Әдеби KZ Бұрындық көлденеңі мен ұзындығы бірдей төртпақ келген, қолдары кескен
томардай, шойын денелі балуан жігіт. Басы шарадай, қара сұр, жуан қара мұртын
Ғазірет Ғалидай екі құлағына апарып іліп қоятын. Түнде көрген адамның жүрегі
жарылатындай түсі суық. Бала жасынан сотқар, соғыс құмар. Оның жауымен
ұрысқанда ең жақсы көретіні — ақ бурасына мініп алып жеке шығу. Ақ бураны ол
бота күнінен жауға салып үйреткен. Өзі де өзге буралардан анағұрлым биік.
Шапқанда жылқы баласының ілуде біреуі ғана ілесе алады. Бұрындықтың көркі
осы ақ бурамен. Әсіресе атты адамды көрсе жыны бар. Ат үстінен аузымен жұлып
алып, табанының астына салып, тарпып тастауға мықтап төселген. Кейде жерге
құлаған батырдың үстіне шөге қалады да астындағы адамның сүйегін бытырлата
сындырып, мылжа-мылжасын шығармай үстінен тұрмайды. Жекпе-жек шыққан
батырдың үстінен Бұрындық екі құлаш қайың шоқпарымен қос қолдап ұрса, бұл
жерге құлаған батырды жаныштап тарпып өлтіреді. Мұндай астындағы бурасы
мен үстіндегі батыры қатар қимылдайтын жаудан жекпе-жек шыққан адамның
күні бұрын зәре-құты қалмайтын. Оның үстіне ақ бура Бұрындықтың жауына
қандай тәсіл құратынын алдын ала ақылдасып қойғандай, жауға шапқаннан-ақ
үстіндегі батыр ыңғайына қарай көшетін. Тарпитын жерінде тарпитын, тістейтін
жерінде тістейтін. Ал Бұрындық егер жауын құр аттан түсіріп кететін ойы болса, ақ
бура ашуға мінбейтін, тек үстіндегі батырдың әуеніне қарай қимылдап, дегеніне
көне беретін. Бұрындық ақ бурасына мініп жауға қарсы шықса жұрт «Тентек қара
жынына мінді, енді жолымыз болар» дейтін.
Бұрындық міне осы ақ бурасына мініп, Қарашыңға жекпе-жекке шықпақ! Ал
Қарашыңның қандай батыр екені жұртқа аян. Оң қолымен өзіне қарсы сілтенген
сойыл шоқпардан қорғана білсе, сол қолындағы жүзі ұстарадай сала құлаш
алдаспанымен жауының астындағы тұлпардың мойнын қағып тастайтын әдеті.
Бұған тек ұрысқанда дәл осындай тәсілі бар, қара сирақ атты Қамбар батыр ғана
төтеп береді. Және қара сирақ тұлпардың мойын тұсы кереге көз шынжыр
сауытпен торланған. Ал ақ бура қанша айбарлы болғанмен де, сауыт жабылған