Жағатай ордасында Маймене, Майсары дәстүрі жоқ. Хан жеке отырады. Одан
төмендеу тек бас наип қана орналасады. Өзге жұрт өзінің шен-шекпеніне қарай
орын алады. Алдыңғы жағында ханға жақын, Қашқар, Ақсу, Тұрфан, Жаңғы секілді
үлкен әмірліктің хакімдері, олардан сәл кейініректеу Моғолстан хандығының тірегі
Үйсін, Жалайыр, Дулат, Найман, Керей, Қаңлы тәрізді қазақ руларының белгілі ру
бастықтары, билері, батырлары, бұлардан соң барып, Шолақ, Қорған, Жаркент
тәрізді шет қалалардың әкімдері, діни адамдар, софы, ишан, мүриттер...
Исан-Бұғы бірден сөзге кірісті. Ол Моғолстанның солтүстігінен Ойрат,
күншығысынан Қытай, оңтүстігінен әбусейіт пен Жұныс сұлтанның шабуылға
шықпақ боп жатқанын айта келіп, хан кеңесінің шешіміне екі жарғы қойды.
— Бірінші айтарым, — деді ол, — бүкіл Моғолстан боп әскер жинап жауға
қарсы шығамыз ба? әлде әр хакім, әр әмір өз қаласын, өз ұлысын қорғай ма?
Осыны шешіңдер.
Екінші айтарым, қазіргі жағдайда Моғолстан мединесін бекінісі нашар
Алмалыққа қалдырамыз ба, әлде жау қолы оңай жете алмас Ақсу шаһарына қайта
көшіреміз бе, соны шешіңдер.
Түскелі тұрған ауыртпалық иықтарынан жаншып жібергендей, үйде отыр-
ғандар мықшия жерге қарай қалды. Бәрінде де үн жоқ. Уайс ханнан бері
әрқайсысы өзіне жеке отау тігіп, бүкіл Моғолстанды талан-тараж етіп меншіктеніп
алған Моғол әмірлері енді қалың ойға кетті. Бастарын біріктіріп жауға қарсы
шығар болса қандай пайда-зиянға қаларларын есепке алды. Хан қойған
сұрақтарға тікелей жауап беруге әрқайсысы өз жағдайын ойлап қиналды. Егер
бастары қосылмаса, бүкіл хандықтарынан айрылатыны бұл сәтте ешқайсының
жанын күйдірер емес. Қазаны басқаның жаны басқа, бәрінің де ойлағаны өз
пайдасы, өз қамы. Бұлар түбі әскер жиналатын болса, қайтсем өз ұлысымды, өз
қаламды күшті қалпында сақтаймын, қайтсем кісіні аз берем, әскерге керек
қаржы-қаражатты аз төлеймін деп толғануда... «Ал өз қаламды, өз ұлысымды
жеке қорғаймын десем, одан қандай зиян көремін? Жұныс пен әбусейітке