Әдеби KZ Лепсі, Ақсу, Қаратал, Аякөз. Іле, Лепсі, Ақсу, Қаратал өзендері басын Жоңғар
Алатауынан алады да, Аякөз Тарбағатай қойнауынан шығады.
Көне заманда, Қошан патшалығы кезінде, Шу өзені Сырдарияға құйған. Шуға
сол жағынан Сарысу, оң жағынан Талас өзені келіп қосылған. Сол заманның өзінде
Шудың Сырға құятын сағасында, Талас өзенінің бойында Сығанақ, Тараз; Яссен
өзенінің жағасында Отырар қалалары болған.
Исан-Бұғы хан Жәнібек пен Керейге қонысқа Моғолстан мен Түркістанның
шекарасында жатқан Шу, Сарысу, Талас өзендерінің жағалауы мен Балқаш көліне
келіп құятын Қаратал өзенінің бойын берді. Сөйтіп қазақ рулары бірден
Моғолстанның солтүстік, солтүстік-батыс шеті мен Көкше теңіздің Шумен қатарлас
тұсына ие болды.
Қарашаның суық желі тұрмай, Жәнібек пен Керейге еріп көшіп келген екі жүз
мың жанды қалың ел осы Шу, Сарысу, Таластың Жуанарықтан төменгі солтүстік-
батысына қарай созылған жағасына орналасты. Тек Жәнібек сұлтан мен оның
балаларының ауылдары, қастарына мың шаңырақ төлеңгіттерін қосып, мұз қата
Көкше теңіздің үстімен оңтүстік жағындағы Қаратал өзенінің бойына өтіп, сол
тұсқа қыстау салды. Жәнібек сұлтанның бұнысы жер жетпегендіктен емес, әдейі
көшу еді. Қаратал өзенінің ар жағында Аякөз өзені бойымен сонау Тарбағатай
тауларының Қытай жеріне дейін созылған аймағын тегіс Найман, Керей, Уақ
рулары жайлайтын. Қазақ руларының басын қосып жеке хан көтеріп, ел болуды
арман еткен Жәнібек сұлтан Найман, Керей, Уақ руларымен іргелес отыруды жөн
көрді. Бұнысы дұрыс та боп шықты. Ортаншы ұлы Қамбар батыр алғашқы
аттанысында Тарбағатай тауының бойындағы қазақтарға барып қайтқанынан-ақ,
Жәнібек сұлтанның қадірі бұл маңайға өсе түскен. Найман, Керей, Уақ рулары
Жәнібекке өздерін бағынышты санай бастады. Сөйтіп ел боламыз деген қазақ
рулары, осы алғашқы жылы-ақ, бір шеті Телікөлдің төменгі етегі болса, екінші шеті
Тарбағатай тауының биік басына дейін құлаш созды. Қазақ елі осы жылы-ақ
қанатын екі жаққа кере жайған алып қыранға ұқсай түсті. Жылқысы тебінге, түйесі