Әдеби KZ Қыпшақтың біраз әскерімен өзінің туған шаһары Тараға қашты. Артынан жетпіс
мың әскермен қуып шыққан Жұмадүк ханмен қан майданда бетпе-бет кездесіп,
оның басын алды. Содан бері Әбілқайыр өзіне жақсылық істеген, талай қиын-
қыстау қатерлі өткелдерден алып шыққан, бірақ артынан сәл мүлт басқан талай
серіктерін оп-оңай су түбіне жіберді емес пе? Осындай қанқұйлы болмасаң, хан
тағында отыра алмайсың. Өзгеге аяушылық еткен Ұлықбек не болды? Ақырында
өз баласының қолынан ажал тапты. Жоқ, алтын таққа ие болғың келсе, жолыңды
кесіп өтерін білсең, туған балаң болса да аяма. Айдаладағы бір дәйекші сөз бе
екен? Алтын тақ пен аяушылықтың бірі бар жерде, екіншісі өмір сүре алмайды.
Оспан-Қожаның бір жақсылығы ұмытылған тарих. «Ал, қазір сенің білетінің
оның жаңа тарихы — істеген қастығы. Жақсылығы үшін дер кезінде сен де оған
жақсы қарағансың, ал жамандығы үшін сен енді оған жаман қарауға тиістісің! Бұл
өмір заңы!»
Өзімен-өзі болып кеткен ханның ойын кенет Оспан-Қожа бөліп жіберді.
— Хан ием, — деді ол тұншыға қырылдай сөйлеп, — егер сен қазір мені
босатсаң, бәрібір мен саған рақметімді айтпаймын. Енді менің күнім біткен. Алла-
тағаланың жазғанын ешбір хан бұза алмайды, ал менің көп болса бір жұмалық
тіршілігім қалды. Сенен сол бір апталық тіршілікті сұрап алғым келмейді, сен хан
болсаң да... қалған күнімді одан артық ұзарта алмайсың... Қысқартам десең —
еркің... Бірақ сенен сұрарым басқа...
— Не сұрамақсың?
— Сұрарым — менің сөзімді тыңдап шық.
— Жақсы.
— Алдымен саған неге адал қызмет істеп келдім, соны біл. Есі дұрыс адам
Ұлықбек мырза тәрізді әділетті жанды өзің тәрізді қатыгез ханға айырбастамас
болар. Мен айырбастадым. Соның себебін есті.
— Жарайды, естиін.