Әдеби KZ тұлпар емес, сілтегені мүлт кетпейтін Қарашың батыр оның сидиған мойынынан
басын бір-ақ қағып түсіруі мүмкін. Жоқ, бұл жекпе-жек айқасқа Қамбар батыр жөн
еді.
Бұрындықтың Қарашың батырға қарсы шықпасқа лажы жоқ-ты. Оған деген
елінің кегінен де бөтен, өзінің де кешпес өшпендігі бар.
Қарашыңның Тоқтар-Бегім деген қарындасы болатын. Көгал шөптің арасында
жалғыз өскен қызғалдақтай, басқа қыздармен келе жатса анандайдан көзге түсер
көркем. Оның үстіне ағасы Қарашың Әбілқайырдың аса бір ардақты батыры
болғандықтан, анау-мынау адамды менсінбейтін тәкаппар, өр мінезді де,
Бұрындық осы қызға Әбілқайыр қол астында жүрген кезінде ғашық болған. Қыз
онда он үш жасар-ды. Бұрындық оған көңіл қосайық деп жеңгетай салған. Қыз:
«Кескен томар секілді Бұрындық менің теңім емес», — деп жауап берген.
Намысқа шапқан Бұрындық әкесі Керей сұлтан арқылы «қарындасын маған
тоқалдыққа берсін» деп Қарашыңға құдалар жіберген. Әбілқайыр хан мен
Жәнібек, Керей сұлтандардың арасының нашар екенін білетін Қарашың:
«Қарындасымды Ташкенттің бір бекзадасы айттырып қойған» деп бермеген.
Артынан, Жәнібек пен Керей Әбілқайырдан бөлініп көшіп кеткеннен кейін, осы
Тоқтар-Бегімді өзінің қарамағындағы қыз ұнатқан бір жас батырға қосқан.
Осыған өшіккен Бұрындық: «Қап, бәлем Қарашың, қан майданда бір
кездесерсің!» деп жүргенінде мына айқас дөп келді. Бұрындықтың көктен
сұрағаны жерден табылды. Кекшіл батыр мұндайда өш алмай бұғып қала алар ма!
Қамбар батырды тоқтата сап, өзі ақ бураны тебініп қап «шу!» деді.
Сала құлаш мойнын төмен тастап жіберіп, шудалары желкілдеп, аузынан көбік
атып ақ бура тайраңдай шаба жөнелді. Өзіне қарсы түйелі Бұрындықтың
шыққанын көріп Қарашың да ұмтылды. Бұл алыптардың айқасы еді. Бір жағында
қара жартастай қара арғымақ мінген Қарашың. Екінші жағында көбік шашқан ақ
бура мінген, айдалаға отырғызып қойған балбала тәрізді абажадай Бұрындық.