Әдеби KZ ланға көздей бастап еді, Шыңғысхан қолын көтеріп тағы атқызбай қойды. Киіктер
өздеріне жақын қалған ажалды сезді ме, кенет құлақтарын едірейтіп жан-
жақтарына елеңдей қарады да, айдаһарды көріп ата жөнелді. Бірақ олар тым кеш
қимылдады, әп жылан лақтырған бүйендей кенет жуан шұбар денесін сопаң
еткізіп бір ытқытты. Сол сәтте шеткі жас киік «бақ» ете қалды. Жыланның орала
түскен балуан денесінің бір сығуынан киік қалмады. Екінші рет бақыруға да
жарамады, жас сүйегі сытыр-сытыр сынып, заматта жан берді. Енді жылан
жазылған арқандай бес құлаш денесін созып жіберді де арандай аузын ашып,
киікті жұтпақ болып ыңғайлана берді. Жаңағы ноян үшінші рет садағын кезенді.
Шыңғысхан бұ жолы да оны тоқтатты. Жылан киіктің бас жағынан шығып енді
жұта берем деген кезде, кенет «шаңқ» еткен дауыс шықты. Қайдан келгені
белгісіз, кереге қанат ақ иық қыран көктен түскен тастай жарқ етіп айдаһардың
үстіне құлады. Екі алып алай-түлей жұлысты да қалды. Қайсысының қыран,
қайсысының жылан екенін білу қиын, бірі қара шұбар, бірі тарғыл жүнді таудың ақ
иығы. Тек бірін-бірі құшақтай жұлқыласқан, жанталасқан, жартас етегінде шыр-
көбелек айналып домалаған, будақталған түйін ғана көрінеді. Көктен түскен
қыран, сірә, қанжардай тырнақтарын жыланның ең жанды жерлерінен салған
болуы керек, анау оны қанша орап алып сығып құртам десе де болмады. Сүт
пісердей алысқаннан кейін айдаһар иірілген денесін дірілдей созып, кенет сылқ
етіп құлап түсті. Бүркіт айдаһардың шу дегеннен-ақ бір аяғымен көк желкесінен
ап, екінші аяғын омыртқа тұсынан сап, артына қайырып өлтіргенін нояндар енді
көрді. Адамның басы мен аяғын ұстап артына қайырып, омыртқасын сындырып
өлтіретін нағыз Шыңғыс жаналғышы дерсің! Қыран жыланның басын денесіне
дарытпапты. Ананың тек ирелеңдеген бөксе жағы ғана қыранға жабыса беріпті.
Қанжардай өткір сояу тырнақтар қойсын ба, көк желкеден түсіп, тамағына дейін
бүріп, айдаһарды әрі тұншықтырып, әрі арқа сүйегін күйретіп жіберіпті.
Ақ иық айдаһарды өлтіргеннен кейін, нояндар енді оны жас бағлан киіктің
етімен тояттанар деп ойлады. Жоқ, олай болмады. Бүркіт киік етіне көз де