ИМАНДЫЛЫҚ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕМІЗДІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ
Шәукенбек М.А., Досполова Г.У.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Тірек сөздер: ынтымақтастық педагогикасы, гуманизм, имандылық, «мінсіз»
тәрбие, «мінсіз» отбасы
Ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын
алға апаратын құдіретті күш пен білімге тән. Жас мемлекетіміздің болашағы – бүгінгі
мектеп оқушылары. Бәріне бірдей талап қойып, олардың табиғи қабілеттерін, нақты
мүмкіндіктерін анықтап оқыту бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Гуманизм- латынның
“Нumanitas” – адам табиғаты және адамдық қасиеттерге құрметпен қарау деген сөзін
білдіреді екен Ізгілік-бұл адамдарға деген адамгершілік, сүйіспеншілік қатынас, бұл өзге
адамға жақсылық жасаудың негізі. Осы бағытта жұмыс атқаратын Шалва Александрович
Амонашвили – ынтымақтастық педагогикасын насихаттаушы жаңашыл педагогтардың
бірі. Ол мұғалімдерді педагогика даналығын шынайы да бай қайнар көзін пайдаланып,
өздерінің педагогикалық шеберлігін үнемі байытып, шыңдап отыруға шақырады. Ш.А.
Амонашвили мұғалімдерге арналған «Сәлеметсіңдер ме, балалар?!» атты көмекші
құралында ең кішкентай мектеп оқушыларының тұлға болып қалыптасуын зерттеу
нәтижелерін сипаттап жазады[1]. «Менің балалармен тәжірибе жұмыстарым, мектептегі
қызықты да қуанышты күндерді ұйымдастырудағы ғылыми ізденістерім, эксперименттік
сыныптың көптеген мұғалімдерімен өткізілген көп уақыт менде білім беру мен
тәрбиелеуде ізгілік, оптимисттік бастаулардан туындайтын кейбір педагогикалық пікірлер
қалыптасты,»- деген. Бұл кітаптың негізгі арқауы балаларға деген махаббат, баланың нәзік
жанына сүйіспеншілікке толы қарым-қатынас болып табылады. Бұл сипаттама
Ш.Амонашвилидің «Мектепке алты жастан» деген кітабында да қарастырылады. Ол
«Мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеу мен білім беру жүйесінің тиімді түрде жүзеге
асырылуы толықтай мұғалімнің тұлғасына байланысты» деп есептейді. Ол ең негізі
тұлғалық қасиеттерге басты назар аударады. Олар: - Баланы сол қалпында жақсы көру.
Тентек пен тіл алғышты, ұғымтал мен ойлау қабілеті төмен, ұқыпты мен жалқау
оқушыларды бөліп жармай, барлығын да бірдей жақсы көру керек. Балаларға деген
мейірімділік пен сүйіспеншілік бар жерде қатыгездік болмайды, намысына тиетін сөздер
айтылмайды, олардың әрбір жетістіктеріне қуанып отырасың; - оларды түсіне білу, яғни
солардың көзқарастарымен санасу, оларды ересектерше қабылдау, қамқорлық
танытқанына қуану, ақылдасып отыру. Олардың танытқан қамқорлықтары мен әрбір ісіне
кешіріммен емес, үлкен құрметпен қарау керек. Балаларды түсіну дегеніміз – оларды
билігіне бағындыру емес, керісінше олардың бүгінгі өміріне сүйене отырып, болашақ
өміріне алғашқы дәндерін себу. Бала жүрегінің тебіренісі мен жан дүниесінің қозғалысын
түсіне білген педагог оқушысының тәрбиесімен тереңдей айналыса алады. - оптимист
болу, тәрбиенің оң әсер беретіндігіне сену қажет. Баланың ішкі жан дүниесіне тереңдей
ену, осыған байланысты тәрбие берудің, оқытудың, дамытудың түрлі жолдарын
қарастыратын, яғни әрекетшіл оптимизм жайлы. - мұғалімнің бойынан адамға тән жақсы
қасиеттердің барлығы – күлімсіреу, қаталдық, ұстамдылық, салмақтылық, сезімталдық,
шынайылық, зияткерлік, тіл табысушылық, өмірге деген махаббат болуы керек. «Мен
ұстаз» өлеңінде Ш.А.Амонашвили: Мен – Махаббат және Адалдық, Сенім және
Шыдамдылық. Мен – Қуаныш және Ортақтастық, Мұң мен Ортақтастық. Мен – Шындық
пен Жүрек, Ар мен Намыс. Мен – Іздеуші және Сыйлаушы, Кедей және Бай. Мен –
Мұғалім және Оқушы, Тәрбиеші мен Тәрбиеленуші. Мен – Жол көрсетуші мен Өмір
суреткері. Мен — Балалықтың қорғаны мен Адамзат бесігі. Мен – Келешектің жарқыны
мен Осы шақтың алауы, - дейді Ш.А.Амонашвили. Ұстаздың осындай талпынуы аса
135
маңызды. Ол – бұрыңғы және қазіргі заманғы ұрпақтардың рухани құндылықтары мен
бала арасындағы дәнекерші. Адамгершілік қасиеттері бар ұстаз балаларды білімге үйрете
отырып, сонымен қоса, оларға өзінің мінез-құлқы арқылы ықпал етіп, балалардың көз
алдында адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі болып көрінеді. Бала үшін мұғалімсіз білім
жоқ, тек ұстазына деген махаббаты арқылы ғана бала білімнің қызықты әлеміне аяқ
басады. Кіші жастағы оқушылар үшін ең беделді адам, оқушының шамшырағын жағар
тұлғасы ол – ұстазы болып табылады. Сондықтан да оқушыларға сапалы білім ғана емес,
рухани, ізгі тәрбие беруіміз қажет.
Бұл сұрақтың педагогикалық аспектісі осы, сонымен имандылық пен Гуманистік
тәрбие беру бір екенін осылайша дәлелденіп отырғанын байқауға болады. Жоғарыда
айтылып өткен «мінсіз» тәрбиеге жақын, тәрбие формуласына тоқталсақ, сонда ол қалай
болуы қажет? Және қазақ топырағында ондай отбасы үлгісі кездесе ме? Біздің пікірімізше
ол қандай десеңіздер :
Тәрбие баланста болуы керек .
Әке – күш . Қазақ халқында әке батасынсыз дастарқан жиналмайтын және әке
сөзіне қарсы шығу болмаған, ол бала көзіне әрдайым «идеал" болып қалатын, ал ана -
махаббат. Барынша қамқоршы, тәрбиеші ақыл беруші, мәмілеге түсу иесі болып отырады,
бірақ мүлдем бірдей болмауы керек. Сол кезде ғана ол толыққанды, жан жақты
көзқарастағы, психикалық және рухани бай азамат немесе азаматша қалыптасады дей
аламыз.
Енді осы заманғы роль ауысуға келіп тоқталғымыз келеді, қазіргі әйел мен еркек
теңдігі, осы «мінсіз» отбасы формуласына қаншалықты пайдалы немесе зиян? Қоғам
пікірінің ауысқаны, адамзат бұрынғы таптаурындардан қаншалықты алыс кеткенін көріп
отырмыз , осының қанша артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Тәрбиелеу формуласын
өзгерту қажет пе ?
Бұл тақырып ашылмас бұрын мына мәліметке назар аудартқымыз келеді , бұл қазақ
халқының «ана» , «қыз» бейнесі. Себебі қоғамды тәрбиелеуші ол аналар. Аналар
тақырыбында қалам тербеген жазушы Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романында мынадай бір
дерек келтірілген:
«Ұлпан үлкендерге бұрылып сәлем берді. Шынар да соны істеді, ұялыңқырап, бетін
жаулығымен бүркемелеп сәлем берді». Бұл мысал «Ұят - беттің пердесі» деп Майлықожа
ақын жырлағандай, қазақ әйелінің бойындағы ізгілік оның инабаттылығымен
өлшенетіндігін, қазақ аналарының арын жанының садағасына балаған, арлы, ибалы
болғандығын айқын аңғартады.
Ал жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Бақыт жолында» деп аталатын романында
қазақ әйелінің жарқын бейнесі былайша сомдалған:
«...Жәнібек елең етіп қарап еді, бір келіншек пен жастау қыз бастаудан су әкеле
жатыр екен. Солар өтіп кетсін деп сәл аялдады. Бірақ аналар орнынан қозғалар емес,
тосып тұр. Бұл ештеңеге түсінбей аңырып беттеріне қарады.
- Өтіп кет, қайным, - деді келіншек, - Жолыңды кеспейік деп әдейі тұрмыз...»[2].
Бұл мысалдар қазақ әйелінің тәрбие көрген тектілігін, шариғаттан аттамаған естілігін
көрсетсе керек...
Сол себепті өзгеріс, жаһандану өз ретімен, бірақ құр тамыр ұмытпау ол да ең басты
аспектілердің бірі.
Бірінші, артықшылықтарына тоқталсақ, өзін тұлға ретінде тану ,өзін қай позицияға
қоятынын анықтап алу процесі толық баланың өз бақылауында болады, өз ойын, өз пікірін
қалыптастыруды үйреніп, өз өміріндегі жеке пікірін дамытады. Толеранттылық, гендерлік
теңдік секілді пікір, ой бекиді. Ал, екінші, керісінше тұсы, ол роль ауысуы, өзін қоғамдық
пікірде жоғалтып алуы болуы мүмкін, өзін жоғалтуы, авторитарлық үлгі алатын
тұлғасының болмауы, ол баланы басқа, сырттан «идеал» іздеуіне әкеліп соғады. Сол
себептен бұл өзгерістер қазақтың менталитетіне және өзіндік ерекше тәрбие беру үлгісіне,
қазіргі таңдағы өзгерістер тиімді дей алмаймыз, алайда қарсы болуға да талпынбаймыз,
136
тек ең бастысы «идеал» етіп қоятын тұлғасы маңызды болуы шарт. Ол идеалды бейне
адамға емес, бір идея астында жиналса қалай болады? Мүмкін осы таңдағы өзгерістерге
қарсы, әрі ұтымды шешім сол болар ? Біздің пікірімізше ол идея «имандылық тәрбиесі»
Имандылық – қазақ халқының бойына сіңген, ең жақсы қасиеттердің бірі, сан
ғасырлардан бері біз оны сақтап келдік. Тек ол бір уақыт аралығында ғана тоқырауға
келді. Иман қазақ халқының салтында емес қанында бар қасиет. Неге десеңіз, осыдан 25
жыл бұрын, тәуелсіздік алмай тұрып, ол дегеніміз әрі қарата 70 жыл КСРО құрамындағы
қазақ халқының өзінің діңгегі дінін және тірегі тілін жасыруға мәжбүр болған кездері.
Біздің педагог болған әжелеріміз жылап тұрып өз оқушыларына «Құдай жоқ» деп жалған
білімге жол сілтуге мәжбүр болған кездері. Алайда «Үй артында ұры бар, естіп қояр түрі
бар» деген сөзден қорықпай ата-әжелеріміз біздің әке-аналарымызға кешкілік дастархан
басында берген тәрбиелік, имандылық жолындағы ақылдарының арқасында сондай қиын
«тар жол - тайғақ кешу» уақытынан «Иманның» не екенін ұмытпай, ұрпақтар
сабақтастығын жақсы сақтап, бізге дұрыс имани-адами қасиеттерін жеткізе білді. Сол
айтулы ерліктердің арқасында біз осы тақырыпты еркін қорғайтындай, һәм Ыбырай
Алтынсарин тұңғыш ұстазымыз айтқандай «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар
алғызып», яғни Ғаламтор арқылы білімімізге білім қосып отырмыз. Біздің міндетіміз
осындай қиын жолмен бізге жеткен ұлы ұғым «Имандылықты» көзіміздің қарашығындай
сақтап келесі ұрпаққа жеткізу басты мақсат деген ой білдіреміз.
Осы тұста имандылықтың тәрбиенің төрт тірегін атап өтсек:
Пайғамбарымыз баланы қалай тәрбиелеген?
Бірде мәдиналық бір кісі бақшасында өсіп тұрған құрмасына тас лақтырған баланы
сүйреп отырып Пайғамбарымызға әкелді. Бала – жас та болса Ислам дінін қабылдаған
Рафиғ ибн Амр еді. Келген кісі қатты кейіген секілді. Қабағы қатулы. Пайғамбарымыз
болса, сол сабырлы қалпын сақтады. «Балапаным, құрма ағашына неге тас лақтырдың?», –
деп сұрады. Бала: «Қарным қатты ашты. Құрма жегім келді», – дегеннен артық сөз
айтпады. Әз Пайғамбар (с.а.у.) балаға: «Жерге түскенін жесең же, бірақ ендігәрі
құрмаларға тас лақтырма, жарай ма?», – деді. Сосын баланың басынан сипап, оған былай
деп дұға жасады: «Уа, Алла Тағалам! Бұл баланың қарнын тойдыра гөр!»[3]
Ал енді осы оқиғаға психологиялық талдау жасай отырып, астарындағы
педагогикалық тәлім-тәрбие негіздерін ұғуға тырысайық.
Біріншіден, алдына ашумен алып келген балаға, оның кінәлі екенін біле тұра неге
Пайғамбарымыз салған жерден ұрыспады? Өйткені, балаға ұрысқаннан гөрі оған жақсы
көретініңді білдіру аса маңызды. Психология ғылымында дәлелденген осы бір әрекетке
тоқталып өтейік.
Балаға мейірімділік таныту мен сүйіспеншілігіңді көрсету
Тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Әсіресе, кішкене
балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны ерекше. Бұл махаббатқа олар қашанда
шөлдеп тұрады. Олар тек сүйіспеншілікпен ғана өсіп-жетіледі десек артық айтқандық
емес. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді. Әрдайым соны іздеп
тұрады. Оны ренжітпей, мейірімі мен сүйіспеншілігінен ажырап қалмау үшін оның
айтқандарын орындауға тырысады. Өзі жақсы көрген кісіге еліктегіш келеді. Ендеше,
сүйіспеншілік – бала тәрбиесіндегі негізгі қағида. Пайғамбарымыз барлық адамзаттан
сүйіспеншілігін аямаған. Жан жүрегімен жақсы көріп, әрқайсысына жеке-жеке көңіл
бөлетіндіктен, әр сахаба өзін «Пайғамбардың ең жақсы көретін адамы мен шығармын»
деген ойға қалатын. Алайда, Алла Елшісінің балаларға деген мейірімі тіптен ерекше еді.
Жоғарыдағы «Рафиғ ибн Амр оқиғасы» – осының нақты дәлелі. Дедектетіп
Пайғамбарымызға әкеле жатқанда бұл бала қандай үрейді бастан кешті десеңізші?! «Қап,
маған енді не істер екен? Не деп ұрсып, қалай жазалар екен» деп қатты қорқып келген
балаға пайғамбарымыз «балапаным!» деген жалғыз-ақ ауыз сүйіспеншілікке толы жылы
сөзін арнады. Сол жылы сөзімен қарсы алып, басынан сипап, мейірлене қарады.
137
Баланың қатесін түзетіп, дұрысын үйретуде жазалау тәсілінің ерекше орнының бар
екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ жазалаудан бұрын қателерді түзетуде ең әуелі мейірім
мен насихаттың әсері мол екенін ескергеніміз жөн. Себебі, балалар көбіне жасаған
қателіктерінің парқына бара бермейді. Мұндай жағдайда балаларға ұрсып-зекудің
пайдасынан зияны басым болуы кәдік.
Үлкендердің баланың басынан сипауы, маңдайынан сүйіп, иіскеуі яки құшақтап
арқасынан қағуы, көтеріп құшағында тербетуі – бәрі-бәрі балаға оң әсерін тигізеді. Бала
үлкеннің бұл ілтипатынан өзін жақсы көретіндігіне сенеді әрі сол кісіге деген құрметі де
артады. Құшақтап, басын сипаған кісіні өзінің қорғаушысы деп біледі. Зерттеушілер
құшаққа алынып, құштарлана сүйілмеген, басынан сипалып, маңдайынан иіскелмеген
балалардың кейбір психологиялық ауруларға ұшырайтынын дәлелдеуде.
Ата-ана яки кез келген педагог үшін балаға көп ұрсып, оған ұзақ ақыл айтқаннан
гөрі оның басынан сипап, мейірім көрсетіп, арқасынан қағуы әлдеқайда әсерлі. Бұның
астарында құрғақ сөздермен жеткізуге келмейтін небір сезімдер бар. Жоғарыда
келтірілген оқиғада «қате іс-әрекет үстінде ұсталып, енді не істер екен» деген үреймен
келген балаға пайғамбарымыз ең алдымен «балапаным!» деген жылы сөзін арнаған.
Қорқып келген балаға жылы сөз ғана айтып қоймай, «қорықпа, мен сені қорғаймын»
дегендей басынан сипауы, әрине, бала жүрегіндегі қорқыныштың орнына қуаныш
сыйлады. Өзіне жанашыр жан тауып, оның қасында өзін сенімді сезінген бала
ойындағысын бүкпесіз айтты.
Балаға құлақ асу
Баланы әуелі тыңдай білу керек. Сөйлеген бала өзінің ішкі дүниесін ашып береді.
Әр нәрсені дұрыс түсінуге бала ақылы жете бермейді. Сол себепті баланың не ойлап
тұрғанын білу қажет. Біз көбіне баланы қателікке ұрындырған себептерді іздемейміз.
Дереу өзіне ұрса жөнелеміз. Жоғарыдағы Рафиғ ибн Амр оқиғасында пайғамбарымыз оған
дереу дүрсе қоя берген жоқ, «Әй, оңбаған! Біреудің бақшасында нең бар?! Енді тас
лақтырады екенсің көресеңді көрсетем, қолыңды тура шабам!» деп ұрысқан жоқ.
«Неліктен тас лақтырдың?» деп, онымен тілдесті. Бала себебін айтты. Қарны ашқаны,
құрма жегісі келгендігі анықталды. Аш баланың мұндай әрекетке баруы табиғи жағдай
екені сөзсіз. Не істесе де дереу жазалауға жүгірмей, алдымен баланы сөйлетіп, тыңдай
білу қажет.
Балалар балалықпен қате жасайды. Ал үлкендер болса, олардан үлкен кісінің
істейтін ісін күтеді. Қате жасаса дереу ұрсып, жазғыра жөнеледі. Көбіне балаларын
тыңдауды қажеттілік деп те ойламайды. Бала болса, өз ісінің қателігін түсінбегендіктен
ата-анасының яки үлкендердің не үшін ұрысқанын, яки жазалағанын түсінбей дал болады.
Сөйтіп, үлкендер маған жамандық жасады яки ата-анам мені жақсы көрмейді деген ойға
қалады. Міне, сондықтан баланың ішкі дүниесімен сырласпастан, оның ойын білместен,
жасаған ісінің дұрыс еместігін түсіндірместен оған ұрысу, жазалау дұрыс емес.
Балама нәрсе көрсету
Ата-аналардағы қателіктердің бірі – баланы не болса содан тыйып, іс-әрекетін
шектей беруі. Баланың қате қылығын тыйған кезде, орнына басқа бір дұрыс нәрсені
көрсету керек. Олай болмағанда бала баяғы істеген қателіктеріне қайта басуы я болмаса
қырсық мінезділікке бейімдеуі мүмкін. Мысалы, бала ыдыс-аяқпен ойнағысы келгенде,
дереу қолынан ыдысты жұлып алғаннан гөрі «ойнасаң, мә, мына сынбайтын ыдыспен
ойна» деп оған басқа ыдыс беру керек. Үйдің қабырғаларын шимайлап ойнаған баланың
қолына дереу басқа бір дәптер яки қағаз ұстатып немесе арнайы тақта мен қалам сатып
алып беріп: «сызсаң мынаған сыз», «жүгірсең, мұнда емес ана жерде жүгір», «көрсең, бұл
фильмді емес ана фильмді көр» деген секілді баламаларды көрсетуіміз қажет. Жоғарыдағы
оқиғада пайғамбарымыз «Құрмаларға тас лақтырма! Жесең, жерге түскендерін же!» деп,
тыйыммен қоса балаға басқа балама іс ұсынды.
Қазіргі кездегі қалада балалар баратын ойын залдары мен кино театрларда
көрсетілетін фильмдер бала тәрбиесіне, мінез-құлқына залалды болуы мүмкін. Сондықтан
138
балаларға ана жерге, мына жерге барма дегеннен гөрі, оларға басқа жағдай жасау керек.
Үйге компьютер алып, зияны жоқ ойындар мен фильмдердің СD-лерін дайындап, ойын
ойнап, кино көретін уақыттарын белгілеген жөн.
Тілек тілеу не балаға бата беру
Ата-ана қашанда баласының тілегін Құдайдан сұрағаны жөн. Бұл педагогтар үшін
де маңызды. Көптеген хадистерде баласының тілеуін тілеген ата-ана дұғаларының қабыл
болатындығы айтылған. Пайғамбарымыз жоғарыдағы оқиғада балаға дұға ету арқылы
дұғаның маңыздылығын білдіруде. Қолынан келер тәлім-тәрбие берген педагогтар да
бұдан кейін балалар үшін үнемі Жаратқаннан тілек тілеп жүргендері дұрыс[4].
Қорыта келгенде, адамға әр жасқа сай тәлім-тәрбие беруде ұлағаты мол тамаша
ұстаз, ақиық Пайғамбардан алар үлгіміз көп. Оның бала тәрбиесіне қатысты көрегендігі
жоғарыдағы бір оқиғамен ғана шектеулі емес. Кезінде тұтастай бір қоғамды жамандықтан
тыйып, жақсылыққа тәрбиелеген хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) өмірі мұқият зерттелуі тиіс.
Ол – бала тәрбиесінде қиындық көріп жүрген ата-аналар мен педагогтар үшін таптырмас
үлгі.
Білесіздер ме? Қазіргі таңда білім беру жүйесінің ең үздік формуласын ұсынып
отырған зайырлы, дамыған мемлекеттердің бірі Ұлыбританияда діннің ұстанымдарын
сақтанады. Мысалы «Public schools» атты элиталық және ең үздік білім беретін лицей
үлгісіндегі мектептер бар және ол жердегі ең басты пәндер және мектеп ережелері діннен
алынады, оны артта қалушылық емес, дін тәрбиенің негізгі түп тамыры ретінде
қолданылатындығын түсінуіміз қажет. Сондықтан себептен бізде өз дінімізден алыстамай,
оны қоғамның басты қалыптастырушысы - тәрбиеден тысқары ұстамағанымыз игі болар
еді.
Қорыта келе қазақ халқының тәрбиесінің түп тамыры ол имандылық, қанша сіңген
дүние. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты
жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің де қоғам
алдындағы борышымыз. Санамыздағы отбасы ұғымы тек ұрпақ жалғастығымен өлшенбеу
керек. Маңыздысы — ұрпақтың саналы, иманды болып өсуі. Ал, бұл болмаған жағдайда
отбасы сүттей тазалығын сақтап, ұлт болашағын алға жетелей алады деу бекер. Қазақтың
дүниетанымы мен болмысы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі Ислам дінімен астасып
жатқандықтан, бала тәрбиесі де діннен тамыр алып, әрбір мәселе шариғатпен шешілген.
«Тал бесіктен жер бесікке дейін білім ізден» дейтін дініміз Ислам білім мен тәрбие
бесіктен басталу қажеттігін меңзейді.
Ойымды Мағжан Жұмабаевтың мына бір сөзімен түйіндесем: «Жас бала – жас бір
шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ».
Ендеше ұрпағымыз үшін алаңдасақ «Не ексең, соны орасың» деген қазақ даналығын
ескере отырып әуелі тәлім-тәрбиеге терең мән бергеніміз жөн.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. С.Ғ.Тәжібаева, Х.Нұғыманова. Отбасы тәрбиесінде оқушының ұлттық келбетін
қалыптастыру. А., 2011ж.
2. Қ.Жұмаділов. Бақыт жолында
3. Қ.Бағашар. Исламдағы бала тәрбиесі. А., «Көкжиек», 2011ж.
4. «Иени үміт» журналы, №73, Б. 21, 2006ж.
5. «Ұлық Имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа». «Көкжиек" баспасы ,2007, Алматы
қаласы .
6.https://multiurok.ru/blog/sh-amonoshvilidin-izghilik-piedaghoghikasy.html
139
Достарыңызбен бөлісу: |