Жолдасова Ұ., Сыдықбаева А. Мағжан прозасындағы символизм береді. Өмірге баланың қатынасы бөлек. Бала – тазалық, адалдық, асаулық
пен еркеліктің символы. «Өмір – дала, Ақын – бала қаңғырған» деп жырлаған
Мағжанның әйгілі өлеңіндегі «бала» образы-ақын болмысының символы.
«Ақын – бала» бернесі бір-бірімен тектес, болмысы жақын, егіз ұғым. «Бала»
– ақыл мен сезім күресінің бернесі. Сезім сергелдеңі мен ой азабына түскен
Шолпанның халінен байқалатын ақын жанының сыры. Әңгіменің финалындағы
Шолпанның «Балам қайда? Әлгі неге келіп бір көріп шықпайды?» деген соңғы
жұмбақ сөзінде ә дегеннен байқала қоймайтын өмір мен ақын болмысының
терең табиғатынан туатын сыр бар.
Мағжан прозасы – қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған көркемдіктің жаңа
әлемі. «М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі қара сөзбен жазылған
өлең сияқты оқылады» [6, 30 б.] деген пікірдің айтылып келе жатқандығына
біраз болды. Алайда, ақын әңгімесінің «өлең сияқты оқылатындығының» сыры
біздің ойымызша әлі де толық ашыла қоймады.
Мағжанның «Шолпанның күнәсі» әңгімесінің өлең секілді оқылуының сыры
ақындық болмыс пен поэтикалық тілде. Гегель «Эстетика туралы лекциялар» атты
еңбегінде «өз бойына ішкі рухани әлемнің барлық ерекшеліктерін жинақтаған»
сөз өнерінің бір түрі ретінде поэзияға «рухани дүниенің толысуы мен жаңғыруы
үшін тамаша тұтастық» деп баға береді. Ұлы ғалым поэзияны шығармашылық
ретінде емес, «шынайы сезімнің ішкі рухани әлем аясындағы әрекеті түрінде
түсінуге ұмтылған жөн» [7, 24 б.] дейді. Осы шарт тұрғысынан қарасақ, Мағжан
поэзиясы мен прозасы «шынайы сезімнің әрекетіне» сөзсіз мысал бола алады.
Сезім тілі – ақындық тіл. Олай болса, Мағжан прозасының ақын тілімен сөйлеуі
заңды. А. Байтұрсынов «әншейін тілден» айырып көрсеткен «ақын тілінің»
де орны бөлек. Осы тұста ғалымның «ақын тілі» терминін «көрнекі лебізбен»
шығарылған көркем дүниенің бәріне қатысты қолданып отырғанын ескергеніміз
жөн. М. Әуезовтің «Қазақ даласында ақындықтың тәтті сұлулығынан қой баққан
қотыр тайлы тазша бала, жар басында жарты лашықтағы сақау қатынға шейін
құр қалмағандықтан, ел еркесі батыр да, жұрт тұрғысы бір төре де құр қалмаған...
Хан, қара, би, төре, аламаншыл батыр, жетекшіл қарашы – бәрі де айырмасыз
кестелі, сырлы сөздің қадірін білімге ұстартып, зейіні ашылған европеецтен кем
білмеген» [8, 225-226 бб.] деген пікіріне ден қойсақ, А. Байтұрсыновтың асыл
сөздің иесін ақын деп атауының сыры ашыла түсері сөзсіз. Мағжан прозасы –
«ақындықтың тәтті сұлулығынан» бастау алған проза. «Шолпанның күнәсі»
әңгімесіндегі ақындық тілдің табиғаты қазақтың «өлеңмен айтқан билік, жыр-
мен айтқан өсиет, тақпақпен айтқан дауының» [8, 226 б.] көркем жалғасы.
149