Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет22/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27
Байланысты:
Сәбит Мұқанов Балуан Шолақ

ЖОЛБАРЫСПЕН ЖҰЛҚЫСУ 
Алыстағы көшпелі ауылдарға думан бола барған Балуанға: 
— Осы арада орнықсаң қайтеді?—деген ұсыныс жасады, тоқыраған елдері, — хал -
жайыңды сыртыңнан да естіген едік, өзіңнен де естідік. Туған жеріңде орнығып отыратын 
болсаң, бірсәрі. Онда айтар сөзіміз жоқ. Ол жерде орныға алмайтыныңды өзің де айттың. 
Ендеше, Үйсінге бардың не, осында қалдың не? «Шебердің қолы, шешеннің тілі ортақ» 
демеп пе еді аталарың?.. Ақын да, әнші де ортақ емес пе еді елге?.. Қазақ атаулы елге 
ортақ болып туған ұл екенсің— өзің жатырқамасаң, біз жатырқамайық, сені. Осы арада 
тоқта. Үкіметтің құрығына алыстау жер бұл. Жан тиыштығыңа да қолайлы бұл ара. Бұған 
көнсең, еліңдегі әке - шешең мен қатын - балаңды да көшіріп алайық. Үстіңе үй тігіп 
берейік, алдыңа мал салып берейік, осы елдің, бір баласы боп отыра бер!..» 
Алыс жолдың жүрісінен де қажыған, барған елінен құрмет те көрген Балуан Шолақ, 
жаңағы айтқан сөздерге кейде елігіп те қалғанмен, ықтыярынан тысқары, бұзылған 
сабындай ыдырайды да кетеді. Оған себеп төмендегідей. 
Жабайы халық жақсы көргенмен, Балуан Шолақты елдегі болыстар, билер, 
старшындар жақсы көрмеді. Оның үкіметке жағымсыз қылығын естіген олар: «Елге 
осындай бұзақы келді, көпшілікті ұйытып әкетті, мұны қайтеміз?» деген қағаздарды 
үкімет орындарына жаудыра бастады. Бұл хабарға жоғарғы үкімет басшыларының 
астыртын қайтарған жауабы — «елді дүрліктірмей, амалын және қапысын тауып өлтіре 
салыңдар!» 
Ондай іс қолдарынан келмеуіне көздері жеткен жергілікті әкімдер арызды жоғарырақ 
айдап, «Балуан Шолақ қазақ халқын көтеріліске ұйымдастырып жүр», деген хабарды 
Петербургтағы патшаның өзіне жолдады. Ол кездегі патша — үшінші Александр, Балуан 
Шолақ жүрген даланы айнала қоршаған: Ақмола, Қарқаралы, Семей, Аягөз, Қапал, 
Алматы, Әулиеата, Шымкент, Түркістан, Ақмешіт, Ырғыз, Торғай, Атбасар қалаларының 
ұлықтарына: «Ұстаңдар, мүмкін болса Петербургқа жіберіңдер, әйтпесе өлтіріңдер, бірақ, 
не істесеңдер де айламен істеңдер, үркітіп я елді көтеріп алмаңдар!»—деген жасырын жар 
таратты. 
Ауылдың әкімдері бұл бұйрықты да орындай алмады. Оған себеп, — кімнен қалай 
еститінін кім білсін, — жоғарылы - төмен ділі үкімет орындарының Балуан Шолақ туралы 
жергілікті үкімет орындарына берген жасырын бұйрық - жарлықтары ел ішіне ілезде тарай 
қалады. Сол хабарға жарыса, елдің ой - пікірі де ілезде мәлім бола қалады. «Балуан 
Шолаққа ешкім де ондай қастықты жасай алмас, — деп гуілдеседі қалың көпшілік, — егер 
жасаса, күн көріп, жер басып жүре де алмас. Тұқымымен құртып жіберерміз, ондай 
адамды!» 
Бұл сөзден зәресі кеткен жергілікті әкімдер, Балуан Шолаққа қолдарын көтере 
алмайды, жасағысы келген қастығының реті келіп тұрса да жасай алмайды... 


Тоқыраған елінде, өзі жайында қандай сөздер болып жатуы, Балуан Шолақтың да 
құлағына күнбе - күн жетіп тұрады. Біреулер оған: 
— Жарқыным, сақтан!.. Аңдушы алмай қоймайды... Қапыңды табады ол!.. — десе, 
енді біреулер: 
— Ілгері жылжығаның жөн, орын ауыстырғаның жөн! — деген ақыл береді. 
Ел ішінде көбейген бұл қаңқудан Балуан Шолақтың ет жүрегі түршігіп, тоқырайын 
десе де тоқырай алмайды, ол бет алған жағына қарай, өзенде қалқыған жаңқадай жылжи 
береді... 
Осылай жылжыған Балуан, Ақмоладан аттанған жолаушы, ат я түйемен суыт жүрсе 
бірер айда жететін Жетісуға бес - алты жылда әрең жетті. Ұзындығы Ақтөбеден Семейге, 
көлденеңі Ақмоладан Алматыға шейін созылған кең дала — Сарыарқаны сайранмен бес -
алты жыл аралаған Балуан Шолақ, Балқаш көлінің батыс жағасын жаралап, іздеген елі — 
Үйсінге тартты. Қасында атақты әнші - ақын — Қошқарбайдың Шашубайы, және бес -
алты жігіт. Жол білетін жігіттің айтуынша, Арқадан Бетпақ шөлін басып Шуға тартатын 
жарты айлық жолдың бойы елсіз шөл, онда тек жер жағдайына кәнігі кісі ғана табатын 
құдықтардан басқа су жоқ. Осындай қиын жолға түсетін жолаушылар, шөл шетіне жақын 
елден, сүрлеген ет, құрт, ірімшік сияқты шыдамды азық алды, сусыны — жолда кездескен 
құдықтардан торсыққа құйып, ішіне ащы құрт тастаған су болды. Жортқан аттың үстінде 
торсық шайқалып, құрт езіледі екен де, әрі сусын, әрі тамақ болады екен. 
Бұл жолдың басшысы — Шашубай, Балуанға ерген топты адастырмай, шөлге 
ұрындырмай, арытпай, ашықтырмай, аттарын қажытпай, бірнеше күн өткенде Шу өзеніне 
жеткізді. Шуды қыстайтын қалың ел бұл кезде Арқаны жайлап жүргендіктен, өзен бойы 
құлазып бос тұр екен. 
— Шудың бұл тұсында өзен арнасы жіңішке, суы атқа өткел береді, — деді 
Шашубай,— бірақ, екі жағаға өскен қалың қамыстың көлденең ені — он бес, жиырма 
шақырымнан кем емес. Осы кезде қалың қамыстың ішінде қабан қойдай өреді. Соларды 
аулап жолбарыстар да жүреді дейтін. Егер кездесе қалса атқа да, адамға да шабуы мүмкін. 
— Сақтану керек! — десті жігіттер де, Балуан да. 
Шашубай мерген еді. Ол шиті мылтықпен кешке киік атып әкеп, сексеуілді өртей 
жаққан жолаушылар, киіктің семіз етін отқа қақтап жеді... Тастай қараңғы түн басталды... 
Жолдан шаршаған жолаушылар ұйқыға бейімделді. 
— Жолбарыс оттан қорқады, — деді Шашубай, — сексеуілді маздатып түн бойы 
жағып қою керек. Аш аттарды осы маңайға матастыра тұсап оттату керек, кезекпен күзету 
керек!.. 
Аттар маталды. «Менің атымның аяғы бос жүрмесе оттамайды, менен ұзап ешқайда 
кетпейді ол» деп Балуан Шолақ Ақбозды тұсатпады. 


«Ат терінің иісіне жылан жоламайды» деген сөзбен, жолаушылар ер-тоқымын 
бастарына жастана жатты. Отқа ен бойымен әкеп тастаған жуан сексеуілдер бытырлай 
жанып маздап тұр. Түн көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Іңірде көтерілген жел, түн бола 
күшейіп, шайқалған қамыстар біріне - бірі соқтыға шулайды. Айналада әлдене ұлығандай, 
ырылдағандай, шыңғырғандай болады... 
«Сен күзет» деп от басына отырғызып қойған адам, аздан кейін қылжиып ұйықтап 
қалды. Жолаушылардан жалғыз - ақ ұйықтамаған — Балуан Шолақ. 
Көппен бірге ер - тоқымын жастана қисайған Балуан әуелі маужырап қалғып баратыр 
еді, қасынан бірдеме ырылдап өткендей болған соң ұйқысы шайдай ашылып, басын 
көтере түрегелді. Бойы түршіккен ол жан - жағына қарап еді, көзіне ештеңе ілікпеді. 
Елегізген ол түрегеп аттарды араласа, бәрі де оттап жатыр, Ақбоз оңашалау оттап жүр, 
күзетші шырт ұйқыда... 
Балуан Шолақ қасына барғанда Ақбоз оқыранып, қасына келді де, сипа дегендей иегін 
тосты. Сол арада есіне ауылы, әке - шешесі, Ғалия, туған жер түсіп, Балуан аттың жалына 
бетін төсей сүйеніп еді, көзінен жас қалай шыққанын да білмей қалды. Балаша солқылдап 
жылаған оның еңіреген дауысы шығып кетті. Ол өз дауысынан сескенді де, «мұным не?» 
дегендей көз жасын тыйып, бетін аттың жалымен сүртті. Сол арада оның ойына Махамбет 
батырдың: 
«Ау қызғыш құс, қызғыш құс! 
Сені көлден айырған — 
Лашын құстың текпіні: 
Мені елден айырған, 
Хан Жәңгірдің екпіні,— 
Айтып - айтпай немене 
Құсалықпен өтті ғой, 
Махамбеттің көп күні!» — деген сөзі түсті. 
Балуан Шолақ қатты күрсінді де, атын арқадан, тамақтан сипап, «отта енді жануар!» 
деп, өзі от басындағы орнына қайтты. Ақбоз Балуанның соңынан еріп кеп, қасында 
мелшиіп тұрды да қойды... 
Жаныңды ұғам, жануарым, — деді Балуан, Ақбозға қарап жатып, — ұққанда 
амалым қанша! Туған жеріңді сағынасың!.. Білем!.. Мен сағынбаймын ба?.. Сені де, мені 
жел айдаған қаңбақтай тағдыр мұнда әкелді. Осы көреміз деген жеріміз бе еді 
екеуміздің?!.. 


Сағынудан сыздаған жүрегі кеудесіне симай, Балуан демін зорға алды. Ақбоз телміріп 
аз тұрды да, «жатып алдың» деп Балуанға өкпелегендей, ұнжырғасы түсіп, сылбыр аяңмен 
қамысқа қарай кетті. 
Сексеуіл әлі маздап жанып тұр. Балуан сексеуілдің жуан түбірін отқа қарай 
сырыңқырап қойды да тағы жатты. Түннің қараңғылығы қоюлана түсті, жел үдей түсті... 
Балуан жатыр. Оны қоршаған ауыр ой маңына ұйқы жолатар емес. Оның ойында: елін, 
жерін, туысқандарын, Ғалияны сағыну. 
...Осы ойда жатқанда құлағына шыңғырған жылқының даусы естілді. Орнынан атып 
тұрған оның ойына «Ақбоз жазым болар ма!» деген қауіп түсті. Жылқы тағы шыңғырды. 
Сасқан Балуан қарусыз қолмен тұра жүгірді. 
Қалың қамыстың арасымен дыбыс шыққан жерге жүгіріп келе жатқан оның құлағына 
әлдененің ырылдағаны естілді. Жүрегі қобалжи түскен ол, қамыс арасындағы алапқа 
шығып еді, түнді тескен көзіне ағараңдаған бірдеме көріне кетті. 
Ағараңдап тыпырлағанға ол жетіп келсе,—аты!.. Оның үстінде қимылдай қараңдаған 
бірдемеге үңілсе, ұзын құйрық бір аңның бөксесі!.. Бас жағы аттың кеудесіне кіріп кеткен. 
Бұл мақлұқты жолбарыс деп жобалаған Балуан Шолақ, ұзын құйрықтың түбінен шап 
беріп ұстай алды да, мықшия тартып зорға дегенде аттық кеудесінен суырып алды... 
Жолбарыс!.. Ол қайырылып тап беруге ыңғайланғанда, Балуан, сілтей лақтырып 
жіберді... Ұшып барып құлаған тайшадай жолбарыс, тұра сала Балуанға тап бере 
ұмтылды. Екеуі айқаса кеткенде Балуанның қолы аңның жұтқыншағынан ілікті. 
Қылқынған аң, мұрны бырылдап, тілін сала құлаш шығарып, аузын ақырайта ашып 
бұлқынып еді, Балуанның қатып қалған уысы жазылмады. Жанталасқан аң Балуанның 
денесін тырнақтарымен бүрді. Дес бергенде, киімі қалыңдау еді оның, бүрген 
тырнақтардың шеңгеліне киім жентектеліп, етіне кейбір тырнақтардың, істік ұшы ғана 
тиді... Тиген жерін ол ыстық ұстарадай тіліп түсті... Сол кезде, жолбарыстың, кеңірдегінен 
қысқан қолы жазылып кете жаздады. «Өйтсем өлем» — деген ой келді оған, — одан да 
айрылмайын!.. 
Буынған аң Балуанның қолы кеңірдектен айрылмасын сезгендей, бассауға қылмақ боп, 
сүйрелей қашуға тырысты, бірақ тырмыса тартқан Балуанды әкете алмады, екеуі ұмар -
жұмар жығылды. Балуан алқымдағы уысын толғай түсті!.. 
Бір кезде жолбарыс қимылсыз сұлық жата қалды. «Енді өлген шығарсың» деп ойлаған 
Балуан, аңның алқымынан уысын жазбастан, басын көтерсе, таң сібірлеп келеді екен. 
Жарылған атын сонда ғана еркін көрген ол: «оншадан мұнша жүріп, ажалың, осында жетті 
- ау, жануар!» деді күрсініп... 
Жолбарыстың алқымын босатпай Балуан аяқпен шапқа, бүйірге, кеудеге теуіп көріп 
еді, қозғалмайды. «Өлген екен» деп Балуан уысын жазайын десе — ашылмайды,— қолы 
қарысып қалған!.. 


«Жаным - ау, біздің жолдастарға не болған» деген оймен Балуан Шолақ: «а - ай!»—деп 
дыбыс берді. «А - ау!» деген дыбыс естілді, қамыс арасынан. Іле, жүгіріп Шашубай 
шықты да, өлген жолбарысты кеңірдектен ұстап тұрған Балуанды көріп, «мұнда!» деп 
айғай салды. Қамыс арасынан өзгелері де шуласып шықты. 
— Тірімісің?—десті олар Балуанның қасына жүгіріп келіп. 
— Өлсем осылай тұрам ба? — деді Балуан масаттанғандай. Оның қарысқан қолы 
жазылып кетті. 
— Апыр - ай, құдай - ай, сақтай гөр!—деп қорықты, оның денесіндегі жарасын көрген 
серіктері. Ауыр жараланыпсың ғой, өзің. 
— Үрейленбейік! — деді Шашубай, — тез сойыңдар жолбарысты! Бұл осы күні семіз, 
терісі шелді, Балуанды жылыдай теріге орасан жараның уытын сорып алады. 
Жолбарысты Балуанның жолдастары тез сойды да, терісін от басына әкеп, Балуанды 
тырдай жалаңаш шешіндіріп, қан сасыған жылы теріге орады. Тері Балуанның зор денесін 
еркін қаусырынуға жетті. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет