Бүгінде:
Ел аяғы саябырсып, ыстық-суығы басылғандай болғанда
Дархан немересін ертіп Кеңгірдің биігіндегі құрылысы әлі
аяқталмаған мазарға барды. Бұл мезгілде аспан қиқулап ұшқан
құстан тазарып, сұрқай да ауыр тартып, тым-тым аласарып,
әрі кішірейіп қалғандай еді. Жыл құсы жылы мекеніне күнді
жайлата, қарлы-жаңбырлатып қайта бастаған мезгілде анау
сұр аспан – құс базарына айналатын, осы өңірде палендей
көп болмағанымен, сонау Балқаштан көтерілген тырна, аққу,
үйректер қысқы мекеніне Құландының үстімен ұшып өтер еді.
Сонда қайтқан құсты шығарып сап, мұңлы күйде тұрған Дархан
өзіне де қос қанат бітсе әйтеуір өзі де білмейтін жерұйық
– бейбіт те берекелі еркін жаққа ұшып-ақ кеткісі келер. Бірақ
ондай жерұйықты бұл түгілі Асан қайғының өзі таба алып па
еді... Қазір сарғайған қуаң дала сол думанды шақтан, бәрінен
жұрдай болып, қаңсып қалған.
Ертеңгілік күзгі суық екеуін де жауратты. Шал мен немере
төбенің басына шыққанша үндеген жоқ. Моланың дәл түбіне
жеткенде Жалғас ең әуелі Кеңгір батырдың мүрдеханасын шыр
айналып алақанымен қабырғаларын шапаттап:
– Да-а, – деді.– Умно сделано. Ешкім тимесе әлі талай ғасыр
тұра береді. Ақсақал, осыншалық құдіретті ғимараттардың
кірпішін неден құйған? Біздің қызыл кірпіштер елу жылға
жетпей мүжіліп, қирап қалуы қалай?
– Қайдан білейін, қарағым. Менің естуімше Кеңгір бабам-
ның моласын: сары жабысқақ топыраққа аттың қылын аралас-
тырып, биенің сүтін, ешкінің майын ерітіп құйып, қыш
жасап соққан. Ол кезбен бұл кезді салыстыруға бола ма, тәйірі.
– Есіне әлдене түскендей көзі жасаурап Кеңгірдің зәулім
күмбезіне қарады. – Әлі есімде, жеті-сегіз жасар шағымда
болар, біздің ауыл сонау Қызылегіздің ар жағында көк мұнар-
ға оранып жатқан Тарбағатайда жайлаушы еді. Ол жер –
Ақжайлау деп аталатын. Жаз шыға жонға көшкен ел өзгеше
бір көрініспен сыңсып, құндыздай шұбап ойнап-күліп барады-
ай... Күнгей-күнгейде қызыл ала, көк ала гүлдерден хош иіс
381
аңқып, сарайыңды ашатын; әлсіз армандай болып лүп-лүп
етіп соққан саумал самал; анау сай-сайдағы байдамталдың
табанын қытықтап, сыңғырлап күлген, жас балаша былдырлап
түсініксіз тілмен әңгіме айтқан бұлақ, бұлақ жағасында құрыл-
ған алтыбақан – бәрі бүгінгідей көз алдымда; енесін қақтап
емген құлын, маңырай іздеп жамырай табысқан қозы-лақ,
тайға мініп жарысқан бала, көкке шапшыған асауды саздақ
жерге салып мөңкіте үйреткен жас жігіт – бәрі күні кешегідей
жадымда; менің қайран қалатыным – осынау керемет суреттің
қай-қайсысы да өмір бойы ұмытылмай, ашыққан, жаураған,
жалғызсырап бас ауырып, балтыр сыздағанда көз алдымда
қуаныш сәулесіндей елес берері, жүр-жүрлеп сол жаққа –
Тарбағатай жайлауына ымдап, қол бұлғап шақыратын; бірақ
мен содан қайтып, міне алпыс жыл толды, барған емеспін...
алыста, аяқ жетпес шалғайда қалған мамықты арман секілді...
жұмысшылық өмір, анау шойын жол менің сол – қызыққа толы
үкілі күндерімді ұрлап алғандай еді... кей түні мен түсімнен
шошып оянамын: жап-жасыл шөптің ортасында көк аспанға
телміріп жатамын...
Немересінің әңгімеге зауқы жоқ, есінеп отырғанын сезді
де, шорт үзді.
– Иә, балам, атаңның осындай қырттығы болады, – деді. –
Екі-үш күн той-томалақпен ес жия алмадық. Жалғасжан, айып
болмаса ендігі әңгімені сенен күтсем деймін.
– Ой, ақсақал-ай, менде не әңгіме болушы еді. Әкемнің түр-
түсін білмеймін. Ол әскерге кете салып туыппын. Мамам елу
бесінші жылы қайтыс болды. Өзім қазір Өзбекстанға қарайтын
бір қазақ ауылында тұрамын. Қелініңіз, екі шөбереңіз бар.
Ауқаттымыз. Общем, қызмет, тұрмыс бәрі жақсы, ақсақал.
Мына мазарды тездетіп жөндеп бітірген соң сізді көшіріп алсам
деген ой бар. Оған қалай қарайсыз? Шал мырс етіп күлді:
– Жалғасжан-ау, егер мен Құландыдан көшіп кетсем мола-
ны «тездетіп» несіне тұрғызамыз? – деді.
– Ә, солай екен-ау, – қып-қызыл боп өз әбестігіне өзі ұялған
немере қалтасынан темекі алып тұтатты.
– Көшіріп алмай-ақ қой. Келесі келгеніңде келін мен
балаларды ерте кел. Мен Гүлияны төбе басына жалғыз тастап
ешқайда бармаймын. Қарыс жерде қаза бар, алда-жалда көз
жұма қалсам, Гүлияның қасына қоярсың.
382
– Обязательно! Осы жолы келініңіздің аяғы ауыр боп ере
алмады. Жолда өз әбестігінен ақталған болды. Неге екенін
түсіне алмады Дархан, аяқ астынан табылған немересі
жаңғалақтау, кеңінен ойлап, тереңнен толғамайтын шолақтау
ма деп қалды.
Ол соншалық қатыбастылығы үшін өзін-өзі сөкті де.
– Ақсақал, менің демалысым аяқталуға әлі біраз уақыт бар.
Шамам келгенше көмектесейін, не бұйырасыз?
– Рахмет, шырағым. Аягөзден екі-үш машина кірпіш жет-
кізіп берсең жетеді. Нәшәндік нұсқап жіберер, заттарды қай-
дан, қалай сатып алуын. Есігіне темір қақпақ жасату керек-
ау. Ішіне ешкі, оқыралаған бұзау кіріп кетеді ғой әйтпесе...
көлденең өтер көк атты «Мынау кімнін, зираты?» дегенде:
«Дархан өз қолынан қалаған Гүлияның мазары», – деген сөздің
өзі көрден қайта тірілткендей болмай ма. Өткендер алдында
бүгінгі жер басып, тырбанып жүргендер мәңгі борышты-ау.
Әттең артыңа тым болмағанда төрт құлақты бейітті аманатқа
қалдыру да арман екен ғой...
– Дұрыс айтасыз, із-түзсіз өлгеннің несі жақсы дейсіз.
Сонымен жаңағы айтқандарыныздың бәріне неше сом ақша
керек?
– Есептегем жоқ. Нәшәндікпен ақылдаспасақ...
– Иә, кешке үшеуміз отырып есептейік.
– Аттың құны, атанның пұлы болса да сол соманы санап
тапсырайын. Ертең еру болып деміңді ал да, бүрсігүні Аягөз
түс.
– Мақұл, ақсақал. Дүр еткізіп алып келем ғой, азамат
емеспін бе.
Дархан немересімен осыған уағдаласты. Кешке көршісі
қонаққа шақырып шалдың бұл ойын құптады. Енді қартайған-
да сапсаңдатпай құдай айдап Жалғастың келгеніне шын пейіл-
ден қуанысты. Дарханға шын көңілден құтты болсын айтыс-
ты.
Шал мен немерені нәшәндік расында да жайраңдап күліп,
қуана қарсы алған.
– Ақсақал, дөнен ерткен жылқыдай, жаңа жарастыңыз.
Сонау Кеңгірдің жотасынан қатарласа құлдилап келе жатқан-
дарыңызға, тпә-тпә, тіл-көзім тасқа, қатты сүйсіндім. Құдай
берем десе, тапа-тал түсте салаң еткізеді екен ғой, ә...
383
– Шүкіршілік, шүкіршілік... астым-тастым демеймін, тәубе
қыламын...
Тамақ ішіліп, ас қайырылған соң шал мазардың қалған
құрылысын әңгіме етті.
Олар қауқылдаса жау түсіріп келгендей мәз-мейрам
болып сыртқа шықты. Дарханның көңіл-хошы дәл бүгінгідей
шанағынан аса тасыған жоқ еді. Иығына артқан мың батпан
жүкті лақтырып тастағандай, әрі жеңілейді, әрі сергіп-серпіліп
сала берді. Қуанышы мен өкініші алма-кезек ауысып тұрар
тағдырдың шу асау арғымағы тақымына енді тигендей қанатты
желік пайда болды. Ол анау қаракөк аспанның астында
өңсіздене суып жатқан Сахараның кеудесін дүрсілдете ойқастап
онды-солды шапқылағысы келді; даусы жер жара ақырып
айғайлағысы келді.
– Жалғасжан-ай, – деді толқып, – менің де атар таңым
алда болған екен-ау. Мен бақыттымын! Осы күнге асықпай
аяңдап, алжымай жеткеніме бақыттымын. Келші, құлыным,
маңдайыңнан иіскейін, келші?!
Бір күн өтіп, екінші күні таңда Жалғас «товарнякке» мініп
қалаға аттанды. Нәшәндік те артыңнан барып ақыл-кеңесімді
айтамын, көлік табуға көмектесемін деп уәде берді.
Немересі Аякөзге аттанған күні кешке неге екені белгісіз
Дарханның әлденеге мазасы болмады. Жалғыз өзі кең сарай-
дай боз үйі болып келген ескі мекені – қоржын бөлмелі
тамына сыймай, есік алдында жүрді де қойды. Осыншалық
екі қолы артына сыймай зерігіп, жалғызсырап көрген жоқ-
ты. Мұндайлық, көкірегі бос қалып, жүрегі шаншыған ауыр
халді баяғыда Гүлиядан айрылғанда... «Бес-алты күн болса
да, Жалғасқа үйрене қалған шығармын» деп бір ойлады. Бірақ
онымен де қаңғырласып көп әңімелескен жоқ. Көп сөйлемейтін
тұйықтау жігіт болған соң, көр-жерді сұрап басын ауыртпаған.
Аяқ астынан табылған немересінің өн бойынан Долдашқа,
Мұратқа ұқсар белгі іздеп, тінте қараса да таба алмаған. Әлде
ұмытып қалды ма, әлде қарттық жеңдеп, көз жанары тайған
шығар. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бөтен біреу болса
да, ел алдында абыройын бір асырды. Дархан шал осыны
көңіліне медет тұтқандай еді. Дегенмен елгезек, ақкөңіл бала,
– деп күбірледі. – Мұраттан ұрпақ қалады деп кім ойлаған».
384
Бәрібір ұйқысы келмейтінін білген соң, аяңдап, ендігі
қалған ғұмырының ұлы бір рухында тәуәп етер құттыханасына
айналған төбеге шықты. Өліара бітіп, ай жаңалаған кез еді.
Жаңа туып асығыс тола бастаған ай нұрына балқып, маңқайып
тұрған Кеңгір, бұрынғы өткен дүниенің бүгінге деген қарақазан
өкпесіндей әне... тұнжырап тұр. Уыз сәуле астында бұлақытқан
бейіт пен оның іргесіндегі теміржолшы шал алыстан қараған-
да – баласын жетелеп түн ішінде қаңғып бара жатқан жесір әйел
секілді еді. Әлемнің бар үзірінен жеріп, жарық түн, жұлдызды
аспанды жамылып алысқа... көз көріп, құлақ естімес, адам
аяғы баспаған бөтенге лағып кетер – өкпелі бітім. Әттең, өлілер
өкпелей алмайды... Өлім рахатының алтын бесігіне тербетілген
Гүлия мен Кеңгірдің моласы Дарханның ендігі қалған шын
жанашырына ұқсаған.
Уақыттың асау ағысына түсіп, не сүйе, не сүйдіре алмай; не
бел шешіп рахаттана демала алмай, жазған-ау, не болмаса қарсы
келген дұшпанын әке бабасымен түсіп айызы қана балағаттай
алмай – мініскер, жуас та аяндыл ат құсап басын изектетіп,
әр жылдың, әр кімнің тақымында өте шыққаны ма? Неге
ғана ертоқымын бауырына алып мөңкімеді; неге үйірін іздеп
арқырап кісінемеді; неге ғана екі қолға бір жұмыс қай-қайда да
табылар деп бақытын басқа жақтан іздемеді. Әйелінің қабірін
қимады ма, әлде туған жері – Құландыны қимады ма; әлде мәңгі
арқандалған жіпті үзіп қашар асау мінез жоқ па? Қонақ қана
болып келген өмірден өз сый-құрметін алмауы қалай. Өзі өмір
сыйы деген не? Ал, құрмет деген не нәрсе? Бірақ осының екеуі
де адамды ажалдан арашалап қалуы мүмкін бе? Жоқ! Ендеше
бұл жарық әлемде жер басып жүрген пенделердің кімі кімінен
артық?! «Ендеше мен өміріме өкпелей алмаймын...»
Күзгі жел есті. Жел өтінде ызғар бар. Ай сәулесі жуаси түсіп,
кілкіген дала, самаладай жарқырамаса да әр заттың нобайын
әйбәт көрсетеді. Салқын тыныштықтың дел-сал құшағында
бүткіл болмысымен мол сұғынған дала аспаннан саулаған
жансыз жарықты еміп, байырқалап жатқан. Өмірдің ақырғы
мүйнеттерін қалай еткізуді білмей, ойдан озып шаршаған
шалдың аяқ тықыры жусаған әлемнің ұйқысын бөліп, ептеп,
түрткілеп оятқандай еді. Кеңгір бабасының пұшырайған ескі
моласын айналып шығып, ертеңдер Жалғас кірпіш жеткізе
екеулеп жүріп Гүлияның мазарын бірер жұмада бітіріп
385
тастайтынын жоспарлады. Төбесіне ай орнатып, есігін салып –
өзінің де мәңгі мекеніне айналар тағдыр сәтін тосады... Мүмкін
денсаулығы қазіргідей тың болса, немересіне еріп, Өзбекстанға
барып келін-баласын көріп қайтар... Құдай-ау, ендігі тілек те,
дәулет те, анау қара шанырақ та солардың садақасы емес пе;
көрге арқалап кетпейді. «Өлу үшін туатынын сезінудің өзі
қандай бақыт!»
Қарт жұмысшы ғұмыр-сапарына іштей риза да болды. Тірі
жүрген күннің өзі – үлкен мереке, ұлыжіңгір той екенін ұқты,
ақылдан – сабыр артық деп білді.
Ол бүгініне, ертеңгісіне, ең тамашасы – өткеніне ұялмай
тура қарай алатын еді.
Рас, жасырмайды: аш жүрді, жалаңаш жүрді, ыстыққа күйді,
суыққа тоңды, сайтан емес қателесті де – бірақ заманымен бірге
өсті, біте қайнасты, халқының қамы үшін от пен суға түсіп адал
еңбек етті.
Кең дүниенің кемтарлығы білінбей тұрмайды, терезесі тең,
ке-регесі кең мамырстан дәуірдің төрі тимей босағадан озбай
жатса, кімді кінәлар, бірақ ол өзін ар-ожданы таза жылдардың
құрмалдығымын деп білді. «Мен бұл жарық әлемге алу үшін
емес, беру үшін келген қарапайым адамның бірімін. Дүниеде,
қоғамға да, адамға қарыз болмаудан артық бақыт бар ма?»
Тек оның жанына бататыны – кейінгі кейбір кісілердің
тымтым алаңсыз тоңкүлкілігі, тым жырынды қулық саууға
әзір тұратын жылпостығы, көбінесе өз қарабасының қамын
ойлайтыны; не қатты қуана, не қатты қорқа білмейтін өлі
еттігі-тін. Әлдекім алақанына салған бір уыс талқанға дал боп
қуанатын қуаңдау кезеңді сағына берері осынан ба?..
Айға бата оқып отырсың ба, қақбас? – деген дауыс түн тыныш-
тығын тіліп өтті. Дархан шошынып барып тұңғыш рет жауап
тіл қатты.
– Аллам-ау, тағы да сен бе едің, Дүрия? Күндіз – көлеңке,
түнде – түс болып қыр соңымнан қалмадың-ау?
– Не Құдай алмады, не бай алмады – жүрмегенде, тірідей
көрге кірем бе. – Шал таң қалды. Дүрия кәдімгідей дұрыс, сау
кезіндегідей саңқ етіп жауап берді. Бірақ бұл әйелдің алғашқы
әрі ақырғы есінің кіргені еді.
– Отыр, Қамбар, – деді жанындағы елес-адамға. – Бүгінгі
түн қандай жұмсақ. Екеуміз алғаш рет осы төбенің басында
386
кездескенімізде де дәл осындай бақыт секілді жұлдыздан ғана
тағылған түн еді. Мен сенен ізгі көңілмен ұялушы едім. Қамбар,
алғашында бетіңе қарай алмайтынмын. Сен осы Құландыдағы
ең сері жігіт, мен ең сұлу қыз едім. Екеуміз қосыларда әке-
шешем қарсы болғанымен бүкіл ел қуанып «тең-теңімен»
деп ақ батасын берген. Есіңде ме, «Қамбар, осындай сүт иісі
аңқыған кеште алғаш рет сүйіскеніміз... ұят-ай... мен дірілдеп
қорқып кеттім де, от боп жанған бетімді сенің иығыңа басып
ұзақ жыладым... сен шашымды сипап уаттың... дәл сондағыдай
рахаттанып жыламаған шығармын... дәл сондағыдай бақыт
түні өмірімде қайтып қайталанбайтынын білдім бе... дәл осы
күні туғанымды, дәл сол түні өлгенімді – сездім бе... (Дүрия
өксіп, ботадай боздап жылады).
Дархан да өзін-өзі тоқтата алмады, буын-буыны дірілдеп,
екі иығы солқылдап еңіреп отырған әйелге жақындаған.
– Қамбар, – деді Дүрия өксігін тыйа алмай. – Мен бүгін әдейі
арақ алып шыққаным жоқ (сосын жанындағы елес-адамды өзіне
қарай тартқан болды). Қашқалақтамай жақынырақ отыр, мен
саған әлі айтпаған сырымды баяндайын деп Кеңгір бабамның
күмбезіне әдейі ертіп келдім: Мен сенің алдыңда айыптымын,
Қамбаш, қарабетпін. Мен сен жоқта көзіңе шөп салдым.
Шал селк ете түсті.
– Менің жазығым не? Жазығым – жар қызығын көрейін де-
генім бе? Шын өлік – баласы жоқ өлік деуші еді бұрынғылар.
Сенен қара қағаз келген соң күдерімді мүлдем үздім де,
Гүлияның аруағын аттап анау тірідей өз моласын тұрғызып
жүрген қақбастың етегіне жармастым. Өйткені, Омардың
екі қызынан жаман да болса ұрпақ қалдыру еді. Өзің де
білесің, Қамбаш, соғыс дегеніміз әйелді еркегінен айыру;
соғыс дегеніміз кіндікті үзіп, ұрпақсыз қалдыру. Сол кезде
Құландыдағы бас көтерер қол-аяғы бүтін жалғыз еркек Дархан
еді ғой. Ендеше соғыс дегеніміз, Қамбаш, еркектер қадірінің
артуы. Жазған-ау десеңші, тамам әйел сол қақбасқа таласып
қанын жерге тамызбадық-ау, иә, ол шақта Дүрия жас еді (Дүрия
терең күрсінді). Сен секілді еңгезердей көрікті жігіт болатын.
Гүлия марқұм болған соң қайтып үйленбей салт басы жүрген.
Қылтың-сылтыңы жоқ, біртоға, мінезі қатты, тәкаппар еді.
– Ол рас, – деп күбірледі шал.
38
Құландыдағы қырық ұрғашыға бастық боп темір жол
жұмысына күн демей, түн демей сойып салатын; өзі де ұйық-
тамайтын, бізді де ұйықтатпайтын. Сонау Семейден Аякөзге
дейін біздің разъездің жұмысына ілесер ешкім табылмады.
«Стахановсыңдар деді, «передовойсыңдар» деді, мақтады,
мақтады... мұрнымыздан қан кеткенше жанталасып қимыл-
дадық. Кейде ойлаймын, сонда көзі қарайып әрең жүрген қыз-
келіншектер Дарханның назарына түсеміз бе деп жанұшырды-
ау жазғандар... Ал, маған стрелочниктің түнгі кезегін тап-
сырды. Мен қуандым. Рас, Қамбар, шын қуандым. Естіп
отырмысың, ей Қамбар. Мен осы жігіттен бала сүйгім келді.
Өзің ойлашы – осы айып па!? Гүлия, сен де кінәлай алмайсың
мені. Маған салса соғыс кезінде, арып-ашып не жан қызығын,
не жар қызығын көре алмай өзегі өртеніп жүрген зауал шақта
қойнымызға қол салған бірде-бір еркекті айыптамас едім.
Жоқ. Олардың күнәсі жоқ! Сенің тірі кезіңде бетіме тірі жан
қараушы ма еді... ағымыздан жарылайықшы, ей, қатындар. Бес
жылды қойып бес ай шыдау қандай азап! Енді міне, бәріміз
де судан таза, сүттен ақ болып, елде қалған еркектерді қарғап-
сілеп шыға келдік.
– Ол рас, – деді шал Дүрияға жақындап. – Ол рас.
– Сен қақбас, оттамай отыр, – деді әйел. – Сөзіңді біреу сөй-
лесе аузың қышып бара ма... (сосын жанындағы елес-адам-
ды иығынан ұстап жұлқылағандай болды).
– Қамбар, естимісің, жақын отыр маған. Мен Дарханды
іштей ұнатқаныммен сүйгем жоқ, арым да, арманым да сенсің,
жаным. Ол мені менсінбеу арқылы өзіне құл етті. Қотыр-қотыр
жер тамында, күлге аунаған түйедей боп жатқанда, ұят-ай, түн
жамылып өзім бардым... Ол сені де, мені де жеңді! Ол соғысты
да жеңді! Бірақ өзін-өзі жеңе алмады, жазған. Дарханды аяйтын
едім. Байғұс күндіз күлкі, түнде де ұйқыдан айрылып жұмыс
істеп, бәр-бәрін бітіріп кетем деп ойлады. Тіршіліктің мәні
– тек жатпай-тұрмай еңбек ету ғана емес, семья құру, ұрпақ
қалдыру, көңіл көтеру екенін кеш ұқты. Ол – шын қуана да,
шын қайғыра да алмады. Несіне жасырып-жабайын, Қамбар
мен Дарханнан бала көтердім. Алғаш рет «сен сәбилі боласың»
дегенімде өңі құп-қу боп: «Соғыс болса мынау жүріп жатқан,
заман қиын зауал мезгіл, қазір баланың бізге керегі қанша»
деді. Мен не дерімді білмедім. Бар айтқаным: «саған керегі
388
жоқ болса, маған керек. Ертең тағы да соғыс бола қалса, тағы
да солдат керек, ерегіскенде дәл осы баланы босанып, өзім
тәрбиелеймін», – дедім де қайтып көрместей боп қоштастым.
Қатындар: «Дархан мен Дүрия үйленеді-мыс» деп желдей есіп
жүргенде, өз үйімнің босағасында арыстай ұл таптым – әкесі
сонда да келмеді; есімін Жеңіс қойып, шілдехананың ырымын
жасадық – әкесі сонда да келмеді; аяғын апыл-тапыл басып
жүре бастады, қаратабан болды – әкесі сонда да келмеді; 1945
жылы 9 майда Құландының тамам қатындары той жасадық
– әкесі сонда да жоламады; Құдай-ау, бүкіл ел-жұрт біледі,
несіне қашқалақтайды деп ыза болдым, тіпті зауалыңды берсін
деп қарғадым да; шешек шығып қатты ауырды – әкесі сонда
да келмеді; екі жастан асып барып өлді – әкесі... сонда да...
келмеді... – Дүрия ағыл-тегіл жылап жіберді. Дархан шыдай
алмады білем, басын сүйеп уатқан болды.
– Кеш, бәрі кеш, – деді әйел кеудесін көтеріп беркіне. –
Жеңісімнен айрылған соң қайтып бала көтермейтінімді білдім.
Айыпқа бұйырма мені, Қамбар, сенің қайтып ораларыңды
қайдан білейін, бала көтермеуге ант етіп, улы шөп қайнатып
іштім. Бар өкінішім, үлкендер айтушы еді: «Неке суын ішпей
көлденең көк аттыдан туған бала о дүниелік болған соң өз
әкесін өзі танымай мәңгі адасып өтеді», – деп. Жеңісжаным
арғы дүниеде адасып, көрінген әкені сипалап, зар еңіреп жүр-
ау, құлыным, адасып жүр-ау... қайтейін, қолымнан не келеді,
кінәлі өзім. Тасжүрек адамға жолап нем бар еді...
– Ол рас, – деді Дархан. – Бірақ мен де кінәлі емеспін...
қорықтым...
– Кімнен? Құдай-ай, кімнен?!
– Уақыттан...
Дүрия Кеңгірдің күмбезін жаңғырықтыра күлді. Күлкісін
пышақ кескендей тыйды да:
– Ей, қақбас, мен сенің қатыгездігіңді екі дүниеде
кешпеймін! Лағнет! Лағнет! Жүр, Қамбар, қайтайық.
Әлдекімнің қолынан жетелегендей болды да жотадан төмен
зыр жүгіріп түсіп кетті. Ай астында қараңдап бара жатқан
әйелдің соңынан ұмтылған Дархан:
– Әй, Дүрия, қатты кеттің, кеш, жаным! Кеш! – деп қуып
барады...
389
Күздің салқын түні миығынан күлгені болмаса, шалдың
жалынышты даусына үн қатқан жоқ. Дүмбілез жатқан далаға
қанша айғайласаң да тау секілді жаңғырып, жауап бермейді,
осылайша бой суытып, мелшиіп зәрені ұшырады-ай...
Шал сол түні, адам болған соң – тек адал жолмен ғана
Мұратқа жету аса қиын екенін Алғаш мойындады.
Құландыға тоқтамай тағы бір әдемі көк ала поезд өтті.
Заман жақсарған сайын осынау жұпыны ғана разъезге поезд аз
тоқтайтын болды...
Ертеңгі күні қасқарая Дархан ескі тамның есігін тарс бекі-
тіп, қолына баяғыдан қалған білте шамды алды да мәңгілікке
қоштасқандай ұзақ тұрды; азды-көпті жарты ғасыр мекен
болған жылы ұясын қимай қиналды. Ол жаман лашығының
күні ертең-ақ көршісінің қозы-лақ, қаз-тауығын қамайтын
үйшік-ұясына айналарын сезді. Амал не, арқалап кететін емес,
кімдерден кейін қалмаған боқ дүние, ханның сарайы да сасып-
борсып босқа қалған...
Үйінен тас-түйін шықса да алғашында қайда барарын,
не естерін білмей сенделіске ұшырап, сең соққан балықтай
есеңгіреген. Оның көңіліне желкем бітіріп, мазасын алған жәйт
– кірпіш алуға кеткен Жалғастың ызым-қайым жоғалуы еді.
Алдап кеттіге қимайды, бірақ ауыл-аймақтың пыш-пыштаған
жел сөзі жанға батады да:
«Иә тотықұс бойын көріп сыланады, аяғын көріп қорла-
нады», – деді күбірлеп. Көзі жасаурап, дүние көкшарбының
аржағында қалды.
Әуелі кез келген поезға мініп, басы ауған жаққа қаңғып,
екі қолын төбесіне қойып батыс демей, шығыс демей... мынау
Құландыдан безіп кеткісі келген-ді. Сосын темір жолға шығып
делдиіп тұрды, ойы: «алғаш өткен поездың біріне жабысып
басы ауған жаққа жоғалу! Осылайша осынау азапты ойдан,
қаңқу сөзден мәңгі азат болу». Жер бетіндегі алдап-арбаудан,
қара ниеттілік пен дүниеқор ашкөзділіктен, даңқ құмар
өзімшілдіктен, бір сөзбен айтқанда оспаншылдықтан – бәрінен,
бәрінен мүлдем құтылу! «Құлан қай жерде семірсе, қан-жыны
сонда төгіледі», – деген сөздің растығын дәлелдеу... Поезд жер-
көкті сілкілеп келе жатты...
Поезд келе жатыр... Енді бес минуттан соң Дархан анау
жұлдыздан ғана тағынған алқаракөк аспан, анау қәперсіз мыж-
390
мыжы шығып мызғып жатқан сайын даламен; сонау өмірінің
темір қайығына айналған Кеңгірмен, жалғандығы жалғыз жары
Гүлияның аруағымен, күзгі ызғырық желмен, Құландының
бір күнгі тоқтыққа мәз аңқау елімен – бәрімен қоштасады, көз
алдындағы көрініс – тіршіліктің шар айнасы быт-шыт болып
сынады, бәрі-бәрі сағымша бұлдырап артта – елінде қалады.
Алқымынан әлдекім буындырғандай жүрегі қақты, енді-енді
басқалы, зу етіп өте шыққалы тақалып қалған поезға жабыса
түскелі оқтала берді де, әлдекім итеріп жібергендей, кейінге
секіріп-ақ үлгерді... Жасасын өмір!
Туған жерін қия алмады-ау, жазған...
Дархан енді дәруіш болу да қолынан келмегеніне өкінді,
тіпті қаңғырудың қажеттігі жоғын білді. Жанары жасқа толып,
Кеңгір бабасының күмбезі жаққа қимас көңілмен қарап еді,
Гүлияның моласынан жылтыраған от көрінді. Тағы не пәле
болды дегендей дызақтап солай қарай еңкеңдеді. Жарық
моланың есігінен сәулеленіп тұр екен. «Құдірет ай, өртеніп
жатыр! Мола өртеніп жатыр!» деп айғайлап екі өкпесін
қолына ала алқына ұшып жетсе, төрт жерден шырақ жағып
отырған Дүрия екен. Үстіне қара киім киіп, басына қара
жамылған, күбірлеп дұға оқиды: «Жатқан жерің торқа болсын,
Гүлия, Қамбар, Дархан! Сендердің рухтарыңды Алла-тағала
мен әмбие-әулиелерге аманаттадым. Он сегіз мың ғаламда
сендерден асқан батыр туған жоқ. Мен сендерді бесін махал
болғанда ылғи келіп дұға оқып, есіме аламын, жаным. Мына
төрт шырақтың бірі – Гүлия, бірі – Қамбар, бірі – Дархан, бірі
– мен. Енді бұл шырақты ел де, жел де өшіре алмас, аумин...»
Осы кезде Құландыдан өрлеп, Кеңгірдің биігіне асыға
көтерілген машинаның қос жарығы көрінді.
Ол – Шар жақтан кірпіш алып, жұлдыздай ағып келе жатқан
Жалғас еді...
– Біліп едім, – деді Дархан иман айтқандай күбірлеп. –
Жүрегім сезіп еді... Отымның өшпейтінін...
Өшпейтінін... өшпейтінін...
Кеңгірдің биігіндегі Дархан тұрғызған зәулім күмбездің
жанынан асығыс зымыраған поездар өтіп жатады...
Оспандар қай вагонда кетіп барады екен?..
391
Мазмұны
Жасын ғұмыр жазушы. Қуанышбай Құрманғали .................3
Өз отыңды өшірме. Роман ....................................................11
«Ел-шежіре» қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының
президенті Дидахмет Әшімханұлы
Оралхан Бөкей
Шығармалары
ӨЗ ОТЫҢДЫ ӨШІРМЕ
Роман
1-том
Редакторы Жадыра Нармаханова
Техникалық редакторы Ниязбай Оразымбет
Суретшісі Бауыржан Байділда
Компьютерде беттеген Гүлмира Өтенова
ИБ № 125
Теруге 10.05.2013 ж. берілді. Басуға 03.06.2013 ж. қол қойылды.
Пішімі 84х108
1
/
32
. Қаріп түрі «Times New Roman».
Басылымы офсеттік. Шартты баспа табағы 20.
Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №
«Ел-шежіре» қоғамдық қоры. 050009. Алматы қаласы.
Абай даңғ. 143, 517 бөлме
«Полиграфкомбинат» ЖШС
Алматы қ., Мақатаев көшесі, 41
Достарыңызбен бөлісу: |