақын сияқты еді, ілгерілеген сайын биіктей,
алыстай берді. Етекке көзі түскен Татьянаның басы айналып, жүрегі өрекпіген соң, сыр
бермейін деп көзін тарс жұмды да, аттың жалын қолына орап ұстап aп, тізгінді бос қоя
берді.
Ақылбайдың астында бүкіштеу келген топырыш торы бие еді. Жазықтағы жүрісте
ақбоз бен қара арғымақтың маңайына ілесетін жылқы емес, ал, тауға тырмысқанда мысық
сияқты, егер артына абайламаса, Балуан мен Татьянадан қарасын үзіп кететін:
Мұндай биікке өрлеп көрмеген ақбоз да алқынды, ал қара арғымақ әуелде, алдына бие
түскенін көріп кіжіңдеп, оқыранып бітіп еді, тауға тырмысқаннан кейін, «байтал түгіл, бас
қайғы» боп, өз денесін өзі әрең сүйреді...
Қара айғыр әлденеше жерде алқынып тұрып та қалды. Ақылбай ол кезде биесін
тоқтатып айғырға дем алғызды. Одан кейін тағы да тырмыса жылжығанмен, сарқылған
күш орнына түгел түспей, әлсін - әлсін болдыра берді. Осы зорлықпен қиналып әрең келе
жатқан айғыр, тау биігінің орта кезіне барған кезде, құзға қарай домалай құлады, Балуан
қызды әрең дегенде айғырдың үстінен алып қалды. Дөңбектей домалаған айғырға төменде
кедір -бұдыр тастар да, құлаған қарағай да, ағаштың түбірі де кездесті, бірақ, былқылдап
екпінмен домалаған дене, не кездессе де резеңке топтай аржағына ырғып түсе берді. Әуелі
ақырын домалаған айғыр, аздан кейін жел қуған қаңбақтай, төменге зымырап кетті...
Құлаған айғырдың қарасы үзілгеннен кейін Ақылбайдың айтқаны:
— Жері жақын болғанмен, ең қиыны алдымызда. Лепіріп келе жатқан көңіліңді
баспайын деп тоқтау айтқан жоқ ем, Балуан!.. Бұл асу осындай қиын. Ең биікке шығасың
ба, болмаса, осы маңайда да адам таппайтын бекініс бар, соған паналай тұрасың ба?
— Бет алған жағымнан қайтқанымды қашан естіп ең, Ақылбай, — деді Балуан, —
абақты қажытты деп ойлағаның ба, бұл?
— Неге олай дейін!
— Ендеше жүреміз ілгері. Менің атыма қыз мінсін.
— Сен ше?
— Мен жаяу жүрем.
— Сенің тілегіңді мен берейін, менің тілегімді сен бер. Мін, менің атыма!
Ақылбай атынан түсті де Балуанға ұсынды.
— Өзің қайтесің?
— Балуандығыңда, серілігіңде, ақындығыңда дауым жоқ. Көңіліңе келсе де айтайын,
нақ тауға өрмелеуге сен мендей емессің. Намыстансаң да айтайын, «Мақпал» мен
«Бүркітті» ден басқа тауға шығып көрдім деймісің, сен?.. Тау ма олар? Жаман атпен
басына шоқытып шығатын төбе емес пе? «Тау» деп аспанға таласқан, мына Көкшені айт!..
Бірақ, бұл, өзгеге биік болғанмен, маған биік емес. Аяқты апыл-тапыл басқалы төбесіне
күнде бір шығатын Көкше бұл; сөзді қой, мін, мына биеге? Әлде биеге қалай мінем, деп
намыстанып тұрмысың? Бұл қияда Ақбозыңнан менің бием артық!
— Жеңілдім!—деді Балуан.
Балуан биеге, Татьяна Ақбозға мінді. Айтқандай - ақ Ақылбай тауға өрмелеуге тамаша
екен. Аяқтары қаздаңдап, аттардан озып, еліктей ентелеп барады. Балуан да, қыз да
Ақылбайдың бұл жүрісіне қайран қалды.
Олар Көкшенің кеудесіне шыққанда күн түске тармасып қалды. Батыстан - шығысқа
қарай созыла біткен Көкшенің жонында түйенің өркешіндей шаншылған шыңдар
болғанмен, күнгей жағы жерге шейін тік қиылып түскен жылтыр тас, әрі, адамның қарауға
басы айналатын терең көлбеңдей біткен теріскей жағы мен жотасы қалың орман.
Ақылбай «аңның жымы» деп атаған бір жіңішке жолмен олар жүріп отырып аз үйлі
ауыл сиып қонғандай алапқа шықты. Алапта қазанға құйған судай қара тастың шұқырына
біткен, төңірегі сақинадай дөп - дөңгелек кішкене көл бар екен.
— Осының тереңдігі жүз кез дейді, — деді Ақылбай.
— Көлемі мынау, — деді Балуан, — қайдан жүз кез болады!
— Өлшеп көрген бір орыс солай депті...
— Болса болар...
Кеңесе келе, Ақылбайдың, Балуанға айтқан өтініші:
— Атыңа қанық, өзіңе танық едім. Сенің керегіңе жарасам арманым жоқ. Төсімді
ашып дос болам, қи, маған достығыңды!
Мәңгілік достықтың белгісіне, олар түрегеп құшақтасты да, төстеріне төстерін басты.
Балуанның амандығын әкесі мен шешесіне ғана айтуға, ояздың іздеуі, тағы сол сияқты
хабарларды тасып тұруға, ас әкеп тұруға уәде қылды Ақылбай. «Болашақта не істеуді,
қайда баруды жағдайға қарай көрерміз» — десті олар.
— Қайыр, қош!—деді Ақылбай әзірге үйіне қайтпақ боп атына мініп, құсың құтты
болсын!
— Менде өзім сүйген бір ғана құс бар, — деді Балуан күрсініп, — одан басқа
бұлбұлдың да, тотының да керегі жоқ.
— Кім ол?
— Ғалия.
— Естіп ек! Бірақ, әйел — түлкі, еркек — бүркіт емес пе? Алдынан сылаңдап түлкі
қашса, бүркіт шыдай алар ма екен.
— Томаға кигізсе тырп ете ала ма, бүркіт?
— Қай томаға ол?
— Ғашықтық!..
— Шыдасаң көрерміз...
— Көрсең көрерсің. «Сексен сұлу сылаңдап тұрса - дағы Ғалияның алмаймын
кірпігіне!» — деп шығарған әнімді естіп пе ең?
— Естігем.
— Сол сөзім — сөз?..
Бұл сөзге сенерін де, сенбесін де білмеген Ақылбай, кешке қарай ас - су әкеп бермек
болды да, жүріп кетті.
СЫНАСУ
Ғалияның қолында бұйда пышақ,
Ғалияны көрдім де жайдым құшақ.
Отыр ма екен Ғалия жатыр ма екен,
Айдын көлде таранған аққу құсап?
(Балуан Шолақ өлеңінен)
Көкшенің қыр арқасына түйенің өркешіндей шаншыла біткен бір шың таста Татьяна
жалғыз отыр. Бұл шыңнан төңіректегі көз жетер жерде көрінбейтін жер жоқ.
Әкесі жер - көкке сиғызбай мақтаған соң, былтырғы жазда Татьяна Бурабайға кеп,
таудың ішін аралаған еді. Сонда Оқжетпестің тас діңгегі қай жағынан қараса да оған бұл
арадағы таулардың ең биік қиясы сияқтанған еді. Қазір, Көкшенің басынан қарағанда, сол
— Оқжетпес үйген тезек сияқты шоқырайған бірдеме.
«Бұл таудың бойында сексен көл бар», деген еді әкесі Татьянаға. «Сонша көл қай
жеріне сияды» деп Татьяна, ол сөзге сенбеген еді. Қазір, Көкшенің төбесінен қараса,
сексен түгіл, жүз алпыс деуге де сиярлық; етегіне, өңіріне күміс қадаған қазақ
қыздарының жасыл барқыт қамзолы сияқты, жасыл даланың беті жарқырап күн сәулесіне
жалтылдаған көлге сыңысып симайды.
Көкшенің төбесінен қарағанда, әлдеқайда алыста сағыммен бұлдыраған көп таулар
ұшырайды, бірақ олардың бәрі Көкшенің қасында төмпе сияқты.
Көкшенің төбесінен қарағанда көзге ұшырайтын көп қаланың біреуі — Көкшетау.
Жетпіс шақырым жердегі ол бұл шоқының басынан, ең кеп болса жиырма - отыз
шақырымдай ғана сияқтанады. Қаланың күндіз күнге шағылысқан бояулы қаңылтыр
шатырларымен, түнде терезелерінен жарқылдаған сәулелері көрініп тұрады. Жалпы
жобасын көріп, жеке үйлерін, көшелерін еркін болжай алмағанмен, қаланың бар бейнесі
Татьянаның алақынында сияқты. Татьяна, кейде, биік шыңның басына шығып, қаланың
нұсқасып көреді де, аз уақыт көзін жұмып отырып ойымен ішіп аралайды, үйіне барады,
әке -шешесін құшақтайды, сүйеді, еркелейді...
Көзін ашып ойласа, Татьянаға бұл еркелігі, бұдан былай, шындықтағы емес, қиялдағы
еркелік қана сияқтанады. Оның бұл ойы түсінікті болу үшін, әңгімені әртініректен
бастайық.
Татьянаны Балуан Шолақтың алып «жейтін аңым» деп емес, ояздың қара күшіне қарсы
қара күш жасау ретінде алып қашқаны, Көкшенің биігіне оны, «ояз адамшылыққа келсе,
мен де адамшылыққа келем» деген ниетпен апаруы бізге мәлім. Балуанның қолына алғаш
түскенде, Татьяна өзін қасқырдың аузына түскен тоқтыдай көргенін де, бірақ, Балуан
жетектеген салт атпен былай шыға, хауыпқа бойы үйреніп, тағдырының алдына не сый
тартқалы тұрғанын салқын қанмен күтіп алуға бекінгенін де біз жақсы білеміз.
Ақылбай бұларды Көкшенің кеудесіне апарып орналастырғаннан кейін қайтып
кеткенде, Татьянаға өзінің жақын туысы қайтып кеткендей сезім пайда боп, қарасы
үзілгенше қадала қарап отырды да, қарасы үзілген соң өксіп жылап жіберді де, бетін екі
алақанымен басып, кесек тасты жастана жата кетті.
Татьянаны шын көңілден аяу сезімі, Балуанның көңіліне сол сәтте ғана ұялады. Оны
бассалып құшақтағысы келді Балуанның, әлдилеген баладай алдына алып тербеткісі, көз
жасын орамалымен сүрткісі, неге әкелген ниетін айтқысы, қорықпауын, көңіліне жаман ой
алмауын өтінгісі келді.
Ақыл таразасына салып көргенде, бұл ойларының бәрі оған жеңілдіктің белгісі
сияқтанды. «Алып қашуға асыққанмен, адамшылық көрсетуге асықпайын» деген тиянаққа
тіреді ол ойын.
Сол оймен орнынан тұрып кеткен ол, жақын жердегі байлаулы Ақбозының ер -
тоқымын алып, көзін орамалымен сүртіп, біраз уақыт әуреленді де, «не халде екен!»
дегендей, жолбарыстың жүрісіндей еппен басып Татьянаның қасына келді. Қимылы жоқ
қыздың бетіне ол үңілсе, ұйықтап кеткендей, мұрны ақырын ғана пысылдайды.
Расында да ұйықтап кетуіне көзі жеткен Балуан, «шошытып алмайын» деген оймен,
еппен ғана басып, алысырақ тұстағы кесек тасқа барды да, қасына жантая отырды. Оның,
ойына өзі білетін өмірдің кейбір философиялық жайлары түсіп кетті.
— «Бұл не ғажап?!—деп ойлады ол. — Мен көрген өмірде осалды мықты жейді. Түлкі
тауықты жейді, қасқыр қойды жейді, бүркіт қоянды жейді деп кіналаймыз. Адам адамды
жегенде, оларға не жорық?.. Аң емес пе, олар?..»
«Адам адамды неге жейді?!» деген сұраудың жауабын Балуан ойлап-ойлап таба
алмады. Дінге сенетін Балуан: «адам бір қорықса құдайдан қорықса керек еді, бірақ, одан
да қорықпайды ғой, мықтылар?.. Аузында алласы отырып, сілесін қатырады ғой олар
осалдардың?..»
Құдайдан ауызша қорыққан боп, іс жүзінде қорықпайтындар есіне түскенде,
«сондайларды неге жеміріп жібермейді екен, тәңірі?!» деген бір қиялға кетіп қалды
Балуан...
«Бірақ, болған емес қой, ондай іс! — деген өкінішке түсті Балуан, — Зорлығы үшін
көрінеу көзге тәңіріден жаза тартқан мықтыны ешкім көрген емес қой?!..»
«Жазаны ахиретте тартады» деген сөз түсіп кетті Балуанның есіне. «Оған дейін
қашан!—деп торықты Балуан, — Бұл дүниеде қайтпаған кек, ол дүниеде қайтқанда не
болады?!..»
«Сол дүниең,—сол құдайың бар ма екен, өзі?!» деген күдік туа берген Балуан,
«астапыралда, күнәлі болмайыншы!» деп, олай қарай шашырап бара жатқан ойын жинап
буа қойды.
«Шіркін, — деп кіжінді ол, — кек атаулы ол дүниеде емес, бұл дүниеде қайтатын
болса!..»
Кектің қайтуына сүйенбек болған үміті тайғанақтай берген соң, ол ойынан торыққан
Балуан,— «ал, енді дүниеде әділеттік бар ма?» деген ойға келді.
«Бар, ол әделеттік! — деді ол дауысын шығарып, біраз уақыт ойланып алғаннан кейін.
— Әділеттік болмаса, халық неге жақсы көреді мені?.. Және есепсіз, қалтқысыз жақсы
көреді ғой, ол мені?.. Мен ғана емес, қиянатсыз адамның бәрін де жақсы көреді ғой ол?..
Ендеше, шын әділеттік халықта емес пе?.. Рас, әділ ол!.. Және оның әділдігі адал, шын
әділдік!.. Күші жеткен жерге дейін аямайды ол әділдігін... Күші жетпеген жерде амалы
жоқ!..»
«Күш» деген сөздің, өзіне мән беріп байқады Балуан. «Көп қорқытады, терең
батырады» деген мақал түсті оның ойына. «Ол, рас! — деген ой кеп кетті Балуанға, —
егер мені көпшілік қолдамаса, елдің күштілері алдақашан түтіп жеп қояр еді ғой?.. Істей
алмады ғой оны?.. Сонда, менен емес, көптен қорықты ғой?!..»
«Сол көптен ұлықтар... мысалы, ояз неге қорықпайды?!» деген ой кеп кетті Балуанға...
«Білдім!—деді ол ұзақ ойланбай, — мылтық олардың көпті қорқытатын қаруы.
Атбасарда қолма - қол төбелессем, қолға түсер ме едім мен?.. Мылтыққа ғана бағындым
ғой мен?.. Халық та сондай. Ол да мылтықтан қорқып отыр. Ұлықтың қолынан мылтығын
алшы, қорлық көріп отырған халық не істер екен?.. Әлегін аспаннан келтірер еді, күлін
көкке ұшырар еді!..»
«Шын, халықтың өз қолына мылтық беріп көрер ме еді?!» деген арман туып кетті
Балуанның басына.
Ойы осы сияқты «тұманға» сүңгіп, одан табар сәулесі жоғына көзі жеткендей болған
Балуан отырған мекеніне қайта оралды. Сол кезде, оның алыстағы буалдырға тіккен көзі,
қимылсыз жатқан Татьянаға түсіп кетті. Оның басында тағы да қиянат пен әділеттік
салмақтаса қалды. «Қайсысына баруым керек, сол екеуінің? — деген сұрау туды оның
басына,— қиянатқа барсам, мына қыз менің уысыма түскен жемім, мұны менен арашалап
алар ешкім жоқ... Бірақ, дұрыс па соным?.. Бар тағдыры қолымда қалған бейшараны
шыңғыртып жеуім адамшылық па?.. Жоқ, емес ол!.. Онда менің де талағыш көп иттің
ішіндегі көк ит болғаным!..»
Балуанның «жоқ, мен ит емеспін, адаммын!» деген даусы қатты шыққандығы сондай,
дауысынан сескенгендей, өзі де орнынан атып түре келді, ұйықтап жатқан Татьяна да
шошып оянған түрмен, есеңгіреп құзға қарай қаша жөнелді... Сол бетімен құзға құлайтын
оны, Балуан әрең қуып жетіп, биік жартастың қабағына жақындай бергенде белінен
құшақтай алды... Қасқыр тістеген киіктей шошынған Татьяна бақырып қалғанда:
— Қорықпа, қорықпа! — деді Балуан, мен аң емеспін, адаммын!..
Есін сонда ғана жинаған Татьяна, «рас па?» дегендей Балуанның кескініне қарады да
үндемеді. Шын мағынасындағы адамның аса жылы кескіні сияқтанып кетті Балуанның
беті оған.
Балуан Татьянаны сол көтерген қалпынан жерге түсірмей, манағы отырған тасына
әкелді де, алдына алып отырып, тілі жеткенше, бұндай іске неге барған сырын шертіп
кетті. Балуанның орыс тілін олақ сөйлеуі, Татьянаға оның ойын ұғуға бөгет болған жоқ.
Бөгеттігі былай тұрсын, жанының жалынындай ақтарылған бұл сөздер Татьянаның сана -
сезімін қорғасындай балқытып әкетті... Балуанның сөздерін әуеле сынай тыңдаған
Татьяна, артынан жылай тыңдады...
Бір кезде Балуанның өзі де жылағандай сезілген соң, Татьяна көзін сүртіп кескініне
қараса, расында да солқылдап жылап отыр екен!..
— Сізге не болған?!—деді Татьяна Балуанның алдынан атып тұрып, басын құшақтай
ап, — ақыл мен қайраттың жентегі сияқты сіз жылағанда, адам баласында жыламайтын
кім?..
Өзгеңізді мақұлдағанмен, мұныңызды мақұлдай алмаймын!.. Мен сізді аса биік адамға
санап қалған едім, егер төмендегіңіз келмесе, тыйыңыз, көз жасыңызды!..
Бұл сөзге балқыған сезімі серги қалған Балуан, көз жасын жеңімен сүртіп жіберді де:
— Мен өзгеге емес, дүниеге адам болып келуіме ғана жылаймын, — деді.
— Неге?!
— Азаттығы жоқ тіршіліктің кімге керегі бар?
— Өзгеде менің, жұмысым жоқ, — деді Татьяна, — жұмысым болғанмен, өзгенің
қиянатын түзеуге менің әлім келмейді. Оған сіздің де әліңіз келмейді. Менің әлім келетін
адам — әкем. Оның тарапынан бұдан былай сізге ешбір қиянат болмауына мен уәде бере
алам. Сеніңіз, осы сөзге.
Балуан үндемеді.
— Сенуіңізді өтінем! — деді Татьяна түрегеп, жалбарынған дауыспен. — Әкеме
өтінішімді қабылдатудың үстіне, егер мақұл көрсеңіз, сіздің өмірлік досыңыз болғым
келеді...
— Оны өмір көрсетер, — деді Балуан да түрегеп. — Асығыс сөз, — ауыздан шыққан
дем, қайтып оралмайды ол. Менің тек қана айтарым, дос болам деген кісіге, менің достық
құшағым даяр!..
Расын айтқанда, Балуан Татьянаның уәдесіне сенуді де, сенбеуді де білмеді. Сенбейін
десе, — аузынан уызы кеппеген сәби адам, өтірік сөзді қалай айтады?.. Сенейін десе —
жауласып отырған адамның қызы,.. ол жаулықтың аяғы немен тынары мәлімсіз,.. қыз,
мүмкін, уәдесін адал - ақ беpiп отырған шығар... бірақ, әкесі оның тілегін орындауына кім
кепіл бопты?.. Егер орындамаса, бұл қыз, әкесін бұған айырбастай ала ма?..
Балуан осы оймен, қызды бір күнде емес, көп күнде сынауға бекінді.
Оның бірінші сынынан Татьяна да, Татьянаның бірінші сынынан ол да әдемі өтті.
Татьянаның сыны, — «дос болам» деп уәде бермеуіне қарап, «кегі ішінде екен, оның арты
неге соғар екен?» деп күдіктенген Татьяна, «егер ойы олай болса, бүгін түнде сыр беруі
мүмкін» деп қорыққан еді, «бүгін сыр бермесе, адамгершілігінің рас болуы мүмкін» деп
үміттенген еді; Балуанның сыны «бұл қыз, мені жәй сөзбен ғана жұбатып, ішкі пікірін
ішіне сақтаса, осы түнде мені ұйықтатып тастап қашып кетуі мүмкін» деп күдіктенген еді.
Ақылбай оларға асты күн баюға жақындаған кезде әкеп берді. Балуан жеп - ішер деп
ол піскен сүр және қымыз әкелді де, қызы жеп - ішер деп орыстың қалашын және піскен
қаймақ әкелді.
Балуанның Татьянаға деген сенімі осы астың үстінде тұтана бастады. Қарны ашты ма,
әлде, Балуанның сенімін арттыруға көз жасағысы келді ме, — «келіңіз!» деп шақырған
дастарқанның қасына отыра қалды да, серіктерін қулық сөздер айтып күлдіре отырып,
асқа тыңқия тойып алды. Қыздың мана жабырқаңқы кескінін көріп, «бұл байғұстың халы
не болар екен?!» деген уайымда кеткен Ақылбай, мына жолы жадырай қалуына, асты
қомағайлана ішуіне қарап, «осы екеуі келісіп қалған ғой, тегі!» деген арам ойға тоқырады.
Ақылбай атына өңгеріп, үйінен төсек - орын да ала келген еді. Ол кете, тастардың
қуысындағы жел - күнге тигізбейтін бір жайлы орынға Балуан төсекті салды да:
— Сен енді тынық!— деді қызға.
— Сіз ше?
— Мен кейінірек ұйықтаймын.
— Қайда?
— Тас арасында орын көп.
— Оған дейін не істейсіз?
— Ананы ермек қыла тұрам, — деп Татьянаға Балуан Ақылбай әкеп берген, таста
сүйеулі тұрған домбыраны көрсетті.
— Сіз жақсы ойнайсыз ба? — деді Татьяна.
— Өзіме қажетті мөлшерде.
— Сізді әнші және ақын деседі жұрт, рас па сол сөз?
— Өзіме қажетті өлеңді де, әнді де шығаратыным рас.
— Маған тыңдауға бола ма, ол өнерлеріңізді.
— Әрине болады.
Тасқа аралары алшақтау қатар отырғаннан кейін, Балуан қарағайдан жасалған ескілеу
домбыраны қолына алды да, күйіне келтіріп, құлаққа жағымды әлдене қоңыр әнді,
домбыраның шектерін шолақ қолының үсік саусағымен, іліп - қағып ойнап жіберді. Бұл
әні жүрегіне жылы тиіп кеткен Татьяна, аз уақыт тынысын ішіне тарта тыңдап отырды да:
— Енді дауыс қосуыңызды өтінем!—деді.
— Жақсы, — деді Балуан, — бірақ, айтар әнім бұл емес, басқа.
— Қандай ән?
— Ғашығыма шығарған...
— Жаңылмасам, естуімше, ғашығыңыздың аты Ғалия болу керек?—деді Татьяна
Балуанның бетіне күлімсірей қарап.
— Оны қайдан естідіңіз?
— Халық арасында тараған әңгімені мен неге естімеймін?
— Не деп естідіңіз?
— Ол жырды маған өзіңіздің айтуыңызды өтінем.
— О да болсын!
«Хат жазайын Ғалия, саған арнап,
Сипатыңа екінші, құрмет айлап.
Анда санда көзіме бір көрінсең,
Қарға аунаған түлкідей қалам жайнап!»—
деп бастап, Балуан «Ғалия» әнін айта жөнелді. Дауысы шынында зор ма, әлде, мына
биік таудың, басы, қалың қарағайдың іші көтеріп әкетті ме — құмарта тыңдаған бұл әдемі
әнді айтқанда, Балуан Татьянаға дүниеде дауысы ең зор, ең нақышты адам сияқтанып
кетті. Оның дауысына бүкіл дүние қосылғандай, кең дүниенің ішінде осы әннен басқа үн
жоқтай, сол кең дүниеге мынау әдемі ән әрең сиып тұрғандай көрінді Татьянаға... Не деген
тамаша ән!.. Не деген тамаша үн!..
Сол әннің қызығына түсіп, екеуі де қас қарайып, ымырт жабылғанын байқамай қапты...
— Тынығар уақыт бопты, — деді Балуан, бір кезде Татьянаға, домбыраны қасына
сүйей сап.
— Тағы да, Балуан!..
— Әр нәрсе дәмімен, Тәнәй - жан! — деді Балуан. («Татьяна» деген сөздің орнына
«Тәнәй - жан» деген сөз аузына қалай түскенін Балуан байқамай да қалды. Татьяна ол
сөзге түсінбегендіктен мән бермеді). — Мөлшерден артық ішсе, тәтті де жүректі
айнытады. Бүгінге осы да жетер. Қалғаны ертең.
— Жақсы!—деді Татьяна.
— Онда, жат, қарындасым!
— Жалғыз жатуға қорқам.
Балуан «неге?» демеді. Елсіз-күнсіз биік таудың басында, қараңғы түнде, баспанасыз
жерде жалғыз жату оңай боп па?
— Онда қайтем?—деді Балуан.
— Мен сіздің құшағыңызда ғана ұйықтай алам!..
Қызды шекпеніне бөлей, құшағына ап, төсекке өзі киімшең қисайған Балуанның жан -
жағынан нәпсінің аңдары арсылдай ұмтылғанмен, берік және батыр жүрек сертінен
жаңылмады. Қалай қалғып кеткенін ол білмей де қалды...
Балуан оянып кетсе, дала жап - жарық. Қарағайлардың арасына, бетіне күннің әлсіз
сәулесі түсіп тұр... Мұрны ақырын ғана пысылдап Татьяна құшағында ұйықтап жатыр...
Бір қырындау жатқан оның да бетін күн сәулесі шалып, былай да сұлу кескіні тіпті
нұрланып кетіпті... Егер қимылдаса, қасындағы қыздың рахат тиыштығын бұзатындай
көрген Балуан, оған тек көз қырын ғана тастап, сұлулығына қайран қалды. Өзінің ерлігіне
ол одан да артық қайран болды. «Адам егер шындап кіріссе, нәпсіні сындыруға болады
екен - ау! — деп таңданды ол, — осындай сұлу қыздың қасында, осылай жатуға болады
дегенге, көзі көрмеген кісі нанбас еді - ау!»
Балуанға мұндай ерлік, тек, оның ғана қолынан келетін сияқты тәкаппарлық пайда
болды. Бұл қылығы адамдық - ерліктің биік шыңы сияқтанып кетті оған. Егер өзі тілесе,
адамның қолынан келмейтін ерлік жоқ деген ойға келді ол. Өзінің сондай адам боп тууына
мақтанғандай болған ол, — «адам!..» деп айғайлап қалды. «Неге өйттім?» дегендей, ол
ауызын бос қолымен басып үлгермей, Татьяна оянып та үлгерді. Шошып оянып есеңгіреуі
ме, әлде дұрыс оянып, ақылының әмірін орындады ма, — басын төсектен көтере берген
Татьяна да «адам!» деген сөзді бар даусымен айтып, Балуанды құшақтай aп, денесін
денесіне қатты қыса, сақалы өскен түкті бетінен құшырлана сүйді...
Достықтың осы қаймағын, ешбір нәпсінің дауылы соғып бұза алмады. Балуан бұл
дауылға емендей иілмей, қасқиып қарсы тұрды. Сана - сезімінің буыны әлі бекіп болмаған
жастығынан ба, бұған дейін сүйген ешкімі жоқтықтан ба, Балуанның кісілігі мен қатар
жігіттігіне де сүйсінуден бе, — біраз күн бірге жүріп - тұрғаннан кейін Татьяна өзін - өзі
байқап көрсе, Балуанға жігіт деп те қызығып қалған жайы бар. Осы сезімін сыртына
шығарар, шығармасын білмей азаптанып жүргенде:
— Сен бүгін қайтасың! —деді Татьянаға, ертемен етекке түсіп келген Балуан.
— Қайда?
— Үйіңе...
Балуан Татьянаға абақтыда жатқан туыстары түгел босанғанын, ояздан «қызымды
аман қайтарсаң, саған да, туыстарыңа да тимеймін» деген хат келгенін айтты. Бұл хабарға
қуанған Татьяна:
— Үйіме өзіңіз апарып салыңыз да, әке - шешеммен де достасып аттаныңыз! — деген
өтінішін айтты.
— Ол өтінішіңді орындай алмаймын, — деді Балуан.
— Неге?
— Достық — жүректің ісі. Жүрек сырласып сеніскен адамымен ғана дос бола алады.
— Менің әке - шешеммен сырласып сенісуге болмай ма?
— Болмайды, достым!..
— Неге?!
— Ол ұзақ кеңес және оны сізге айтудың қажеті де жоқ. Ал, сенімен?.. Егер сертіңде
тұрсаң, бұдан кейін я жолығармыз, я жолықпаспыз, бір - бірімізге ісіміз я түсер, я
түспес,—«дос болам» деген сертімде мен берік тұрармын, оған — бүгінге дейін сертінен
айнымаған ар - ұятым куә!..
Соңғы сөз Татьянаны тағы бір тұйыққа әкеп қамады: Балуанның Ғалияға деген серті
бұзылмастай берік екендігіне оның көзі жетіп болған. Егер көзі олай жетпесе, — осы
арада «мен сені сүйем!» деген сөзін айтқалы даяр тұр...
Бұл сөзді Балуанға, Татьяна, тек, түнде, Көкшетау қаласының көшесінде, өз үйінің
қақпасының алдында ғана айтты. Олар қалаға түн ортасы ауа, қала шырт ұйқыда жатқан
кезде салт атпен кірген еді. Екі ат та Балуандікі.
Үйіне кіріп - шығуға Балуанды бұған дейін көндіре алмаған Татьяна, қақпасының
алдына кеп атынан түскен Балуанға өтінішін қайталаған жоқ.
Татьяна түскен аттың шылбырын қолына алған Балуан, тауда еркелетіп қойған
атымен:
— Ал, Тәнәйжан, енді хош бола тұрасың да! — деді қолын ұсынып.
Татьяна оған қол берудің орнына, басын кеудесіне баса, белінен құшақтады да,
қараңғы түнде көзі жұлдыздай жаутаңдап, еркелеп дағды алған қазақ сөзімен:
— Аға! — деді.
— Әу, Тәнәйжан! — деді Балуан.
— Сіз ғой, енді «Тәнәй - ай!» деп маған шығарған әніңізді ұмытасыз?.. — деді Татьяна
жыламсыраған дауыспен.
— Ән ұмытыла ма, Тәнәй - жан? Және «Тәнәй - ай» - дың қасында, «Тәндә менің жан -
ай, әй!» деген сөз бар емес пе?
— Бар...
— Білесің бе, «жан» дегеннің не сөз екенін?
— Білем!..
— Ендеше, кеудемде жан тұрғанша жасайды ол ән.
— Сенем, аға!.. Менің кеудемде де сіз солай жасайсыз!.. Өйтпегенде ше?.. Бұрын
романдардан ғана оқитын шындықты, сіз маған іс жүзінде көрсеттіңіз!.. Рахмет сізге!..
Мен енді дүниеде адам барына да, достық барына да, махаббат барына да сенем!..
— Рахмет, Тәнәйжан!..
— Дүниеде екі сүю бар ма, аға?
— Жоқ!..
— Ендеше, мен сізді ғана сүйем!.. — деді де, қыз өксіп жылап жіберді.
Қызды бауырына басқан Балуан, не сөз айтарын білмей қалды.
— Ал, хош, сүйікті Тәнәйжан! — деді Балуан, аз уақыт үнсіз тұрғаннан кейін.
— Хош!—деді Татьяна әлсіз дауыспен, одан әрі сөйлесудің қажеті жоғын ұғып.
Балуан жылдам қимылмен Ақбозына қонды да, Татьяна мініп келген атты жетекке
алып жүріп кетті...
|