Әдеби KZ Жігіт қысталаң мінез көрсетпеді.
— Қара Қыпшақ Қобыланды неге былай дейтіні менен көрі сізге мәлімірек
болар, хан ием.
Ол осы сөзімен бар жайды бір-ақ жайып салды.
«Бұл не дегені, ә?» Әбілқайыр, екі көзі қанталап сүзетін бұқадай, түйілген
қабағының астынан қарады. «Жоқ, бұл жігіт осал жігіт емес. Өзіне жабылған
жаланың неден туып тұрғанын біледі. Бұл білгенді бөтен Арғындар да біледі ғой.
Бәленің бір ұшы өзімде жатқаны өзге жұртқа да аян болар. Арғынға ала көз
қарайтындығымнан Қобыланды батыр бұл оқиғаны әдейі шығарғансыды. Әрине,
содан соң бүкіл Арғын болып кеше мына жігітті өлімге бермей қалған екен. Сірә,
төбелеске түсуге де бар тәрізді ғой өздері. Сол екен ғой Жәнібек пен Керейдің де
миығынан күліп жүргендері. Жоқ, жоқ, ашу тасыған дария тәрізді, алғашқы
екпінімен жар бұзады, ал уақыт өткен сайын қарқыны бәсеңдей түседі. Шешімді
бірден алмау керек...»
Хан қолын қанжарынан босатты.
— Қай рудансың?
— Маңғыт, Барлас руынанмын.
Жігіт бетіне хан тағы да үңіле, байыздай қарады. Көзінде бір жан түсінбес
ұшқын пайда болды. О да мүмкін... Рабиу-Сұлтан-Бегім «Сүйіншік сұлтан
нағашыларына тартқан» деуші еді ғой... «Барлас руының жігіттерінің бәрі бірдей
осындай қалың қабақ, арыс кеуде келеді. Сонда бұл батырдың қандай айыбы
бар? Жазығы қалың қабақты болғаны ма? Нағашы жұртына жиенінің тартуы
табиғи жүйе ғой. Мені де өзбек нағашыларына тартқан демей ме?» Әбілқайыр хан
өзінің ойының жалған екенін біледі. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды».
Естіген өсегіне сонда-ақ сенген. Бірақ Сарғыт-Шиман Маңғыт уәзір: «Қуаныштың
теңізі, адамгершіліктің күні, Фаридундай қасиетті Әбілқайыр ханның әйелі, Ақсақ
Темір немересі Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым өсек-аяңнан
тыс тұруы фатиқа. Бұлай ету екі жұртқа бірдей тәлім. Әсіресе үлкен балаңыз Шах-