Әдеби KZ — Барар болсаң, жаяу жарыс сұлтандарға лайықсыз, ат жарысы мен түйе
жарысына дайындалу жөн, — деді Жәнібек, — Қырым менен Қорасаннан да
кісілер келуі ғажап емес.
Жәнібектің айтқаны оң келді. Той болар күні бір шеті Қорасаннан, екінші шеті
Қырымнан қадірлі қонақтар, бұл жалғанның тетігін қолына ұстап тұрған сан алуан
саудагерлер жиналды. Талас өзенінің жағасында тігілген жүз ақ боз үй кісіге лық
толды.
Жаяу бәйгеден Египеттен қашып келген ғалым, жараған арғымақ аттай сидиған
ұзын бойлы, күйген кірпіштей қара қошқыл отыз бес жасар араб жігіті эль Мүлік
ибн Зархум келді.
Бұл бәйгеге сұлтан, бек, шынжыр балақ, шұбар төс қазақтың мырза жігіттері
қорланып қатыспады.
Екінші бәйгені қарасына бірде-бір түйе ілестірмей, Бұрындықтың қара бурасы
алды. Үшінші бәйге Әбілқайырдың Тарланкөгінің тұқымы, он бес жасар Мұхамед-
Шайбанидың әзірге маңдайына басқан жүйрігі Ақтанкерге тиді.
Бірақ бұл үшеуі де салмағы сегіз батпан тартатын сом алтын самырұқ құсты
жүлдеге алудан бас тартты.
Эль Мүлік ибн Зархум:
— Алтын құс тек мені ғана байытады — деді, — Мұхамед-әкім мырза, егер
қарсы болмасаңыз, бұл алтын құстың орнына Мауреннахр диқандары мен Дәшті
Қыпшақ малшыларының тұрмыстарына жәрдем беретін және екі елдің қарым-
қатынасын жөндейтін Сейхун дарияның үстінен көпір салайын. Бұл көптен бері
ойлап жүрген арманым. Ніл өзеніне осындай көпір саламын деп үлгісін
істегенімде өздеріне пайдасы жоқ болған соң фараондар мені қуып жіберді. Ал
Сейхун дарияға бұл өте қажет. Осыны салуға қаражат беріңіз.
Мұхамед-әкім эль Тарази сәл ойланды да:
— Жақсы, — деді, — бұл сұраған қаражатыңды берейін. Тек менің ғалым
есепшілерім қанша пұл керек, соны санасын.