Ббк 84 Қаз 7-44 б 78 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті



Pdf көрінісі
бет23/26
Дата31.03.2017
өлшемі1,81 Mb.
#11030
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26
Бүгінде:
«Дарханның немересі табылыпты» деген сөз Құландының 
ерігіп отырған жұртын аяғынан тік тұрғызды. Құланды талай 
жылдан бері мұндай зор жаңалықты естіп те, атқарып та көрген 
жоқ-ты.  Алғашқыда  сасқалақтасып  қалды:  бар  қолдарынан 
келгені бірінің үйіне бірі жүгірісіп, өлмелі шалдың өлгені тіріліп, 
өшкені  жанғанын  сыбыр-күбір  айтумен  болды.  Әншейінде 
ерініп есік ашпайтын ауыл үйдің сабасының аузы бір-ақ күнде 
шешіліп, тыққыштап, жылт көрсетпей отыртан құрт-майы, үнді 
шайы шықты жарыққа. Он шақты түтін әр шаңырақтан қатар 
ұшып, қаз-тауық қаңқылдасты. Бала мен иттер де мәз-мейрам, 
неге  қуанысып  жүргенін  өздері  де  білмейді,  әйтеуір  үлкен 
адамдардың  қас-қабағынан  болмысында  жоқ  жайдарылық 
сезген соң бұлғақтап шаба берген. Қызық, тып-тыныш жатқан 
разъезді осыншалық мол жаңалыққа кенеп, айран-асыр қылған 
немере осы жұрттың үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бөтен 
ауылдың тайлағы екен деген жоқ, көптен көрмеген тумасындай 
ізгі тілекпен екі көздері төрт бола тосысты. Баяғыда жеңістен 
солдат  оралғанда  дәл  осындай  қағанағы  қарқ  қуанып  еді,  өз 
әлінше  бұл  да  бір  соғыстан  қайтқан  солдат,  соғыста  өлген 
жауынгерден  қалған  тұяқ,  Мұраттың  қайта  тірілуі,  жалғасы. 
Есімінің  Жалғас  екенін  естіген  ел:  «Атын  да  тауып  қойған 
екен» десті.
Теміржолшы  шал  үнсіз  дайындық  қамына  кіріскен.  Ә 
дегенде жүрек шіркін зәтте ғой, сеніңкіремей жүрді де ел кеу-
кеулеп, нәшәндік осынау оқыс қуанышты тізгін ұшынан қағып 
алып, қосарлап шауып дүрліге жөнелген соң иланғандай болған. 
Көршісінен семіз қой сатып алып, дүкеннен бір жәшік ақ, бір 
жәшік  қызыл  арақ  жеткізілді.  «Дәкеңнің  тілеуіне»  деп  түтін 
басы  бес  сомнан  ақша  жинады.  Дарханның  жаман  лашығы 
әктеліп,  маңайына  су  сеуіп  сыпырды.  Азаматтар  қоя  ма,  бір 

323
машина сексеуіл түсіріп берді. Келіншектер де қарап отырған 
жоқ,  отымен  кіріп,  күлімен  шығып  бауырсақ  пісірді,  шелек-
шелек  су  тасыды  құдықтан.  Мұның  бәрін  шашау  шығармай 
ұйымдастырып  басы-қасында  өзі  болып  басқарып  жүрген 
Солтанға  шал  дән  риза.  Ақсақалдар  жағы  оны:  «Жыланды 
нәшәндікке  жарымаушы  еді,  ауылымызға  келген  құт»,  –  деп 
алғыс жаудырып қауқылдасты.
–  Сонымен  он  күннен  кейін  аузы-мұрнын  көрмеген 
немереден телеграмма келді.
Ақсақал! Ташкент-Новосибирск поезымен шығамын.
Қарсы ал.
Жалғас 10. X. 1975 ж.»
Дарханның түсіне алмай жүргені немересінін «ата» демей 
ақсақал дегені-тін. «Үйрене алмағандыкі-ау, туғалы көрмеген 
шалды аталап» бас салудан ұялған шығар, құлыным» деп өзін-
өзі жұбатты.
Әне, поезд келе жатыр!
Келе жатқан поезға қарсы Құландының тайлы-тұяғы қалмай 
жылжи  шұбырған.  Бұл  разъезд  күніне  он  шақтысы  тоқтап 
жататын  «товарнякті»  дәл  осылай,  өмір-бақи  қарсы  алмаған 
шығар-ау.  Ең  алда  –  «ақсақал».  Көңілі  әлемтапырақ,  көзінде 
жас!  Ең  ғажабы,  жұрттың  бәрі  аялдамаға  қарай  шұбырғанда 
Дүрия  кенеп  дорбасын  қолтығына  қысып  Кеңгірдің  биігіне 
Гүлия бейітінің басына Дархан тұрғызып жатқан мазарға қарай 
беттеген...
Екпінін бәсеңдетіп келіп, бір-бірін мүйіздей тоқтаған ауыр 
составтардың  салдыр-гүлдірі  сап  болған  сәтте  лап  қойған 
жұрттан көзі әр қорапты кезіп кеткен.
Немере жоқ! 
Құландыға  тоқтаған  әр  «товарнякке»  жүгіре-жүгіре 
әбден  шаршаған  ауыл  адамдары  енді  күдерін  мүлдем  үзген 
де,  есіктерін  тарс  жауып  нәумез  көңілмен  күңкілге  көшті. 
Шалдың  жүні  жығылды.  Өстіп  тамында  ешкім  қалмай  соқа 
басы күйзеліп отырғанда «Ассалаумағалейкүм» деп сып етіп, 
ұзын бойлы қарасүр жігіт кіріп келгені... Шал шалқасынан түсе 
жаздады. Төбесінен біреу балғамен ұрғандай сілейіп отырып 
қалған.  «Амансыз  ба,  ақсақал»  деп  өзін  құшақтағанда  ғана 
«Құлыным, құлыным» деп иегі кемсеңдей бас салды.

324
Шал мен немере осылайша оңашада ырдусыз ұзақ көрісті. 
Дархан  тіпті  көз  жасын  тоқтата  алмады.  Қыра-қыра  Әбден 
көктұқылданып, көбең тарта көгеріп кеткен бетін айғыздап жас 
жуды. Ол шыншыл жүрекпен қуанды, адал көңілмен жылады. 
Жылдар  бойы  көні  кеуіп,  жараның  орнындай  жансызданған 
жанарда  осыншалық  мол  көз  жасы  ешқашанда  таусылмайды 
екен-ау.  Оны  кім  білген,  адамның  көз  жасын  жылап  тауысу 
мүмкін еместігін кім білген...
Алғашқылардың бірі болып Солтан жетті.
– Қуанышыңыз құтты, баянды болсын, ақсақал! – деді. Іле-
шала кірген әйелі:
–  Балаңыз  табылып  көзайым  болып  жатырсыз  ба,  ата?  – 
деді ол. Біртіндеп келе бастаған қадірлі халқы, жағалай жұрты 
қайырлы болсынды айта-айта бас айналдырды.
Қас пен көздің арасында қой сойылды, екі иығынан демалып 
самауыр  келді.  Еденге  жайып  тастаған  далиған  дастарханға 
көл-көсір  семіз  бауырсақ  төгілді,  көл-көсір  бауырсақтың 
ортасын ойып құрт-май, қант, кәмпит қойылды. Мұның бәрін 
кім істеп жатыр, кімдер әкеліп жатыр – шалдың хабары жоқ, 
тек оң жанындағы немересіне, анау иін тіресе жайғасып, қыбын 
сездірмей  қызмет  жасап  жүрген  ел-жұртына  мәңгі  тоймас 
сүйсініс,  мәңгі  қарыздар  риза  көңілмен  жалтақ-жалтақ  қарай 
берді. Ағайынның көзі алыстан келген азаматты тесіп барады.
–  Дү-ре-с-с,  –  деді  келіншектер  әперген  кеседегі  шайды 
төрдегілерге жағалай жеткізіп, бір тізелеп ыңғайсыз отырған 
адырақ  көз  бригадир.  –  Шай  ішіңіздер,  «бір  бардың  –  бір 
жоқтығы, бір аштың – бір тоқтығы бар» деген осы. Шырағым, 
мекен-жайың, қайда? Аты-жөнің кім? Бұрын қайда болдың? – 
Оқыс сауалдан жолаушы жігіт сасып қалды. Аузына май жағып 
енді апара берген бауырсағын іркіп, жауап бергелі оқталғанда 
Солтан бригадирді бүріп тастады.
– Ел есін жия алмай жатса анкетный данный сұрайсың ғой. 
Қашанғы  әдетің  осы:  қышынбай,  қасынбай,  қотыр  түйедей 
әркімге бір сүйкенбей отырсаң, ішің кебе ме? О несі-ей, жолдан 
шаршап-шалдығып келген баланың ата-бабасын қазбалап, жан 
алқымына  жармасқаны.  Ата-бабасын  іздесең,  әне,  қасында 
отырған  қарасұр шал!  –  деп Дарханды нұсқады. Отырғандар 
риза болып күлісе жетісіп қалды.

325
– Ол дұрыс қой, – деп тағы бір пәлені бықсыта бастаған 
Нәзірханға нәшәндік қатты кейіді.
– Қой енді, түге! Екі кісінің басы қосылса демдеріңе нан 
пісіп шыға келеді екенсің.
– Сіз де құрсаулы қара бурадай қарсы қарап шабынбаңыз... 
«Ата-анаң  бар  ма  дегенім  –  жал-құйрығың  сай  ма  дегенім», 
жөн  сұрағанның  несі  айып,  несі  шам?  –  деп  көзі  қанталаған 
Нәзірхан сарт-сұрт шыға жөнелді. «Жөн-ау, енді қайтсін, күйіп 
кетті  ғой»,  деген  дауыс  естілді  әр  тұстан.  Жұрт  тығырыққа 
тірелгендей  болған  соң  нәшәндік  омыраулай  сөйлеп  аузына 
қаратты.
–  Кетсе  –  жүре  берсін.  Қолтығына  су  бүрке-бүрке  әбден 
жүген-құрықсыз бетімен жібергенсіздер. Ондай отбасы, ошақ 
қасының, қазанбұзар тентектерін давно тезге салуымыз керек 
еді.  Жоқ-ау  тіпті,  бала  алыс  жолдан  шаршап  келіп,  оразасын 
ашар-ашпастан тергегені – неткені!.. Ондай қыз таңдаған бой- 
дақша кердендегендердің – кеңірдегін жұлып алармыз. – Солтан 
қатты ашуланды. Көршісінің мұндайлық ұрт мінезін білмейтін 
Дархан  аң-таң.  Әлден  уақыттан  соң  барып  үй  иесі  өзі  екені, 
бүйтіп  дау-дамайды  асқындырып  жіберуге  болмасы  есіне 
енді  түскендей  ырғалып  тамағын  кенеді.  Немересіне  қарап 
еді, қарны ашып қалғанға ұқсайды, ешнәрсені қәперіне алмай 
шайнап  қатып  отыр  екен,  оған  іштей  қуанды  да.  Тыныштық 
орнады. Солтан әлі де сұрлана шаншылып, лықсыған ашуын 
тарата алмай әуре.
Қара келіншек тағы да қарап қалғысы келмей ақ келіншек- 
ке сыбырлады:
– Екі мақалшының басы бір разъезге сыймайды екен-ау.
– Оу, ағайын, – деді қоңыр үнін көтере Дархан. – Қолыма 
қайла алып жұмысшы болғаныма қырық жылдан асып үкімет 
пенсияға  шығарды.  Мен  қырық  жыл  бойы  өткен  еңбегіме 
алпыс бес сом пенсия аламын, бір басыма жетеді, аштан өліп, 
көштен қалмаймын. Ел қатарлы өмір сүріппіз, елде бардың ерні 
қимылдамай ма, тәйірі. Аш болсақ та, тоқ болсақ та халықпен 
көргеннің бәрі думан, бәрі той екен. «Қарнымның ашқанына 
емес,  қадірімнің  қашқанына  жылаймын»  демекші,  құйрық-
жалсыз жалғыздығымды, ұрпақсыз қубастығымды уайым ете 
беруші едім. Мың да тоғыз жүз отыз бесінші жылы қапылыста 
айырылып қалған ұлымның өзі болмаса да – көзі, алтынымның 

326
бір сынығы, міне... қырық жылдан соң қара шаңырақты қыран 
құстай қайта айналып тауып отыр. «Немере етін жеп, сүйегін 
көзіңе лақтырады», – деп айтқан қазақтың аузы қисайсын. Енді 
өлсем  де  –  арман  жоқ,  арулап  көмер  ағайын,  асымды  берер 
азамат  бар.  Бұл  бала  мен  үшін  Гүлиямның  көзіндей.  Мен  – 
осыған шаттанамын, халайық. Әкем айтушы еді, «Ұлым, жаққан 
отыңды сөндірме» деп... Сөнбегені осы емес пе, жұртым... 
– Е, жасаған-ай, – деді бір кемпір көзіне жас ала күрсініп. 
– «Балалы арқар маңырап тұрса, баласыз арқар зарлап тұрар» 
деген осы. Дарханда енді қандай мақсұт бар.
Енді ақ келіншек қараға сыбырлады:
–  Мақалдап  сөйлегенді  үйретіп,  елді  алатайдай  бүлдіріп 
жүрген осы жалмауыз кемпір.
– Қоя тұрыңыз, шеше, – деді Солтан. – Ақсақал әңгімесін 
түйіндесін.
– Түйіндейтін не бар, қарағым. Мынау ел-жұртқа, әсіресе 
өзіңе  ризамын,  жақсылықтарың  екі  дүниеде  де  ұмытылмас. 
Өзімнің  қолымнан  келмесе  де,  шүкір,  Жалғасжан  ақтар  адал 
еңбектеріңді. Ұрыста – тұрыс жоқ, досыңның асын дұшпандай 
же деген, мейлінше ішіп-жеп, ойнап-күліңдер. Оу, Жалғасжан, 
үй сенікі, шырағым, қысылмай еркін отырып, анау қонақтардың 
бабын  тап,  тізгінді  енді  өз  қолыңа  ал,  –  деп  Дархан  көсіле 
сөйлеп, көшелі сөз айтты.
– Әй, Түркісібтің кәрі тарландары-ай, ақылдың кенішісіңдер-
ау,  –  деп  нәшәндік  қатты  сүйсінді,  қарқ-қарқ  күлді.  Қызара 
бөртіп  көңілді  отырды.  Осы  кезде  сықырлауық  есік  қайта 
ашылып, бригадир кірді. Ол ыржалақтап әзілдей кірді:
– Жасы бірге жастасым болған соң, бастық екеуміз қатты қал- 
жыңдасамыз; битке өкпелеп тонымды отқа салар жайым жоқ 
деп қайтып оралдым. Әмбе інішек ойлайды ғой, ат төбеліндей 
ауыл алтыбақан алауыз екен деп.
– Одан да етті қимай келдім десеңші, етті қимай, – десіп үй 
толы жұрт гуілдесіп қалды. Солтан да түсін жылытып, жеңген, 
кешірген ыңғай сездірді.
– Қайтып келер үйдің есігін қатты серіппе деген, Назеке. 
Жөтелерің бар, жөткірініп нең бар еді...
Аядай  тамның  түңлігін  желпілдеткен  той  түн  ортасы  
ауғанша  созылды.  Жаңа  табылған  немереден  бастап,  жұрт 
түгел сүйісті, құшақтасты, бір-біріне арақ ұсынды, ет асатты, 

32
ән айтысты. Дәкең «ештеңе етпейді, төбелеспесеңдер болды, 
қолдарың  қышып  бара  жатса  қотыр  тамның  қабырғасын 
қойғылай  беріңдер,  бәрібір  күні  ертең  құлайды,  құласа 
Жалғасжан жаңадан төрт бөлмелі үй тұрғызады», – деді насат- 
танып.
– Міндетті түрде, ақсақал, – деді Жалғас шалға қарап бас 
изеп. – Ең әуелі Гүлия анамыздың мүрдесін бітіріп алайық.
«Құдай-ау,  оны  қашан  естіп  қойған,  кім  айтып  қойған?» 
деп немересінің сезімтал, саққұлақтығына қайран қалды.
Қонақтардың соңын сүйрегендей боп шығарып сап, сыртта 
демалып  жалғыз  тұрған  Дарханның  иығынан  біреу  зілдей 
қолымен  тартты.  Жалғас  па  деп  жалт  қарап  еді,  Дүрия  екен. 
Қараңғыда ербең қағып айналып алдына келді де: 
– Қақбас, бәрібір ішпепті, мас емес, – деп бұрылып жүре 
берді. Шашы ағараңдай қараңғылыққа сіңіп жоқ болды.
«Құландының  жаман  үйлерін  солқылдата  тағы  бір  поезд 
өтті... Осы поездың ішінде Оспан да кетіп барады-ау...» деген 
ойдан Дархан арыла алмай-ақ қойды.
Баяғыда қалай еді... баяғыда...
* * *
Баяғыда:
Жер  арқасы  кеңіген,  елдің  аузы  аққа  тиген  маусымның 
жайма-шуақ  күндерінің  бірі  еді.  Жасыл  шапан  жамылған 
даланың  тамылжыған  әдемі  бір  жайсаң  шағы.  Бұрынғыдай 
емес  дала  төсінде  жайылған  төрт  түліктің  де  қарасы  молая 
түскен; бұрынғыдай емес қазақтардың да әл-ауқаты түзелген, 
жадыраған  жазға,  қой  үстіне  бозторғай  жұмыртқалаған  бей- 
біт заманға еркелегендей. Биыл тағы да жылан жылы, жылан 
жылы болса да қақаған қысы, қара жаңбырлы мазасыз көктемі 
болған  жоқ,  табиғаттың  сорғаланғандай  уылжыған  күндері 
күнделікті тіршіліктің таусылмас күйбеңімен өтіп жатты, өтіп 
жатты...
Құланды  станциясында  пәлендей  өзгеріс  болмағанымен, 
уақытпен  бірге  ытысып,  дәуірмен  бірге  жасарып,  жайнаған 
сипатта.  Жеркепелердің  орнына  ептеп  ақшағаладай  үй  тұр- 
ғызып,  бас-басына  құдық  қазып,  шаруашылығын  дөңгелент- 
кен  жұрттың  жалғыз-ақ  арманы  –  осынау  берекеден,  осынау 

328
тыныштықтан  айрылмауын  тілеу  ғана.  Кеңгірдің  мазары 
тұрған төбеден төмен қараған кісі анау етекте бірі боялған, бірі 
боялмаған асық секілді иіріліп жатқан ауылды, ондағы ала-құла 
киінген адамдарды саусақпен бір-бірлеп санап алар еді. Омар 
байдың  күлі  көкке  ұшқан  қыстағының  орнына  күйдірілген 
қызыл кірпіштен қаланып, жаңадан станция кеңсесі салынып, 
алыстан қарағанда сонау ауылдың ата қазы іспетті еңсесі биік 
көрінеді.  Ал,  ары-бері  өткен  поездардың  сусындар  құдық-
құбыры бәрінен де биік, зәулім тартқан. Жоғарыдан қарағанда 
осының бәрі – бірі ақ, бірі қара, бірі жатаған, енді бірі бойшаң 
ала-құла көріністің қай-қайсысы да біріге келе әдемі жарасы- 
мын тауып ауылдың бүтін бейнесін толықтыра түскендей-тін. 
Қазір  Құланды  әжептәуір  үлкен  станция.  Мұндай  тоқтамай- 
тын,  бұл  жерден  су  құйып  доңғалатып  суытып  алмайтын 
поезд  жоқ.  Түпкілікті  жұмысшылар  болмаса,  баяғыдай  емес, 
ауыл  адамдары  тоқтаған  әрбір  поезға  назар  аудармайды,  өз 
қаракетімен  әбігер.  Кептірген  құрт-ірімшігі,  пісірген  сүті, 
шайқаған қаймағы бар үйдің ақжаулықты әйелдері ғана ары-
бері өткен жүргіншілерге қолындағы барын ала жүгіреді, тегін 
жатқан дүние жоқ, әрине...
Ауыл  шетіндегі  Кеңгірдің  мазары  тұрған  төбеге  шығу  – 
Гүлияның қайғылы қазасынан соң Дарханның қаза жібермей- 
тін  бес  уақ  намазы  секілді  айнымас  әдетіне  айналып  еді. 
Содан  бергі  мезгілде  тұла  бойын  қырсаулаған  мең-зеңдіктен 
қайтып  арылмай-ақ  қойды.  Әншейінде  «мен  атайын,  сен 
тұр»  деп,  жұмыс  десе  ішкен  асын  жерге  қояр  құлшынысы 
да  сап  басылған,  тауаны  қайтып,  тосырқап  қалғандай.  Оқта-
текте ысып-суынған миын мың-миллион құмырсқа талап жеп 
жатқандай  көзінің  алды  жыбырлап,  басын  ұстап  шөке  түсіп 
отырып қалатын. «Көп ұзамай өлетін шығармын» деп ойлады. 
Бірақ,  адам  қайғы  мен  құсадан  өлмейді  екен.  Жан  дегендегі 
жалғыз жары, қиямет-қайым уақытта қолы әрең жеткен асыл 
досы,  –  нақсүйерінен  айрылғанына,  міне,  он  жылдан  асып 
кетті.  Осы  он  жыл  Дархан  үшін  он  ғасырға  бергісіз  ұзақ, 
мүңкір-нәңкірде  адасып  жүргендей  тозақты  сезінді.  Мынау 
қара жердің өзімен жасты секілді: санасында да, жүзінде де тот 
басып шіріткен көнелік бар. Қартайып тұрған жоқ, қырықтың 
қырқасында  ғана.  Ауыл-аймақ,  ел-жұрт  қанша  рет  «өлмектің 
артынан өлмек жоқ, көңіліңе ұнаған адамды таңдап үйелмелі 

329
бол»,  –  деп  ақыл-кеңес  берді.  Көңілі  селт  етпеді,  онсыз  да 
жарым көңілін кімге бөлшектетеді. Үйленді делік, іргеде ғана 
сәбиін құрсақтап, мәңгілік ұйқыда жатқан Гүлияның аруағынан 
ұят  емес  пе;  тіпті  басқамен  қойындасып  Гүлияны  ойлап 
жатсаң, әлгі алған әйеліңе обал ғой... Жо-жоқ, адамның жүрегі 
Ақжайлау емес, кім көрінген қона беретін. Адамның жүрегінде 
жалғыз-ақ кісіге орын бар; ал ол орында Гүлия отыр, күйеуіне 
жымия қарап тірі отыр.
Бұл  күнде  Құланды  станциясының  бастығы  Қамбар  еді. 
Осыдан бес жыл бұрын Ақшиден қайтадан көшіп келген. Әлі 
күнге кішкентайлары жоқ, Дүрия бала көтермей сыбай-салтаң 
жүр.  Кештік,  түстік  шайын  Дархан  сол  үйден  айыратын. 
Әйтеуір шай деспей тату-тәтті тұрып жатыр. Сол бір уақиғадан 
–  Оспанды  итше  қыңсылатып,  қарағайға  байлап  келген  соң 
Бати темір жол жұмысына тұрған. Осы ауылдың күйеуін анау 
бір жылдары бандылар атып кеткен жесір келіншекке үйленген, 
бір ұлы бар. Дарханның қол астында обходчик болып жұмыс 
істейді.
Төбенің  басында  Гүлия  моласының  құлаған  тастарын 
қайта жинап, басына еккен мойылға су құйып жүрген Дархан 
момақан ғана бұйығы жатқан Құландыдан өзіне қарай өрлеген 
жалғыз жаяуды көрді, жүрісіне, киген киіміне қарағанда еркек 
секілді. Тым жақын қалғанда ғана таныды, Бати екен. Соңғы 
кезде  көзі  жасаурап,  жұмса  болды,  ашып,  бұлдырайтын  ауру 
тапты.  Жақындағыны  болмаса  алыстан  ажырата  алмайды. 
Алпамсадай Бати маң-маң басып сөйлей келді.
– Төбенің басында қараңдап жүрген кім десем, өзің екенсің 
ғой.
Менен басқа кім болушы еді, Бати.
Қайдан білейін, Кеңгір бабамыз тұрып кетті ме деп...
–  Кеңгір  бабамыз да, Гүлия  да енді мың  жылда да тіріле 
алмас. 
– Олай деме, біз барда олар да тірі. Адамның санасындағы 
адамдар ешқашан да өлмейді, әлгі адам жер койнына кіргенде 
ғана  өледі.  Ендеше,  бұл  әлемде  бірде-бір  адам  жан  тапсыр- 
ғаныменрухы  жер  бетінде  сарнап  жүреді  екен.  –  Дарханның 
жанына малдас құра отырды да, қалтасынан махорканы алып 
қағазға  орай  бастады,  тілімен  сулап  жапсырды  да  тұтатты.  – 
Бүгін күн ысып тұр-ау.

330
–  Иә,  ыстық  биыл  ерте  түсті.  Немене,  темекі  тартатын 
болғансың ба?
– Алматыдағы алты ай курста үйренген әдетім той. Анда-
санда ермек, саған да теріс болмас еді.
– Бетін ары қылсын, насыбай атсам да, шылым шекпеспін. 
Мұртыңды текенің сақалы құсатып саржағалдап жүргенің.
Бұдан  соң  екеуі  де  ойлана  алысқа  қарады.  Тарбайған 
Тарбағатай  жоталары  көк  мұнардың  арасынан  сүлделенеді. 
Ауада  ыстықтан  шымырлаған  тор  бар.  Өрге  шығамын  деп 
алқынып қалса керек, Бати быршып терлеп отыр.
– Аяғы сен де оқып алдың, – деді Дархан алысқа қараған 
қалпы көзі жіпсіп.
– Енді өзің бармадың, мені жібердің түйедей ғып. Адамдары 
қайнаған қалада жоғалып кетпейді деп ойладың-ау деймін.
– Мен бұл ауылдан Гүлияны тастап он адым да ұзамаспын. 
Ұзағым келген, соның кесірінен қимасымнан айрылдым.
Бати үндеген жоқ. Мола жаққа бұрылып қарады да, қабағын 
кіреукелендіре күрсінді. Екеуінің ойында да бір адам – жалғыз 
адам.
–  Рас,  –  деді  бұдан  соң  үлкен  бір  өкінішпен.  –  Аюдай 
болып жүріп айрылып қалдық. Құдайдан жасырмағанды сенен 
жасырайын ба, марқұм Гүлияны мен де жақсы көріп едім-ау.
–  Білем,  –  деді  Дархан  сол  меңірейген  қалпы,  –  білемін 
сенің де сүйгеніңді. Енді екеумізге қалған жалғыз несіп, басына 
мынау Кеңгірдің мазарынан бір де кем емес үй орнату.
–  Бүгін  бастасаң  да  дайынмын,  –  деді  Бати  батыл  түрде. 
– Бірақ жағдай қиын болайын деп тұр.
– Қиынсынсаң өзім-ақ қалап шығармын. Ары кеткенде екі-
үш жылда бітірермін. Тек кірпіш жағы ғана қол байлайды.
–  Менің  айтайын  дегенім  басқа,  Дархан.  –  Өте  ақырын, 
әлдекім  естіп  қоярдай  сыбырлап  сөйледі.  –  Ел  басына  күн 
туды.
– Тағы не бопты? Төңкеріс пе? – Ол да баяу сұрады.
– Жоқ. Одан да сорақы. Немістер соғыс ашыпты.
– Немісің қай жақта еді?
–  Батыста.  Бүгін  таңертең  шекараның  өне  бойынан  лап 
берген көрінеді. Аякөзден хабарлады.
– Сонда не іздейді екен?

331
–  Білмедім.  Билеп-төстегісі  келеді  де.  –  Ең  ғажабы  осы 
сөздерді  екеуі  де  ауылдың  өсек-аяңын  айтқандай  өте  жай, 
асықпай, аптықпай, жағасын ұстап шошынбай әншейін әңгіме- 
леп отырды. Дархан Тарбағатайға қадаған жанарын тайдырып, 
ауыл жақты болжап еді, енді ғана байқады, андыздап жүгірген 
адамдар құмырсқадай өріп далада жүр екен. Абыр-сабыр.
– Тұмсықтан оңдырмай ұрса боқ жеген иттей кері қайтады 
да. Орыстарды жеңген жау бар дегенді естіген жоқпын.
–  Тек  орыстар  ғана  емес,  бүкіл  Совет  өкіметінің  басына 
төнген қауіп бұл. Ертең қазақтар да аттанады қаздай тізіліп.
– Несі бар, аттанамыз. Біздің де бір көрген жауымыз бұл 
емес.
– Дегенмен бейбіт күнге не жетсін, тағы бір жиырма шақты 
жыл тұра тұрғаны дұрыс еді. Бұғанамыз жаңа ғана бекігенде 
сайтандай сап ете қалғанын көрмеймісің.
– Оспандардан гөрі олармен атысу әлдеқайда оңай.
– Сонымен не істейміз?
– Не істе деп бұйырса соны істейміз де. Қорқып отырғаннан 
саумысың?
– Қорқатыным да рас. Баяғыдағы қаңғыбас Бати жоқ бұл  
күнде. Шикіөкпе ұл бар, оның күні не болады? Сен құсап айры- 
лып  қалам  ба...  Мұрат  қай  балалар  үйіне  тапсырылды  екен, 
іздестірмедің бе?
–  Ешкім  білмейді.  Бір  ойдан  сендерге  де  өкпелімін.  Үсік 
шалып  ауруханаға  түскенімде  алды-арттарыңа  қарамай  жө- 
нелтіп  жіберіпсіңдер,  тым  болмаса  Ақшидегі  Дүрия  мен 
Қамбарға апарып тастамадыңдар.
– Ол кезде әйелім босанып, мұрныма су жетпей жүр еді. Сені  
өлдіге  жорыдық  қой.  Сол  екі  ортада  қай  пысықтың  поезға 
салып  жібергенін  байқамай  қалдым.  Осы  ауылдың  тұсынан 
улап-шулап жетім қозыдай маңырап өткен екі вагон балаларға 
қосқан да жіберген.
– Ол қой емес еді ғой қоса салатын, гәп осында ғой...
– Қамықпа, Мұрат есті бала. Қазір жігіт болған шығар. Өзі 
іздеп табады.
–  Одан  бері  де  сегіз  жыл  өтті,  қазір  жиырмадан  асты. 
Шындап  іздесе  табатын  жасқа  келді.  Үйленген  де  шығар. 
Қазіргі жастар біздей емес, тым ерте семья құрып жатыр ғой.

332
–  Әскерге  де  жасы  толған  екен-ау.  –  Айтуын  айтса  да 
аузынан жазып Дарханға жалт қарап еді, өңі қабарып, көзінің 
алды тынымсыз жыбырлап отыр екен. – Қой қайтайық. Алаөкпе 
болып  жүрген  елге  басу  айталық,  –  деп  жер  таяна  орнынан 
тұрды.
Бұрынғыдай  емес  Бати  осы  соңғы  жылдары  өз-өзінен 
шөгіп, қартайған емендей мүжіліп барады. Ат үстіне үйренген 
азамат жаяу жүргеніне көңілі толмайды білем, кейде өз-өзінен 
аһ ұрып, іштен тынып бүк түсіп жатып қалатын.
–  Көз  алдымда  қартайып  тым  кішірейіп  барасың,  Бати,  – 
деді Дархан. – Бұдан он бес жыл бұрын қандай едің? 
–  Саған  осы  сөзді  мен  де  айтайын  деп  едім,  Қаранар. 
Кішірейгеніміз түк емес, ұсақтап кетпесек болды да.
Бізді қойшы, жазылмас жарамыз бар.
– Менде жоқ деп кім айтты саған.
Екі  дос  етекке  қарай  елпең  қағып  құлдилап  бара  жатты. 
Ауыл жақтан айғай-шу естіледі.
Соғыс  басталғанына  үш-төрт  апта  өткенше  бұл  ауыл 
дауыл  сокқандай  дүрлігіп  барып  тынышталғандай  еді.  Өмір 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет