Әдеби KZ Қасым ақырын езу тартты.
— Мұхамед-Мазит-тархан шекіспей-ақ Мұхамед-Шайбанимен достасқан. Бірақ
одан не тапты?
— Мұхамед-Мазит — Мұхамед-Мазит те, Бұрындық — Бұрындық қой.
Қасым тағы езу тартты. «әркім өз лағын текешік қояды, қорқақ ит үреген
келеді. Жұрт айтпай, өзіңді өзгеден жоғарымын деу — адамның тек осалдығын
көрсетеді». Бұрындықтың «ер шекіспей — бекіспейді. Мұхамед-Шайбаниді
жеңуіміз керек, не достасуымыз керек» деген сөзіне Қасым қайтарып ештеңе
деген жоқ. Бұл сөз өзіне қарсы, «байқа, Қасым, егер сен кешегідей қарсы келе
берсең, жауыңменен достасып кетуім ғажап емес» деген мағынада айтылғанын
түсініп тұрса да, үндемеді.
Бірақ Бұрындық:
— Махмуд-Сұлтанды әнеукүнгі қорғауыңа қарағанда, Қасымжан, Әбілқайыр
балаларымен татуласуға сен де қарсы емессің-ау деймін, — деді, «Мұхамед-
Шайбанимен достасам» деген сөзіне екеуміздің ойымыз бір жерден шығып жатыр
ғой деген мағына берген болып, рабайсыз кекете күліп.
— Жеңіп тұрып «достасайық» деу мен жеңіліп қалып «достасайық» деу бір
емес, хан ием. Қайткен күнде де жеңілмеу жағымызды ойлауымыз керек, — деді
Қасым сабырлы үнмен, сөйтті де ханға кенет түйіле қарады. — Жорыққа аттануға
мен дайынмын. Қашан, қай шаһарға шығамыз?
— Оны ойлану керек.
— Тез ойланған жөн.
— Неге?
— Біз бұ жақта жүргенде Мұхамед-Шайбанидың Яссыға қайтадан шабуыл
салуы даусыз. Егер бір қаласына барып тиіссек, әнеукүнгі Отырарға
барғанымыздай, Мұхамед-Шайбаниға Яссыны алуға бөгет етеміз. Амалы жоқ, біз
барған қаланы қорғаймын деп Мұхамед-Шайбани Яссыдан қайтып келеді.
Бұнымыз Мұхамед-Мазит-тарханға өте пайдалы. Моғол мен Жағатайдың өзге