Xxii республикалық студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми конференция материалдары



Pdf көрінісі
бет11/267
Дата18.10.2023
өлшемі8,13 Mb.
#117865
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   267
Байланысты:
Сборник материалов конференции (продолжение)

 
 


28 
 
ҰЛЫ ДАЛА ХАНЫМДАРЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІ САҚТАУДАҒЫ РӨЛІ 
 
Айтбай А.Б.,
 
Нурпейсова Н.Р. 
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті 
Мен қазақ қыздарына қайран қалам. 
Жанары, жаны жаздай жайраңдаған. 
«Қыз өссе елдің көркі»деген сөзді 
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам, - деп ақын ағамыз Жұбан Молдағалиев 
жырлағандай қазақ қыздары әсем де сұлу ажарларымен, батыл да қайсар 
ержүректіліктерімен, ұяң да балғын нәзіктіктерімен ғасырдан-ғасырға аңыз болып келеді. 
Қилы-қилы замандарды бастан кешірген қазақ тарихының талай парақтарын артына 
өшпес із қалдырған әйел-аналар толықтырып жатыр. Қиын-қыстау кезеңдерде қол бастап, 
тұтас елге басшы бола білген әйел-аналар талай толағайларды дүниеге әкеліп, ұрпақтар 
сабақтастығын жалғастыруды да ұмытқан жоқ. Қазақ ұлықтайтын талай тұлғаның 
батырлығы мен төзімділігінің, көсемдігі мен шешендігінің қайнар көзі - әйелдерден бастау 
алады. 
Сақтардан бергі Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі дәуірге қатысты жазба 
ескерткіштерде Ұлы даланың әйелдері алтын құрсақ ана да, жаужүрек Отан қорғаушы да, 
кемеңгер мемлекет басшысы да бола алғаны айтылады. Ерекше назар аударарлық мәселе 
мынада: әр тарихи кезеңнің, дәуірдің, тіпті қас-қағым сәттің тағдыр анықтағыш себебі мен 
саласы, оқиғасы мен тетігі бар. Арғы қазақ қоғамындағы әйелдер осының бәрінің басы-
қасынан табылып отырған. Қазақ халқының тарихында хандық дәуірде өмір сүрген, 
тарихи кезеңдерде көшбасшы болған қазақтың әрбір ханының, даңқты жауынгердің, 
батыл да батыр жігіттің ақылшысы мен көмекшісі, сенімді серігі, жан досы, жары болған 
дана да тамаша ана-әйел бола білген қайсар қазақ қыздары қашанда құрметке лайық. 
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Әйел - ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің 
иесі. Ел болашағының барлығы әйел азаматтардың қолынан өтеді» деген сөзі әрқашанда 
баршамыз үшін үлкен тағылым [1].
Дәстүрлі мәдениеттің бесігін тербетіп, әйелдіктен 
даналыққа, отбасы, ошақ қасы тірлігінен рулы елдің қамын жейтін ел анасы деңгейіне 
көтеріле білген аналарымыз бен апаларымыз, қолға қару алып жауға шапқан қазақ 
қыздары болғаны баршамызға тарихтың сарғайған беттерінен белгілі.
«Алтын, күміс, 
қорғасын, Недей асыл болмасын, Тартады өз тегіне…» [2]. 
Хандық тұсындағы ханымдар мен ел аналарының рөлін байыптау елдігіміз үшін 
қажет. Өйткені, әйел қауымы - қай қоғамда болсын жақсылықтың бастауы, дәстүрдің 
мәйегі, өркендеу мен үйлесімнің ұйытқысы. 
Сонау, жаугершілік замандарда кірмені өзекке теппеген, кеңестік кезеңде қуғын-
сүргінге ұшырап, қазақ жеріне айдалып келген ұлттар мен ұлыстарды бауырына басқан, 
сол арқылы өзінің ерекше өмір сүру салтымен, ұлттық дәстүрімен толеранттылықтың 
үлгісін көрсеткен, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың тамаша қасиеттерін танып, ұлт 
тарихындағы ұлы арулардың ұлағатын жас ұрпақтың санасына сіңіру – біз үшін 
көкейкесті мәселе. Осы «ұлт дәстүрі» деп аталатын генетикалық кодымыздың бастауы да, 
жалғастырушысы да – әйелдер екені ақиқат. Халқымыздың арғы-бергі тарихында өмір 
сүрген белгілі әйелдер ғалымдардың назарынан да тыс қалмаған. Мысалы, белгілі орыс 
зерттеуші Левшин Бопай ханым туралы: «Ол – ханның әйелі және тақ мұрагерлерінің 
анасы ғана емес еді. Бопай – Әбілқайырдың айнымас серігі, ақылшысы, сенімді тірегі бола 
білді» деп таңдана жазды [3, 217 б]. Сан ғасырлық тарихымызда ел бірлігі үшін басын 
бәйгеге тігіп, жерін қорғау үшін атқа қонған, бір ауыз сөзбен билік айтқан дана, батыр, 
шешен әйелдер туралы осындай деректер баршылық. Хандық туралы толыққанды ұғым 
қалыптастыру үшін хан ордасында елдік деңгейдегі кеңесімен тарихта қалған – ханымдар 


29 
мен ханшалар, би мен батырлардың аналары мен асыл жарлары туралы тарихи 
мағлұматтарды терең зерделеген жөн. Бұлардың ішінде ханға әділдігін айтқан 
Қарашаштан бастап, ел тұтқасы болған Айғаным мен Фатима ханшалар, жауға қарсы 
шапқан ержүрек Гауһар мен Бопай сияқты батыр жарлар, есімдері тұтас жұрттың тәрбие 
бесігіне айналған Нүрила, Қызай, Қойсана, Қарқабат, Дәулетбике сынды аналардың 
рухани тұғыры уақыт өткен сайын асқақтай бермек. Өйткені олар – ұрпақтан-ұрпаққа 
ауысып, тәлім-тәрбиенің ұраны мен қағидатына айналған асыл тұлғалар [4, 9 б.]. 
Сонау Томиристен бастап Қарашаш бейнесінің біздерге, келер ұрпаққа деген 
тәлімдік, тағылымдық мәнін ұғындыру керек. Қоғамдағы әйелдер мен рухани һәм 
отбасылық құндылықтар туралы айтып, өзіміздің түсінік-пайымымызды ортаға салу мен 
пікірлесу қазіргі қазақ қызының болмысын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Аңыздар 
мен әңгімелердегі Қарашаш өмірінің әр кезеңін сипаттай отырып, яғни оның өмір жолы, 
өсуі туралы біршама мәліметтерді жастарға көптеп таныту керек. Бірде ол тезек теріп 
жүрген, отын арқалап жүрген жасөспірім қыз, бірде үлкен кісілермен ақылды әңгіме-
дүкен құратын бойжеткен, енді бірде ол Жиреншемен отау тіккен келіншек болып 
көрінеді. Міне осының өзі қазіргі қоғамға нағыз қажет дүние. Мұнан бөлек, қазақ елінің 
тарихында өзінің есімдерін алтын әріппен жазып кеткен батыр әйелдер болды. Соның 
бірегейі өз ерліктерімен, ақылдылығымен тарихта атын қалдырған Бопай сұлу (Бәтима, 
өмір сүрген уақыты шамамен 1690-1780 жылдар). Ханның бәйбішесі, ел анасы, 
көргенділікпен елдің қамын ойлайтын ұрпақтарын тәрбиелеген Бопай сұлудың қазақ 
қоғамында өзіндік орны ерекше. Бопай сұлу Кіші жүздің ханы Әбілқайыр ханның жары 
мен құты болды. Бопай Әбiлқайыр ханның екінші әйелі бола тұра, өзінің табиғатынан 
ерекше салиқалы, байсалды, тағатты қасиеттерінің арқасында аса жоғары «сұлтанша» 
лауызымына ие болды. Бопай сұлудың аса беделдi болғаны соншалық Әбiлқайырдың 
көптеген саяси iстерiн ақылмен шешуге көмектескен. Батыр атанған Әбілқайырдың қилы 
мінездеріне тоқтау айтып, сабырлылыққа шақырып, сабасына түсiрiп, қиын мәселелердi 
бабымен шешуге көмектескен. Бопай сұлу өзінің ақылымен құрметке ие болған, 
сондықтан да кей кездері орданы басқару ісіне үлкен әсер еткен. Сондықтан ел iшiнде 
қадірі артқан Бопай анаға халқы мәртебелі, парасатты «Бара бәйбiше» атағын сыйлаған. 
«Бара бәйбiше» ұғымының Батыс Қазақстанда бiрнеше мазмұнды мағынасы бар. Негiзiнен 
– өз ақылымен, даналығымен елге қадiрлi болған ел iшiндегi аса беделдi аналарымызға 
айтылған. Сонымен қатар, Бопай сұлу есімі «Ардақты бәйбiше», «Ардақты ана» болып ел 
есiнде мәңгi қалды. Әбілқайыр әйелі Бопайдың кеңесін тыңдап, оның пікірін бағалаған [4, 
27-28 бб.]. Бұл байырғы өркениетімізде әйелдің әлеуметтік мәртебесінің биік 
болғандығын, арулардың айрықша құрметтелгенін дәлелдейді. 
Бүгінгі құндылықтың ең маңыздысы – қоғамдық тәрбие. Қазақ анасы өз қызын 
отбасы құруға, шаңырағының ұйтқысы болуға, отбасы мен қоғам берекесін қатар 
сақтауға, амандық пен табысқа жауапты етуге бала күнінен баулуы тиіс. Бұл жерде жеке 
үлгі маңызды. Үлкенге сәлемдесу, орын ұсыну, жол беру, кимелеп баса көктеп өтпеу, 
қонақтың атын байлатып, есік ашып, төрге шығарып, жақсы қабақпен қарсы алып, 
орнымен шығарып салу, ағайынға, жетім-жесірлерге, мүгедектерге, жора-жолдастарға 
қайырымды болу сияқты ата салт-дәстүріміздің бірде-бірі ескірген жоқ. Бұлар – ешеқашан 
ескірмейтін құндылықтарымыз. Ал, енді осы дәстүр ұрпақ бойына Ана арқылы сіңген, 
Ана арқылы өркен жайған. Ендеше біз ұлттық тәрбиені өз балаларымыздың санасына 
сіңіру арқылы, оны құрметтету арқылы мыңжылдық отбасы дәстүрімізді жалғастыра 
аламыз. Отбасы мәртебесін, құндылығын нығайта отырып, мемлекетімізді нығайтамыз. 
Бүгінгі Қазақстан мәдениеті дамыған, экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабілетті, әлемнің 
көшбасшы елдері қатарына қосылуға талабы бар, саяси әлеуеті зор мемлекет екенін 
ескерсек, осы бағытта ұлтымыздың басты байлығының бірі – қазақ қыздары мықты, берік 
отбасы құру арқылы елдің бүгініне, ертеңіне, болашағына нақты көмектесетінін түсінеміз. 
Олай болса, әр сәт мемлекет баяндылығының мәні мен міндеті есімізде тұрсын. Осындай 
аналарымыздың бірі Ел Анасы болған – Домалақ ана жөніндегі аңыз-әңгімелер өте көп. 


30 
Текті жерде туып-өсіп адал жар, Ел анасы бола білген Домалақ ана ұрпақтарына 
ақылдылығымен, сабырлылығымен, көрегендігімен, кемеңгерлігімен, әулиелігімен есте 
қалады. Оның жерленген жері күні бүгінге дейін апаларымыз бен әжелеріміздің, қарындас 
– жеңгелеріміздің зиярат ететін жеріне айналған. Тарихымызда аналарымызға қойылған 
материалдық ескерткіштер – күмбездер, мавзолейлер, мазарлар күні бүгінге дейін жетіп 
отыр. Олар әлі күнге дейін өздерінің негізгі міндетін жоғалтпай, жаңа ұрпақ өкілдеріне 
рухани қызмет етуде. 
Барлық ұрандардың негізіне ерекше қасиетке ие болған ата бабаларымыздың 
есімдері алынған екен. Тек бір ғана тайпаның ұранының негізіне – ана есімі алыныпты. Ол 
– арғын тайпасының құрамындағы ең белді ру – Қаракесек руының ұраны. Ұран – 
Қарқабат деп аталады. Қарқабат ананың кім, қандай тұлға болғандығы жөнінде ауыз 
әдебиетінің материалдарында көптеген мәліметтер кездеседі. Ол мәліметтерде Қарқабат 
ананың асыл қасиеттері туралы көп айтылады. Қарқабат ұранының бір ерекшелігіне – 
оның уақыт сынына төтеп беріп, пайда болған кезінен бері өзгермей келе жатуы жатады 
[5, 55 б]. Бұл да анаға деген құрметтің жарқын бір көрінісі болса керек. Қазақ халқында 
аналардың есімдерімен аталатын ру-тайпа бөлімдері көптеп кездеседі. Бұл да аруақты 
Аналарға деген бір құрметтің түрі болса керек. Қазақ халқының шежірелік 
құрылымындағы ру-тайпалардың құрамындағы бөлімдер мен бөлімшелерге, тармақтарға 
көңіл аударсақ, Аналар есімдерінің рулық тармақтарға берілу жолдары әртүрлі 
болғанымен, бір ортақ нәрсе бар. Оған – руға есімі берілген аналарымыздың бәрінің 
ақылды, көріпкел, кемеңгер, сабырлы, салмақты және тағы осындай жақсы қасиеттерді 
иеленген тұлға болуы жатады.Кіші жүздегі Кете тайпасының атауы – Кете бике 
анамыздың есімімен байланысты Әлімнің ішіндегі Қаракесек тайпасында Қасай, Шектіде 
– Жекей деген тармақтар бар. Шежірелерде Қасай мен Жекейдің апалы-сіңілі қыздар 
болғандығы туралы айтылады. Найманның Матай тайпасында – Қызай, Қаракерей 
тайпасында – Мұрын атты рулық бөлімдердің бар екені белгілі Ел арасында кең таралған 
аңыз әңгімелерде бұл екі анамыз Домалақ ананың қыздары болыпты. Бірінің есімі – 
Күнбибі, екіншісінің есімі – Жүзей екен. Күнбибі анамыз Қызай деп аталып, одан тараған 
ұрпақтар қызайлар деп аталып кетіпті. Ал Жүзей анамыздың лақаб есімі Мұрын делініп, 
одан тараған ұрпақтар мұрындар делінеді [5,55 б]. Есімдері аталған Аналарымыздың асыл 
қасиеттері ғана олардың есімдерін ру тармақшасына бергізіп, олардың есімдерін мәңгіге 
қалдырып отыр. Бұл да халқымыздың аналарға деген сый-құрметтерінің бірі деп білеміз. 
Осылайша жоғарыда айтылған ойларымыздың бәрін түйіндей келе, қазақ халқының асыл 
қасиеттерінің бірі – Анаға деген құрмет ежелгі замандардан бері қалыптасып, хандық 
дәуірде де жалғасын тапқан дейміз. Хандық дәуірдегі осы асыл қасиет аналарымыздың 
есімдерін жазба деректерде, ауыз әдебиетінде, ру-тайпа ұранына, рутайпа атауларына 
қалдырады. Сол арқылы аналарымыздың есімдері күні бүгінге дейін жетіп, өз халқымен 
бірге жасап келеді және жасай береді де. Адам бойындағы асыл қасиеттің бәрі ананың ақ 
сүтінен жаралып, күннің нұр шапағынан нәр алып бүр жаратынын атам қазақ 
атамзаманда-ақ білген. Қасиетті Құранның өзінде: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір 
ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар 
қылдық» делінген емес пе? Ендеше, тарих тұңғиығына бойлағысы келген жан – ғалым 
болсын, әкім болсын, ақын болсын – ең алдымен әйелдер қауымының болмыс-бітімін дөп 
басып тануы керек. Бағалай білсек, бұл орайда жинақталған тәжірибе де аз емес. 
Қазақстан Республикасы – бүгінгі таңда Орталық Азия аясында әйел 
проблемаларын елеулі нәтижемен шешіп келе жатқан табысты мемлекет. Әлем бізге 
осындай баға береді. Біз, әлбетте, бұған тоқмейілсінбей әлі де көп жұмыс атқаруға тиіспіз. 
Бүгінгі халқымыздың 56 %-ы – әйелдер. Әйелдер қазіргі уақытта ерлермен тең дәрежеде 
қоғамның саяси, әлеуметтік және экономикалық өміріне қатыса алады. Олардың сайлауға 
белсене қатысуын – қоғамдық жасампаздығының айқын көрінісі деп қарауға болады. 
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары әйелдер, Қазақстан 
Республикасы Парламенті Мәжілісінде депутаттық қызмет атқарып, төменгі палата 


31 
мүшелерінің төрттен бір пайызын құрап отыр. Бұл мәлімет қыздарымыз өзін күшті, дербес 
тұлға ретінде сезінетіндігін көрсетеді. Бүгінде Елбасымыз әйел заты маңызды мемлекеттік 
және саяси шешімдерді қабылдауды болжайтын биліктің барлық деңгейлерінде жүру 
қажеттігін қадап айтып отыр. Қоғам өмірінде әйелдер қызметтің жаңа аясын және 
мүмкіндігін ашуға себепші екенін мақтанышпен айтамыз. Біз заман ағымына сай, елдің 
инновациялық 
бағдарламаларының 
шеңберінде 
әйел 
кәсіпкерлерді, 
саяси 
көшбасшыларды, қоғам қайраткерлерін ірі кәсіпорындар басшыларын жиі кездестіреміз. 
Тағы бір мысал ретінде, кеше ғана университетіміздің ректоры қызметіне аяқ басқан 
Бейбіткүл Кәрімова да тағайындалған күннен бастап, бүгінге дейін біршама ауқымды 
дүниелерді жүзеге асырды. Көз алдымыздағы біз үшін нағыз Ұлы Дала ханымдарының 
ізбасары бола білген Бейбіткүл Сарсемханқызы университет игілігі үшін әлі талай істер 
жасайды деген сенімдемін. Бұл үрдіс, әрине, ең алдымен ел тәуелсіздігін нығайтуға 
қызмет етпек.
«Әлемдегі ең сұлу-қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты 
қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, 
абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі» [4, 278 б.] - деп 
Мұхтар Мағауин ағамыз айтқандай біздің арулар ең асыл, ең ардақты. Жалпы, әлімсақтан 
қазақ әйелінің қайталанбас өзіндік рөлі бар деген осы емеспе. 
 
Әдебиет 
1.
 
https://www.inform.kz/kz/elbasy-ayel-oshaktyn-uyytkysy-altyn-besiktin- 
iesi_a2752845
 
2.
http://almaty-akshamy.kz/ly-dala-y-zdary/
 
3.
А.И.Левшин. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. 
− Алматы, 1996. 
4.
«Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар»: халықаралық ғылыми-
тәжірибелік конференция материалдары /(даярлаған Д.Қамзабекұлы). Астана: «Форма 
Плюс» баспасы, 2015. – 304 б. 
5.
Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Қаракесек бірлестігі (Әлім, Кете, 
Шөмекей). Т.13. – 4-кітап,– Алматы: «Алаш» тарихы. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   267




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет