Әдеби KZ Бұл сөзімен Жәнібек егер Әбілқайыр тағына Мұхамед-Шайбаниға отырар күн
туса, аса бір қиын күрес басталатынын білдірген еді.
Мұхамед-әкім эль Таразидың тойында тағы екі оқиға болған. Балаларының бұл
тойға қатынасатынын білген соң, алтындатқан ер-тоқымды, жүген-құйыс-
қанды қос күлсары жорға мініп Рабиу-Сұлтан-Бегім мен келіні Аққозы келген.
Жаңғы саудагері бұларға арнап қос орда тіккен.
Бәйгеден Тарланкөктің баласы Ақтанкер озып келіп, Мұхамед-Шайбаниға жұрт
көңілі ауа бастағаннан-ақ бақ құмар Сүйіншік сұлтан жанын қоярға жер таппаған.
Бірақ баяғы он үш жасар күніндегі қылығы есте қалған Рабиу-Сұлтан-Бегім сол күні
Сүйіншікті оңаша шығарып ап ұзақ сөйлескен. Ақылы да, ерлігі де Мұхамед-
Шайбанидың өз теңдестерінен артық екенін бүкіл ел біліп қалған тәрізді және оны
қостайтын Дарвиш-Хұсайын Қарашың батыр мен Бахтияр сұлтан тәрізді Көк
Ордаға тірек болған, бүкіл Дәшті Қыпшаққа әйгілі адамдар бар, қандай бақытқа,
таққа жетсең де Мұхамед-Шайбанимен бірге жетесің деген. Әкесін өлтірген
нағашың әбді-Латиф әмірге ұқсама, қызғаншақтың жолы күнә жол, онымен адам
мұратына жете алмайды, ағаң Шах-Будақтың балаларына кең пейіл келіп,
солардың соңынан еруін сұраған. Өздері быт-шыт боп қырылысып жүрген
нағашысы Темір тұқымының бұған әке тағына отыруға жәрдем бере алмайтынына
көзі жете бастаған Сүйіншік, әлі де Самарқант әмірлігіне қадірі бар шешесінің
ақылын алған, өн бойын қанша мансапқұмарлық билегенмен, аталы сөзден шыға
тартпаған. Бұл Әбілқайыр балаларының әр жаққа бұрылмай, бір одақтас
болуының басы еді.
Екінші оқиға тіпті адам күтпеген жерден кездесті. Түйе бәйгесі біткен күні
іңірде Аққозы бике өз ордасында жалғыз отырған кезінде, үйге бет-аузын көшпелі
елдің бұзауындай тұмшалап алған, жалғыз көз, еңгезердей қара жігіт кіріп келді.
Тойдан шаршап келіп қисайып жатқан Аққозы, осынау кірген адамның дене
құрылысынан, қимылынан өзінің Орағын көргендей шошып кетіп, дауыстап
жібере жаздады.