Әдеби KZ хакім тархандарымен тіл тауып бірігіп, Мұхамед-Шайбаниға қарсы тұруына
мүмкіндік береміз.
— Бұл ойланатын жай екен...
Қасымның болжауы дұрыс еді.
Бұрындық Отырардан шегінерде Мұхамед-Шайбанимен бітімге келген. Сол
бітімнің бір шарты Бұрындық хан Отырарды алуға бірге келген Мұхамед-Мазитты
ұстап бермек болған. Қасым бұл шартқа көнбеген. Сол күні күндіз, хан араларында
болған оқиғаны құпия жолмен Мұхамед-Мазитке жеткізген. Мұхамед-Мазит
ымырт үйіріле бар әскерін ертіп Яссыға қашқан.
Бұрындық пен Қасым Отырардан кеткеннен кейін Мұхамед-Шайбани көп
сыйлық беріп, Жақия бек басқарып келген Сұлтан-Махмұд ханның үш мың
әскерін Ташкентке қайтарып жіберді. Өзі Яссыға шабуылға шықпақ болады. Осы
кезде оған Созақтан қашып шығып, Хантағы тауында тығылып жатқан Махмуд-
Сұлтаннан хабар жеткен. Мұхамед-Шайбани қолындағы бар әскерімен
Хантағыдағы Махмуд-Сұлтанға барып, екеуі құшақтаса табысқан. Содан кейін
екеуі қосылып Сауранды шапқан. Қаланы алған соң Қасым сұлтанға Махмуд-
Сұлтанды ұстап берген адамдарды қатты жазалаған. Біразын дарға асып өлтірген.
Қалғандарын дүние-мүліктерін тартып алып, өздерін дүрелеп, қатын-балаларын
құлдыққа сатқан.
Осыдан кейін барып ағайынды екеуі Яссыны шапты. Қаланы алып, Мұхамед-
Мазит-тарханды қолға түсірді. Мұхамед-Шайбани оның қызы Ғибадат-Бегімге
үйленіп отырғандықтан, қайын атасын өлім жазасына үкім етуден бас тартып, қол-
аяғын кісендеп Отырарға алып келген. Мұхамед-Шайбанидың жеңісін естіген
Ташкенттің әміршісі Сұлтан-Махмұт хан, Мұхамед-Шайбаниды құттықтамақ боп
Отырарға жеткен. Өзінің көптен бері Мұхамед-Мазит-тарханның інісі Сұлтан-Ахмет
ханның қызы Айпатша-Бегімге құштар екенін, Сұлтан-Ахмет ханның көнбей
жүргенін Мұхамед-Шайбаниға айтып, сол қызды маған бермей, Мұхамед-Мазит
тарханды тұтқыннан босатпа деп өтінді. Бұған Мұхамед-Шайбани көнді.