ІЛИЯС ЕСЕНБЕРЛИННІҢ «КӨШПЕНДІЛЕР» ТРИЛОГИЯСЫНДАҒЫ
ЖЫРАУЛАР ТҰЛҒАСЫНЫҢ БЕРІЛУІ
Алпысбай А.М.
2 курс магистранты
,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті,
Атырау, Қазақстан
Аңдатпа.
Мақалада жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы
Жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі ақын-жыраулар бейнесінің алар орны сипатталады.
Түйін сөздер:
Ілияс Есенберлин, «Көшпенділер» трилогиясы, ақын-жырау, тарих,
жыраулар поэзиясы, қазақ тарихи прозасы.
Өткен ғасырдың сырын ішіне бүгіп, тарихын толғаған туындыларында Ілияс
Есенберлин тек тарихты тізе отырып суреттемеген, керісінше өткен жолды әрбір сөзі мен
сөйлемімен тірілтіп, көз алдымыздан өткізді. Себебі, «Тарихи шығарма сол өткен заманның
әлеуметтік-эстетикалық реконструкциясы ғана емес, онда бүгінгі уақыттың да
философиялық концепциясы жатады» [1, 215].
Алмағайып заманның аласапыран айқасы, ақын – жыраулардың келер күндердің
шуақты болуы үшін күресі, ақыл мен айланың алма – кезек ауысуы, халық тағдыры үшін
тағылымды толғауларымен алып ескерткіштер жасаған, сол толғауларында сайын дала
төсінің сан жылдық тарихы баяндалатын «Көшпенділер» трилогиясының болмысы осындай.
І.Есенберлиннің шығармасына сөз берейік. «Бір мың екі жүз отыз бесінші жылы,
яғни Мешін жылы, Қарақұрымға бағынышты елге жар салып Үгедей бүкіл Шыңғыс
ұрпағын жиды. Осы құрылтайда бүкіл Батысты жаулап алу мәселесі шешілді. Міне, Батысқа
қарай лек-лек боп монғол әскері аттанып бара жатыр. Батысты алуға бұл жолы аттанған
138
әскер үш жүз мың! Үш лек қол! Айбарлы да, сұсты да! Кім, оған шыдай алар?» [2,17]. Сұрақ
белгісімен аяқталған сөйлем соңында бүтін бір елдің, тұтас халықтың тағдыры тұр. Бұл он
сегізінші ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» басталуы еді. Үш жүз мың
әскер шаңдатып, қазақ жерін жаулап алуға аттанғанымен Жоңғария мемлекеті түбірімен жер
бетінен жоғалып кетіп, қара жерді солқылдатып келе жатқан ат тұяқтары сол әскердің өзінің
өлекселерін алып қашты. Бірақ, сол жеңісті күндерге дейін бірнеше жүздеген жылдар
жатқан-ды.
Біздің тақырыбымызға орай суреттелетін кейіпкерлер әлеміне келсек, І.Есенберлиннің
«Алмас қылыш» романында Әбілхайырдың ұлы Шах-Будақ сұлтанның асынан басталады.
«Бүгін астың ең қызығы, талай жан өкінер, талай бидің намысқа шауып қабырғасы сөгілер
жыраулар айтысы басталған. Айтыс төрешісі жүзден асқан ұлы жырау Асан Қайғы. Ол бұл
жолы желмаясымен Көкше теңіз тұсын шолып келген-ді.
- Асан ата, Көкше теңіз маңы қандай жер екен? Сайын ордасын көшіруге
жарар ма? - - деген Әбілқайыр ханның сөзіне Асан Қайғы:
- Қақ үстін жайлау етем десе ханның еркі ғой. Ал мен көрген Көкше теңіз
маңы:
Тас табаны төрт елі
Атан жүрер жер екен,
Төсегінен түңілген
Адам жүрер жер екен
деп жауап берген» [2,21].
ХҮ ғасырда өмір сүрген күллі «жыраулардың атасы» болып саналатын Асан қайғы
Сәбитұлы аста болған айтыс дәстүрін жаңаша, әр айтыскер ақын елдің тарихын шежірелеп
айтып, өзінше тарихқа бағдарлау дәрежесінде ұйымдастырды. Бас бәйгені берудің жолы да
ерекше болды. Қай айтыскер ақын сыртқы жауға қарсы күресте ерекше ерлік көрсеткен
елдің тарихына тереңнен бойлап, жеңіске жету жолындағы ерлігін айтып берсе, соған бас
бәйге берілетін болды. Ал орта бәйге, яғни екінші орын руының өмір сүріп жатқан жерін,
оның тарихын, сол иелігіндегі елі мен жерін қорғаудағы ерлік тарихын жан-жақты айтып
беретін жеңімпазға берілетін болды. Ал үшінші орын, яғни аяқ бәйге исі қазақтың отаны
болып табылатын Дешті Қыпшақтың болашағын кім дұрыс болжай алса соған берілетін
болды.
Сонымен қатар осы үшінші бәйгенің шарты да сәл өзгешелеу болды. Айтылған
болжауға сай әр жыраудың айтқан болжалын қарсы жақтың жырауы сынауға да жол берілді.
Ал сынай алмаса жеңілген болып саналатын болды. Бас бәйгеге Қыпшақтың ұлы жырауы
Қазтуған мен Арғынның ақиығы Сыпыра жыраудың ұрпағы Қотан тайшы түспек болды.
Айтыста Қотан жырау Қазтуғанға жауап ретінде, жыр атасы Қорқыт атадай философиялық
мәндегі ойларын тарқата төкті. Ерліктің сырын төккен Қазтуғанға, өлімнен қорықпау ерлік
емес, керісінше, өмірді қорғау ерлік болып табылатынын, шын батырлық бөтен елді
шауып, байлыққа ие болуда емес екенін төндіре айттты. Шын жеңіс, батырлық өз жеріңді, өз
еліңді қорғау болып табылады деген ұлағатты мәндегі парасатты пайымын білдірді.
І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» туындысының басты идеясы да осы болатын ХҮ-
ХҮІ ғасырлардағы ақын-жырауларды айтыс дәстүрінде өткен тарихқа барлау жасатып,
елді шабу, ерлікпен жеңуде емес, басты нәрсе, сол кезде өмір сүрген халықтың ризалығы,
әркімнің өз еркінше өмір сүруінде жатыр деген тәуелсіздікке жетудегі басты сарынды
көрсету еді. Сонымен бірге І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы кеңестік дәуірде
жазылғандығына қарамастан, ұлттық тарих сырына терең үңілуімен бағамды еді.
І.Есенберлин туындысында тірі тарих куәгерлерін айтыстыру арқылы, сол қалың
қазақ жұртының жүріп өткен жолымен таныстыра отыру басты мақсат болғанын байқаймыз.
Сонымен қатар ел тарихын жырлау ісінде ақын-жыраулардың шығармашылығы басты
орында тұрғанын да сезінеміз. Себебі, ханның ақылшысы болып қана қоймай, исі қазақтың
арман-тілегін де осы жыраулардың жүрек жарды сөздерімен айтылғанын да бағамдаймыз.
139
«-Қалған жырды тағы да тарих өзі жырласын, Қазтуған жырау аузынан әлеумет тек
тыңдасын. Құлаққа жағымсыз жай болса, кешіре көрсін, хан ием, — деп жырау өзінің айтар
сөзіне рұқсат сұрады ханнан.
Қарапайым ел қамын ойлаған, қызыл тілін қару еткен қазақ жыраулары әрқашанда өз
ойларын ашық айтқан.
Бірақ... «аталы сөзге арсыз тоқтамас», дәуірінде ханға да шындықты тыңдау бір
ғанибет іс еді. Сол салттан шыға алмай Әбілқайыр да:
— Ақын ел еркесі, айта бер қорғанбай жырыңды, — деді» [2,55].
Шындығында да «Ақын ел еркесі» тіркесі І.Есенберлин туындысының символы
іспеттес болып табылатын еді. Жалпы, үш кітаптан тұратын «Көшпенділер» трилогиясының
желісі сол ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда өмір сүрген жыраулардың толғауларында жырланған
шындықтардан алынған еді. Ал жыраулар сол заманның шынайы бет-бейнесін ел билеуші
ханның ыңғайына бағынғаннан гөрі, халықтың мұң-мұқтажына көбірек көңіл бөлген еді.
Халықшыл поэзияның ғұмыры ұзаққа созылып, бүгінде ХХІ ғасырдың төрінде отырсақ та,
жыраулардың суырып салма дәстүрінде шығарған жырларына әлі де бас иеміз.
І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романындағы жыраулар туралы сәтті көрініс
Жәнібек пен Керей сұлтандардың өздерінің соңына ерген ел-жұрттарды соңынан ертіп,
Ордабасыға көшуімен байланыстыра суреттеледі. Еділ бойында жатқан жалпақ қыпшақ елін
де тік көтеріп, Қазтуған жыраудың екі сұлтанның артынан ергенін де естіді Әбілхайыр хан.
Бұл бүгін де тұғырлы Тәуелсіздікке қолы жетіп, күні ертең 550 жылдығын атап өткелі
отырған Қазақ хандығының құрылар кезі еді. Жыраулар да қарап қалмады. Өздері осы
кезеңге дейін мекен болған туған жерін тастап:
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас,
Сөйткен менің Еділім,
Сен салмадың, мен салдым.
Қайырлы болсын сендерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт, —
деп Еділ бойында қалған Алшын, Ноғайлы руларына батасын беріп, болашақтағы жас
ұрпақтың көрер қызығы үшін бірлескен Ұлы Қазақ хандығын құруға ат салысуға аттанып
еді.
І.Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясының алғашқы кітабы болып табылатын
«Алмас қылыш» романында ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы қазақ халқының алғаш Хандық құрған
кезеңін, сол хандық құру жолындағы ел шетіне келген жаулардың бетін қайтарудағы
батырлардың ерлігін, сол ерлікті жігермен жанып жіберетін толғауларымен басты орында
тұрған ақын-жыраулар бейнесі арқылы сомдауға ұмтылыс жасағанын байқауға болады.
Себебі, қазақ тарихы Асан Қайғы Сәбитұлы, Қазтуған Сүйінішұлы, Доспамбет жырау,
Шәлгез Тіленшіұлы сынды тұңғыш төл хандықтың құрылуымен бірге ұлтымыздың төл
әдебиетін қалыптастыру арқылы қазақ әдебиеті тарихы атты мәдениеттің басты негізін де
қазақ ұлысында бастаушы болды. Әдебиет тарихында басты орын алатын толғаулары
жаңадан құрылған хандыққа қарсы келген жауларының бетін қайта беттетуге келмейтіндей
етіп қайтаратын қайратты қаруға айналды. Ал өздері «Жалаңаш барып, жауға ти, Тәңірім
өзі біледі, Ажалымыз қайдан дүр» дегендейін исі қазақтың қалқаны да қаһарманы да сол
Жыраулар болды.
І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы жарыққа шығысымен-ақ зерделі
зерттеулердің обьектісіне айналды. Филология ғылымдарының докторы М.Дүйсенов туынды
туралы бағасын, «тарихтың аса қызық та ғибратты бір дәуірін көркемдікпен танытуға
көмектесе алатын пайдалы шығарма» [3,4] деп бағаласа, қазақ әдебиетіндегі проза жанрында
тарихи тақырыпты қарастырған еңбегінде Р.Бердібаев ««Алмас қылыш» тарих кітапта
140
жазылған сараң тұжырымның тасасында қаншама. хикмет жатқанын даңқтылы оқиғалардың
хронологиялық ізіне түсе отырып, кеңінен баян етеді. Бұл шығарманың «сүйегі» түрлі
кітаптар, қолжазбалар, шежірелер арасында шашырап жатқан анық фактілерден
құралғандықтан және оқиғалардың жылнамасы сақталғандықтан, мұны роман-хроника деп
атаған абзал деп ойлаймыз» [4,11] деп бағалады.
Романдағы баяндау әдісі көбіне өзге адамның ой – пікірі арқылы беріледі.
Жоғарыдағы ойдың жалғасындай болып келетін, Абылай ханның жастық шағы, үш
жүздің басын қосқан ұлы хан атануына дейінгі жолдың алғашқы тізбегі Бұқар
жыраудың пайымдаулары негізінде беріледі. Сонау қанға бөккен Түркістан шаһарынан
Ораз құлдың қасқырдың бөлтірігіндей етіп өз басын қатерге тігіп, алып шыққанын,
жауға елеусіздеу көрінетін ауылдың шетінде Төле бидің түйесін бағып, ертеңіне зор
үміт артып отырған жас Абылайдың аяқ алысы, қысылтаяң кез болса да өзін-өзі тым
сабырлы ұстауы болашақ ірі тұлғаның нық сенімділігін байқатқандай. Сұңғыла Бұқар жырау
да жас түйешінің осы келісті кейпін көріп, жай «түйешіден» гөрі, роман тілімен
айтқанда, «бала жігіттің дәл қазіргі өздері отырған қараша үйде – кедей шаруаның
үйінде тумағаны анық» болып, өзіне тым көңіл аудартатынын тез-ақ байқап, жас
жігітті сөзге тартып, ішіне үңіле бастайды. Атап өтерлік нәрсе сол - І.Есенберлин
Бұқар жыраудың хан Абылайдың жаршысы бола жүріп, халықтың көзі мен құлағы болғанын,
бәрінен бұрын жеке басының абыройы мен мансабын ойлағанымен, қазақ елінің
болашағын бәрінен жоғары қоятындығы ерекше бейнеленген. І.Есенберлиннің «Жанталас»
туындысында бейнеленген кесек тұлғалар бастауында Бұқар жырау бейнесін атаймыз. Бас
қаһарман аңыз, жыр, жыраулардың толғаулары арқылы халық санасынан орын алған бейне
болатын. Сол фольклор туындыларында қалыптасқан эпикалық бейнені төмендетіп алмай,
оған реалистік нақтылық, даралық келбет дарыту оңай емес.
«Бес ғасырлық халық тарихына әр қырынан келіп, тарихи тұлғаларды сомдауда соны
серпіліс танытқан І.Есенберлиннің «Жанталасы» - ақын - жыраулар бейнесін жасаудағы
тарихи прозадағы ізденіс нышаны» [5, 3] болып табылатыны сөзсіз.
Шығарма толыққанды жазылып шыққанымен, баспа бетінде жариялануы да үлкен
кедергіге ұшырағаны белгілі. Сол себепті де, І.Есенберлин өзінің туындысының тағдыры
турасындағы ойын төмендегідей өлең жолдарымен дәлелдей ұсынып кеткен:
Өмірдің мен де өзіңдей бір қонағы,
Жеріне жеткен ұшып – құс қонады!
Естідім қастарымның сан жаласын,
Естідім достарымның сын – таласын.
Тілегім сене жалғыз, жас ұрпағым,
Болғайда әділетті көзқарасың!
Тудырған өз тұлғасын әрбір дәуір,
Жазылар бұдан да еңбек әлі тәуір.
Есіңнен шығарма тек, болашағым –
Түйенің көш бастаған жүгі ауыр! [2, 4].
Қорыта келгенде, ұлттық проза дәстүрінде ақын - жырау образын сомдауға күш
салған І.Есенберлиннің «Жанталас» туындысы тарихи роман жанрында өзіндік тың жолға
түрен салғанын, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің көркемдік қосындысымен тыныстап,
өткен тарихтың ізімен өткенімізді көз алдымызға әкеліп, болашақ ұрпақты елді сүюге,
сонау ғасыр жүгі арқалап әкеткен ұлттық рухымызды тереңнен таныстыруда елеулі орны
бар шығарма екендігімен құндылығы жоғары болмақ.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Сейфуллин С. Шығармалар. Алты томдық. 6 т. Алматы, ҚМКӘБ, 1964. -456
2.
Есенберлин І. Көшпенділер: Тарихи трилогия. Алматы: Көшпенділер баспасы,
2008. – 656.
141
3.
Дүйсенов М. «Қаһар» романы жайында \\ Жұлдыз – 1969.-№9. – 155-156.
4.
Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы Алматы, Ғылым, 1979. -240
5.
Балтымова Р. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы: Жанр және поэтика
мәселелері. Филология ғылымдарының кандидаты авторефераты Алматы, 2009. – 25.
Достарыңызбен бөлісу: |