Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет25/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27
Байланысты:
Сәбит Мұқанов Балуан Шолақ

ТАУДЫҢ ТАҒЫСЫ 
Балуан Шолақ еліне белгісіз қайтам дегенмен, ол «келе жатыр дейді» — деген хабар, 
алдынан айшылық жерді орап отырды. Хабар әртүрлі естілді: 
— «Іздеп барған ағайыны — Үйсін Балуанды басына хан көтеріп қарсы алыпты дейді. 
Елі бай екен дейді. Он мыңдаған қой, мыңдаған түйе иттің құлы итақайда өреді екен дейді. 
Балуанның өз тұқымдары да өте кеткен бай боп шығыпты. Олар Балуанға екі ақ үй тігіп 
беріпті, екі қатын әперіпті. Балуан Шолақ осы күні ен байлықтың үстінде қаздай қалқып, 
үйректей жүзеді дейді, малында есеп жоқ дейді. Қырық қатын сауыншысы, қырық жігіт 
бақташысы бар дейді. Үйіне күнде келген қонақ ас пен тойға жиналғаннан кем емес дейді, 
ошағының басы қан сасып, ту қойлар мен ту биелер есепсіз сойылып жатады дейді. 
Балуанның өзі тентектігін қойып, сол елдің үлгі айтатын биінің бірі бопты дейді, аузы 
дуалы, айтқанын халқы екі қылмайды дейді, әке - шешесің қатын - баласын Жетісуға алып 
кетуге келе жатыр дейді...» 
— «Бұл жақтағы күші күш пе!—деп соқты бір хабар, — онда барған соң, адамның 
арыстаны боп кетсе керек. Ағаш үйлерді қолшатырдай көтергенін көрген кісі бар. Ол 
жақтың ұлықтары осы күшінен қорқып, шаш етектен алтын сыйлап, қазынадан тамаша 
сарай салдырып, патшадай ғып күтіп тұр дейді». 
— «Ол сөз өтірік дейді, — деді тағы бір хабар, — бүл жақтың ұлықтары Балуанды 
Жетісуға айламен жіберген екен. Онда барған соң - ақ Жетісудың ұлықтары ұстап ап, 
темірден соққан үйге қамапты дейді...» 
— «Қамалғаны рас екен, — деп тарады бір хабар, — сонда бір досы, айласын тауып, 
темірді нандай турайтын алмас пышақ жеткізіп беріпті де, Балуан темір үйді тесіп қашып 
кетіпті. Көкшетауға қайтып келе жатқан себебі — ол жаққа да сыйыса алмауы болса 
керек...» 
— «Бұл жақтан кеткен соң қойдан қоңыр, қозыдан жуас болуы рас дейді, — десті 
біреулер, — жолда аты өліп, өзі жүдеп барған соң, Жетісуда ешкім елемей, ит қорлықта 
жүріп, елге жаяулап жалғыз келе жатыр дейді, өзі аппақ қудай шал болған дейді». 
Осылар сияқты толған өсек, Балуанның алдынан желдей есіп жатты. Оның көбін Ғалия 
да, Балқаш та естіді. Бұл кезде Қалампыр мен Баймырза қайтыс болған. Қалампыр 
Балуанның Жетісуға кетуіне көмекші болғанмен, сүйікті ұлы аттанғаннан кейін ауыр ойда 
құса боп өлді, Баймырза аурудан өлді. Балқашты әркімдер: «Ол саған енді жоқ, байға ти» 
деп азғырды. Балуан Жетісуға кетерден бұрын жүкті болған одан ұл туып, атын Тәукен 
қойған. Балқаш Бәтен мен Тәукенді бағып, қайнағасы Төлеубайдың үйінде тұра берген. 
«Балуан Шолақ қайтып келе жатыр дейді» деген хабарды естігенде Ғалия не істеуді 
білмей сасып қалды. Бір жағынан оны кеудесіне сыймаған қуаныш састырды. Балуанның 
Жетісуға кетуіне көмекші болғанмен, ол аттана сала төсегіне шөке түсе жатып ағыл-тегіл 
жылаған Ғалия, сол қалпынан қозғалмай айға жақын жатқанда, сүзек болған адамдай 


арсаланып қалған. Дос - жарандарының кейбірі оған «сен осындай жасық па едің?» деп 
ұрсып, біреулері «жамандық шақырып бұ не қылғаның?» деп қорқытып, енді біреулері, — 
«қорқыныштың ыстық - суығы басылған соң қайтып келеді; сарғая күткен әрбір күндерің 
жылдай болса, ертең аман - сау қайтып келсе, бірнеше жыл дегенің, бір күндей де 
болмайды» деп үміттендіріп, ақыры, көптің талқысы, оның басын төсектен көтерткен. 
Төсектен тұрғанда ауру бас, біртіндей жазыла кеп, күн алыстаған сайын, жыл алыстаған 
сайын сауығып, біраз жылдардан кейін, Балуан оған алыстағы арман ғана сияқтанып, 
кейбір күндерде оны жүрегі сыздай еске түсіргенмен, кейбір күндер! ұмыт та болып 
кеткен... 
Міне, енді сол Балуан көп жылдардың ұзақ сапарынан келе жатыр. Бұл хабар 
Ғалияның, сөнгендей болған махаббат отын қайта тұтатты. Оның жүрегі қайтадан 
жалындай бастады. 
«Бірақ, — деген ой ғана бәсеңдетті бұл лапылдаған жалынды, — мен бұлай 
жалындағанмен, оның жалындап келе жатқанын қайдан білем?.. «Ер азығы мен бөрі азығы 
жолда» дегендей, жан азығын жолынан тауып әкеле жатпауына кім кепіл?..» 
Елде тараған бір хабарға қарағанда, Балуанның Жетісудан іздеп барған туыстары 
алдына мал салып, үстіне үй тігіп, қойнына жар салып қайтарған... Бір өсектерге 
қарағанда, «оның қатыны біреу емес, бірнешеу... және... бәрі де сұлу...» 
Бұл хабарларды естігенде, Ғалияның әйелдік мінезі де ұстап қап, қызғаныш оты да 
қоза кетеді... Балуанға өшіге де қалады... бірақ, ол қызуы тез қайтып, қалтқысыз сүйетін 
қалпына оралады да, тағы да аңсай, тағы да сағына бастайды... Бұндай сезімге түскен 
сәттерінде, «қашан келсе де, қалай келсе де, тек аман келсе екен!.. Көзіме тірі көрінсе 
екен!.. Сонда мен оған бәрін де кешер едім, қайда тұрсаң да, кіммен тұрсаң да еркің, тек 
тірі бол!» дер едім!.. 
Енді, Балуанның тірі келе жатқанын естіген Ғалия, бұл хабарға қуана отыра, қандай 
жайда келе жатқанын білмей бір сасса, екінші сасуы — қала әкімдерінің сөздеріне құлақ 
түрсе, аңшылардың «қанды басың бері тарт!» деуіндей, Балуан баяғы қылығын қоймай 
келсе, ұстап ап қамап қоюға, қолдарына түкіріп отыр... «Бұл құрылған қақпанға Балуанды 
шақырушы менмін» деп ойлаған Ғалия, не істеуге білмей сасады. «Алдынан шығып, 
келме деп хабар берем бе?» деп бір ойлайды ол. «Хабар бергеніммен, басқа жаққа кете ме 
ол?.. Кетсе қайда кетеді?..» деп тағы ойлайды... «Аяғына оралғы бола бергеннен, біржола 
жоқ болсам қайтеді?» деп те ойлайды ол... 
Ғалия осынша ойдың шытырманына кіріп шатасып жүргенде, Балуан келіп қалды. 
Ғалияны ол үстінен қапыда басты. Әнеугі бір шақта, келе жатқан Балуанды жақындатып 
қойған жұрт, жуық арадан бері алыстатып, «әлі әртінде дейді» деп Ғалияның лепірген 
шыдамын басып тастаған еді. Енді біреулер:—«неге тым - тырыс бола қалды, хабары 
естілмейді?!.. Не сырқаттанып қап, не біреу қастық қып... дегендей пәле - жаладан аман 
болғай да бейшара!» деп Ғалияның көңіліне қобалжу түсірді. Осындай толқымалы 
сөздердің ішінде Ғалияға ең тиянақты көрінгені, — «аман - сау болса, Балуан, әрине, 


томаға - тұйық келіп қалмайды; оның келе жатқан хабары, ең кеміне, күндік жер алдын 
орай жүреді...» 
Осы сөзге сенген Ғалия, сағынып күткен жолаушысынан анық хабар келе қоймаған 
соң, әрі «алыста жүрген болар» деген үмітпен, әрі «не болды екен?!» деген қауіппен
ешбір әзірліксіз бейқам отырғанда, Балуан келді де қалды!.. 
Және ол қызық түрде келді. «Бүгін келеді» деген ой өңі түгіл түсінде де жоқ ол, үйін де 
жинастырмай, өзі де түзелмей, Балуан кеткеннен бергі жобалғы киім, жобалғы пішінмен, 
іңірде үй шаруасын атқарып жүр еді, сыртта қақпа сықырлады. 
— Қақпадан біреу кірді ғой!.. — деді ол қолбала ғып жұмсап жүрген он үштегі жас 
қызға, — шықшы далаға!.. Білші кім екенін!.. Танымайтын біреу болса, «қондыруға 
уақытымыз жоқ» де!.. 
Қыз шықса, жобалғы киімді әлдекім салт аттан түсіп жатыр екен. Кім екенін білгісі 
келген қыз, сыпайылық сақтап тұр еді, жолаушы атын байлады да, қызға кеп: 
— Аманбысың балам?—деді. Қыз әдеп сақтап үндемеді. 
— Осы ма, Ғалияның үйі?—деді жолаушы. 
— Осы, — деді қыз. 
— Үйдеме, өзі? 
— Үйде! — деді қыз, ішінен «апамды біліп тұрған бұл кім өзі?!» деп ойлап, бірақ, кім 
екенін сұрауға қымсынып. 
— Әкесі бар ма, үйінде? 
Қыздың жүрегі бұл сұраудан зырқ ете қалды. «Балуан» деген адам барын оның не 
қылған адам екенін Ғалияға не қатынасы барын, сол «Балуанның» келе жатқан хабарын, 
ол хабарға Ғалияның қалай қарап жүргенін қыздың құлағы шалған. 
«Сол адам осы болмағай да, — деген ой кеп кетті қызға, — әйтпесе, алдақашан өлген 
атамды үйде ме деп неге сұрайды?!..» 
Осы ойдан сасып қалған қыздың аузына сөз түспей тұрғанда, жолаушы үйге қарай 
жөнеле берді. Оған ере жүрген қыз, танымайтын адам болған соң, Ғалия тапсырған 
«қондыруға уақытымыз жоқ» деген сөзді айтуға бірнеше рет оқтанып еді, дірілдеген 
жүрегі аузына сөз түсірмей қойды... 
Балуан қыздың алдын ала үйге кірсе, кішірек кәрәсін шамы жанған ауыз бөлмеде, 
Ғалия бүкшеңдеп сәкі сыпырып жүр екен. Кіріп келген адамның жобалғы киіміне қарап, 
«көп жолаушының бірі болар» деп жорыған Ғалия, қондырғысы келмеуін қылығынан 


көрсетпек боп, амандықсыз - саулықсыз, жолаушының кескініне қарамастан, сәкісін 
сыпырған қалпымен күйбеңдей берді. 
Балуан оның бұл қылығын әуеле танымауына бір жорып тұрды да, аздан кейін «осы 
мені әдейі танымай тұрған жоқ па?» деген ой түсіп кетіп, өкпелеудің жетегімен шыға 
жөнелуге ниеті кетіп барып, денесіне әрең дегенде ие болды. Өйтетін себебі, — Ақмолаға 
жақындаған шақта, құлағын «Ғалия Балуанды ұмытқан, басқа бір елеусіз күйек асты күйеу 
тауып, сонымен жүріп жатқан жайы болса керек» деген сөз естіген. «Мына қылығына 
қарағанда, сол сөз рас болмағай да» деген ой да кеп кетті Балуанға. 
Есіктен кіріп, босағада үн-түнсіз тұра қалған зор денелі, жұпыны киімді, сақалды 
еркек, Ғалияның көңілін тез бөлді де, «не қылған жолаушы бұның өзі, амандығы - 
саулығы жоқ?!.. Неге үндемей тұр өзі?!.. Мылқау біреу емес пе?» деп ойлаған Ғалия, кім 
де болса тіл қатқысы кеп: 
— Жолыңыз болсын!— деді еңкейген бойын жазып. 
— Әлей болсын! — деді Балуан дауысын әдейі өзгерте сөйлеп... 
— Неге тұрсыз, босағада? 
— Рұқсатсыз ілгері баса алмай тұрғаным да... 
Осы бір үн Балуанның даусына ұқсап кеткен сияқты болған соң, Ғалия серпілген 
сезіммен денесіне қарай қап еді, — Балуандікі сияқты!.. 
Жүрегі дір ете қалған Ғалия, қалтыраңқыраған дауыспен: 
— Жоғарылаңыз!—деді төргі бөлменің есігін қолымен нұсқап. 
Ғалияның мұншама жобалғы жүруінен, жұрттың ол туралы өсегі бекер екен деп 
жорыған Балуанның бұрынғы мейірімі түсіп кетті де, өзіне өзі ие бола алмай: 
— Ғалия! — деп құшақ жая айғайлап қалды. 
Балуанның дауысын сонда ғана таныған Ғалия, не істеуге білмегендей, көзі шарасынан 
шыға, кескіні боп - боз боп, қаны ішіне құйыла, шегіне берді де, талықсып құлап кетті... 
Екі ғашықтың жан сыры сол түні түгел ақтарылып болды. Олар бұл жолы ер мен әйел 
болып емес, адам мен адам боп, сезімі билеген жас боп емес, санасы билеген мосқал боп 
сырласты. Сонда келген қорытындылары: екеуі өмірлік шын дос боп қалады, бірақ, 
бастарына туған күнмен есептесіп, бірігіп бір жерде тұрмайды, Балуан Көкшетаудағы бала 
- шағасының қасына барады да, ендігі өмірін, соларды бағып - қағып өсіруге жұмсайды... 
Ғалия осы үйінде тұра береді де, аса сағынған күндерінде жүз көрісіп, біріне - бірі барып 
қайтады... ендігі қалған өмірде, осы тиыштықтары бұзылмаса, екеуі де одан артық 
бақытты тілемейді... 


Бұл шарттарды Балуанға айтқан да Ғалия, тілін алдырған да Ғалия. Балуанның бұл 
шарттарға көнбей бұлтақтағысы келгенмен, Ғалияның жан сырынан көзіне көрсете 
тоқыған дәлел — торы бүлк еткізбеді, Балуан жүрегі сыздай отыра көнді. 
Ертеңіне Балуан Көкшетаудағы үйіне жүріп кетті. Оның Ақмолаға келуі мен кетуін 
Ғалия мен кішкене қыздан басқа ешкім білген жоқ. Қызға Ғалия «Балуанның келіп 
кеткенін жан адамға аузыңнан шығарма» деген тыйым салды. 
Балуанның елінде де елеусіз жүре берем деген ойы орындалған жоқ. «Ол аулына 
келіпті» деген хабар, аттан түсе дүңк ете қалды да, шалқып ескен желдей жан - жағына 
тарады да кетті. Балуан аулының тағы да тобыр болуын іштей тілемегенмен, сағынған ел - 
жұрт күні - түні ат ізін суытпай басып кетті. Балуан үйінің шаруашылық күйі әлсіз екенін 
білетін олар, «көп жылдан бері жемеген сыбағаң» деп қара - құраларын жетектей, азық -
түліктерін арбаларына тией келді... Солардың бәріне Балуанның айтары: 
— Рахмет, ағайын, сый - құрметтеріңе. Ендігі тілегім, — оттың басында, ошақтың 
қасында тиыштық өмір өткізу... 
Бірақ, Балуан бұл уәдесіне жете алмады. Бұрын ойға - қырға жүріп қалған көңіл оны 
үйіне тоқыратпай, ат арқасына қарай жетектей берді. Бұған барғысы келмей 
тартыншақтайын деген Балуанның мазасын ауылда тағы бір нәрсе ала бастады: бірінші 
дүниежүзілік соғыстың басталғанын Балуан Жетісуда естіген еді, енді, еліне келсе, соғыс 
шығыны елді албастыдай басып тынысын тарылтып тұр екен. Сонда, шығынның 
ауыртпалығы байларда емес, кедейлерде. Осыған шыдай алмаған кедейлер Балуанға кеп, 
біресе «мына пәледен қалай құтыламыз» деп, біресе «бұл нәледен құтқар!» деп маза 
бермейтін болды. 
Үйінде отырғанда тиыштығы осылай кете бастаған Балуан, қолынан келер дәрмен 
жоғын көрді де, көптен көз таса болу үшін, аңшылықпен шұғылданды. Дос адамның алғыр 
қаршығасын қалап алған ол, ұйқыдан басқа уақыттарының бәрін тау ішінде, маңында ел 
жоқ көлдер мен өзендердің арасында өткізді.. Сөйтіп ол, таудың тағысы боп кетті... 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет