ЖЕТІНШІ ТАРАУДА
Сұлтан екеуіміздің бір атқа екі ер ерттеп мінуіміз,
Сұлтанның мені шылым тартуға баулуы, оның
аяғы немен тынғаны сөз болады
Ертеңгі шайды ішіп бола бергенде, есік алдына салт атпен тасырлатып
Сұлтан жетіп келді.
– Қара Көже, бармысың?
– Бармын.
– Дайынбысың?
– Дайынмын.
– Алып шық ер-тоқымыңды.
– Ер-тоқымымды көтеріп, есік алдына шықтым. Жарау құла дөненнің
үстінде шіреніп Сұлтаным отыр. Жетегінде ат түгіл сайтан жоқ.
– Көлігің қайсы маған əкелген?
– Мынау көлік емес пе? – дейді Сұлтан құла дөненін сауырға қағып. – Сал
ерді.
– Қайда салам?
– Сал мына менің артыма. Құла дөнен аман болса екеуімізді жайлау түгіл
Алматыға апарады.
– Сонда, бір атқа екі ер ерттемекпіз бе?
– Оның несіне таңданасың? Тамаша болады.
Бір атқа екі ер ерттеп мінген қазақты мен бұған дейін көрген жоқ едім.
Сұлтанның мына ақылы, шынында да ойға қонымды, қызық көрініп кетті.
Салдым ерді оның артына. Тарттым тартпаны. Міңгестім. Осы кезде үйден
əжем шыға келді.
– Əкем-ау, мыналары несі... – деді əжем қолымен көзін көлегейлей таңдана
қарап. – Əй, көгермей кеткір, қу Сұлтан, сен ғой осыны шығарып жүрген.
Атқа жайдақ мінгеннен де бұл тамаша болады екен. Аяғың салақтамайды,
əркімнің өз үзеңгісі бар. Əрі құла дөнен майда жүрісті жануар болып
шықты.
Соқтырғаннан соқтырып отырып, Сұлтан дүкеннің алдына келіп бір-ақ
тоқтады. Аяғын аттың жалынан асыра жерге секіріп түсіп, тізгінді маған
тастады.
– Мə, ұста мынаны. Ақшаң бар ма?
– Оны қайтесің?
– Қанша сомың бар?
– Бес сомым бар, оны қайтесің?
– Сол ғана ма, мейлі, əкел бері.
Сұлтанға тəуелді боп, артына мінгесіп отырған соң, бермеймін деп қалай
айтайын. Төс қалтамның түймесін жайлап ағытып, амалсыздан қол сала
бастадым.
– Ей, болсаңшы, сонша неғып күйбеңдеп кеттің? Күйбеңдейтін жөнім
болған соң күйбеңдеймін де...
– Тоқтай тұр, таба алмай жатырмын.
– Мүмкін, басқа қалтаңда шығар?
– Жоқ, осы қалтамда болатын.
Мені мұнша күйбеңге салған төс қалтамдағы екі шытырлақ қағаз еді.
Саусағымның соқырлығынан соның қайсысы бес сомдық екенін тани алмай
жатырмын ғой. Ақыры тəуекел деп, біреуін суырыл алдым. О масқара!
Шеті көзіме шалынғанда-ақ жүрегім су етіп, ішім удай ашып кетті. Бұл
алып шыққаным бақандай он сомдық еді.
– Өй, мынауың он сом ғой? – деп қуанды Сұлтан, – əй қу. Қара Көже-ай,
қулығың қалмайды-ау осы сенің. Мейлі, он сом болса да əкел бері.
– Мен мұны бес сом екен десем, он сом екен ғой, – деп, ұятымды қымтап,
мен де білмегенсіп жатырмын.
Сұлтан ақшаны алып дүкенге кіріп кеткенде, қалтама қайта қол салып,
екінші шытырлақ қағазды суырып алдым. Бұл бес сомдық. Əлгі мені
шатастырып, ұятқа қалдырып жүрген міне осы қу ғой. Ызасына өзін төрт
бөліп, лақтырып жіберсем бе екен деп, кіжініп бір тұрдым да, бірақ онсыз
да талай көресіні көріп, умаждалып, иі түсіп біткен бейшара болғандықтан
жаным ашыды. Қалтама қайта салып қойдым.
Сұлтан магазиннен галифе шалбарының екі қалтасы тырсиып, ұрты
шодырайып шайнаңдап шықты. Не сатып алдың?
– Золдың қамы, – деді Сұлтан аузы сөйлеуге əзер келіп. Онысы «жолдың
қамы» дегені. Сұлтан тізгіңді қолына алды да, ерге қайтадан қарғып мінді.
«Ал, енді кеттік» деп, мен асығыстық білдірем. Сұлтанның артына
жарбиып мінгесіп кетіп бара жатқан мына түрімді Жанар көрмесе екен
деймін.
Ауылдан былай шыға беріп, Сұлтан маған қалтасынан пряник алып берді.
Екеуіміз қытырлатып жеп келе жатырмыз. Құла дөненнің тағасы тастақ
жолға шық-шық соғылады.
Бір кезде Сұлтан артына бұрылып:
– Сен шылым шегесің бе? – деп сұрады.
– Жоқ.
Ол ерге қырындап отырған күйі аттың тізгінін тежеді де, қалтасынан бір
пачка сигарет суырып алды. Аузын ашты да, маған ұсынды:
– Мə, үйрен.
– Өзің тарта бер, – дедім мен.
– Осы күнге дейін шылым шегуді үйренбей неғып жүрсің? – деді Сұлтан
мені кіналай сөйлеп.
– Мə, тарт.
Алдым. Сұлтан оттық жағып ұсынды. Тұтаттым да, бұрқылдатып тарта
бастадым. Аузыма түтіннің жап-жаман ыс дəмі келеді.
– Ой, сауатсыз, – деді Сұлтан менің шылымды қалай шегіп келе
жатқанымды көріп. – Сөйтіп те тарта ма екен. Жап-жақсы сигаретті босқа
қор етуін қарашы. Ішке тарт. Міне, былай. Аузыңа түтінді толтырып ал да,
жұтып кеп қал.
Бала десе бəрімізге тиеді, бізден өткен ақымақ жан жоқ қой. Кейде қайдағы
бір залалды нəрсеге соның сол залалдығын біле тұра иттей əуес келеміз.
Осы арада маған: кəне, жұтсам жұтып көрейінші, – деген ой келді, – не
болар екен.
Ал енді болғанын бұл бақытсыздықты бастан кешірген болсаңдар, өздерің
де біліп отырған шығарсыңдар. Аузымды түтінге толтырып алып, жұтып
кеп қалғаным сол екен, бір керемет улы газ өңешімнен шеңгелдеп, ала кеп
түсті. Тынысым бітеліп, қақалдым да қалдым. Көзімнен жасым ағып, көзім
бұлдырап, жер-дүние айналып кетті.
Аттан ауып түсіп, қылжия кеттім жол шетіне. Жүрегім лоблып, құса алмай
қиналып жатырмын.
Менің бұл аянышты халіме жаны ашудың орнына Сұлтан оңбаған мазақ
етіп тұр:
– Қайран Қара Көжем-ай, ажалыңнан үш күн бұрын өлетін болдың-ау.
Миллат апайға не бетімді айтып барар екем. Тым құрыса жайлауға жетіп те
өлмей, əуреге салатын болдың-ау.
Міне, содан бері темекіні аузыма алмақ түгіл иісі мұрныма келсе зытып
жөнелемін.
|