Әдеби KZ Мүмкін қазір айқасқан жөн бе? Бүкіл Дәшті Қыпшақ, Хорезм, Моғолстанның
солтүстік-шығыс жағының әжептәуір жері қолымда тұрғанда, ала ауыз Жағатай
ұрпақтарына күшім жетуі ғажап іс емес. Бірақ сондай байтақ елге жорыққа
аттануға денсаушылығым көтере алар ма екен? Ақсақ Темір Мауреннахрға
бабаларын Кавказдан құл етіп айдап әкелген, қазір ұрпақтары мұсылман болып
кеткен, атақты балгер-дәруіш әбдіразақ Нахичевани кешке «хан ием,
буындарыңызға тұз ұялай бастапты. Сары ауруға шалдығып кетер қаупі бар. Бір-екі
жыл жорықты қоя тұрып, Мауреннахрға барып, ыстық бұлақ суларымен
емделгеніңіз жөн болар» деді ғой. Бұл ақылды еске алмасқа бола ма? Жаулап
алған бүкіл әлемнен түбі саған тиері екі құлаш қара жер ғана ғой, дүние жүзін
билеймін деп жанталаса берудің қандай қызығы бар? Ханның бұл өлімнен
қорыққаны емес. Адамның өзіне тимей кетпейтін бір үлесі бар. Ол бақыт та емес,
тек өлім! Әбілқайыр бұны жақсы біледі, енді өз ойына өзі күлді. «Дүние шіркін
қандай тәтті! Оның өлімнен күштілігінің өзі сонда ғой, қара жерге кіргеніңше сол
үшін алысып өтесің! Үрім-бұтағым деп алысасың» кенет есіне Шыңғысханның ескі
өсиеті түсті. Шыңғысханның жер-жиһанға аты жаңа тарап, қырықтан асып бара
жатқан кезі екен, жанында бір топ нояны бар аң аулап келе жатыпты. Кенет жас
ноян Сүбітай баһадур: «Тақсыр хан, қараңызшы!» деп оң жақтарындағы биік
жартастың етегін көрсетіпті. Биік құз, етегі қалың көгал шөп, ортасында селдір
құрақты бұрала сылдырап аққан күміс бұлақ. Осы бұлақтан су ішіп бір топ киік тұр.
Жел қарсы жақтан болғандықтан киіктер Шыңғысхан тобының сыбдырын естір
емес. Ханның оң жағында келе жатқан ноян иығынан садағын жұлып алып, киіктің
шеткі марқа қошқарын іліп түспекші болып, көздей бастады. Бірақ Шыңғысхан
«тұра тұр!» деп қолын көтеріп, садағын тартқызбай қойды. Ханның қырағы көзі
дәл осы сәтте басқа бір кереметті шалып қалған. Ол алдыңғы жағына ентелей
қарады. Сөйткенше болған жоқ, нояндар киіктердің ар жағындағы көлден шығып,
шың түбімен өрмелей келе жатқан ұзындығы бес құлаштай қара шұбар жыланды
көрді. Әлгі ноян енді садағын киіктерге қарай ақырын жылжи таяған әп жы-