ҮШІНШІ ТАРАУДА
Мен өз ойымнан хабар беремін жəне құмдағы із
жайлы сөз болады
Қаратайдың тез жөнелгеніне, жабырқап жөнелгеніне мен қуанышты едім.
Осы кеткеннен қарасы біржолата өшсе.
Мамамның Қаратайға шынымен күйеуге шыққысы келе ме? Мүмкін емес.
Бөтен біреуге... тікенек сақал кəп-кəрі Қаратайға... жо, жо, ол оған
шықпайды күйеуге. Тіпті жас болсын, қандай болса, сондай болсын,
мамама керегі не бөтен күйеудің? Біз, əжем үшеуіміз, құдайға тəуба, онсыз
да жаман тұрмаймыз ғой. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Мен əлі оқу
бітіріп, ер жетемін, университетке түсем. Жазушы болам. Міне, сол кезде
мен мамама, егер ажалы жетіп, өліп қалмаса əжеме де, өмірдің нағыз
бақытын көрсетемін.
Осы ойымды түп-түгел ақтарып, мамама айтқым келеді. Бірақ қалай
айтарсың, ұят бір түрлі. Жоқ, мамамнан ондай қылық шығуы мүмкін емес.
Қаратайды ол жай сыйлайтын шығар. Менің ержетіп қалған балам бар, мен
күйеуге тимеймін деп, басалқы айтып, түсіндіретін болар. Бірақ
Қаратайдың оны түсінгісі, ұққысы келмейді. Көлеңкедей еріп, мамамның
соңынан екі елі қалмайды. Ух, осы бір сұғанақ, тəртіпсіз еркектерді ме...
Жоқ, менің мамам күйеуге шығуы мүмкін емес. Ол бізді ешуақытта да
тастамайды. Ол ақылды, тəрбиелі адам. Ауылдың үлкен-кішісінің бəрі
бірдей алдынан қия басып өтпей, хан көтеріп, құрметтеп тұратыны да сол
мінезінен емес пе. Онсыз мамамды екі бірдей сайлауда қатарынан аудандық
советке депутат етіп сайлар ма еді.
Бұның бəрі менің басыма тыңқиып тойып алғаннан кейін келген ойлар. Аш
қарынға данышпан болып жетістірмейсің.
Шомылайын деп, өзенге келе жатырмын. Күн көкжиекке төніп барып қалса
да, ыстық əлі қайтпаған, иығым мен шекемнің бір жағын қарып, күйдіріп
барады. Төменгі егінжай жаққа көз жіберсем, темір пештің жалынындай
лапылдап, дарияша жөңкілген ұшы-қиырсыз сағым толқыны. Егіннің
арасындағы қара жолмен шаңды аспанға бұрқыратып зырлап кетіп бара
жатқан, дəу де болса, əлгіндегі Қаратайдың тап өзі. Бар сол тойғаныңмен.
Ех, шіркін, егер мамамның орнында мен болсам, оған не айтуды білер едім.
Сосын Қаратай маңыма жоламақ түгіл, қарамды да көрмес еді.
Күн ыстықта су да тартылып, азайып қалады. Əншейінде көгілдірленіп,
аспан түстес болып жататын. Айтпақшы, əлгінде осы арада қыздар
шомылып жүр еді ғой. Іштерінде Жанар да болған шығар. Жанар атың
қандай əдемі. Сендердің бұл қызбен танысып қоюларың керек. Осы
повестің бас кейіпкерінің бірі болуға Жанар, біріншіден... кластағы ең бір
ақылды қыз. Екіншіден, сұлу. Əсіресе қызыл береткасын киіп жүргенде,-
сондай құлпырып, жайнап кетеді. Даусы қандай шіркіннің, əн салғанда
тыңдасаң. Басына үкілі тақия киіп, мың бұратылып, Қамажайға билегенін
көрсең. Барып тұрған өнерлі қыз. Кластағы бірінші үздік оқушы.
Ал енді айтып көр оны повестің басты кейіпкерінің бірі бола алмайды деп.
Жанарды ойыма алсам, менің ішім гүл жайнап кеткендей болады.
Мейлі, біздің класс жетекшіміз Майқанова мені жамандай берсін, сотқар
деп, ұрса берсін. Мен өзімнің көкейтесті арманымды, жанымның
түпкірінде маздап жанған құпиямды Жанарға бір жөні келгенде ақтарып
айтып берсем, менің кім екенімді ол таныр еді. «Е, бəсе, Қожа осындай
екен ғой. Талант деген түбінде жарып шықпай қоймайды», – дер еді.
Шіркін-ай, былай болса: адам əуелі үлкен болып жаралса. Өмірдегі өзіне
тиісті қызмет мамандығын атқарып болғаннан кейін барып, балаға айналса.
Сонда маған Майқанова қалай қарар еді. Үлкен кезінде ол əйгілі жазушы
болған, оның есімі бүкіл дүние жүзіне мəлім. Олай болса, менің оған əкі-
реңдей бергенім жарамас, жазушыны сыйлау керек деп, тəубасына келер
еді.
Бірақ амал қанша, өмірде бұлай болмайды, болмақ емес. Əуелі беделсіз,
білімсіз бала болып жараласың. Сенің үлкейгенде қандай адам
болатыныңда ешкімнің шаруасы жоқ. Екінің бірі саған ақыл айтып,
үстемдік жүргізбекші болады. Ақ, қараңды айырып, жаныңның түкпірінде
не бар, не жоғына үңілмейді.
– Қожа тəртіпсіз!
– Қожа оңбаған!
Осылайша шу көтеріп, даңғазалап алып кете жөнеледі. Су жағасы жайдақ,
құмдауыт. Тырс етіп, менен өзге бір баланың келмеуін көрдің бе.
Жалғыздан-жалғыз шомылу да көңілсіз. Судың шетіндегі дымқыл құмда
біреудің жалаң аяқ ізі сайрап жатыр. Мүмкін, осы Жанардың ізі шығар.
Тани қоятын адамдай еңкейіп, үңіліп тұрып қараймын. Иə, Жанардың ізі.
Ақырын ептеп қана аяғымды салып байқаймын. Із аздап кішілеу келеді. Иə,
бұл Жанардың ізі болуға тиіс. Бойымды тəтті бір сезім жайлайды да, со
күйде қимылдамастан тұрып қаламын.
|