Әдеби KZ —Қасым өз сарайына келгеннен кейін батыр Саянды шақырып алды. Жәнібек
өлгеннен бері батыр Саян сұлтанның ең сенер досы, жақын адамы болып ал-
ған. Қауіпті, құпиялы іске Қасым тек батыр Саянды ғана жұмсайтын. Қандай қиын
тапсырма болса да, анау оны бұлжытпай орындап келген.
— Жиен аға, — деді сұлтан өзінің дәрежесіне қарамай, ананың төрт-бес жас
үлкендігін есіне ұстап, — тағы бір қауіпті істі тапсырғалы тұрмын.
— Туғалы қауіпсіз бір күнім өтіп көрген жоқ, тапсыра бер.
— Тапсырсам... — Қасым сәл күмілжи сөйледі, — бұл ара Махмуд-Сұлтан-
ға қатерлі... Оны Созаққа апарып, біз Отырардан қайтып келгенше тұтқын етіп
ұстау керек...
Енді батыр Саян күмілжи сөйледі.
— Қиын іс екен... Махмуд-Сұлтанды Созаққа апару — ажалына апарумен тең
ғой. Созақ ағаңыз Махмұт-Сұлтанның қолында ғой. О кісі бетін Махмуд-Сұлтанның
қалай жаралағанын ұмыта қойды ма екен?
— Жекпе-жекте болған іс кекке айналмауы керек.
— Ет жарасы біткенмен, ер жарасы оңай біте ме?..
Егер Махмуд-Сұлтанды сақтай алмай қалсам қайтем?
— Сақтау керек. Нағашы апам Аққозыдан туған Мұхамед-Шайбани мен
Махмуд-Сұлтанға өздері маған бірінші боп ажал ойлағанша, менен жамандық
болмайды деп анама берген антым бар.
— Жақсы. Антыңды адал сақтауға қолымнан келгенімді аямаспын. Бірақ шеше
жағынан сендерге жиен болғанмен, әке жағынан Рабиу-Сұлтан-Бегімнің інісі
екенімді білмейсің бе?
— Білемін. Оны неге сұрадың
?
— Рабиу-Сұлтан-Бегімнен Сүйіншік сұлтан туған жоқ па?
— Иә, туған.
— Сүйіншік сұлтан Мұхамед-Шайбани жағында екенін ұмыттың ба?
— Ұмытқам жоқ. Иә, сосын?