Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, № 1 (55), 2016 ж. Сондықтан, мұғалім Жамбыл шығармаларындағы халықтар достығы тақырыбын сөз еткенде,
бүгінгі тәуелсіз Қазақстанды мекендейтін халықтардың достық катынастарының тамыры тереңде
жатқандығын, осынау сан ғасырлар жемісі іспетті ынтымақтастығымызды қазіргі дәуірде жаңа
мазмұнмен, егеменді елдің өркендеуімен, мемлекетімізде қалыптаскан ұлттық келісім, азаматтық
бітіммен байланыстыра баяндағаны абзал.
Ақын бұл тақырыпқа жазған өлеңдерінде кешегі өткен өмірдің күйкі тіршілігін бүгінгі шат
тұрмыстың көркем көріністерімен салыстыра, халықтардың еңбек пен майданда шыңдалған достық
ынтымағын шынайы ақындық шабытпен суреттейді:
Енді бүгін қарасам,
Айналам бақыт кең жатыр.
Бір-бірімен туысқан,
Қол ұстасқан ел жатыр.
Қырғыз, қазақ, өзбектер,
Моңғол, ұйғыр, дүнгендер,
Армян, қалмақ, грузин,
Орыс пенен украин –
Терезесі тең жатыр.
Бақыттың үні асқақтап,
Құлаққа даусы кеп жатыр.
Ақынның отаншылдық шығармаларын әңгімелегенде, орыстың көрнекті жазушысы
Л.С.Соболевтің мына пікірін пайдалануға болады: “Жамбыл поэзиясы көркем сөздің шырқау биік
шыңына айналды, бір ғажабы – біздің ұлан-байтақ елімізде Жамбылға еліктеуші ақындар қисапсыз
көбейді. Поэзия алыбының бір ғана «Отан туралы жыр» атты тамаша өлеңіне еліктеп жазылған
мыңдаған өлеңдер туды. Байыптап қарасаңыз, мұның өзі – ақынның ұлылығын танытатын, оның
ғажап дарынына ден қойғызып, бас игізетін заңды жайт. Бірақ, түптеп келгенде, әлгі өлеңдердің
бірде-біреуі Жамбыл өлендерінің дәрежесіне жетпегені былай тұрсын, солардың көлеңкесі болуға да
жарамайды. Неге десеңіз, ұлылық егіз тумайды, ұлы құбылыс қайталанбайды» (Жыр алыбы. Жамбыл
жайлы естеліктер. 1971. 220-бет.).
Бұл – әлемге әйгілі жазушының жыр жампозына берген биік те мәртебелі жоғары бағасы болатын.
Жамбылдын ерекше мән беріп, үлкен ақындық талантпен ауқымды жырлаған тақырыптарының
бірі – Ұлы Отан соғысы еді.
Мектеп қабырғасында шәкірттер ақынның Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазған «Ата жаумен
айқастық», «Алғадай туралы ойлар», «Балама хат», «Аттандыру», «Ленинградтық өренім» атты
өлендерімен танысады.
Ұстаз сабақ барысында мүмкіндігінше, осы өлеңдердің шығу тарихына мән бергені жөн. Бұдан
оқушылар осы шығармалардың дүниеге келу жайынан жанды мәлімет алады. Бұл әрі әдеби
туындының шәкірт санасына өмірі ұмытпастай берік ұялауына септігін тигізеді. Мәселен, арқалы
ақынның «Ленинградтық өренім» атты баршаға белгілі өлеңінің туу тарихы өзгеше.
Ұлы Отан соғысы кезі. 1941 жылдың күзі. Елімізге қауіп төнген шақтағы Ленинградтың жағдайын
естіген қарт ақын катты күйзелді. Ол жөнінде ақын Ә.Тәжібаев былай дейді:
«...Біз – Тайыр (Жароков – авт.) екеуіміз Ленин қаласының күшін кезектесе суреттей бастадық.
-
Үлкен қала қалың жаудың қоршауында, жан-жақтан атқылау үзілмейді. Қалада тамақ жоқ, су
жоқ, жарық жоқ...
-
Не дейді! – деді Жамбыл ызаланып. – Сонда жұрт аштан қырылмай ма?
-
Ашықса да қаланы жауға бермей соғысып жатыр. Әсіресе, кәрілер мен балаларға обал.
-
Жау не дейді сонда?
-
«Қалаға жол ашыңдар, беріліңдер, сонда тамаққа тойындырамыз», – дейді.
-
Біздің адамдар не дейді оған?
-
«Жаудың нанын жеу үшін берілгенше, өлгеніміз жақсы, бір адам қалғанша соғысамыз!» – дейді.
-
Солай ма? – деп Жамбыл орнынан тұрып кетті. – Алып көрсін енді жау! Ел берілмесе, ешкім де
сындыра алмайды ерлікті! Шіркін, тиер ме еді сыртынан барып дұшпанның, алар ма еді алқымынан!
Жәкең оң қолын созып, саусағын жыбырлатты. Бұл оның домбырасын сұрағаны екен. Біз дереу
домбырасын ұстата қойдық.
-
Бір қаланың миллион халқы тас түйін боп түйілген. Өлуге бар, жеңілуге жоқ екен ғой, шіркіндер,
–
деді Жамбыл өзімен-өзі тілдескендей. – Ел деп осыларды айт, ер деп осыларды айт! – деді бізге
174