Әдеби KZ Жұрт мұндай алып денелі батырлардың айқасының немен тынарын білмей,
демдерін іштерінен алып жым-жырт тына қалған.
Астындағы қара арғымағын құйындата шауып келе жатқан Қарашың батыр оң
қолындағы шоқпарын ыңғайлай үйіріп, жауына таяй беріп, шоқпарын сілтейтін
Бұрындықтың қолынан еш қару көре алмай, сәл абыржи қалды. Ананың қолында
әдеттегідей не шоқпар, не сойыл жоқ екен. «Бұ қалай?» деді ол ішінен, сөйтті де
сол қолындағы ақ алмас алдаспанын көтере берді. Ақ бура қылыш сілтеу жерге
таяса болғаны, ирелеңдеген мойнын ұшырып түсірмек! Бірақ бұл ойына жете
алмады. Ақ бурасын еңкілдете шауып келе жатқан Бұрындық, он қадамдай жерге
таянғанда, түйенің тасасында оң қолында ұстаған қыл арқанын сумаң еткізіп
Қарашыңға қарай лақтырып жіберді де, сол шапқан бойы тоқталмастан орағыта
бұрылып, өз тобына қарай ананы ат-матымен сүйрете жөнелді. Қарашың мойнына
түскен қыл арқанды алдаспанмен шауып түсіруге де үлгермей қалды. Алдаспанын
сілтегенше шауып келе жатқан екпінімен Қарашыңды кейін тартқан қыл арқан
заматта тынысын тарылтып, аттың артына қарай аударып әкетті. Бірақ ер үстінен
сырғып кетпес үшін, қарасанынан мықтап шырмаған қыл шылбыр жібермеді.
Үзеңгіден аяғын суырып ала алмады. Кенет кейін қарай кілт тартқан күшке шыдай
алмай барып жерге күрс етті. Қыл арқанды тақымынан өткізіп, ақ бураның
алдыңғы өркешіне байлаған Бұрындық ай-шайға қарамай, орағыта, өз тобына
көкпар алған адамдай «Аруақ! Аруақ!» деп айқайлай шапты. Басына киген тор
дулығасының етегі алқымына түскен қыл арқанның мойнын жұлып әкетпеуіне
себеп болған Қарашың батыр, екі қолымен жанталасып жерді сыйпай, ат-матымен
сүйретіле жөнелді. Осының бәрі көзді ашып-жұмғандай уақытта өтті. Алып күш
алыптығын көрсетті. Шап-қан бойы Бұрындық өз шебіне жеткенде, үзіліп кеткен
ер-мерімен шұбатыла сүйретіліп келе жатқан Қарашыңның жаны аузына келіп,
енді шығуға таяу еді. Қарашың құлаған жерге таяу тұрған Қасым атынан секіріп
түсіп, қыл арқанды наркескенімен орып жіберді.