Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, № 1 (55), 2016 ж.
Көне түркілердің даналық шығармаларының бірі «Ырқ бітіг» – «Алдыңды болжап бал ашатын
кітап» атты өлеңдер жинағын оқысаңыз, есіңізге әлемдегі әйгілі мұра, шығыстың даналық кітабы
атанған, дала пайғамбары Зоратуштра жасаған қасиетті «Авеста» шығармасы түседі. Оған шұқшия
үңілсеңіз қытайдың Дао философиясының негізін қалаған, есімі дүниеге тараған, «Дао дэ Цзин»
атты даналық шығарманы жасаған кемеңгер Лао-Цзы еске түседі.
Оның ой мен ақыл, әділдіктен құралған ғажайып еңбегін оқысаңыз көз алдыңызға сол елдің
данышпаны, «Лунь юй» атты философиялық толғаудан құралған шығарманың иесі Конфуцзы дана
елестейді. Мұның аса құнды еңбегіне зор ынтамен ден қойсаңыз өзімізден шыққан ұлы Абайдың
мәңгілік жырлары мен терең ой толғауларға суарылған қара сөздері сәт сайын көмейге тығылып,
жоғарыда аталған, есімі дүниеге танылған дара тұлғалармен ой теңестірген Абай Құнанбайұлының
бейнесі елес береді. Ал кейде ол ақиық ақындығымен олардан сәл ерекшеленіп, өзі жасаған аумалы-
төкпелі өмірді ақылға салып саралап, еріксіз сүйсіндіретін пайымдаулар жасайды, оқырман санасына
алапат жарық төгіп, қалғыған көңілді тебіреніске түсіреді. Расында: Адасқан күшік секілді
Ұлып жұртқа қайтқан ой,– деп тек қазақ халқының перзенті Абай Құнанбайұлы жойқын қуат бере
айтты емес пе? [126-б.]
Ежелгі бабалар жасаған «Ырқ бітіг» – «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» атты философиялық
өлеңдер жинағын шығыстан шыққан кемеңгерлердің бірнешеуінің шығармаларымен салыстырып
талдау жасау барысында ақын Абай Құнанбайұлының қаламынан туған үш-төрт жыр шумақтары мен
бір-ер ғақлиясын, яғни адамзат жүрегіне жаңаша нұр құятын ерен құдіреттілігіне таңдана тамсанып,
қызыға, қуана сөз арасында пайдаланған едік. Бұл жартекеш әрекет екен. Өз жетістігімізді көрмей
бүгежектеп қалу үйреншікті әдет қой. Соған орай, көне түркілердің «Ырқ бітіг»– «Алдыңды болжап
бал ашатын кітап» атты даналық шығармасын, қазақ ғалымдары онша көп ауызға алмаған, бәлкім,
Кеңес дәуіріндегі заман ағымы әсер еткен болар, Абай Құнанбайұлының «Қара сөздер»
атты
ғақлиясымен салыстыра зерттеуді жөн көрдік.
Барша адам баласының кәдесіне жарап, ғасырлар бойы олардың рухани байлығына айналған
авторы жоқ мұраларды да, авторы белгілі құнды шығармаларды да ел ішінен шыққан ақылды, ойлы,
парасатты адамдар жасайды. Өйткені, олар қара басының қамы–атақ, мадақ, мансап үшін емес, қай
нәрсені де халқының мүддесі үшін, солардың игілігіне айналдыру мақсатында ой азабына түсіп, ұзақ
толғаныстан кейін тозбайтындай дүние туындатқанына көзі жеткен соң жұртшылыққа ұсынады.
Қысқасы, көне түркілердің «Ырқ бітіг»– «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» атты өлеңдер жинағы
да, ұлы Абайдың «Қара сөздер» атты шығармасы да адамзаттың асыл қазынасына әлдеқашан
айналған аса қымбат дүниелер. Сондықтан осы екі рухани мұраларды салыстыра зерттегенде
Абайдың қара сөздерін ретіне қарай ықшамдап пайдаланып, дәлел үшін біршама үзіктер назарға
ұсынылады. Әрі соңғы кездері сөз арасында ғана аталып, тасада қалып қойған Абай
Құнанбайұлының «Қара сөздер» атты құнды мұрасының сыр сипатын ашуға талпыныс жасалынады.
Бәрінен бұрын, бүгінгі кітап оқи қоймайтын жеткіншектерге өзіміздің ұлы Абай мұрасын, әсіресе,
«Қара сөз» атты қымбат дүниені әр түрлі жолмен жеткізу, оның маңызын санаға жеткенше түсіндіре
отырып, жастар назарына шағын көлемді ғақлия мәтіндерін қоса ұсыну және әлемге әйгілі
ойшылдардың шығармаларымен салыстыра сөз етіп, Абай Құнанбайұлының ірі ойшыл екенін
таныту мақсат етілді. Осылай жасамаса болмайды. Неге? Оған өзіміз кінәлі. Абай Құнанбайұлының
«Қара сөз» атты мұрасын әйгілі ғұлама М. Әуезов, профессорлар Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев және
Ы.Дүйсенбаев, М.С. Сильченко, Ғ.Есім, Р.Сыздық және басқалар зерттеді. Бұлардың көбісі Абайдың
қырық бес қара сөзіне түгел талдау жасаған емес, жалпылай немесе мазмұнына қарай топтап, яғни,
ғақылияларды тізбектеп атап өтіп, шолу жасаумен тынды.
Ал кейбір зерттеушілер оның «Қара сөздер» атты шығармаларының маңызын төмендетіп
көрсетуге дейін барды. Мысалға, белгілі ғалым М.С. Сильченко Абай Құнанбайұлының бұл мұрасын
«ғылыми-публицистикалық сипаттағы шығармалар. «Қара сөздер» – ақынның қойын дәптері
(записные книжки)»,– деген пікір айтумен шектелді [2, 171-198-б.]. Сондай-ақ, белгілі ғалым
Р.Сыздық «Қара сөздің тілі қалай өрілген» деген мақаласында М.С. Сильченконың жоғарыда
келтірілген тұжырымын осы еңбегіне өзек етеді [3, 527-б.]. Сосын, ол осы зерттеу жұмысында
Абайдың қара сөздерін тексергенде М.Әуезовтің айтқан байламын сол қалпында қайталап айтады (3,
533-
б.). Атақты тұлғалар Абай Құнанбайұлының «Қара сөздер» атты ғақлиясының құнын
төмендететін баға беріп жатқан соң, өзгелер бұл құнды мұраны оқуға онша ынта білдіре қоймайды
ғой. Сондықтан, Абайдың бұл даналық шығармаларын қалың жұртшылық санасына жеткізуге күш
салуымыз қажет.
104