Әдеби KZ Онсыз да жүрегіне тұнып жүрген бұл сөздер ханды өзінің тұңғиығына батыра
берген. Әбілқайырдың көкірегін Рабиу-Сұлтан-Бегімге деген өшпенділік уы
жайлаған. Көзіне шөп салған, арын, намысын қорлаған жігітпен арасындағы қаңқу
сөзді былай қойғанда, бүкіл елге әйгілі үш жүйрігіне мінгізіп, оны ажалдан
құтқарып жіберген ерке бәйбішесінен енді хан Ақсақ Темір тұқымына дақ
салардай өш алуды ойлаған. Өш алуға келгенде Әбілқайыр, қайын атасының кеше
бүкіл әлемді тітіреткен аруағынан да, оның ұрпақтары билеп отырған елдердің
қаһарынан да қорықпаған. Рабиу-Сұлтан-Бегім Ақсақ Темір немересі болса, мен
ұлы Шыңғысханның әулетімін деген. Бұл ашудың үстіне Рабиу-Сұлтан-Бегімнің
тағы бір қылмысты қылығы жамалған-ды. Тағы сол Бақты-Қожа уәзірдің айтуы
бойынша, батыр Саянның жанына күзетке Арғын жігіттерін қойдырған ханның
сүйікті кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімнің өзі болып шықты. «Күзет бастығын да
сатып алған секілді. Және жоғарғы мәртебелі ханымның Арғын билерімен де
байланысы бар тәрізді» деген сол баяғы Бақты-Қожа уәзір. Арғын билерімен
байланысы бар деген сөз — ата жауы, бақ күндестері өздерін Арғын сұлтандары
санап жүрген Жәнібек, Керейлермен тілегі бір деген сөз. «Бұдан артық ханымда
қандай күнә болуы керек? Мұндай күнә опасыз әйелі түгіл, пейіштегі қор қызын да
дарға асуға жеткілікті емес пе! Бірақ дарға асу аз жаза! Оған бүкіл төркінін, атақты
Ақсақ Темірдің ұрпағын бар әлем алдында қарабет ететін жаза қолдану мың да
бір сауап!» Хан қабағын қарс жауып алтын мен күміске бөленген кең сарайын тағы
кезе бастады.
Бірақ Ұлы ғалым Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім Әбілқайыр мен оның
уәзірі ойлаған қылмыстардан мүлдем ада еді. Мұндай күнәға қасиетті ата-
анасынан алған үлгі-ілім, тәрбиесі де, өзінің мөлдір бұлақтай кірсіз таза жан сезімі
де оны еш уақытта да жуытпас болар. Батыр Саянды Сүйіншікке аталық етуге
тырысқаны да, басына ажал қылышы төнген сәтте жігіттің құтылып кетуіне
жәрдем бергені де рас. Бірақ бұлардың бәрі де басқа мүдделерден туған-ды.